Әбділдә Тәжібаев

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Декабря 2011 в 17:07, реферат

Описание

Әбділда Тәжібаев - туған әдебиетіміздің ірі тұлғаларының бірі. Ол 1909 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Атақты ақын Нартай келіп, Әбділданың анасы Айманкүлмен айтысқа түскен. "Сыр елі-жыр елі" атанған Сырда туып-өскен Әбділдаға іргелі ақындардың жыр додасы да өзіндік әсерін тигізсе керек.

Работа состоит из  1 файл

Әбділда Тәжібаев.docx

— 25.16 Кб (Скачать документ)

Әбділда Тәжібаев-туған  әдебиетіміздің ірі тұлғаларының бірі. Ол 1909 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Атақты ақын Нартай келіп, Әбділданың анасы Айманкүлмен айтысқа түскен. "Сыр елі-жыр елі" атанған Сырда туып-өскен Әбділдаға іргелі ақындардың жыр додасы да өзіндік әсерін тигізсе керек.

Әбділда Тәжібаев "Күй атасы","Ақын", "Портреттер" аталатын дастандар жазумен бірге, лирикалық поэмалардың қазақ әдебиетінде озық үлгілерін қалыптастыруға да үлкен үлес қосты. Әдебиетті зерттеумен де айналысты. Балалар тақырыбына да қалам тартты.

Әбділда Тәжібаев – осы заманғы қазақ поэзиясының  аса көрнекті шебері, ірі драматург және белгілі әдебиет зерттеушісі. Әдебиеттегі алғашқы қадамын өткен ғасырдың 20-жылдарының соңына ала өлең жазудан бастаған ол қазақ сөз өнерінің озық дәстүрлерімен дүниежүзілік әдебиеттің үздік жетістіктерінен үйрене отырып, 30-жылдардың орта шенінде-ақ айтулы ақын, республикада әдебиет ісін ұйымдастырушы қайраткерге айналды. Ә.Тәжібаев – поэзияда лирика мен поэма жанрын қатар алып жүрген ақын. Оның қаламынан туған 30-дан астам поэма мен өте көп сандағы өлеңдері сыршылдық, ойшылдығымен, шыншылдық, оттылығымен ерекшеленеді. Ә.Тәжібаев поэзиясын басқа бірде-бір ақынның туындыларымен шатастыру мүмкін емес. Оның поэзиясы – тың ізденістің, жоғары мәдениеттің, кәнігі шебердің поэзиясы. Ә.Тәжібаев атақты драматург те. Драмалық шығармалар жазуды 30-жылдардың соңына ала бастап, әдебиеттің бұл күрделі жанрында айтулы туындылар берді. Әдебиеттану саласында да жемісті еңбек етіп, Ә.Тәжібаев талантты ғалым екенін танытты. Оның, әсіресе, поэзия мен драматургия саласындағы зерттеулері терең ғылымилығымен, талдауларының нәзіктігімен тәнті етеді. Ә.Тәжібаев ұзақ шығармашылық ғұмырында тынымсыз ізденіп, үздіксіз еңбектеніп, тұтас бір дәуір шындығын жан-жақты, жоғары көркемдікпен бейнелеген өте мол мұра қалдырды. Өмірбаяны. Әбділда Тәжібаев 1909 жылы Ақмешітте (казіргі Қызылорда қаласында) дүниеге келеді. Әкесі Тәжібай 1915 жылы қайтыс болады да, шешесі Айманкүл күнкөріс жағдайына байланысты алты жасар Әбділданы қала сыртындағы Қараөзек деген жерде тұратын төркініне алып кетеді. Содан болашақ ақын он үш жасына дейін шешесі Айманкүл мен нағашы атасы Далдабайдың тәрбиесінде өседі. Жас Әбділданың өлеңге, әдебиетке деген құштарлығын оятқан да өз анасы мен нағашы атасы болады. Айманкүл араб, парсы тілдерін жақсы білетін сауатты, көзі ашық, көңілі сара кісі екен, Әбділдаға өзі хат танытып, әдебиет үлгілерін оқытып үйретеді. Кейін белгілі халық ақыны болып, өлеңдер жинағы да жарық көрген Айманкүл, ол кезде әкесі Далдабай қарттың өтінішімен ауыл адамдарына Шығыстың қиссалары мен қазақтың неше алуан жыр-дастандарын оқып беріп отырған. Соларды қыбыр етпей, құмарта, үнсіз тыңдаушыларының бірі – Әбділда болған. Кейінірек үйлеріне келген қонақтары мен ауыл адамдарына, кішігірім жиын-топта әлгі қисса, дастандарды атасының айтуымен Әбділда оқып беретін болған. Оның үстіне бұл ауылға, әсіресе осы нағашы атасының үйіне Сыр елінің атақты ақын-жыршылары жиі келіп тұрған. Бір жолы Әбділда ауылдарына келген атақты ақын әрі әнші Нартай Бегежановпен Айманкүлдің ұзақ айтысын тыңдап, шешесінің айтқыштық, ақындығына қуанып, тапқыр сөздерін есінде ұстап қалған. Анасы жастай дүниеден қайтқан күйеуін байырғы қазақ салтымен жыл бойы жоқтағаны, шешесінің өзі шығарған ұзақ жоқтау поэмасын дауыстап жатқа айтқанын төсекте жатып тыңдап, мұңды-шерлі әуеніне іштей үн қосатын болған.

Жаңа бір түсіп, шам сөнді, Ашыла түсіп, гүл солды, –

деген, ол кезде  мағынасын өзі жете түсінбеген жолдарын да есінде сақтап қалған. Ал ақылды, мейірбан нағашы атасы 1919 жылдың қысында сүзектен қайтыс болғанша Әбділданы қасынан тастамай, қайда барса да бірге алып жүрген. Әбділда атасына көмектесіп, ау жайысып, тарысын суғарысқан. Той-томалаққа да бірге барып, атасының жанында төрде отырып, үлкендерден қазақтың ескілікті қызық әңгімелеріне қаныққан. Неше түрлі аңыз, ертегілерді көп білетін атасы да тыңдауға құмар жиеніне айтып беруден жалықпайды екен. Ақын кейін өзінің "Еске алу" деген шағын поэмасында отбасының жетім-жесірлік қайғылы тағдырын, беті-жүзін түстеп тани алмай да қалған әкесі туралы жүректе шер боп қалған аңсары жайында:

Есімде жоқ  шын суреті, Әкем менің қандай кісі. Тек елестей бұлдырайды Әлдекімнің көлеңкесі, –

десе, өмірге де, еңбекке де, өнерге де бейімдеп тәрбиелеген  аяулы нағашы атасы туралы "Сыр  жырлары" топтамасында жер ортасы жасқа келген ақын:

Кейде түске  кіреді, Дәл өңімдей баяғым. Тай қып мініп жүремін, Нағашы атам таяғын.

Жүгіремін жағалап, Сырдың жайпақ жағасын. Кәрі көзбен сығалап, Қарар маған нағашым.

Бірде қуып жүремін  Шіркей мен шыбынын. Айдап бірде жүремін Нағашымның шығырын...

Босайды екен көңілің Туған жерге келгенде: Көрініп тұр жып-жылы Көп тырнаған шеңгел де.

Кейде түске  кіреді Дәл өңімдей баяғым. Тай қып мініп жүремін Нағашы атама таяғын, –

деп еске алады. Ол таңғажайып шығыс поэзиясынан  да, туған халқының бай да көркем ауыз әдебиеті мұраларынан да таусылмас  әсер, ләззат алып өседі. Жалпы, тумысынан  дарынды, зерек те сергек Әбділданың ауылда алған әсері бай да құнарлы болған. Оны ақын шығармашылығынан байқау қиын емес. Жоғарыда аталған поэмасының кейіпкері қаладағы оқу орнына аттанғаны туралы:

Қар да құйды  жапалақтап, Тоқтамастан бастым алға. Тұңғыш ізім бақыт қуған Тұңғыш жауған түсті қарға, –

дейді. Бұл Әбділданың өзі туралы айтылған сөз еді. ПІынында да, ол 1922 жылы Қызылорда қаласында жаңадан ашылған жетім балаларға арналған интернатқа қабылданып, сауаттылығының арқасында бірден интернат жанындағы бастауыш мектептің 3-сыныбынан бастап оқып кетеді. Әбділданың алғашқы өлеңдері осы интернаттың қабырға газетінде жарияланады. Одан кейін Шымкенттегі жеті жылдық мектепте, 1929-1932 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогика институтында оқиды, 1953-1956 жылдары Мәскеудегі жоғары әдебиет курсын бітіреді Еңбек жолын "Еңбекші қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінде алдымен пошта тасушы (1926), содан кейін корректор болып істеген (1927-1928) ол небары 4-5 жылда "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш") газеті редакторының орынбасары (1932-1934) дәрежесіне дейін көтеріледі. Әбділданың "Жұмысшының гудогі" өлеңі 1926 жылы "Жұмысшы" газетінде басылады. Бұл – оның баспа бетін көрген тұңғыш туындысы. Әрі қарай өлеңдері "Жұмысшы" және "Еңбекші қазақ" газеттерінде шығып тұрады. Жиырма бес жастағы Әбділда 1934 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының хатшылығына, ал 1939 жылы оның төрағалығына сайланады. 30-жылдары ақын көп оқу, тынымсыз іздену үстінде өндіре де жазады, шығармаларының көркемдік сапасы жағынан да айтарлықтай биікке көтеріледі. "Жаңа ұрпақ" (1935), "Лирикалар" (1936) деп аталған жинақтары бірінен соң бірі жарық көреді. Белгілі "Оркестр", "Абыл", "Толағай" сынды романтикалық поэмалары мен М.Әуезовпен бірігіп жазған "Ақ қайың" деп аталатын тұңғыш пьесасы да сол жылдардың жемісі. Қазақ әдебиетінің сол кездегі маңдай алды таланттарының біріне айналған Әбділданы дарын сырын танығыш көреген М.Әуезов: "Қазақ поэзиясына әсерлі, сапалы көркем бір ағым кіргізіп келе жатқан ақын" деп (1939) бағалайды. Ә.Тәжібаев 1945-1948 жылдары Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының Жамбыл бөлімін басқарады. "Қазақ әдебиеіті" газетінің бас редакторы болады. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болын сайланады. Филология ғылымының докторы Ә.Тәжібаев жазушылығына қоса біраз жылдар М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, өмірінің соңғы жылдарын бірыңғай шығармашылыққа арнайды. Қарт ақын Ахмет Байтұрсынұлы бастаған арыстарымыздың ақталғанын көріп, тоталитарлық жүйенің сеңі бұзылғанын сезініп, 1998 жылы 90-ға қараған шағында дүние салды. 

Әбділда Тәжібаев (1909-1998) - көрнекті ақын, драматург, әдебиет, театр зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Ақмешітте (қазіргі Қызылорда қаласында) дүниеге келген.

Қызылорда қаласындағы жетім балалар интернатында тәрбиеленген. Одан кейін Шымкенттегі жеті жылдық мектепте оқыған.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсты бітірген.

Еңбек жолын 1926-1928 жылдар аралығында «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде пошта тасушы, содан кейін корректор болып бастаған. 1927 жылы «Жұмысшының гудогі» атты тұңғыш өлеңі «Жұмысшы» газетінде басылады. Әрі қарай өлеңдері «Жұмысшы» және «Еңбекші қазақ» газеттерінде шығып тұрған. 1932-1934 жылдары Қарсақбайдағы «Қызыл кенші», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеттерінде редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Жиырма бес жастағы Ә.Тәжібаев 1934 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының хатшылығына, ал 1939 жылы оның төрағалығына сайланған.

30-жылдары ақынның «Жаңа ырғақ», «Лирикалар» деп аталған тұңғыш жинақтары жарық көреді. Белгілі «Оркестр», «Абыл», «Толағай» сынды романтикалық поэмалары мен М.Әуезовпен бірігіп жазған «Ақ қайың» деп аталатын тұңғыш пьесасы да сол жылдардың жемісі. Қазақ әдебиетінің сол кездегі маңдай алды таланттарының біріне айналған Әбділданы дарын сырын танығыш көреген М.Әуезов: «Қазақ поэзиясына әсерлі, сапалы көркем бір ағым кіргізіп келе жатқан ақын» деп бағалаған.

Ә.Тәжібаев халықтық аңыздар мен сюжеттер негізінде жазылған «Мерген», «Кілемшілер туралы ертегі», «Аққу» «Күй атасы»,  тағы басқа біршама поэмаларды дүниеге әкелген. 1945-1948 жылдары Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының Жамбылтану бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1948-1958 жылдары шығармашылықпен айналысып, 1958-1960 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1960-1962 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының екінші хатшысы, 1962-1984 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театртану бөлімінің аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болып сайланған.

1964 жылы ақынның «Жүректілер» атты пьесалар жинағы жарыққа шыққан. Бұл еңбекте «Майра», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Қыз бен солдат», «Монологтар» сияқты драмалық туындылары, «Той боларда», «Дубай Шубаевич» тәрізді комедиялары жинақталған.

Оның «Өмір мен поэзия» «қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» атты монографиялық зерттеулері, көптеген сын мақалалары жарияланған. Ол «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты зерттеу еңбекті құрастыруға қатысып, соңғы басылымының редакциясын басқарған.

«Жылдар, ойлар» атты еңбегінде Жамбыл, Нұрпейіс, Иса ақындар мен М.Әуезов, С.Мұқанов, А.Жұбанов, тағы басқа әдебиет және өнер қайраткерлері жайлы естеліктерін жариялады. «Жаданның хаттары», «Хаттар сөйлегенде», «Өмір мен ерлік» атты сын, эссе, прозалық кітаптарында әдебиет пен өнерге қатысты толымды пікірлер айтқан.

Ә.Тәжібаев жазушылығына қоса біраз жылдар М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, өмірінің соңғы жылдарын бірыңғай шығармашылыққа арнаған.

Ә.Тәжібаевтің сценарийі бойынша (Н.Погодинмен бірге) «Жамбыл» кинофильмі түсірілген.

А.Пушкин, Т.Шевченко, А.Островский, Г.Гейне, тағы басқа қаламгерлердің бірқатар шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Ә.Тәжібаевтің көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылған.

«Октябрь Революциясы», 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту, Ленин, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Қызылорда қаласында көрнекті жазушылар Ә.Тәжібаев, З.Шүкіров, Қ.Мұхамеджановтарға ескерткіш орнатылған. Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы халық жазушысы, көрнекті ақын Әбділдә Тәжібаев есімімен аталады. 

Информация о работе Әбділдә Тәжібаев