Алматы экологиялық апат алдында

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Ноября 2012 в 00:06, реферат

Описание

Жақында мемлекетіміздің барлық облыстарында экологияны тазартып, табиғатты қорғау мақсатында Қоршаған ортаны қорғау министрлігі 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» атты салалық бағдарламасын дайындады. Осы жайында Алматы қаласы табиғи ресурстар жəне табиғат пайдалануды реттеу басқармасының экологиялық ақпарат бөлімінің бастығы Аухинова Нəзия Нұртазақызымен сөйлескен едім

Работа состоит из  1 файл

Алматы экологиялық апат алдында.docx

— 35.89 Кб (Скачать документ)

 

 
 

Алматы экологиялық апат алдында

 
 
 
 

Жақында мемлекетіміздің  барлық облыстарында экологияны тазартып, табиғатты қорғау мақсатында Қоршаған ортаны қорғау министрлігі 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» атты салалық бағдарламасын дайындады. Осы жайында Алматы қаласы табиғи ресурстар жəне табиғат пайдалануды реттеу басқармасының экологиялық ақпарат бөлімінің бастығы Аухинова Нəзия Нұртазақызымен сөйлескен едім. «Қазіргі таңда Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің стратегиялық екі басты индикаторы бар. Яғни, əртүрлі қалдықтардың ауаға таралуын азайту жəне қалдықтарды өңдеу мəселесі. Осы күні Қазақстанның барлық облысында соңғы технологиямен салынған қалдықтар полигоны мен шикізат өндірісі деген мүлде жоқ. Кішігірім түрлі-түсті, қараметалмен, макулатурамен айналысатын өнеркəсіптер бар. Ал жүйелі түрдегі қалдықтар өндірісі жолға қойылмаған.

 

Жаңа полигон құрылысын бастау керек

Алдағы уақытта Қоршаған ор-таны қорғау министрлігі қалдық-тарды басқару стратегиясын дайындамақшы (өндірістік, өнер-кәсіптік, коммуналды қалдық-тар). Қалдықтар бойынша ұлттық орталық ашу да жоспарда бар. Осы мәселелердің барлығы да «Жасыл даму» бағдарламасында көтерілген. Былтырғы жылы біздің басқарма 2010-2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспар дайындаса, 2010 жылы 2011-2015 жылдарға арналған стратегия-лық жоспармен жұмыс істеудеміз. Салалық мемлекеттік бағдарлама ҚР облыстары, қалалардың әкімшілік-тері мен басқа да министрліктердің ұсыныстарына сәйкес дайындалады. Біз бұл бағдарламаның бірнеше нұсқасымен танысып, өзіміздің ес-кертулерімізді жазып, Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне хатпен жібердік.

Яғни, Алматы қаласындағы шұғыл түрде шешуді қажет ететін әрі жергілікті бюджет көтере алмайтын, көп қаржыны талап ететін проблемаларды кіргіздік.

1) Алматы қаласында жаңа полигон құрылысын салу мәселесі.

Қазіргі таңда Алматы қаласында жарты миллион тұрғын бар. Оларға тіркеуде жоқтар мен сырттан келген қонақтарды қоссақ, 2,5 миллиондай халық қалада тұрып жатыр. Сол себепті тұрмыстық қалдықтар көлемі де өсуде. Жиырма жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан қалалық полигоны толып қалды. Ол жерде қалдықтар жиналып, шіріген соң, екі айдан бері өзінен-өзі жанып, өрт шығып, метан газы пайда болуда.

Бұл ол жерде жиі болып тұратын жағдай. Полигонның жан-жағын аздап кеңейттік. Қазір де жұмыс істеп жатыр. Еліміздегі белгілі профессор-ғалымдар осы полигонды бақылап, зерттеп келеді. Алматы қаласынан 45 шақырым қашықтықтағы Іле ауданы, Междуреченск деген жерден 240 гектар жерді жаңа полигон салуға бөлді. Оны салу үшін қандай техника және қанша қаржы керек екендігін де есептеп қойдық. Біз Қаржы министрлігіне бір жылдан бері осы өзекті мәселені төтесінен қойып, республикалық бюджеттен жаңа полигон құрылысына қаржы сұрап келеміз.

Қаладағы қоқсық өндіру зауыты екі жыл бойы жұмыс істеп, биылғы жылдың мамыр айынан бері жұмысын тоқтатты. Былтыр жұмыс істеп тұрғанда барып көрген едік. Сонда тау-тау болып үйіліп жатқан қалдықтарға көзіміз түсті. Олар оны сұрыптап барып өндіретін. Ал оған дейін осылай шіріп жататын. Бұл санитариялық жағынан да тиімсіз. Олар алғаш ашылғанда қоқыс-қалдықтарды өндіруді 40 пайызға көтереміз деген еді. Алайда 11 пайыздан аспады. Менің ойымша, түрлі қалдықтарды бір жерге жинап алғаннан пайда жоқ. Әрбір отбасы қалдық-қоқыстарды іріктеп, сұрыптап тастауға дағдыланғаны жөн. Егер де мұндай зауыт қайта ашылса, ол тек сол іріктелген қалдықтарды өндіріп, шикізат шығаруы тиіс. Бірақ біздің елімізде сол шығарған өнімді жіберетін, пайдаға асыратын мүмкіндік те жоқ. Бұл зауыт өнімдерін Ресей сияқты шетелдеріне жіберіп тұрды. Сондықтан да қалдықтар өндірісін қолға алмай тұрып, оны қалай пайдаланатынымызды ойлауымыз керек. Онда да түйткілді, тез арада шешуді қажет ететін мәселелер көп.

Мәселен, полигонды соңғы технологиямен салу керек. Яғни, ондағы газды ұстап, пайдалануға тиіспіз.

Қарасайдағы полигон қажетті  талаптарға сай салынбағандықтан да қоршаған ортаға зиянын баяғыдан бері тигізіп келеді. Онда үнемі өрт шығып, жанып жатады. Ал енді өрт шықпау үшін дренаж жасап, құбырлар салу керек. Астана қаласында 2009 жылы жаңа полигон ашылды. Бірақ онда да қазір газ ұсталмайды, себебі ол үшін бес жылдай уақыт керек. Газ шығу үшін қалдықтар жиналып, шіруі қажет. Қарасай ауылындағы қалалық полигонда да газдың қоршаған ортаға тарап, зиянын тигізбей, оны пайдаға асыру үшін көп қаржы керек. Қазақстан Киото келісіміне қосылды. Онда қоршаған ортаны қорғау шараларын газдардың шығуын төмендетуге бағыттау, қоқыстар жиналатын жерді қалпына келтіру мәселелері көтерілген. Мәселен, өнеркәсіптегі құрамында көміртегі бар қалдықтарды атмосфераға, канализацияға шығармайтын жоғары деңгейдегі технологияларды енгізуіміз керек. Бұл бағдарламаға Алматы қаласының экологиясы бойынша енгізген ұсыныстарымыздың біреуі де кіргізілмей қалды. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің алдында үнемі көтеріліп жүрген өзекті мәселелер тысқары қалып отыр. Тіпті оған Алматы қаласы бойынша кіргізілген 20 экологиялық шараның ішіне біздің әкімшілікке қатысы жоқ мәселелер еніп кеткен. «Қоршаған ортаны қорғауды ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету» деген бөліміндегі дайындаушылар тізімінде Білім және ғылым министрлігі көрсетілмеген. Сонда қалай? Министрлік қатыспаса, қалай ғылыми жағынан қамтамасыз етіледі? Осы жылғы қыркүйектің 3-де ҚР Премьер-министрі К.Мәсімовтің, тиісті министрліктердің қатысуымен селекторлы жиналыс өтті. Онда «ҚР білім туралы» және осы «Жасыл даму» бағдарламасы талқыланды. Біз селекторлы жиналыс алдында төрт ұсыныс, кейін толықтырып 10 ұсыныс жібердік. Онда су ресурстарын ластауды азайту мәселелері де көтерілді. Мысалы, Қаскелеңдегі дюкерді жаңарту, қаланың су басқан жерлерін және арықтардың суын бір жерге жинау үшін Есентай каналын қайта жасау, Абай даңғылындағы бас арықты қайтадан құру және кіші Алматы мен Есентай өзендері бассейніндегі түсіру коллекторы құрылы-сын бастау, Д.А.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын толығымен қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарын жүргізу, Сайран көлін қайтадан ретке келтіріп және осы территорияны қала тұрғындары үшін қолайлы жабдықтау, Сорбұлақта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар Іле уаданы, Междуреченск ауылында жаңа полигон құрылысын бастау, т.б. мәселелер қамтылған. Яғни, бұл экологиялық шаралардың әрқайсысын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен қанша қаражат керек екенін есептеп көрсеттік.

Полигонның құрылысына алғашқы  кезде 5 миллиардтай қаржы керек. Біз республикалық бюджеттен қаржы сұрауға негіз болу үшін осы жоғарыда айтылған мәселелердің «Жасыл даму» бағдарламасындағы шаралар жоспарына кіргізілуін талап еттік», — дейді ол.

Біз Қарасайдағы қалалық полигонның жағ- дайын өз көзімізбен көріп қайтқан едік. Бүкіл Алматы қаласының қоқыс-қалдықтары жинал-ған жерде өрт жақында өшіріліпті. Полигонға әкелінген қалдықтар жиналып, көмілмей әр жерде тау-тау болып үйіліп жатқанын көрдік. Осы сұрықсыз көріністің ішінен дорбаларына темір-терсек жинап жүрген адамдарға көзіміз түсті. Біз қалалық полигонның бастығы Ардақ Абдуллаұлымен сөйлeскен едік. «Бұл полигон «Плазма» ЖШС-нің иелігінде. Яғни біз бүкіл қаланың қоқыстарын қабылдап, оны тиісті жерлерге көміп, жоюмен айналысамыз. Полигонның ашылғанына көп жыл болса да әлі де көметін жер бар. Тек қажетті техника жетіспегендіктен де өздеріңіз көргендей қоқыс-қалдықтарды жоюға мүмкіншілік болмай, осылай жинап қоюға мәжбүр болдық. Жергілікті тұрғындар тұрмыстың қиындығынан аздаған тиын-тебен үшін осында келіп, қоқыстардың ішінен темір секілді қажет деген заттарын жинап жатады. Арасында мүсәпір-қаңғыбас-тар да бар. Оларды талай рет қудық та, алайда бұған ашуланған жергілікті тұрғындардың полигонға келіп, әдейі өрт ұйымдастырған кездері болды.

Сондықтан қазір өз жұмысымызға кедергі болмау үшін оларға үндемеуге мәжбүр болып отырмыз. Бұл жерге техника да көп уақытқа шыдамайтындықтан да оны үнемі жаңартып отыру керек. Бізге «ПИК» (КСК), «Тәртіп», «Пәтер», т.б. ЖШС қоқыстарды әкеліп төгеді. Алайда олардың бізге төлеп отырған қаржысы бұл полигондағы жұмыстарды атқаруға жеткіліксіз болып келді. Содан жақында Антимонополиялық комитетке полигондағы жұмысшылардың ақшасы мардымсыз екендігін және жұмыстарды жүзеге асыру үшін қажетті техниканы сатып алуға, тіпті ең болмаса жалдауға да қаржының жетіспейтіндігін дәлелдеп жатып, қабылдау ақшасын көтердік. Осы күні жұмысшылардың ақшасын да көтердік, күзет те қойдық. Қажетті техниканы да жалға алдық. Енді мына жұмысқа ешкім де аз ақшаға келмейтіні белгілі.

Сондықтан өз қызметкерлеріміздің  жағдайын жасауға тырысып отырмыз.

Енді шындығын айтқанда, жаңа полигон салу үшін 14 миллиард қаржы қажет. Қазіргі уақытта 360 миллион теңге бөлініп, полигон құрылысына жер сатып алынды және жоба сметасы дайындалып жатыр. Жоба дайын болғасын ғана оған Қаржы министрлігі, республикалық бюджет комиссиясы қажетті қаржыны бөледі. Алайда, менің ойымша, жаңа полигон салуға қыруар қаржы бөлінгенмен де ол тиісті талаптарға сәйкес келмей, 3-4 жылдың ішінде толып қалуы әбден мүмкін. Мысалы, бірнеше жыл бұрын ғана ашылған Астанадағы полигон осы күні толып, қоқыстар сыртына төгіліп жатыр. Сондықтан да жаңа полигон салғанша, Үкімет осы қалалық полигонға көңіл бөліп, сол жаңа полигон құрылысына бөлінетін қаржының 10 пайызын ғана бізге бөлсе, біз қажетті техниканы да алып, жұмысты дұрыс жолға қояр едік»,—дейді ол.

Расында, Алматы қаласында шешімін таппай жатқан экологиялық өзекті мәселелер жетерлік. Қалдық сулардың жиналуынан пайда болған Сорбұлақ шынымен де зерттеуді қажет етеді. Сырт көзге таза көрінетін бұл көлде бүгінгі күні балықтар, құстар да көбейген. Тіпті сол жерден балық аулап, оның қай жерден әкелінгенінен хабары жоқ аңқау халыққа сатып жүрген саудагерлердің де қатары көбейгені жасырын емес. Ал оның қандай қауіп-қатер бүгіп жатқаны белгісіз.

Кейінгі жылдары жаңбыр жауғанда Алматы қа-ласының көп көшелерін су басып қалатындығы белгілі.

Міне, сол үшін де жауын су канализациясын ұстау бойынша бағдарлама дайындалып, жүзеге асырылуда. Тағы бір айта кетер мәселе, шетелде қалдықтар босқа жиналып, шіріп жатпайды. Ол екінші шикізат көзі болып есептеледі. Яғни, қалдықтар өндірісі — бизнес көзі. Одан пайдалы шикізат өндіруге болады. Қазақстанда қалдықтар өндірісі жолға қойылмағандықтан да тұрмыстық қалдықтар жиналып, шіріп, қоршаған ортаға өз зиянын тигізуде. Әрине, бұл әсем Алматы қаласының экологиясын тазарту және қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында жүзеге асырылуға тиіс шараларды іске қосу үшін қыруар қаржы керек. Ал жергілікті бюджет оны көтермейді. Сондықтан да қала әкімшілігі, эколог-мамандар республикалық бюджеттен қаржы бөлуді сұрап келеді. Әзірше еш нәтиже жоқ, ал бұл мәселелердің бәрі тез арада шешуді талап етеді. Олай болмағанда қала тұрғындарының өміріне, денсаулығына үлкен қауіп төнуі мүмкін.

Әлемде жоқ ұсыныс

Осы мәселе жайында белгілі эколог, «Табиғат» қоғамдық қорының төрағасы Мэлс Елеусізовпен де пікірлескен едік. «Тауға шығып қарасаңыз, Алматыны көк түтін басып тұр. Алматының жан-жағын тау қоршап тұрғандықтан, ауасы да бірқалыпты. Қазіргі таңда оңтүстік астанада 80 пайыз ауа ластанған. Енді әкімшілік тарапынан қоршаған ортаны тазарту мақсатында біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Әр жылы ағаштарды отырғызып, гүлдерді егуде. Дегенмен де көп биік ағаштар қырқылуда. Ал жас ағаштар өскенше көп жыл керек емес пе? Қалдықтардың ішінде көп пайдалы зат болғандықтан, оны кәдеге асыруға болады. Оны дұрыс іріктеп, реттеп, өңдесе екінші рет пайдалануға болатын шикізат шығады. Бірақ ешкім де оған мән беріп жатқан жоқ. Осыдан 10 жыл бұрын бірнеше халықаралық көрмелерге қатысып, осы қалдықтар мәселесін әбден зерттедім. Содан соң Германияның компаниясымен бірлесіп, конференция өткіздік. Мен онда өз ұсынысымды айтып, 2005 жылы көп қиыншылықтармен «іріктеу пунктін » аштым. Осы күні ол жұмыс істеп келеді. Бірақ ешкімге керек болмай тұр. Мен патент беретін комитетке жобамды қарауға жібердім. Олар бір жыл бойы зерттеп, бұл жобаның тиімділігіне көздері жетіп, патент берді. Расында да, бүкіл әлемде мұндай ұсыныс жоқ. Ол — ғылыми тұрғыда зерттелген нәрсе. Оның толығымен жүзеге асып, қарқынды дамуы үшін үкіметтің қолдауы қажет. Қаланың экологиясының тазаруына да ықпалы зор. Сонымен қатар метроны тезірек іске қосуымыз керек. Бірақ метро көп мәселені шешпейтіндіктен де қоғамдық көлікті көбейту қажет (автобус, трамвай, троллейбус). Яғни, газбен жұмыс істейтін электротранспорттар іске қосылғаны жөн. Міне, сонда машина да азаяды. Мен 10 жыл бұрын велосипед жолының жобасын дайындағанмын. Ол да шешілмей тұр. Қала әкімі А. Есімов бұл жобаны қолдап отырған секілді. Онда жақын арада мұндай жол ашылуға тиіс. Бұл көп қаржыны талап етпейді әрі өте пайдалы және жастар үшін де қолайлы»,— дейді ол.

Қазіргі таңда тендер бойынша ҚР барлық облыстарын көгалдандыру мен гүлдендірумен айналысатын көптеген компаниялар жұмыс істейді. Егер де Кеңес Одағында «Зеленострой» секілді бір-екі ғана бірлестік жұмыс істесе, бүгінгі күні олардың қатары күннен-күнге көбейіп келеді. Тіпті олар бәсекелестікке түсе отырып, жұмыс істейді. Алматы қаласын көркейтіп отырған бірлестіктер де жетерлік. Осы күні оңтүстік астананың құлпырып, гүлденіп тұрғаны да осы ұжымдардың еңбегі.

Жел соқса, жер қыртысының шаңына тұншығамыз

2000 жылдан бері Алматы қаласын көгалдандырып, гүлдендіріп келе жатқан «Грин Лант» компаниясы-ның басшысы Қалдыбаева Гүлзада Альханқызының айтуынша, олар 2009 жылға дейін жекеменшік тапсырыстармен жұмыс істеп келген. Таудың етегінде орналасқан «Таудастархан» деген үлкен комплексті көгалдандыру әлі күнге осы еңбек ұжымының мойнында екен. «Біз ірі коттеджді қалашықтармен жұмыс істейміз. Былтырғы жылдан бері табиғат ресурстары тендеріне қатысып, биылғы жылы Түркісіб ауданын гүлдендіру тендерін ұтып алып, осы ауданды көркейтіп келеміз. 56 жұмысшым бар. Олар ландшафты жұмыстың бәрін де жасайды. Көгалдандыру, гүлдендіру жұмыстарының жобасын сызатын білікті дизайнерім де бар.

Менің ойымша, Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсарту үшін тек әкімшілік қана емес, бүкіл халық болып атсалысуымыз керек. Әрине, ең әуелі экологиялық жобаларды жүзеге асыруға тиіспіз. Қаланы көркейту-күту бойынша үздік ландшафт жобалар болуы қажет. Мәшинелер көбейіп кеткендіктен атмосфера ластанып бітті. Ал ауаны тазарту үшін, әрине, ағаштарды, гүлдерді көбірек отырғызу керек. Осы күні үлкен құрылыстар салынып жатқандықтан да жер қыртысы жыртылып бітті. Жел бола қалса, жер қыртысындағы шаң төбеге көтеріледі. Ал шаң-топырақ ауаға сіңбеу үшін ол жерлерге көк шөптер төсеу керек. Біз 6 гектар жерді алып жатқан питомникте шырша, қарағай, жапырақты ағаштар, бұталардың түр-түрін өсіріп, қалаға әкеліп отырғызамыз», — дейді.

Ал жеті жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Табиғат-мирас» бірлестігі бастығының орынбасары Нұркенова Қарлығаштың айтуынша, арнайы жерде Голландия, Германиядан әкелінген түрлі декоративті, біржылдық, көпжылдық гүлдер, ағаштар өсіріледі. «Біз биылғы жылға дейін тек Астана қаласын көгалдандыру бойынша тендерге қатысып келдік. 2010 жылы «Ең үздік дизайнерлік жоба» деген байқауға қатысып, сыйлы орынды иелендік. Біз көгалдандырудың барлық түрін жасаймыз. Жас-тарды тәрбиелеп, оларға осы өнердің қыр-сырын үйретудеміз. Биыл Шығыс Қазақстанға гүлдерімізді апарып, қаланы көркейтуге өз үлесімізді қостық», — дейді ол. 

Қысқасы, Алматы қаласының эко-логиялық жағдайы күннен-күнге нашарлап келеді. Оған жоғарыда айтылған мәселелердің тікелей әсері бар. Бүгінгі таңда жаңа полигон құрылысын салу кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Ендеше, осы маңызды шараның «Жасыл даму» бағдарламасына енгізілмей қалғаны түсініксіз. Осы Алматы қаласын басқарып, оның барлық проблемаларын жақсы білетін әкімшіліктің, тиісті басқармалардың ұсыныс-ескертулеріне назар аударғаны дұрыс еді. Егер де онсыз да талай жылдардан бері жиналып қалған бұл өзекті мәселелерді ары қарай да ысыра берсек, мұның аяғы экологиялық апаттарға апаруы әбден мүмкін.




Информация о работе Алматы экологиялық апат алдында