Патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлаудағы экономикалық саясаты

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Февраля 2013 в 23:05, реферат

Описание

ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының ортасына таман қазақ жерлерін Ресейге қосып алу процесі негізінен аяқталды. Сөйтіп жергілікті халық отаршылдық қамытын мойнына ілуге мәжбүр болды [1]. Қаншама аумақты өз иелігіне қосып алған орыс патшалығы кең-байтақ қазақ даласына өз капиталын бағыттап, оны арзан шикізат пен өнеркәсіп өнімін өткізетін аймаққа айналдыру мақсатын жүзеге асыруға кірісті. Патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлау саясаты тек саяси ғана емес, сонымен қатар экономикалық кіріптарлыққа бағытталған еді. Патша үкіметі өзінің экономикалық үстемдігін нығайтудың басты тетігінің бірі жерге деген билікті қолға алу деп есептеді.

Работа состоит из  1 файл

_kv. xgmtvefebz.doc

— 63.50 Кб (Скачать документ)

Патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлаудағы экономикалық саясаты

 

ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының ортасына таман қазақ жерлерін Ресейге  қосып алу процесі негізінен  аяқталды. Сөйтіп жергілікті халық  отаршылдық қамытын мойнына ілуге  мәжбүр болды [1]. Қаншама аумақты өз иелігіне қосып алған орыс патшалығы кең-байтақ қазақ даласына өз капиталын бағыттап, оны арзан шикізат пен өнеркәсіп өнімін өткізетін аймаққа айналдыру мақсатын жүзеге асыруға кірісті. Патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлау саясаты тек саяси ғана емес, сонымен қатар экономикалық кіріптарлыққа бағытталған еді. Патша үкіметі өзінің экономикалық үстемдігін нығайтудың басты тетігінің бірі жерге деген билікті қолға алу деп есептеді. Осы пиғылды іске асырудың ең оңдысы көшпелі халықтың жерін мемлекет меншігі деп жариялау жолын тандады. Жерді пайдаланудың барлық түрі мен құқығын патша үкіметі анықтады. Осындай ойларын іске асырып, Орта Азия мен Қазақстанды экономикалық тұрғыдан толық игеру үшін, патша үкіметі қоныстандыру саясатын жүзеге асыруға кірісті. Мұндай ұлы державалық саясатта үкімет қазақтардың ауқатты бөлігі мен кулактарға, яғни бай шаруаларға сенім артты. Шаруаларды қазақ жеріне қоныстандыру Ресейдің орталық аудандарындағы шиеленіскен аграрлық қатынастарды жақсартып, сонымен бірге орыс деревнясындағы күшейіп тұрған таптық күресті әлсіретуге әкелетін шара ретінде қарастырды.

Шаруалардың Сібір және Қазақстанға  қоныс аудару үрдісі XIX ғасырдың 60-шы жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басынан  басталады. Революцияға дейінгі  зерттеушілердің жазуына қарағанда патша үкіметі бұл істі тоқтату тұр ғой, керісінше «шаруалардың өз еркімен қоныстануын» қолдады. Расында да патшалық билік орыс деревнясындағы қалыптасқан шиеленіскен ахуалды шешу үшін шаруалардың қоныстануына «шаруалардың ерікті қоныс аударуы» деген сипат беруге тырысты. Оның үстіне 70-80-ші жылдардағы шаруалардың қоныс аударуы патшалық үкіметтің отарлау саясатына, Қазақстанды экономикалық тұрғыдан игеру жоспарларына сай келетін.

Ресей империясының қазақ  өлкесіндегі «бос жерлерге» қоныстандыру саясаты игерілмеген орасан зор алқаптарды емес, керісінше жергілікті халық шаруашылықпен айналысып отырған тұрғылықты жерлерден тықсыру арқылы жүзеге асырылды. Жергілікті халықтан тіпті суармалы жүйесі бар жақсы жерлерін де тартып алып, казактарға берді. Қоныстандыру саясатының осы бір жағын, патшалық самодержавиеге әбден берілген князь Масальскийдің өзі де айтуға мәжбүр болды. Ол 1913 жылы жарық көрген «Россия» атты кітаптың «Туркестанский край» аталатын бөлімінде казактарға берілген жер туралы «были отведены лучшие, нередко даже орошенные киргизские земли, без достаточного внимания к правам и нуждам киргизов и даже без оставления в пользование последних скотоперегонных дорог. Условия эти не могли не привести к постоянным столкновениям между казаками и киргизами(қазақ-Ө.С.) и к систематическим притеснениям последних...» [2].

Қазақстан мен Орта Азияға Ресейден шаруаларды жаппай қоныс аудару оларға иелік етуге берілген құқықты (крепостное право) жоюдан кейін басталып, әсіресе ХХ ғасырдың басында қарқынды жүргізілді. Қазақстан мен Орта Азия жеріне алғаш келе бастаған қоныстанушылар, Сібір казак әскерінің казактары болды. Олар негізінен Жетісу облысының Верный, Қапал, Лепсі үйездерінің аумағына орын тепті. Ал Верный бекінісі 1867 жылы құрылған Жетісу казак әскерінің орталығына айналды. Әскери-казак отарлау саясаты бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін жалғасты. Егер, 1867 жылы 14 жаңадан құрылған станица мен поселкалардағы казактардың, әйел-еркегінің саны 15 мың адамды құраса, 1910 жылы 38557 адамға жетсе, 1913 жылы олар тұрып жатқан станицалар мен поселкалар 34 болды. Жетісу казак әскеріне орасан жер бөлініп беріліп, ол 662092 десятин аумақты қамтыды. Ақмола және Семей облыстарындағы казактар иеленген жер мөлшері 9 млн. десятин болса, Орал облысында – 6,5 млн. жетті [3]. Патша үкіметі басып алған жерлердегі билігін нығайтып, нағыз отар елдердеге айналдыру үшін бұрыннан қалыптасқан жергілікті билікті жойып, басқарудың жаңа мемлекеттік жүйесін құра бастады. Осы мақсатпен Түркістан мен Қазақстанды әкімшілік жағынан басқару жөніндегі реформаларды жасап, бекіту үшін қазақ мәселесі жөніндегі ерекше комиссия құрылды. Комиссия жинаған мәліметтер негізінде далалық облыстарды басқару жөніндегі реформа жобасы жасалып, Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторларының қарауына берілді. 1867 жылдың наурызында реформа жобасын түпкілікті жасау үшін соғыс министрі Д.А. Милютин басқарған Ерекше комитет құрылды. Бұл комитет, жобаның негізінде 1867 жылы 11- шілдеде «Жетісу және Сырдария обыстарын басқару жөніндегі уақытша ереже» жариялап, бұл облыстарды жаңадан құрылған (1867) Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына берді. 1868 жылы 21-қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал - губернаторларының далалық облыстарын басқару жөніндегі уақытша ережесі бекітілді [4].

Сонымен бұл реформа Қазақстан аумағын бөлшектеуге әкелді. Сырдария және Жетісу облыстары Қоқан мен Хиуа хандығы және Бұқара Эмираты(бүгінгі Өзбекстан аумағы) кірген Түркістан генерал-губернаторлығына кетсе, құрылған төрт – Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстары далалық өлкеге қарады. Алдыңғы екі облыс Орынбор генерал-губернаторлығына, ал кейінгі екеуі Батыс Сібір генерал-губернаторлығына бағынды. Ал Бөкей ордасы болса Астрахан губерниясының құрамына кірді [5].

Патша үкіметінің қоныстандыру саясаты (орыс шаруаларының көшіп келуі) және жергілікті халықтың жерін алу, әсіресе, Далалық өлкеде қарқынды жүргізілді. Толық емес деректерге қарағанда, бір ғана Ақмола облысына 1855 жылдан 1913 жылға дейінгі аралықта 320,4 мың адам, ал Торғай мен Орал облысына 232,8 мың шаруалар қоныстанды. Ал Жетісу облысының жерінде патшалық үкіметтің әскери - казак қоныстарын дамыту мақсатына сәйкес, жергілікті биліктің тыйым салуына қарамастан 1908 жылы қоныстанған шаруалардың саны 40 мың адамға жетті. Жалпы, қазақ жеріндегі құнарлы жерлерді анықтап, есепке алуға шыққан экспедициялардың жүргізген жұмыстарының нәтижесінде 1893 жылдан 1905 жылға дейін, яғни 12 жылда қазақтардан 4 млн. десятин жер шектеліп алынса, келесі 7 жылға (1906-1912 жж.) бөлініп берілгені – 17 млн. десятин [6]. «Көші-қон қоры» атты келімсектерді орналастыратын учаскенің басқаруына жергілікті қазақ халқының пайдаланып отырған құнарлы жерлерінен берілген жер алқабының жалпы көлемі Далалық өлкеде 41 млн. десятинге жетсе, Жетісу облысындағы қазақтардан алынған жер 2,4 млн. десятинді құрады  [7].

Қазақстанның солтүстік облыстарында шаруалардың жаппай үдере қоныстануы 1891 жылдан басталды. Оған себеп болған Ресейдің өте үлкен аумағын қамтыған, Қара теңізден Орал тауларына дейінгі аштық. 40 млн. астам шаруалар аштыққа ұрынды. Ата – жұрттарын тастап, аштықтан қашқандардың негізгі бөлігі Ақмола облысына бет алды. 1868 жылмен салыстырғанда 1894 жылы Ақмола облысындағы орыс халқының саны 75 мыңға көбейді [8]. 1894 жылғы қоныстанушылардың саны Торғай облысында 16 мың адамға, Сырдария облысында – 12 мың адамға, ал Алматы облысында 8807 адамға жетті. Шаруалардың қоныс аудару кезеңінде, Қазақстанда қоныс аудару аудандық ұйымы құрылғанға дейін көшіп келіп қоныстанғандардың саны 199556 адамға жетті [9].

Патшаның жарлықтарына сәйкес Сібірдің, Орта Азия мен Қазақстанның барлық жерлері мемлекеттік деп жарияланды. Патшаның отарлау саясатының жерге байланысты көздеген мән – мақсаты оны тек қоныс аударушыларға бөліп берумен шектелмеді. Байырғы тұрып жатқан халықтардың жерін мемлекет меншігі деп жариялаудағы түпкі көздеген мақсаттардың бірі, яғни шығарылған заңдар отарланған елдерден мүмкіншілігінше өз пайдасына түсетін өсімді көбейту болып табылды. Осындай мүмкіндікті жүзеге асыру үшін патшалық жүздеген жылдар күрес жүргізді. Дәлірек айтсақ бұл саясат Бірінші Петрдің билік құрған кезінен бастау алады. XX ғасырдың басында капиталистік қатынастардың белең алуымен отарланған елдердегі, оның ішінде қазақ жерлерінің де «бағасы» арта түсті, сондықтан алынатын өсім де өсе беретіні түсінікті еді.

  «Басқа қажеттіліктерге» деген желеумен алынған жерлердің қатарында Қазақстан мен Қырғызстанның орман өскен алқаптары да кірді. Ондай жерлерді мемлекеттік алым алынатын және қазақтар мен қырғыздарға белгілі бір ерекше ақыға мал жаю үшін және малы көп кәсіпкерлерге мал жаюға арналған учаскелер жалға «нарықтық бағалармен» берілді.

Жергілікті тұрғындардың жерлерін алғанымен қоимай оларға салынатын салық мөлшері азаймады. Егер де бұрын көшпелі қазақтардан алым – салықты жер аумағына сәйкес алса, енді әрбір киіз үйден (шаруашылық) алынды. Әрбір киіз үйден алынатын салық XX ғасырда көбейді.

Ал жергілікті халықтан алып, қоныс аударушыларға берілген жерлер үшін де шаруалардан салық  алынды. Бұл салықтардың мөлшері  бір шаруашылықтан 13-15 сом және одан да көп болды, бұл жергілікті шаруалардан алынатын үй басына салынған және ішкі Ресейдегі шаруалар төлейтін салықтан да төмен болмады. Уақыт өте келе жаңа шаруашылықтардың пайда болуына байланысты алымдар да көбейе түсті, сонымен қоса бұған салықтар мөлшерінің өсуі де әсер етті. Сөйтіп патша үкіметі орыс мұжықтарының қоныс аударуын ұйымдастырып әрі қолдау арқылы елдің Еуропалық бөлігінің ауыл шаруашылығында қалыптасқан қайшылықтарды реттеп отырса, ал отарланған елдегі әскери – феодалдық қанауын одан әрі қарқынды жүргізді. Отарланған жерлерден түсетін табыс патша қазынасын еселей толтырып жатты.

Бұл кезеңде ресейлік капитал шеткі нарықтарға шығуға аса зәру болатын. Осы бақай есеппен патша үкіметі Қазақстанның экономикасын елдің капиталистік даму мақсаттарына сай жүргізуге бағыттауға тырысты. Қазақстанды Ресей империясының тауарларын өткізетін және арзан шикізат базасына айналдыру үшін патша билігі әкімшілік реформалар жүргізді. Жаңа әкімшілік реформалардың көздеген мақсаты ең алдымен орыс помещиктері мен капиталистерінің қажеттіліктеріне сай келу болатын. Бұл саясаттың түпкілікті мәні метрополияның отарланған елдерді қанауының күшеюіне әкелді. Ал оның мәні осы қанаудың сипаты қалай болды? Енді соған келейік.

  Еуропалық Ресейдің алдыңғы қатарлы индустриалды дамыған қалалары мен отарлық, экономикалық жағынан артта қалған ауылдардың арасындағы тауар алмасу қатынастары бір біріне пара пар, теңгермелі жағдайда болмады. Қазақстаннан сатып алынған мал түрлері мен еттің көп бөлігі Петербор мен Мәскеу сияқты халқы көп ірі қалаларға жіберілді, жүн мен теріні саудалаумен көбінесе орыс буржуазиясы айналысты. Қазақ жерінде өсірілген мыңғыраған мал мен ет, тері, жүн, май, астық, мақта және т. б. ауыл шаруашылығы өнімдері төмен бағамен сатып алынды. Ал қазақ даласына әкелген металл бұйымдары, мұнай өнімдері, көмір, галантереялық өнімдер (айна - тарақ, ине – жіп сияқты уақ – түйек заттар), мата, кездеме, бұлдар қымбат бағаларға сатылды.

Ресейлік отарланған елдерде сауда - өсімқорлық капиталдың тарам – тарам болып шырмауықтай жүйесі қалыптасты. 1897 жылғы халық санағының деректеріне қарағанда Сібірдің қалалары мен үйездеріндегі буржуазияның құрамында қаржы және банк қызметімен және жылжымайтын мүлікпен операциялардан түскен табыс пен өмір сүретіндер саны 30,9 пайыз, ал саудагерлер мен сауда агенттері, делдалдары – 69,1 пайызды құрады. Ал Қазақстан мен Орта Азияда бұл көрсеткіш тиісінше 89,1 және 10,9 пайыз болды [10]. Осы екі топтың алғашқысы туралы айтатын болсақ, оларға көбінесе ұсақ буржуазия кірді (жергілікті маңызы бар ұсақ өнеркәсіптік кәсіпорындар иелері). Ал отарланған елдерде сауда буржуазиясының олардан саны да, экономикалық әлеуеті де артық болды. Бұл отар ел үшін нені білдірді?

Егерде бірінші топқа кіретін буржуазияның аз да болса өндірісті ұйымдастыруға қатысы болса, ал екінші топ – бұлар негізінен алғанда отар елдерді жыртқыш тәріздес сауда - өсімқорлық қанаушы топ болды. Бұлар жергілікті тұрғындарға тікелей билік етпегенімен, еңбек етуге жұмылдырмағанымен, әр түрлі айлакерлік сауда тәсілдері арқылы оларды аяусыз қанады, сүліктей сорды. Міне, осындай капитал түрі Сібір, Қазақстан, Орта Азия, Кавказда дамыды. Бұл жергілікті шаруаларды өздерінің езгі жүйесі – есебін кем беру, қате өлшеу, өсіммен қарыз беру, алып-сатарлық істеу арқылы сауда - өсімқорлық капиталдың алғашқы қор жинау кезеңі болатын.

Патша үкіметі өнеркәсіптік капиталды қарқынды дамытуға онша құлықты болмады. Қазақ даласындағы барланған кен орындарын өңдеумен айналысатын негізінен ұсақ кәсіпорындар еді. Жұмысшылары көп, техникасы мен технологиясы жетілген ірі зауыттардың көбі Ресейдің Еуропалық аймақтарында орналасты. Сондықтан да жергілікті өнімділігі төмен ұсақ зауыттар негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін алғашқы өңдеуден өткізіп, орталық аймақтарға жөнелтумен айналысты, яғни бұл бағыт толығымен сауда капиталының ықпалында болды.

Қазақ жеріндегі өнеркәсіптің үлес салмағы 1917 жылғы Қазан революциясының қарсаңында да сауда капиталымен салыстырғанда бұрынғыдай төмен күйінде қалды. Өнеркәсіптегі жұмысшылар негізінен тау – кен, түсті және сирек металдар және аздаған бөлігі көмір өндіру саласында шоғырланды. Жұмысшылардың саны шаруаларға қарағанда тым төмен еді.

Бір сөзбен айтқанда буржуазияға отаршылдық қамытын киген Қазақстан сияқты елде өнеркәсіпті дамытқанша, көнбіс шаруаларды қанауды күшейту арқылы сауда - өсімқорлық операцияларды кеңінен жүргізген әлдеқайда тиімді болатын. Сонымен бірге бұл бағыт экономикалық прогреске, яғни үдеудің орнына кереғар дамыды. Экономикалық мешеулікке, шаруалардың кедейленуіне бір жағынан патшалық биліктің саясатын жүзеге асырушы әр түрлі деңгейдегі шенеуніктер, алыпсатар - өсімқорлар мен жергілікті бай – шонжарлардың қанауы себеп болды. 1912 жылғы дерекке қарағанда Қазақстанның далалық облыстарына қарайтын алты үйезінде, шаруашылығында аты жоқтардың үлесі 42,2 пайыз болса, ал 1-ден 5 атқа дейін (малы бар шаруашылықтардың жағдайымен есептегенде кедейге жатады) барларының саны – 42,9 пайызды құрады [11].

XX- ғасырда Ресейдің шеткері отарланған аймақтарындағыдай Қазақстанның ауыл шаруашылығы да терең дағдарыс кезеңіне аяқ басты. Қазақстанның Семей және Ақмола облыстарының жеті үйезінде тұрып жатқан қазақтардың 1916 жылғы санақ кезіндегі тіркелген мал басы 1907-1911 зерттеулермен салыстырғанда 16,6 пайызға кем болған [12].

Ауыл шаруашылығындағы жағдай, әсіресе, бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ауыл ауыр жағдайға душар болды. Өйткені, үкімет соғыс қажеттіліктеріне деп салықтарға қосымша әр түрлі ақшалай және заттай алымдар салды. Ақшаның (сом - Ө. С.) құнсыздануына байланысты өнеркәсіп тауарларының бағасы өсті, ал көлік саласындағы бүліншілікке байланысты астық тасымалдауда кедергілер пайда болды. Өнеркәсіп тауарларымен салыстырғанда нанның бағасы да түсіп кетті. Жергілікті шаруалармен қатар қоныс аударған шаруалардың жағдайы да ай өткен сайын ауырлай түсті.

1916 жылы Қазақстанда тылдағы жұмыстарға қазақтарды жұмысшы ретінде алмақшы болған патша үкіметінің қаулысына қарсы шыққан көтерілістер болғаны тарихтан белгілі. Шыдамның шегі бар дегендей, бұл осы шараға ғана емес, жалпы бүкіл патшалық биліктің жүргізіп келе жатқан отарлық қанау жүйесіне деген қарсылық болатын. Жалпы, 1916 жылғы қазақ даласының әр жерінде бой көтерген толқулар, оқиғалар қазақ халқының ұлттық сана – сезімінің бой көтеріп, жаңа бір жоғары деңгейге көтерілгенін айғақтайтын құбылыстың басы болды десек орынды болар.

Информация о работе Патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлаудағы экономикалық саясаты