Президент Н. Назарбаевтың 2010 жылғы Жолдауы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Ноября 2011 в 17:55, реферат

Описание

Ел тарихының ХХІ ғасырдағы аса бір күрделі кезеңі аяқталып келеді. Дүние жүзінің экономикасын тұралатқан жаһандық дағдарыс дауылы әлі басыла қойған жоқ. Алайда ол өзінің алғашқы алапат қуатынан айырылды. Тастүйін дайын болғандықтан, оның салдары біздің еліміз үшін соншалықты ауырға соққан жоқ.

Работа состоит из  1 файл

Президент Н.Назарбаевтың 2010 ж-ғы жолдауы.doc

— 121.00 Кб (Скачать документ)

Президент Н. Назарбаевтың 2010 жылғы  Жолдауы

           Ел тарихының ХХІ ғасырдағы аса бір күрделі кезеңі аяқталып келеді. Дүние жүзінің экономикасын тұралатқан жаһандық дағдарыс дауылы әлі басыла қойған жоқ. Алайда ол өзінің алғашқы алапат қуатынан айырылды. Тастүйін дайын болғандықтан, оның салдары біздің еліміз үшін соншалықты ауырға соққан жоқ.

  Дағдарысқа дейінгі кезеңде  Қытай, Үндістан және өзге де экономикасы қарыштап алға басқан мемлекеттер қатарында дамудың жоғары деңгейіне көтерілдік.  
Толағай табыстарымен дүние жүзін мойындатқан Қазақстанның әлеуеті артып, экономикасы серпінді бола түсті.  
Дамуымыздың маңызды алғышартына айналған қазақстандық бірліктің өнегелі үлгісі ғаламшардағы мемлекет басшылары мен конфессия жетекшілерінен лайықты бағасын алды. 
Осылайша Қазақстан қуатты да табысты мемлекетке айналып, өзінің бастамалары арқылы жоғары халықаралық беделге ие болды. 
Жасампаздық қуатымен дүние жүзінде даңқы артқан Қазақстан әлемді өз жетістіктерімен таң қалдырды.  
Сондықтан Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебелі миссиясы сеніп тапсырылды.  
Біз жаңа онжылдығымызды әлемдік деңгейдегі осындай абыройлы тарихи оқиғамен бастадық.  
Мен біздің алдағы барша жетістіктеріміз осындай жарқын болады деп сенемін. 
Менің басты мақсатым – еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Бүгінгі Жолдауым осыған арналған. “Қазақстан-2030” Стратегиясын орындай отырып, біз алғашқы онжылдыққа бағдарлама жасап, оны тәмамдадық. Ендігі мақсат – осы Стратегияның келесі онжылдығына қарай қадам жасау.  
 
1. 2010 Стратегиялық жоспарын іске асыру – ел дамуының аса маңызды шебі 
1997 жылы “Қазақстан-2030” Стратегиясын қабылдап, біз елдің ұзақ мерзімді күн тәртібін, басты мақсаттар мен басымдықтарын қалыптастырдық, кейін олар 2010 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарда қисынды түрде дамытылды.  
Сөйтіп біз қалай жоспарласақ, солай өмір сүрдік және мынадай нәтижелерге қол жеткіздік.  
2000 жылмен салыстырғанда 2008 жылы-ақ, жоспарланғанынан екі жыл бұрын, біз республика ІЖӨ-сінің көлемін екі еселедік және мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін тиімді орындадық.  
Орташа айлық жалақы 5 есеге, ал зейнетақының орташа мөлшері 3 есеге өсті. 
Өмір сүрудің ең төменгі деңгейінен аз табысы бар халықтың үлесі 4 есеге (50%-дан 12%-ға дейін) азайды. 
Халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері жақсарды. Күтілетін өмір ұзақтығы 65-тен 68 жасқа дейін ұлғайды. Ана өлімі екі есеге азайды, бала туу бір жарым есеге өсті.  
Он жылда 652 мектеп және 463 денсаулық сақтау нысаны салынды.  
Бүгінде бізде әлемдік деңгейдегі медициналық орталықтар – Ана мен баланың ұлттық орталығы және Нейрохирургия институты бар.  
Биылғы жылы Кардиохирургия орталығын іске қосамыз. Барлық облыстарда қазақстандықтарға медициналық қызмет көрсету жақсаруда.  
Осының арқасында біз өз азаматтарымыздың мыңдаған өмірін сақтап қаламыз!  
Біздің жетістіктерімізді мойындай отырып, БҰҰ өзінің 2009 жылғы Баяндамасында Қазақстанды адам әлеуетінің жоғары деңгейі бар елдер санатына қосты. Бұл – біздің өскен әл-ауқатымыздың даусыз дәлелі! Он жылда 350 мың отбасы – бұл шамамен 1,2 миллион адам тұрғын үйге ие болды. 32 мың шақырым жолдар салынды және жөнделді, бұл Қазақстанның барлық жолдарының үштен бірі.  
2030 жылға дейінгі Қазақстанның Даму стратегиясының қарпі мен рухын негізге ала отырып, біз ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығына белгіленген барлық міндеттерді шештік.  
 
2. Дағдарыс кезеңі – дұрыс шешімдер қабылдау уақыты 
Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысы экономиканың өсу қарқынына ықпал етті, бірақ біздің дамуымызды тоқтатқан жоқ. Жинақталған экономикалық әлеует соңғы үш жылдың аса қиын дағдарыстық шайқасында бізге тұрлаулылықты қамтамасыз етті.  
Біз еліміздің қаржы жүйесін қорғап, жүйе құраушы банктерді сақтап қалдық.  
Біз шағын және орта бизнесті қиыншылықта қалдырмадық.  
Ұлттық және трансұлттық компаниялардың мемлекеттік сатып алуларындағы “қазақстандық үлестің” болмаған өсіміне қол жеткіздік.  
Агроөнеркәсіптік кешенге бұрын-соңды болмаған көмек көрсеттік.  
Мемлекет үлестік құрылысты аяқтау жөніндегі барлық шығындарды өз мойнына алды.  
“Жол картасы-2009” бағдарламасын табысты іске асырудың арқасында ел өңірлерінде ТКШ-ны реконструкциялау жөнінде 862 жоба іске асырылып, 737 шақырым электр желісі, 1029 шақырым сумен жабдықтау желілері, 284 шақырым жылу трассасы, автожолдар, жүздеген мектептер мен ауруханалар, мәдениет пен спорт нысандары жөнделді. 
Әр ауылға дейін жеткен мұндай аса маңызды жұмысты біз тұңғыш рет жүргіздік. Халық бізге риза – біз жақсы жұмыс атқардық.  
Барлығы да менің бақылауыммен, жедел, жария атқарылды.  
Біз рецессияға жол бермедік, өйткені, не істеу керектігін білдік және мұны жедел істедік.  
Ұлы Неру бір кездері былай деген екен: “Табыс кім батыл қимылдаса, соның үлесіне жиі түседі”. Ал біз батыл қимылдадық.  
2009 жылы экономиканың артуы 1,1%-ды, өнеркәсіпте 1,7%-ды құрады. Біз оң өсу қарқыны бар елдердің “серіппелі тобына” жаттық.  
Ұлттық қордың жалпы халықаралық резервтері мен активтері бүгіннің өзінде 50 миллиард доллардан асып түсіп, соңғы он жылда 25 еседен астамға өсті. 
Өткен жылы біз Қор қаржысының бір бөлігін жұмсадық, ал бүгінде Қордың көлемі өткен жылдың желтоқсанындағыдан көп екенін атап өту маңызды. 
Қордың арқасында біз дағдарысқа қарсы шараларды жүргізіп қана қойған жоқпыз, сонымен бірге мемлекетке, бізге қиын болған кезде, сатуға мәжбүр болған маңызды активтерді қайтардық. Бұл – Екібастұз 1-ші ГРЭС-і, “Богатырь” разрезі, Қашағандағы біздің үлесіміз, Маңғыстаумұнайгаз және барлық үш мұнай өңдеу зауыты.  
Жұмыссыздық деңгейі 6,3%-ды құрады, ал бұл дағдарысқа дейінгі уақыттағыдан төмен.  
Тиімді іске асырылған Жұмыспен қамту стратегиясының арқасында елде 400 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды.  
Біз төтеп бердік. Енді біз 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясын орындауға кірісеміз.  
 
3. 2020 Стратегиялық жоспары –көшбасшылыққа қазақстандық жол  
Бізге мыналарды атқару керек:  
1. Экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу;  
2. Жедел индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту есебінен экономиканың тұрақты өсуіне қол жеткізу;  
3. Адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін болашаққа белсенді инвестициялау;  
4. Қазақстандықтарды сапалы әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету; 
5. Ұлтаралық келісімді нығайту, ұлттық қауіпсіздікті арттыру, халықаралық қарым-қатынасты одан әрі дамыту. 
 
3.1 Экономиканы әртараптандыру – табыс кілті 
Таяудағы онжылдықта тұрлаулы да теңдестірілген даму жедел әртараптандыру және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен қамтамасыз етілетін болады.  
Еңбек өнімділігінің кешенді артуы аса маңызды міндет болып табылады.  
Қазақстанда, егер тұтастай экономика бойынша қарайтын болсақ, бір қызметкер жылына 17 мың доллардың өнімін өндіреді екен. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 90 мың доллардан асып түседі.  
Қорытынды өте түсінікті – бізге жағдайды түзету – өнімділікті арттырып, инновацияларды ендіру керек.  
Басқарудың барлық деңгейінің жұмысына баға беру мен жаңағы өлшемдер бойынша қаржылай қолдау көрсету және бақылау Үкіметтің басты міндеті болады.  
Инновациялар ғана еңбек өнімділігінің шұғыл артуына жеткізеді.  
Менің тапсырмам бойынша Үкімет Жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын және Елді индустрияландырудың егжей-тегжейлі картасын әзірледі.  
Бұл құжат – таяудағы бес жылда біз нені, қайда және қашан салатынымыздың толық іс-қимыл жоспары.  
Бүгінде әңгіме инвестицияларының жалпы көлемі 6,5 триллион теңгелік 162 жобаны іске асыру туралы болып отыр, ал бұл ел ІЖӨ-сінің 40%-дан астамы, олар бізге таяудағы үш жылда ғана 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын тікелей ашуға мүмкіндік береді.  
Алдағы бес жылда қуатты газ-химиясы кешенін, минералдық тыңайтқыштар өндіру жөніндегі зауыттарды, бірқатар ірі электр-энергетикалық стансаларды – Балқаш ЖЭС-ін, Мойнақ ГЭС-ін, Екібастұз 2-ші ГРЭС-інің жаңа блогын және басқа көптеген кәсіпорындар пайдалануға берілетін болады.  
2014 жылға қарай біз барлық 3 мұнай өңдеу зауытын реконструкциялаймыз және бүкіл мұнай өнімдерінің түр-түрі бойынша ішкі қажеттілігімізді толық қамтамасыз ете аламыз.  
Әр өңірдегі әрбір индустриялық жоба жергілікті биліктің ғана емес, сонымен бірге жұртшылықтың да айрықша бақылауына алынуы керек. Бұл жұмыс таяудағы онжылдықта бүкіл еліміздің жалпыұлттық міндетіне айналуы тиіс.  
Тек осылай ғана біз әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына ене аламыз.  
“Нұр Отан” ХДП үшін 2020-Бағдарламасын орындау жұмыстың басты өзегіне айналуы тиіс. Ешкім сыртта тұрмауы керек, өйткені, тек осылай ғана біз Қазақстанның жаңа экономикалық өрлеуін қамтамасыз етеміз.  
Бағдарламаны жүзеге асыру жөнінде Премьер-Министр бастаған бірыңғай басқару орталығы (штабы) және облыстарда әкімдер басқаратын орталықтар құрылады. Біз 2009 жылы “Жол картасы” бағдарламасы бойынша қалай жұмыс істесек, солай жұмыс істеуге тиіспіз.  
Министрлер, әкімдер барлық ағымдағы мәселелердің шешілуі үшін жауапты болады. Олар барлық ресурстарды жұмылдырады да.  
Индустриялық даму – бұл біздің жаңа онжылдықтағы мүмкіншілігіміз, ел дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер.  
Қазақстан табысты индустриялық держава болады – мен бұған әбден сенімдімін.  
Әртараптандырудың басқа бір маңызды сегменті агроөнеркәсіптік кешенді дамыту болып табылады. Оның дамуы негізгі үш бағыт бойынша жүруі керек.  
Біріншіден, негізгі салмақ еңбек өнімділігінің артуына түсірілуі тиіс.  
Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі ең төмені және жылына бір жұмыс істеушіге 3 мың доллар шамасында келеді. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 мың долларды құрайды екен.  
Ауыл үшін өсу перспективасы міне осында. Сондықтан біздің міндетіміз – 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру.  
Бұл күрделі міндетті аграрлық-индустриялық әртараптандыру ғана, яғни ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеуді шұғыл арттыру, жаңа құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар мен ауыл шаруашылығындағы жаңа көзқарас шеше алатын жағдайда. Әлемдік тәжірибені пайдалану, оны біздің ауыл шаруашылығымызға жедел ендіру керек. 
Екіншіден, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.  
2014 жылға қарай азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80%-дан астамын отандық тағам өнімдері құрауы тиіс. Бізде бұл үшін мүмкіндіктер бар.  
Үшіншіден, экспорттық әлеуетті іске асыру, бірінші кезекте бұл Кеден одағы, Орталық Азия, Кавказ бен Таяу Шығыс елдерінің рыноктары.  
Біз қазірдің өзінде “Жетіген-Қорғас”және “Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара” темір жол желілерін салып жатырмыз, олар іс жүзінде біздің өнімдерге Қытай мен Парсы шығанағы елдерінің рыноктарына жол ашады. Біз салуға кірісетін “Батыс Қытай-Батыс Еуропа” автожолы – тауарлар үшін маңызды магистраль.  
“Болашақтың экономикасы” секторларына жеке тоқталғым келеді. Нәтижелі де тиімді қызмет ететін ұлттық инновациялық жүйе оның негізі болуы тиіс.  
Бізде қазірдің өзінде бұл бағыттағы әзірліктер бар. Біз одан әрі ілгері кетеміз. Жаңа Университеттің аясында Астанада үш жаңа ғылыми орталық құрылатын болады.  
Өмір туралы ғылымдар орталығы органдарды көшіру, жасанды жүрек және өкпе, бағаналы жасуша және ұзақ жасау медицинасы саласында әлемдік жетекші ғылыми орталықтармен бірлескен әзірліктер жүргізеді.  
Энергетикалық зерттеулер орталығы қайталанба энергетика, жоғары энергиялар физикасы мен техникасы мәселелерімен айналысатын болады.  
Тақырыпаралық аспаптық орталық инжиниринг орталығы, зертханалық база және конструкторлық бюро болып табылады. 
Барлық үш орталық биылғы жылы құрылатын болады.  
Үкіметке біздің индустрияның 2010 жылғы басымдықтарын ескере отырып, елдің ғылыми технологиялық дамуының 2020 жылға дейінгі салааралық жоспарын әзірлеуді тапсырамын.  
Сондай-ақ, “Ғылым туралы” жаңа заңның әзірленуін жеделдету қажет.  
Бұл біздің болашақ дамуымыз үшін маңызды.  
 
3.2 Сауатты сауда саясаты – экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне қолдау 
Қазақстан ТМД-дағы интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушысы болып табылады. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Ресеймен және Беларусьпен Кеден одағының құрылуы – бұл қазақстандық барлық интеграциялық бастамалардың серіппелілігі.  
Үш ел интеграциясының келесі кезеңі 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап Біртұтас экономикалық кеңістіктің қалыптастырылуы болады. Бұл капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы қамтамасыз етілетін интеграцияның әлдеқайда жоғары деңгейі. ТМД-дағы өңірлік экономикалық бірлестіктерге қолдау білдіре отырып, Үкімет Қазақстанның экономикалық даму басымдықтарына сай келетін жағдайларда Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру үдерісін жандандыруы тиіс.  
Қазірдің өзінде біздің кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктердің пайда болуын дұрыс бағалау, жаңа рыноктарға шығу жөніндегі тиімді стратегияларды әзірлеумен байыпты айналысу, бәсекелестік артықшылықтарды өсіре түсу маңызды.  
Әрине, айтылып жүргеніндей, “бәсеке жоқ жерде ұйқың жақсы, бірақ та өмірің нашар”. Ал қазақстандықтар жақсырақ өмір сүрмек және өз жоспарларын жүзеге асыруға кедергі келтіретіндерге жол бермеу ниетінде.  
 
3.3 Инвестициялар тарту  
Әртараптандыру жөніндегі біздің жоспарларымызды іске асыру үшін бір ғана мемлекеттік ресурстар жеткіліксіз болатыны анық. Оның негізгі көзі тікелей шетелдік инвестициялар болуы тиіс.  
Менің халықаралық сапарларым барысындағы негізгі мәселелердің бірі Қазақстанға инвестициялау мәселесі болды. Көптеген мемлекеттер біздің экономикаға ресурстар салудың мәні бар деп біледі.  
Бүгінде Қытайдан, Оңтүстік Кореядан, Біріккен Араб Әмірліктерінен, сондай-ақ француз, итальян, ресейлік компаниялардан 20 миллиард доллар көлемінде инвестициялар тарту туралы мәселелер шешілді. 
Бұл қаражат шикізаттық емес секторға жұмсалып, индустриялық бағдарламаның, инфрақұрылым мен бірлескен кәсіпорындардың ондаған нысандарын іске қосуды қамтамасыз етеді.  
“Батыс Қытай-Батыс Еуропа” автомагистраліне 3 миллиард долларға жуық көлемінде және елдің батысынан оңтүстігіне қарай тартылатын газ құбырына 2 миллиард доллар инвестициялар тарту мәселелері шешілді.  
Мұның бәрі – шикізаттық сектордың инвестицияларынан басқасы, ал ол 10 миллиард доллардан астамды құрайды. Көріп отырсыздар, бұл Бағдарламаны қаржылай және материалдық ресурстармен қамтамасыз ету жөнінде орасан зор жұмыс жүргізілді.  
Біз Қазақстанда өңірімізде жұмыс істеуге дайын инвесторлар үшін барынша тартымды жағдай жасауға тиіспіз.  
Индустриялық даму басымдықтарын ескергенде арнаулы экономикалық аймақтар мен индустриялық парктердің қызмет етуіне жаңа көзқарас қажет. Үкіметке арнаулы экономикалық аймақтар туралы жаңа заң жобасын әзірлеуді тапсырамын.  
Жеке меншік инвестицияларды тарту жөнінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі орасан зор әлеуетке ие болып отыр.  
Біз Қазақстанда бұл тетікті іске қостық, бірақ та ол озық әлемдік практикаға сәйкес жетілдіруді талап етеді.  
Үкіметке бірінші жартыжылдықта концессиялар туралы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді тапсырамын. Жобалық қаржыландыру қағидатын ендіру мақсатында біздің заңнамада ерекше құқықтық мәртебесі бар арнаулы жобалық ұйымдар құру мүмкіндігін көздеу керек.  
 
3.4 Кәсіпкерлік – жаңа экономиканың қозғаушы күші 
Әртараптандырудың өзегі кәсіпкерлік болады.  
Біз тәуекелдерді өз мойнына алуға, жаңа рыноктарды игеруге, инновациялар ендіруге дайын қуатты кәсіпкерлер табын көргіміз келеді.  
Нақ осы кәсіпкерлер экономиканы жаңғыртудың қозғаушы күші болып табылады.  
Осыған байланысты Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын.  
Оны “Бизнестің жол картасы-2020” деп атауды ұсынамын.  
Бұл бағдарламаның мақсаты өңірлерде кәсіпкерліктің, бәрінен бұрын шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу болады.  
Бұл бағдарлама қаражатын пайдалану мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылуы тиіс:  
– несиелер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау;  
– шағын және орта бизнеске несиелерді ішінара кепілдендіру; 
– бизнес жүргізуге сервистік қолдау білдіру; 
– кадрларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру, жастар практикасы және әлеуметтік жұмыс орындары.  
“Бизнестің жол картасы-2020” кәсіпкерлер үшін де, сол секілді банктер мен инвесторлар үшін де шикізаттық емес жобаларды қаржыландыру жөнінен жаңа мүмкіндіктер ашады. 
Үкімет әкімдермен бірлесіп үшжылдық бюджет аясында әр өңірдің экономикалық әлеуетін есептеулерге негізделген жылдар бойынша бөлшектелген қаржыландырудың жалпы лимитін әзірлеуі тиіс. Бұл қаражат өңірлерге беріледі.  
Әкімдер бағдарлама бойынша қаржыландырылатын шағын және орта бизнес жобалары үшін толық жауапты болады.  
Үкіметке ӘКК-ні жергілікті атқарушы органдарға беруді тапсырамын, олар іс жүзінде бизнесті дамыту жөніндегі өңірлік корпорациялар болады.  
 
3.5 Отандық тауарлар – 2020 Жоспарын жүзеге асырудың табыстылық индикаторы 
Біздің шикізаттық емес экспорттаушыларды қолдау индустрияландырудың шешуші бағыты болуға тиіс. 
Қазақстан өнеркәсібі экспорттық рыноктарға отандық брендтердің кең ауқымды тізбегімен ұсынылуы керек. 
Сондықтан Үкіметтің міндеті – экспорттаушыларға негізгі құралдарды сатып алуды қаржыландыруды, экспортқа сервистік қолдау көрсетуді, экспорттаушыларға гранттар мен экспорттық саудалық қаржыландыруды қарастыратын біртұтас қолдау жүйесін жасау. 
 
3.6 Өңірлердің дамуы – елдің дамуы 
Өңірлік даму реформаларынсыз біз жедел әртараптандыруға қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан бізге экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыруды бастау қажет. Қазақстанның батысында мұнай-газ секторын, химия өнеркәсібін, жабдықтар өндірісі мен көліктік қуаттарды дамыту керек. 
Орталықта, солтүстікте, оңтүстік пен шығыста – кен-металлургия кешені, атом, химия өнеркәсібі және аграрлық индустрия дамытылуы тиіс. 
Ішкі сұраныс базасындағы секторларды дәстүрлі индустриялар жанынан, сондай-ақ қуатты кадрлық әлеуеті бар Алматы мен Астана қалаларында дамыту қажет. 
Жоғары экспорттық әлеуеті бар шикізаттық емес сектор мен АӨК-ні елдің солтүстік және оңтүстік өңірлерінде дамыту орынды. 
Болашақ экономикасының секторы Алматы мен Астанада дамуы тиіс. 
Біздің елордамыз, экономикасы бәсекеге қабілетті, ел азаматтары мен туристер үшін тартымды қала – Астананы одан әрі дамытуға айрықша маңыз берілетін болады.  
Жаңа өңірлік саясат – 2020 Стратегиялық жоспарының аса маңызды бөлігі. 
Үкіметке облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесе отырып, өңірлердегі инвестициялық саясат мәселелерін мұқият пысықтауды тапсырамын. 
 
3.7 2020 Стратегиялық жоспарын іске асырудың базалық шарттары 
Экономиканы жаһандық қалпына келтіруге дайындау және оның сыртқы сынақтарға тұрақтылығын арттыру үшін біртұтас үш міндетті шешу қажет болады: 
біріншіден, бизнес-ахуалды елеулі жақсарту; 
екіншіден, қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету; 
үшіншіден, сенімді құқықтық орта қалыптастыруды жалғастыру. 
Үкіметке 2011 жылы бизнесті тіркеуге және бизнесті жүргізуге байланысты операциялық шығындарды 30%-ға, ал 2015 жылы тағы да 30%-ға қысқартуды тапсырамын. 
Онжылдықтың соңында шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 40%-ға дейін көтерілуі тиіс. 
2020 жылы Қазақстан бизнес-ахуалы ең қолайлы деген 50 елдің қатарына енуі керек. 
Қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз етудің маңызы зор. 
Отандық қор рыногын жұмыс істеуге мәжбүрлеп, ол 2020 жылы ТМД мен Орталық Азиядағы ислам банкингінің өңірлік орталығына айналуы және Азиядағы жетекші қаржы орталықтарының ондығына енуі тиіс. 
Отандық қаржы жүйесіндегі реттеулер дағдарыстан кейінгі әлемнің сынақтары мен қатерлеріне сәйкесінше сай болуы керек. 
Қаржылық реттеуші банк секторының сыртқы міндеттемелері үлесінің оның міндеттемелерінің жиынтық көлемінде төмендеуін қамтамасыз етуі тиіс. 
Бұл ретте сыртқы займдардың басым бөлігі тиімді де бәсекеге қабілетті өндірістер құруға бағытталуы керек. 
Банктерді ашық немесе жасырын аффилирленген құрылымдардан аулақ ұстау қажет. 
Банктердің тек қана банк қызметімен айналысуын және олардың қызметінің барынша мөлдір болуын қатаң бақылауға алу керек. 
Біз банктердің дағдарыс кезінде аман қалуына көмектестік, енді банктер экономикаға оның дағдарыстан кейінгі қалпына келуі мен дамуына жігерлі түрде жәрдемдесуі тиіс. 
Дағдарыс жағдайында Ұлттық қор біз үшін өзіндік бір “қауіпсіздік көпшігіне” айналды. Оның ендігі міндеті – тұрақтылық пен өркендеудің кепілі болу. 
Үкімет бюджеттің шикізаттық емес кірістер әлеуетін ұлғайтумен байыпты айналысуы тиіс. 
Осы онжылдықтың соңында бюджеттің мұнайлық емес тапшылығы ІЖӨ-нің 3 пайызынан аспауы керек. Одан кейінде оны нөлге дейін жеткізу қажет. 
Үстіміздегі жылдан бастап республикалық бюджетке кепілді трансферт абсолюттік мөлшерде – 8 миллиард доллар көлемінде бекітілетін болады. 
Бұл трансферт ең алдымен индустрияландыруды жүзеге асыру мақсаттарына бағытталуы тиіс. 
Бюджетке Ұлттық қордан ешқандай займдар, өзге де ешқандай қосымша трансферттер болмайды. 
Осы көзқарастарды ескере келгенде, Ұлттық қордың активтері 2020 жылға қарай 90 миллиард долларға дейін өсуі тиіс, мұның өзі ІЖӨ-нің 30%-дан кем емес мөлшерін құрайды. 
Үкіметке үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында Ұлттық қорды қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын маған бекітуге ұсынуды тапсырамын. 
Тұтастай алғанда 2020 жылға қарай біз экономиканы жеделдете әртараптандырудың төмендегідей негізгі нәтижелеріне қол жеткізуге тиіспіз. 
ІЖӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 13%-дан кем емес мөлшерін құрауы тиіс. 
Экспорттың жалпы көлемінде шикізаттық емес экспорттың үлесі 27-ден 45%-ға дейін ұлғаюы тиіс. Еңбек өнімділігі өңдеу өнеркәсібінде 2 есе, ауыл шаруашылығында кем дегенде 4 есе артуы керек. 
ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығы 25%-дан кем емес мөлшерде төмендеуі тиіс. Кәсіпорындардың инновациялық активтерінің үлесі 4-тен 20 %-ға дейін өсуі керек. 2015 жылдың өзінде-ақ аграрлық саланың экспорттық әлеуеті 4-тен 8%-ға дейін ұлғайып, құрылыстың ішкі қажеттіліктерінің 80%-ы қазақстандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етілуі тиіс. 
Үкіметтің, барлық деңгейлердегі әкімдердің алдында тұрған нақты міндеттер міне, осындай. Біз сұрайтындар да міне, осылар. Сондықтан барлық компаниялар мен кәсіпорындар басшыларының жауапкершіліктерін арттыру қажет. Бұл жаһандық мәселе, мемлекеттілік мәселесі, тәуелсіздік мәселесі. 
Бес жылда Үкімет металлургия өнімдерінің өндірісі мен экспортының екі еселенуін, химия өнімдері өндірісінің үш еселенуін қамтамасыз етуі керек. 2015 жылға қарай бюджет кірістері, шикізатқа тәуелділікті төмендете отырып, жаңа жобалар есебінен 300-400 миллиард теңгеге өсіп шығуы тиіс. 
4. Адам – елдің басты байлығы 
Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы, көңіл-күйлеріне байланысты. 
 
4.1 Білім беру 
2020 жылға қарай қалалық, сол секілді ауылдық жерлердегі барлық балалар мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамтылатын болады. Бізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің зор әлеуеті бар. Жеке меншік отбасылық балабақшалар мен шағын орталықтар – бұл мемлекеттік мекемелерге балама. 
Үкіметке әкімдермен бірлесіп үстіміздегі жылдың бірінші жартысында-ақ балаларды мектеп жасына дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған “Балапан” арнайы бағдарламасын әзірлеп, іске асыруға кірісуді тапсырамын. 
2020 жылға қарай орта білім беруде 12 жылдық оқыту моделінің табысты жұмыс істеуі үшін Үкімет барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс. 
Кәсіптік және техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, қатаң түрде экономиканың қажеттіліктерімен өзара байланыстырылуы керек. 
Жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс. Елдегі жоо-лар әлемнің жетекші университеттерінің рейтингіне енуге ұмтылулары керек. 
2015 жылға қарай Ұлттық инновациялық жүйе толыққанды жұмыс істеп, 2020 жылға қарай елде енгізілетін талдаулар, патенттер мен дайын технологиялар түрінде өз нәтижелерін беруге тиіс. 
Білім беру саласында Астана қаласында құрылып жатқан бірегей оқу орындары – “Жаңа Халықаралық Университет”, “Арнаулы Қор” және қазірдің өзінде табысты жұмыс істеп жатқан “Интеллектуалдық мектептер” секілді жобалар ерекше басымдыққа ие болмақ. 
Мен олардың менің есімімді алуына келісімімді бердім. 
Олардың отандық білім беру жүйесінің флагманы болып, осы заманғы оқу бағдарламаларын кейіннен оларды бүкіл республика бойынша енгізетіндей етіп әзірлеу мен байқап көру жөніндегі басты алаңға айналуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет. 
Осы оқу орындарының толыққанды жұмыс істеулері үшін Үкіметке үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында Парламентке тиісті заң жобасын әзірлеуді және Парламентке енгізуді тапсырамын. 
 
4.2 Денсаулық сақтау 
Халық денсаулығы – ол Қазақстанның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі. 
Бүгін біз медициналық қызметке нәтижелерге бағдарланған қаржыландыру мен ақы төлеу жүйесін енгізуді дайындаудамыз. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тиімді жүйесі үшін барлық қажетті базалық жағдайларды жасадық. 
Дәрілердің 50%-ы біздің елімізде шығарылатын болады. 
Білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік кәсіпорындардың қызмет мәселелері жөніндегі республиканың заңнамалық актілеріне түзетулер енгізуді жеделдету қажет. 
Саламатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілігі қағидаты – міне, осылар денсаулық саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мәселесі болуы тиіс. 
2011 жылғы Азия ойындары үшін біз дайындап жатқан спорттық инфрақұрылымдар өңірлерді Астана мен Алматыдан қалып қоймауға итермелей отырып, бұқаралық дене шынықтыру-спорттық қозғалысын дамыту үшін қажетті алғышарттар жасайтын болады. 
Туризм және спорт министрлігі әкімдермен бірге елде бұқаралық спортты дамыту үшін бірлескен іс-шараларды анықтап, оларды нақты іске айналдыруы тиіс. 
30%-ға дейінгі қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылуы керек. 
Осындай жағдайда ғана біз дамуды көре аламыз. 
Бұл бүкіл Үкіметтің міндеті де. 
Денсаулық сақтау нысандарын салу және жабдықтау, кадрларды даярлау, саламатты өмір салты жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені 2020 жылға қарай ана мен бала өлімін екі есе төмендетіп, жалпы өлімді 30%-ға азайтып, туберкулезбен ауруды 20%-ға қысқартуы тиіс. 
Бұл ретте өмір сүрудің күтілетін ұзақтығы 72 жасқа дейін ұлғаяды. Осынау құрғақ сандардың артында біздің азаматтарымыздың аман алып қалынған мыңдаған өмірлері тұр. Бұл өте маңызды мақсат. Біз оған міндетті түрде қол жеткізуіміз керек! 
 
4.3 Өмір сапасын жақсарту және әлеуметтік қорғау 
Алда тұрған онжылдықтың аса маңызды міндеті – Қазақстанның барлық азаматтарының өмір сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғалуды нығайту. Ел халқы санының 2020 жылы 10%-ға өсуі үшін мемлекет барлық қажетті жағдайларды жасайтын болады. 
Біздің мемлекеттік әлеуметтік саясатымыздағы басты басымдық халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады. 
Сондықтан мен 2020 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі 5%-дан, ал табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 8%-дан аспайтын болсын деген міндет қоямын. 
Әлеуметтік қызметтер тек мұқтаж адамдарға көрсетіліп, қазіргі заманғы стандарттар мен Қазақстандағы өмір деңгейіне сәйкес болуы керек. 
2015 жылға қарай базалық зейнетақы төлемдері ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің 60%-ы деңгейіне дейін өсіріліп, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері 2010 жылмен салыстырғанда 1,2 есе арттырылуы тиіс. 
Біз өз іс-әрекетімізде дәйектілікті ұстанамыз. Өткен жылы зейнетақылар, шәкіртақылар, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақылары 25%-ға өсірілді. Әлеуметтік жәрдемақылар орта есеппен 9%-ға артты. 
Республикалық бюджетте үстіміздегі жылы да зейнетақыларды 1 қаңтардан бастап, ал шәкіртақылар мен бюджеттегілер еңбекақыларын 1 шілдеден бастап жиырма бес пайызға өсіру қарастырылған. 
Өткен жылғы экономика өсімінің оң серпінін шәкіртақылар мен бюджеттегілердің еңбекақыларын үш ай бұрын – 2010 жылдың сәуірінен бастап өсіруге мүмкіндік береді деп есептеймін. Үкіметке осы үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын.  
 
4.4 Ардагерлерге қамқорлық 
Үстіміздегі жылы біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын атап өтеміз. Бұл біздің ортақ тарихымыздағы маңызды дата. 
Әрбір соғысқа қатысушы мен соғыс мүгедегіне бюджеттен 65 мың теңге мөлшерінде бір жолғы жәрдемақы төленетін болады. 
Сол сияқты соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген, Ұлы Отан соғысы уақытында қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналары мен жұбайлары, қаза болған соғыс мүгедектері мен оларға теңестірілген мүгедектердің жұбайлары, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлері де материалдық қолдаусыз қалмайды. 
Оның сыртында Жеңістің 65 жылдығын кеңінен мейрамдауға байланысты соғысқа қатысушылар мен мүгедектерінің жеңілдікпен жол жүрулері үшін 383 миллион теңге қарастырылған. 
Бұл біздің әкелеріміз бен аталарымызға олардың жанқиярлық күресі мен жеңісі үшін, олардың біздерге бейбіт өмірді қамтамасыз еткендері үшін көрсетілген құрмет. 
 
4.5 Тұрғын үй-коммуналдық сектор саласындағы саясат 
Дағдарыс сабақтары тұрғын үй құрылысын дамыту саясатын жетілдіруді талап етеді. Ол үшін тұрғын үй құрылыс салымдары жүйесінде зор әлеует бар деп есептеймін. Азаматтардың, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің, мемлекет пен құрылыс компанияларының тең құқылы әртіптестігі қағидатын пайдалану қажет. 
Ол нені білдіреді? 
Азаматтар тұрғын үй құнының бір бөлігін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жинайды да, қымбат емес ипотекалық несие алу мүмкіндігіне ие болады. 
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, түпкі нәтижесінде тапсырыс беруші ретінде көріне отырып, азаматтардың тұрғын үй жөніндегі қалауларының пулын қалыптастырады, құрылыс инвесторлары мен тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға дайын екінші деңгейлі банктерді іздеуді жүзеге асырады. 
Мемлекет жергілікті атқарушы органдар атынан жер телімдерін бөлуді және инженерлік коммуникациялар тартуды қамтамасыз етеді. 
Осылайша, азаматтар өз тұрғын үйлерінің құрылысына толық құқылы қатыса алады. Төлем қабілеттілікке сұраныс та, құрылыстың бақылануы да қамтамасыз етіледі. Үкіметке 2010 жылы “Жол картасы-2009” жоспары бойынша басталған тұрғын үй-коммуналдық сектор нысандарын қайта жаңғыртуды жалғастыруды, ал 2011 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты кең ауқымды жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі жоспарын жасауды тапсырамын. 
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдарын жаңғырту өзіндік пайдалану шығындарын төмендетумен және ресурс сақтаушы технологиялар енгізумен қоса жүруге тиіс. 
Ауылдық жерлерді құбырлы сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру қажет. Шағын қалаларда халықтың 100%-ы үшін сапалы су қолжетімді болуы тиіс.  
 
5. Ішкі саяси тұрақтылық – 2020 Стратегиялық жоспарын іске асырудың сенімді іргетасы 
Ішкі саяси сала мен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту болып қала береді.  
Жаңа онжылдықта біз өзіміздің экономикалық жоспарларымыздың табыстарын дәйекті саяси жаңғырту арқылы бекемдеп, саяси жүйемізді жетілдіруді жалғастырамыз. Және мұнда құқықтық реформа маңызды рөл атқаратын болады.  
Біз құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша байыпты жұмыс жүргізуге тиіспіз. Бүгінде, өкінішке қарай, біздің барлығымызға тиімсіз басқарудан, құқық қорғау органдары функцияларындағы жанжалдан, тиісті кадрлық жұмыстың болмауынан, сондай-ақ ел құқық қорғау жүйесі қызметінде мөлдірлік пен бақылаудың жоқтығынан туындаған проблемалар анық көрінеді.  
Бұл сектор өткен жүйенің көптеген кем-кетіктерін сақтап қалған. Біздің жүйемізде жазалау айыптары 5%-дан аз болса, түзеу жұмыстары – 0,4%-ды, қоғамдық жұмыстар 0%-ды құрайды.  
Жазалаудың негізгі түрі бас бостандығынан айыру болып қалып отыр. Ешкім қамау орындарынан босағандарды оңалтумен айналыспайды.  
Осының салдарынан олар қылмыскерлер қатарын толықтыруда.  
Мен реформалардың бірнеше жалпы бағыттарын бөліп көрсетер едім.  
Бәрінен бұрын, құқық қорғау жүйесін оңтайландырып, әрбір мемлекеттік органның нақты құзыретін түзу керек.  
Біздің заңдарымызды ізгілендіріп, олардың сапасын арттыру қажет.  
Құқық қорғау жүйесінің қызметінде екпін ішківедомстволық мүддеден азаматтардың құқы мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай ауыстырылуы тиіс.  
Бізге парламенттік және қоғамдық қатал бақылауды қамтамасыз ету керек болады, сондықтан әрбір құқық қорғау органының қызметінде есептілік пен бағалау жүйесін жетілдіру талап етіледі.  
Нәтижеліліктің өлшемі сандық көрсеткіштер емес, азаматтардың, заңды тұлғалар мен шетел инвесторларының сенімін арттырудың индикаторы болатын жұмыс сапасы болуы тиіс.  
Басқаша айтқанда, жаңа онжылдықта бізге демократиялық мемлекеттегі құқық қорғау қызметінің жоғары халықаралық стандарттарына сәйкес келетін жаңа құқық қорғау жүйесі қажет. Менің тапсырмам бойынша, тиісті құжат жобасы дайындалды.  
Сондықтан Президент Әкімшілігіне, Үкіметке, Жоғарғы Сотқа, құқық қорғау органдарына құқықтық кеңістікті жетілдіру бойынша жүйелік жұмысқа шұғыл кірісуді тапсырамын.  
Сондай-ақ осы жылдың өзінде құқық қорғау жүйелерін реформалау жөніндегі заң жобасын Парламентке енгізуді тапсырамын.  
Құрметті қазақстандықтар! 
Елімізде азаматтық қоғам институттарын одан әрі қолдауға бағытталған саяси жаңғырту жалғаса береді.  
Бүгінде біздің ынтымақтастығымыз ортақ табысымыздың міндетті шарты бола түсуде. Осы онжылдықта алдымызда бірлесіп атқаратын ауқымды істер тұр.  
Мен Үкіметке Қазақстанның 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетуге 1 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылуы тиіс. 
Өткен жылы мен осы мінберден еліміздің барлық саяси күштеріне дағдарыстың қиын кезеңінде елімізге және қоғамға қолдау көрсету үшін партияаралық үнқатысуды орнықтыруды және бірігуді ұсынған едім.  
Менің бастамам қолдау тауып, 7 саяси партия Экономикалық дағдарыс жағдайында әлеуметтік және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы меморандумды бірлесе әзірлеп, оған қол қойды. Бұған үлкен ризашылығымды білдіремін. 
Бұл – мәні зор елеулі оқиға. Біз осы кезеңдегі саяси риториканың байыпты, ал сынның көп жағдайда сындарлы екенін көріп отырмыз.  
Бұл біз өмір сүріп, балаларымыз өсіп келе жатқан елімізде бейбітшілікті, тыныштық пен келісімді сақтаудың жалпыұлттық құндылыққа айналғанын білдіреді.  
Енді партияаралық үнқатысудан нақты іс-қимылға көшетін кез келді. Өйткені, түптеп келгенде, кез келген партия болсын, қоғамдық ұйым болсын барша қазақстандықтардың мүддесі үшін жұмыс істейді емес пе? Сондықтан мен барлық саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге елдің дамуы мен ұлттық бірліктің тиімді жолдарын іздестіруге септесетін өзара іс-қимылдың жаңа үлгісін әзірлеуді ұсынамын.  
Бұл іс жүзінде барлық саяси күштерді Отан игілігі үшін жұмысқа жұмылдыратын болады. “Нұр Отан” партиясы бұл істе біріктіруші рөл атқаруы тиіс.  
Болашаққа белгіленген орасан зор міндеттерді ұйыстырушы ұлттық стратегиясыз орындау мүмкін емес.  
Егер біз табысқа жеткіміз келсе, онда мына төрт қағидатты басшылыққа алуға міндеттіміз:  
Біріншіден, біздің ең басты құндылығымыз – ол Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан! 
Екіншіден, мемлекет және оның әрбір азаматы қай жерде де қоғамның тұрақтылығы мен елдің әл-ауқатына кері әсерін тигізуі ықтимал кез келген қадамға бармауы тиіс.  
Үшіншіден, экономикалық өрлеу – әрқайсымызға қатысты бүкілхалықтық іс. Бұл – қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешудің және баршамызды табысқа бастаудың кілті.  
Төртіншіден, өңірлік және әлемдік нарыққа интеграциялану – дамудың аса маңызды шарты.  
Құрметті қазақстандықтар! 
Болашаққа белгіленген ұлан-ғайыр міндеттерді біріктіруші ұлттық стратегиясыз жүзеге асыру мүмкін емес.  
Егер біз табысқа жеткіміз келсе, онда біздің әрқайсымыз мынадай қағидаттарды негізге алуға міндеттіміз: 
Бірінші – бәрінен бұрын біздің Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан! 
Екінші – мемлекет және әр азамат ел ішінде, сондай-ақ оның сыртында қоғамдағы тұрақтылық пен қазақстандықтардың игілігіне кері әсерін тигізуі ықтимал кез келген қадамдардан бас тартуы тиіс.  
Үшінші – экономикалық өрлеу – әркімнің ісі. Бұл – басым әлеуметтік мәселелерді шешудің, бүкіл қоғам мен әрбір қазақстандықтың берекеттілігінің кілті.  
Төртінші – өңірлік және әлемдік нарыққа интеграциялану – дамудың аса маңызды шарты.  
 
6. Сыртқы саясат 
Қазақстанның сыртқы саяси бағыты Сыртқы саясат тұжырымдамасына негізделетін болады.  
Ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге, елдің халықаралық беделін арттырып, ұлттық, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған белсенді, прагматикалық және теңдестірілген сыртқы саясат жүргізілетін болады.  
Қазақстан халықаралық қатынастардың жаңа архитектурасын және әлемдік сауда-қаржы жүйесінің сұлбасын қалыптастыру кезінде жаһандық шешімдер қабылдау үдерістеріне қатысу ниетінде.  
Қазақстан барлық қазіргі бар ұжымдық қауіпсіздік жүйелері арасындағы стратегиялық үнқатысуды жолға қоюға белсенді жәрдемдесетін болады.  
Қазақстан өңірлік және жалпыәлемдік экономикалық үдерістердің жауапты қатысушысы ретіндегі өзінің рөлін толық көлемінде сезіне отырып, оны өз тәуелсіздігінің барлық жылдары бойында мінсіз орындап келеді.  
Сондықтан әлемнің жетекші елдерінің көшбасшылары мен беделді халықаралық ұйымдардың басшылары – экономикалықтан гуманитарлыққа дейінгілердің бәрі – өздерін Қазақстанның досы санайды.  
Біз мұны мақтаныш етуге тиіспіз.  
Қазақстанның жоғары халықаралық беделі біздің елімізге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төраға болуға мүмкіндік берді.  
Бұл – біз үшін үлкен абырой.  
Бұл – ЕҚЫҰ-ға адамзаттың жаңа тарихындағы аса күрделі кезеңде төрағалық етудің аса жоғары жауапкершілігі.  
ЕҚЫҰ оған қатысушылардың бірегей географиялық құрамымен – ал бұл үш құрлықта орналасқан 56 мемлекет, мемлекеттердің өзара ықпалдасуының бай тәжірибесімен халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың шешуші тетіктерінің бірі болып табылады.  
Біз ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа қатысты өзіміздің ұстанымдарымызды белгілеп алдық.  
Сондықтан бұл туралы егжей-тегжейлі айтпай-ақ қояйын.  
Қауіпсіздік жөніндегі аса ықпалды ұйымға қазақстандық төрағалық мынадай ұранмен өтетін болады: “Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік”.  
Біз көптеген көкейкесті мәселелерді шешу жолдарын бірлесе іздеп, ықтимал дағдарысты жағдайлардың алдын алу үшін бірлескен тетіктерді әзірлейтін боламыз.  
Біз қауіпсіздіктің негіз қалаушы мәселелері бойынша, сондай-ақ Ұйымның өзін дамыту мәселелері бойынша консенсустық алаңды кеңейту және нығайту ниетіндеміз.  
Біз ЕҚЫҰ ХХІ ғасырдағы әлемнің көпқырлылығын танитын құрылым болуы үшін бәрін де жасайтын боламыз.  
ЕҚЫҰ-ға мүше көптеген мемлекеттер Қазақстанның жоспарларына, сонымен қатар, үстіміздегі жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізу туралы менің ұсынысыма қолдау білдірді.  
Мен Саммитте ЕҚЫҰ-ның жауапкершілігі аймағында қауіпсіздіктің көкейкесті проблемаларын, Ауғанстандағы жағдайды және төзімділік мәселелерін талқылауды ұсындым.  
Біздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыз бүкіл әлем халықтарының қауіпсіздігін дамыту мен өркендетуге бағытталатын болады.

Информация о работе Президент Н. Назарбаевтың 2010 жылғы Жолдауы