Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Февраля 2013 в 19:14, доклад
Жүз жыл өмір кешкен ақында неше жүз жылдар өнері мен шеберлігі түйіскен. Жамбыл ақындығын түсіну үшін, оның ауызша айтқыш, айтысқыштығын талдап ұғыну қажет. "А" десе, "мә" дейтін шапшаң айтқыш, "суырып салма" ақын болған жаратылысын зерттеп, бойлап ұғыну керек. Халық бұл алуандас ақындарға "суырыпсалма" ақын деп атақ берген. Қынаптан қылыш суырғандай жалт еткіш, отты, өткір өнерді айтқаны. Біз бұны ақпа ақын, төкпе ақын десек жарайды. Айтысқа шеберлік жалпы ақындық өнерінің, тіпті барлық әдебиет өнерінің өзгеше бір биік сатысы. Ал, ақындық өзі не? Егер ол өзгеше көрегендік, сезімталдық және сол көрген мен сезгенді сырлап, күйлеп айта білгіштік болса, жаңағы ақпа ақын сол көрегендік, сезгіштікті шымыраған шарқына жеткізеді.
Жамбылдың айтыстағы өнері
(Жамбылдың жүз жылдық мерекесінде жасалған баяндама)
Жүз жыл өмір кешкен ақында неше жүз жылдар өнері мен шеберлігі түйіскен. Жамбыл ақындығын түсіну үшін, оның ауызша айтқыш, айтысқыштығын талдап ұғыну қажет. "А" десе, "мә" дейтін шапшаң айтқыш, "суырып салма" ақын болған жаратылысын зерттеп, бойлап ұғыну керек. Халық бұл алуандас ақындарға "суырыпсалма" ақын деп атақ берген. Қынаптан қылыш суырғандай жалт еткіш, отты, өткір өнерді айтқаны. Біз бұны ақпа ақын, төкпе ақын десек жарайды. Айтысқа шеберлік жалпы ақындық өнерінің, тіпті барлық әдебиет өнерінің өзгеше бір биік сатысы. Ал, ақындық өзі не? Егер ол өзгеше көрегендік, сезімталдық және сол көрген мен сезгенді сырлап, күйлеп айта білгіштік болса, жаңағы ақпа ақын сол көрегендік, сезгіштікті шымыраған шарқына жеткізеді.
Шабыты келген ақпа ақын бабындағы аш қыранға меңзес. Тұрпыдан томағасын тартқанда алғыр қыран бар өңірді сәтте көріп, шолып өтіп, қимыл еткен шөп басын, қыбыр еткен тышқан жүрісін, қылт етіп бұққан түлкі түгін лезде шалып қалғандай, айтыс ағымындағы ақпа ақын да сондайлық көмескіні көргіш, бұлдырды білгіш болмақ шарт.
Бұл қасиет ақынға оңай орнамайды. Аса бір ерен шыққан, жалын атқан дарынды жас болмаса, көпшілік шын ақпа ақын өнеріне бейім болған күнде де, ұзақ сонар сын кешіп, сан айтыста сілкісе жүріп, сан рет жаға жыртып, тон тоздырып барып жетеді. Бірақ жеткен өнер сатысынан ақын шегінбейді, зымырай береді. Дерт жеңбесе, жыл-жылдар жеңбейді. Ол әсерді де кемітпейді. Тегінде, дене қартаяды, ақындық қартаймайды. Осы айтылған сыпаттар Жамбыл басында түгел бар еді.
Алып ақынның жүз жыл өмірі, жүз жыл бойында суарылған сайын шыныға түскен шар болаттың бабындай шымырлап толысып, түрлене түскен ақпа ақын өнерінің өзгеше бір өсу өмірі болатын.
Біздің баяндамамыздың тақырыбы Жамбылдың айтыс шебері, ақпа ақын болған өнері жөнінде. Бәрімізге де мәлім, Жамбыл айтысқа жас бала күнінен кірісіп, мөлшері 70 жасына шейін белсене түсіп жүрген. Ал, бірақ соңғы отыз жыл ішінде, ескі мерзім бойынша, кей замандастарымен оқта-текте әзіл ретінде аз қағысып өтіскен болмаса, шынайы үлкен айтысқа, ақындардың өздерінше айтсақ, "сүре" айтысқа араласпайды. Аға ақын Жамбылды кейінгі буын ақындары ол сайысқа салмай, сыйлай, сақтай жүреді. Бірақ ақынның ақпа-төкпе көрікті, кемел жыры соңғы отыз жыл ішінде бұрынғысынан дами түседі. Социалистік Отанның асқар жыршысы болған дәуірінде тіпті құлаш ұрып, шарықтап дамиды. Жә, олай болғанда, кейін Жамбылдың әлемге даңқын шығарған ұлы жырларына бұрынғы айтыс ақыны болған өнерінің жалғасы, қатысы бар ма? деген сұрақ туады.
"Өнердің өзін бағалағаның шын болса, төркінін, тегін алдымен таны" десе болады.
Сөйтіп, бұрын айтысқа түсіп, ақпа-төкпе жыр туғызып жүрген Жамбыл, бертін келіп советтік дәуірді әсем жырлаған Жамбылдың алдыңғы сатысын, әзірлік дәуірін танытады дейміз. Рас, бұл әзірлік дәуір, ұзақ дәуір болған. Бірақ сол ұзақ дәуірде ақын неше саты мектептен, неше дүркін дайындықтан шынығып өтеді. Сонда айтыстың кейінгі жырларына ақындық тұр, нәр беретін екі жағы бар еді. Бір жағы - жақсылықты (яғни ақынның өзі жақсы деп сүйген, сүйсінгенін) шаттана шалқып, көріктеп, айшықтай жырлайтын жағы. Екінші жағы - ақынның жек көргенін, жиренгенін құнарсыз біліп, аластағанын жерлей, кінәлай ажуалап, масқаралай жырлайтын жағы болатын. Бұл сөздің алғашқысының мысалын Жамбыл Құлмамбетпен айтысқанда былай түйіп тастайды:
Берекелі елді айтам,
Ел тұтқасы ерді айтам.
Басымнан сөз асырман! –
дейді. Екінші түрлі жырды 1913 жылы "Өстепке" деген өлеңде болыстарға айтқан:
Ұлық көрсең ұйлығып,
Желді күнгі қамыстай,
Жапырылып иілдің...
Шұлғымаймын сендерше,
Керегі жоқ сыйыңның,
Қор болмаймын өлгенше,
Өлеңіме-ақ сиындым! –
деген соншалық еңсесі биік, арлы сыншы, ашулы сөзінен байқауға болады. Әрине, Жамбыл бұл сапалы санаға бұрынғы күннің өзінде де бірден жеткен жоқ. Халық ақыны Жамбыл ел өнерінің бөлеуінде, алтын бесігінде өскен. Әсіресе, ел бұлағының қайнар бір көзінен, мөлдір бір тасқынынан туған. Осы орайда Жамбылдың алдындағы ақындарын, тұстас, тұрғылас ақындарын еске ала кету шарт. Алдыңғыдан Жамбылға ең жақын ақын Сүйінбай болса, ол туралы Жамбыл:
Менің пірім - Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сиынбай.
Сырлы сұлу сөздері,
Маған тартқан сыйындай.
Сүйінбай деп сөйлесем,
Сөз келеді бұрқырап,
Қара дауыл құйындай, -
деген. Бірақ Жәкең бір Сүйінбайдан ғана оқып қоймаған. Қазақта бұл өңірде сол тұста атақты, дәулескер ақыннан Майкөт ақын, Жалайыр Қабан ақын, Бақтыбай ақын, Құланаян Құлмамбеттер бар. Сүйінбай бастаған осы үш-төрт-бес ақынның және кейін Жамбылдың да, бәрінің де қырғыздың халық поэзиясымен көп жақындығы бар болатын. Ал, қырғызда бұл тұста атақты манасшы дастаншы, даңғыл жомоқшы мен жыршыдан Балық, Тыныбектер, Қалығұл, Қатаған, Арыстанбек, Найманбайлар бар. Және Жамбыл тұрғылас Қалмырза, Шойке, Сағымбай, Қара Ыршы (Жақшылық) сияқты нелер ірі, ақпа-төкпе ақындар бар-ды. Сүйінбай, Жамбыл осылардың арғы-бергісінің бәрін жақсы біліп, көбімен қатар жырласып жүрген. Бұлар халық өнер дәстүрінен үлгі алғанда қазақ, қырғыздың қатар қазынасынан бірдей үйреніп өскен. Жапсарлас екі туысқан ел арасында өскендіктен екі енеге тел төлдей, екі бірдей халық анаға тел ақындар болады. Ал, қазақтағы Жамбылдың өзі тұстас ақынның осы Жетісуда, әсіресе Үйсін ішінде болғандарын алсақ та, талай саңлақтар шығады. Дулатта Жамбылдан жасы үлкенірек Сарбас, Албанда - Құлмамбет, Қалабай, дәл тұстасы - Ыстыдан шыққан Қуандық, Қораластан шыққан - Қожантай, Жалайыр - Досмағамбет, Тілеуқабылдан - Әмір ақындар бар. Осының бәрі де атақты жыршылар болған. Бұл саналған екінші буын бір топтан басқа Жамбылдың өз елі Шапыраштыдан шыққан, оның ішінде бергі атасы Екейден шыққан ақын саны әсіресе мол болады.
Екейде елу ақын, сексен бақсы,
Айқымда алпыс ақын, тоқсан бақсы... –
дейтін Шыбыл шал айтқан әзіл өлең бар. Немесе бертін келе тағы қосқан:
Екейде елу бақсы, сексен ақын,
Жаратып мінеді екен, ерттеп атын,
Қобызы, домбырасы үнін қосып,
Гулейді жын қаққандай кешке жақын, -
дейтін шақпа, ажуа сөздер ақын мен ақындықтың молдығының куәсі. Сүйінбайдан бері қарай созылған Жамбыл айналасына келгенде, әсіресе қоюланған қалың үйір, үлкен шоғыр, ордалы өлең бар. Сол көп ақынның ішінде толып жатқан қыз-келіншек ақындар өзі бір алуан. Ал, әйел ақынның бар қазақтағы меншікті жанры айтыс болатын. Ол да жасынан бері қарай Жамбыл қаржасып өскен ортаның айтысы мол болғанын аңғартады. Ертеде Сүйінбаймен ұлан-ғайыр айтысқа түскен Күнбала, Жамбылмен айтысатын Айкүміс, Сайқал қыз, Бөлектің қызы - бәрі де айтыста сан ақыннан, сан топта озып, жүлде алып жүрген ақын әйелдер. Өз маңайындағы көп ақын ішінде Жамбылдың қызыға қадірлейтін ақындары Қисыбай мен өз құрдасы Тілеміс сияқтылар да болған.
Біз әлі Жәкеңнің ақындық өмірін, әсіресе ақындық ерекшелік сыр-сымбатын жете білгеміз жоқ. Аз білеміз. Өйткені революциядан бұрынғы ұзақ өмірінің мол ақындық мұралары бізге жетпей, көбінше жиыла алмай отыр. Осы жөнінде соңғы жылдар ішінде Жамбылдың ескі өлеңдерін көп жазып алып, бағалы еңбек сіңірген әдеби хатшысы Ғали Ормановтан1 басқа тағы бір зор еңбек еткен кісі — жазушы-ақын және Қазақ академиясының ғылыми қызметкері Сапарғали Бегалин. Біз жаңағы келтірген мысалдардың көбін, дәл деректің бәрін қазір сол Сапарғали Бегалин жиған материалдардан2 алып отырмыз. Бегалин жаңағы біз санап өткен Жамбылдың алды-артындағы ақындардың көпшілігі айтыс ақыны болумен қатар, ірі дастаншы, төкпе ақындар болғанын да айтады. Жамбылда да осындай екі жақты, екі алуан қасиет толық болған. Бұ да кейін социализм дәуірінің ірі қайраткерлері туралы әсем дастандар толғайтын Жамбылдың, бір алуан ақынның әзірлігіндей.
Ал, жалпы айтысты алсақ, бүгінде Совет Одағында үш елде толық сақталғанын көреміз. Ол - қазақ, қырғыз, қарақалпақ елдері. Қазақ ішінде әсіресе бұрынғы Ұлы жүз аталған бөлімінде және Сыр бойының елдерінде нағыз көп айтылған, көпшілік айтатын фольклор түрі көп, толық сақталған. Жамбылдың өзі жүрген ел ортасын аңғарсақ, онда жүздегі Жамбылдан бері қарай, бар буынның ақындары бар. Ең соңы жиырмаға жаңа жеткен, қыз-жігіттің арасынан шығып отырған айтысқа жүйрік жастар бүгінге шейін әр колхоз, әр ауданнан табылады. Қырғыз, қарақалпақта да айтыс үлгісі осы күйде. Бірақ осы айтқандарға қарап, жалпы айтыс өнері ерте күннен де тек осы үш елдің ғана өнері еді десек, адасамыз. Анығында, бұл түр дүние жүзі әдебиетінің әр дәуірінде, әр алуан елдерде болып өткен. Әсіресе, қазақта суырыпсалма ақын, ақпа ақын дейтін шапшаң айтқыш ақындар орта ғасырда шығыс, батыстың көп елдерінде, орыс халқының ескілігінде де болғанын көреміз. "Импровизатор" дейтін атауымыздың өзі де солардан қалған. Осылардың арасынан айтыстың дәл өзін ұстанған - арабта мұғаллақаттауды тудырушылар бір алуан. Ал, батыста кельттің фильдері, терістік Франциядағы - труверлер, орталық Европадағы мейстерзингерлер, орыста кейде скоморохтар, Скандинавия елдерінде болған эддаларды жырлайтын скальдылар - көбінше айтысқа жүйрік ақындар екенін орыстың атақты ғалымы академик А.Н. Веселовский баяндайды. Дәл осы топтың қатарында мейстерзингерлер, кей дәуірлерде, шіркеу ішінде дін тақырыбына арнап талай айтыстар жасаған. Бұнысы Шөже мен Кемпірбай айтысында бізде де айқын көрінеді. Әуелі әлемді, адамды, жаратылысты жұмбақ-сұрақ етісіп кеп, артынан Шөже "уаттури уәззәйтуни" деген аяттың мағынасын шеш деп, Кемпірбайға сын қояды да, Кемпірбайды соны шеше алмағандықтан жеңеді.