Академик Қаныш Сәтбаевтың сан
қырлы ғылымды игергені және оларды
дамутуға айтулы үлес қосқаны белгілі.
Ғұламаның бұл ерекшелігі жөнінде
кезінде әдебиеттанушы ғалым
Мәлік Ғабдуллин былайша ой қорытқан:
Қаныш қазақ халқының тарихын, әдебиеті
мен мәдениетін зерттеуде айтарлықтай
көп еңбек сіңірді. Ұлы Отан соғысына дейін
қазақ халқының тарихын, оның әдебиеті
мен мәдениетінің тарихын жазу ісі бастауыш
және орта мектептерге арналған оқу-құралдарының
көлемінде және жеке авторлардың ісі болып
келді. Ал, Қаныш бұл іске ғылыми мән беріп,
Қазақ ССР тарихын, қазақ әдебиеті мен
көркемөнерінің тарихын жазу ісіне ғалымдар
коллективін ұйымдастыруға басшылық еткен.
Бұл міндетті жүзеге асыру үшін Қазақ
ССР-інің Ғылым академиясының тарих, тіл
және әдебиет институттары құрылды.
Қ.И. Сәтбаевтің ғылыми мұрасында педагогика
ғылымдарына қатысты еңбектері үлкен
орын алады. Оның мақалалары мен сөйлеген
сөздерінде, хаттарында мектеп пен оқу-ағарту,
ұстаздар мен жастар мәселесі қамтылған.
Әсіресе, оның ғалым педагог ретінде тұлғаландыра
түсетін еңбегі «Алгебра» оқулығы болып
табылады.
Шын мәнісінде, Қ.Сәтбаев 1923 жылы қазақ
тіліндегі тұңғыш «Алгебра» оқулығын
жазған.
Қолжазба екі нұсқадан тұрады:
1.Араб графикасында жазылған (көлемі 592
парақ).
2.Латын графикасында жазылған (көлемі
1467 парақ).
Профессор Төлеген Оспанов осы оқулықты
басқа оқулықтармен салыстыра келіп, бес
түрлі ерекшелігін бөліп көрсеткен.
1) Орыс немесе басқа шетел тілінен атүсті
аударыла салған аударма емес, ана тілінде
жазылған төл оқулық.
2) Ол сол кезең үшін ең үздік оқулықтардың
бірі болып табылды.
3) Аталмыш қолжазба алгебраның бастауыш
ұғымдарынан бастап, оның элементтер курсының
барлық дерелік мәселелерін қамтиды.
4) Оқу құралы болумен қатар, оқушыларға
пәндік негіз болумен қатар, мұғалімдердің
теориялық және әдістемелік дайындығын
көтеруге де көп пайдасы бар.
5) Қолжазба нтернационалдық терминдермен
шұбарланбай, онда ана тіліміздегі математикалық
терминдердің барлығы.
Академиктің тарих саласына да айтулы
еңбек сіңіргені жөнінде қызы ғалым Шәмшиябану
Сәтбаева былай деген: «Қазақ халқының
ерте дәуірдегі және кәзіргі кезеңдердегі
тарихи даму жолы - Қаныш Сәтбаевты өмір
бойы тебірентіп өткен елеулі мәселелердің
бірі болатын. Ол қазақ жұртының ежелгі
дәуірдегі тарихи даму процесін анықтау
мақсатымен ежелгі грек, рим оқымыстылары
мен тарихшылары Геродот, Страбон, Лукреций
Кар мұраларын, орыс жылнамалары мен кейінгі
дәуір оқымыстыларын мұқият зерттей отырып,
біраз тұстарда олардың пікірлерімен
келісіп, сондай-ақ өз болжамдары мен ойларын
айтудан да іркілмейді. Бір ғажабы, сол
пікірлерінің көбі кейінгі кезде жарық
көрген еңбектерде қолдау тауып расталуда».
Ғалым геологиялық барлау жұмыстарымен
айналыса жүріп, Ұлытау, Жезқазған, Амангелді
аудандарындағы ескерткіштерді, Бұланты
өзенінің жағалауындағы тасқа түсірілген
суреттерді зерттеді. Академиктің Орталық
Қазақстанның тарихы жайлы жинаған материалдары
мен болжамдары, ой–пікірлері сол кезеңдерде
тарихшылардың осы бағытта ізденулеріне
бағыт сілтеді. Ілгері уақыттарда айтқан
оның көптеген ой-қорытындылары кейін
археологиялық арнайы эспедициялардың
жұмыстары негізінде дәлелденіп, бірсыпыра
пікірлер көп томдық «Қазақ ССР тарихы»
мен тарихты зерттеуші ғалымдардың еңбектеріне
енді.
Қ.И.Сәтбаевтің әдебиетке деген айырықша
ықыласына мына бір жайлар да куәлік етеді.
Семейдегі мұғалімдер семинариясында
оқып жүрген он алты жасар бозбала кезінде
ол Абай Құнанбаевтың қайтыс болуына он
жыл толуына орай ұйымдастырылған кеште
Абай өлеңдерін жатқа айтқан. Бұл кеш жөнінде
«Айқап» журналында жазылған.
1923 жылы, «Қазақ тілі» газетінде «Обаған»
әні туралы мақала жариялады. Бұл автордың
тырнақалды еңбегі болатын. Содан кейін
Томск қаласындағы студенттердің күшімен
ұйымдастырылған сауық кеші туралы рецензия
жазды. Ал 1927 жылы, Москвада қазақ эпосы
- Едіге жырының белгілі нұсқаларының
біріне алғы сөз жазып, кітап етіп бастырып
шығарды. Сол кездегі жиырманың ішіндегі
жас жігіт тарихи оқиғалар мен тарихи
кейіпкерлер ісін терең зерделеген. «Қозы
Көрпеш-Баян сұлу» жырын да жоғары бағалаған
осы Қ.И. Сәтбаев болатын.
Ш.Ш.Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай
Алтынсарин, Жамбыл, Әлішер Науаи, Мукуми,
Фурқат туындылары, «Ләйлі мен Мәжнүн»,
«Фархат пен Шырын» эпостары, М.В. Ломоносовтың
ғылыми мұрасы туралы нұсқалы ойлар айтқан
еді ол. Оның өзі де бейнелі сөздерді, эпитеттер
мен салыстыруларды, өлеңдер мен мақал-мәтелдерді,
қанатты сөздерді орынды пайдаланған.
Қ. И. Сәтбаевтің «Абай жолы» роман-эпопеясына
«ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ
халқының өмірі мен тұрмысының алуан қырларының
шын мәніндегі энциоклопедиясы» - деген
баға бергені, бұдан соң ғалымдар ол шығарманың
көркемдік құндылығына ғана емес, ғылыми
салмағына да көңіл бөле бастағаны белгілі.
1931 жылы әйгілі орыс зерттеушісі Затаевичке
қазақтың 25 әнін тапсыруын оның әдебиет
пен мәдениетке асқан жанашырлығы деп
білеміз. Москвада шыққан «Қазақтың 500
әні мен күйі» атты кітапта: «Қаныш Сәтбаев
- Томск Технологиялық иниститутынан білім
алған жас қазақ инженері. Баянауыл әндерін
жете білетін, жақсы орындайтын ол бұл
жинақта тек әндер әуені жайлы ғана құнды
мәліметтер беріп қоймай, әндердің сөздері
мен орысша аудармасын да табыс етті»
- деп жазылған.
Алайда Қ.И. Сәтбаевтің сан қырлы ғылымдарды
игерген ғұлама екенін, ғылымды дамытуға
айтулы үлес қосқанын мектеп қабырғасындағы
оқушылар біле ме? Өйткені, 8-сынып география
пәнінің §10 «Қазақстан аумағынының жаңа
дәуірде зерттелуі» деген тақырыпта Сәтбаевтың
геология саласындағы еңбектеріне шолу
ғана жасалып, соңында «Қаныш Сәтбаевтің
Қазақстан ғылымын дамытуға қосқан үлесі»
атты реферат жазу жөнінде тапсырма беріліпті.
Орыс мектептеріне арналған 11-сыныптың
«Қазақ тілі» оқулығында Қаныш Сәтбаев
туралы қысқаша ғана мағлұмат бар.
1994 жылы жарық көрген, 11-сыныпқа арналған
«Қазақ әдебиетінде» Қ.И.Сәтбаевтің «Абай
жолы» эпопеясы туралы ғылыми тұжырымы
«Тек қазақ әдебиеті ғана емес, бүкіл кеңес
әдебиетінің аса үздік жетістігінің бірі»
деп қысқа қайрылған еді. Ал 2007 жылы қайта
басылған 11-сыныптың қоғамдық-гуманитарлық
бағытқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығында
Қ. Сәтбаевтің бұл пікірі мүлде алынып
тасталыпты.
Ғалым жазған қазақ тіліндегі алғашқы
«Алгебра» оқулығы жөнінде толық мағлұмат
арнайы математиканы тереңдетіп оқыту
сыныбы бағдарламасына енгізіліп, жай
сыныптарда қосымша факулътатив ретінде
оқытылғаны дұрыс еді ғой.
Дегенмен, мектеп оқулықтарының қайта
басылымдарында академик Қ.И.Сәтбаевтің
ғылымға қосқан үлесі туралы жан-жақты
мәліметтер беріліп, ғалымдық тұлғасы
айқын көрініс табады деген үміттеміз.
Таңат АХАТОВ, |