Автор работы: Пользователь скрыл имя, 20 Февраля 2013 в 19:16, реферат
Балқаш көлінің жалпы сипаттамасы. Балқаш – Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тұйық көл. Аумағы жөнінен Каспий, Арал теңіздерінен кейінгі үшінші орында. Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарының шегінде, Балқаш-Алакөл ойысында, теңіз деңгейінен 340 м биіктікте жатыр. Ауданы құбылмалы: 17 – 22 мың км², ұзындығы 600 км-ден астам, ені шығыс бөлігінде 9 – 19 км, батыс бөлігінде 74 км-ге жетеді.
Балқаш көлінің жалпы сипаттамасы
Балқаш экологиясы
Балқаш проблемасы
Балқаш көлінің экологиялық ахуалы
Жоспар:
Балқаш көлінің жалпы сипаттамасы. Балқаш – Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тұйық көл. Аумағы жөнінен Каспий, Арал теңіздерінен кейінгі үшінші орында. Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарының шегінде, Балқаш-Алакөл ойысында, теңіз деңгейінен 340 м биіктікте жатыр. Ауданы құбылмалы: 17 – 22 мың км², ұзындығы 600 км-ден астам, ені шығыс бөлігінде 9 – 19 км, батыс бөлігінде 74 км-ге жетеді. Суының көлемі шамамен 100 – 110 км3. Су жиналатын алабы 500 мың км²-ге жуық. Орташа тереңдігі 6 м, ең терең жері 26 м. Балқаштың батыс бөлігіне Іле (жер бетімен келетін судың 78,2%-ын береді), шығыс бөлігіне Қаратал (15,1%), Лепсі (5,4%), Ақсу (0,43%) өзендері құяды. Солтүстіктен ағатын Аягөз, Бақанас, Тоқырауын, Жәмші, Мойынты, т.б. өзендер әдетте көлге жетпей сарқылады. Көлдің солтүстік жағалауы Сарыарқаның ұсақ шоқылы тау сілемдерімен ұштасып жатқандықтан, биік жарқабақ болып келеді және көптеген жыра-жылғамен тілімденген, ал оңтүстік жағалауы – суы біртіндеп тартылған кезде жиналған шөгінділерден пайда болған құмды ойпат. Көлдің көптеген шығанақ, қойнаулары бар, аралдары аз, үлкендері: Басарал, Тасарал. Балқаш туралы алғашқы жазба деректер 13 ғасырдан белгілі. Көлді тиянақты зерттеу 17 ғасырда басталды. Орыс картографы және тарихшысы Семен Ремезов 1695 жылы «Бүкіл Сібір жері мен қалаларының сызбалары» («Чертежи всех сибирских городов и земель») атты атласында Балқашты «Теңіз» деген атаумен көрсеткен. 18 ғасырдың басында көлде геодезиялық өлшеу жұмыстары жүргізілді. Балқаш 19 ғасырда Клапроттың (1836) және швед картографы Иоганн Ренаттың (Жоңғарияның картасын жасаған) карталарында бейнеленді. Пауль Рихтгофен (1877) мен Александр Гумбольдтың (1844) еңбектерінде Балқаш туралы деректер бар. Балқашты зерттеуге Ресей ғалымдары да (Иван Мушкетов, Лев Берг, т.б.) ат салысты. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановта Балқаш алабын зерттеп, сипаттаған. 1920 жылдан бастап Балқаш көлін кешенді зерттеу басталды, көптеген экспедициялар ұйымдастырылды.
Көлдің экологиялық жағдайын,
суының химиялық құрамын, өсімдік, жануарлар
дүниесін, алабының физикалық-географиялық
сипатын зерттеумен 1970 – 90 жылдары
ххҚазақстан Ғылым
Балқаш экологиясы. Балқаш көлі алабындағы табиғи ресурстарды (әсіресе, су қорларын) тиімсіз пайдаланудың нәтижесінде Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағында 20 ғасырдың аяғында қалыптасқан табиғи, әлеуметтік және экономикалық жағдай. Оны негізгі 2 себеп тудырды. Ішкі себеп – Қапшағай су электр стансасының салынуына байланысты (1970) Іле өзені арнасының бөгелуі. Оған дейін Балқаш көлінің экологиялық тепе-теңдігін көлге құятын өзендер суы мен көл айдынынан буланған ылғал мөлшерінің тұрақтылығы қамтамасыз ететін. Жыл сайын көл алабындағы 15,0 км³ су қорының 11,9 км³-і (80%) Іле өз-мен келсе, қалған 3,0 км³ су көлдің батыс бөлігінен шығыс бөлігіне ығысады. 1970 –1985 жылдардағы Балқаш көліне құятын өзендер суының жалпы ағымы 14,9 км³-ден 11,8 км³-ге кеміді, яғни көл жылына шамамен 3,0 км³ су жоғалтып отырды. Көл алабынан алынатын су мөлшері жылына 7,0 – 8,0 км³-ге дейін өсті, оның 6,5 км³ суы егін суғаруға, Қапшағай және басқа да бөгендерді толтыруға жұмсалды. Булануға кететін шығыны жылына 2,0 км³-ге жетті. Осы себептерден 1970 жылдан су деңгейі күрт төмендеді. 1986 жылдың аяғында көл деңгейінің абсолют биіктігі 340,54 м болды. Көл деңгейінің құлдырау жылдамдығы жылына 15,6 см-ге жетті, бұл көрсеткіш 1908 – 1946 жылдардағы төмендеу жылдамдығынан (9,2 см/жыл) біршама жоғары. Іле өзені атырауындағы батпақты-сулы алаптардың 2/3 бөлігі қысқарды. Қапшағай СЭС-і іске қосылған соң, тасқын су шығымы 1600 – 1800 м³/с-тан 700 – 800 м³/с-қа дейін төмендеді. Электр стансасы қажетіне байланысты су ағымы жылдам өзгеретін (0 – 1000 м³/с) болды. СЭС-тен төмен қарай өзен тасындылары (судағы қатты заттар) тоқтап, олар толығымен Қапшағай бөгенінде шөгетін болды. 1986 жылдың аяғында Балқаш көліне құятын Іле өзенінің тармақтарынан Шұбарқұнан, Иір, Базарбай және Қалғаніле ғана қалды. Су шығымының 90%-ы тек Иір тармағымен қосылған Қоғалы тармағына жинақталып, бір арнаға айналды. Кезінде суы арнасына сыймай жататын Жиделі тармағы шөгіндіге тола бастады. Көлдің оңтүстік жағалауындағы балықтардың уылдырық шашу аймағы түгелдей жойылып, атыраудағы 15 көл жүйелерінен тек 4 – 5-еуі ғана қалды. Осының салдарынан жыл сайын ауланатын балық мөлшері 17 – 18 мың тоннадан 10 – 11 мың тоннаға дейін төмендеп, балық сапасы да нашарлады. Мысалы, бұрын негізінен сазан ауланатын болса, кейін ауланатын балықтың 90%-ын табан, жайын, көксерке, т.б. құрады. Ал аты әйгілі көкбас, Балқаш қарабалығы 1970 жылдан бері кездеспейтін болды. 1980 жылдан бастап көлдегі балықтар судағы пестицидтер мөлшерінің көбеюінен жаппай фибриалды саркома (қатерлі ісік жаралары) кеселімен ауыра бастады. Көл суының минералдығы күрт өсті. Балқаш металлургия кәсіпорындарының өндіріс қалдықтарының әсерінен суда ауыр металдар (мыс, мырыш, қорғасын, кадмий, т.б.) мен күкірт оксидтерінің мөлшері көбейді. Балқаш алабынан атмосфераға түсетін әр түрлі газдардың көлемі жылына 250 мың тоннаға жетті. Бұл газдар көл бетінен буланған ылғалмен қосылып, жерге қайтадан қышқыл жаңбыр болып жауады. Жауын-шашынның минералдығы 3 еседен астам өсті. Құрғап қалған аумақтардан көтерілген шаң-тозаңның әсері биік таулы аймақтардағы мұздықтардың еріп, ұсақтануына әкелді. Мысалы, 1974 жылдан бері Іле Алатауындағы аум. 1 км²-ден астам 86 ірі мұздықтың 6-уы ғана қалды. 1980 – 1990 жылдры Іле – Балқаш табиғи-шаруашылық жүйелеріне кешенді ғылыми-зерттеу жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша берілген ұсыныстарға сәйкес, Қапшағай бөгенінің деңгейі 10 метрге төмендетілді, сөйтіп, көлемі 2 есеге (28 км³-дің орнына 14,5 км³) кеміді де, жер суғаруға алынатын су мөлшерінің өсуі тоқтатылды. Осы шаралар Балқаш көлінің деңгейін тұрақтандырғанмен, су сапасы жылдан-жылға нашарлады. Сыртқы себеп – Балқаш алабындағы су қорының жартысына жуығы Қытай мемлекетінің аумағында қалыптасады.
Балқаш проблемасы. Балқаш көлі алабында да қүрделі экологиялық жағдай қалыптасып отыр. 1970 жылы Балқашқа құятын Іле өзенінде Қапшағай бөгені мен су электр станциясының (СЭС) салынуы Іле-Балқаш су шаруашылығы кешенінде бетбұрыс кезең болды. Іле өзенінің гидрологиялық режимі өзгеріп, жалпы Іле-Балқаш алабындағы экологиялық жағдай өзгере бастады. Қапшағай су торабын жобалау кезінде Іле өзенінің атырауындағы табиғат кешенінің жағдайы ескерілмеді. Соның нәтижесінде онда тіршілік ететін жануар дүниесіне (ондатр, балық, т.б.) және ауыл шаруашылығына көп зиян келеді. Ақдала алқабын суландырып, күріш егу жобасы да толық жүзеге аспай қалды. Қыруар қаржы текке жұмсалды. Іле өзенінің атырауы кеуіп, оның кері әсері Балқаш көліне тиді. Суармалы алқаптардың көлемінің есепсіз кеңейтілуі, төменгі Іле қоңыр көмір кен орнын игеруді бастау көлдің болашағы үшін қауіпті. Болжау бойынша, ХХЫ ғасырдың басында, көлдің батыс бөлігінің мүлде кеуіп, шығысының тұзды шалшыққа айналуы мүмкін. Бұл өз кезегінде Балқаш маңындағы ландшафтылар мен экологиялық жағдайларды түбірімен өзгертіп, тіршіліксіз шөлге айналдырады. Көл деңгейінің төмендеуі оның суының шамадан тыс минералдануына әкеп соғуда. Бұл, бір жағынан, егістік далалардан көлге қайта келіп құятын су құрамында әр түрлі тұздардың көп болуына байланысты. Сонымен қатар алаптағы өзгерістер Балқаш маңы аймағының климат жағдайларына да әсерін тигізеді. Су айдынының тәуліктік температураны, ауа ылғалдылығын реттеуші ретіндегі әсері өз күшін жояды. Ғалымдардың болжауынша, Балқаштың тартылуы Батыс Сібір мен Қазақстандағы географиялық зоналардың шекараларын өзгертуі мүмкін.