Автор работы: Пользователь скрыл имя, 15 Февраля 2012 в 19:40, реферат
Қытайлар (өз атаулары – Хань, Ханьзужэн, Хуа, Хуажэн) – ұлт, Қытай Халық Республикасының негізгі халқы. Жалпы саны 1 миллиард. 300 миллион-нан астам. Қытайлар Сингапурда, Таиландта, Малайзияда, Индонезияда, Филиппинде, Мьянмада, сондай-ақ АҚШ –та, кейбір Батыс Еуропа елдерінде де тұрады.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ
ҚАЗАҚ ГУМАНИТАРЛЫҚ ЗАҢ УНИВЕРСИТЕТІ
РЕФЕРАТ
ТАҚЫРЫБЫ: Ежелгi
Қытай мемлекетiнiң құрылысы
мен құқығы
Астана-2011 жыл
Ежелгi Қытай мемлекетiнiң құрылысы мен құқығы.
Қытайлар (өз атаулары – Хань, Ханьзужэн, Хуа, Хуажэн) – ұлт, Қытай Халық Республикасының негізгі халқы. Жалпы саны 1 миллиард. 300 миллион-нан астам. Қытайлар Сингапурда, Таиландта, Малайзияда, Индонезияда, Филиппинде, Мьянмада, сондай-ақ АҚШ –та, кейбір Батыс Еуропа елдерінде де тұрады. Антропология жағынан моңғол тектес нәсілдің Тынық мұхит бұтағына жатады. Солтүстік қытайлар арасында шығыс азиялық топ, ал оңтүстік қытайларда оңтүстік азиялық топтардың түрлері басым. Қытайлардың этногенезі мен тарихы күрделі. Кейбір этнограф ғалымдардың айтуынша, қазіргі қытайлар этносы хань-тибет, малайя-полинезия, мопкхмер, тохар және алтай тілдерінде сөйлейтін көшпелі халықтардың араласуынан қалыптасқан. Синологияда ең көп тараған ғыл. пікір бойынша, қытайлардың арғы этникалық тегі Хуаньхэ өзенінің орта және төменгі аңғарында б.з.б. 4 – 3-мыңжылдықта Яншао, Луншаннеолит мәдениетін жасаушы тайпалар болған. Б.з.б. 21 – 8 ғасырларда осы аймақтарда көптеген ұсақ мемлекеттер өмір сүрді. Бұлар әр түрлі тайпалардан құрылды. Батыс Чжау әулеті билеген дәуірде Хуанхэ мен Янцзы (Чанцзян) өзендерінің орта, төменгі аңғарларындағы әр түрлі тайпалар ұзақ уақыт аралас өмір сүріп, Хуа және Ся, кейінірек біртұтас Хуася атты этнологиялық қауымдастыққа айналды. Бұл атау оңтүстіктегі Мань, шығыстағы И, солтүстік пен батыстағы Ди және Жун (Роң) сияқты көшпелі тайпаларға тарады. Қытайда б.з.б. 3 ғасырға дейін біртұтас мемлекет қалыптасқан жоқ. Бұл дәуірде Чанцзяннан оңтүстікке қарай Юэ тайпалары өмір сүрсе, батысы мен солтүстікнде үнді-арий және алтай тілдес көшпелі халықтар мекендеген. Қытайлардың ата-бабалары бұл халықтармен өте тығыз қарым-қатынаста болып, олардың материалдық және рухани мәдениетінің көптеген белгілерін қабылдады. Әсіресе динлин, ғұн-дунху, юечжи-тохар, тағы басқа көшпелі халықтардан металл өңдеуді, арбаны пайдалануды, атқа салт мінуді, соғыс өнерін, тағы басқа үйренді. Чжанго дәуірінде Қытайда бір-бірімен жауласқан жеті бірдей патшалық өмір сүрді. Солардың ішіндегі ең қуаттысы Цинь Шихуанди б.з.б. 221 жылы өзге алты патшалықты өзіне бағындырып, Қытай тарихындағы тұңғыш біртұтас мемлекет – Цинь империясын құрды. Бірақ көп ұзамай, б.з.б. 206 жылы билікке Хань әулеті келді. Қытай ұлтының негізгі этнологиялық құрылымы осы кезеңде қалыптасты. Қазіргі қытайлардың этнологиялық атауы – Хань да осы әулеттің атымен байланысты. 3 – 6 ғасырда қазіргі Қытай жерінде бір-бірімен ымырасыз күрескен көптеген патшалықтар қатар өмір сүрді. Бұлардың бірсыпырасын түркі, моңғол тектес тайпалар құрды. 618 – 907 жылы Тан империясы билік құрған Қытайдың ең елеулі әрі мәдениетінің өркендеген мерзімі болып есептелді. Хань дәуірінде пайда болған Ұлы Жібек жолының рөлі артып, солтүстіктегі және батыстағы көршілес елдермен саяси-мәдени байланыстары күшейді. Бұл кезеңде қытайлар этнология жағынан да біртұтастанып, нығая түсті. 10 – 13 ғасырларда қытайлар бөлшектенген жағдайда өмір сүрді. Таза Қытай әулеттері елдің орталық және оңтүстік аймақтарына үстемдік етті. Ал қазіргі Солтүстік Қытайда көшпелі түркі, моңғол, тағы басқа халықтардың мемлекет бірлестіктері бірінен соң бірі ауысып жатты. Олардың ішіндегі ең қуатты мемлекеттер – қидандар құрған Ляо (916 – 1125), шүршіттер құрған Цзинь (1115 – 1234) және таңғұттар құрған Ся (1032 – 1227) әулеттері болды. 1271 – 1363 жылы Қытайда Шыңғысханның немересі Құбылай негізін қалаған Юань әулеті билік етті. 1368 – 1644 жылы Мин әулеті мемлекет билікті қолға алды. 1644 – 1911 жылы маньчжурлік Цин әулеті тұсында Қытайдың қазіргі шекарасы қалыптасып болды. Соңғы рет қытайлар 1949 жылы ҚХР құрылғаннан кейін бірікті. Қытайларды әлем халықтары әр түрлі атайды. Шетелдіктер (негізінен ағылшын тілді елдер) Chіna, мұсылман елдері Чин, ал түркі, славян тектес елдер Қытай деп атайды. Chіna, Sіna, Чин атаулары ежелгі қытайдағы Цинь империясының атауынан шыққан. Жалпы түркі тектес елдер Қытайды тарихтың әр кезеңінде билік басына келген әулеттердің атымен атаған. Ежелгі ғұндар мен сақтар Қытайды Чин деп атаса, көне түркілер Табғаш елі (Солтүстік Қытайды билеген түркі тектес тобашы Вэй әулеті), Оңтүстік Қытайды Шин-Машин деп, ал моңғол тектес қидандар билеген кезден бастап Қытан, кейін Қытай деп атады. Бұл атау түркілер арқылы Шығыс Еуропаға таралды. 16 – 18 ғасырларда қазақтар Қытайды билеуші әулет шүршіт атымен де атаған. Елде біртұтас дін қалыптаспаған. Дао (даосизм) дінінің қағидаларын халықтың көпшілігі мойындамайды. Әрі дін, әрі филос. ілім болып саналатын конфуцийшілдікті (конфуцианство – жуцзяо) көбінесе билеуші және зиялы қауым өкілдері ұстанды. Б.з. 2 ғасырында Орталық Азиядағы Кушан патшалығынан Шығыс Түркістан арқылы Қытайға будда діні таралған. Буддизм қытай мәдениетіне, философиясына, әдебиетіне, архитектурасы мен бейнелеу өнеріне күшті ықпал етті. Орта ғасырлар мен жаңа заманда қытайға арагідік зорастризм, ислам, христиан (католик, несториан, манихей) діндері де таралып, өріс жайды. ҚХР-да тұратын қытай халқының 70 пайызы ауыл шаруашылығында еңбек етіп, тары, күріш, бидай, жүгері, мақта, соя, шәй өсірумен айналысады. Көкөністің 100-ден аса түрі бар. Негізгі ұлттық тағамдары күріш пен ұннан, балық, құс етінен (тағы басқа жәндіктерден), мал, шошқа етінен жасалады. «Желінбейтін нәрсе жоқ, тек аспаз соны дәмді етіп пісіре білсін» деген мақал қытай тағамдарының ерекшеліктерін көрсетеді. Қытайлар ұлттық киімдерінде ерлер мен әйелдердің сырт киімдерінің үлгі пішімі ұқсас, тек кейбір жеке бөліктері ғана өзгеше. Отбасында ерлердің рөлі басым. Дәстүрлі ұлттық мерекелері – қытайдың күнтізбесі бойынша жаңа жылдың басы – Көктем мерекесі (Чуньцзе) аса салтанатты жағдайда өтеді. Ол қаңтардың 21-нен ақпанның 19 аралығына тура келеді. Ай күнтізбесі бойынша 4-айда өтетін Цинмин (таза жарық) мерекесінде ата-баба аруағына мінәжат етеді. Бұдан басқа да 5-айдағы «Дуакоу» және 8-айдағы Чжунцю (орта күз) мерекесінде шаруашылыққа, діни нанымға қатысты ғұрыптық іс-шаралар өткізіледі.
Қытай тілі
Қытай – Тибет тілдері тобына жатады, Тайвань, Сингапур, Малайзия, тағы басқа елдерде қолданылады, 1,5 миллиардқа жуық халық күнделікті қарым-қатынаста пайдаланады. Қытай тілінің басты ерекшеліктері: 1) Қытай тілінде төрт үн бар, мағына үн (тон) арқылы анықталады; 2) әрбір иероглиф бір буын болып есептеледі; 3) жалаң буынды сөздер жиі кездеседі, күрделі сөздер көп түбірден құралады, бірақ морфолагиялық түрлену болмайды; 4) сөздердің орын тәртібі мен шылаулар қолданысы негізінде грамматикалық мағына айқындалады. Тарихи жазбаларға қарағанда Қытай тілінің диалектілері мұнан 2500 жыл бұрын байқалған. Ұсақ диалектілер көп болғанымен, негізінен үлкен жеті топқа бірігеді: олар – Солтүстік, У, Шияң, Гань, Кыжия, Юэ және Минь. Қытай әдеби тілі солтүстік. диалекті негізінде қалыптасқан. Осы тіл мен ортақ иероглиф болмаса әр диалектіде сөйлейтіндер бір-бірін еркін түсіне бермейді. 12 – 13 ғасырларда кітаби тіл – Байхуавин (жаңаша әдеби тіл мағынасында) қалыптасты, «Су бойында», «Оқымыстылар шежіресі», «Қызыл сарай түсі» сияқты көркем туындылар осы тілде жазылған. Қытай тілін жаңаша ғылыми түрде зерттеу Ма Цзянь Чжунның «Ма Ши Вань ун» (1898 жылы) атты грамматикалық еңбегінен басталады.
Қытай жазуы
Қытай жазуы– қытай халқының жазу жүйесі. Қытай жазуы морфема – логографтық жазу саналады. Көне қытай тілінде сөздер бір буынмен, яғни бір ғана иероглифпен жазылса, кейін көп буынды – бірнеше иероглифті сөздер саны ұлғайып, бір буынды сөздер көп буынды сөздердің түбір морфемаларына айналған. Қытай жазуы Дауынкоу өңірінен табылған алғашқы жазудан (қыш ыдыстағы жазу) басталады, бес мыңжылдық тарихы бар. Археологиялық зерттеулер жазудың қытайдың Инь-шан дәуірінде (б.з.б. 2140 – 1711) пайда болғандығын көрсетті. Хань дәуірі тұсында түрліше жазылып жүрген иероглифтер бірізділікке түсті. Қытай жазуы дамудың үш түрлі кезеңін бастан кешірді: 1) сауыт-сүйек жазуынан қола, Дачуан, Шиау жуан жазуларына дейінгі дәуір; 2) Шиау жуаннан Линшу үлгісіне дейін; 3) Линшу жазуынан Жие шу, Сау шу, Шиң шу уақыты және жазудың бергі дәуірі. Иероглифті зерттеу ертеден басталды, бірақ қазірге дейін қытай жазуында қанша иероглиф бар екені нақты анықталмаған. Б.з. 100 – 121 жылы Шүй-Шин жасаған «Шуо вын жие зы» сөздігінде 9353 иероглиф қамтылған, Цинь патшалығы тұсында (1644 – 1911) Жаң Шу құрастырған «Каң ши» сөздігінде 47035 иероглиф бар. Қытай – жапон сөздігінде 48902 иероглиф, «Қытай тілінің үлкен сөздігінде» 49905 иероглиф қамтылған (Тайвань, 1968). Ғалымдар қазір иероглифтер саны 60 мың шамасында деп болжайды.
Қытай философиясы
Қытай философиясы - Қытай халқының дәстүрлі философиялық білімдер жүйесі. Қытай философиясының пайда болу тарихы б.з.б. 1-мыңжылдықтан бастау алады. Қытай философиясы діннен гөрі дәстүр аясында дамыды. Ежелгі Қытайда Чжау әулеті тұсында аспан (Тянь) жоғарғы бастама болып, аспан-жер қатынасы құндылық тұрғысынан қарастырылды. Осыдан келіп ел, мемлекет мағынасын білдіретін «Аспан асты» («Тянь ся») ұғымы қалыптасты. Қытай философиясы екі мектеп (бағыт) түрінде пайда болды: даосизм (дао цзя) және конфуцийшілдік философиясы (жу цзя). Кейін басқа мектептер: легизм (фа цзя), моизм (мо цзя), атаулар мектебі (мин цзя), ньян мектебі (иньян цзя), тағы басқа қалыптасты. Жаңа дәуір басында Қытайға таралған Махаяна буддизмі даосизммен бірігіп, Қытайдағы философия мен діннің үшінші тармағы болған қытайлық буддизмді (чань-буддизм) құрады. Елдің әлеуметтік-мемлекеттіл құрылымының түбірлі өзгеруі нәтижесінде мемлекет басқаруға философтарды қатыстыру мен философтар академия құрудың өзі ертедегі Қытайда философияның мемлекеттік сипатта болғанын көрсетеді. Өзінің филосoфиялық ұстанымдарын алғаш ұсынғандардың бірі Конфуций (б.з.б. 6 – 5 ғ.) негізін қалаған конфуцийшілдік ілімі Хань дәуірінде негізгі идеологияға, біртұтас жүйеге айналды. Буддизм мен даосизмнің қоғамдық рөлдерінің өсуі конфуцийшілдік ілімнің доктриналарын жаңа тұрғыдан қарастырып, оның рөлін арттыруға себеп болды. Конфуцийден кейін оның шәкірттері ұстазының этикалық, әлеуметтік, онтолагиялық-гносеолды түсініктерін дамытты. Бір-біріне қарама-қарсы ілімді Мэн-цзы мен Сюнь-цзы ұсынды. Мэн-цзының пікірінше, адамның табиғаты о бастан қайырымды; адамгершілік, ақылдылық, данышпандық, әділеттілік адамға дене мүшелері сияқты берілген. Сюнь-цзының ойынша, адам табиғатынан – зұлым, яғни адам туғаннан бастап пайда табуға, тән рақатына ғана талпынады, ал жақсы қасиеттер адам бойына оқудың, тәрбиенің арқасында ғана сіңеді. Мэн-цзы «адамгершілікпен басқару» («жэнь чжэн») теориясын жасаса, Сюнь-цзы басқарушыны тамырмен, халықты жапырақпен салыстырып, басшының мақсаты өз халқын бағынышта ұстауда деп есептеген. Конфуций ілімінің негіздерін, әсіресе әлеуметтік сатылаудың мызғымастығы жөніндегі теориясын қатал сынға алған Мо-цзы (б.з.б. 5 ғ.) болды. Ол дүниедегі бақытсыздық пен тәртіпсіздіктің бәрі адамдар арасында мейірімсіздіктен туады, «баршаның мейірбандылығы» принципі адамдарды теңдікке жеткізіп, қоғамда әділеттілік орнатады деп уағыздады. Мо-цзы басқыншылыққа, соғысқа қарсы шығып, дәстүрге айналған «Тәңір құдіретіне» сенуді жоққа шығарды, мемлекет басқару орындарына адамның ата-тегіне қарамай, оның іскерлігіне, даналығына байланысты тағайындаған дұрыс деп санады. Ол қарапайым халықты ақсүйектермен теңестіруге тырысып, өкімет пен халықты бірлікке, ортақ мүддеге шақырды. Қытайда даосизм стихиялы материализм сипатында қалыптасты. Бұл ілім «Дао дэ цзин», «Чжуан-цзы» атты кітаптарда баяндалған. Даосизм бүкіл табиғатқа тән объективті жалпы заңдылық «дао» («жол») бар деп дәлелдейді. Даосизмнің негізін қалаушылар Дао-цзы және Чжан-цзы адамның іс-әрекетіне шек қоятын заңдар мен ережелерге (Конфуцийдің моральдық ережелері) қарсы шығады. Даосизм идеяларымен толықтырылған конфуцийшілдік б.з.б. 136 жылдан 1912 жылға дейін Қытайда ресми идеология болып, қытай халқының мәдени-рухани өмірінің өзегіне айналды. Б.з.б. 1 ғасырда Қытайда буддизм діні таралып, төрт ғасыр аралығында толығымен енді. Бастапқыда буддизм қытайлық филосафия дәстүрлердің қарсылығына кездесті. Буддизмді уағыздаушылар өздерінің қарсыластарымен пікірталас кезінде буддизм ұстанымдарын емес, қытайлық рухани дәстүрдің буддизмдік дәстүрлермен сәйкестігін сөз етті. Олар өз тұжырымдарының дұрыстығын дәлелдеу үшін Лао-цзы, Конфуций, Чжау-цзыға жүгінді. Яғни, қытай философиясын буддизм тұрғысынан талдады. Буддизм даосизм философиясының табиғилық, әрекетсіздік, барлық заттардың теңдігі туралы идеяларын қабылдап, өз ілімін жетілдірді. Конфуцийшілдік пен даосизм буддизмге қарсы тұрғанымен, оның кейбір элементтерін бойына сіңірді. Даосизм буддизмнің салт-жоралары мен әдет-ғұрпын қабылдауының нәтижесінде соңынан балгерлік пен сәуегейліктің бір түріне айналып, философиялық ағым ретінде мәнін жоғалтты (3 ғ.). Конфуцийшілдіктің буддизм философиясының идеалистік-рационалистік рухын бойына сіңіруі нәтижесінде неоконфуцийшілдік пайда болды (12 ғ.). Неоконфуцийшілдік ілімінің тууына Ван Тун, Хань Юй, Ли Ао идеялары себепкер болды. Бұл ілім алдына негізгі 2 міндетті қойды: конфуцийшілдік ілімді қалпына келтіру және буддизм мен даосизм көтерген мәселелерді нумерологияның методологияның көмегімен шешу. Бұл мәселені бірінші болып шешуге тырысқан Чжоу Дуньидің идеялары жүз жылдан соң Чжу Си шығарм-нда шешімін тапты. Чжу Си ілімі 20 ғасырдың басына дейін конфуцийшілдік ілімді түсіндірудің негізі болды. Кейін оның ізбасарлары дамытқан конфуцийшілдік ілімі жаңадан пайда болған мемлекет басқарудың бюрократиялық түрінің ерекше құқықтарына теория негіз болып, мемлкет ресми идеологияға айналды. 17 – 18 ғасырлар философиясы Конфуций мен Мэн-цзының «киелі кітаптарына» түсіндірмелер жазумен шұғылданып, Чжу Си мен Чжан Цза немесе Ван Чуань-шань идеялары төңірегінде дамыды. 19 ғасырда Қытайда әлеуметтік реформа мен ағартушылықтың саяси идеологиясы пайда болды. Қытай реформаторлары (Кан Ю-вэй, Лян Ци-чао, Тань Си-тун) абсолюттік монархияны конституциялық монархиямен ауыстыруды талап етті. Олар мемлекет пен халық арасында жарасымды қатынасты орнату тұжырымдамасын ұсынды. Қоғамдық құрылысты революциялық жолмен өзгертуге қарсы шығып, халықты конфуцийшілдік этика нормаларында тәрбиелеуді қуаттады. 20 ғасырда Қытайда саяси филосафия мен әлеуметтік теориялар (ағылшын философы Г.Спенсердің позитивтік эволюционистік идеялары) кең өріс алды. ҚХР-дың құрылуымен Қытай философиясында бірден бір теория негіз – марксизм ілімі, диалект. және тарихи материализм
Тарихы
Б.з.б. 140 – 87 жылы конфуцийшілдік ресми идеологияға айналды. Хань әулеті тұсында бірыңғай қытай халқы қалыптасты. Халық өзін ханьдықтармыз деп атай бастады. Бірақ 184 жылы 20 жылдан астам уақытқа созылған көтерілістен Хань әулеті құлап, үш патшалық құрылды. Хань әулетімен бірге Қытайда құл иеленушілік қатынастар да жойылып, жаңа қоғамдық қатынастар (феодализм) орнады. Солтүстік Қытайды көшпелі тайпалар басып алды. Елде түрлі кезеңдерде қытайлық емес 16 патшалық құрылды. 589 жылы ел Суй әулетінің төңірегіне қайта бірікті. 618 жылы оның орнына Тан әулеті келді. Қытай елі қайта гүлденді. Империя түрлі бағытта басқыншылық соғыстар жүргізді. 630 жылы Шығыс Түрік қағандығын жойды. 8 ғасырдың бас кезінде Жетісуға басып кіріп, 751 – 52 жылы Атлах шайқасында арабтар мен жергілікті түркі тайпаларының одағынан күйрей жеңілді. 10 ғасырдың басына қарай Тан империясы ыдырап, 960 – 1279 жылы Оңтүстік Қытайды Сун әулеті біріктірді. Солтүстікте, солтүстік-шығыста, солтүстік-батыста көшпелі тайпалар билеген мемлекеттер өмір сүрді. Олар бір-бірімен және Сун әулетімен үздіксіз соғыстар жүргізді. 13 ғасырдың бас кезінен Қытайды Шыңғыс хан билеген түркі-моңғол тайпалары жаулап ала бастады. 1271 жылға қарай Шыңғыс ханның немересі Құбылай бүкіл Қытайды өзіне бағындырып, Юань әулетінің негізін қалады. 14 ғасырдың 2-жартысында Юань әулеті биліктен кетіп, орнына қытайлық Мин әулеті келді. 16 ғасырда Қытайға еуропалықтар келе бастады. 1551 жылы Португалия Аомэн (Макао) жерін жалға алады. Миссионер-иезуиттер келіп, христиан дінін уағыздай бастады. 17 ғасырда солтүстікүстіктен көшпелі тайпалардың шабуылы күшейді, аса ірі шаруалар көтерілістері басталды. Мин әулеті биліктен кетіп, өкімет көтерілістерді басу үшін көшпелі маньчжур билеушілерінен көмек сұрауға мәжбүр болды. Билікке маньчжурлік Цинь әулеті (1644 – 1911) келді. Жаңа әулет Қытайды қайта біріктірді. 17 ғасырдың аяғына қарай олар Халханы (қазіргі Моңғолияны) жаулап алды, 1757 жылы жоңғар хандығын жойды, Шығыс Түркістан Шыңжаң (жаңа шекара) деп аталды. 18 ғасырдың аяғына қарай Тибет алынды. Осы кезден Цинь әулеті дағдарысқа ұшырай бастады. 19 ғасырда Қытайға еуропалықтардың әсіресе ағылшындардың экспансиясы күшейді. 1840 – 42, 1856 – 60 жылы еуропалықтармен арада «апиын соғыстары» болды. Жеңіске жеткен Англия, Франция, АҚШ өкіметтері елдің кейбір аралдарын алды. Солтүстікте пайда болған қуатты көрші Ресеймен шекара белгілене бастады. Халықтың тұрмысы күрт төмендеді. 1850 – 64 жылы елде аса ірі шаруалар көтерілісі болып, еуропалықтардың көмегімен зорға басылды. Шеткі аймақтарда да халық көтерілістері болып жатты. Оның ішіндегі ең ірілері 1862 – 77 жылы болған дүнгендер мен ұйғырлардың көтерілістері еді. 1860 – 70 жылы Қытайда капиталисттік қатынастар дами бастады. Жаңа экономикалық орталықтар (Шанхай, Ухань, тағы басқа) құрылды. Цинь империясы дағдарысқа ұшырап, Англия, Германия, Жапония, Франция, Ресей, АҚШ, тағы басқа елдер Қытайды өзара бөліске сала бастады. Халық тұрмысының нашарлығымен шетелдіктердің үстемдігі төңкерісшіл қозғалыстардың күрт күшеюіне алып келді. 1898 жылы басталған Ихэтуаньдар көтерілісі шетелдіктердің көмегімен басылып, Қытайдың ішкі-сыртқы саясатына толық бақылау орнатылды. 1911 – 13 жылы елде Синьхай революциясы болып өтті. Цинь әулеті биліктен кетіп (1912 жылы 12 ақпан), оңшыл күштер билікке келді. Бірақ Қытай жартылай отар ел ретінде қалып қойды. 1-дүниежүзілік соғыс жылдарында (1914 – 18) Жапония еуропа елдердің өзара соғысып жатқанын пайдаланып, Қытайға жаңа талаптар қойды. Жаңа үкімет ол талапты мойындап, Жапонияға тәуелді елге айнала бастады. 1917 жылы Ресейдегі Ақпан революциясынан кейін елде Сунь Ятсен басқарған ұлт-азаттық қозғалысы басталды. Қозғалыс Оңтүстік Қытайда жеңіске жетіп, Сунь Ятсен Кеңес өкіметіне хат жазып, «империалистерге» қарсы бірлесіп күресуді ұсынды. 1923 жылы ақпанда, Кеңес өкіметі Сунь Ятсен басқарған Гоминьдан партиясының өтініші бойынша Қытайға саяси, әскери кеңесшілер, қару-жарақ, тағы басқа көмек жібере бастады. 1927 жылы 18 сәуірде Гоминьдан партиясының оңшыл қанаты әскери төңкеріс жасап, билікті өз қолдарына алды. Оған қарсы 1921 жылы іргесі қаланған Қытай Коммунистік партиясы (ҚКП) бірқатар көтерілістер ұйымдастырды. Сөйтіп, солтүстік. Аудандарда ҚКП-ның басшылығымен Қытай Қызыл Армиясы мен Кеңестер деп аталатын өкіметтік органдар құрылды. 1930 – 36 жылы Гоминьдан өкіметі солтүстікке үздіксіз жорықтар жасап, ҚКП -ның базасын жойып жіберуге тырысты. 1931 жылдан бастап Жапония Қытайды жаулап алуға кірісті. Солтүстік-шығыс Қытайды басып алған жапондар орталық аудандарға ұмтылды. 1937 жылы шілдеде Жапония Қытайды толық жаулап алу үшін шабуылға шықты. Олар Солтүстік, Орталық Қытайдың едәуір бөлігін және Оңтүстік Қытайдағы теңіз порттарын басып алды. 1945 жылы 8 тамызда Кеңес өкіметі Жапонияға соғыс жариялап, Солтүстік-Шығыс Қытайды және Ішкі Моңғолияны азат етті. КСРО жапондардан қолға түскен қару-жарақтар мен әскери техниканы ҚКП-на беріп, оны күшейтіп жіберді. 1946 жылы басталған ҚКП мен Гоминьдан өкіметі арасындағы азамат соғысы, 1949 гоминьдан әскерлерінің талқандалып, Тайвань аралына қашуымен аяқталды. 1949 жылы 1 қазанда Қытай Халық Республикасы жарияланды. 1950 жылы 14 ақпанда кеңес-қытай келісімі жасалып, ол бойынша КСРО ҚХР-ға 300 миллион доллар көлемінде көмек көрсетті. 1953 – 57 жылы тағы да бірқатар келісімдерге қол қойылып, КСРО Қытайға 125 ірі өнеркәсіп орындарын салуға көмектесті. 50 жылдардың 2-жартысынан бастап Мао Цзедун бастаған ҚКП басшылығы ұлтшылдық бағыттағы саясатты күшейтті. «Үлкен секіріс» саясатын жүргізді. Аз ұлттарға қысым күшейді. 1960 жылдан бастап кеңес-қытай шекарасы жиі бұзыла бастады. 1966 – 76 жылы «мәдени революция» саясатын жүргізді. «Үлкен секіріс» және «мәдени революция» жылдарында мыңдаған адамдар репрессияға ұшырады. Мао Цзедун қайтыс болғаннан (1976) кейін, 1978 жылы желтоқсан айынан бастап ҚКП ОК елде Дэн Сяопиннің басшылығымен экономикалық реформалар жүргізе бастады. Бұл реформа нәтижесінде ҚХР экономикасы тез дамып, халықтың тұрмысы күрт жақсарды. Қытай әлемдегі жетекші елдермен бәсекеге түсе бастады. 2003 жылы күзде ҚКП ОК басшылығы ауысып, билікке жаңа буын өкілдері келді (Бұрынғы басшы Цзян Цзэминнің орнына Ху Цзиньтао тағайындалды).
Қытай тарих ғылымында қабылданған қысқа реттік кесте
Жылдар Мемлекет (әулет) Б.з.д. б.з.д. 2357. — б.з.д. 2255 до н. э. Аты аңызға айналған Яо билеуші
б.з.д. 2255 — б.з.д. 2205 Аты аңызға айналған Шунь билеуші
б.з.д. 2205 —б.з.д. 1766 Аты аңызға айналған Ся әулеті
б.з.д. 1766 —б.з.д. 1122 Аты аңызға айналған Шан-Инь әулеті
б.з.д. 1122 —б.з.д. 247 Чжоу әулетінің дәстүрлі мерзімдері
б.з.д. 246 —б.з.д. 207 Цинь әулетінің дәстүрлі мерзімдері
б.з.д. 206 —б.з.д. 220 Хань әулетінің дәстүрлі мерзімдері (в том числе Западная Хань — с 206 до н. э. по 25 н. э., Восточная Хань — 25 — 220 н. э.)
Біздің заманымыз 220 — 264 Вэй әулеті
265 — 420 Цзинь әулеті (Батыс Цзинь: 265 — 316, Шығыс Цзинь: 317 — 420)
420 — 479 Сун әулеті
479 — 501 Ци әулеті
502 — 556 Лян әулеті
557 — 588 Чэнь әулеті
589 — 618 Суй әулеті
618 — 907 Тан әулеті
907 — 959 Бес әулеттің заманы
960 — 1279 Сун әулеті
1280 — 1368 Юань әулеті (моңғол)
1368 — 1644 Мин әулеті
1644 — 1911 Цин әулеті (манчжур)
Мәдениеті мен ғылымы
Б.з.б. 6 – 3 ғасырларда конфуцийшілдік, моизм, легизм мектептерінің қалыптасуы нәтижесінде Қытай философиясы пайда болды. Қытай халқы жаратылыстану және техникалық ғылымдарының дамуына елеулі үлес қосты. Көптеген маңызды ғылыми- техникалық жаңалықтар Қытайда басқа елдерден (соның ішінде Еуропа елдерінен де) бірнеше жүз жыл бұрын пайда болған (компас, сейсмоскоп, спидометр, қағаз, оқ-дәрі жасау, кітап шығару, тағы басқа). Математика Қытайда Хань әулеті тұсында-ақ дами бастаған. Ең көне жұлдыздар каталогін (807 жұлдыз) б.з.б. 4 ғасырда Ши-Шэн құрастырған. Күннің тұтылуы туралы ең алғашқы мәлімет Қытайда б.з.б. 720 жылы жазылған. Б.з.б. 138 – 126 жылы Чжан Цяньның Орта Азияға саяхат жасауы қытайлықтардың елдің батыс жағындағы халықтарды зерттеуіне мүмкіндік туғызды және «Ұлы Жібек жолы» арқылы керуен жүргізіп, сауда жасауына жол ашты. Сун дәуірінде (960 – 1279) Қытай араб елдерімен, Кореямен, Үнді-қытаймен және оңтүстік аралдармен теңіз арқылы сауда жасауды күшейтті. Осыған байланысты Қытайда кеме жасау, теңіз қатынасы өрістей бастады. Медицина тарихы Қытайда 3000 жылға созылады. Медицинадағы ең көне кітап – «Нэйцзин» Қытай медицинасының дамуында үлкен рөл атқарды. Тұңғыш «фармакология» кітабы Қытайда жазылды. Инемен емдеу әдісі Қытай медецина әдебиетінде Сун дәуірі деректерінде кездеседі. Қытай дүние жүзінде бірінші болып селитраны оқ-дәрі жасауға пайдаланды. 16 ғасырда Қытайда оқ-дәрі шығарыла бастады. 3 – 5 ғасырларда фарфор өндіру игерілді. Б.з.б. 6 ғасырда дүние жүзіндегі ең үлкен канал салу жұмысы басталып, ол 13 ғасырда Пекин мен Ханчжоуды су жолымен жалғастырды. Екінші бір үлкен құрылыс – Қытай қорғаны. Қытай халқының дүниежүзілік өркениетке қосқан аса зор үлесі – қағаз жасау (2 ғ.). Кітап шығару тарихы Қытайда 5 – 6 ғасырларға саяды. Қытайда кітапты 2 түсті баяумен басу 1340 жылы жүзеге асырылды. 20 ғасырдың басына дейін Қытайда оқу жүйесі ертедегі классик. конфуцийшілдік діни кітаптарды оқытуға негізделіп келді. 1902 – 03 жылы оқу жүйесінде тұңғыш реформа жасалып, еуропалық үлгідегі мектеп жүйесі қалыптасты. 1953 жылдан негізгі ғылыми бағыттардың бірі ядролық физика мен энергетика саласындағы зерттеулер болды. 1964 жылы қазанда Қытайда тұңғыш рет ядролық құрылғы сыналды (жер бетінде). Ал 1967 жылы маусымда бірінші рет термоядролық құрылғы сыналды. 1966 жылы кезекті атомдық сынау кезінде басқару тетігі бар ракета қолданылып, ол бірнеше жүз километр қашықтыққа ұшты. 1970 жылы Қытай бірінші рет Жердің жасанды серігін (ЖЖС), ал 1971 жылы 2-ЖЖС-н ұшырды.
Мәдени мұралары
Ұлы Қытай қорғаны (қытай Ваньли чанчэн – он мың шақырымдық қамал) – Қытайдағы ежелгі қорғаныс құрылысы. Қытай қорғанының құрылысы Қытай тарихындағы Чуньцю («Көктем және күз» б.з.б. 770 – 476 жылы) және Чжаньго («Жауласқан патшалықтар» б.з.б. 475 – 221 жылы) заманында салына бастаған. Ол кезде Хуанхэ алқабында жеті шағын патшалық жеке-дара өмір сүрді. Олар өздерінің солтүстік-ндегі ғұн және дунху сияқты көшпелі тайпалардан қорғану үшін өз шекараларына қорғаныс қамалдарын тұрғыза бастады. Б.з.б. 221 жылы тұңғыш император Цинь Шихуанди өзге алты патшалықтың басын біріктіріп, біртұтас Қытай империясын құрды. Ол әр патшалық тұрғызған үзік-үзік қорғаныс қамалдарын бір-біріне жалғастырып салдырды. Оның ұзындығы 5000 километрге жетті. Хань империясы заманында қорған-қамалдар шығыста Ляодун түбегінен батыста Линьтаоға (қазіргі Ганьсу провинциясының жерінде) дейін жеткізілді. Қорғаныс қамалдарының бұзылып, бүлінген жерлерін Қытайды билеген әрбір патшалық жөндеп, қалпына келтіріп отырды. Әсіресе Мин әулеті солтүстігіндегі көршілері – шүршіттер (маньчжур) мен моңғолдардан қорғану үшін сол заманның ең озық техникасын пайдалана отырып, биік тау жоталары мен шатқалдарына және шөл далаға дейін қорғаныс қамалдары мен бекіністерін салдырып, қорғанды ұзарта түсті. Шығыста Бохай теңізінің жағасындағы Шаньхайгуань бекінісінен батыста Ганьсу провинциясындағы Цзяюйгуань бекінісіне дейін созылып жатқан қорғанның жалпы ұзындығы 10000 километрге жетті. Қытай қорғанының бүгінгі күнге дейін бүлінбей жеткен 5000 километрден астам бөлігі сол Мин дәуірінде жөнделіп, жаңадан тұрғызылған. Мұның негізгі бөліктерінің орташа биіктігі 7 – 8 метр, табанының ені 6,5 метр, үстіңгі жағының ені 5,8 метр. Қорғанның үстінде әр 100 метр сайын 2 – 3 қабаттан тұратын қарауыл мұнарасы салынған. Онда гарнизон сарбаздары тұрған, әрі қару-жарақ, оқ-дәрі сақталған. Ал қорғаныс шебінің ең маңызды деген тұстарында ірі бекіністер, ішкі өткелдер бар. Қорғанның ішкі, ал кейде сыртқы жағынан тау жоталарының үстіне аралары белгілі қашықтықты сақтай отырып салынған дабыл мұнараларында күндіз түтін түтетіп, түнде алау жағу арқылы бір-біріне белгі беріп отыратын болған. Осы тәсілмен бір сағаттың ішінде 500 километр алыс жерге әскери дабыл беріп, қауіп-қатерді хабарлай алған. Екі жарым мың жылдан астам тарихы бар Қытай қорғаны адамзаттың сәулет өнері тарихындағы ғажайып кереметтердің бірі. Ол Қытай тарихында белгілі дәрежеде әскери қорғаныстық және Ұлы Жібек жолындағы сауда-саттық байланысында қауіпсіздік рөлін атқарды. Алайда солтүстіктегі көшпелі жауынгер халықтарға ол ешқандай тосқауыл бола алған жоқ. Ғұндар, түріктер, қидандар, моңғолдар мен шүршіттер (маньчжурлер) қорғаннан өтіп, отырықшы елдермен емін-еркін саяси, мәдени және сауда байланыстарын жүргізді, әуелі олар Қытай жерінде Вэй (таб-ғаш), Ляо (қидан), Юань (моңғол), Цинь (маньчжур) империяларын құрып, Қытайды көптеген ғасыр биледі. 1961 жылы ҚХР үкіметі қорғанның көптеген тұстарын қайта қалпына келтіріп, мемлекет қорғауына алды, ал 1987 жылы ол адамзаттың мәдени құндылығы ретінде ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мәдениет және табиғат ескерткіштері тізіміне кіргізілді.
Информация о работе Ежелгi Қытай мемлекетiнiң құрылысы мен құқығы