Исатай Тайманұлы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 11 Октября 2011 в 18:54, реферат

Описание

Тайманұлы Исатай (1791-1838) – 1836-38 жылдары Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшысы, халық батыры. Кіші жүз Байұлының Беріш руынан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы.

Работа состоит из  1 файл

ИСАТАЙ ТАЙМАНҰЛЫ.docx

— 34.86 Кб (Скачать документ)

Исатай батыр мен ақын Махамбет бүкіл Кіші жүзді аралап, патша өкіметінің отарлық саясатын және солардың қолшоқпары хандар мен сұлтандардың халыққа жасап отырған озбырлығын шаруаларға түсіндіріп, оларды қолдарына қару алып, өздерінің азаттығы үшін күреске шығуға шақырды. Сол мақсатпен Исатай Махамбетпен бірге Маңғыстауға барып, оның билеушісі Қ.Есімовпен күш біріктіруге уағдаласады Сонымен бірге Хиуа ханы Қайыпқали Есімовке патша әскерлерін тойтару үшін 20 мың әскер беруге уәде етеді. 

Кіші жүздегі көтерілісті ұйымдастыру барысында Исатай батырдың ел-елдің басын біріктірген шебер дипломат болғандығын байқаймыз. Мысалы, көтерілістің негізгі ошағы болған әлімдер мен Маңғыстау адайлары арасында көптен келе жатқан кикілжің болған. Көтеріліске қатысушы адайлық сарбаздардың Әлім жеріне келетін болуына байланысты Исатай Әлімдер мен Адайларды өзара келістіріп, татуластырады. Маңғыстау адайлары мен түрікмендердің арасында да көптен бері келіспеушілік болады. Ресейдің отарлық саясатына қарсы азаттық көтеріліске аттанған адайлардың тылын қауіпсіздендіру мақсатында Исатай түрікмендермен келіссөз жүргізіп, адайлар мен түрікмен-дерді де мәмілеге келтіріп, келістіреді. 

И.Тайманұлы  бастаған көтерілісшілерге батыр Жоламан Тіленшиев  би Жүсіп Құланов бастаған сарбаздар қосылады. Адай, Шеркеш, Таз, Шөмекей, Табын, Кете руларынан Исатай мен Қ.Есімовтың қоластына 3000-дай адам жиналады. 

Патша өкіметі И.Тайманұлының басқаруымен Кіші жүздің батыс бөлігінде болып жатқан халық наразылығының одан әрі өршуінен қауіптеніп, оны басудың қамына кіріседі. Өйтпеген жағдайда бұл көтеріліс Кіші жүзге қарай жақындап келе жатқаи* Кенесары Қасымов басқарған ұлт-азаттық көтеріліске ұласып, патша өкіметінің отаршылдық езгісіне қарсы халық-азаттық соғысқа айналуы әбден мүмкін еді. Егер оқиға дәл осылай өрбісе, онда Ресей империясының 19-ғасырдың 60-жылдарында Қазақстанды отарлауды аяқтауының өзі неғайбыл жағдайға айналған болар еді. Осыны ескерген Орынбор генерал -губернаторы 1838 жылғы шілде айының басында подполковник Геке басқарған зеңбіректермен қаруланған әскерлерді Исатайларға қарсы аттандырады. Сонымен бір мезгілде Горск қамалынан бір топ әскерді бастап Баймағанбет Айшуақов та шығады. Жазалаушылардың екі тобы 10 шілдеде Үлкен Қобда өзеніне жақын жерде кездеседі.

Баймағанбет сұлтан әдейілеп жіберген Балта деген алдаушының сөзіне сеніп қалған аңғал Исатай батыр қасына 500 сарбаз алып, сұлтан Б.Айшуақовтың ауылын шаппақшы болып, негізгі қолдан бөлініп шығады. Жазалаушы әскерлердің келіп жеткендігінен бейхабар Исатайлар тобы 1838 жылғы 12 шілде күні Ақбұлақ өзенінінң жағасында Геке мен Баймағанбет сұлтанның біріккен әскерінінң үстінен шығады. Әскер күші жағынан тең емес шайқаста Исатай батыр бастаған көтерілісшілер асқан ерлік көрсетеді. Алайда, мұнда да Тастөбедегі сияқты ұрыс тағдырын зеңбіректер шешеді. Зеңбірек оғы түскен жерлерден атты сарбаздар бытырай қашады. Исатайдың атына да оқ тиіп, ол казактармен жаяу шайқасады. Махамбет пен Үбі Исатайға өз аттарын тосса да, "ат артына мінгесіп, елге күлкі болғанымнан өлгенім артық, одан да балаларымды сақтаңдар, өздерің қашып құтылыңдар",-деп оларды ілгері жібереді. Ақбұлақ өзенінің жағасындағы кескілескен шайқаста Исатай батыр да, оның 16 жасар ұлы Оспан да қаза табады. Осы шайқастың басы-қасында болған Исатайдың 14 жасар ұлы Досмағанбет астындағы атының жүйріктігі арқасында Махамбетпен бірге жау қолына түспей, құтылып кетеді.

Исатай батыр 12 шілде күні қапылыста қаза тапқаннан кейін, көтеріліс одан әрі дамымай, сарбаздар жан-жаққа бытырап кетеді. Қ.Есімов жазалаудан қорқып, Хиуаға қашады.

Осылайша, бас-аяғы 6 айға жетпейтін қысқа уақытты қамтыған аумағы мен сарбаздардың саны жағынан Бөкей хандығындағы көтерілістен асып түсетін бүкіл Кіші жүз даласын дүр сілкінткен батыр Исатай Тайманұлы бастаған халық-азаттық көтеріліс жеңіліске ұшырайды. Ол заманда басқаша болуы мүмкін де емес еді. Көтерілісшілерге хан өкіметі мен сұлтандар, патша үкіметінің жақсы қаруланған, арнайы дайындықтан өткен әскерлері қарсы тұрды. Көтерілісшілер Қазақстанның басқа аймағындағы, соның ішінде К.Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық қозғалыспен байланыс жасап үлгермеді. Көтерілісшілердің қарау-жарағы да мейлінше нашар болды. Нақты бағдарламаның болжамауы ұйымшылдықтың жетіспеуі де жеңіліс себептерінің бірі болды.

И.Тайманұлы  бастаған көтеріліс жеңілгенмен, ол Қазақстанның батыс бөлігінің Ресей империясы құрамында кейінгі дамуында терең із қалдырды. Бұдан былай алым-салықтың мөлшерін жылдан-жылға көтере беруге белгілі дәрежеде шек қойылды; патша үкіметінің көтерілісті қолдаған қазақ ауылдарының старшындарымен санасуына тура келді; Ішкі Ордадағы хандық биліктің жойылуы тездеді.

Көтеріліс басшысы Исатай Тайманұлы басынан өткен көптеген ауыр әрі қауіпті оқиғаларға мойымай асқан қайсарлық көрсетіп, өз жауларымен өмірінің ақырына дейін алысып өтті. Тек Исатай ғана "өлгенінше көпті соңына ерте алды" (Х.Досмұхамедов). "Тып-тыныш әлемде,-деп жазды орыс журналисі Н.Савичев,-қап-қара тұнық аспанда кейде жарқырап, зулап, жан-жағына отын шашып, жұртты таңқалдырып келе жатқан метеорды көресің. Тап осы метеор сияқты жарқын бейнелі, абзал, терең ақыл-ойдың иесі, халық қамын ойлаған қажырлы батыр -Исатай".

Қазақ кедейлерінінң көсемі И.Тайманұлының есімі - мәңгі халық есінде. Ақтөбе облысының Қобда ауданында Исатай батыр мен оның баласы Оспанға шайқас болған жерде ескерткіш орнатылған. Атырау облысы Исатай ауданының орталығы Аққыстауда да Исатай батырдың ескерткіші бар. Атырау қаласындағы орта мектепке, Миялы селосындағы орта мектепке, Жұмыскер селосындағы орталау мектепке батырдың есімі берілген. Батырдың туған жеріндегі "Тайман жалы" деп аталатын орынға мемориалдық тақта қойылып, Аққыстау селосында батырдың мемориалдық мұражайы ашылды. 1991 жылғы қыркүйек айында халық батыры И.Тайманұлының туғанына 200 жыл толуы республика көлемінде аталып өтті. Осы мерейтойға орай Қазақ ССР Ғылым Академиясының ұйымдастыруымен Алматы және Атырау қалаларында ғылыми-теориялық конференциялар өткізілді. И.Тайманұлы мен оның ұрпақтары туралы "Қазақфильм" киностудиясы "Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай" атты деректі фильм түсірді. Халық батыры И.Тайманұлының 200 жылдық мерейтойын өткізу - қазіргі ұрпақтың батыр бабалар дәстүріне адалдығының айғағындай оқиға болды. Олай болса, Исатай Таймановтың батырлық өнегесі қазақ халқының мәңгі есінде.

Информация о работе Исатай Тайманұлы