Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Декабря 2012 в 12:56, автореферат
Тістің ең маңызды жұмсақ тісндерінің бірі – тіс ұлпасы (пульпа зуба – pulpa dentis). Тіс ұлпасы – дәнекер тінде құрылым тісі қуысында орналасады және екі бөліктен тұрады. Тістің сауыт қуысында жатқан бөлігі сауыт ұлпасы (коронковая пульпа – pulpae coronare), ал түбір өзектерінде жатқан бөлігі түбір ұлпасы (корневая пульпа – pulpae radicis dentis) деп аталады. Біртүбірлі тістерде сауыт ұлпасы анық шекарасыз түбір ұлпасына ауысады, ал көптүбірлі тістерде сауыт және түбір ұлпасының арасында анық шекара – түбір өзектерінің ауызы болып табылады. (сурет)
Түбір өзегін ұсақ аспаптармен өңдеген кезде өзек қабырғасындағы әлі минералданбаған дентин (предентин) және ұлпа қалдықтары толығымен алынады.
Эндодонттық аспаптармен жұмыс істеген кезде белгілі бір реттілік (бірізділік) сақтау керек: алдымен өткіш бұрғымен (дрильбор немесе ремер) белгілі ұзындыққа дейін өтіп барып, кеңейткіш сүргі бұрғы (бурав), түрпі бұрғы (рашпиль) немесе файлдармен өзек қабырғасын қырады және тегістейді.
Эндодонттық аспаптармен өңдеу біткен соң, өзекті антисептиктер ертіндісімен жуып, кептіреді. Ол үшін сутегінің асқын тотығының 3% ертінідісі, натрий гипохлоридінің 2-3% ертінділері, хлоргексидиннің 0,2-0,3% етріндісі, 96º спирт, эфир пайдаланылады. Түбір өзегі аталған дәрілермен суланған мақта біліктердің немесе қағаз штифтердің көмегімен жуылады және жақсы өңделген өзектен біліктер таза және құрғақ болып шығады (спиртпен және эфирмен кептіргеннен кейін).
Ұлпа қабынуын ұлпаны толық алып емдеудің соңғы және жауапты кезеңі – түбір өзегін пломбылау. Оның сапалылығы емдеудің нәтижелі болуын қамтамасыз етеді. Түбір өзегін пломбылау үшін қойыртпақтар, штифтер, сирек жағдайда цементтер пайдаланылады. Кең өзекте қойыртпақ пен штифтерді қоса қолдануға болады. Түбір өзегін түбір инесінің немесе өткіш бұрғының (дрильбор) көмегімен қолмен пломбылауға немесе арнаулы өзектолтырғыштың (каналонаполнитель – Zentulo spirals) көмегімен де пломбылауға болады.
Түбір өзегін толтыруға арналған арнаулы қойыртпақтармен (пасталармен) өзекті пломбылау тәсілі: өңделген және кептірілген өзек қабырғасына қойыртпақ дайындалатын сұйықтан жағады (инеге оралған мақта біліктің көмегімен). Цинкэвгинолды қойыртпақпен, эндометазонмен, эстезонмен, эвгедентпен пломбылаған кезде эвгенол жағады. Осыдан кейін дайын болған қойыртпақтың кішкентай бөлшегін ине ұшына іліп алып, өзекке енгізген соң инені айналдыра және ілгері жылжыта отырып өзек қабырғаларын жабады. Пломбылық материалдың жаңа бөлшектерін осы тәсілмен қайталап енгізіп отырып, өзекті толтырады. Өзектің кең бөлігін инеге оралған мақта біліктің көмегімен толтырады және нығыздайды. Өзектің түбір ұшы бөлігін толтыратын қойыртпақтың консистенциясы аздап сұйықтау (қою кілегейдікіндей), ал кеңдеу бөлігін толтыратыны – қою (қамырға ұқсас) болғаны жөн.
Түбір өзегін өзек толтырғышпен пломбылау тәсілі:
Өңделген және кептірілген өзек сағасына сүңгінің ұшына іліп немесе тегістегішпен қойыртпақтың кішкене бөлігін апарады да, өзек ауызына кіре бере айналысқа қосылатын (800-1000 айналым минөтіне) өзек толтырғыштың көмегімен өзек қабырғаларын жаба отырып, түбір ұшына жылжытады және оны айналған бойы өзектен шығарып алады және бормашинаның жұмысын тоқтатады. Осы әрекетті бірнеше рет қайталай отырып, түбір өзегін толтырады. Ең соңында білік оралған инемен қойыртпақты нығыздап тастайды. Өзектолтырғышпен жұмыс істегенде қойыртпақтың консистенциясы аздап сұйықтау болады (қою кілегейдей).
Түбір өзегін қойыртпақпен қоса гуттаперчадан жасалған штифтпен пломбылау тәсілі:
Осыған дейін жақсы кеңейтілген және өңделген өзекке өзектолтырғыштың көмегімен қойыртпақты екі-үш бөлікпен апарып, қабырғасына жақсылап жағады да, өзек диаметріне сай таңдалып алынған штифті енгізіп, кедергі кездескенше жылжытады (оның диаметрі өзекті соңғы рет түбір ұшына дейін өңдеген файлдың өлшеміне сай болу керек). Штифтің өзектен шығып қалған бөлігін қыздырылған аршығыштың көмегімен кесіп алып тастайды. Бұл әдісті түбір өзегін бір штифтпен пломбылау әдісі (метод одного штифта) деп атайды.
Түбір өзегін бүйірден нығыздап пломбылау әдісі (метод боковой-латеральной конденсации):
Жақсы өңделген өзекке қойыртпаққа (силерге) батырылған (штифт жақсы сырғу және түбір өзегін тығыз толтыру үшін) штифт енгізіліп, өзек қабырғасымен түбір ұшына қарай жылжытады. Штифт одан әрі жылжымайтын болса, тік нығыздаушы аспаптың (ручной конденсор-плагер) көмегімен қолмен нығыздайды. Одан кейін ұшы үшкір бүйірлеп нығыздағыш аспаптың көмегімен (боковой конденсор-спредер) өзек қабырғасына қарай нығыздайды. Бүйірлеп нығыздағышты өзектен шығарғаннан кейін босаған орынға екінші штифті енгізіп, жоғарыда айтылған тәсілмен нығыздайды және өзек толық бітелгенше қайталайды. Штифтердің өзекке симай қалған бөлігін қыздырылған аршығыштың көмегімен кесіп алып тастайды. Штифті нығыздауды ұштықпен айналатын нығыздағыштың (конденсор) көмегімен де орындауға болады. Өзекте баяу айналған конденсор қыза келе гуттаперчадан жасалған штифті жұмсартады және түбір ұшына қарай жылжытады.
Гутаттаперчадан жасалған штифтерді тоңазытқышта сақтайды. Олар қатты болу үшін арнаулы қатыратын сұйықтармен (спреймен) өңдейді және спиртпен зарарсыздандырады.
Түбір өзектерін пломбылаған кезде (өте-мөте штифтермен пломбылаған кезде) тістердің ұзындықтарының (түбір ұзындықтарының) орта шамасы берілген таблицаны пайдаланған тиімді болады.
Түбір өзегінің дұрыс немесе сапалы пломбыланғанын (толтырылғанын) анықтайтын әдіс – рентгенографиялық және рентгенфизиографиялық әдістер. Өзектің жақсы пломбылануының көрсеткіштері: пломбылық материал рентгенсуретте өзекте тұтас, қабырғаларына тығыз жанаса, біркелкі толтыра, физиологиялық тесікке жетіп (анатомиялық тесікке дейін немесе түбір ұшына дейін 0,5-0,6 мм жетпей) орналасқан. Егер түбір ұшы сыртына пломбылық материалдың кішкентай бөлшегі шығып кетсе және қатты ауыру сезімін тудырмаса, оны үлкен қателік деп есептеуге болмайды. Ең үлкен қателік – түбір өзегінің толық пломбыланбай қалуы (түбір ұшына дейін 1,5 мм-ден көп бөлігі бос қалуы) немесе түбір сыртына пломбылық материалдың біраз мөлшерінің шығып кетуі.
Тісті пломбылау. Аршығыштың немесе мақта анжының көмегімен тіс қуысынан пломбылық материалдың қалдығын алып тастап, аралық төсем салып (шыныиономерлік, цинкфосфатты цементтерден), тұрақты пломбы қояды. Егер өзек эвгенол негізді қойыртпақтармен пломбыланған болса, өзек сағасын суға шыланған дентинмен жабу керек. Себебі, эвгенол шыныиономерлік цементтің және композиттік материалдардың жақсы қасиеттеріне нұқсан келтіреді.
Ұлпаны уақытша жансыздандырып алу әдісінің тиімді тәсілі – ұлпаны диатермокоагуляциялап барып (жоғарғы температурада қуырып) алу. Бұл тәсілді орындау аса қиын емес және жақсы өтетін өзектерде қолданылады. Ұлпа тінін коагуляциялау үшін арнаулы ДКС-1, ДКС-2 маркалы айнымалы токпен жұмыс істейтін аппарат пайдаланылады.
Ұлпаны уақытша жансыздандыру үшін жүргізілген әдістен кейін (өткізгіштік немесе инфильтрациялық жансыздандыру әдістерінен соң) 5-10 минөт өткен соң (кейде 10-15 минөттен кейін) сауыт ұлпасын алып тастап, өзек сағасына аппараттың қыздырылған электродын енгізіп, өзек бойымен түбір ұшына дейін 3-4 секөнд жылжытады және аппаратты сөндірмей тұрып, электродты өзектен шығарып алады. Коагуляцияланған ұлпаны (құрғақ ақ жіпке ұқсас) ұлпаалғыштың көмегімен алып тастап, өзекті антисептиктер ертіндісімен жуып-кептіріп,физиологиялық тесікке дейін пломбылайды.
Егер ұлпасы толық алынатын тісте өтпейтін өзектер болатын болса, өзек сағасындағы ұлпаны алғаннан кейін, түбір ұлпасын өліеттендіру үшін иодтың 5-10% спирті ертіндісімен электрфорездеу әдісін қолдануға болады. Ол үшін арнаулы аппараттың (Поток-1, Поток-2 маркалы) пассивті (енжар) электродын науқастың қолына бекітіп, активті (белсенді) электродты тісжегі қуысына ерітілген балауызбен бекітеді. Оған дейін сауыт қуысына иодтың 5-10% спиртті ертіндісімен суланған мақта анжы қойылады және белсенді электродтың тығыз жанасуын қамтамасыз ету керек. Пайдаланатын тұрақты тоқтың күші 2-5 мА, жүргізу уақыты-15-20 минөт. Екі-үш рет электрфорездеуден кейін ұлпа өліеттенеді, одан кейін импрегнациялау әдістерін қолдануға болады. Ескерте кететін жай, электрфорездеу әдісін міндетті түрде өтетін өзектерді пломбылап алғаннан кейін жүргізеді.
Ұлпа қабынуын ұлпаны уақытша жансыздандырып алу кезінде жіберілетін қателіктер мен асқынулар:
1. Сауыт және түбір ұлпасын алу кезінде қатты ауыру сезімінің болуы. Себеі - ұлпаның уақытша жансыздануын күтпей, ұлпаны алуды ертерек бастау. Емі: белгіленген уақытты сақтау, одан кейін де ауыру сезімі болса, уақытша жансыздандыруды қайталау немесе ұлпаны өліеттендіріп алу әдісін қолданып емдеу.
Сауыт қуысы қабырғасын немесе табанын тесіп алу. Себебі - тіс қуысының топографиясын жақсы білмеу. Тесікті шыныиономерлі цементпен немесе күміс амальгамасымен жабады.
2. Эндодонттық аспапты өзекте сындырып алу. Себебі - пайдалану ережесін дұрыс сақтамау немесе бір аспапты бірнеше рет қолдану. Мүмкіндігінше алуға тырысу керек, алынбаған жағдайда өзектерде импрегнациялау әдісін жүргізу қажет.
3. Диатермокоагулятор қолданып емдеген кезде периодонтты және тіс төңірегіндегі жұмсақ тіндерді күйдіріп алу. Себебі – токтың күшін тым жоғарылатып жіберу, инені периодонтқа өткізіп жіберу, аса ұқыпты болмау. Емдеу шараларын периодонттың қабынуы және ауыздың кілегей қабығының физикалық әсерлерден жарақаттануы бөлімдерінен қара.
4. Түбір өзегін толық пломбыламау. Рентгендік тексеру әдісімен дәлелденген жағдайда пломбылық материалды алып тастап, өзекті қайта пломбылау.
5. Ұлпаны толық алып емдегеннен кейін екінші күні тісінің аздап өзбетімен сыздап және ас шайнағанда ауыруы (периодонттың тітіркену симптомы). Себебі – периодонтқа ұсақ аспаптармен әсер ету нәтижесі, периодонтқа қан құйылуы, пломбылық материалдың түбір сыртына шығып кетуі. Мұндай асқынулар 17-20% жағдайда кездеседі және ауыруды басатын дәрілер ішкенде, ауызды жылы ертінділермен булағанда көбіне өз бетімен 2-3 күнде басылып кетеді. Ал қатты ауыру сезімі мазалап, тез арада басыла қоймаса, тіс тұсындағы ауыспалы қатпарға 30% линкомицин ертіндісімен (1 мл) 2% новокаин ертіндісін (1мл) қосып, инъекция жасауға болады (күніне бір рет 3-5 күн қатарынан). Сонымен қатар физиотерапиялық емдеу шараларын (микротолқынмен емдеу, дарсонвализациялау, флюктуоризациялау) қолдануға да болады..
Жақын арада немесе біраз уақыт өткен соң пломбының түсіп қалуы. Себебі – тісжегі қуысын дұрыс егеп тазаламау, пломбыны қою ережесін сақтамау. Емі: тісжегі қуысын қайтадан егеп-тазалап, жаңадан пломбы қою.
Ұлпаның қабынуын ұлпаны өліеттендіріп алу әдісі мен емдеу (девиталды хирургиялық әдіс).
Бұл әдіс қазіргі уақытта да қолданылып жүрген әдіс, өйткені 100% жағдайда ұлпа қабынуын ең озат әдіс деп саналатын виталдық хирургиялық әдіспен емдеу мүмкіндігі жоқ. Себебі, әлі де көптеген стоматологиялық науқастарда ұлпаны жансыздандыратын анестетиктерге аллергиялық реакциялар байқалады және көптеген адамдардың жалпы және психикалық жағдайлары бұл әдісті жүргізуді көтере бермейді.
Ұлпа қабынуын девиталдық хирургиялық әдіспен емдеудің қалыптасуына негіз болған 1836 жылы американ дәрігері Спунер ұсынған мышьяк ангидриді (мышьяк қышқылы). Мышьяктың көптеген қосындыларының ішінен тіндерге көбірек жергілікті әсер ететін мышьяк ангидриді (As2O3). Ол беті ашық жағдайда ауадан өзіне ылғал тартып, мышьяк қышқылына айналады (мышьяковистая кислота-acidi arsenicosi).
Әртүрлі клиникалық зерттеулер анықтағандай, мышьяк қышқылының белгілі мөлшерін (0,0006-0,0008г.) белгілі уақытқа (2 сөткеге дейін) ұлпа бетіне қойса, периодонтқа зиянды әсерін тигізбей, ұлпаны толық өліеттендіре алады екен.
Мышьяк қышқылының ұлпаны өліеттендіру механизмі туралы әртүрлі көзқарастар бар. Ұлпа тінімен тікелей жанасқан жерінде ұлпаны күйдіре өліеттендіреді (некроздайды), ал мышьяк өте бастаған ұлпаның төменгі қабаттарында қан тамырлары кеңейіп, қабырғаларының өткізгіштігі жоғарылауы нәтижесінде қан құйылу ошақтары пайда болып, нерв талшықтарында миелінде қабықтың түйіршікті ыдырауы, өстік цилиндрдің варикозды жуандауы, нерв талшықтарының жойылып кетуі де (гибель) байқалады. Ұлпаның толық өліеттенуі көбінесе мышьяк ангидридінің тотықтырушы ферменттерді тежеуі әсерінен тотығу үрдісі бұзылып, ондағы жасушалық (клеткалық)және тіндік құрылымдардың бұзылуы (гибель) нәтижесінде дамиды.
Мышьяк қышықылының зарарсыздандырушы қасиеті жоқ және жоғарыда айтылғандай, оның әсерінен қабынған ұлпада жалқықтану үрдісі күшейіп, тіс қуысы ішінде қысым жоғарылай түседі. Осыған байланысты ұлпаны өліеттендіретін мышьяк қышқылы күрделі қойыртпақтың (мышьякты пастаның) құрамында қолданылады:
Rp: Acidi Arsenicosi 3,0
Cocaini hydrochloridi
Thymoli āā 0,5
M.f. pasta
Ds. стоматологиялық кабинет үшін.
Тимол қойыртпаққа антисептикалық қасиет береді, ал кокаин ұлпаның өліеттенуі кезіндегі қатты ауыру сезімін басады. Аталмыш қойыртпақ бірінші қабылдауда ұлпасы қабынған бір түбірлі тіске 24 сағатқа , ал көптүбірлі тіске 48 сағатқа қойылады.
Егер тісі сырқат адам белгіленген уақытта екінше қабылдауға келе алмайтын болса, ұлпаны ұзақ уақытта өліеттендіретін мышьяк қойыртпағын қолдануға болады:
Rp: Arsenicosi 5,0
Acidi tannici 2,5
Olei caryophyllori q.s.
Ds: ұлпаны баяу өліеттендіру үшін.
Бұл қойыртпақ сырқат тіске бірінші қабылдауда 7-15 күнге дейін қойылады.
Ұлпаны өліеттендіру үшін параформальдегид де (триоксиметилен) қолдануға болады. Дене температурасында ол деполимеризациялауға (жібуге) ұшырап, құрамынан формальдегид молекулаларын бөледі. Ал бөлінген молекулалар ұлпаны құрғатып, мумификациялануға ұшыратады.
Ұлпаның өліеттенуі баяу жүретіндіктен, құрамына ауыру сезімін басатын дәрі қосылған арнаулы қойыртпақ дайындайды:
Rp: Paraformaldegidi 9,0
Anaesthesimi 1,0
Eugenoli q.s.
Ds: стоматологиялық кабинет үшін.
Қойыртпақ тек майға шыланады, егер суға шыланса параформальдегид формальдегид ертіндісіне айналады.