Автор работы: Пользователь скрыл имя, 26 Марта 2012 в 05:35, реферат
Осы сөздің өзінен–ақ бәрі түсінікті. Біз еңбек өтіліміздің барысында ай сайын өзіміздің еңбекақымызға қарай белгілі бір соманы (қолданыстағы заңнама бойынша 10%) төлеп отырамыз (жұмыс берушіміз төлейді).
- Қайда төлейміз?! Кімге? Не үшін?
- Дәлірек айтсақ, өзіміз таңдап алатын зейнетақы қорына аударамыз.
2. ЖЗҚ атқарушы билігі жинақтаушыларға «бағынышты» екені заңдастырылсын
Қызық, қазіргі кезде негізгі құрылтайшы жинақтаушы зейнеткерлер өз қаражаттарына «қожалық» жасай алмайды. Оның есесіне, ЖЗҚ менеджерлері «иномаркаларға» мініп, мол жалақымен сайраңдап жүр. Тіпті ЖЗҚ жүйесіндегі жоғары билік иелері «ханға сәлем бермейтіндей» жағдайда. Өкінішті-ақ. Жинақтаушылар мардымды инвестициялық кіріс ала алмай алаңкөңіл жүрген шақта олар Алматы, Астана көшелерінде джиптермен сайраңдайды. Жаңа заңда осыларды мүлде болдырмау жолы қарастырылғаны жөн. Біріншіден, ЖЗҚ басшылары мен мамандарының, кіші қызметкерлерінің жалақылары нақты кіріспен «өлшенгені» жөн секілді. Бәлкім, жинақтаушылар қаражатына елдегі инфляция мөлшерінен екі пайыз артық инвестициялық пайда тапқан ЖЗҚ басшылары мен қызметкерлері жалақысына қосымша 20 пайыздан аспайтын сыйақы алғаны жөн шығар. Бірақ олардың басшыларының жалақылары ұлттық компаниялар басшыларының жалақыларынан жоғары болмауы талап етілуі жөн. Өкінішке қарай, біздің ұлттық компаниялар басшыларының жалақылары миллион теңгеден асады деген сыбыс естиміз. Бұл, әрине, мүлде «тойымсыздық». Қазақстандағы бағалар мен тарифтер жағдайында министрлер мен ұлттық компаниялар басшыларының жалақысы 5000 доллардан көп болуы мүлде ақылға сыйымсыз іс. Өйткені елдегі орташа жалақы 88 мың теңге. Ал күнкөрістің ең төменгі деңгейі 16 000 теңге. 2,7 миллион «өзін-өзі қамтамасыз етуші» тобындағы ағайындарымыз жүр. Жұмыссыздық - 5,3 пайыз. Жағдай осындай болып тұрғанында министрлер мен ұлттық компаниялар басшыларының 5000 доллардан артық жалақы алуы ар алдында томпақтау көрінеді. Себебі ел азаматтарының жағдайы біздегіден әлдеқайда жақсы, АҚШ мемлекетінің мемлекеттік хатшысы алатын айлық 15 мың доллар ғана екен. Үш фабрикасында доллар басып шығарып, соны бүкіл әлемге таратып отырған, ол ол ма, әлемдегі ең алып экономиканы иеленетін мықты мемлекеттегі екінші тұлғаның айлығы осындай болып тұрғанда «халқының ауызын асқа толтыра алмай» жүрген шенеуніктердің миллион теңге жалақы алуының өзі ұят. Демек, ЖЗҚ басшылығы да қазіргі алып жүрген 1,5 миллион теңгелік айлықтарынан бас тартып, 5000 долларды қанағат тұтса дұрыс болар еді.
3. ЖЗҚ қаражаты тәуекелсіз, тиімді салаларға жұмсалсын
Біздің пікірімізше, қарқынды дамушы Қазақстанда шамамен жылына 10 пайыздық үстеме беретіндей нысандар баршылық. Әсіресе, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген жобалардың ең үмітті, ең озық бөлігіне осы қаражатты пайдаланған жөн секілді. Мәселен, Балқаш жылу электр орталығы, Батыстағы полимерлер кешені, Жамбыл облысындағы минералды тыңайтқыштар кешені осындай тәуекелі жоқ, пайдасы көп нысандарға жатады. Тіпті елімізде ЖЗҚ қаражатын пайдаланып, мол диірмен салып алуға да болады. Сонда Қазақстан бидай емес, ұн экспорттайтын елге айналады. Бұл бір пайда болса, оның екінші пайдасы тәуекелі аз, пайдасы 10 пайыздан кем болмайтын инвестициялық нысан екендігі. Қысқасы, шын іздегенге ЖЗҚ қаражатын пайдаланатын және ЖЗҚ-на мол үстемемен оралатын инвестициялық жобалар жеткілікті. Тек соларға жол ашу керек. Қазіргі заң бойынша ЖЗҚ қаражатының «жүретін жолы» мүлде аз, таңдау жоқ. Сондықтан да өсім шамалы. Ендеше, бұл саладағы реформаның түпкі мақсаты - ЖЗҚ мол қаражатын еліміз үшін де, болашақ зейнеткерлер үшін де тиімді, табысты және тәуекелсіз салаларға жұмсау болу керек.
4. Консенсус - кепілдірек болар еді
Қалай десек те, бүгінгі жинақтаушы зейнетақы қорларының болашақ тағдыры кепілді емес. Олай болса, алдағы өзгерістерде оған кепілді күшейту тұсына ерекше көңіл бөлу қажет. Біз мынадай жаңа жүйе ұсынамыз: «мемлекет - бастапқы құрылтайшы - жинақтаушы». Яғни әр қорда консенсустық жүйе бойынша үш жақ бірігіп жұмыс істесе кепілдік арта түседі. Осы уақытқа дейін «мемлекеттің араласуы тиімсіз» деп келдік. Оның қате екенін кеше өткен «Давос форумына» қатысушылар да мойындады. Қай жерде де мемлекет басты ойыншының бірі болғанда кепілдік жақсырақ болмақ. «Бюрократия орын алады» деп қорқудың қажеті жоқ. Бастапқы құрылтайшы ЖЗҚ басқару пакетіндегі акцияның - 25, мемлекет - 25, жинақтаушылар - 50 пайызына ие ретінде қарастырылуы керек. Себебі Құдай бетін аулақ қылсын, бір пәле орын ала қалса, қиналатын - жинақтаушы. Олардың қиналмауы үшін міндеткерлікті мойнына алатын - мемлекет. Ал бастапқы құрылтайшының әрқашан да «асығы түгел». Қазіргі кезде ЖЗҚ қаражатын шетелдіктерге сату жөнінде гулеген өсек естиміз. Бұл мүлде қате жол болар еді. Өйткені адамзат тарихында ешқашан да шетелдік немесе халықаралық ұжымдар белгілі бір мемлекеттің, оның тұрғындарының «байлығына кепіл болыпты» дегенді естіген жоқпыз. Біз өзімізше дұрыс деген ойды ұсындық. Ал жаңғыртылатын заңымызда ол көрініс таба ма, жоқ па, бұл жағына кепіл бермейміз.
Таңшолпан БЕКБОЛАТ