Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920)

Дата добавления: 24 Сентября 2011 в 19:34
Автор работы: Пользователь скрыл имя
Тип работы: реферат
Скачать (33.37 Кб)
Работа состоит из  1 файл
Скачать документ  Открыть документ 

Сұлтанмахмұт Торайғыров.docx

  —  36.07 Кб

Сұлтанмахмұт  Торайғыров (1893-1920)

    

 Қазаққа ілгерілеу  керек болса, мұны аз қалыпта  қалдырмай, көбірек тұрсын, бәріне  таныс жетілген жұрттардың қатарына  қосу керек; олармен бірге адам  баласының жеңіл күн көруіне,  тегіс бақытты болуына жол  табу керек, іздесіп ат салысу  керек... Бізге керегі қайткенде  солардың білімін тез үйреніп,  қайткенде сол қатарға тез  қосылу қамын қылу керек. (Сұлтанмахмұт) 
 
    Өмірбаяны. Абайдан кейінгі қазақтың жазба әдебиетінде әр жанрда еңбек етіп, ерекше көзге түскен көрнекті ақындарының бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Ол 1893 жылдың 28 қазанында Көкшетау облысының Қызылту ауданында туған. Оның әкесі Шоқпыт (шын аты Әбубәкір) атанған кедей, момын шаруа адамы болған.Шоқпытта екі баласы болған: Байқоңыр, Сұлтанмахмұт. Сұлтанмахмұттың екі жасында шешесі өліп, жетімдікті көріп өседі. Әкесі әйелі өлген соң балаларын алып, өзінің туған жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына көшеді. Ақынның балалық шағы Баянауылда өтеді. Алғашқыда ол Әлі, Тортай, Мұқан деген ауыл молдаларында оқиды. 1908 жылы Сұлтанмахмұт Баянауылдағы Әбдірахман деген молданың медресесіне түсіп, одан 2-3 жыл сабақ алады. Молданың ұрып – соғуына шыдай алмай, ол оқуды тастап кетеді. Молданың қаталдығын, надандығын сықақ етіп өлең шығарады. 
 
      Ол 1911 жылы бір қыс бойы Нұрғали Бекбауов деген мұғалімнен оқиды. Нұрғали жаңаша оқыған, көзі ашық, сауатты мұғалім болған. Оның көмегімен Сұлтанмахмұт қазақ, татар тілдерінде шыққан әдеби кітаптарды, газет – журналдарды оқуға дағдыланады. Өзінің білімінің саяздығын сезген Сұлтанмахмұт 1912 жылы Троицк қаласына барып, Ахун Рахманқұли деген татардың медресесінде оқуға түседі. Бірақ тұрмыс жағдайының ауырлығынан мұнда ұзақ оқи алмайды. Қаржының тапшылығынан көп қиыншылық көріп, ауруға шалдығады. Жаз шыға Троицк маңындағы бір ауылға бала оқытуға кетеді. Ондағы ойы бала оқыта жүріп, денсаулығын түзеп, қаржы жинап, қайта оқуға келу болады. Ол бала оқытудан бос уақытында, өз бетімен оқумен шұғылданады, өлеңдер жазады. Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақтың ұлы ақыны Абайға да мінездеме беріп, оны қазақ әдебиетінің өкілдерінің бәрінен ерекше, дара тұлға деп бағалайды. Ол аз өмірінің ішінде (небәрі 27 жас жасаған) әлденеше лирикалық өлең, ондаған мақала, екі роман, 5-6 поэма жаңа сатыға көтерген, Абайдан кейінгі ірі суреткер, реалист ақын болып табылады.  

«Ақын есімі – ел есінде»

 
    Кейде «Есіл- қайран ерім-ай, еліне берерін түгел бере алмай кетті-ау»,- деп өкінетініміз бар. Иә, өкінішсіз өлім жоқ. Әйтсе де! Аз жасаса да, өртеніп өтетін, асыра асыл сыйлап үлгеретін, арманына жететін алыптар болады! 
 
«Сөндіріп ай мен күніңді,  
 
Тек денімді сау қылшы!»- деген тірлікке құштар, өмірді шексіз сүйген ұлы жан- Сұлтанмахмұт Торайғыров аз жасап, көп арманы көкірегінде кетті. Өз дәуірін жанартаудай жарып шығып, қара түнде жарқылдаған найзағайдай жалын атқан ақын, аққан жұлдыздай небәрі 27-жасында дүниеден қыршын кетті.  
 
Әдебиетте не бары он-ақ жыл қалам тебіренткенінің өзінде, өлең-жырлары өз алдына бір шынар болса, «Қамар сұлу», «Кім жазықты» романдары, «Кедей», «Адасқан өмір» поэмалары, «Ауырмай есімнен жаңылғаным» әңгімесі қазақ әдебиеті әлемінде шыншыл сырларымен, көркемдік сипаттарымен, орындылығымен, оттылығымен келешек ұрпақтан-ұрпақ қадірлеп оқитын классикалық ұлы туындыларға айналды. 
 
«Жұрттың бақытты болуына себін тигізген адам ғана бақытты адам»,- депті Дени Дидро. Олай болса бар өмірін, күш-қайратын, ой-санасын, ақылын, бүкіл талант дүниесі жалынын ақтық демі сөнгенше ел-жұртының бақытты болу жолына себін тигізуге жұмсаған Сұлтанмахмұт тірлігінде қандай бақытты болған десек, енді бүгінгі күнде де, жарқыраған асыл поэзиясы да бүкіл табиғатымен бақытты. Ақын поэзиясы өте өміршең поэзия. Үлкен талант иелерінің өмірінде өлім жоқ деген осы болса керек. «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген екен Абай атамыз. Туғанына 113 жыл толып отырған, 27 жасында қыршын кеткен Сұлтанмахмұт творчествасы сан ғасырлар жасап ұрпақтан-ұрпақ жалғаса бермек. 
 
Он екі жасында-ақ тауды тесіп, тасты жарып шыққан қайнардай бұрқ етіп өлең-жыр шумақтаған балдырған Сұлтанмахмұт 17 жасында туған халқының өмір сырына үңіліп, келешегін ойлайды. Шындықтың аулын іздеп жолға шығады. 
 
Сұлтанмахмұт өмір сүрген кезең ХХ-ғасырдың бас кезі- Ресей топырағындағы ең бір дүр сілкіністің, азаттық үшін арпалыстың кезеңі болды. Бірімен-бірі қабаттасқан үш бірдей төңкеріс патшашылдық биліктің тас-талқанын шығарды. Отаршылдық езгінің әлсіреуі ұлттардың оянуын тездетті. Саяси жағдай ұлттық сананың оянуына себепкер болған төменде айтып кеткен үш төңкеріс, ол Ресейдегі 1905-1907 жылдары және қазақ даласындағы патшаға қарсы 1916 жылғы қозғалыстар, 17-ші жылғы Ақпан төңкерісі. Ақынның бел шеше жазу ісімен айналысқан кездері де осы бір шытырман жылдар еді. Ол мәдениеті озық елдердің жоғары жетістіктерін уағыздап, жаңалық жаршысы бола білді. Сол себептен ақын «Бүгіндегі жастарға оқу міндет, бар қиындық тек қана ғылым жеңбек» деген үлкен ойдың қажырлы көрінісіндей жыр жолдарын өз оқырмандарына жолдады. 
 
 
Аса көрнекті қайраткер С.Торайғыровтың әдеби мұрасының зерттелу тарихына тоқталайық. 
 
Сұлтанмахмұт шығармаларын жинау, бастыру, зерттеу ісінің де ұзақ тарихы бар. Ақынның өз басы да, әдеби мұрасы да дау-дамайға көп түскені мәлім. Осындай уақытта ақынның кейбір өлеңдері жоғалды, табылғаны дау туғызды. Қолда барының кейбірі ұлтшылдық қарғыс таңбасы басылып, қайта жабылды. Сондай шығармасының бірі- «Айтыс» (қала ақыны мен дала ақынының айтысқаны) аталатын дастаны. Бұл-аяулы ақынның кемел ойлап, кең пішкен шығармасы. Аяқталмауы өкініш. Мұнда Сұлтанмахмұт егеменді еліміздің тәуелсіздігі, тіл теңдігі, төл өнеркәсіп, Ұлттық қорғаныс тәрізді аса ірі және көкейкесті мәселелерді сол кезде-ақ – 1919 жылы қозғап, тамаша жырлағанын көреміз. Жиырма жеті жасында дерт меңдеп, тағдыр кермесіне ілінген ақын! «Тым болмаса екі жыл тұрмадым, іштегіні түгел жарыққа шығара алмай кетіп барамын», - деп, «Айтысты» тәмәмдай алмағанын зор өкініш етіпті. 
 
«Айтыс» С.Торайғыров қайтыс болғаннан кейін, советтік заманда- 1922 жылы Қазан қаласында белгілі ақын Бернияз Күлеев бастырған «Адасқан өмір» және 1933 жылы Қызылордада шыққан «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының толық шығармалар жинағы» кітаптарында жарияланды. 
 
1933 жылы ақын жинағын Жүсіпбек Аймауытов баспаға дайындады. «Сұлтанмахмұт өлген соң (1920ж) оның шығармаларын он жыл бойы жинап – теріп, баспаға әзірлеп, өмір тарихын жазған Ж.Аймауытовтың еңбегі айрықша екенін баса айту керек. Жүсіпбек болмаса Торайғыровтың толық жинағының шығуы, оның толық өмір тарихын білуіміз неғайбыл еді.»,-дейді Қайым Мұхамедханов. 
 
Поэманы С.Торайғыровтың 1922 және 1933 жылдары жинақтары бойынша баспаға дайындаған – филология ғылымдарының кандидаты Арап Еспенбетов. 
 
С.Торайғыровтың кейінгі жылдары шыққан екі жинағында да (1950 және 1957) елеулі кемшіліктер кездеседі. 
 
Біріншіден, жазушының қолжазбалары жоғалып кеткенін сылтау етіп, тиянақты ешбір текстологиялық жұмыс жүргізілмей келген. Екіншіден, Сұлтанмахмұт Торайғыров- 
 
тың творчестволық өмірбаянын жазуда да ауыз толтырып айтарлықтай ізденулер мен жаңадан тапқан жөнді деректер болмаған. 
 
1926 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына ат салыңыздар!» деген ашық хатында Жүсіпбек Аймауытов: «ақын елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай. Жаннан, ардан безбесе, ақынын қандай ел қастерлемесін! – деп жазды. Сұлтанмахмұт шын мағынасында осы сөзге татитын ақын. Ол көп жабының бірі емес, от болып жанып кеткен, құйрықты жұлдыздай ағып түскен, тұлпар талант еді. Сондықтан Сұлтанмахмұт есімі қазақтың жыр – дариясын құрайтын үлкен, асау, арналы өзенінің бірі болып қалмақ. Ол халық жүрегінен құрметті орын алады. 
 
Ақын есімі – ел есінде мәңгі қалмақ. Алтын – ұя мектебім С.Торайғыров есімін 1993 жылы алды. Ол кезде ақиық ақынымызға – 100 жыл толған еді. Мектебімізде ақынға арналған мұражай бар.  
 
Торайғыров көшесі қаланың ортасында орналасқан Қонаев көшесінен басталып, Энергетиктер көшесімен аяқталады. Торайғыров көшесінде мешіт, аурухана кешені, «Шахтер» мәдениет және демалыс бағы, «Сары – Арқа» дәмханасы, №35 лицей мектебі, Қазақстан – Ресей университеті орналасқан. 
 
Павлодар қаласында қасиетті қара шаңырақ Павлодар мемлекеттік университеті С.Торайғыров атымен аталады. Сол қалада Торайғыров көшесінде ақынға арналған ескерткіш орнатылған. 
 
Баянауылда С.Торайғыровтың құрметті есімімен аталған «Торайғыр көлі» бар екені барлығымызға мәлім. Сол көлдің маңында Торайғыр ауылы орналасқан.

 
 
 
 
 
 

Торайғыров Сұлтанмахмұт

Торайғыров Сұлтанмахмұт (1893-1920) –  ақын, ағартушы. Солтүстік Қазақстан  облысының Уәлиханов ауданында  туған. Торайғыровтың 3 жасында шешесі қайтыс болып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болды. Кейін әкесі  екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанды. Торайғыров алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде  жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің  Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болғанымен, 1908 жылы баянауылдық  Әбдірахман молданың қаталдығы, өлең шығарғаны  үшін жас қаламгерді жазалауы оның дін мен молдалар жайлы теріс  көзқарасының қалыптасуына негіз болды. 1911 жылы жаңаша оқыған Нұралы ұстазының  көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. 1912 жылы Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ  мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды  қойып, орысша оқу іздейді, қала маңындағы  елде жаз бойы бала оқытады. Осы кезден ақыңдыққа ден қойып, 1912-1913 жылдар аралығында «Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге» («Шәкірттерге»), «Ендігі  беталыс», «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Мағынасыз мешіт», «Жарлау», «Досыма  хат», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Түсімде», «Жазғы қайғы», «Қымыз», «Кешегі  түс пен бүгінгі іс», т.б. өлеңдерін, «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазды. Осы тұста «Қамар сұлу» романын  жазуды бастады. 1913 жылдың күзінде Троицкіге  қайтқан Торайғыров «Айқап» журналына  жауапты хатшы болып жұмысқа  орналасып, «Өлең һәм айтушылар», «Ауырмай есімнен жаңылғаным», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Қазақ ішіңде оқу, оқыту жолы қалай?», т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды. Журналда аз ғана уақыт  қызмет еткен ақын 1914 жылы жазда  туған елі Баянауылға оралады. Ел ішінде мәдени-ағарту жұмысын жүргізетін «Шоң серіктігі» деген ұйым ашпақ  болғанымен, ісі жүзеге аспады. Осы  жылы орысша оқу іздеп Семейге  барған Торайғыров діттеген оқуына түсе алмай, біраз дағдарысқа ұшырайды. Осындай  көңіл-күй әсерімен «Ләпет бұлты  шатырлап», «Алтыаяқ» сияқты өлеңдер  жазады. «Ендігі беталыс», «Тұрмысқа», «Бір адамға», «Туған еліме», «Сымбатты  сұлуға», «Қыз сүю», «Гүләйім», «Өмірімнің уәдесі», «Жан қалқам», «Гүл», т.б. өлеңдерін, 1915 жылы «Кім жазықты?» атты өлеңмен  жазылған романын дүниеге әкелді. Шығыс Қазақстанда жалданып бала оқытқан ол 1916 жылдың күзіне дейін  әуелі Қатонқарағайда, кейін Зайсанда болады, орыс тілін үйренеді. 1916-1917 жылдардың  қысында Томскіде орысша оқиды. «Шәкірт  ойы» өлеңінде «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды», «Мұздаған  елдің жүрегін жылытуды» армандайды. Осы тұста әлем әдебиетінің классикалық  үлгілерімен, саяси кітаптармен  танысады. 1917 жылғы ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатынасып, «Алаш ұранын» жариялайды. Бірақ  ауруы асқынып кеткендіктен оқуды  да, жұмысты да тастап, 1918 жылы сәуірде  еліне біржола оралады. Онда Колчак үстемдігінен кейін қайта жанданған  совдеп жұмысына араласып, ел шаруаларының дау-шарларын әділ шешуге қатынасады. Осы тұста саяси-философиялық әдебиетті (Г.Ц. Плеханов, Н.Г. Чернышевский, т.б.) көп  оқып, «Шал мен қызға», «А, дүние», «Жас жүрек», «Сарыарқаның жаңбыры», «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс», т.б. өлеңдерін жазады. 1907-1911 жылдары оның шәкірттік кезеңдегі өлеңдері көркемдік тұрғыдан кемшін түсіп жатқанымен, жас ақынның қоғамдық құбылыстар мәнін түсінуге деген ұмтылысы мен өлең тілімен сурет салуға бағытталған талабын танытады. Ол қоғамдағы әділетсіздік пен әйелдердің ауыр тағдыры, діни оқудың схоластикалық сипаты жайлы жазды. Байлық пен кедейліктің текетіресін бай мен кедей ұлының өмірі арқылы көрсетуге тырысқанымен, бұл талпынысы биік ақындық талант пен саяси көзқарасты таныта алмады. Ақынның 1912 жылдан бастау алатын шығармашылығының жаңа кезеңінде Абай, Ыбырай негізін қалаған ағартушылыққа бет бұрды, жастарды оқу-білімге шақырды. «Туған айдай болып туып, күнді алуға бел буады», тұрмысты жеңуде жігерленіп, ақиқатты табу жолында талмай ізденуді мұрат тұтады. Алғашқы үгіт мәндес өлеңдерінен кейін ақын лириканың өрісін кеңейтіп, лирикалық кейіпкердің жан сырын, іс-әрекетін суреттеуге ұмтылады. Оның жырларынан тағдырға мойынсұнбай, қасарыса алға ұмтылатын, ауыртпалыққа қарсы тұрар өжет мінез көрінеді. Осы кезден бастап ақын шығармаларында ескіні сынау бой көтерді. Ол қазақ арасында көп кезігетін келеңсіз мінездер мен кертартпа әдет-ғұрып салтына қарсы күреседі. Табиғат, махаббат тақырыбына жазған өлеңдерінде ақын адам сезімін қоғамдық көзқараспен, әлеумет өмірімен байланыста қарайды. Ескіге қарсы көзқарас оны қоғамдағы әділетсіздікпен қақтығысқа алып келеді. Ол өмір шындығын көркем бейнелей келе, қазақ өлеңінің мазмұнын кеңейтті, сырға толы лирикалық жырлар туындатты. Көптеген әңгіме, очерктер, әдеби-сын мақалалар жазды, екі роман («Қамар сұлу», «Кім жазықты?»), төрт поэмасын («Таныстыру»), «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс») жариялады. Торайғыров «Қамар сұлуда» әйел теңсіздігі мәселесін көтере отырып, дәуір шындығын әлеуметтік тұрғыда талдаса, «Кім жазықты?» романында ауыл өмірінің шындығын жан-жақты суреттей келе, қазақ халқының шаруашылық тұрғыдан дамымағанын, талапсыздық пен шаруаға қырсыздықты, жалқаулықты, алауыздықты сынайды. Торайғыров поэма жанрын жаңа арнада дамытты. Ол сюжетсіз поэмаларында өмірдегі сан түрлі мәселелерді кеңінен қамтып, өршіл ой-түйіндерін бүкпестен, өткір де ашық насихаттауға тырысты. Алғашқы поэмасы «Таныстыруда» Алашорда қозғалысы өкілдерін елге таныту мақсатын көздеді. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтарды таныстырып, олардың «бірі - күн, бірі - шолпан, бірі ? ай» екендігін жазады, алаштықтардың қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы еңбектерін саралайды. Алаш өкілдерімен қоса, қазақтың көрнекті тұлғалары Абай мен Шәкерімді ерекше атап көрсетеді. «Адасқан өмір», «Кедей» поэмаларының негізгі сарыны қоғамдағы әділетсіздік себептерін ашу, теңдікті іздеу болып табылады. Ақын бұл жайларды қазақ ауылы шеңберінен шығып, капиталистік қоғамға тән мәселелер ретінде қозғайды. «Адасқан өмір» - Торайғыров шығармашылығының зор табысы. Мұнда ақын аз ғұмырында көзімен көріп, ойымен түйген, білім-білігімен таныған тұрмыс өткелдерін өзіне ғана тән асқақ үнмен ашына, ақтара жырлайды. Поэманың лирикалық кейіпкері түрлі кәсіппен шұғылданса да, ешбірінен қанағат, теңдік таппай, әділетті қоғамды аңсайды. Шығармада ақын түсінігіндегі болашақ жаңа қоғамның бейнесі жасалады. Шығарманың негізгі идеясы адам өмірді өз тілегіне бағындыра алады және соған ұмтылуға тиіс деген оптимистік қорытындыға саяды. «Кедей» поэмасының бас кейіпкері де өз ортасынан әділдік таппайды, қоғам мен адам арасындағы қайшылықты бітіспес күреске ұластырады. «Айтыс» поэмасы толық аяқталмаған, онда Торайғыров қала ақыны мен дала ақынын айтыстырып, екі ортаның қайшылықты жақтары мен адамға пайдалы тұстарын қатар алып суреттейді. Торайғыров шығармалары ? 20 ғасырдың басындағы қазақ қоғамы шындығын, ондағы жаңашыл ой-пікірдің дамуын танытатын үлкен белес. Оның ізденістері «шындықтың ауылын іздеумен» байланысты, оның реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген, оның теңденциясы да сыншыл. Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том 
 

Сұлтанмахмұт  Торайғыров (1893-1920)  
 
Шығармашылық мұрасы

XX ғасырдың басындағы  қоғамдық-саяси және тарихи-әлеуметтік  оқиғаларға, қазақ, жеріндегі өзгерістерге  өзінің азаматтық, ақындық үнін  қосқан талантты қазақ ақындарының  бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыров  болды. Ақын өмір сүрген тарихи  кезең патшалық Ресей жеріндегі  алапат сілкіністер мен төңкерістер  заманы еді. Сол себепті де  Сұлтанмахмұттың ойсанасы ерте  оянды. Жасынан жетімдік пен  жоқшылықтың қиындығын көп көрген  ол айналасына сергек қарады. Алдына биік-биік мақсаттар қойды.  Соған жетуді ойлады. Ілгері ұмтылды.  Оқуға, білуге құштар болды.  Мақсатын, жүрек қалауын қашанда  ашық айтты:  
 
Шындықтың ауылын іздеп түстім жолға,  
Разымын, не көрсем де осы жолда.  
Шаршармын, адасармын, шалдығармын,  
Бірақ бір табамын деп көңілім сонда, –  
 
деп өзі айтқандай, ақынның барлық саналы өмірі шындыққа, әділетті заманына жетсем, жақсылықты көрсем, халқыма осы жолда қызмет етсем деген ізгі арманның жетегінде өтті. Сол жолда өзінің қиналатынын, шаршайтынын, адасатынын сезсе де, қайраткер ақын оның бәріне көнуге өзіне-өзі серт береді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында осындай жігермен алға ұмтылған ол туған халқының тарихындағы от жүректі ақын әрі қоғам қайраткері, ұлтын шексіз сүйген азамат дәрежесіне көтерілді.  
Өмір жолы. Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 29 қазанда қазіргі Ақмола облысының Қызылту ауданында туады. Екі жасында анасы өліп, әжесінің тәрбиесінде болған оның балалық, жастық шағы Баянауыл өңірінде өтеді. Кедейлігінен "Шоқпыт" атанған әкесі Әбубәкір ақ көңіл, жомарт әрі айтқанынан қайтпайтын қайсар да қайратты адам болады.  
Сұлтанмахмұт алты жасында әкесінен оқып, хат таниды. Бұдан кейін де Шоқпыт бірде өзі оқытып, енді бірде ауыл молдаларына беріп, баласының оқуын үзбейді. Болашақ ақын 1902-1903 жылдары – Әлі, 1904-1905 жылдары – Тортай, 1906-1907 жылдары Мұқан деген молдалардан дәріс алады. Сұлтанмахмұт үшін әсіресе Мұқан молданың тәрбиесі ерекше болады. Мұқан молда көп оқыған, әдебиеттен хабары бар, өзі де аздап өлең жазатын адам болады. Оқушыларын үнемі қазақ ауыз әдебетінің, шығыс әдебиетінің үлгілерімен таныстыра отырып, шәкірттерін өлең жазуға баулады.  
Сұлтанмахмұттың он үш жасында жазылған "Секілді өмір қысқа, жарты тұтам" – деп аталатын алғашқы өлеңі, міне, осы Мұқан молданың ықпалымен туған еді.  
 
Секілді өмір қысқа, жарты тұтам,  
Надандар деп ойлап жүр өмірді ұтам.  
Аз өмірді ақындық жолға бердім,  
Лепес қып түкірген соң молда Мұқан, –  
 
деп жазады бұл өлеңінде болашақ ақын.  
1908-1910 жылдары Сұлтанмахмұт Баянауылдағы медреседе оқиды. 1911 жылы Троицк қаласынан көрші ауылға келіп, молдалық құрған Нұрғалидан дәріс алады. Нұрғалидың көмегімен бұл кезде ол қазақ, татар тілінде шыққан кітаптарды, газет-журналдарды көп оқиды. Өлең, әңгіме жазуға ден қояды. Білімі толысып, өнерге құштарланған Сұлтанмахмұт қаламынан бұл кезеңде "Дін", "Сарыбас", "Соқыр сопы", "Кезек қашан келеді", "Оқу" атты бірқатар өлеңдер мен "Зарландым" деген әңгіме туады. Оларда талапкер ақын ескі оқу мен жаңа оқудың айырмасы, өнер мен білімнің пайдасы, байлық пен кедейлік, т.б. туралы толғанады.  
1912 жылдың күзінде Сұлтанмахмұт оқу іздеп Троицк қаласына барып, осындағы медресеге түседі. Қуанышында шек болмайды. Көңілін шабыт кернеп, "Оқудағы мақсат не?", "Анау-мынау", "Қандай?", "Зарлау" тәрізді бірқатар өлеңдерін жазады.  
Әйтсе де бұл медреседе көп оқи алмайды. Қыс өте науқастанып, амалсыздан Троицк маңындағы қазақ ауылдарына барып, бала оқытады. Өзі де көп оқиды, өлеңдер жазады. Осында жүріп "Ауырмай есімнен жаңылғаным" – деген белгілі әңгімесін жазады.  
1913 жылдың күзінде Троицкіге оралып, осында шығатын "Айқап" журналына қызметке орналасады. Бұл Сұлтанмахмұттың шығармашылық жолындағы аса табысты кезең болды. Шабыты толысқан ол әр түрлі жанрда көптеген шығармаларын жазады. Атап айтқанда, "Қамар сұлу" романы, "Өлең және айтушылары", "Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан", "Қазақ ішінде оқу, оқыту жайы қалай?" деген тәрізді мақалалары, бірсыпыра өлеңдері осы "Айқап" редакциясында қызмет істеп жүрген уакытында дүниеге келеді. Осында жүріп "Тентектің жинаған шоқпары", "Тамшы" атты жинақтарын әзірлейді. Өкінішке орай, бұл кітаптары жоғалып кетеді.  
1914 жылдың жазында ауылда біраз болып, қаржы жинап, үлкен қалалардағы оқуға бармақ ниетпен Сұлтанмахмұт Баянауылға келеді. Ел ішінде бала оқытады, жастар арасында оқуға, мәдениетке шақыратын насихаттық жұмыстар жүргізеді. "Шоң" деп аталатын мәдени-ағарту ұйымын құрады.  
Күзде орысша оқу мақсатымен Семейге барады. Бірақ оқуға іліне алмайды, қаржысы таусылады. Көп қиындық көреді. Ақырында Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағай деген жерге барып, екі жылдай осы аймақта бала оқытады. Арасында өзі де орысша оқиды. Бірқатар өлеңдерін, "Кім жазықты?" – деп аталатын өлеңмен жазылған романын жазады.  
1916 жылдың күзінде Томскіге барып, курсқа ілігеді. Әдебиет, тарих, философия кітаптарын көп оқиды. Қиындықтарға кездеседі, жоқшылық көреді.  
Ресей патшасы тақтан құлаған 1917 жылдың көктемінде Сұлтанмахмұт Семей қаласына келеді. Қазақтың оқыған азаматтарымен танысады, араласады, қызметке кіреді. Алаш қозғалысына белсене ат салысады.  
1918 жылдың жазында кеңес өкіметі құлаған аласапыран тұсында емделу мақсатымен Сұлтанмахмұт Баянауылға келіп, шығармашылық жұмысын жалғастырады. "Социализм" атты мақала, "Неге жасаймын?", "Осы да әділдік пе?", "Адасқан өмір", "Кедей" поэмаларын жазады. Бұл шығармаларында ақын айналасына көзқарасын білдіреді, өмірге үмітпен қарайды. Өзінің демократтық ой-пікірлерін, түсінігін алға тартады.  
1919 жылдың соңында Сұлтанмахмұт Павлодарға келіп, біраз уақыт кеңес өкіметіне қызмет етеді. Бірақ көп ұзамай бойындағы науқасы меңдеп, төсек тартып жатып қалады. 1920 жылы 20 мамырда 27 жастағы Сұлтанмахмұт дүние салады.  
ІПығармашылық мұрасы. Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің қысқа ғұмырында халқына мол әдеби мұра қалдырып кетті. Ол әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек еткен талантты қаламгер еді. Оның қаламынан жүзден астам өлең, бес-алты поэма, екі роман, он шақты мақала туды.  
Сұлтанмахмұт шығармаларының тақырыбы – өз заманының шынайы көріністері, қазақ халқының сол бір аласапыран кездегі тұрмысы, ой-арманы. Ол өмір шындығын Абай үлгісінде бейнеледі. Сыншыл көзбен қарады. Өйткені өмірді жақсарту мен адамды түзеу, ең алдымен, ондағы кемшіліктерді әшкерелеп, сын тұрғысынан бағалап, одан арылудың жолын іздеуден басталады.  
Сұлтанмахмұттың лирикалық өлеңдерінің сипаты әр алуан. Оларда өмір тауқыметінен шаршаған ақынның қайғы-мұңы да, өкініш-наласы да, халықтың басындағы ауыр халге жүрегі сыздаған аяныш пен жанашырлық сезім де, болашаққа сенген, сол үшін күрескен азаматтық перзенттік патриотизмі де бар. Бірақ ақын өлеңдеріндегі мұң-зар жігерсіз, жасық қайғы емес. Ақын алдағы өміріне зор үмітпен қарайды.  
Сұлтанмахмұт өз заманының өзекті мәселелеріне арнап бірнеше поэма жазды. Атап айтқанда, "Кедей" поэмасы ғасыр басындағы қазақ кедейлерінің хал-жағдайын, сезім-күйін, ауыр тұрмысын бейнелесе, "Адасқан өмір" поэмасында ақын айналасында болып жатқан оқиғаларға, өмір құбылыстарына өз сезімі арқылы шолу жасайды. Қала ақыны мен дала ақынының айтысы түрінде жазылған "Айтыс" поэмасында қазақ даласындағы өзгерістер, әлеуметтік өмір көріністері суреттелсе, "Таныстыру" поэмасында төңкерістер заманындағы қазақ елін өрге жетелеген қайраткер азаматтар бейнесін сомдауға талпыныс жасалады.  
Сұлтанмахмұттың "Қамар сұлу" (1914), "Кім жазықты?" (1915) романдары қазақ әдебиетінің даму тарихынан елеулі орын алады. Көркем прозаның туу, қалыптасу кезеңінің бастауында дүниеге келген бұл романдарда өз заманының ащы шындығы бейнеленеді. Сол дәуірдегі әйелдердің бас бостандығы, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік мәселелері мен жаңа психология арасындағы тартысты, қоғамдағы адамдардың түсінік-танымындары кереғар құбылыстарды бейнелеу арқылы Сұлтанмахмұт туған халқының болашағы туралы толғанады.  
Сонымен қатар, Сұлтанмахмұт "Зарландым", "Ауырмай есімнен жаңылғаным" атты шағын көлемді прозалық шығармалар, "Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан", "Қазақ ішінде оқу жайы қалай?", "Өлеңмен жазылмақ драманың материалдары", "Өлең мен айтушылары", "Социализм" тәрізді бірқатар мақалалар жазды.

 

Описание
Қазаққа ілгерілеу керек болса, мұны аз қалыпта қалдырмай, көбірек тұрсын, бәріне таныс жетілген жұрттардың қатарына қосу керек; олармен бірге адам баласының жеңіл күн көруіне, тегіс бақытты болуына жол табу керек, іздесіп ат салысу керек... Бізге керегі қайткенде солардың білімін тез үйреніп, қайткенде сол қатарға тез қосылу қамын қылу керек.
Содержание
содержание отсутствует