Атырау экологиясы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Октября 2011 в 21:21, реферат

Описание

Өлкеміздің қойнауы толған тұнба байлық. Бұл – бізге берген табиғаттың сыйы. Алайда, осы байлықты игеріп, ел игілігіне жарату, өндірістің қарқынды дамуы, өңіріміздің экожүйесіне техногендік салмақ салып отырғаны да рас. Ірі өндіріс орындары шоғырланған Атырау өңірі үшін экология – маңызды мәселе.

Работа состоит из  1 файл

Атырау экологиясы.doc

— 75.50 Кб (Скачать документ)

     Атырау  экологиясы 

     Өлкеміздің  қойнауы толған тұнба байлық. Бұл – бізге берген табиғаттың сыйы. Алайда, осы байлықты игеріп, ел игілігіне жарату, өндірістің қарқынды дамуы, өңіріміздің экожүйесіне техногендік салмақ салып отырғаны да рас. Ірі өндіріс орындары шоғырланған Атырау өңірі үшін экология – маңызды мәселе.

     Бүгінде тексеру нәтижелері көрсетіп отыр-ғандай, ауаға лас қалдықтарды тарату көрсеткіші өсіп отыр. Экологтардың мәліметінше, облыста өткен жылы 99,8 мың тонна  қалдық таратылса, соның ішінде қалаға 74 мың тоннасы жайылған. Бұл көрсеткіш 2005 жылы 89,3 мың тонна болған. Өткен жылы «Атырау су арнасы» мекемесі ауаға 29 мың тоннадан астам қалдық тастаған. Осылайша Гидрометeорология орталығының деректеріне сәйкес, Атырау қаласының экологиясы 2009 жылмен салыстырғанда ауаның ластану индексі (әрі қарай — АЛИ) АЛИ = 5,3 болса, 2010 жылы АЛИ = 5,2 құрады. Салыстыратын болсақ: Алматыда АЛИ = 12,1, республика бойынша АЛИ = 5,6 құрайды.

     Қала  ауасын негізінен ластаушылар –  мұнай-газ өндіріс орындары, стационарлы көздер (ЖЭО, қазандықтар) – 91%, автокөліктер - 8,8% және ұйымдастырылмаған ластау көздері (құрылыс алаңдары)-0,2%. Оған қоса, облыста 2005 жылы 53,6 мың автокөлік тіркелген болса, оның саны 2009 жылы 69,6 мыңға жеткен. Оған күніне келіп-кететін мыңдаған машинаны қосыңыз. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, олар атмосфераға өткен жылы 40,6 мың тоннадай көмірқышқыл газын шығарған екен. Ал автокөліктерден бөлінетін улы газдарда 200-ден астам химиялық қоспалар бар.

     Ауа райын зерттейтін бюроның мәліметінше, желдің бағыты негізінен оңтүстіктен-шығыстан, солтүстік-шығыстан соғады. Ал өндіріс орындарының көпшілігі қаланың осы жағында орналасқандықтан, желдің әсерінен қаланың экологиялық ахуалының нашарлайтындығын мамандар дәлелдеп отыр.

     Алдағы  уақытта облысымызда алғашқы интеграциялық мұнай-химия кешені, газ-турбиналық электр станциясы, Атырау мұнай өңдеу зауыты хош иісті көмірсутекті өндірісі кешені, сондай-ақ, «Теңізшевройл» ЖШС-дағы үшінші буын зауытының құрылыстарын салуды жоспарлап, күкірт өңдеу жұмысының көлемін арттыруды, «Аджип ҚКО» екінші зауыттың құрылысын салуды көздеп, жобаларын кеңейту сияқты ауқымды жұмыстар атқарылатынын, сондай-ақ, автономды мұнайбитум зауытының құрылысы, химия өнеркәсібінің қалдықтарын жою және өңдеу кешенін кеңейту, қатты-тұрмыстық қалдықтарды көму полигонының салынуы, одан басқа ұйымдастырылмаған ауаны ластаушы көздер мен автокөліктердің жыл санап көбейетінін ескерсек, экология саласында үлкен жұмыстар жасау қажеттігін айқын сезінеміз.

     Бүгінде өңірдің экологиялық ахуалының  нашарлығы, ауа бассейнінің ластануы меркаптан буының артуына да байланысты. Бұл қауіптіліктің екінші санаты болып есептеледі. Облыста негізінен мұнай өнеркәсібі мен әскери полигондардың айналасында пайда болған табиғи радионуклидтер: уран, радий, торийден құралған, радиациялық фоны ондаған есе артық радиоактивті 275 учаске бар екені анықталып отыр.

     Сонымен қатар, су бассейнінің ластануы –  аймақтағы ең өткір проблеманың  бірі. Өзен табандары тазалауды аса  қажет етеді. Бұл алдымен халыққа, сонымен қатар оған қоса өзен бойында тіршілік ететін өсімдік пен жануарлар әлемі үшін маңызы зор. Мамандардың зерттеуінше, бүгінгі таңда Атыраудың экологиясы, қоршаған ортасының жағдайы алаңдатарлық. Егер табиғатты қорғаудың нақты шешімдерге бағытталған кешенді шаралары алынбайтын болса, мұның орны толмас ауқымды зардабы экологиялық апатқа әкеліп соқтыруы мүмкін.

     Жүргізілген зерттеулер бойынша, облыстағы аллергиялық  ринит ауруларының деңгейі республикалық  көрсеткіштерден жоғары тұр. Мәселен, 100 мың тұрғынға шаққанда аллергиялық ринит ауруы 2009 жылы республикалық көрсеткіште 500-ді көрсетсе, біздің облыста 1100-ге жеткен. Жүрек, қан-тамыр, қан қысымы аурулары саны да бірнеше есеге артып отыр. Ең өкініштісі, жас сәбилердің шетінеуі азаймай, өлі туылатын нәрестелердің саны атап айтқанда, 1 жасқа дейінгі балалар өлімі өсіп отыр. Ұрпақты дүниеге әкелетін аналардың саулығы да өте нашар. Сондай-ақ, облыста қатерлі ісік ауруларының түрі көбейіп, 2009 жылы олардың саны 648 болса, 2010 жылы 687 адам тіркелген. Аурулардың ішінде өкпе рагы – бірінші орында, екінші орында – асқазан жолдарының рагы, үшінші орында – асқазан рагы және онкологиялық аурулармен ауыратындардың арасында әйел адамдар да аз емес. Одан басқа жүйке жүйелері, бауыр, бүйрек, асқазан, тыныс жолдары аурулары азаймай отыр.

     Облыстағы бүгінгі эпидемиологиялық жағдай да жақсы деуге болмайды. Атырау облысы туберкулез ауруы бойынша республикада 3-орында тұр. Дәрігерлердің мәліметінше, облыста әрбір 100 мың адамға «Кох таяқшасын» жұқтырған 185,3 науқастан  келеді. Оның 1,5 мыңға жуығы дерттің ашық түріне шалдыққан, яғни, дертті таратушылар болып саналады және жыл сайын орта есеппен 10-12 адамға ауру жұқтырады.

     2009 жылы асқынған туберкулезбен  ауырған 3 адам, ал 2010 жылы осындай  10 адамның туберкулезбен ауыратындығы  анықталған. Соның ішінде балалар арасында асқынған туберкулездің 4 есеге көбеюі қатты алаңдатады. Облыста балалар аурушылығы республикалық көрсеткіштен 1,2 есе жоғары. Осы аурушаңдықтың басым көпшілігінің басты себебі — экологиялық ахуалдың нашарлауынан.

     Осы орайда өңірдің қоршаған ортасының хал-ахуалын жақсарту үшін бірінші кезекті шұғыл шаралар жүзеге асырылуда. Соның ішінде экологиялық салмақты азайтудың ең тиімді жолының бірі – көлік инфрақұрылымын дамыту.

     Соңғы жылдары көлік инфрақұрылымын қарқынды дамыту арқылы 500 км-ден аса жол, 1000-ға тарта көше, тек қана облыс орталығында Жайық өзені арқылы өтетін 4 бірдей үлкен көпір, оның ішінде жүк транспортын қалаға кіргізбеу үшін айналма көпірлер салынды. Бұл өз кезегінде жол кептелісін азайтып, экологияны айтарлықтай жақсартты, қала тынысын жақсартып, қаланың ауасын тазартты.

     Сонымен қатар, бүкіл облыс тұрғындарын  көгілдір отынмен қамту ісі түбегейлі  аяқталып келеді. Күні кешеге дейін, жеке секторлардағы тұрғын үйлерді жылыту үшін көмір жағылып келгені белгілі. Ал ол арқылы ауаға жылына 30 мың тоннадай жоғарғы токсинді зиянды қалдықтар жайылатын. Сондықтан, бұл бағытта бұрын болмаған көлемді жұмыстар атқарылып, тұтастай алғанда, облыс бойынша газдандыру деңгейі 95 пайызға жетті. Нәтижесінде халықтың газды пайдалануы жыл сайын ұлғайып келеді. Тек соңғы 4 жылдың өзінде көгілдір отынды тұтыну көлемі екі есеге өсіп, көмір жағу тоқтатылып келеді.

     Бұл да ауаға түсетін салмақты едәуір азайтатыны сөзсіз. Одан басқа, таза сапалы ауызсумен қамту жұмыстары да мәресіне жетуі жақын. Осы бағытта ұлан-ғайыр жұмыстар атқардық. Бір ғана факт: соңғы бес жылда таза ауызсуды пайдаланатын халықтың үлесі 99 пайызға жетіп, таза ауызсуды тұтыну көлемі екі есеге өсті. Бір мың шақырымнан астам су құбырлары салынды, жаңғыртылды және күрделі жөндеу жүргізілді, қырық су тазарту имараттары (ВОС), кәріз жүйелері, сорғы стансасы, фильтрлеу стансалары қондырылды. Атырау қаласының кәріздік-тазалау имараттары КОС кешенінің құрылысы жалғасуда. Түптеп келгенде, бұлар – тұрғындар денсаулығына оң әсер ететін басты факторлардың бірі.

     Электр  энергетикасының сенімді және тиімді жұмыс жасауы үшін бүгінде аймақты  электр энергиясымен қамтуды 100 пайызға  жетті.

     Бұрын электр қуатынан басқа көздерді пайдаланған  кезде өңірдің экожүйесіне түсетін  салмақтың, ауаның қалай ластанғаны белгілі. Бұл да қоршаған ортаға тікелей әсері бар маңызды шара.

     Атырауды  абаттандыру — басты мақсат.

     Соның ішінде абаттандыру бойынша көптеген шаралар жүзеге асты. Қаланың күре тамырына айналған көшелерге гүлзарлар  жасалып, мыңдаған тал көшеттері отырғызылды, газон егілді. Елді мекендердің бәрін абаттандыру, жарықтандыру, табиғи тастан төсем төсеу жұмыстары қарқынды жүруде. Жайық бойын, саябақтар мен аллеяларды, субұрқақтар (фонтандар) мен алаңдарды қалалықтар демалып, сер-уендейтін тамаша орындарға айналдырып, безендірілуде.

     Сондай-ақ, баяғыдан тоқтап тұрған жағалауды бекіту жұмысын соңғы екі жылда жандандырып, жағалаудың 10 шақырымын бекітілді. Сөйтіп, Жайық жағалауы тазарып, адамдардың серуен құрып демалатын көрікті орнына айналуда.

     Жағалауды бекіту тек су тасқынынан қорғау ғана емес, сондай-ақ әртүрлі ағынды лас су көздерінің өзенге құйылмауынан сақтау, сол арқылы қаланың тұсында Жайықтың санитарлық тазалығын да қамтамасыз ету болып табылады. Бұл да сәтімен жүзеге асып жатқан, қоршаған ортаға орасан зор әсері бар экологиялық шаралардың бірі.

     Сонымен қатар, қатты тұрмыстық қалдық-тарды  көму үшін жаңа полигон салынды. Өндіріс орындарының қоршаған ортаға, атыраулықтардың денсаулығына зияны қандай, осыған кешенді тексеру басталды. Каспий теңізінің жануарлар әлемі мен оның биологиялық алуан түрлілігін дамыту бойынша 3 жылдық зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

     Халықтың  саулығын арттыру мақсатында сала бойынша  соңғы кезеңде қала мен аудандарда 4 тубдиспансер, көптеген ауруханалар, емханалар мен емдеу мекемелері салынып, бұрынғы нысандарға күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңартылды. Материалдық-техникалық база жақсартылды. 

     Жер планетасының барлық жануарлар дүниесі  мен адамзат баласы үшін тіршілік көзі – таза ауа. Ол — тек өсімдіктер дүниесінен ғана бөлініп шығатын оттегі. Бізді қоршаған тропосфералық ауа қабатының 20,9 %-ы осы оттегіден тұрады. Оны бөліп шығаратын негізгі жасыл фабрика – көпжылдық ағаштар. Халқымызға талай ғасырлар бойы қорған болған орманды «Қара орманым» деп қастерлеп келген. «Көзіңді қалдыр – бұлақ көзін аша жүр, ізіңді қалдыр – жақсы істен мұра шаша жүр, өзіңді қалдыр – бақша өсіріп, жаса нұр», — деп, ата-бабаларымыз артына өсиет қалдырған.

     Бұл тұрғыда жасыл желектің елді мекен  тұрғындарының өміріне тигізер  әсерін, көрсетер пайдасын айта кетейік. Ең басты фактор — өңірдегі сын көтермейтін экологиялық ахуалдың зардаптарын шегіп отырған жергілікті халықтың денсаулығын арттыру. Бұл арқылы көптеген ауруларды жоюға болатынын ғалымдардың өздері дәлелдеп, алға тартып отыр.

     Адамды, жан-жануарларды күннің аптап ыстығынан, желден, шаңнан қорғайды. Жердің ыза суының деңгейін төмендетеді, топырақтың тұздануын азайтады. Маңыздысы, шаң-тозаң-ды, көмір қышқылын жұтып, түрлі аэрозолдардан тазартып, адамның денсаулығына оң әсер етіп, аса қажет иондармен толтырады, ауадағы оттегі қорын толықтырады. Одан басқа, ағаш - құрылыс, жиһаздар материалы, құстар мен аңдардың мекені. Сондай-ақ, елдің, жердің, ауылдың, қаланың, даланың көркі. Ата-бабаларымыз аңызақ даламызға көрік беріп, жалғыз-жарым жүрген жолаушыға көлеңке болған жапан түздегі жалғыз ағаштың өзін, пайдасы мол деп танып, оған балта шабуға тыйым салып, қастерлеген.

     Бұрын Атыраудағы жасыл желектің, ағаш-теректің жағдайы кім-кімге де белгілі. Әр жерде тозып, қурауға айналған ескі теректер, жасыл шөп деген мүлде жоқ, бұтарланып жабайы түрде өскен алабұта мен итошағаннан, тікенектен басқа шөп атаулы көрінбейтін еді. Оны әлі тұрғындар ұмыта қоймаған шығар. Саябақ деген аты ғана бар, қаладағы жалғыз демалыс орнының өзі жабайы баққа айналып, жай адам жақындай алмайтын, қылмыскерлер мен бұралқы ит-мысықтың ғана мекені болған.

     Одан  бері қазір қаланы көгалдандыру және абаттандыру бойынша біраз жұмыс  атқарылды: жалпы мақсаттағы жасыл  желектердің негізгі бөлігі ағаштарға, талдарға және көк алаңдарға берілген. 2007 жылы бір тұрғынға шамамен 3,26 мың м2 жасыл желек келсе, өткен жылы бұл көрсеткіш бес мың шаршы метр құрады.

     Отырғызылған  жас көшеттердің саны 4 жылда 23 мыңнан асты. Бүгінде Атырау аумағының орман  қоры 0,44 пайызды немесе 52 449 гектарды құрайды. Негізгі орманды алқаптар Жайық, Қиғаш, Ойыл, Жем өзендерінің бойында орналасқан.

     Дегенмен, жоғарыда аталған қоршаған ортаға келтіріліп жатқан зиянды азайту, табиғаттың ахуалын  түбегейлі жақсарту үшін көгалдандыру жұмыстары өте мардымсыз. Облысымыз бойын-ша орман-тоғай, көкмайса шабындықтарды қалпына келтіру жұмысы әлі де баяу жүріп жатыр. Олардың ауаны толық тазартуы үшін қуаты жетпейді. Бұл үшін батыл, нақты нәтижеге бағытталған шешімді шара қажет. Сондықтан үлкен істі бастап, көгалдандыру, қала мен даланы гүлдендіруді қолға алып, бұрын-соңды болмаған тың жоба — алдағы он жылға көгалдандыру бағдарламасын жүзеге асырылуда. Бұл үлкен қаражатты талап етеді.

     Осы жаңа жобаны іске асыруға өз ұсыныстарын  беріп, ниет білдіріп отырған кәсіпкерлер  бар. Негізінен жұмысты жүргізетіндер осы бағытта мол тәжірибесі бар, өз ісін жетік білетін кәсіби мамандардан құралған компаниялар болмақ. Олар бастапқы қаржыны өздері салып, отырғызылған әр шыбық тал 5 метрге өсіп, әр шаршы метр газон жерсініп, жұмыстарының нәтижесін іс жүзінде көрсеткеннен кейін бір-екі жылдан соң қаражаты төленеді. Бұл жобада бюджеттің қаражаты небары 15-20 пайызды ғана құрайды. Ал қалғанын кәсіпорындар мен шетелдік компаниялардың экология, табиғат қорғау шараларына бөлінетін қаржы есебінен төлеу көзделуде. Бүгінгі күнде жер қойнауын игеруші компаниялардың табиғат қорғауда атқарған жұмыстарының мардымсыз.

     Атырау  — қысы қатаң, жазы жұтаң, жері сортаң, тұзды аймақ. Ауасы құрғақ, күннің қарқындылығы өте жоғары. Ең қиыны, топырақтағы тұздың көлемі ағаш өсетін қалыпты жағдайдан 70 есе артық. Жер қойнауының су қосындысы сортаң мен батпақты құрайды. Осының салдарынан егілген көшеттің бәрі бірдей тамыр жайып кете алмайды. Жалпы, орташа жылдық жауын-шашын деңгейі – 200-300 мм. Ал ағаштардың қалыпты өсуі үшін жылына бұл көрсеткіш 700 мм құрауы керек.

Информация о работе Атырау экологиясы