Капитализм
Капитализм– жеке меншік пен нарықтық
экономикаға негізделген қоғам тұрпаты.
Капитализм бәсеке негізінде экон. мүмкіншіліктерді
капитал немесе пайда алу құралы, әдісі
түрінде қолданып, іске асыратын қоғамдық-экон.
құрылым ретінде қалыптасты. Марксизм
теориясы бойынша, Капитализм өндірістің
негізгі құрал-жабдығы жалдамалы жұмысшы
табын (пролетариатты) қанайтын капиталистер
табының (буржуазияның) меншігі болып
табылатын, өндірістік игіліктер, негізінен,
рынок арқылы бөлінетін қоғами құрылыс.
Құрылысы
Капиталистік құрылыс БатысЕуропа
елдерінде 15 – 16 ғасырларда пайда болды.
Капиталистік қатынастар тауар өндірісінің
дамуы мен тауар өндірісінің
жіктелуіне байланысты қалыптаса бастады.
Өнеркәсіп өндірісі оқшауланып экономика
саласына айналды, тауар айырбасы кеңейіп,
күрделілене түсті, соның нәтижесінде
ақша мен сауда пайда болды. Бұл
екеуі ортағасырлық қалаларда саудагерлердің
қолына шоғырланды, сөйтіп ақша капиталға,
пайда табу құралына айналды. Қоғамда
меркантилизм ілімі басым сипат
алды. Бұл ілімді қолдаушылардың пікірінше,
байлық тек сауда саласында ғана
пайда болады. 18 – 19 ғасырларда өндірістік
капитализм қалыптасып, классикалық
эконономика теория негіздері қаланды.
Оның белгілері мен ұстанымдары:
- 1) негізгі құрал-жабдық жеке меншік түрінде буржуазияның қолында болады;
- 2) жұмыскерлер құрал-жабдықтан айырылған, олардың тек құқықтық бостандықтары ғана бар, сол себептен олар капитал иелеріне жұмыс күшін сатып, еңбек ақы алады;
- 3) өндірістің мақсаты – пайда алу, ол өндірістің негізгі қозғаушы күші болып саналады;
- 4) кәсіпорындар капиталистердің жеке меншігінде болады;
- 5) кәсіпорынды капиталистің өзі басқарады;
- 6) өндірушілер бытыраңқы, рыноктың қажеттілігі белгісіз, өндірістің негізгі демеушісі – еркін бәсеке;
- 7) өндірісті құн заңы реттейді;
- 8) өндіріс капиталистері – орташа пайдаға ие болады, сауда капиталистері – сауда пайдасын, несие капиталистері – несие пайызын алады. Классикалық капитализм еркін бәсекелі экон. құрылымға жатады. Онда өндіріс пен тұтынудың тепе-теңдігі, бір жағынан, мыңдаған ұсақ және орташа өндірушілер, екінші жағынан, көптеген жеке тұтынушылар арасындағы еркін бәсеке арқылы қалыптасты. Ал мемлекет тек “ойын тәртібін” белгілеп, оны бақылап отырды. Өндіріске қажет қаржы көлемінің ұлғаюы нәтижесінде капиталистік бірлестіктер пайда болды, бәсеке күшейіп, өндіріс пен капитал шоғырланды, қоғамда монополиялық үстемдік орнады.
Дамуы
20 ғасырдан бастап капиталистік
қоғамда мемлекеттің маңызы өзгерді.
Экономиканың теңгерімділігін қолдап,
дамыту жолында мемлекеттің рөлі
күшейді. Әсіресе, рынок пен
монополияларды бақылау барысында
экономиканың жеке меншік секторымен
қатар мемл. сектор, яғни “мемлекеттік
капитализм” пайда болды. Мемлекет
мүмкіндігінше экономиканың дағдарысын
болдырмау саясатын жүргізді, халықтың
табысын қайта бөлу арқылы
қоғамдағы әділетсіздіктің “тігісін
жатқызуға” тырысты. Осы кезден
бастап нарықтық экономикаға
негізделген капиталистік ш. жүйесінде
кейбір мемлекеттендіру және
қоғамдастыру нышандары енгізілді.
Теорияшылар капитализм жүйесінің
эволюциясына әр түрлі баға
берді: кейбір идеологтар бұл
өзгерістерді аралас жүйенің
пайда болуымен, яғни экономикада
рынок нышандарымен қатар жоспарлау
нышандарының да болуымен байланыстырды,
онда мемлекет төреші ретінде
рыноктың жүгенсіз күштеріне
бақылау жүргізіп, түзетіп отырады
деп түсіндірді. Коммунистер бұл
өзгерістердің мәні жүйенің жаңа
жағдайға бейімделуінде деген
тұжырым жасады; капиталистердің
пайдасын өсіру үшін мемлекет
тарапынан жан-жақты көмек қажет
деп есептеді. Олар ұстанған мемлекеттік-монополиялық
капитализм тезисінің мәні осында. Қазақстанда
капитализмнің дамуына қажетті алғышарттар
19 ғасырдың 2-жартысында қалыптаса бастады.
Осы кезден бастап натуралдық ш. күйреп,
сауда-саттықтың едәуір ұлғаюына мүмкіндік
туды. Сөйтіп, тауар-ақша қатынасының дамуына
байланысты жергілікті рыноктың кеңеюіне
жол ашылды. Жекелеген сауда капиталистері
өнеркәсіп орындарын салуға қатыса бастады.
Алайда Қазақстанда сауданың ең артта
қалған, кіріптарлыққа негізделген түрі
көп тарады, бұл несиеге сатумен, өсімқорлықпен
ұштастырылды. Ақшаға зәрулік көшпелі
халықты жоғары пайызбен қарыз алуға мәжбүр
етті. Оның үстіне есеп айырысу заттай
– қоймен және малдың басқа да түрлерімен
жүргізілді. Өсімқорлық қазақ даласының
еңбекші халқына зор ауыртпалық әкелді.
Тауар-ақша қатынастарының қанат жаюы,
сауда капиталы рөлінің артуы несие алу
қажеттігін туғызды. 19 ғасырдың 80-жылдары
қалаларда мемл. банктердің бөлімшелері
ашылып, олардың айналымы шапшаң өсе бастады.
Мысалы, Семей бөлімшесінің айналымы 1887
жылы15 млн. сомға жетті. Алайда жалпы ауылда
капиталистік қатынастар баяу дамыды.Тауар
өндірісінің дамуымен бірге бұрын көшпелі
шарушылықтың мұқтажына қызмет еткен
қолөнердің де сипаты өзгерді. 19 ғасырдың
аяғына қарай майдагерлік өнеркәсіп дами
бастады. Мұнда тауар өндірушілер тек
тұтынушылардың тапсырмасымен ғана жұмыс
істеп қоймай, сонымен бірге тауарларды
(киіз үй, ер-тоқым, текемет, кілем, сырмақ,
ағаш ыдыс-аяқ, т.б.) рынокқа арнап өндіре
бастады.19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың
басында Ресейде капиталистік қатынастың
дамуына байланысты Қазақстанның шикізат
көзі, өткізу рыногі, капитал жұмсау аясы
ретіндегі рөлі арта түсті. Қазақстанның
біраз аумағы арқылы Сібір және Орынбор
– Ташкент темір жолдары салынды. Мұның
өзі орыс және шет ел капиталын әкелуге
жағдай жасады, осының негізінде кен өнеркәсібі
дами бастады. Қазан төңкерісі қарсаңында
олардың акциононерлік капиталы 71 млн.
сомға жетті. Капиталистер Қазақстанның
бай табиғи ресурстарын пайдаланды. Ауыл
шаруашылығы өнімін ұқсататын өнеркәсіп
біршама жандана бастады. Өңдеу өнеркәсіп
орындары қарапайым техникамен жарақтанған,
небәрі 4 – 5 жұмысшы істейтін шағын, жартылай
майдагерлік кәсіпорындардан тұратын
еді. Қазақстанда темір жол желілерінің
тартылуы оның түрлі аудандары арасында
эконмикалық байланыстардың күшеюіне,
олардың белгілі бір өнім өндіруге мамандануына
мүмкіндік туғызды. Әсіресе, солт. аймақтарда
сауда, егіншілік қалыптасты, ал басқа
аудандарда тауарлы мал ш. дамыды. Сөйтіп,
Қазақстанда ауыл шаруашылығының тауар
қатынастарына тартылуы күшейе түсті.
Сонымен 20 ғасырдың бас кезінде капиталистік
құрылыстың рөлі елеулі түрде артты. Дегенмен
олар үстем сипатқа ие бола қойған жоқ.
Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстанда 20 ғасырдың
90-жылдары басталған саяси, әлеуметтік-экономикалық
реформалар экономикада нарықтық қатынастардың
кең ауқымда дамуына жол ашты. Бұл қатынастардың
негізінде капитализм жатыр. Бірақ капитализм,
жоғарыда айтылғандай, өзінің дамуында
бірнеше сатыдан өтеді. Қазақстан бұл
сатылардың алғашқы кезеңінде тұр. Бұл
– капиталдың алғашқы қорлануының сатысы.
Оны “анайы” капитализм деп те атайды.
Халықтың тез арада бай мен кедейге жіктелуі,
жұмыссыздықтың, жемқорлықтың, қылмыстың
кең өріс алуы осы кезеңге тән құбылыстар.
Қазақстан Конституциясында әлеуметке
бағдарланған нарықтық қатынастарды дамытып,
аралас экономикаға негізделген қоғам
құру көзделген. Бұл қоғамда жоғарыда
айтылған кемшіліктерге орын болмайды.
Қоғамның мақсаты – халықтың әл-ауқатын
көтеріп, жеке адамның жан-жақты дамуына
жағдай жасау.