Мәтіндік семантикалық кеңістік құрылымындағы мәтін мазмұны мен мәні және мәтін талдаудағы жеке макрокомпоненттердің маңызы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 19 Февраля 2013 в 20:01, реферат

Описание

ХХ ғасырдан бастап мәтін сөйлеу бірлігі және ерекше сөйлеу шығармашылығы ретінде зерттеле бастауы мәтін лингвистикасы пәнін дүниеге келтірді. Мәтін ұғымымен бірге оны танып-білудің жолдары, амал-тәсілдері пайда болды. Ал мәтінді тілдік жақтан тану тілдік бірліктердің қызметін, мағыналық қырларын анықтаумен пара-пар. Мәтіннің тілдік қырларын толық білу интеграциялық процеспен қатар жүреді. талдаудың әдіс-тәсілдері туралы айтылады

Содержание

КІРІСПЕ 2
1.Мәтіндік семантикалық кеңістік құрылымындағы мәтін мазмұны мен мәні және мәтін талдаудағы жеке макрокомпоненттердің маңызы 3
1.2 Мәтін талдаудағы заттық-оқиғалық фонның маңызы мен орны 5
2. Мәтін авторы субъективті-тілдік тұлға немесе автор – мәтіндік міндетті компонент. 5
3.Мәтін семантикасының концептуалды кеңістігі және мәтіндегі мағынасы күңгірт сөздерге этимологиялық талдау жүргізудің бағыттары. 7
3.1 Мәтіндегі «көнеліктерді» тарихи салыстырмалы және этимологиялық талдау 8
ҚОРЫТЫНДЫ 9

Работа состоит из  1 файл

матин теориясы мен талдау жолдары.docx

— 44.08 Кб (Скачать документ)

 

 

Мазмұны

 

 

 

КІРІСПЕ 2

1.Мәтіндік семантикалық кеңістік құрылымындағы  мәтін мазмұны  мен мәні және мәтін талдаудағы жеке макрокомпоненттердің  маңызы 3

1.2   Мәтін талдаудағы заттық-оқиғалық фонның маңызы мен орны 5

2. Мәтін авторы субъективті-тілдік тұлға  немесе автор – мәтіндік міндетті компонент. 5

3.Мәтін семантикасының  концептуалды кеңістігі  және мәтіндегі мағынасы күңгірт сөздерге  этимологиялық талдау жүргізудің бағыттары. 7

3.1  Мәтіндегі «көнеліктерді» тарихи салыстырмалы және этимологиялық талдау 8

ҚОРЫТЫНДЫ 9

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

КІРІСПЕ

 

Мәтін –  сөз арқылы жеткізілетін, сөйлеудің  шығармашылық нәтижесі. Мәтін арқылы барлық тілдік бірліктер  іске қосылатындықтан, ол ерекше күрделі тілдік таңбаға  жатады. Соған орай мәтінді талдау мен мәтінді тану, оның түзілімі мен құрылымын саралау, мәтінжасам барысындағы тілдік бірліктердің қызметін анықтау бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отыр.

ХХ ғасырдан бастап мәтін сөйлеу бірлігі және ерекше сөйлеу шығармашылығы ретінде  зерттеле бастауы мәтін лингвистикасы  пәнін дүниеге келтірді. Мәтін  ұғымымен бірге оны танып-білудің  жолдары, амал-тәсілдері пайда болды. Ал мәтінді тілдік жақтан тану тілдік бірліктердің қызметін, мағыналық қырларын анықтаумен  пара-пар. Мәтіннің тілдік қырларын толық білу интеграциялық  процеспен  қатар жүреді. Ғылымдағы  интеграциялық үдерістердің көбеюі интеграциялық бірлесу мен тұтасудың көрінісі мәтін талдау мен мәтінтану, мәтін құрылымы мен мәтінтүзілімнен көрінетіндіктен, осы жаңа парадигмаға сай  мәтін  лингвистикасына, мәтінтануға, мәтін кеңістігінің семантикасы мен көне мәтіндердегі сөздердің этимологиясын ашуға арналған зерттеу жұмысының бағыты мен көтерген тақырыбы өзекті болып табылады.

Мәтін  - тілдік бірлік.  Зерттеуде мәтіннің тіл деңгейлері арасындағы орнын, басқа  тілдік бірліктермен арақатынасын және мәтіндік деңгейде универсалды тілдік қатынастардың қызметін көрсету  көзделген. Мәтінді концептуалдық  саралаудың теориялық қисындарын жетілдіру,  сондай-ақ мәтінтану ғылымы мен мәтін  лингвистикасы терминдерінің қазақ  тіл біліміндегі тұтас жүйесін  қалыптастыру және мәтін лингвистикасының базалық  ұғымдары туралы түсініктерді толықтыруы тұрғысынан зерттеу жұмысының  өзектілігі арта түседі. 

Тарихи  мұралар жекелеген автордың шығармасы  болса да, көп ретте белгілі  бір дәуірдің туындысы саналады және мұндай мәтіндерді тілдік жағынан тануда сол тарихи кезеңге арналған зерттеулердегі тарихи деректерді мәтіндегі деректермен  ұштастыра қарастыру нақтылыққа әкеледі және нәтижелі болады. Зерттеуде  бұл мәселе толық ескерілгендіктен, мәтінтану тұрғысынан маңызды. Қазақ  әдеби тілі тарихындағы авторлы  мұралар мен мұраға жатқызылып келген, ауызша жетіп, кеш басылған  шығармалардың  тарихи нақтылыққа қатысы ескерілуі  және зерттеуде осы ұстанымды  сақтауды  ұсынуы зерттеудің өзектілігіне нұсқайды.

Зерттеудің  өзектілігі әдебиетшілер көркемдік  құрал ретінде қарастыратын буын, ұйқас, өлең өлшеміне, әсіресе, өлең архитектоникасына  т.б. тілшілер басты мәтінтүзуші  белгі ретінде ерекше мән беру керектігін көрсетуімен;  әрбір грамматикалық  тұлғаға, атап айтқанда, жалғау, жұрнақ, предикат формаларындағы есімше, көсемше, жедел өткен шақ формаларына, шылауларға (әсіресе сұраулық, демеулік), яғни ертеден-ақ қазақ мәтінтүзуіндегі  қызметі сараланған, айшықталған  грамматикалық тұлғалар ретінде  қарауды айқындаумен; олардың мәтінді  тұтас құрылым, өз алдына жеке аяқталған мәтін жасайтын тұлғалар екенін мәтінталдауда да, мәтінтануда да естен шығармауға нұсқауымен және аса қажетті грамматикалық детальдар болып табылатынын; олардың ерекшеліктері мәтін ішінде айқындалып, семантикалық қырлары ашылатынын нақтылауымен арта түседі.

Сөз, сөз  тіркесі, сөйлем (поэзиядағы өлең жолдары) мәтін түзуші тірек элементтер, олардың  қызметі тарихи мәтінде де, қазіргі  жазба жаңа мәтіндерде тең дәрежеде болады; сондай-ақ сөздердің объективті дүние мен жағдаяттарға байланысты  белгілі бір мәтіндерде белсенді және пассив топтары қалыптасады,  бірақ олар  мәтінталдауда да, мәтінтүзу кезінде де маңызды; поэзиялық  мәтіндердегі сөйлемнің, яғни ойды жеткізуші  элементтің құрылымы прозалық мәтінге  қарағанда ерекше болады; тірек сөздер тек реалды жағдай, ақиқат дүниеге  байланысты ғана емес, автордың (автор-субъектінің) өмірлік ұстанымы мен көзқарасына  қарай мәтіннен орнын алады, ал бұл  қазіргі жазба мәтіндер мен ертедегі жазба мәтіндерді тану мен тілдік талдау жасауда ұқсас жағдаяттарды тудыратынын көрсетуі  жұмыстың өзектілігін айқындай түседі. 

Мәтін –  мағыналық, құрылымдық, жүйелілікпен тұтасып  жатқан, тілдік бірліктері бір-бірімен  байланыстағы  біртұтас шығарма  және мазмұндық, коммуникативтік, құрылымдық жақтан ұйымдастырылуына қарай  мәтін  күрделі категория, яғни оны зерттеу  де күрделі, ал мәтіннің күрделілігі  оны зерттеп-танудың көпаспектілігін  тудырады, екінші жағынан, оны классификациялаудың  сан қырлы болатынын байқатады.

Виртуальды  кеңістікте мәтіннің тууы процесінде мәнді әрі мазмұнды бірліктер  іріктеле келе мәтіндік мәндік құрылымды  іске қосады, осы құрылым арқылы мәтіндік тұтас ой мәтінденеді.  Тілдік бірліктердің іріктелуі арқылы мәтіндік актуалды семантикалық кеңістік жасалады, осы кеңістік тұтас мәтінді  түсіну мен ұғынудан, санадан өткізуден  барып  қалыптасатын өріс болып саналады. Өрістің бір шегі құрамындағы  тілдік бірліктердің этимологиясын  ашумен нақтыланатынын ескергенде, зерттеу  өзекті мәселені көтерген деп есептеу  керек.

1 Мәтіндік семантикалық кеңістік құрылымындағы  мәтін мазмұны  мен мәні және мәтін талдаудағы жеке макрокомпоненттердің  маңызы

 

 Мәтіндік кеңістіктің  бірнеше түрі болады және тіл білімінде оны бөлудің бірнеше тәсілі қалыптасқан. Ең алдымен, мәтін материалдық объект ретінде қосөлшемді кеңістікті құрайды. Бұл кеңістікте мәтінді құрайтын тілдік бірліктер белгілі тәртіппен, кезекпен орналасқан. Кеңістіктің осы түріне сана сферасынан  екінші бір кеңістік сәйкес келеді. Нақ осы кеңістік семантикалық кеңістік деп аталады. Бұл кеңістік виртуальды және актуальды деген екі бөліктен құралады.

Мәтінге осы тұрғыдан келу іс жүзінде мәтінді  өзіндік сипаты бар, өзіндік табиғаты арқылы ерекшеленетін, мәтіннің мазмұнын атау  (номинациялау) үшін таңдалынып алынған терминдермен, тірек сөздермен  бекітілген және толыққан, ментальды туындыға, кеңістікке айналдырады. Мысалы, Махамбет өлең мәтіндерін шартты түрде ұлт мүддесі, атажұрт, азаттық үшін күрес, Еділ мен Жайық, Исатай мен Махамбет ерлігі деген семантикалық кіші бөліктерден, кеңістіктерден құралатын ментальды тұтас түзілім деп ұғынуға болады.

Сонымен, мәтіннің семантикалық кеңістігі дегеніміз – ментальды тұтас жасалым (түзілім). Мәтіннің (оны қабылдау кезінде) оқырман тарапынан интерпретациялануы (актуальды семантикалық кеңістік) қатысады. Айталық, Махамбет өлеңдері адам (Исатай Махамбет, Жәңгір), уақыт (ұлт азаттық көтеріліс кезеңі), кеңістік (тар заман) ұғымдарын интерпретациялау арқылы түсінікті бола түседі.

Мәтінді семантикалық құрылым түрінде қарастыру  барысында  мәтін мазмұнын сегменттік бөлшектерге бөлу қажеттігі туындайды. Соған орай мәтіндік фрагменттер  мәтінде бейнеленген жағдаятпен сәйкестендіріледі де, әртүрлі жіктеледі: а) денотат (Колшанский, Новиков), ә) белгі (таңба), б) номинация [1, 61б.], в) заттық мән ретінде [2,105б.], т.б.

Мәтін мазмұнының семантикалық компоненттерінің  ең жоғарғы бөлігінде әлем туралы индивидуальды-авторлық концепция  орналасады. Себебі кез  келген шығарма - объективті ақиқаттың  субъективті  бейнесі. Бұл кез  келген әлемнің индивидуалды суретіне тән универсалды сипат, себебі, әрбір  шығармада оны тудырушының яки  жазушының жеке басының қасиеті, мінезі, тілдік бояу-ерекшелігі жинақталады. Көркем шығарманың бар мәні мен маңызы да осында. Сондықтан кез келген шығармада автор бейнесі мен  әлем бейнесінің кездесуі міндетті, олар мәтін құрылымына міндетті түрде  қатысады. Мәтін семантикасының пайда  болуы мен қалыптасуы және әрі  қарайғы дамуы, ең біріншіден, көркем шығармаға байланысты ментальды  жасалымға тәуелді. Соған сай  әдеби шығарма автор интенциясына және тілдік таңбаларды автордың сөз, сөйлем, күрделі синтаксистік бүтіндерді, иерархияға бағынған түзілім элементтерін,  таңдап алуымен, яғни виртауальды кеңістікпен  байланыстырыла отырып жазылады.

Екіншіден, мәтін семантикасы оқырман тарапынан  мәтінді оқырманның қабылдау үдерісіне байланысты жүзеге асатын құбылыс. Бұл құбылыс, шындап келгенде, коммуникативтік жүйенің үш бөліктен тұратын құрылымына негізделген. Оның алғашқы бөлігіне автор (суреткер), екінші бөлігіне – көркем шығарма (мәтін) және үшінші бөлігіне осы көркем шығарманы, яғни мәтінді қабылдайтын адамдар (адресат)  енеді.

Көркем  мәтінді қабылдау үшін эмпатияны  қабылдауға қабілеттілік керек, себебі шығармадағы қатардағы кейіпкерлердің, сонымен бірге басты кейіпкерлердің көңіл-күй, мінез-құлық ерекшеліктерін түсінуге эмпатиялық қабілеттілік қажет, өйткені осы қабілеттілік арқылы, тұтасымен алғанда, шығарма авторының  біртұтас концепциясын ұғынуға болады. Мәтінді әркім әртүрлі қабылдайды, қабылдау үдерісіне оқырманның білім  деңгейі, өмірлік тәжірибесі, шыққан ортасы, т.б. факторлар әсер етеді. 

     1.2   Мәтін талдаудағы заттық-оқиғалық фонның маңызы мен орны

Коммуникативтік ситуация заттық-оқиғалық фонда өрістейді. Мұны тарихи фон деуге де болар  еді. К.Долинин былай дейді: “Предметно-событийный фон – это место, где происходит общение, время, когда оно развертывается (время суток, день недели, время  года, но также и абсолютное время, т.е. такой-то год или даже такое-то число, например, 9 мая 1945 года), а также  кто присутствует при общении  в качестве наблюдателя и что  делается или происходит вокруг” [3,12].

Тағы  да Махамбет мәтіндерін алар болсақ, ондағы жер-су атаулары, Баймағамбет сұлтан, Жәңгір хан, Исатай сынды тарихи тұлғалардың  есімдері, ру аттары, т.б. аталумен қатар, сол кездегі әлеуметтік жағдайды танытатын тұрмыстық, материалдық  лексика элементтері заттық фон  тудырып тұрған тілдік фактілер. Мысалы: Ақсүйек, сұлтан, Байеке, Әкім болған сен едің, Алдыңа келіп арыз айтар Қас қарашың мен едім немесе қимыл-сынды білдіретін: Еділді көріп емсеген, Жайықты көріп жемсеген – жолдарындағы емсеген, жемсеген сөздерін де осы қатарға қосуға болады.

Ақпаратты дүниеге әкелетін немесе оны қабылдау кезіндегі нақты бір фоннан гөрі, керісінше, жалпылама әлеуметтік, саяси  және тарихи-мәдени ситуацияның салмағы  басым түсіп жатады. Махамбет өлеңдерінің  дүниеге келуіне себеп болған осындай жалпылама фон – саяси жоғары тұрған иерархия тепкісі, әділетсіздік. Сол әділетсіздікке қарсы әрекет нәтижесі – көтеріліс, ал көтерілістің суретін тұтас өлеңдер жиынтығы береді. Ол өлеңдер Исатай өліміне, Баймағамбет сұлтанға, Жәңгір ханға арналған, т.б. яғни жырдың тарихилығы басты фон болып тұр. Нақты заттық-оқиғалық фонда туындаған, мәтіндегі жекелеген тұлғалар, жер-су атаулары, зат, құбылыс, ұғым атаулары уақыт өте келе фонның өзгеруіне байланысты біртіндеп көмескіленген, мәтін прагматикасы заңы бойынша мәтінді интерпретациялау қажеттілігі пайда болған.

2. Мәтін авторы субъективті-тілдік тұлға немесе автор – мәтіндік міндетті компонент. Мәтін түзуші элементтерді, басқаша айқанда, мәтін құрылымындағы негізгі тілдік бірліктерді, ойды жеткізу амалдарын анықтау мәтінді түсіну үшін жеткілікті емес, сондықтан, мәтінжасамдағы  және мәтінді қабылдау процесіндегі автордың  орнын нақтылап, анықтап, белгілеп алу маңызды. 

Мәтін тудырушы автордың бейнесін: 1.Мәтін иесінің  өзін, бейнесін автордың тілі, ол қолданған  тілдік құралдары сомдайды, өйткені  тілдік құралдарсыз, өзгеге ұқсамайтын ерекше тілдік қолданыстары тудырады, онссыз шығарма да болмайды; 2. Екінші кезекте автор бейнесін сомдап шығарушы қабылдаушы топ яки оқырман (адресат). Автор бейнесін адресаттың сомдауы  қабылдаумен астасып кетеді әрі  мәтін құрылымының  базасы арқылы жасалады. 3. Автордың тұтас мәтін  арқылы танылатын немесе авторлық жалпылама  бейнесі болады.

Кейде мәтіндік ойды, автордың түпкі ой-мақсатын жеткізуші  жалғыз автор ғана болмайды, онымен жарыса автордың орынбасары қызметінде ғылым тілінде «фиктивті баяндаушы», яғни «жалған баяншы» деп аталатын қосалқы бейне жүреді. Ол мәтіндік ақпарды хроникалық ретпен жеткізуші және сол мәтіннің кейіпкері ретінде мәтін құрушы тұлға болуы мүмкін. Оны «жасырын баяншы» деуге болады. Махамбет мәтіндерінде осындай  тұлға да кездеседі. «Әй, «Махамбет, жолдасым!» деген өлеңді бастырып шығарушылар бұл өлеңді «Исатай атынан» деп  ерекшелеп көрсетеді.  Осы арадағы Исатай қосалқы баяншы немесе жасырын баяншы, өйткені өлең иесі шын мәнінде – Махамбет.

Кейде мәтін  авторының бейнесін, мәтін арқылы айтпақ ойын жеткізу үшін: 1.Оқиғаны, яғни шығарма сюжетін жеткізу  үшін баяншы таңдалып алынады. Мысалы, Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» бастан-аяқ  автор емес, бас кейіпкер атынан баяндалады.  Мұндай баяншы арқылы жеткізілетін тұтас мәтіндердің қатарында  М.Мағауиннің «Жармақ» романын атауға болады. 2.Оқиғаға, сюжетке қатысы жоқ, ойдан шығарылған «жақсыз» тұлға  арқылы да автор бейнесі беріледі. Мұндай жақсыз тұлға мен автор  баяндауы кезектесіп келіп отыратын романдарға «Қартқожа», «Ақбілекті»  жатқызуға болады. 3.Мәтіндегі автор  бейнесі анық та айқын, тікелей автордың өз атынан беріледі. Мысалы, О.Бөкейдің көптеген әңгімелерінде автордың қатысы, сөз ұстап отырғаны анық байқалады, сондықтан сюжет өз атынан баяндалады. 

Қазақ мәтініне қатысты айтқанда, мәтін арқылы «қазақ немесе қазақ  ұлтының адамы» деген  түсінік қалыптасады. Мәтіннің семантикасы  арқылы жекелеген авторлардың образдар жүйесі (Мұхтар Әуезовтың әдебиетте  қалыптастырған образдары, Абай, Базаралы, Дәркембай, жатақтардың жиынтық  бейнесі, татар саудагерлерінің, әже (Зере) мен ананың (Ұлжанның), сүйіскен жастардың, қыздардың (Тоғжан мен Айгерімнің, т.б.), тоқал мен бәйбішенің, т.б. –  бәрі жинақталып келіп, қазақ халқының этникалық суретін жасайды, яғни лингвомәдени сипатын қалыптастырады.

Информация о работе Мәтіндік семантикалық кеңістік құрылымындағы мәтін мазмұны мен мәні және мәтін талдаудағы жеке макрокомпоненттердің маңызы