Қазақ халық педагогикасы негізінде оқушыларды еңбекке тәрбиелеу

Дата добавления: 13 Февраля 2013 в 12:08
Автор работы: Пользователь скрыл имя
Тип работы: научная работа
Скачать (199.11 Кб)
Работа состоит из  1 файл
Скачать документ  Открыть документ 

Қазақ халық педагогикасы негізінде оқушыларды еңбекке тәрбиелеу 117 cnh книга каз яз.doc

  —  898.00 Кб

2.1. Еңбек бөлінісінде дәстүрлі  шаруашылық салаларының одан  әрі өркендеуі, сонымен қатар жаңа салалардың өмірге келіп, өркен жаюы: мал шаруашылығы, өнеркәсіп, қолөнер, тұрмыстық шаруашылық, аңшылық.

2.2. Көші-қон мал шаруашылығының  дәстүрлі жетекші салаларының  (жылқы, қой, түйе) өркендеуі.

2.3. Әскери-көшпелі тұрмыстың қалыптасуы.

2.4. Металл өңдеу, зергерлік бұйымдар, қару-жарақ жасау кәсіптерінің  дамуы.

2.5. Отбасы тұрмыстық шаруашылығының  өркендеуі, жан-жақты түрленуі.

2.6. Қоғамдық тұрмыстың әлеуметтік  қарым-қатынасы барысында таптық  қоғамның шығуы. Шаруашылықта  жекеменшіктің пайда болуы.

Осы аталған алғышарттар сақ, ғұн  дәуірінде мына төмендегідей дәстүрлі еңбек түрлерінің қалыптасқанын  көрсетеді: аңшылық, мал шаруашылығы, металл өңдеу, зергерлік бұйымдар дайындау, қару-жарақ жасау, мал шаруашылығына  байланысты отбасы шаруашылығы (мал өнімдерін өңдеу), қолөнер (металл, ағаш, сүйек өңдеу), мал шаруашылығына қажетті құрал-жабдықтар: ер-тұрман, жүген, басқұр, т.б., егіншілікке, аң аулауға, т.т. қажетті құралдар дайындау. Қазақ халқының тарихи, әлеуметтік, экономикалық алғышарттарын айқындауда біз тас, қола, сақ, ғұн дәуірлеріне толығырақ тоқталған себебіміз, осы аталған дәуірлерде қазақтар айналысатын шаруашылық салалары пайда болып, дамыды, сонымен қатар қазіргі дәстүрлі еңбек түрлері қалыптасты. Ал келесі 3, 4, 5-дәуірлерде алдыңғы дәуірлерде толық қалыптасқан шаруашылық салалары ұдайы өркендеу, өсу дәрежесінде болды. Осы дәуірлердің тарихи және әлеуметтік, экономикалық дамуы ұқсас болғандықтан және шаруашылық салаларының аса көп өзгермеуіне байланысты үш дәуірге жалпылама сипаттама беруді жөн көрдік. Мәселен, V–Х ғасырлардағы үшінші дәуірде ежелгі қазақ жерін мекен еткен түркі тілдес тайпалардың материалдық мәдениеті туралы сөз етсек, бұл халықтар кен қазып, оны қорытып, өңдеумен айналысқан, алтын, күміс, темір, қола сияқты металл түрлерінен еңбек құралдарын, тұтыну заттарын, зергерлік, сәндік бұйымдар жасаған. Сөйтіп, олар көмірші, темірші, қалаушы, т.б. кәсіп түрлерін, металл қорыту технологиясын жақсы игерген. Мұны археологиялық, қазба жұмыстарының барысында үлкенді-кішілі балғалар, мүйізді төстер, темір сызғыштар мен қашаулар, тескіштер, жоңғылар, шот бұрғылардың табылуы дәлелдейді. Олардың жасалу технологиясына қарап ежелгі халықтардың шеберлік, іскерлік, ісмерлік қабілет-машығына таңданбауға болмайды. Олар ой-қиялына, өмір тәжірибесіне сүйене отырып, диқаншылық пен қолөнер құралдарын – тоқпақтар, темір құятын қалыптар, ұста көріктері, күректері, семсер, қылыш, қанжар, сауыт, сүңгі, жинамалы садақ жебелерін, аң аулайтын қақпан, балық, құс ұстайтын құралдар, пышақ, ұстара, қырықтық жасады. Осы еңбек құралдарын пайдалану арқылы құдық қазу, жер қазу, үй салу, жер суландыру жүйелерін жүргізу сияқты жұмыстарды атқарады. Бұл аспаптар олардың металлдың әр түрінен әшекей, сәндік заттарын жасап, бейнелеу өнерін дамытуына мүмкіндік берді. Тұрмыста қолданылатын заттардан V–Х ғасырлар қазіргі иненің, тебен иненің жасалуы үлкен прогрес болды. Онымен сыртқы, ішкі киімдер, аяқ киім, бас киім тігілді. Оларға қажетті материалдарды шығарудың тәсілі сол тұста өмір сүрген далалықтарға кеңінен мәлім болды. Археологиялық қазба, жазба деректер ежелгі қазақ жеріндегі тайпаларға тоқымашылық кәсібі, жіп иіру, жіптен бұйымдар тоқу істері кеңінен таныс болғанын айғақтайды. Оңтүстік аймақтағы қоныстардан, Жетісу бойынан бұл жерлерде сырт киім тігу үшін пайдаланылатын шекпендік қалың жүн мата, өрнек салынған жіп мата, бөз, тор, шыт аталатын жұқа кездемелер шығарылғанын дәлелдейтін көптеген деректер табылған. Қысқы сыртқы киім мал терісінен, аң терісінен тігіліп, ол тон деп аталған. Қой, ешкі, қасқыр, қарсақ, түлкі терісінен тек тон емес, жейде, шалбарлар да тігілді. Құлын терісінен жеңіл жарғақ істелді. Сырт киім көбінесе сол жағына түймеленетін болды. Етік тігу үшін сиыр терісінен жасалған былғары пайдаланылды. Оның тігісі сыртына қарап тұрды. Етіктер өкшелі және өкшесіз де болды. Әйелдерге арналып бөкем етік деп аталатын қайқы тұмсықты сәнді аяқ киімдер тігілді. Ер адамдар басына бөрік киді, қозы терісінен істелген бас киім, құндыз терісінен тігілген кәмшат бөрік әрі жылы, әрі жеңіл болды. Ежелгі қазақ жерінің тұрғындары қысқы, жазғы киімге малдың, аңның терісімен бірге, мақта, кендір, жүн маталарды пайдаланған. Кездеме матадан, қайыстан істелген белге тағатын белбеулер, оған ілінген алтын, күміс, қоладан оймышталып жасалған тоғалары, салпыншақтары, бастырмалары тек белбеудің ғана емес, оны таққан адамның да ажарын ашып тұрды. Бас киімнің, белбеудің, аяқ киімнің әсемдігіне далалықтар айрықша мән берген. Ежелгі қазақ жеріндегі тайпалардың биік материалдық мәдениеті олардың қоныс мекендеріндегі құрылыстардан да көрінді. Олар салған тұрғын үйлердің құрылымы, сәулеттік ерекшеліктері далалықтардың тұрғын үй салуға айрықша мән бергенін байқатады. Көшпенділердің ыдыс-аяғы, ас табағы, қазаны да болды. Қазан алғашқыда темірден жасалса, кейін Х–ХІІ ғасырларда шойыннан құйылды. Далалықтардың тағамдары негізінен ет пен сүттен дайындалды. Оларды құйып, салып сақтайтын, тамақтанған кезде пайдаланатын, түбі, жиегі оймышты өрнекпен безендірілген тостаған, қыштан, ағаштан істелген құмыра, құты ежелгі қазақ жеріндегі тайпалар мәдениетінің әжептәуір жоғары болғанын дәлелдейді. Олар қазір біз дастарқан деп жүрген ас жайғыштарға айрықша мән берген. Әдетте мұндай ас жайғыштар қыштан жасалған, оған әдемі өрнектер салынып, тау ешкілерінің суреттерімен безендірілетін болған. ХІІІ ғасырдың орта шенінен бастап бұл жерлерде қала тіршілігі жанданып, құрылысы, шаруашылығы, мәдениеті көркейіп, олардың өмірдің барлық жақтарына ықпалы артты. Онда алтыннан, күмістен, жезден ақша шығару жолға қойылды. Ондағы күміс ақшалар тек сол жердегі ғана емес басқа аймақтарда да сауда-саттық жүргізу үшін пайдаланылды. Бұл тұста мұндай ақша шығару Жент, Кенже сияқты қалаларда да іске асты. Ақ Орданың билеушісі Ерзен хан (1320–1344) Отырармен бірге Сығанақ қаласын қалпына келтіріп көркейтуге, Саудакент, Баршынкент шаһарларында жаңа құрылыстар салдыруға көп күш-жігер жұмсады. Осы тұста кірпіш күйдіретін шеберханалар іске қосылып, оларда дайындалған кірпіштерден мешіт, медреселер, басқа да сәулетті құрылыстар салына бастады. Мәселен, Отырарды қазған кезде онда күйдірген кірпіштен салынған аса ірі мешіттің қаңқасы табылған . Осы тұста сауда жолында өсіп-өркендеген Сайран, Ясы, Шолақ, Қорған, Барукент, Саудакент, Құмкент, Тарсатөбе, Баба ата, Ақсүмбе, Созақ сияқты көптеген қалалар болды. Бұл шаһарлар ірі сауда, мәдениет ошағы ретінде танылды. (Оңтүстік Қазақстан аймағының қалалары.Ш.Қ.). Сондай-ақ, Жайықтың Каспийге құятын сағасында салынған, шығыс пен батысты байланыстырып жатқан сауда жолының бойындағы Сарайшық қаласында пайда болып теңге сарайлары жұмыс істеген. Бұл қалаларда үй салу, орамдарды орналастыру, көшелерді жоспарлау істері басқа елдердегі ірі орталықтардың ықпалымен үлкен өзгерістерге ұшырады. Оларда ісмерлік, зергерлік қолөнері дамыды. Саз балшықтан күйдіріп ыдыс, сән бұйымдарын жасайтын шеберханалар пайда болды. Отырар қаласындағы осындай шеберханалардың бір-бірімен тығыз өндірістік байланыста болғаны, серіктесіп, септесіп еңбек еткені белгілі болып отыр. Бұл тұста мыстан, қоладан, қорғасыннан сәндік бұйымдар жасалатын болды. Күмістен сақина, сырға, білезік, салпыншақтар, мыстан айна, шыныдан ыдыс, құты, әсемдік заттары істелді. Өндірістің белгілі бір мақсатқа сай өркендеуі онан әрі өріс алды. Темірден жасалған еңбек құралдары, қару-жарақтың жетілдірілуі өндіріс күштерін айтарлықтай дамытты. Қалаларда бұрынғыдан әлдеқайда жетілдірілген, өзгерген, тұрмыс-тіршілікке неғұрлым икемді, жинақы үйлер салына бастады. Оларда отырықшылыққа ауысқан бұрынғы көшпелілердің өкілдері тұрды. Бұл қалалардың мәдениеті өздерімен барыс-келіс, сауда-саттық негізінде қоян-қолтық араласып жатқан Шығыс Еуропа, Кіші Азия, Персия, Үндістан, Қытай, Шығыс Сібір, Орталық Азия халықтарының мәдениетімен тығыз байланыста болып, солардың әлемдік мәдени жетістіктерін бойына сіңіре отырып дамыды. Мұндай мәдени байланыстардың дамуында қазақ жерін басып өтетін Ұлы Жібек жолының маңызы зор болды. Бұл жолдың адамзат тіршілігіне әкелген жаңалығы, қоғам мәдениетінің өркендеуіне қосқан үлесі көп. Жібек жолы арқылы Шығыс пен Батыс елдері ежелгі қазақ жеріндегі сәулет өнерінің дамуына да әжептәуір ықпал жасады. Шығыс елдерінің әсерімен ежелгі қазақ жеріндегі сәулет өнерінде соны сипаттар пайда болды, жаңа архитектуралық стиль қалыптасты. Ертеден сақталған құрылыстардың күмбез-шатыр жүйесі жетілдірілді, жаңадан қаптама материалдар іске қосылды. Ортағасырлық архитектуралық мұралар Орталық Қазақстанда, Сарысу, Кеңгір, Торғай өзендерінің бойында да біраз сақталған. Тік бұрышты, шатыр тәрізді күмбезі бар, сыртын жасыл, көкшіл, қаракөк немесе көгілдір әсем плиталармен қаптаған Алаша хан, Жошы хан, Болған ана кесенелері – бізге сол орта ғасырлардан жеткен ескерткіш мұралар. Көшпелілер қалаларға азық-түлік, мал өнімдерін апарып, олардан киім-кешек, әбзел, құрал-сайман, қару-жарақ, сондай-ақ темірден, қоладан, қыштан, фарфор мен фаянстан, шыныдан жасалған ыдыс, аяқ-табақ, сәндік бұйымдар алып тұрды. Қала қолөнершілері егіншілік-диқаншылықпен айналысатын отырықшы тайпалар-мен тығыз байланыс жасап, егіншілік құралдарын, құдықтан шығырмен су шығару тетіктерін жасап беріп, күнделікті өмірге еңбектің өнімді әдістерін енгізуге көмектесті. Егіншілік аймақтарда құдыққа шығыр орнату, суармалы жерлерге су шығару сәттері салтанатпен аталып өтетін болған. Мұның бәрі Х–ХV ғасырларда ежелгі қазақ жерінің тұрғындары егін егіп, мал бағып, дүние-жиһаз жасап, қолөнермен айналысып тіршілік еткенін, өзіндік салт-дәстүрі, биік мәдениеті болғанын айғақтайды. XV–XVII ғасырларда далалық аудандардағы қазақтарда шаруашылық саласы ретінде басым тұрғыда тарихи қалыптасқан, қуаң дала мен жартылай шөлейт жерлердің табиғи-климаттық жағдайына сәйкес келетін көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы сақталды. Малдың негізгі түлігі – қой, жылқы, түйе болды. Ірі қара мал аз мөлшерде, негізінен алғанда отырықшылықты жерлерде өсірілді. Маусымдық жайылымдарды (көктеу, жайлау, күздеу, қыстау) алмастырып көшіп-қонып отырудың бұрыннан қалыптасқан жолдарымен жылдық айналымы орнықты. Ондаған, көбіне жүзден астам ауылдардан құралған әрбір ру белгілі бір географиялық жер көлемі шеңберінде көшіп-қону дәстүрін ұстанды. Жайылымдық қоныстардың арақашықтығы оңтүстікте 200–300 шақырымнан Жетісудың ендік бағытындағы далалық аудандарында 800–1000 шақырымға дейін созылды. Қоныс орнын таңдау, әрине, тек дәстүр мен шаруашылықтық мұқтаждықтарға ғана емес, сонымен бірге хандықтағы саяси жағдайға да тәуелді болды. Көшпелі мал шаруашылығы кең көлемді жайылымдық жерлердің болуын талап етті, ал олардың әрдайым жетіспеушілігі көршілер арасында соғыстар мен дау-жанжалдар туғызып отырды. Мал шаруашылығы табиғат жағдайларына мейлінше тәуелді еді. Жемшөп дайындау жүргізілмеді, қыста мал тебіндеп жайылды. Мысалы, Т.И.Сұлтанов «Кочевые племена Приаралья в ХV–ХVІІ вв.» атты еңбегінде: «Көшпелілер үшін Сырдария жері өте бағалы, мал азығы мен отынға бай. Қыс сұрапыл болған жылдары малдың жаппай қырылуы жиі кездесетін, мұндайда көшпелі малшылар тақырлана кедейленіп, көбіне отырықшылыққа ауысатын», – деп жазады. Баяу дегенмен, көшпелі мал шаруашылығын жүргізудің формасы мен оның өнімділігі жақсара түсті; (ауа райы жағдайына байланысты қолайлы жылдары мал басы үдемелі қарқынмен өсіп отырады. Мал шаруашылығын жүргізудің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі сақталып, үнемі жетілдірілумен болды. Қазақтардың тұрағы киіз үй, сондай-ақ шаруашылық құралдары көшіп-қону және мал өнімдерін өңдеуге жақсы лайықталғанды. Көшпелі мал шаруашылығы қазақ отбасының өмірін көп жағынан қамтамасыз етіп тұрды. Бұл сала қазақтарға ішіп-жейтін тамақ өнімдерін, киім-кешек пен аяқ киім материалдарын, үй жабдықтары мен жасауларын, көшіп-қонуға қажетті тасымал құралдарын берді. Әскери жорықтар мен шайқастарда жылқының орнын ешнәрсемен алмастыруға болмайтын. Көшпелі малшылар үй кәсібімен, негізінен алғанда мал шаруашылығы шикізаттарын өңдеумен айналысты. Қой жүнінен киіз басты, кілемдер тоқыды, киім тікті, мал терісінен аяқ киімдер, ыдыстар, ат әбзелдерін, т.б. әзірледі. Қазақтардың шаруашылығы негізінен қолмен атқарылатын таза табиғи күйінде қалғанымен, олардың қолында қала тұрғындары, егіншілер өндіретін тауарларға, азық-түлікке айырбастай алатын басы артық өнімдері қалып отырды. Түркістанның Сығанақ, Сауран, Асы және басқа қалаларының базарларына көшпелі малшылар мал айдап апарып тері, жүн, олардан жасалған бұйымдар, сондай-ақ суық қарулар (мылтық, қанжар, т.б.) ағаштан, негізінен қайыңнан жасалатын бұйымдар, соның ішінде арбалар, төсектер мен ыдыстар жеткізетін; аң терілерін, тон-ішіктер, тымақ-бөріктер сататын» Сөйтіп, малшылар бұл өнімдеріне айырбасқа Түркістан аймағы қалаларынан әр түрлі тауарлар: мақта маталары мен жібек маталар, балшықтан күйдіріліп және темірден соғылып жасалатын бұйымдар, мата мен теріден тігілген дайын киім-кешектер, шапандар, орамалдар, бас киімдер, аяқ киімдер, ат әбзелдерінің бөлшектерін, сондай-ақ әр түрлі үй аспаптарын, қарулар, қымбат металлдардан жасалатын әшекей заттар, айналар және көптеген басқа дүниелерді алып отырған. Көшпелілердің астыққа – бидайға, тарыға, арпаға, егіншілік пен бау-бақша шаруашылығының басқа өнімдеріне, әсіресе маталарға деген сұранымы барынша берік әрі тұрақты болған және бұларды бәрі жаппай алып отырған. Демек, қазақ балаларының отбасындағы еңбек түрлеріне араласуына толық жағдайлар жасалып, олардың шаруашылықтың барлық түрлеріне қатысуына мүмкіндіктері мол болған. Әсіресе Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлеріндегі қазақтар отырықшылықты және жартылай отырықшылықты егіншілік пен қала мәдениетін жақсы білген. Көшпелі шаруашылықпен айналысатын далалық аудандар мен отырықшылықты егіншілік аудандары және қаланың тұрақты байланысы қазақ қоғамы экономикалық өмірінің ажыратылмайтын белгісіне айналды. Түркістан қалалары мен алқаптарының егіншілікпен айналысатын, этникалық жағынан араласып кеткен халықтары даланың мал өсіруші халқымен шаруашылық-мәдени жағынан тұрақты қарым-қатынас жағдайында өмір сүрді. Өз кезегінде көшпелілердің тіпті өздері де мал қыстататын жерлерінде егіншілік танаптарын жасап, отырықшылықты және жартылай отырықшылықты елді мекендер тұрғыза бастады. Міне, ХV–ХVІІ ғғ. екінші жартысында, Қазақ хандығы дәуірінде Оңтүстік Қазақстанда Ясы (Түркістан), Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Иқан, Аркөк, Үзген, Аққорған, Құтжан, Қаратаудың солтүстік беткейлерінде Созақ, Құмкент және басқа қалалар салынып, қалалық өмірдің дамуын жалғастырды. Мәселен, алғашқы қазақ әкімдерінің астанасы болған Ясы (Түркістан) белгілі сауда нүктесі, ірі егіншілік аймағының орталығы ретінде қала берді. ХV–ХVІІ ғасырлар шебінде бұл қала Қазақ хандығының астанасына айналды, ол сондай-ақ бүкіл Түркістан және оған тиіп тұрған қазақ даласы үшін басты діни орталық болды. Ал, Қаратудың солтүстік беткейіндегі Созақ қаласы әрдайым далалық аудандарда билік жүргізу үшін, сонымен бірге Түркістан аймағының басқа қалалар үшін Қазақ хандығы әкімдерінің сыртқы жаумен күресіндегі басты таянышы, стратегиялық тұғыры болды. Созақ тек жақсы бекініс қана емес, далалық өңірге таяу орналасқан сауда, қолөнер кәсібі орталығы болатын Археологтардың зерттеуінше, Созақ төңірегінде өзге де отырықшылықты қазақ қоныстары: Күлтөбе, Ран, Тастөбе, Тасқорған, Көктөбе қалалары да болды. Олардың кейбірі бекіністерінде пайдаланылса, кейбірінде егіншілікпен айналысатындар қоныстанды. Ал, Түркістан аймағының ірі, сондай-ақ ұсақ қалалары қазақ халқының шаруашылық тірлігінде жер еңбегімен айналысуында үлкен рөл атқарды. Ол кездегі қалалардың жартылай аграрлық сипатта болғанын зерттеушілер археологиялық жазба материалдарымен және түпкі жазба материалдардың мәліметтерімен айғақтады. Егін, бау-бақша, жүзім егумен, егістік және жайылымдармен қоршаған алыс-жақын ауылдар тұрғындары ғана емес, сондай-ақ қалалықтардың өздері де айналысқан. Қалалардың қай-қайсысы да тауарлы астық пен басқа да ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін, дамыған суармалы егіншілігі бар көлемі егісті ауданның орталығы болды. ХVІ ғасыр мен ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында қолдан суландыру ісі бұрынғымен салыстырғанда кең көлемде дами түсті. Бір жерлерде ол Сырдариядан тартылған ірі каналдарға, екінші бір жерде – Қаратаудан ағып кеп жиналатын тау өзендерінен тартылар мың сан арықтарға негізделді. Үшінші бір жерде – қарғаулық жүйе қолданылды. Қалаларда қолөнер кәсібі кварталдары болды, оларда көзелік, ұсталық, ағаш өңдеушілік, тоқымашылық, былғары жасаушылық, зергерлік, құрылысшылық кәсіптер дамып, тұрғын үйлер, діни және қоғамдық ғимараттар – мешіттер, медреселер, мазарлар, моншалар, дүкендер, үсті жабық базарлар, керуен-сарайлар салынып жатты. Ортағасырлық дәуірдің аяққы шенінде Оңтүстік Қазақстанның қалаларында аймақтың өз ішіндегі қалалар мен ауылдар тұрғындарының, сондай-ақ көшпелі малшылардың, егіншілер мен қолөнершілер өнімдеріне деген сұранысына негізделген сыйымды базарлар тұрақты жұмыс істеп тұрды. Сауда-саттық Түркістанның Сығанақ, Асы, Сайрам сияқты қалаларының негізгі тыныс-тіршілігіне айналды. Бұл қалаларда теңге ақшалар соғылды. Тарихи деректерге жүгінсек, оларда ірі базарлар мен дүкендер көп болған. Қазақ хандығы дәуірлеп тұрған кездегі, әсіресе Қасым хан, Тәуке хан тұсындағы қолайлы саяси жағдай, соғыстар мен өзара талас-тартыстардың тоқтауы қалалар мен сауданың дамуына мүмкіндік берді. Жәнібек ханның баласы Қасым Қазақ хандығының жері мен халқының кеңеюіне елеулі үлес қосып, оның басшылығымен дербестікті аңсаған қазақ тайпалары жеке шаңырақ көтеріп, өз алдына ел болуға мүмкіндік алды. Жақсы, шұрайлы жерлерді иемденген көшпенділер қырды малға толтырады. Сөйтіп, ХVІ ғасырдың 20-жылдары қазақтар кең-байтақ далаға ие болады. Алайда қазақ этносы, біріншіден, көшпелі және жартылай көшпелі, мүліктік қана емес, сонымен бірге әртүрлілікке негізделген қоғамда өмір сүрді, екіншіден, өзге тайпалар мен халықтар сияқты, тек біржақты көшпелі мал шаруашылығымен ғана шұғылданып қойған жоқ, егіншілікпен айналысып, отырықшылықты және қала мәдениетін де білді. Оңтүстік Қазақстанның таптық (феодалдық) қатынастар едәуір дамыған, егіншілігі мен қала мәдениеті өркендеген аудандары қазақ халқының этникалық территориясы болды. ХV–ХVІІ ғасырларда қазақ халқының өзіндік төл мәдениеті өркен жайды. Қазақтардың тұрғын үй салуы мен көркемөнер кәсібі, халық ауыз әдебиеті мен шығармашылығы түріндегі мәдениеті өмірге сіңіп, орнықты. Олар Қазақстан жерінде мекендеген бұрынғы тайпалар мен халықтардың мәдени байлықтарын өз бойына сіңіріп, қабылдай білді. Сығанақ пен Сауранның, Асы мен Отырардың архитектуралық комплекстері, Жәнібек пен Қасымның Сарайшықтағы, Қазанғаптың Ұлытау ауданындағы кесенелері, Маңғыстаудағы, Сырдария алқаптарындағы және Қаратау қойнауларындағы мазарлар өзіндік сәулет-сипатымен, архитектуралық формаларының жинақылығы әрі айқындылығымен ерекшеленеді. Үй кәсібі мен қолданбалы өнер бұйымдары – ат әбзелдері, киіз үй жабдықтары, үй іші тұрмысында ұсталатын заттар (кілемдер, киіздер, кестелер, ши тоқымалары, ыдыс-аяқтар), әйелдердің сәнді киімдері мен әшекейлері – осылардың барлығы халықтың өзіндік материалдық мәдениетінің жоғары болғандығын дәлелдейді. ХV–ХVІІ ғғ. қазақтардың суырып салма ақындық өнері кеңінен дамыды. «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», т.б. сияқты ерлік істер туралы халық аузындағы жырлар, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», т.б. сияқты әлеуметтік тұрмыстық дастандар, әдет-ғұрып өлеңдері мен ертегілері ұрпақтан ұрпаққа көшіп отырды. Қазақ ауызекі поэзиясының өкілдері – Шалкиіз жыраудың (ХV ғ.), Доспамбет жыраудың (ХVІ ғ.), Жиембет жыраудың (ХVІІ ғ.) есімдері ел аузында аңыз болып сақталып қалды. Өлең-жырларда, дастандарда, эпикалық аңыздарда, батырлардың Отан қорғаудағы жанқиярлығы мен ерлігі мадақталды, халықтың өмірі мен тұрмысы кеңінен әңгімеленді. Сөйтіп, бұларда болашақ ұрпақты еңбекке тәрбиелеу, олардың бойында дәстүрлі еңбекке деген сүйіспеншілікті арттыру мәселелері жан-жақты мазмұндалып, келешек қоғам иелеріне мәдени мұра ретінде беріліп отырды. Бұл дәуірлерде қазақ халқының қазіргі астрономия, геология, медицина, ветеринария саласындағы ұғымдары, сондай-ақ басқа да қолданбалы және іргелі ғылым саласындағы даналығы қалыптасты. Олар ғасырлар бойы жинақталған өзінің мәні мен мазмұнын бүгін де жойған жоқ. Демек, рухани мәдениеттің тууы, дамып, сабақтастықпен одан әрі жалғасуы, жалпы халықтық сипат алып, бүкіл бір этносты қамтып, кеңінен тарауы оның біртұтас бөлінбейтін құбылыс екенін аңғартады. Мұны ұлы Түркі қағанаты мен араб-шығыс мәдениетінің қазақ даласына тарауынан, яғни орта ғасыр ғұламаларының тәлімгерлік ой-пікірлері мен Қазақ хандығы тұсындағы қазақ халқының отбасындағы балаларды еңбекке тәрбиелеу дәстүрі алдыңғы дәуірлерге қарағанда әлдеқайда кеңейіп, күрделене түсуінен көреміз. Біздің осы пікірімізді егеменді еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегіндегі: «...түркі әлемі барлық уақытта да әр түрлі халықтар мен мәдениеттерді бір-бірімен байланыстыратын дәнекер буын болып келді. Қазіргі түркі әлемі уақыт өтке сайын өзара тығыз бірлесе түсіп, өздерінің мәдени мол мүмкіндіктерін танытуға тиіс. Шамасы, болашақ зерттеушілер ол үрдісті «Түркі-ислам өркениеті» деп атауы да әбден ықтимал», – деген сөзі дәлелдей түседі. Демек, ұлы Түркі қағанаты орта ғасырларда адамзат өркениетінің қалыптасуына аса зор үлес қосып, бөлшектеніп кеткен дала халықтарының, тайпалардың бастарын біріктірді, бүгінгі түркі тектес халықтарда ортақ мәдениеттің қалыптасуы мен жасалуына, сонымен қатар әлемдегі аса қуатты саяси империяның қалыптасуына ықпал етті. Мұның өзі өркениеттің мүлде жаңа тұрпаты еді. Ол ХХ ғасырдың алғашқы үштен біріне дейін өзінің осындай сипатын сақтап келді. Біріншіден, ол кезеңде соншалықты орасан зор кеңістікті игеру шаруашылық жүргізудің бірден-бір жаңа тәсілі – мал шаруашылығымен айналысу арқылы мүмкін болатын еді. Дәстүрлі көшпелілер қоғамы кең даланы, шөлді және шөлейт құмды алқаптарды игерудің тиімді тәсілдерін ойлап тапты. Екіншіден, көшпелілер егіншілікпен, тұрғын үй салумен айналысатын отырықшы халықтармен тығыз әрі өзара пайдалы байланыс орната білді. Үшіншіден, түркілерде әскери өнердің дәрежесі бәрінен де жоғары болды. Қатардағы кез-келген көшпелі тек бақташы-малшы ғана емес, ер жүрек жауынгер еді. Біз бұл деректер арқылы қазақ халқының өмір сүру тарихының негізгі кезеңдерінде ұлттық дәстүрлі шаруашылық мәдениетінің жан-жақты дамып, жетілгенін байқадық. Демек, қазақ халық педагогикасындағы отбасында қалыптасқан дәстүрлі еңбек түрлері балаларды еңбекке баулу мен тәрбиелеудің негізгі құралына айналғанына көз жеткіземіз. Қазақ халқының көне ғасырлардан бері дамып келе жатқан әлеуметтік- экономикалық өмірі ғылым мен білім, тарих пен мәдениеттің, ұлттың өзіндік еңбек салаларының қалыптасуына зор әсерін тигізді. Жоғарыда аталған кезеңдерде қазақ халық педагогикасындағы отбасында балаларды еңбекке тәрбиелеудің тарихи және әлеуметтік, экономикалық алғышарттары күрделене түсіп, мына төмендегідей сипатқа ие болды:

1. Дүниежүзілік, бүкіл әлемдік өркениетті  дамытуға үлкен үлес қосқан  Ұлы Жібек жолының қазақ жерін  басып өтуі, оның Батыс пен  Шығыс елдерімен экономикалық  байланысын қалыптастыруы. Ірі  сауда жолдарының өсіп-өркендеуі,  оның қалалардың пайда болуына, отаршы халықтармен тығыз әрі өзара пайдалы байланыс орнатуға септігін тигізуі.

2. Қазақ жерінде биік материалдық  мәдениеттің қалыптасып, өркендеуі.  Халықтың тұрғылықты мекендерге  қоныстануы, рухани мұраның қалыптасуы, қала мен ауыл арасында еңбек бөлінісінің пайда болуы.

3. Кен қазу, металл өңдеу, бейнелеу  өнерінде зергерлік, металл қорыту  технологиясының дамуы.

4. Мал, егіншілік-диқаншылық, аңшылық  шаруашылықтарының қалыптасып, өркендеуі.

5. Шеберлік, іскерлік, ісмерлік, қолөнерінің, тұрмыста қолданылатын заттардың, еңбек құралдарының түрленіп шығуы.

6. Тұрмыс-тіршілігінің, сәулет өнерінің, үй құрылысы, тоқыма, тігін, еңбек  салт-дәстүрлерінің қалыптасып, көреюі.

7. Қазақ халқының шаруашылықты  ұйымдастырудағы табиғат әлемі  жөніндегі алғашқы қолданбалы ғылыми түсініктерінің қалыптасуы.

Осы аталған алғышарттар қазақ  халқының тарихи, әлеуметтік, экономикалық дамуының 6–7 дәуірінде төмендегідей дәстүрлі еңбек түрлерінің қалыптасқанын  көрсетеді: ауыр өнеркәсіпке: – тау-кен, машина жасау, құрылыс, сәулет, отын энергетикасы, атом энергетикасы, коммуналдық, шаруашылық, металлургия, т.б.; жеңіл өнеркәсіп: – тоқыма, тігін, аяқ-киім, фарфор-фаянс, т.б.; ауыл шаруашылығы: – егін, мал, бақша; аңшылық. Алайда өткен ғасырды адамзат баласы автомобиль мініп қарсы алып, ғарыш кемесімен шығарып салды. Қауырсын қалам ұстап ХХ ғасыр табалдырығын аттаған адамзаттың төріне ғасыр соңына қарай бүкіләлемдік ақпарат жүйесі – Интернет шықты. Бір сөзбен айтқанда, ХХ ғасырдағы адамзат прогресінің үш тағаны: жерде – автомобиль, көкте – ғарыш кемелері, кеңістік-коммуникацияда – Интернет өркениеттің үш тоғысы ретінде қалыптасып, саясаттағы – геосаяси, экономикадағы – интеграция, ғылымдағы – ғаламдану процесіне ұласты. Алғашқы үшеуі өркениеттің қайнары болса, соңғы үшеуі соның өркені ретінде орнықты. Қазақстан тәуелсіздік алған кейінгі он сегіз жыл ішінде, әлемдік өркениеттің бөлінбес бөлшегі ретінде, адамзат баласының ұлы көшінен өзіне лайықты орнын таба білді. Және осы ұлы көшта өз жол, өз соқпағымен алға басып келеді. Мұның өзі мемлекет пен қоғам өмірінің сан-алуан қырынан айқын аңғарыла бастады. Бұл жолда жиырмасыншы ғасырдың үш таған, үш тоғысы тәрізді үш бағыт, үш арнадан тұрады. Міне, осы үшеудің бірлігі Қазақстанды ХХІ ғасырда өркениетті елдер биігіне көтермек, Осыған орай бүгінгі күні қазақтың халықтық педагогикасындағы дәстүрлі еңбек түрлері (ауыл шаруашылық еңбегі, қолөнер еңбегі, тұрмыстық еңбек процестері) нарықтық-экономикалық рынокқа бейімделді, жаңа мазмұндағы еңбек түрлері пайда бола бастады. Мәселен, фермерлік, серіктестік, акционерлік, жеке меншік, жеке шаруашылық қожалығы. Бірақ бұлардың бәрі жоғарыда аталған ата кәсібімізден (малшы, диқаншы, аңшы, зергер, т.б.) бастау алатын, жаңа заманның талабына сай бизнесмен, менеджер, маркетолог т.б. еңбек түрлерінің қайта түлеуінің жаңа түрі болып отыр. Қорыта келгенде, қазақ халқының бүгінгі таңдағы дәстүрлі еңбек түрлері қоғамның әлеуметтік-экономикалық, ұлттық тарихи дамуының кезеңдерінде қалыптасып, жаңа мазмұнға ие болды. Оның мазмұнын кесте 1-ден көруге болады. Кесте 1 – Дәстүрлі еңбек әрекетінің қалыптасуына ықпал еткен шаруашылық пен қолөнер өндірістерінің даму кезеңдері

Өзін өзі бақылауға  арналған сұрақтар.

1. Адамзат қоғамының тарихи даму  кезеңдеріне сипаттама жасаңыз?

2. Тас, қола, темір дәуірлеріндегі  еңбектің түрлерінен кесте құрастырыңыз?

3. Сақ, ғұн, дәуіріндегі еңбектің  түрлеріне сипаттама беріңіз?

4. Ұлы түркі қағанаты кезіндегі  дәстүрлі еңбек түрлерін атаңыз?

5. Араб-шығыс мәдениеті, орта ғасыр  ойшылдары кезіндегі еңбек тәрбиесінің  мәні мен мазмұнына сипаттама жасаңыз?

6. Қазақ хандығы кезіндегі дәстүрлі  еңбек түрлеріне мазмұндық сипаттама  жасаңыз?

Әдебиеттер

1. Қозыбаев М.Қ. Қазақстан тарихы. – Алматы, «Рауан», 1992. – 244 б.

2. Нысанбаев Ә. Адам және ашық  қоғам. – Алматы, «Ғылым», 1998. –  172 б.

3. Есім Ғ. Сана болмысы (саясат пен мәдениет туралы ойлар). – Алматы, «Ғылым», 1996. – 208 б.

4. Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының  теориялық негіздері мен тарихы. – Алматы, «Білім», 2003. – 280 б.

5. Жарықбаев Қ.Б., Қалиев С. Қазақтың  тәлімдік ой-пікір антологиясы. 1-2 том, Алматы, Рауан, 1994, -320б.

Өзіндік жұмысқа арналған тапсырмалар

1. ХІХ- ғасырдағы қазақ қоғамының  әлеуметтік-экономикалық жағдайына  шолу жасап, ондағы еңбек түрлерін  кесте арқылы көрсетіңіз.

2. ХХ- ғасырдың бас кезіндегі қазақ  халқының шаруашылығы туралы конспект даярлаңыз.

3. Кеңестік дәуірдегі ғылыми-педагогиканың  қалыптасу кезеңіндегі еңбек  тәрбиесінің мазмұнына сипаттама  жасаңыз.

4. Тәуелсіз Қазақстандағы дәстүрлі  еңбек түрлеріне сипаттама беріңіз.

5. Қазіргі заман талабына сай  еңбектің түрлерінен кесте құрастырыңыз.

  • 1.2 Қазақ ғұлама-ағартушылары, қоғам қайраткерлері мен ғалымдарының дәстүрлі еңбек тәрбиесіне көзқарастары

1.2 Қазақ ғұлама-ағартушылары, қоғам  қайраткерлері мен ғалымдарының  дәстүрлі еңбек тәрбиесіне көзқарастары 

Еңбек тәрбиесінің әлеуметтік-экономикалық мәселелері адамзат қоғамының барлық даму сатысында зерттеу нысанасы болып отырды. Алайда жазу-сызуды білмеген, ғылым мен мәдениеттен мешеу дәуірдің өзінде де, балаларды еңбекке тәрбиелеу отбасы, тайпа мүшелерінің ортақ ісі болған. Демек, адамның өз ұрпағын еңбекке қоғамдық өмірге икемдеп үйретуі адамзат қоғамымен бірге жасасып келе жатқан тарихи процесс. Сондай-ақ әрбір халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі көптеген ғасырларға ұласқан өзіндік тарихи тағылымы мен ой-пікірлері, ғылыми-танымдық идеялары да бар. Қазақ халқының еңбек тәрбиесі туралы тәлімдік ой-пікірлері сонау VII–VIII ғасырлардағы Орхон-Енисей түркі жазба ескерткіштері мен Қорқыт ата тағылымдарынан бастау алады. Бұрын Орхон-Енисей ескерткіштері әдебиет тарихынан белгілі болса, бүгінде егемендіктің нәтижесінде оны көзбен көруге мүмкіндік алдық. Бұл жөнінде ҚР Философия және саясаттану институтының директоры, философия ғылымының докторы, профессор Ә.Нысанбаев былай деді: «Жақында тек қазақ мәдениеті тарихында қалатын ұмытылмас оқиға болды. Қазақстан Рсепубликасы Үкіметінің өкілдері монғол елінің басшыларымен келіссөз жүргізіп, Орхон өзенінің бойында бұдан 1300 жыл бұрын ұлы бабаларымыз тасқа қашап жазған «Күлтегін», «Білге Қаған», «Тоныкөк» жырларының көшірмесін олардың тікелей мұрагерлерінің ата жұртына алдырды. Демек, біз заттай айғақ арқылы өз мәдениетіміз бен дүниетанымымыздың тамыры тым тереңде жатқанын, елдік дәстүріміз бен рухани бітіміміздің қайнар бастауы берік екенін өзіміз де түсінетін, өзгеге де ұқтыратын халге жеттік» . Ал, енді осы тастағы жазулардың мазмұнына үңілсек, онда: «егер сен, түркі халқы, өз қағаныңнан, өз бектеріңнен, өз Отаныңнан жырақ кетпей, бірге жүрсең, сен өзің де бақытты өмір сүресің, өзіңнің отбасыңда болсаң, еш нәрседен мұқтаждық көрмейсің, құлақ қойып тыңдаңыздар, тереңнен ойланып-толғаныңыздар! Менің ағам мені адам етті», – деп жазылған. Бұл жолдар қоғамдық өмірде адамдардың ынтымақтастық пен береке-бірлікте өмір сүріп, бірлесе еңбек етуінің арқасында ізгі мұраттарға жететіндігін баяндайды. «Орхон-Енисей» жазба ескерткіштерінен кейінгі еңбек тәрбиесі туралы тағылымдық ой-пікірлер Қорқыт баба мұрасында көрініс тапты. Қорқыттың тағылымы мол поэзиялық шумақтарынан көшпелі тайпалардың тұрмысы мен әдет-ғұрпын, тәлім-тәрбиелік даналық ойларын көптеп кездестіреміз. Қорқыт баба нақыл сөздерінде «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге жарамайды. Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ. Ер жігітке қара таудай мал бітсе, жияр, көбейтер, талап етер, бірақ несібесінен артығын жемес», – деп отбасындағы қыз бала мен ер баланы еңбекке баулуда ата-ананың үлкен рөлі атқаратынын айтады. Халқымыз бұл пікірді өрбіте отырып, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Баланың ұяты әкеге, қздың ұяты шешеге», «Ана көрген тон пішер, ата көрген оқ жонар», – деп ой түйіндеген . Еңбек тәрбиесі жайлы ой-пікірлерін ұлы ойшыл әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы» трактатында баяндайды. Ол қала адамдарының әр түрлі топтарын қайырымды, қайырымсыз қала тұрғындары деп бөліп, оларға талдау жасайды. Онда жекеленген топтардың әлеуметтік жағдайын, қандай кәсіппен айналысатындығын, тұрмыс салтын, өмір сүру ерекшеліктерін, оларға тиісті құндылықтарды айқындау мақсатында «ізгі қаланың» тұрғындары, «надан қаланың» тұрғындары деп бөліп қарастырады. Ізгі қала тұрғындары тату-тәтті өмір сүріп, ғылым мен білімді дамытып, көркею жолымен бақытқа жеткілері келетінін, ал надан қаланың тұрғындары халықты алдап, неше түрлі қулық-сұмдық істер жасау арқылы бақытқа жетуді аңсайтындығын айтады. Надан қала тұрғындарының өзін опасыздар пен бақытсыздар, атаққұмарлар мен билікқұмарлар және бетімен кеткендер деп бірнеше топқа жіктейді. Мәселен, «қажеттілік тобының тұрғындарын феодалдар мен қала әкімдерінің қанауына түскен кедей шаруалар мен қала кедейлері. Олар ауыл шаруашылығы жұмыстарының әр түрлі саласымен, аң аулау, қолөнері, т.б. еңбек түрлерімен шұғылданады, өте еңбеккер келеді, тек өздеріне керекті, пайдалы нәрсені ғана өндіруге ғана тырысады (тамақ, киім т.б.) және еңбек үстінде бір-біріне көмектесіп ынтымақтасып отырады», – дейді. Міне, бұдан топтасу адамдардың жай біріге салуынан емес, олардың өмір сүру қажеттілігінен туындайтындығын көруге болады. Сондай-ақ әл-Фарабидің педагогикалық жүйесінде тәрбие мен тәлім, білім мәселелері бір-бірімен органикалық, диалектикалық байланыста қарастырылды. Әл-Фараби де Аристотель сияқты адамды қоғамдық жан деп қарап, өзінің бүкіл педагогикалық, этикалық және басқа гуманитарлық көзқарастарында осы қағиданы басшылыққа алады. «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатының бір тарауында адамзаттың өзара бірлестік пен өзара көмекке зәрулігі туралы әл-Фараби былай деп жазады: «Жаратылысында әрбір адамға өз тіршілігі үшін және ең жоғары кемелділік дәрежесіне жету үшін көп нәрсе керек, ол мұны өзі жалғыз жүріп таба алмайды және бұған жету үшін ол қандай да бір адам қауымын қажет етеді, осы қауымдағы адамдардың әрқайсысы оған қажетті нәрселердің жалпы жиынтығынан қандай да бір затты тауып беріп отырады. Оның бер жағында әрбір адам өзінен басқа екінші адам жөнінде де нақ осындай күйге түседі. Міне, сондықтан да бір-біріне көмектесіп отыратын, біреуі екіншісінің өмір сүруіне қажетті нәрселердің бір бөлігін тауып беріп отыратын көптеген адамдар бірлестіктері арқылы ғана адам өзінің жаратылысына сай кемелділік дәрежесіне жете алады». Қоғамды кемелдендіру – бақытқа жетудің басты шарты болып табылады. Тек кемелденген қоғамда ғана адам ғылым, философия, тәрбие арқылы кемелдікке жете алады. Әл-Фараби шартты түрде адамды бақытқа, кемелдікке жеткізуге тиісті негізгі құрал ретінде мінез-құлық, моральдық және ақыл-ой, интеллектуальдық тәрбиелерге шешуші мән береді. Ол былай дейді: «Біз жақсы мінез-құлық пен ақыл-парасатқа ие болған кезде солардың арқасында міндетті түрде бақытқа жетеміз... Бұл екеуі бар кезде біздің өзіміз және іс-әрекеттеріміз үстем де кемел болады, осылардың арқасында біз шын мәнінде қастерлі, қайырымды, инабатты боламыз». Әл-Фарабидің педагогикалық топшылауларында адамның еркі (ырқы) мен талап-тілегіне үлкен маңыз беріледі, олар тиісті жағдай туған кезде адамдық жақсы қасиеттерді қалыптастыруға жетелейтін мақсат пен құралдарды еркін де саналы түрде таңдап алуына мүмкіндік береді. Ал мұндай жақсы сипаттар табиғаттан, сырттан емес, жаттығу машықтану, әдеттену арқылы дариды. Ерік пен тілектің ең жарқын байқалатын жері сезім мен рухани қажеттілікті таңдау кезі болып саналады. Осылай басында еркін таңдау, ерік күшімен келетін сапа-қасиеттер бара-бара біртіндеп тәрбие арқылы адам мінез-құлқының міндетті белгісіне айналады, рухани өміріне сіңіседі. Фараби өзінің саяси-педагогикалық трактаттарында халықты, тұрғындарды мінез-құлықты, ақыл парасатты етіп тәрбиелеуде қайырымды қала, мемлекеттерге, олардың басшыларына үлкен орын береді. Ол былай деп жазды: «Тұрғындар бір-бірімен шынайы көмекке бірігіп, шынайы бақытқа жетуді көздеген қала қайырымды қала, халқы да қайырымды адамдар болды. Егер дәл осылай бақытқа жету жолында барлық халық бір-біріне қалтқысыз көмектесетін болса, онда бүкіл дүние жүзі қайырымды мекен болар еді» . Әл-Фарабидің пікірінше, халықтар достығы – ырыстың басы. Бұл – әл-Фарабидің адамзатты болашақ бақытқа жеткізу жөніндегі ең басты гуманистік принципі. Ғұламаның түпкі ойы, имандай сыры міне осы қағидада жатыр. Басқаша айтқанда адамдар бақытқа жету жолында өзара көмек, достық, бейбітшілік қатынаста өмір сүруі тиіс. «Адамдар туралы айтсақ, – деп жазады ғұлама, – оларды қосатын байланыстыратын дәнекер, тұтқа – адамгершілік болып табылады. Сондықтан, адамдар адамзат тегіне жататын болғандықтан, өзара бейбітшілік, татулық сақтауы лазым». Педагогиканың мақсаты, мұраты туралы әл-Фараби ұсынған гуманистік идеялар мен қорытындылар адам өмірінің қазіргі кезеңінде де ағартушылықтың маңызды тіректерінің бірі болып отыр. «Біздің міндетіміз – бақытты адам тәрбиелеу. Бақыт – материалдық және рухани игіліктерді өзімшілдік мақсатта тұтынуда адамзат мұраттары мен құштарлықтарынан тыс та оқшау, өзіне ғана тән жан рахатын беретін кішкене дүние жасауда емес. Азаматтың бақыты – асқақ та биік мақсат – жаңа өмір жолындағы жасампаз рухани күштердің гүлденуін терең сезінуде». Бір қызық жәйт, ұлы бабадан кейін мың жыл өткізіп барып данышпан Абай дәл осындай гуманистік ұлы қағиданы жаңғыртып, қайталайды, қуаттай түседі. Ол өзінің отыз төртінші сөзінде былай деп жазады: «Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде тууың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің бәрі бірдей, ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, махшарда сұрауың бірдей екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па? Біріңе бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып көзалартпастық лайық па?» . Қазіргі таңда бүкіл шығыстың зерттеуші ғалымдарының назарын өзіне аударып отырған тарихи, ғылыми мұраның бірі – Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» дастаны. «Құтты біліктің» 57, 58, 59, 60 тараулары еңбек тәрбиесін уағыздайды. Мәселен, ол «Диқандармен қалай қатысу жайлы» деген толғауында:

Тағы бір топ – диқандардың  әулеті,

Ең керекті жұрт ол, биік дәулеті.

Қатынасып, ыңғайыңды бергейсің,

Ас-тағамнан еш кемшілік көрмейсің.

Одан жанның бәрі пайда табады,

Ішпек-жемек күллі дәмін алады, – деп,

өзара ұйымдасқан, ынтымақтас диқаншы адамдар тобының бір-бірімен қарым-қатынасы еңбек іс-әрекетіндегі үлгі-өнегесі оқушыларды еңбексүйгіштікке, білімділікке, тәрбиелілікке ынталандырады. Не болмаса «Малшылармен қалай қатысу туралы» толғауында:

Малшылыр бар берекелі іс тындырған,

Күллі жылқы алдарында мыңғырған.

Бәрі ақкөңіл, шыншыл, елдің адалы,

Адамдарға жоқ еш зиян, залалы.

Жемек, кимек, мінбек айғыр,байталдар,

Жүк таситын жануарлар, шайқалған,

Қымыз, сүт, май, ірімшік, айран, сүзбе, құрт,

Киіз, перде – қолдарында күллі  құт.

Бұл адамдар құтты жандар, пайдалы, – деп, адамдарды бір-біріне жақсылық жасап, қайырымды болуға, еңбек адамдарын құрметтеп, бағалауға үндейді. Әдептілік, тәрбиелілік, білімділік адамға өзінің өмір сүріп отырған қоғамдық жағдайларының әсері арқылы қалыптасып, дамитындығын үлкен философиялық ой-тұжырымдарымен түйіндейді. Сондай-ақ адамдардың еңбек іс-әрекеті, кәсіби мамандығы да өзінің өмір сүрген қоғамдық ортасына, оның талаптарына тәуелді болатынын, адамның мінез-құлқы, көзқарасы, білімділігі, тәрбиелілігі, еңбексүйгіштігі т.б.қасиеттері де қоғамның даму деңгейіне сәйкес қалыптасатындығын дәлелдейді. Сондай-ақ, Жүсіп Баласағұни «Қолөнершілермен қалай қатысу жөні» деген толғауында:

Қолөнерші қолдарында түрлі өнер,

Қол өнерін пайдаланып күн көрер.

Бұлар да бір ең қажетті кісілер,

Жақын жүргін, көп-көп пайда түсірер.

Темірші, етікші, балташы, терішілер,

Сыршы, зергер, садақшы, жебешілер.

Бұл дүние ғажабын істейтұғын осылар,

Өнердің кереметтерін істейтұғын осылар.

Таусылмайды санын тізсең олардың,

Аңғар өзің, мен сөзімді доғардым, – деген толғауынан қолөнері үдерісіндегі еңбектің бір түрін меңгеру адамға өмірлік азық, рухани байлық екенін ескертеді, ол оқушылардың қоғамдық өмірден өз орнын таба білуге септігін тигізетінін, бұл еңбектің түрі оларды ізгілікке, еңбек адамы Демек, Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» дастаны – дидактикалық дастан, себебі, ол өзі өмір сүрген қоғамдық ортасының әлеуметтік-экономикалық, рухани жағдайын, халықтың мінез-құлқы мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жинақтап, ғылыми – энциклопедиялық мазмұнда көрсете білген. Еңбек тәрбиесі тақырыбы Махмұд Қашғари мұрасында да ерекше орын алады. Еңбектің ұлылығы, адам еңбек арқылы өмір сүріп, алдына қойған мақсатына жететіндігі оның ауызша поэтикалық шығармаларға, этнографиялық материалдарға берген түсіндірмелерінде жан-жақты көрініс тапқан. Қашғари балалардың еңбексүйгіштігін қалыптастыруда, әсіресе, ұжымдық еңбекке қатысуын, үлкендермен бірлескен жұмыстарының өзіндік орнын бөліп атайды. Бұл жағдайларда, халықтың баланы еңбек арқылы тәрбиелейтін дәстүрлері балаларға көрнекті үлгі бола алатындығын ескертеді. Қашғари атап көрсеткен халықтық тәрбиеде – жеке тұлғаға қажет барлық салаларды игерген еңбекшіні қалыптастырудың аса бай тәжірибесі жинақталған. Атап айтқанда, халықтық тәрбие: – балалардың еңбекке моральдық, психологиялық дайындығын еңбекке жағымды қарым-қатынасының болуымен өлшейді; – еңбектенудің борыш және міндет екенін балалар санасына өмір талабы ретінде сіңіреді; – орнықты еңбек дағдылары мен икемділіктерін игерту олардың болашақтағы қызметінің кепілі деп біледі; – балаларда еңбек әдеттерін қалыптастыру ең бірінші өмірлік қажеттілік деп санайды; – балаларды жұмыс істеуге, өнімді еңбекке ерте қалыптастыру халықтық тәрбиенің басты қағидасы деп біледі. Ұлы ағартушы Абай өзінің өлең-жырларында, қарасөздерінде жастарды адал еңбекке, отырықшылыққа, егіншілікті кәсіп етуге, өнер, білімге шақырды. Ол еңбекпен келген табыстың адал да дұрыс жолға бастайтынына, ақылмен істелген істің нәтижелі болатынына сенді:

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар 

Еңбегің мен ақылың екі жақтап, –

деп жырлайды ақын. Адамның бойында  жағымсыз қасиеттерді болдырмау  үшін ұстаз оның ғылым мен білімге  деген құмарлығын арттырып, дамыта түсуі қажеттігін өсиет етеді. Осыған орай ақыл мен еңбектің мәніне ерекше тоқталып, оларды адамның жеке басының басты ерекшелігі деп түсіндіреді. Сондықтан:

Бақпен асқан патшадан

Мимен асқан қара артық,

Сақалын сатқан кәріден

Еңбегін сатқан бала артық, –

деп ой түйіндейді. Ұлы ақын жастардан  бір өнерді үйреніп, пайдалы іспен  шұғылданып, адал еңбекпен мал табуды талап еткен еді. Саналы жастарға:

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан! – 

деп қоғамның пайдалы бір азаматы  болуды насихаттайды. Абай ел қыдырып, ас ішіп, аяқ босатар, жатып ішер жалқау жастарды сынай келіп:

Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,

Еңбек қылмас еріншек адам болмас.

Қулық-сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас,

Сұм нәпсің үйір болса, тез тыйылмас.

Зиян шекпей қалмайсың ондай  істен,

Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас,

– деп, ұрлық түбі қорлық екенін ескертеді, адал тапқан мал мұратқа жеткізетінін, еңбек түбі зейнет екенін өнеге етеді.

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық

Аздырар адам баласын, – деп, алға қойған мақсатқа жетуге кедергі, бөгет  болатын адамның бойындағы талапсыздық, жалқаулық сияқты мінез-құлықтарды сынай отырып:

Адам болам десеңіз,

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой – 

Бес асыл іс, көнсеңіз, – 

деп, қоғамға пайдалы азамат болу үшін адамға қандай ізгі қасиеттердің қажет екендігіне ерекше тоқталды. Ал, «Ескілік киімі» атты өлеңінде ертедегі қазақ жігітінің киген киімі, сауыт- сайманы, ер-тұрманы, оның жасалу ерекшелігі түп-түгел үш ауыз өлең жолына сыйып кеткен: Ойланып ойға кеттім жүз жылғы өткен,

Тон қабаттап, кигенім – шидем  шекпен,

Жейде-дамбал ақсаңнан, жарғақ шалбар,

Жырық балақ матамен әдіптеткен.

Мықшима аяғымда былғары етік,

Киіз байпақ тоңдырмас ызғар  өтіп.

Үлкен кісе жанымда жез салдырған,

Шақпағым, дәңдәкуім жарқ-жұрқ етіп,

Күләпәра басымда, пұшпақ тымақ . «Жазды күн шілде болғанда», «Қараша  желтоқсан мен сол бір- екі ай», «Жазғытұры», «Қыс» атты өлеңдерінде ақын жылдың төрт мезгіліндегі табиғат бейнесін суреттеумен бірге, оны қазақ ауылының өмірімен, салт-дәстүрімен ( көшіп келіп қонған көрші ауылдың бір-біріне ерулік беруі, мылтық атып, құс салып, үйрек-қаз ілдіруі, күйеу келу, кәрі құдамен қарым-қатынас, ұлттық киімдердің сән-салтанаты, күзеуге қону, үйін жамап, тонын илеп, шекпен тоқып, қысқа дайындалу және т.б. ) тығыз байланыста қарастырады. Мысалы, «Жазғытұры» атты өлеңінде ұлы ақын Абай жадыраған жазды, күн көзінде масайраған жан-жануар мен маужыраған табиғатты:

Описание
К І Р І С П Е
Бүгінгі таңда қазақ халқы ғасырлар тоғысында тәуелсіз мемлекетке айналып, өзінің қоғамдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени білім парадигмасы жүйесін әлемдік өркениет үлгісінде дамытуда. Өйткені кез келген жаңа тәуелсіз мемлекеттің рухани даму процестерінің өзіндік ерекшеліктері болады. Бұл ерекшеліктер оның аумағында мекен ететін халықтардың тұрмыс-тіршілігімен, дәстүрлі мәдениетімен, салт-дәстүрімен және өткенімен тарихи сабақтастықта айқындалады. Қоғамның даму үдерісінде қол жеткізген тарихи тәжірибесі із-түзсіз жоғалып кетпейді, ұлттық санада, халықтық идеяда, мәдени-әлеуметтік және құндылықтар жүйесінде белгілі бір ретпен жинақаталып отырады.
Содержание
Мазмұны
К І Р І С П Е
1 ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНДАҒЫ ЕҢБЕК ТӘРБИЕСІНІҢ ТЕОРИЯСЫ
1.1 Қазақ халық педагогикасында оқушыларды еңбекке тәрбиелеудің тарихи жән әлеуметтік-экономикалық алғышарттары
1.2 Қазақ ғұлама-ағартушылары, қоғам қайраткерлері мен ғалымдарының дәстүрлі еңбек тәрбиесі туралы педагогикалық идеялары
1.3 Оқушыларды еңбекке даярлаудағы қазақ халқының моральдық-этикалық көзқарастары
· 2 ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК ТӘРБИЕСІ ТӘЖІРИБЕСІН МЕКТЕПТЕ ПАЙДАЛАНУ
2.1 Қазақ дүниетанымының оқушыларды еңбекке тәрбиелеудегі мүмкіндіктері
2.2 Қазақ халық педагогикасы идеяларының бүгінгі еңбек тәрбиесіндегі көрінісі
2.3 Қазақ халқының еңбек тәрбиесі дәстүрлерін үздіксіз білім беру жүйесінде пайдалану әдістемесі
І. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІНДЕ ОҚУШЫЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ МАЗМҰНЫ
IІ. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУ
ІІІ. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ТӘРБИЕ ПРОЦЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУ
VI. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН ОҚУШЫЛАР ТӘРБИЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУҒА БОЛАШАҚ ПЕДАГОГ МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУ
V. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН МЕКТЕПТЕН ТЫС МЕКЕМЕЛЕР ТӘРБИЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУ
VI. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН ОҚУШЫЛАР ТӘРБИЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУҒА БОЛАШАҚ ПЕДАГОГ МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУ
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі