Билік және оппозиция

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 27 Февраля 2012 в 21:41, реферат

Описание

Билік – адамдардың іс-әрекетіне, қызметіне, тағдырына белгілі бір адамдардың (бедел, жігер, құқық, зорлықтың) көмегімен әсер ету мүмкіншілігі болып табылады. Олар адамдарға саяси билік жүргізетін мемлекеттік органдардың жүйесі, мемлекеттік және өкілеттігі бар қызмет адамдары немесе органдары болады.

Содержание

Кіріспе......................................................................................................................2
Билік – оппозиция – 5:0..........................................................................................3
Оппозиция мен билік келісімге келсе………………………………………...…6
Дағдарыспен оппозиция мен билік бірлесіп күрессе…………………………..7
Төрт жыл өтсе де, үш оқтың құпиясын билік те, оппозиция да аша алмады...9
Қорытынды............................................................................................................12
Әдебиеттер тізімі...................................................................................................13

Работа состоит из  1 файл

Билік және оппозиция.doc

— 133.00 Кб (Скачать документ)


2

 

ЖОСПАР

 

Кіріспе......................................................................................................................2

Билік – оппозиция – 5:0..........................................................................................3

Оппозиция мен билік келісімге келсе………………………………………...…6

Дағдарыспен оппозиция мен билік бірлесіп күрессе…………………………..7

Төрт жыл өтсе де, үш оқтың құпиясын билік те, оппозиция да аша алмады...9

Қорытынды............................................................................................................12

Әдебиеттер тізімі...................................................................................................13

 


КІРІСПЕ

 

              Билік – адамдардың іс-әрекетіне, қызметіне, тағдырына белгілі бір адамдардың (бедел, жігер, құқық, зорлықтың) көмегімен әсер ету мүмкіншілігі болып табылады. Олар адамдарға саяси билік жүргізетін мемлекеттік органдардың жүйесі, мемлекеттік және өкілеттігі бар қызмет адамдары немесе органдары болады.

              Ал оппозиция – бір саясатқа, саяси іс-әрекетке, қайраткерге қарсылық ету, кедергі жасаушы және партияның не оның бір бөлігінің билік етуші элитаға, көпшіліктің немесе үстемдік етуші пікірге қарсы тұруы болып табылады. Демократиялық елдерде парламенттік оппозицияны әдеттегі, дұрыс жағдай деп санайды. Олар билеушілерге қарсы тежемелік, тепе-теңдік қызмет атқарады.

              «Cын түзелмей, мін түзелмейді» демекші әрбір нәрсеге сын көз айтылмаса, ол жақсы жаққа ұмтылуға тырыспайды. Мен семестрлік жұмыста қазіргі кездегі Қазақстандағы билік пен оппозиция арасын барынша ашып көрсетуге тырыстым.

             

 


Билік – оппозиция – 5:0

 

Оппозициядағы партия, қоғамдық ұйым болсын өздерінің қабылдаған бағдарламасы арқылы жұмыс істейді. Мысалы, саяси мәдениеті көпке үлгі болған АҚШ-тағы президент, конгресс сайлауларында демократтар мен республикашылдар алма-кезек жеңіске жетіп, бір-біріне оппозиция болудың классикалық үлгісін қалыптастырды. Тасада тұрып тас атпайды. Жеңілісінің төркінін өз бағдарламалары мен атқарылған жұмыстарынан іздеуге тырысады. Сайлау кезінде өзін көрсете алмаған партиялар келесі науқанға дейін жұмысын тоқтатпай, көзқарастарының дұрыс екенін дәлелдеу жолында еңбектенеді. Еліміздегі оппозиция маңызды сайлаулардан еш қалыс қалып көрген емес. Дегенмен де біздегі оппозиция қоғамда өз орнын тауып, лайықты беделге ие бола алмай келеді. Оларға абырой әпермей отырған жайттар – біріншіден, идеялары мен пікірлері ортақ іргелі партиялардың бір тудың астына біріге алмауы. Оның себебі саяси партия жетекшілерінің жекелеген амбицияларын жеңе алмауынан сияқты. Сенбі күні бірікпек болған оппозиция күбір әңгімеден әрі аса алмай тағы тарқасты. Екіншіден, билік тарапына бірауыздан сын айтқанмен, бағдарламалары әркелкі. Бұл жерде жоба-жоспарларының жүйесіздігі мен билікке балама құжаттарының жоқтығын айтып отырмыз.

Бойына осы екі кемшілігі қатып-семген оппозицияның билікке қарсы әрекетін футбол ойынымен өрнектесек. Себебі оппозиция 2007 жылғы сайлаудың алдындағы науқан кезінде кәнігі футболшылар сияқты түскен суретін таратып, «Парламенттің кубогы бізде» деген жарнамамен таласқа түскен еді. Стратегиялық және тактикалық қателіктерден көз ашпаған оппозиция командасы жеңілістерінің себебін өзінен емес, өзгеден іздеп әлек. Енді осы уақытқа дейін өткен «матчтардың» есептері турасында…

Есеп ашылған сәт

Кез келген нәрсе өзінің берік бекіген іргетасына байланысты екенін есте ұстасақ, бүгінгі оппозицияның бұралаңқы жүрісінің түпкі себебін 2001 жылдан іздеу керек. Сырт көзге сыр бергісі келмегенмен, «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысының ішкі бірлігінде ақаудың болғаны рас. Өйткені тура 4 айдан кейін атышулы қозғалыстан бөлінген бір топ саясаткерлер «ҚДТ-ны» құрбандыққа шалып, «Ақ жол» партиясын құруды құп көрді. Ал одан кейін де жолы оңғарыла қоймаған «Ақ жол» саяси партиясының ойын алаңына шығуы «жас түріктердің» қараша оқиғасын халық санасынан ұмыттырып жіберді. Есеп: билік – оппозиция – 1:0.

Бір командаға – бес капитан

«Ақ жол» партиясы әу баста өзінің көп төрағасымен ерекшеленді. Саяси ортада өзінің белсенділігімен көзге түскен партияның көпшіліктің қолдауына ие болғаны жасырын емес. Тең төраға қызметі жемісті болғаннан кейін бұл партияға кейіннен бес бірдей басшы сайланды. Әлемнің ешбір елінде бұған дейін бақандай бес жетекшісі бар саяси партия болған емес. Ақыры бесеудің басы «бір қазанға» сыймады. 2004 жылғы Парламент сайлауында ұлт, тіл мәселесін ұмыт қалдырған партия жеңілісті басқа жақтан іздеп, әуреге түсті. Ал бұл кезеңде ұлттық мәселелер «гол» соғып ұпай жинайтын тамаша мүмкіндік еді. Мәжілістегі бір орынға қырын қараған жетекшілер арасындағы кикілжің халық сенім артқан құрылымды құрдымға кетіріп тынды. Билік – оппозиция – 2:0.

Биліктің хет-тригі

2005 жылғы Президент сайлауына солшылдар «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының аясында ортақ күш ретінде қатысты. Бірақ бұл жолы да биліктің жеңісіне өзінің сүбелі үлесін қосқан оппозиция кінәні биліктен іздеуге асықты. Өйткені олар халық алдында көзбояушылықпен «ӘҚҮ» аясында уақытша біріккен еді. Шыны керек, олардың Президенттік сайлауға әзірлеген бағдарламасы Мәжіліс депутаттығына түсетін кандидаттың жоспарының деңгейінде ғана болды. Стратегиялық қателіктерге бой алдырған оппозиция дауыстың бөлініп кеткенін аңғармады. Сайлау қорытындысы бойынша, «Ақ жол» партиясының жетекшісі үшінші орынға жайғасқан болатын. Ал бұл –2004 жылы оппозиция «қақпасына» соғылған «голдың» нәтижесі. Жоғарыда айтып өткен уақытша бірігу өз жемісін сайлау өткеннен кейін-ақ бере бастады. Қозғалыс төрағасы Жармахан Тұяқбай өз партиясын құрып, өзгелерден бөлек отау тікті. Радикалды «ақжолдықтар» 2006 жылдың көктемінде «Нағыз Ақ жол» партиясы болып, Әділет министрлігінен қайта тіркеуден өтті. Оппозицияның бас-басына би болып, партия құруға деген құлшыныстары халықтың оларға деген сенімін әлсірете түсті. Сонымен, билік – оппозиция – 3:0.

Сен соқпасаң, саған соғады

Футболда шабуылдаумен қатар, қорғану да маңызды болып табылады. Ал оппозиция қорғанысты ұмытып, бірден шабуылдауға көшкенді ұнатады. 2007 жылғы Парламент Мәжілісіне өткен сайлау қарсаңында оппозиция белсенділері қайта күш біріктірді. Болат Әбілов бастаған либералдар Жармахан Тұяқбай жетекшілік еткен социал-демократтармен тізе қосса, Серікболсын Әбділдиннің Коммунистік партиясы сайлауға бойкот жариялап, оппозиция жанкүйерлерінің қатарын толықтырды. Алайда олар билікті «қалпақпен ұрып» алатын бағдарлама жасай алмады. ЖСДП-ның ұлттық сайлауға ұсынған «Жаңа Қазақстан үшін» бағдарламасының «біссімілләсі» биліктегі азаматтардың әрекеттерін қаралаудан басталып, құжаттың соңына дейін кемшіліктерді тізбелеп өткен. Қара пиардан ұтылмаса, жеңіске жетпейтінін түсінетін уақыт жетсе де, оппозиция әлі күнге дейін осындай қарадүрсін әрекеттерден аса алмай отырғаны – шындық. Билік – оппозиция – 4:0.

«Капитанның» қателігі

Еліміздегі оппозиция өкілдері өткен сенбіде бас біріктірмек ниетпен алқа-қотан жиын өткізді. Нәтиже жоқ. Сарапшылардың пікірінше, біздің оппозиция бір партияның айналасына шоғырлана алған емес және алдағы уақытта да бірікпейді. «Алдымен жүйені жеңейік, тиісті жағдайды орнатып алайық, сосын барып қана коммунистер, социалистер, либералдар болып бөліне беруге жол ашық»,– деген Тұяқбай мырзаның сөзі оппозиция «қақпасының торын» тағы бір мәрте бүлк еткізді. «Осы мәселелерді шеше алмаса, неменесіне жиналған деп бізге барлығы күлетін болады» деген оппозиция белсенділері сенбідегі жиында тағы да бір жағадан бас шығара алмады. Есесіне, саяси таблодағы көрсеткіш ұлғая түсті. Қорытынды есеп – 5:0.

Ой-түйін

Футболда «автогол» деген ұғым бар, яғни ойыншының өз қақпасына абайсызда гол соғып алуы. Біз айтып өткен «голдардың» барлығы дерлік осы ұғымға жақын. Оппозиция билікке балама күш ретінде төменнен құрылуы тиіс. Ал билікке өкпелеп, оппозицияға өткен экс-шенеуніктер өз ортасынан осы уақытқа дейін лайықты көшбасшы шығара алмай пұшайман болып, қарсыластар пайдасы үшін «автогол» соғып алып жүр. Оппозициялық партиялар мүшелерімен кеңеспей, қосылып-ажырай берсе, команда ретінде «жанкүйерлерінен» де айырылып қалуы ғажап емес. Себебі бұл ойын 90 минутпен шектелмейді. Белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітханның сөзімен айтқанда, «жеңісті күндерде жолыққанша».

 

 


Оппозиция мен билік келісімге келсе

 

2006 жылдың 15 наурызында Еуропа Кеңесі парламенттік ассамблеясының Париждегі кеңсесінде Қазақстандағы жағдайға байланысты тыңдау болып өтті. Бұл тыңдауда Қазақстан билігі мен оппозиция өкілдері ұлттық келісімге келудің қандай жолдары бар екендігіне байланысты өз ойларын ортаға салды. Жұма күні осы тыңдаудан кейін Қазақстанға қайтып оралған оппозиция басшысы Жармахан Тұяқбай “Азаттық” радиосына берген түсініктемесінде елде болып жатқан соңғы оқиғаларға қарамастан қоғамды демократияландыруға байланысты билікпен келіссөз жүргізілу мүмкіндігін жоққа шығарған жоқ.

Тәуелсіз ақпарат құралдарында жарық көрген мәліметтерге жүгінсек, Еуропа Кеңесі парламенттік ассамблеясының отырысындағы тыңдауға “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбай, “Қаһар” жастар қозғалысы мен ресми биліктің өкілдері қатысқан. Осы тыңдауға қатысып қайтқан “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбай жұма күні “Азаттық” радиосы арқылы соңғы орын алған оқиғаларға қарамастан, келешекте оппозициялық күштердің қоғамды демократияландыруға байланысты билікпен келіссөз жүргізудің жолдарын іздестіруі мүмкін екендігін хабарлады. Оның себебін оппозиция басшысы дәл қазіргі уақытта халықтың қамын ойлап, екі жақтың да қоғамды демократияландыруға байланысты қандай да бір қадамдарға баруы керек екендігімен түсіндірді. Атап айтқанда ол үшін ресми билік оппозицияны қудалағанын тоқтатып, сөз бостандығына ерік беруі тиіс.

Қазақстандағы оппозиция мен билікті ымыраға келтіру үшін қандай қадамдардың жасалуы қажет екендігі біраз жылдан бері талқыға салынып келе жатқан мәселелердің бірі екендігі аян. Қазақстандық сарапшы, саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, оппозиция да, билік те келіссөз жүргізуде көп мәселелерге қадам жасағысы келмейді.

“Билік шектеулі мәселелер бойынша ғана келіссөз жүргізгісі келеді. Негізінен бұл билікке тікелей қауіп туғызбайтын мәселелер. Атап айтқанда, жергілікті өзін-өзі басқару, үкіметтік емес ұйымдар секілді мәселелерде билік белгілі бір келісімге барудан қашпайды. Алайда, менің білуімше, оппозиция бұл секілді ұсақ-түйектерге емес, маңызды саяси мәселелерде өзгеріс жасауды талап етуде. Екі жақтың да ымыраға келе алмайтын үлкен проблемасы осы арада туындап отыр, - деді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

“Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының баспасөз қызметінің жетекшісі Айдос Сарым оппозиция мен биліктің келісім жасай алатындығына күмәнмен қарайды екен. Оның айтуынша, елде үлкен саяси қайраткерлер озбырлықпен өлтіріліп жатқан жағдайда екі жақтың келісімге келуі өте қиын мәселе.

 


Дағдарыспен оппозиция мен билік бірлесіп күрессе

 

Ең қауіпсізі – оппозицияға арқа сүйеу.
(Райчак Феликс)

 

Қоғамдық палата экономикалық дағдарыс сияқты қиын-қыстау кезде барлық қоғамдық ұйымдарды күш біріктіріп, Президенттің маңайына топтасып, жұмыла жұмыс жасауға шақырды. Ал осындай сәтте оппозиция мен билік «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» ала ма?

Ұлыбританияда ең ірі оппозициялық партия (яғни парламенттік сайлауда екінші орын алған партия) лидері министр деңгейінде корольдік жалақы алады. Себебі оларды қоғам мен мемлекет үшін өте маңызды шаруа атқарып жатыр деп, «Ұлы мәртебелінің оппозициясы» деп әспеттейді. Оппозиция «көлеңкелі үкімет» жасақтап, оның министрлері үкіметтік шараларды қадағалап, сынап, өз бағыттары бойынша оппозициялық бағдарламалар жасаумен айналасады. Бұл қазіргідей сын сағатта қолайлы-ақ…

Бірақ Қазақстанда қалай? Үкімет пен оппозиция үнемі қырғи-қабақ. «Біздің оппозицияның бар тарихы 80% партиялық құрылыс, қайта ұйымдасу, партияға атау беру, өзара тайталастан құралса, тек қалған 20% ғана – жұмыс, яғни билік үшін күрестен тұрады», – деп жазған Сергей Дуванов. Мұның өзінде ол «жұмыс» деп сайлау кезіндегі шараларды меңзеп тұрса керек.

Оппозиция әзірге тек билікті сынайтын мәлімдеме таратумен ғана айналысса, Үкімет олардың жасаған бағдарламаларын көпе-көрінеу елемеуге тырысады. Яки Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасына балама жоба жасаған Мұхтар Әблязов сияқты «борттың сыртында» қалуға да болады.

Ал мемлекет үшін оппозициямен күресіп қана қоймай, онымен ынтымақтасқан тиімді деп есептейді ресейлік саясаттанушы Алексей Власов. Бұл – «посткеңестік бюрократия үшін қатерлі көрінгенімен, билік үшін кадр «сәкісі» соншалық тарылған тұста ең дұрыс жол. Азшылықтың сөзіне құлақ түріп, ортақ мүдде үшін олармен ынтымақтасудан қорықпау керек» деп есептейді сарапшы. Осы ретте ол биліктегілермен саяси пікірі үйлеспеген мықты мамандар мен басқару менеджерлері керексіз болып қалған Ресейдің жақсы үлгі көрсетіп отырмағанына өкініш білдіреді. «Осы бір өте күрделі мәселеде Қазақстан басшылығы үлгі көрсетеді деп сенгіміз-ақ келеді» деп жазады сарапшы.

Сонымен, қазіргі жағдайда бітіспес қазақстандық екі жақ конструктивті диалогқа баруы мүмкін бе? Оппозицияның бұған дейін Үкімет тарапынан ұйымдастырылған түрлі комиссияларға қатысудағы «белсенділігін» ескерсек, олардың дағдарыс кезіндегі жұмысының беталысын оңай болжауға болады. Бірде-бір оппозиция өкілі қатыспайтын Қоғамдық палатаның үндеуін олар назарға да ілмейтіні анық. Олардың бар жұмысы наразылық жиындарын өткізу арқылы билікке қысым көрсетумен шектеледі. Бұл өз кезегінде жер-жердегі оппозиция өкілдерінің қудалануы мен олардың жұмысына кедергі жасау әрекеттеріне соқтырады. Мысалы, ақпанның 21-де митингі ұйымдастырғысы келген оппозиция Алматыдан басқа ешбір аймақтардан рұқсат ала алмағандарын айтады. Бұл елдегі демократияның дамуына бір мысқал да үлес қоспайтыны, екі жақтың күресін ушықтыра түсетіні түсінікті.

Мұндай жағдайда не істеуге болады? Осы тұста белгілі әлеуметтанушы Р.Дарендорфтың қағидасы еске түседі: «Оппозицияға саяси шешім қабылдаудың 10% мүмкіндігін берсін, сол кезде оппозиция да болмайды». Оппозиция болған күннің өзінде айғайшыл, құр дабырашыл күйде қалмайтыны анық.

 


Төрт жыл өтсе де, үш оқтың құпиясын билік те,

оппозиция да аша алмады

 

Осыдан төрт жыл бұрын 2005 жылдың 12 қарашасы күні кешке жақын сол кездегі Назарбаев режимінің ең қатал сыншысы, диссидент Заманбек Нұрқаділов өз үйінде оққа ұшты. Ол биліктің қудалауында болды, оппозиция да оны құшақ жайып қарсы ала қоймаған еді.

Информация о работе Билік және оппозиция