Өмір әдебі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 07 Февраля 2013 в 21:29, реферат

Описание

Өмір әдебі
1. Өмір әдебі туралы даналық ойлар
2. Өмір сүру заңы
3. Адам мінезінің өмір сүру әдебіне қатыстылығы

Работа состоит из  1 файл

адеп).doc

— 86.50 Кб (Скачать документ)

Өмір әдебі

  1. Өмір әдебі туралы даналық ойлар
  2. Өмір сүру заңы
  3. Адам мінезінің өмір сүру әдебіне қатыстылығы

Өмір атты даңғыл жолда  түрлі қиындықтар мен ауыртпашылыққа ұрынбау мүмкін емес. Бірақ бақытты  адамдар мен бақытсыз жандардың  айырмашылығы сол қиындықтарды қалай жеңіп, қалай құтылғандығында. Осы орайда назарларыңызға планетамыздың данышпандары айтқан кейбір қызықты пікірлерді ұсынамыз.

  • Мен үшін даналық әлемнің бар байлығынан да қымбат. Демокрит
  • Ақылды жан қанша жақсылық қылса, оны жұртқа жайып, мақтануға құлықсыз болады. Қайта ондай жандар істеген жақсылықтарының жұртқа белгілі болып қалуынан қорқып жүреді. Лао-Цзы
  • Кез келген сәтте ақылмен іс істеу үшін жауыңды назарыңнан шығарып алма. Джордж Сэвил Галифакс
  • Адамзат баласа данышпандарға өте бай. Солардың айтқан насихатын еппен пайдалана білелік. Геродот
  • Дана сөздерді тек санасына сәулесі бар адам ғана түсініп біле алады. Эсхил
  • Әдемілік пен даналықтың кілті - шынайылық. Максим Горький
  • Көп білген адамды данышпан демейді. Пайдалы ілімі көп адамды ғана даналар қатарына жатқызуға болады. Эсхил
  • Данышпан дегеніміз өз-өзін таныған, бөтенмен қалай қарым-қатынас жасау керектігін үйренген, ойлау жүйесі дамыған адам. Али Апшерони
  • Ақылды адам кез кезген нәрсенің шегін біледі. Және ешқандай істе шектен шықпайды Али Апшерони
  • Данышпандық - ғылымдардың ішіндегі ең нақтысы. Аристотель
  • Ақыл алтыннан да қымбат нәрсе. Бірақ адам бойындағы әділеттілік, ар-ұждан, шыншылдық ақылдан да қымбаттырақ. Али Апшерони
  • Ақылды адам ойын жария қылмастан бұрын, пікірін бірнеше рет тексеріп шығады. Генрих Гейне
  • Адам өз ақыл-ойын дамытып, әрекет қылмаса, даналыққа жетуі мүмкін емес. Демокрит

Өмір заңы және оның қызығы - өсіп-өнуде, өрбуде. Қай халықты  алмаңыз, өзінің кейінгі ұрпағының  заманына лайық азамат болуына, жан-жақты  тәрбие алуына қамқорлық жасаған. Ерте орта ғасырдағы ұлы тұлғаладың бірі - ғұлама, ойшыл, ақын Жүсіп Хас Қажыб  Баласағұни жазған әлеуметтік философиялық «Құтадғу білік» дастанындағы 1486-1494 аралғындағы бәйіттерінде былай деген:

 
Ұл мен қыздың өнегесі ата-ана, 
Бізден де бар - дұрыс па, әлде қата ма? 
Жөн-жосықты білсін, болсын құлықты, 
Іске жарап, салар алыс құрықты. 
 
Шолжаңдатпа, білсін тәртіп, ретті, 
Талап қысқа, бала құтты, ізетті. 
Жастайынан білік үйрет ұлыңа, 
Жастай білсе, көкке жетер қолы да.

 
           Ұлы ақын айтқан осы сөздердің мәні бүгінде барынша биіктей түскендей. Баланы өз өмірінің жалғасы деп ұққан қазақ халқы, бала тәрбиесіне баса назар аударған. Бала тәрбиелеуде өзінде бар барлық асыл сөз, даналық ойларын балаларға арнады. Ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін баланың бойына сіңіруге тырысқан. Бала тәрбиесі жөнінде Абай: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады», - деп, осы үшеуінен баланың болашағы шешілетінін ескерткен. Сол кезеңде осы қағида-ларды қатаң ұстаған қазақ баласын 7 жасынан бастап хат тануға, иманды да ибалы болуға үйрететін ұстазға оқуға берген. Қазақ әдебиетіндегі қай жазушы, ақын, ғалым, мемлекет қайраткерін алмаңыз, бәрі де алғашқы білімді Исламнан алған. Сондықтан да артында ғибратты сөз қалған, халқына барынша адал қызмет еткен. Мұның барлығы имани тәрбие, тазалықтың белгісі. Халқымыздың аса көрнекті ақиық ақыны М.Мақатаев:

 
Дін - ғылымның анасы, 
Дін - ғылымның әкесі. 
Ғылым - діннің баласы, 
Дін - ғылымның көкесі! - деген.

Осы айтылған қысқа, әрі  нұсқа сөздің ішіне алып-қосары жоқ, барлық ұғым атаулы сыйып кетеді.

Қазіргі таңда өкініштісі - дін, мед-ресе десе күдіктене, жиырыла қалатын азаматтарымыз баршылық. Ол адам неден қорқып тұрғанын өзі де білмейді. «Адамнан қорқу азап, Алладан қорқу ләззат» екенін түсінбейді, сірә. Ал, осындай әуре-сарсаң өмір кешіп жүрген адамнан қандай тәрбие сұрайсың, баласын не өзі тәрбиелемейді, не біреудің тәрбиесіне беруге қорқады. Ертеңгі күні баласы селтеңдеп көше кезіп, темекі, наша тартып, арақ, сыра ішіп, зина, ұрлық жасап, адам зорлап, адамдық деген атаулыдан ауылы алыстап, санасы уланып, темір тордың ар жағынан бір-ақ шықса, немесе өзіне-өзі қол жұмсап өмірден түңіліп, имансыз өліп кетсе, ата-анасы басын тасқа да, жарға да ұрып, өзін емес, өзгені кінәлайды. Себеп, ата-ананың өзі имансыз.

Тәрбие - отбасынан басталады. Халық  айтса, қалып айтпайды: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің». Яғни, отбасында нені көрсе, өскенде солай кетеді. «Қасас» сүресінің 7-аятында «Алла тағала Мұсаның анасына «Оны еміз де, бір нәрсе болады деп қорықсаң, оны дарияға салып жібер. Қорықпа да, күйінбе! Расында оны саған қайтарамыз да, оны пайғамбарлардан қыламыз», - деп көкейіне салдық», - деп баяндайды. Міне, балаң жаман жолға түсіп кетеді, ішіп, шегіп кетеді деген ойлар мазаламас үшін, болашағына алаңдамас үшін Алла тағаланың, яғни медресе не мешіттердегі жас балаларға арналған сауат ашу курстары тәрбиесіне балаңды берсең, ол өзіңе сөзсіз ғибратты адам болып оралады. Елге, айналасын қоршаған ортаға, өзіңе мейіріммен қарап, жан рахатына бөлейді. Рухани азғындықтан аман болады. Сондықтан баланы тәрбиелеудегі діннің алар орны өзгеше. Баланы имандылыққа үйретіп, ата-ананы, ұстаздарды, үлкендерді, бауырлары мен жолдастарын құр-меттеуге шақырады. Үлкендерді құр-меттеп қадір тұтуды, ілтипатты қарым-қатынаста болуды, бала тәрбиесінде аналары, әкелері барлық балаға тең көзқараста болуды, сыйласа білуді қазақтар отбасында берік ұстаған. Мұны ғасырлардан ғасырға ауысып келген нақыл сөздердің өзінен-ақ байқауға болады. Мысалы: «Үлкенді сыйласаң, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды», «Аға әдепті болса, іні әдепті. Апа әдепті болса, сіңлі әдепті», «Әдептің не екенін әдепсізден ұғарсың», «Әдепті жігіт - ауылдың абыройы», «Жібек мінезді қыз жұртқа жағады», т.б. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ақылдан шығатынын білген қариялар «Алтын шірімейді, ақыл арымайды», «Ақылды  адам батпан-ақ, ақылсыз адам сасқалақ», «Ақыл азбайды, білім тозбайды», «Ақыл дария - алсаң да таусылмас», - деп ақылдың адам өмірінен алатын орнын өз ұрпақтарының санасына сіңіретін.

Дәл қазіргі кезеңде біздің өсіп келе жатқан жастарымызға үлгі болардай қарашаңырақ ауылдарымызда, елді-мекендерде сөз қадірін білетін, әдемі шежіре айтып, баланың ішкі рухани дүниесін қалыптастыратын қария аталар, не салиқалы әжелер азайып барады. Кейбір ақылшы болар аталарымыздың ауызы арақтан босамайтынын қайтерсің...

 
Жалған-ай! 
Жарасымды ізет деген! 
Иілген біз өтпенен, сіз өтпенен, 
Қасиетін халқының сыйламайды, 
Атасының дәстүрін күзетпеген. 
Десек те жаңа өмір, жаңа заман, 
Жақсы ғой бірін-бірі бағалаған. 
Түйсіксіз тайлақтардан сақта, Құдай, 
Тайраңдап алды-артына қарамаған. 
М.Мақатаев жырлаған сол кейбір тайлақтар қазір ата, әже болып отыр. Ұрпағым да тайраңдасын дей ме екен? 
Бұл сөзіме жасы үлкендер өкпелемесін. Көпке топырақ шашпаймын. Дегенмен бұл шындықты жасырсам, көрер көзге ұят секілді.  
Қаблиса (қабан) жырау жырлайды: 
- Бақыт, қайдан келесің? 
- Берекесіз адамнан, 
Ата-анасы наданнан 
Үркіп қашып келемін. 
- Бақыт, қайдан келесің? 
- Мақтаныш көңілін өсірген, 
Білгішпін деп есірген, 
Есірік ұлдан келемін. 
- Бақыт, қайдан келесің? 
- Сүйектен сөзін өткізген, 
Миына шатақ еккізген, 
Кесепат қыздан келемін. 
- Бақыт, қайда барасың? 
- Ата-анасын сыйлаған, 
Ұйымшылдық ойлаған, 
Тату жанға барамын. 
- Бақыт, қайда барасың? 
- Өсірген жақсы баласын, 
Сыйлаған ата-анасын, 
Көргенді ұлға барамын. 
- Бақыт, қайда барасың? 
- Балбұл жанған көрікті, 
Ұл мен қызы серікті 
Берекелі үйге барамын... 
Бақыт та, байлық та, береке де, бірлік те - иманда.

 

Имансыз иба болмайтынын 7 жасар баладан 70 жастағы шалға  дейін айтады, бірақ байыбына бармайды.Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән беру адамгершілікке жетелейді. Қазақта «Бала қымбат болса, оның тәрбиесі одан да қымбат» деген нақыл сөз бар. Шынында да солай! Бала тәрбиесінде ата-анасы диетаға отырған адам секілді тәрбиенің өлшемдерін қатаң сақтауы керек.

Бес жасқа дейін баланың  санасы кез келген ақпаратты тез  қабылдап алатын аса қабілетті кезеңі, сол себепті де осы аралықта балаға қолдан келгенше, жақсы үлгі көрсету қажет. Әрбір адамның болашағы балалық және жастық шағындағы көргендері мен алған әсеріне тікелей байланысты. Бүлдіршіндер мен жастар адамның рухын шыңдап, жігер беретін ортада ақыл-ойы ұшқыр, көргенді боп өседі.

Адам - арам ниеттен қаншалықты алшақ тұрғанына қарай адам болмақ. 
Жүрегі лас сезімдермен шырмалып, рухы нәпсіқұмарлықтың қыспағында қалғандардың бейнесі адам тәрізді көрінсе де, олар «мұндай құрметті атқа лайық па екен?» деп ойлану қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  бес нәрсе келмей тұрып, солардың қадірін түсінуді өсиет еткен.  
«Науқастық келмей тұрып - денсаулықтың;

Уақытсыздық келмей тұрып - бос уақыттың; 
Кедейлік келмей тұрып - байлықтың; 
Ажал келмей тұрып - өмірдің; 
Кәрілік келмей тұрып - жастықтың қадірін біл», - деген.

Яғни, жастықтың қадірін  білу дегеніміз - тізе, бел сырқаттанбай, зейін мықты болған кезде құлшылықты істеп қалуды айтады. 
Сөзсіз жастың құлшылығы қарт кісінің құлшылығынан абзалырақ. Себебі, қарт адам денсаулығы жара-мағандықтан, күші келмегендіктен немесе баяғы істеген күнәләрін өтеу ретінде ғибадат етсе, ал жас болса, күнә істеуге қауқары, күші, денсаулығы жете тұра, өз нәпсісін тыйғаны үшін сауабы молырақ. 

Адамның қадір-қасиеті, көпшілік жағдайда, мінез-құлқына қарай бағаланады. Талай-тағдырға да оңды-солды әсер етеді. Келісті мінез өмір кеңістігінің төріне шығарады, теріскейлігі қазан-ошақ басынан асырмайды. Демек, мінезді еркінсітпей, әманда, ақылға жүгіндіру ләзім.Әбден қалыптасқан және өмір қалпына үйлесімділік тапқан мінез-құлық “адамның екінші табиғаты – әдетке” айналады. Ол, жинақтап айтқанда, күнделікті тіршіліктегі жөн-жосық, жол-жоралғы. Тұрмыстық қағидалы дағды. Үйреншікті тәртіп. Ұлттық негізді тәлім-тәрбие тәжірибелері.

Көркем мінез –  адамның эстетикалық-этикалық сәні мен мәні. Бұл ретте әдептілікті, ұяттылықты, намыстылықты және маңғаздықты ерекше атаған жөн. Қазақ халқының әдеп-қалпы көшпенділер мәдениетінің, салт-дәстүрінің уақыт ілгері жылжыған сайын кезеңімен өзгерген, әр дәуірде, әр қоғамдық құрылымда өмір елегінде екшеліп, талғамына сай сұрыпталып, ұлттық сипатын сақтай отырып жетілдірілген мінез-құлықтың ақ адал үлгісі.

Әдеп – мінездің анасы. Дүниедегі игіліктің, имандылықтың баршасы анадан, ана киесі мен қасиетінен бастау алып тарайтыны сияқты, рухани мінез әдептен, әдептіліктен өрбиді.

Әдептілік – ана сүтімен  санаға сіңетін уыз мінез. Адамның  есі кіргеннен, жастайынан даритын, ешкімнің ақыл-кеңесіне зәрусіз, жамандықтан ада табиғи қасиет. Мәдениеттіліктің, зиялылықтың, сыйластықтың, қадірлестіліктің шаршы төрі. Ең алдымен туған халқына, ұстанған дініне, ұлттық діліне құрмет. Кісіліктің көркі, этикалық нұсқасы, әсемдік өрнегі, адамның асқақ абыройы.

Педагогикалық ғылымда  мәдениетке негізделген гуманистік әдептілік, қоғамдық мәнді демократиялық әдептілік және рухани бағыттағы діни әдептілік атаулы үш тармақты қисын бар. Бәрі өркениеттілікке, ағартушылыққа, руханияттыққа жол ашады. Дәйектемесі ғылымға негізделген көп тінді және әлемдік ауқымды болса да, біздің ұлттық мәдени, ахлақ әдептілігімізге сабақтас дерлік. Ол туралы әңгіме бөлек.

Әдептіліктің бір үлгісі биязы сыпайылық. Өмір қалпының тәлімді  қарапайымдылығы. “Сары майдан қыл  суырған” тазалық, пәктік. “Сыры кетсе  де, сыны кетпес” сұлу сәнділік. Жан жаралар, бет жыртар бөгде сөзсіз “біз, сіз”. Шашау шығармас сыр түйінділігі, ілтипаттық, тәртіптілік, құрметтілік. Көптің ортасынан орын тисе, төрге өңмендеп өрмелемес инабаттық. Үлкенге ізет, кішіні өмір шыңына шығарар ұлағаттық. Қатар-құрбыны оқшауламас, алаламас кеңпейілдік. Ұлықтықты армандамас сырлы кішілік. Барға қанағат, жоққа апшымас жайсаңдық. Жұпынылықты кемшін көрмеу, көңіл көзін суалтпау. Айтыс-тартыстан аулақ, астамшылыққа аяқ баспас адалдық.

Сыпайылықтың қазақы бір танымы, негізінен қыз-келіншектерге тән иба, ибалық. Кейбіреулер ойлағандай, бет моншағы төгілген ұяңдық, жасықтық, жалған ұялшақтық емес, өзін де, өзгені де қадірлей білер көргенділік. Ерен ұстамдылық, иманжүзділік, жылы лебіздік. Ишаратты түсіністік, келеңсіздікті жатырқау. Ұлттық таза ғұрыптылықтың, әдептіліктің және көркем мінезділіктің ерекше үйлесімділігі.

Ұят, ұяттық – арлы мінез. Адамның ойына, бойына, болмысына  лайықсыз, адамгершілікке жат, ар-ождан  нормаларына сыйымсыз, әдеп тінін  сөккен зымияндықтан бұрқанған, сыртқа теппей, ішкі жан-жүйе ұшынатын нәзік сезімнің күйзелісі. Ұлы ойшыл Абай ұятқа екі түрлі мән берген. “Надандық ұят, – деген ғұлама, – жас баланың сөз айтуға ұялатыны сияқты ақылы қысқа, өрісі тар, ойы таяз жанның ұялмайтын нәрсеге ұялуы. Шын ұят-абыройға, шариғатқа теріс, ақылға сыйымсыз сөлекет қылықтан ұялу. Бұл тек есті адамға тән қасиет. Ал біріншісі өзі істеген қатеден, нәпсіге еріп қылған қылығынан ұялу”.

Данышпан Абайдың уәжіне тереңірек ой жүгіртсек, шын ұят  дегеніміз, саналы адамның өз мінез-құлқына, іс-әрекетіне сыни қараудан туындайтын намысты сезім тебіренісі және соның әсерінен булыққан жан-дүние толғанысы. Анайылыққа қарсы серпін. Аламандықтан, көлгірсуден, дүниеқоңыздықтан безіну. Өз қылығының жосықсыздығынан, ерсілігінен жиіркену. Әбестілігін жазғырар халықтың налалы назарынан қаймығу. Ел, жұрт алдында азаматтық жауапкершілігін сезініп, жұғымсыз әрекеттерінен торығу, өзін-өзі айыптау. Надандық ұят – жаны жалған жанның ұялғансып, қысылып, қымтырылған түр танытып сызылып, тәлімсіп қылымсуы. Беті бүлк етпей көз ойнату, сырт айнала беріп мысқылды кейіпте мырс-мырс күлу. Бұл жалған, надандық ұяттың жымысқыланып, ашықтан ашық ұятсыздануы.

Ұят адамның рухани өміріндегі реттеуші күш. Ағаттықтан қорған, ізеттікке  пана. Оғаштыққа жол бермес тежеу. Опықты іс-әрекетке бөгеу. Ақтық пен сақтықтың жоқшысы. Имандылықтың қабы.

Ұялу мен ұялту қосақты  ұғым. Бірі ішкі әсердің қысымы, екіншісі сыртқы әсердің дүмпуі. Ұялу аңғарымсыздықтан, аңғалдықтан, қызбалықтан қозған ерсі әрекет салдары. Опық мінезі, анайы сөзі, арға тиер орынсыз әзіл-қалжыңы, уәдеден тайқуы үшін өзінен-өзі ұялу. Бұл ретте арлы кісі ұятына кешірім сұрап, қайталанбауына бекінеді.

Информация о работе Өмір әдебі