Автор работы: Пользователь скрыл имя, 02 Ноября 2012 в 20:00, реферат
Кеңес өкіметінің жетпіс жылдық билігі тұсында қазақ әдебиетінің тарихынан жазықсыз сызылып тасталған тұлғалардың бірі – Мағжан Жұмабаев. Талантты ақынның есімі де, маржан жырлары да бұл кезеңде идеологиялық қудалауға ұшырады. Азат өмірді, халқының тәуелсіз ел болған қалпын көруге ұмтылған, сол жолда білегіндегі күшімен де, жүрегіндегі жырымен де күресіп өткен қайраткер ақынның тағдыры аса күрделі белестерді бастан кешірді.
деген жолдардан оның ертеңгі болашақтан үміті, қалай болғанда да осы қиындықтың артында азат күндердің келеріне деген сенімі көрінеді.
Өмірге құштарлық, айналасындағы адамдарға, туған табиғатқа, жер-анаға ғашықтық туралы ойлар – Мағжан өлеңдерінің басты сипаттарының бірі. Ақын нені жырласа да, ерекше махаббатпен, шынайы жүрекпен жырлайды. Сол себепті де оның өлеңдері сырлы, сазды, көркем.
"Сүйемін" атты өлеңін ақын қартайған анасына, күнделікті тұрмыстың жетегінде жүрген қарапайым жарына деген сезімін суреттеуден бастайды. Өлеңде өмірдің жүрекке жылы, көзге таныс суреті бар. Ана да, жар да әркімге қымбат екенін есіңе қайта салғандай. Одан кейін ақын:
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен
Бірге жусап, бірге өрген,
Алаш деген елім бар.
Неге екенін білмеймін,
Сол елімді сүйемін.
Сағым сайран кұрады,
Бораны ұлып тұрады,
Қыс – ақ кебін, жаз – сары.
Орманы жоқ, шуы жоқ,
Тауы да жоқ, суы жоқ,
Мәңгі өлік сахарасы,
Сарыарқа деген жерім бар.
Неге екенін білмеймін,
Сол Арқамды сүйемін! –
деп, өзінің туған елі мен жеріне деген перзенттік сүйіспеншілігін жайып салады.
Мағжан нені айтса да, бейнелеп айтады. Ол үшін даланың тауы да, суы да, желі де ғажайып. Ақын өлеңдерінде адам мен табиғат астасып жатады. Қай шығармасында да Мағжан осы екі ұғымды бірлікте алып жырлайды. Бір өлеңінде анасына, жарына, жалпы адамға деген махаббатын туған жерге катысты сезімімен ұштастырып жатса, енді бір жырларында сол табиғаттың асыл жемісі – адамды бәрінен жоғары кояды. Бұған дәлел – "Сен сұлу" өлеңі.
Өлеңде сұлулықтың көркіне көз тоймай, айналасына таңырқай көз салған ақынның бейнесі бар. Ол айрықша тебіреніс үстінде. Оның көңіліне қуаныш, мактаныш сезімін ұялататын кең даланы гүлге ораған көктемнің арайлы күні, күміс табақтай көкте жүзген сұлу Ай, жібектей есіп, жанды жадыратар Жел, асқар тау, көлде жүзген аққулар, көк аспанда нұрын шашын тұрған Күн. Ақын осы көріністің тамаша картинасын жасайды. Табиғаттың әр құбылысынан, туған жердің әр тынысынан сұлулықтың тамаша белгілерін көреді. Сонда да болса, дүниедегі ең сұлу жаратылыс Мағжан үшін бұл емес. Сұлудың сұлуы – оның жүрегі қалаған сүйікті адамы.
Толып жатыр түрлі сұлу дүниеде,
Бәрінен де маған, сәулем, сен сұлу!
Мағжанның таза махаббат тақырыбына арналған лирикасы – аса көркем мұра. Табиғатынан жаны сұлу сыршыл ақын адамның ең асыл сезімін жеткізуге келгенде ғажап шеберлік танытады. "Сүй, жан сәулем", "Сен сұлу", "Жұлдызды жүзік, Айды алқа қып берейін", "Шолпы", т.б. өлеңдерінде Мағжан адамға тән осынау ұлы сезімді аса биікке көтере жырлайды. Ақынның лирикалық қаһарманы үнемі ғажайып сезімнің кұшағында жүреді. Шын сүю – Мағжанның ұғымында әрі ләззатты, әрі азапты күй. Қуанышы да мол, азабы да аз болмайтын сезім. Ақынның сезімі кіршіксіз мөлдір. Сонымен бірге, ол махаббатқа шексіз адал. Сүйген жанының бір сәттік қуанышын ол патшаның тағына да, дүниенің малына да айырбастамайды. Сүйген жары үшін не қиындыққа да төзуге даяр.
"Жұлдызды жүзік, Айды алқа ғып берейін" өлеңі дәл осындай кіршіксіз махаббаттан туған шығарма.
Сүйгеніне қол созған ғашық жан:
Кел, жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жұлдызды жүзік, Айды алқа ғып берейін, –
деп, жүрек сырын ақтарады. Оның ғашығы – сөзі сиқыр, шашы толқын, күлкісі күміс табақтай сыңғырлаған ғажайып сұлу. Ақын осы сұлулыққа жету жолында бәрін де құрбан етуге даяр ғашық жанының бар сезімін тамаша суреттермен, бейнелі кестелермен береді. Лирикалық кейіпкерінің "көз жасынан меруерт тізіп", тіпті аспандағы жұлдызды жүзік, айды алқа етіп ғашығына сыйға тартқызады.
Мағжан – қазақ өлеңінің көркіне көрік қосқан, саздылығы мен әуезділігін әсемдеген ақын. Жоғарыдағы өлеңдерінің бәрінде де ол қарапайым өмір кұбылыстарын әсем суретке айналдыра жырлайды. "Толқын", "Шолпы", т.б. өлеңдерінде Мағжан өлеңдеріне тән ерекше бір әуезділігі айқын көрінеді. Мысалы: "Шолпы" өлеңіндегі:
Сылдыр, сылдыр, сылдыр,
Қанымды қайнатты кұрғыр.
Шық-шық жүрекке тиеді,
Күлпәра талқан боп сыңғыр, –
деген жолдардағы қазақ қызының шашына таққан шолпысының сыңғыры әркімнің құлағына қазір де жетіп тұрғандай әсер береді.
Ал "Толқын" атты өлеңінде ақын өмір философиясы туралы толғанады.
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады,
Толқынмен толқын жарысады, –
деп, ақын айтқандай, өмірдің өзі бірін-бірі қуған, жарысқан осындай толқындардан тұрмақ. Өмір ағысы осындай.
Мөлдіретіп көз жасын,
Жасымен жуып жартасын,
Сүйіп сылқ-сылқ күледі.
Жылағаны – күлгені,
Күлгені оның – өлгені,
Жылай, күле өледі.
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап,
Толқынды толқын қуады.
Жарына бал береді,
Береді де өледі,
Өледі толқын тынады.
"Батыр Баян" поэмасы
Мағжан Жұмабаев – бірнеше көркем поэма жазған құлашы кең эпик ақын. Ол өз заманының толғауы күрделі жайларын халқының өткен тарихын жырлау арқылы көрсетуге ұмтылды. Өйткені артта қалған казақ елін алға жетелеу сол халықтың өз қолынан ғана келмек. Сондықтан да халыққа күш берер осындай ерлік қайнарын Мағжан тарихтан іздеді. Өз шығармаларында кешегі өткен батыр бабаларымыздың ерлігін жырлады. Абылайды, Кенесарыны жырға қосты. Сол арқылы халқының қайратын ұштап, санасын оятуды ойлады.
Бұл тұрғыдан келгенде, "Батыр Баян" поэмасының маңызы ерекше. Поэманың оқиғасы бір кездегі қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік заманнан алынған.
...Қалмаққа қарсы жорыққа аттанбақ болған Абылай хан қол астындағы батырларын жинайды. Жалғыз Баян батыр ғана кешігіп келеді. Сөйтсе, бір кезде жорықта қолға түскен қалмақ қызы мен батырдың інісі Ноян екеуі көңіл қосып, қалмаққа карай кашып бара жатқан жерінен Баян қуып жетіп, екеуін де оққа байлап өлтірген екен. Қызда Баянның да ойы болған. Бірақ қалмақ қызы әр түрлі айламен жақындатпай жүріп, күндердің күнінде інісі Ноянмен сөз байласқан.
Бұдан кейін Абылайдың қолы жорыққа аттанады. Сол жорықта Баян батыр ерлікпен қаза табады.
Оқиға желісін Мағжан жай ғана баяндап шықпайды. Биік романтикалық сарынға құрылған бұл поэмада батырлық та, достық та, адамгершілік мейірім де, ашу-ыза да бар. Поэманың бас кейіпкері Баян батырдың өзі шығармада екі сипатта көрінеді. Інісі Ноян мен қалмақ қызының қылығына ашуланып, соңынан қуып жеткен шақтағы Баян мен екі жасты өлім кұштырғаннан кейінгі Баянның көңіл күйі, кескін-кейпі екі түрлі, бірақ нанымды. Бәрі де қарапайым адам баласының бойынан табылатын таныс жағдайлар.
Алыстан екі кара көрді Баян,
Кілегей қара бұлттай төнді Баян.
Ой жоқ боп, жүрек шоқ боп, құр екпін боп,
Сұңқардай сорғалаған келді Баян.
Бұл – Баян батырдың екі жастың артынан қуып жеткендегі кейпі. Ашу қысқан, сабырынан айырылған, жүрегін ашу мен ызаның оты жандырған алапат күш иесі. Алдынан тау кездессе де төңкеріп кетердей екпінді. Тіпті Ноянның өзі ағасының мына түрінен шошынып қалады.
...Ойламай, белді бекем будым неге?
Қозымды қас дұшпандай қудым неге?
Майысып Ноян қалқам, ерке марқам,
Қасқиып қарсы алдымда тұрдың неге?
Бауырыма тас жүрегім жібімеді-ау,
Бір ата, бір анадан тудым неге?
Салдырап шіріп қалғыр саусақтарым
Қанымен өз қозымның жудым неге?
Күнәсіз екі жасты өлтіргенше,
Өлмедім ішіп уын удың неге?
Туған бауырын оққа байлап, екі ғашықтың өлімі үстінде тұрған Баян осылай егіледі. Бірақ болар іс болды, өз қолын өзі кесе алмайды. Егіле тұрып ойланады. Жаңағы өзі қойған көп "неге?" жауап іздейді.
Жоқ, әлде, жоқ, жоқ... Әлде... Өлтірдім бе,
Інімді алты алаштың намысы үшін?! –
деп өзін жұбатады. Осылайша өзін-өзі бекіткен Баян батыр қалмаққа аттанып, сол жорықта ерлікпен қаза табады.
Поэманың бас кейіпкерлерінің бірі – қалмақ қызы. Ол Мағжанның ұғымында жай ғана тұтқын емес. Атағы алашқа әйгілі Баян батыр ғашық болған қыздың көркіне ақылы сай еді. Қыздың сұлулығын Мағжан аса нанымды суреттейді.
Сол сұлу сұлу екен атқан таңдай,
Бір соған бар сұлулық жиылғандай.
Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт,
Сөздері – су сылдырлап құйылғандай.
Бір улап, көзқарасы бір айнытқан,
Жұлдыздай еркелеген сөнбей-жанбай.
Лебізі – жібек лебі, жұмақ желі,
Кәусардай тартқан адам қалар қанбай.
Осындай ерекше сұлулық иесі – қалмақ қызының қайсарлығы мен ақылы да қайран қалдырады. Сөз салмақ болған Баянды "ағатайлап" жүріп, өзіне қарындас ретінде қарауға мәжбүр еткен. Түпкі ойында туған жұрты, ата-анасы жатыр.
Алаштың аруы боп кетсе-дағы,
Жанымен өз жұртынан айырылмаған, –
күйі, ақыры, жас Ноянды өз дегеніне көндіреді. Ноян қанша батыр болса да, қыздың сөзіне бас иеді. Мағжан суреттеген Ноян жастық албырттықтың, тазалықтың, шынайы сезімнің символы.
Абылай хан поэмада "кең ойлы данышпан", елге қорған болған хан ретінде көрінеді. Қол астына алаштың атақты батырларын жинаған қолбасшы. Поэма оқиғасында Абылай қалмақтардың алдағанына сеніп, амалсыздан кері қайтуға мәжбүр болады. Батырларының бәрі осындай бәтуаға келеді. Тек жалғыз Баян ғана:
"Апырым-ай, алаш арын жоқтамастан
Жөңкіліп бұл қайтудың мәні қалай?" –
деп, қасына жүз жолдас ертіп қашып кеткен қалмақтың соңынан қуады.
Поэманың өне бойындағы шиеленіскен тартысты, кейіпкерлердің көңіл күйін, іс-әрекетін, мінез-табиғатын Мағжан айрықша шабытпен жырлайды. Кейіпкер бойындағы бірбет қайсарлықты, асаулықты, сондай-ақ ниетінің ақтығын, жанының тазалығын қатар сипаттау арқылы ақын шығарманың ішкі драматизмін шарықтау шегіне жеткізеді. Оқиғаны баяндау барысында тау мен суды, күн мен аспанды, табиғат құбылыстарын кейіпкерлерінің көңіл күйімен, қалмақ кызының сұлулығымен астастыра отырып, поэмадағы әр түрлі характерлер кақтығысын ширата бейнелейді. Сонымен қатар, ақынның шеберлігі, өлең өрімі, сөз көркемдігі, образды суреттеу, романтикалық асқақтық тәрізді қасиеттер де поэмада кеңінен көрінеді.
Қорыта айтқанда, "Батыр Баян" поэмасы – тек Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығынан ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының қазыналы қорынан лайықты орын алатын аса көркем де құнды туынды.