Франция

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 16 Февраля 2013 в 12:22, реферат

Описание

Еуропалық Одаққа енетін дамыған мемлекеттердің аралығында орналасуы Францияның еуропалық біртұтас қарым – қатынастарының дамуына оң әсер етеді.Францияның теңіздік шекаралары Жерорта теңізі, Бискай шығанағы және Ла-Манш бұғазы бөліп тұр. Жағалауларында кеме тоқтайтын қолайлы қойнаулардың болуы Францияның ежелден – ақ теңіз көлігінің дамуына және Еуропа ғана емес, басқа дүние бөліктерінде орналасқан елдермен де сыртқы сауда экономикалық қатынастар орнатуына алғышарт болды. Франция мемлекеттік құрылымы жөнінен унитарлы республика болып табылады, әкімшілік – аумақтық бөлінісі жағынан 96 департаменттен тұрады. 1958 жылы генерал Шарль де Голль елде мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі – Бесінші республиканы орнатты.

Работа состоит из  1 файл

франция.docx

— 104.68 Кб (Скачать документ)

Сондай-ақ Қазақстан мен Франция  арасында білім беру жөніндегі қатынастар да ойдағыдай дамып келеді. Қазақстан  Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  баспасөз мәслихатында атап өткеніндей, “Болашақ” бағдарламасы бойынша Қазақстанның көптеген жастары Францияның беделді жоғары оқу орындарында білім алып, қазіргі кезде ел экономикасының дамуына үлес қосып жатыр.

Әдебиеті

Франция аумағында бір-бірімен тығыз байланысты болған бірнеше әдебиет өмір сүрді. Неғұрлым ертеректе қалыптасқаны — жырлары мен аңыздары сақталмаған кельттердің (галлдардың) әдебиеті, оның бір тармағы бретон әдебиеті болды. 10 ғасырдан бастап елдің оңтүстігінде провансаль әдебиеті дами бастады. Каталон әдебиеті (Руссильондағы) аймақтық шеңберден аса алмады. 18 ғасырға дейін латын тіліндегі әдебиет басым болды. Ортағасырлық ауыз әдебиеті кейініректе өңделген немесе жазып алынған күйінде сақталған жырлардан, аңыздар мен ертегілерден басталады. Француз тіліндегі алғашқы жазба әдебиет — діни тақырыпқа арналған шығармалар (“Қасиетті Евлалия туралы кантилена”, т.б.) 9 ғасырдың 2-жартысына жатады. 10 — 11 ғасырларда әскери жасақтардың арасында латындық дәстүрлермен де, ауыз әдебиетімен де таныс-жонглерлер шығарған алғашқы эпикалық поэмалар-жесталар пайда болды. Олар 8 — 10 ғасырлардағы тарихи оқиғаларға арналды (Ұлы Карл мен оның серіктеріне арналған “Роланд туралы жыр” , т.б.). 13 ғасырда сарай маңы, серілік бағыттағы — куртуаздық әдебиет және қалалық әдебиет пайда болды. 14 — 15 ғасырларда ақындар куртуаздық лирика әдістерін дамыта отырып, бұрынғы поэтик. тақырыптарды жетілдірді. 14 — 15 ғасырлардағы серілік романдар ұлттық мәселелер мен фольклорлық әуендерге толы болды (“Мелюзина”, 14 ғ., “Жан де Сантре тарихы”, 15 ғ.). 15 ғасырдың соңында Франция Қайта өрлеу дәуіріне өтті. Италиямен қарым-қатынас күшейіп, кітап басу ісі дами бастады, антикалық дүниеге деген қызығушылық өсті. Қайта өрлеу әдебиетінің неғұрлым жарқын өкілі — Франсуа Рабле болды. 16 ғасырдың ортасында Франция ақындары поэзияның адамгершілік мазмұнын тереңдетіп, оны жаңа формалармен (сонет, ода, буколика, эпик. поэма, т.б.) байытты, ұлттық әдеби тілдің қалыптасуына жағдай жасады. 17 ғасырдың бас кезінде француз әдебиетінде реалистік классицизм, барокколық бағыттар пайда болды. Классицизм комедиясының негізін салушы әрі аса көрнекті өкілі — Ж.Б.П. Мольер болды. 17 ғасырдың соңына таман француз мәдениетінде ағартушылық тенденциялар күшейді. Рококо әдебиеті пайда болды. 18 ғасырдың 1-жартысында комедия мен роман жанры дамыды. Комедия Мольер дәстүрін жалғастырса (Ш.Дюфрени, Ж.Ф. Реньяр, т.б.), А.Р. Лесаж (1668 — 1747) шығармаларында әлеум. өткірлік пен тұрмыстық реализм күшейді (“Тюркаре”, 1709). Француз өмірін Ш.Л. Монтескье (“Парсы хаттары”, 1721) сатиралық тұрғыдан шебер бейнеледі. 18 ғасырдың 1-жартысындағы әдебиетте Ф.М. Вольтер жетекші рөл атқарды. 1751 жылдан бастап Д.Дидро, Ж.Л. Даламбер, т.б. ағартушылар “Энциклопедия” шығара бастады. Дидро “мещандық драма” жанрын қалыптастырды. Оның ізбасарларының қатарында М.Ж. Седен (1719 — 97), Л.С. Мерсье (1740 — 1814), П.О.К. Бомарше, т.б. болды. Ағартушылық рационализмнен аулақтау әдебиетте сентиментализм пайда болды. Оның көрнекті өкілі Ж.Ж. Руссоның шығармаларында адамдардың жаңа типі сипатталды. Француз романтизмінің 2-кезеңі В.Гюго шығармашылығынан айқын көрінді. Реализм белгілері П.Л. Курьенің (1772 — 1825) памфлеттерінде, П.Ж. Беранже, Э.Моро, О.Барбьелердің сатиралық өлеңдері мен әндерінде пайда болды. Реализмдегі психол. бағыттың нығая түсуі Ф.Стендальдың есімімен байланысты; Оноре де Бальзак 90 шығармадан тұратын “Адам комедиясы” эпопеясын жазды. П.Мериме (1803 — 70) реалистік новелланың шебері болды. 19 ғасырдың аяғына қарай прозада натурализм орын тепті. Ги де Мопассанның новеллалары мен романдары, А.Доденің (1840 — 97) сатиралық шығармалары, Ж.Верннің ғылыми, шытырман оқиғалы романдары көпке танылды. А.Дюма (әкесі) романдары әр түрлі стильдерді шебер ұштастыра білудің үлгісі болды. 20 ғ-дағы француз әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің қатарында А.Франс, Р.Роллан, Луи Арагон, Ж.П. Шарболь, А.Барбюс, А.Стиль, Ж.П. Сатр, т.б. бар. Француз әдебиетінен Ф.Рабленің “Гаргантюа мен Пантагрюэль” (1938), Гюгоның “Гаврош” (1972), Верннің “Сырлы арал” (1959), “Он бес жасар капитан” (1954), “Капитан Гранттың балалары” (1956), А.Барбюстің “От” (1956), А.Стильдің “Алғашқы соққы”, Ги де Мопассанның “Өмір” (1970), А.Дюманың “Үш ноян”, т.б. роман, повестері қазақ тілінде (кейбіреулері бірнеше рет) жарық көрді. Қазақ ақын-жазушыларының кейбір шығармалары (М.Әуезов — “Абай жолы”, Ә.Нұрпейісов — “Ымырт”, т.б.) француз тіліне аударылған. 2005 ж. наурызда Париж кітап жәрмеңкесінде Н.Ә. Назарбаевтың француз тіліндегі “Сындарлы он жыл” кітабының тұсаукесері болды.

Өнері

Франция аумағындағы өнердің ең көне ескерткіштері палеолит дәуіріне жатады (Ласко, Ла-Мадлен, Тюк-де-Одубер). Неолит және қола дәуірінде Карнакта мегалиттік құрылыстар салынды. Біздің заманымыздан 6-ғасырдың бас кезінде Оңтүстік Франция жағалауларында ежелгі грек колониялары пайда болып, кельт тайпаларының мәдениетіне елеулі ықпал етті. Римдіктер жаулап алғаннан кейін галл (кельт) қалаларында антикалық галл-рим өнері дамыды: ғибадатханалар, театрлар, жеңіс аркалары, мазарлар салынды. Саркофагтар, табыттарға бедерлер, мозаикалар жасалды, бейнелеу өнеріне рим стилі элементтері кельт дәстүрлерінің жергілікті белгілермен үйлесім тапты. Орта ғасырларда Каролинг өнерінің дәстүрлері роман стилінің қалыптасуына негіз болды (10 — 12 ғасырлар). Осы кезден бастап 2 — 3 қабатты үйлер салынған ортағасырлық француз қаласы қалыптаса бастады.Романдық сәулет өнерінде шіркеулер мен монастырьлар құрылысы жетекші рөл атқарды. 12 ғасырда Солтүстік Франция қалаларында готиканың негізі қалыптасты. Қала көшелері арнайы жоспармен салына бастады. Қалалардың негізгі қоғамдық ғимараттары — соборлар болды. Замоктар іші бай әшекейлерге толы сарайларға айналды (Авиньондағы папа сарайы — Пьерфон замогы, 1390 —1420). 15 ғасырдың 2-жартысында француз Қайта өрлеу дәуірі қалыптаса бастады. Король сарайы шақырған итальян шеберлерінен (ішінде Леонардо да Винчи де болған) үйренген жергілікті шеберлер өсіп-жетілді. Қайта өрлеудің інжу-маржаны — Париждегі Луврдың жаңа ғимараты (арх. П.Леско, мүсінші Ж.Гужон) болды. 16 ғасырдың бас кезінде көркемдік өнердің орталығы король сарайына ауысты. Италияға жасалған жорықтардан кейін Францияға антикалық мүсіндер, итальян қайта өрлеуінің туындылары әкелінді. Сарай маңындағы мәдениет маньеризмнің дамуына ықпал етті. Қарындашпен және майлы бояулармен портреттер жазу дамыды. Мүсін өнерінде қайта өрлеудің гуманистік идеалдары көрініс тапты. Абсолютизмнің нығаюына байланысты 17 ғасырда өнердің алдына монархтың жеке басы мен билігін мадақтау міндеті қойылды. Бейнелеу және мүсін өнерінің (1648), архитектураның (1671) Корольдік академиясы құрылды. Классицизм элементтері орын ала бастады. Париж бірыңғай стильмен салынған, геом. қатаң пішінді алаңдармен көркейе түсті [Дофин (1607), Вогез, Жеңіс (1685 — 86), Вандом]. Композициясы жағынан қатаң жоспарланған сарайлар (Пале — Руаяль, 1629 —36, арх. Ж.Лемерсье), қоғамдық ғимараттар [Мүгедектер үйі (1671 — 76), арх. Ж.Ардуэн-Мансор, шіркеуімен Сорбонна ғимараты (1629 — 54), арх. Ш.Лемерсье)], Жеңіс аркалары, көпірлер салынды. Қала сыртындағы замоктардың сырт бейнесі өзгеріп, сарайлары мен қызмет ғимараттары, саябақтары бар кешендерге айналды. Олардың ішіндегі әйгілісі — Версаль сарайы болды (арх. Л.Лево, Ж.Ардуэн — Мансар, саябақты жобалаушы — А.Ленотр). 17 ғасырдың ортасынан бастап бейнелеу өнерінде классицизм жетекші жағдайға ие болды. Париж бен Версальдағы сарайларды безендірудің орасан зор жұмыстарына басшылық еткен, “үлкен стиль” бағытының алыбы Ш.Лебрен болды. 18 ғасырдың бас кезіндегі кескіндемеде А.Ваттоның нәзік психологизм мен поэзияға толы туындылары салынды. Ватто шығармаларының сырт көрінісін рококо стилі қабылдағанмен (Ф.Буше), оның шын мәніндегі мұрагері француз реализмі (М.К. Латур, Ж.Б. Шарден, А.Гудон, М.Э. Фальконе) болды. 18 ғасырдың 2-жартысындағы сәулет өнерінде классицизм дәстүрлері қайта жаңғырды. Азаттық үшін күрескен көне заман батырларын, кейінірек революция қаһармандарын дәріптеген (Ш.Л. Давид) революцияшыл классицизм пайда болды. Наполеон империясы кезінде ампир стилі (Ш.Ф. Шлырен, Ш.Персье, П.Фоншен) үстемдік алды. Оған 1820 — 30 жылдардағы өнер шеберлері (Т.Жерико, Э.Делакруа, мүсінші Ф.Рюд) қарсы шығып, 1830 — 60 ж. сыншыл реализмнің (О.Домье), реалистік ұлттық пейзаждың (К.Коро, барбизон мектебі өкілдері) гүлденуіне жағдай жасады. 1848 жылғы революциядан кейін еңбек адамын мадақтаған реалистік шығармалар (Г.Курбе, Ж.Ф. Милле) дүниеге келді. 19 ғасырдың 2-жартысында сәулет өнерінде эклектизм етек алды, сондай-ақ темір-бетонды құрылымдар (А.Т. Эйфель) қолданыла бастады. Импрессионизмнің пленяр (К.Моне, К.Писарро, А.Сислей), жаңа импрессионизм (Ж.Сера, П.Синьяк) және постимпрессионизм (В.Ван-Гог, П.Гоген, А.Тулуз-Лотрек, П.Сезанн) бағыттары жаңа бейнелеу тәсілдерімен (Э.Мане, Э.Дега, О.Ренуар, мүсінші О.Роден) байи түсті. 20 ғасырдың бас кезінде О.Перре темір-бетон құрылымдарды қолданып, Ш.Э. Ле Корбюзье, т.б. қазіргі заманғы сәулет өнерінің тиімді қағидаларын жетілдіре түсті. 20 ғасырдағы құрылыс ісіне әр түрлі құрылыс материалдары (темір-бетон, шыны, металл, пластмасса, т.б.) батыл түрде қолданылды (Э.Бодуен, М.Лодс, А.Люрса, П.Ваго, Б.Зерфюс). Бірқатар қалаларды жаңа жобалармен қайта салу жүзеге асырылды (Гавр, Сен-Дени, т.б.). 20 ғасырдың басында бейнелеу өнерінде көптеген жаңа ағымдар: фовизм (А.Матисс, А.Дерен, М.Вламинк), кубизм (П.Пикассо, Ж.Брак, Ф.Леже), дадизм (М.Дюшан), сюрреализм (И.Танги), т.б. пайда болды. А.Майоль, А.Бурдель, Ш.Деспио өміршең, терең мазмұнды мүсіндер жасады. 2-дүниежүз. соғыстан кейін жаңа реализм қозғалысы (А.Фужерон, Б.Тасмецкий) белең алды. Франция сән және қолданбалы өнер бұйымдарымен де (мата, жиһаз, керамика, шпалер, шыны, эмаль, шілтер, зергерлік бұйымдар, т.б.) даңқы шыққан ел. Елдің музыка мәдениетінің негізін құрайтын француз халық әндері өз бастауын қазіргі Франция аумағын мекендеген кельт, галл және франк тайпаларының ән-жырларынан алады. 9 ғ-да музыканың дамуына монастырьлар мен замоктардың жанындағы әншілік мектептері (метриздер) маңызды рөл атқарды. Мұнда шәкірттерді ән айтуға, әр түрлі аспаптарда ойнауға үйретті. Сонымен бірге негізгі орындаушылары менастрельдер мен жонглерлер болған халықтық өнер де дамыды. Олар көрермендерге балладалардың мазмұнын баяндады, тәлім-тәрбиелік және күлдіргі әндер орындап, ұрмалы-соқпалы, үрлемелі аспаптардыің сүйемелдеуімен көңілді билер биледі. 11 — 13 ғ-ларда кезбе әншілер-трубадурлардың өнері гүлденді. 1528 ж. П.Аттеньян Парижде зайырлық вокалдық шығармалар мен аспаптық пьесалар (дауылпаз, клавесин, спинет, арфа, гитараға, үрлемелі аспаптарға арналған) жинақтарын шығаратын муз. баспаның негізін қалады. 1581 ж. италиялық Б.Бальтазарини Луврда “Патшайымның комедиялық балеті” атты француздың бірінші балет спектаклін қойды. Парижге Венеция мен Болоньядан сазгерлер мен опералық труппалар шақырылды. Алғашқы француз операларының бірін ақын П.Перренмен біріге отырып сазгер Р.Камбер жазды (“Пастораль”, 1659). Олар 1669 — 71 ж. тұрақты опера театрын ұйымдастырды (кейіннен “Гранд-опера”). 18 ғасырдың ортасында симфония пайда болды (Ф.Ж. Госсек). 1830 — 40 ж. Париж өзіне басқа елдердің музыканттарын тартқан дүниежүз. орт-тардың біріне айналды. Мұнда сазгерлер Ф.Лист пен Ф.Шопен, әншілер П.Виардо-Гарсиа мен М.Малибран өз шеберліктерін шыңдап, шығарм. табыстарға жетті. 19 ғасырдан бастап француздық скрипка және вокалдық мектептері дүние жүзіне танымал болды. 1828 жылдан Париж консерваториясы қоғамының концерттері өткізіліп тұрды, 1835 ж. әуесқойлардың хор қоғамы — “Орфеон” ұйымдастырылды. 19 ғасырдың 1-жартысында романтик.-бағдарламалық симфонизмді жасаушы (“Фантастикалық симфония”, 1830) әйгілі сазгер, дирижер және сыншы Г.Берлиоздың даңқы шықты. Кафе-концерттер, театрлық ревю, шансонье, канкан өнерімен әуестену күшейді. Оперетта жанрының көрнекті өкілдері — Т.Оффенбах, Ш.Лекок, Р.Планкен, Ф.Эрве, т.б. болды. 19 ғасырдың 2-жартысында француз операсында реалистік ағым күшейіп, лирикалық опера жанры қалыптасты. Ол әсіресе, Ш.Гуноның шығарм-нда кемеліне келтірілді (“Фауст, 1859, “Ромео мен Джульета”, 1867). Лирикалық опералар 1851 ж. Парижде ашылған “Лирикалар театрында” қойылды. Бұл жанрда А.Тома (“Миньон”, 1866, “Гамлет”, 1868), Ж.Массне (“Манон”, 1884), К.Сен-Санс (“Самсон мен Далила”, 1877), Л.Делиб (“Лакме”, 1883) көзге түсті. Француз музыкасындағы опералық реализмнің шыңы — Ж.Бизенің шығармашылығы еді. Орындау шеберлігі аса жоғары симфониялық оркестрлер құрылды. (Ш.Подлу, 1861). 20 ғасырдың бас кезінде француз музыкасында импрессионизм бағыты белең алды. Бұл бағыттың негізін қалаушы К.Дебюсси еді. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін неоклассицизм, экспрессионизм бағыттары бекіді. Сазгер Э.Сати драматургиялық кескіндемеші Ж.Кокшомен бірге жас сазгерлердің импрессионизмге қарсы қозғалысын басқарды. Олардың жолын қуушы сазгерлер А.Онеггер, Д.Мийо, Ф.Пуленк, Ж.Орик, Л.Дюрей, Ж.Тайфер “Алтылық” деп аталатын шығарм. бірлестік құрылды. Оларға И.Ф. Стравинскийдің музыкасы мен Еуропада алғаш пайда болған америка джазы елеулі ықпал етті. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жаңа бағыттар пайда болды. 20 ғасырдағы аса танымал француз орындаушыларының қатарына: дирижер — К.Шевильяр, П.Монше, И.Маркевич, А.Клюишенс, Ш.Мюнш, Л.Форестье, П.Паре, Ш.Брюк, С.Бодо, Ш.Маршинон, П.Булез; пианиношылар — Л.Дьемер, И.Нат, А.Корто, М.Лонг, Р.Казадезюс, С.Франсуа, Ж.Б. Помье, М.Бришольери, М.Ааз; скрипкашылар — Ж.Тибо, З.Франческатти, Ж.Неве; виоленчельшілер — П.Фурнье, П.Тортелье, әншілер — Д.Дюваль, Ж.Креспен, Ж.Жириду; шансонье — А.Брюан, М.Шевалье, Мистангет, Э.Пиаф, С.Реджани, Ж.Беко, Ш.Трене, Ж.Брассенс, М.Матье, П.Каас, Д.Дассен, т.б. жатады. Ағайынды Л. және О.Люмьерлер ойлап тапқан кинематограф өнерінің көпшілік алдындағы тұңғыш сеансы (“Поездың келуі”, “Сәбиді емізу”, т.б.) Парижде 1895 ж 28 желтоқсан күні болды. Француз киносының бастапқы кезеңінде шеберлікті қажет ететін қиын көріністерді түсіруді ойлап табушы, “кинофеерия” авторы Ж.Мельес кино саласында жұмыс істеуге көрнекті драматургтерді, театр актерлері мен сазгерлерді тартқан “Фильм дар” фирмасы маңызды рөл атқарды. М.Линдердің қатысуымен түсірілген кинокомедиялар, Л.Фейадтың арандатушылық топтамалары дүние жүзіне танымал болды. Біріш дүниежүзілік соғысқа дейін француз киносы дүние жүзіндегі бүкіл кино өнімдерінің 90%-ға жуығын шығарды (“Пате” және “Гомон” фирмалары). Соғыстан кейінгі жылдары “Авангард” деп аталған, құрамына Л.Деллюк, А.Ганс, М.Л. Эрбье, Ж.Дюлак сияқты кино теориктері мен шеберлері енген топ құрылды. “Авангард” қозғалысына қосылған реалист режиссерлердің бір тобы өнердің басқа түрлерінде қалыптасқан дәстүрлерге сүйене отырып, бірқатар мәнді туындыларды көрермендер назарына ұсынды. Дүниежүзілік киноның үздік үлгілерін насихаттайтын киноклубтар пайда болды. 1930 жылдан бастап дыбысты фильмдер шыға бастады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Франция кино шеберлерінің “Жаңа толқын” атты тобы пайда болды. Киноның көркемдік шеберлігі жетілдіріліп, қысқа мерзім ішінде киноға 150-ден аса жаңа режиссерлер келді. Олардың ең әйгілі туындылары Кристиан-Жактың “Фанфан-Тюльпан” (1952), “Заңның аты заң” (1958), П.Этекстің “Йо-йо” (1965), т.б. болды. 20 ғ-дың 2-жартысындағы неғұрлым әйгілі француз киноактерлерінің қатарына Ж.Моро, Ж.Л. Трентиньян, Ж.П. Бельмондо, К.Денев, А.Делон, А.Жирардо, Ж.Депардье, Рено, Ж.Маре, П.Ришар, т.б. жатады. Францияда режиссерлер, операторлар мен басқа да кино мамандарын даярлаумен 1943 ж. ұйымдастырылған жоғарғы кино білімі институты айналысады. Жылына 300-дей әр түрлі фильмдер түсіріледі. 1972 ж. Кино тарихының музейі ашылды. 1946 жылдан бастап Канны қаласында Халықараралық кинофестиваль өткізіліп тұрады.


Информация о работе Франция