Литосфера және жер қыртысы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Февраля 2012 в 19:00, реферат

Описание

1. Литосфера және оның даму заңдылықтары

2. Жер қыртысы

3. Жердің ішкі құрылысы

Работа состоит из  1 файл

география.doc

— 111.50 Кб (Скачать документ)

Интрузивті жыныстарға гранит, габбро жатады. Жер қыртысындағы жарықтар бойымен қатқан интрузивті жыныстар түзілу ерекшелігіне байланысты түрліше пішінге ие болады. Пішіні күмбез тәрізді болып келетін интрузивті жыныстардың ауданы 200 км2-ден асатын ірі түзінділерін батолиттер, ал неғұрлым шағындарын лакколиттер деп атайды. Беткі жыныстардың біртіндеп үгілуі мен шайылуы нәтижесінде жалаңаштанған интрузивті түзінділер таңғажайып мүсіндерге айналады. Осындай айрықша табиғат ескерткішінің бірі — Қырым түбегіндегі Аю-Даг батолиті.

Эффузивті жыныстарды кейде жанартаулық жыныстар деп те атайды. Олардың қатарына: базальт, жанартаулық туфтар мен шынылар, пемза жатады. Магмалық тау жыныстары жер қыртысының 60%-ға жуығын құрайды. Металл кен орындарының көпшілігі магмалық жыныстармен байланысты қалыптасқан. Ресей жеріндегі темірдің аса ірі кен орны — Курск Магнит Аномалиясы магмалық жолмен пайда болған. Сол сияқты, алтын мен алмас желілері де магмалық жыныстардың енуімен байланысты таралады.

Тау жыныстарының екінші бір үлкен тобын шөгінді жыныстар құрайды. Олар жер қыртысы массасының 10%-ға жуығын құрап, жер бетінің 75%-ын жауып жатыр. Қалыптасқан орнына қарай оларды: континенттік және теңіздік деп бөледі. Шөгінді жыныстар физикалық, (механикалық), химиялық және биологиялық үгілу нәтижесінде пайда болады. Шөгінді жыныстардың ең көп таралғандары — сазды (50%), құмды және карбонатты жыныстар (45%). Жер шарындағы пайдалы қазбалардың 3/4 белігінің қалыптасуы шөгінді жыныстармен байланысты. Мұнай, табиғи газ, минералды тұздардың кен орындары шөгінді жыныстар таралған аудандарға ғана тән. Сол сияқты темір, марганец, алюминий кендері, шашыранды күйіндегі алтын, платина және алмас та үгілу нәтижесінде шөгінді жыныстар арасында жинақталады.

 

Жоғары температуралар мен қысым әсерінен магмалық және шөгінді жыныстардың минералдық құрамы мен құрылымы елеулі езгеріске түсіп, олардан метаморфтық жыныстар қалыптасады. Метаморфизм деп аталатын бұл процесс нәтижесінде минералдардың кристалдық торы түгелдей қайта құрылады: гранит қайта кристалданып — гнейске, құмтас — кварцитке, әктас немесе доломит — мәрмәрға айналады. Сондай-ақ өздеріңе таныс таскөмір де ағаш сүрегінің метаморфтық процесс нәтижесінде өзгеруінен пайда болады. Бұл тау жыныстарының түзілуі көптеген бағалы және сирек кездесетін металл кендерінің, алтын, уран, графиттің, құрылыс материалдарының, әсіресе асыл тастардың кен орындарының пайда болуына негіз болады. Ресей жеріндегі Орал тауында метаморфтық жыныстармен байланысты түзілген минералдар кеңінен таралған.

 

Литосфера

Жер бетінің басым көпшілігін (70,8%-ын) дүниежүзілік мұхит құрайды. Құрлықтар теңіз деңгейінен орта есеппен 875 м биіктікте орналасқан. Ең биік жері Гималайдағы Джомолунгма шыңы (8848 м), ең төмен жері Батыс Азияда — Өлі теңіз жағалауында орналасқан Гхор ойысы (–395 м). Жер беті 6 ірі құрлықтан (Австралия, Антарктида, Африка, Еуразия, Оңтүстік Америка және Солтүстік Америка) және көптеген аралдар тобынан тұрады. Құрлықтардың басым көпшілігі Солтүстік жарты шарда (61%) орналасқан. Жерді Батыс және Шығыс жарты шарларға бөліп қараса, онда құрлықтардың көп бөлігі Шығыс жарты шарда болады. Жер бетінің 60%-ға жуығын абсолюттік биіктігі 1000 м-ге дейінгі жазықтар мен аласа таулар құраса, 40%-дан астамын орта және биік таулар құрайды.

 

Атмосфера

Жердің «қатты» қабатын (гидросфераны қоса) атмосфера қабаты қоршап жатыр. Ол Жермен бірге айналады және оның құрамы, негізінен, азот (78,08%-ы) пен оттектен (20,95%-ы) тұрады.

Атмосферадағы ауаның жалпы массасы 5,15•1015 тонна. Жер бетінен жоғарылаған сайын оның қысымы мен тығыздығы кемиді. Атмосфера бірнеше қабаттардан тұрады. Жер бетінен биіктеген сайын

тропосфера,

стратосфера,

мезосфера,

ионосфера,

термосфера,

экзосфера деп ажыратылады.

 

Олар бір-бірінен температуралық, физикалық және химиялық қасиеттерімен ерекшеленеді. Атмосфера қабаты Жер бетіне келіп түсетін Күн сәулесінің радиациясын ұстап қалады. Көмір қышқыл газ және су буының әсерінен Жерден жылу шығару мөлшері төмен болады.

 

Биосфера

Тіршілік Жерде бұдан 3 – 3,5 млрд жыл бұрын материяның күрделі эволюциялық өзгеруі нәтижесінде пайда болған. Оған Жер бетіндегі физикалық және химиялық жағдайлардың қолайлылығы септігін тигізді. Жердің тірі организмдер мекендейтін қабатын биосфера деп атайды. Биосферада Жердегі биологиялық зат айналымы үздіксіз жүріп тұрады. Жерде екі миллионға жуық өсімдіктер мен жануарлар түрі бар. Түр жағынан жануарлар басым болса, биомассасының көлемі бойынша өсімдіктер басым. Жануарлар мен өсімдіктердің ең көп тараған аймағы – жылы әрі ылғалды тропиктік ормандар, ең сирек жері – құрғақ және ыстық тропиктік шөлдер, Арктиканың және Антарктиданың мұз қапсырып жатқан өңірлері. Құрлықтағы биомасса (6,5•1012 тонна) мұхит биомассасынан жүздеген есе көп деп саналады.

 

Географиялық белдеулер

Жер бетінде өтетін процестердің негізгі энергия көзі – Күннің электрмагниттік радиациясы. Жер бетіне секундына 1,7•1017 Дж Күн сәулесінің энергиясы түседі. Осы энергияның, шамамен 50%-ы мұхит пен теңіздің беткі қабатына, топырақ пен өсімдікке, ішінара атмосфераға сіңіп, бірқатар өзгерістерден кейін атмосфераның инфрақызыл сәулесіне айналып кеңістікке тарайды. Қалған бөлігі атмосферадан, бұлттан, Жер бетінен шағылып кейін қайтады.

Күн сәулесі Жер бетіне әр түрлі бұрыш жасап түсетіндіктен тропиктерден полюстерге қарай кеми береді. Нәтижесінде ендіктік климат және географиялық белдемділік қалыптасады. Жер шарында бір экваторлық, екі-екіден (Солтүстік және Оңтүстік жарты шарларда) субэкваторлық, тропиктік, субтропиктік, қоңыржай белдеулік, сонымен бірге субтропиктік және арктикалық (Солтүстік жарты шардың жоғарғы ендіктерінде), субантарктикалық және антарктикалық (Оңтүстік жарты шардың жоғарғы ендіктерінде) климаттық белдеулер бар. Олар өзара температуралық, климаттық, ландшафттық жағдайларымен ерекшеленеді.

Жер бетіндегі жылдық орташа температура 14,8°С-ты құрайды. Егер атмосфера қабаты болмаса, Жер бетіндегі орташа температура –23°С болар еді. Ең ыстық аймақ Солтүстік Африка (Ливия) мен Солтүстік Америкада (АҚШ, Ажал аңғары). Бұл аймақтарда температура 57 – 58°С-ты көрсетеді. Ең төменгі температура (–90°С) Антарктиданың орталық бөлігінде байқалған. Жер шарындағы жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 1000 мм шамасында. Жауынның көп түсетін аймағы – Шығыс Үндістанның тропиктік аудандарында (Гималайдың оңтүстік беткейлері, жылына 12000 мм), ең аз жауатын жері (бірнеше мм, кейде жыл бойы жауын-шашын түспейді) субтропиктік және тропиктік шөлдерде, Антарктида мен Арктиканың жоғарғы ендіктеріндегі мұзды шөлдерде тіркелген. Жердің климаты әр түрлі геологиялық дәуірлерде өзгеріп отырған. Жердің Күн жүйесіндегі басқа планеталардан ерекшелігі – мұнда тіршілік бар.

 

Географиялық қабығы

Жердің құрылымы және құрылысы жағынан ең күрделі бөлігі – оның географиялық қабығы. Ол атмосфераның төменгі қабатын, литосфераның беткі қабатын, бүкіл гидросфера мен биосфераны қамтиды. Олардың арасында зат және энергия алмасуы тоқтаусыз жүріп жатады. Географиялық қабықтың қалыңдығы бірнеше километр ғана болғанымен онда табиғи ландшафтының орасан кеңістіктік дифференциясы байқалады. Олар арктикалық және антарктикалық мұзды шөлдер, тундра, тайга, аралас және жалпақ жапырақты ормандар, орманды далалар, далалар, шөлейттер, шөлдер, субтропиктік жерортатеңіздік ландшафтысы, муссонды ормандар, саванналар, гилеялардан, т.б. тұрады. Таулы жерлерде ландшафт түрлері биіктік белдеулік бойынша таралады. Жер бетінің 30%-ын ормандар, 20%-ға жуығын саванналар мен сирек ормандар, 20%-ға жуығын шөлдер мен шөлейттер, 10%-дан астамын мұздықтар және 10%-ға жуығын әр түрлі табиғи ландшафтар, қалған 10%-ын жыртылған жерлер мен урбандалған аумақтар алып жатыр.

Адамның пайда болуымен байланысты Жерде тіршіліктің саналық формасы (ноосфера) қалыптасты. Нәтижесінде, адамзат табиғаттың барлық құраушылары мен ландшафттарына антропогендік қысым түсіре бастады. Адамның қоршаған ортаға экологиялық, экономикалық, т.б. әсерлері жылдан-жылға ұлғайып, жаһандық сипат алуда.

Жерді көптеген ғылымдар зерттейді:

Геодезия – Жердің мөлшері мен пішінін зерттесе,

астрономия – оны аспан денесі ретінде қарастырады;

геофизика – Жер геосферасындағы физикалық процестерді және заттық күйін;

геохимия – химиялық элементтердің Жер қойнауында таралуын;

геология – Жердің даму тарихын, құрылымын;

физикалық география мен биология — географиялық қабықтағы және биосферадағы табиғи процестер мен құбылыстарды зерттейді.

Ядро шекарасында бойлық сейсмикалық толқындардың таралу жылдамдығы 13,6 км/с-тен 8,1 км/с-ке дейін кемиді, субядро шегіне таяу 11,2 км/с-ке дейін артады. Субядродағы сейсмикалық толқындардың таралу жылдамдығы тұрақты. Жердің физикалық қасиеттері мен температурасы тереңдеген сайын өзгереді. Геосфераны құрайтын жыныстар үнемі қозғалыста болады және өзгеріп отырады, бұл процесс, әсіресе, сұйық және газды қабаттарда өте жақсы байқалады. Жер қойнауында және бетінде болатын барлық процестер эндогендік және экзогендік болып екіге бөлінеді. Экзогендік процестер бұзушы (үгілу, өзен және мұз эрозиясы, жел мен жер асты суларының әрекеті, т.б.) және түзуші (құрлықтық ойыстардың, тау жыныстарының жаралуы) болып ажыратылады.

Жер қыртысына әсер етуші эндогендік процестердің жиынтығы тектоникалық процестер, ал олар байқалған қабаттар тектоносфера деп аталады. Тектоникалық процестер магмалық әрекеттердің барлық түрлерімен тығыз байланысты. Құрлықтардағы экзогендік процестер Жер бетіндегі биіктіктер мен ойпаңдар бойынша анықталады. Ішкі және сыртқы процестердің өзара байланысы Жер бедерін қалыптастырады. Жер бедерін түзуші факторларға Жер бетіндегі ауырлық күшінен туатын гравитациялық процестер, Жер – Күн – Ай жүйесінің өзара тартылыс күштері де әсер етеді. Ішкі күштер Жер бедерінің басты элементтерін түзеді, ал сыртқы күштер оларды бұзып өзгертеді.

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиет

 

↑ География: Дүниежүзіне жалпы шолу. ТМД елдері. Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық/ Ө. Бейсенова, К. Каймулдинова, С. Әбілмөжінова, т.б. — Өңд., толықт. 2-бас. — Алматы: Мектеп, 2010. — 304 б., сур.ISBN 978-601-293-170-9

 

↑ Қазақ энциклопедиясы,3 том

 

↑ http://kk.wikipedia.org/wiki/



Информация о работе Литосфера және жер қыртысы