Дарынды балалармен жұмыс

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 27 Января 2013 в 14:29, реферат

Описание

Дарынды және талантты балаларды оқыту барлық кезеңде де өзекті мәселе болып табылған. Барлық мұғалімдер балаларды оқытуда барынша жоғары жетістіктерге қол жеткізу үшiн қолайлы ортаны жасауға тырысады. Дарынды және талантты балаларға қатысты бұл едәуір күрделі мәселе ойлауды, талқылауды және мұқият жоспарлауды талап етедi. Әртүрлi теориялар мен стратегиялар балаларды оқытудың мазмұнын анықтау үшін тиісті бағдарлама шеңберiнде қолданылады

Работа состоит из  1 файл

Лескул 3.docx

— 31.13 Кб (Скачать документ)

     Дарынды және талантты балаларды оқыту барлық кезеңде де өзекті мәселе болып табылған.  Барлық мұғалімдер балаларды оқытуда барынша жоғары жетістіктерге қол жеткізу үшiн қолайлы ортаны жасауға тырысады. Дарынды және талантты балаларға қатысты бұл едәуір күрделі мәселе ойлауды, талқылауды және мұқият жоспарлауды талап етедi. Әртүрлi теориялар мен стратегиялар балаларды оқытудың мазмұнын анықтау үшін тиісті бағдарлама шеңберiнде қолданылады.

Оқушының талантты немесе дарынды  екенін анықтау, оқушының қабілетті  болып дүниеге келуі және өз қабілеттерін жүре дамыта алуы әлі күнге дейін  ғалымдардың ыстық талқылауына  ие сұрақтардың бірі. Қосымша материалдарды  зерделеу арқылы мына көзқарастарды  айқындадым: дарынды балалар ретінде  білімнің барлық саласынан бірдей дәрежеде көріне алатын балаларды қарастыратын болсақ, талантты бала ретінде тек  бір салада даму деңгейі жоғары оқушыларды атауға болады.  Оның ішінде қабілеттің туа біту мен жүре дамуына байланысты да көптеген пікірлердің қалыптасқанын да білдім. Әрине математиканы оқып үйренуде қабілеттің алар ролі зор дер едім. Сондықтан егер де математиканы қабылауға қабілеті болмаған жағдайда, «гуманитарлық» білімдерге бейім оқушының математикалық біліктілігін арттыру үлкен ізденістер мен күрделі жұмысты қажет етеді деп есептеймін.

Дарынды балаларды оқытуда Выготскийдің еңбектерін атап өту аса маңызды  деп ойлаймын. Кез келген баланы дамытуға қолайлы орта ұйымдастыру  үшін алдымен бастапқы негізді біліп  алған жөн. Яғни оқушының негізгі  мотивациясының деңгейін, оның математикалық  есептеулерді жүргізу қабілеттерінің деңгейін, логикалық ой-өрісін бағамдау қажет. Бұл туралы Эйр де айтып  кеткен болатын. Выготский бойынша  «Жақын арадағы даму аймағы» теориясы негізінде балалардың өзекті қабілеттерінің деңгейлерін бағалаудың тиімді екендігін  баса айтады. Эйр тым күрделі жұмыс  балаларға қиын орындалатын және олардың ынтасын жоятын жұмыс  болып көрінетіндігін дәлелдеген (2001). Шынымен де мұндай тапсырмалар оқушылардың  өздеріне деген сенімсіздігін арттырып, пәнге қызығушылығын кемітеді. Сол  себептен, әр оқушының жеке қабілеттерін зерттей отырып, олардың білім  алуына қолайлы жағдайлар туғызғанда ғана жүйелі нәтижеге қол жеткізуге  болады.

Өз зерттеуімнің объектісі ретінде  дәріс беретін 8 сынып (14-15 жаста) оқушыларын алдым. Бұл сыныптарда математика пәні тереңдетіп оқыту бағдарламаларына негізделіп оқытылады. Пәнді оқыту  барысында сынып 12 оқушыдан тұратын  топтарға бөлінеді. Бұл оқушыларды оқытуда айтарлықтай жеңілдіктер  жасайды. Арнайы іріктеуден өткен оқушылармен  жұмыс жасау барысында бұл  оқушылардың білім алуға деген  ынтасының өте жоғары болатынын  байқадым. Оны Myself-As-Learning (MALS) шкаласы  және мотивация деңгейін анықтауға  арналған бастапқы сауалнама нәтижелері де көрсетті. Сауалнама нәтижесі бойынша оқушылардың ынталану деңгейінің орташа мәні 77,2 ұпайды құрады. Көбіне олардың мотивацияларына сыртқы да, ішкі де факторлар әсер етеді. Жан-жағында ынталы оқушылардың жинақталуы, мектептің негізгі миссиясы мен білім беру бағытында ұстанған мақсаттары, материалдық-техникалық базасы, ана-аналарының талаптары оқушылардың мотивациясын арттыруға өз үлесін қосады. Ұстаз ретінде осы ынтаны кемітіп алмай,  керісінше дамыту жолында жұмыс жасауды мақсат етіп қойдым.  

Күнделікті сабақтар кезінде байқағаным, топтағы ынтымақтастық атмосферасы  адамның түсіну деңгейіне өзіндік  әсерін береді екен. Топ мүшелерінің  арасындағы серіктестік қарым-қатынас  оларды ортақ келісімге келіп, топқа  ортақ пікірді негіздеуге жетелейді. Бұл туралы С.Силдің «Топтағы жұмысты  құрылымдау» атты арнайы зерттеуінің  соңғы мысалында, орта буында математика пәнін оқыту жұмысын зерделеу кезінде айтылған болатын (2006). Зерттеудің алғашқы кезеңінде сынып мұғалімдері  сабақ жүргізу барысында басқа  екі әріптесі сабақ барысын бақылап, мұғалімдер мен оқушылар арасындағы байланысты бейнетаспаға түсіріп отырған. Сонымен бірге оқушылар сауалнама  толтырады. Соларды талдау қорытындылары  келесі сабақтарда қолданылды. Топ  құрамын өзгерту арқылы топ мүшелерінің  жынысына және мүмкіндіктеріне қарай  басқалармен жұмыс істеуінен  пікірталас арқылы шешуді талап ететін күрделендірілген есепті шығаруға дейін  стандартты емес жұмыстың арқасында  бұндай сабақтардың сапасы артып  отырған. Оқушылар математикалық есептерді  шығаруда өзін сенімді сезінген және үздік бірлескен жұмыс пен  сындарлы әңгіме жүргізген белгілі  бір топтарда жақсы жұмыс істегендері  анықталған. Осы зерттеу әдісі  менің үлкен қызығушылығымды  тудырды. Дарынды балаларды ұжымнан  бөліп, жеке жұмысқа тартудан гөрі оларды топтық әрекетке тартып, сыныптастарымен  қарым-қатынасқа түсуге үйретудің  тиімділігін зерттеуді көздеп, өз зерттеу жұмысымның мақсатын келесідей  тұжырымдадым: оқушыларды топтағы белсенді әрекетке жұмылдыру арқылы олардың  топтағы серіктестік қарым-қатынасын  арттыру және бір-бірінің түсіну деңгейін арттыруға әсерін зерделеу.

Зерттеу жұмысын бастар алдында  жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша сыныптарда қалыптасқан  психологиялық ахуал туралы келесі қорытындылар жасауға болады:

·      оқушыларының көбісі өз сыныптарының негізгі қызығушылықтарын білуге қызығушылық білдіргенмен, олардың көп бөлігі, яғни 80%-ы  сыныптастарыңның 50-80%-ының негізгі қызығушылықтары туралы білетінін көрсеткен, ал бір оқушы сыныптастарының жартысынан көбінің қызығушылықтарынан хабары жоқтығын көрсеткен.

·      оқушылардың 25%-ы сыныптастарының өз білімдері туралы пікіріне немқұрайлы қарайтынын көрсеткен.

·      оқушылардың 10%-ы өз математикалық білімдері туралы сыныптастарының пікірлерін жақсы емес деп көрсеткен.

·      оқушылардың 20%-ы топпен жұмыс жасаудың ұнамайтынын, дегенмен тапсырмаларды орындауда үлес қосуға тырысатынын айтқан.

·      оқушылардың  15%-ы топтық жұмыс барысында өз пікірлерінің ескерілмейтінін көрсеткен.

·      оқушылардың 30%-ы сыныптағы өзара бағалауға немқұрайы қарайтынын, 10%-ы объективтілік танытуға тырысатынын, ал 10%-ы объективті болуға тырыспайтынын айтқан.

·      оқушылардың 20%-ы топтық жұмыс барысында жаңа білімді тек кей жағдайда алатынын, ал 15%-ы сирек жағдайда ғана жаңа білімдермен танысатынын көрсеткен.

Оқушылардың математикалық қабілеттерінің даму деңгейін анықтау мақсатында Айзенктің  математикалық субтесті пайдаланылды. 30 минут ішінде берілген тесттің  мүмкіндігінше көбірек есебін шығару керек. Егер есеп шықпай жатса, оны қалдырып, келесі есепке көшуге болады. Нәтижесінде  тек дұрыс шешілген есептің саны ғана ескеріледі. Субтест мәліметіне сәйкес алынған орташа нормативтік  көрсеткіш 91-100 ұпай болып табылады. 8A тобының білім деңгейі біркелкі, асқан дарындылығымен топ жарған оқушылар жоқ. Соңғы бақылау нәтижелері бойынша Айдана, Асхат, Нұрарыс, Алишер мен Алмасты атап өтуге болады. 100% деңгейден төмен, бірақ 91%-дан  жоғары көрсеткішті топтың 30%-ы көрсетті, ал қалған 70%-ы жақсы көрсеткішті  көрсетті. Екі оқушы 120 ұпайдан жинады. 8B сыныбында барлық оқушылар 100%-дан  жоғары көрсеткіш көрсетті. Яғни оқушылардың  математикалық қабілеттері нормада  екендігін дәлелдейді. Ең жоғарғы  көрсеткішті Негметжанов Дарын (135 ұпай) және Кенжеқұлов Нұрболат (125 ұпай) көрсетті. Негметжанов Дарынның көрсеткіші өте жақсы балып табылады. Жоғарыдағы мәліметтерден байқайтынымыз, топтарда математикаға қабілеті өте жоғары оқушылармен  қатар білімді меңгеруге белгілі  бір уақытты қажет ететін оқушылар жинақталған. Сондықтан, жұмыс жоспарының тығыздығы мен күрделілігі оқушылардың  арасындағы «өте жақсы» және «деңгейі төмендеу» оқушылардың қарым-қатынасын  шиеленістіреді. Оқушылар арасында бәсекелестік  қарым-қатынас басым. Осы негізде кейбір оқушылардың өзіне деген сенімділігі төмен, математиканы оқудың міндеттілігін сезініп, жақсы көрсеткіштерге ұмтылғанмен, оның барлық маңызын түйсініп, сезіне алмайды.

Топтық жұмысты ұйымдастыру  арқылы ондағы оқушылардың қарым-қатынастағы  шиеленістікті жою, олардың арасында өзара серіктестік және түсіністік қарым-қатынасты орнату оқушылардың  сенімсіздіктерін жойып, жалпы сыныптағы  оқушылардың қабілеттерін арттыруға  өз үлесін қосар еді. Сонымен қатар, дарынды балалардың ішкі потенциалын  ашуға бағытталған әрекеттерді  ұйымдастыру олардың топтағы  оқушылармен жақсы қарым-қатынасын  орнату арқылы, өз сенімділіктерін  дамытуға жол ашар еді. Дарынды балаларды  оқытуды ұйымдастыру жолында  қашықтықтан оқыту кезеңінде  топтағы белсенді әрекетті ұйымдастыру  арқылы Кембридждік курс барысында  үйренген келесі әдістерді қолдандым:

·           Оқушылардың өз әрекетіне, білім алу үдерісіне сыни көзқарасты дамыту олардың білімдегі құндылықтар жүйесін қалыптастыруда  үлкен маңызға ие. Бұл тапсырмалар қатарында көзбен көретін айғақтарды қолдану арқылы ой қорытуды қамтамасыз ету үшін (TrHW3_D5_Act1a_Көзбен көретін айғақтар негізінде сыни ойлау) «Квадраттық теңсіздіктерді интервалдар әдісімен шешу» тақырыбында санды аралықтар суреттеріне байланысты және «Квадраттық функция графигі» тақырыбында график суреттеріне байланысты Блум таксономиясының негізінде анықтау, салыстыру, жалпылау, талдау, қорыту деңгейлеріне арналған тапсырмалар берілді. Оқушыларым өздерінің тәжірибелеріне сүйене отырып, тапсырмалардың мүмкін болатын шешімдерінің түрлерімен танысты. Топтарға берілген тапсырмаларды бірте-бірте қиындата отырып, оқушылардың сыни ойлауына жағдай туғыздым деп ойлаймын. Сабақтар барысында оқушылар берілген жауап бойынша теңсіздікті және теңсіздіктер жүйесін құрастырды. Жауаптарын парақтарға желімдеп, белсенді қызмет атқырды.        Дарынды балалардың топтағы әрекетін ұйымдастыру үшін «Квадраттық теңсіздіктерді шешу» тақырыбын өтуде «Мозаикалық жұмбақ» (TrHW3_D4_Act2c_джиксо тапсырмаларға нұсқаулар) тапсырмасы қолданылды. Оқушылардың пікірін тыңдауға негізделген диалогтық әдісті қолдану пайдаланылды. Жаңа мәліметті түсіндіру алдында алдымен оқушылардың осы мәлімет туралы білімдерін айқындау, олардың іс-тәжірибесімен байланыстыру сауалдары дайындадым. Оқушыларға ойларын жинақтап, тиянақтауға арнайы уақыт беріліп отырды. Топтағы пікірталас әдісін (3 апта 3 күн материалдары) қолдану арқылы жаңа тақырыпты түсіндіру әдісі қолданылады. Сабақтағы жаңа мәліметтер дайын күйінде берілмей, оқушылардың өзара пікірлесіп, ой бөлісуінің нәтижесінде меңгерілді.

·           Оқушылардың әрекеттесуіне бақылау жасау арқылы, қызметтері үйлестіріліп отырды. Оқушыларды жүйеленбеген топтарға бөліп бақылау жасағаннан кейін С.Сил зерттеуіндегі тұжырымдардың дұрыстығына көзім жетті. Оқушыларды қабілеттеріне, қызығушылықтары мен өз еріктеріне қарай бөлуді жүзеге асыру А сыныбындағы оқушылардың түсіну дәрежесіне оң әсерін бергенін байқадым. Сонымен қатар, оқушылардың топтық жұмысқа деген оң көзқарасы да қалыптасты. В сыныбындағы оқушылар керісінше, аралас топтардың түсінік қалыптастырудағы тиімділігін атап көрсетті. Оның ішінде қабілеті жоғары балалар мен орташа қабілетті балалардың араласып келгені тиімді болатынын айтқан. Шынында да, В сыныбындағы Дарын мен Нұрболат өз топтарстарының тапсырмаларды дұрыс орындауын қадағалап, топтағы міндеттердің жүйелі бөлінуін қадағалап отырды. Оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып,  мұғалім нұсқауынан гөрі өз сыныптастарының нұсқауын алу тиімді болатынына көзім жетті. Ал бұл оқушылардың өзара әрекеттесуі мен когнитивті икемділіктерінің дамуының маңыздылығына ерекше көңіл бөлген Выготский, Хоу мен Мерсердің соңғы зерттеулеріндегі тұжырымдарды растай түседі. Пиаженің балаларда ересектердің идеяларына қарағанда, өз құрдастарының қарама-қарсы идеяларымен пікірлеріне қарсы келгенде когнитивті өзгерістер болатындығы туралы пікірі де осыны қуаттайды. Балалар топтары оқушыларға даму барысында біршама алда немесе артта қалған өз қатарластарымен өзара әрекетте болып, когнитивті және әлеуметтік қабілеттерінің дамуына септігін тигізетінін растай түсті.

·           Топтағы позитивті, достық қарым-қатынас орнатылды. Мадақтау және қолпаштау ескерілді. Сонымен қатар оқушылардың топта жұмыс істеу ережелері бекітіліп, оны қатаң қадағалау мақсатында әр оқушыға топтағы жұмыста жауапкершілік беріліп отырды. Сондықтан топтағы тәртіпті оқушылардың өздері реттеуге жағдай жасалды.

·           Оқушылардың бір-бірін және өзін бағалауы, бағалау критерийлерінің нақтылануы жүзеге асырылды.  Оқушылармен рефлексия парақтарын толтыру, пікірлесулер болып отырды. (3 апта 1,2 күн) Аталған әрекеттерді орындау барысында өз жұмысыма басқа тұрғыдан қарап, сабақтарымды барынша қызықты етіп түрлендірудің жолдарын іздестіре бастадым. Күрделі тақырыптардың өзін оқушыларымның бұрыннан жинақтаған білімі мен тәжірибесімен байланыстыра отырып түсіндірудің жолдарын іздедім. Өзімнен гөрі оқушыларымның сабақ барысындағы белсенділігін арттыруды көздедім. Бақылау нәтижелері оқушылардың жаңа материалды түсіну үдерісінде жақсы өзгерістердің бар екенін көрсетті. Салыстырмалы анализ жүргізу барысында бақылау жұмысының сапасы А сыныбында  63,63 пайыздан 77,78 пайызға өссе, В сыныбында 54,5 пайыздан 80 пайызға өсті. Оқушылардың оқуға деген көзқарасында өзгерістер байқалды: білім алу үдерісіне жауапкершілігі артты, берілген тапсырмаларды орындауға шығармашылықпен қарай білуі байқалды.  Олардың топ ішіндегі серіктестік қарым-қатынасы артып, бір шешімге келе білу, басқаның пікірін сыйлай білу, өз ойын ашық айта білуіне жол ашылды. Өздеріне деген сенімділігі, шынайы алған білімдерін бағалай білуі, көзбояушылыққа жол бермеу, объективтілік артты. Мұны олар өздерінің рефлексия парақтарын толтыруда көрсетті. Оқушылар «Топтағы жұмыста не ұнады?» деген сұраққа топтағы талқылаулар, әркімнің өз пікірімен бөлісетіндігі, бірлесе қызмет атқаратыны, есептердің тез шешілетіні, жауаптардардың өзара тексеріліп, толықтырылатыны, тақырыптардың тез ұғылатыны, сабақтың тез әрі қызықты өтетіні  ұнайтынын атап өткен. Ал «Топтағы жұмыста не ұнамады?» деген сұраққа хатшы тым көп жазатынын, тақырыптан ауытқулар болатынын, сыныптастарының көп шулайтынын, келісімге келудің қиындығы болатынын атап өткен. «Өз тобыңыздағы әр түрлі оқушылар сізге оқуда көмектесе алды ма?» сұрағына барлығы дерлік көмектескенін айтқан. Топтағы көшбасшылардың қызметі туралы да жақсы пікір жазған. «Егер сіз мұғалім болсаңыз, топтық жұмыс үшін топты қалай құрар едіңіз?» сұрағына 73,3 пайызы аралас топтарды құрар едім деп жауап берген. Себебі ретінде әр күні әр түрлі оқушылар біріккенін, сыныптағы оқушылардың барлығы да дос болғанын, тақырыпты түсінген оқушылар басқаларға көмектескенін, басқалардың ашылуына кедергі келтірмеуін, оқушылар бір-бірімен жақсы қарым-қатынас орнатуын, бір-бірін толықтыруын қалайтынын келтіреді. Ал 26,7 пайызы достарын бір топқа біріктіргісі келгенін айтқан. Оны өте қызықтылығымен, өз достарымен бірге болуды ұнататындығымен түсіндірген. Жалпы осы модульмен жұмыс жасау барысында кездескен қиындықтарды шеше отырып, сыныбымдағы қабілетті балаларға ерекше назар аударудың қажеттігін түсіндім. Олардың қызығушылықтарын ояту мақсатында тапсырмаларды күрделендіріп отыруды қамтамасыз етіп отыруға тырыстым. Топтағы талқылауды ұйымдастыруда кедергілерді жою мақсатында ынтымақтастық атмосферасын құрудың қажеттігін, топтарды жүйелі бөлуді ескердім. Осы нәтижелерім бойынша топта оқыту тәсілдерін қолдануда мұғалімдерге келесі қорытынды тұжырымдарымды ұсынар едім: ·           Сұрақтардың маңыздылығын арттыру, ойлануға уақыт бөлудің қажеттілігін естен шығармау.

Информация о работе Дарынды балалармен жұмыс