Қылмыскерлікпен күрес ұғымы және оның мазмұны

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 17 Марта 2012 в 13:05, курсовая работа

Описание

Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері:
1) қылмыс түсінігі мен құрамы жайында кеңірек тоқталып түсінік беру;
2) қылмыстың әрбір белгісін, яғни қылмыстық құқыққа қайшылық, қоғамға қауіптілік, кінәлілік және жазаланушылықтың жалпы мәні мен мақсаттары туралы кеңірек ашу;
3) бүгінгі таңдағы Қазақстан Республикасындағы қылмыскерлікпен күрес мәселелерін қарастыру және оны алдын – алу шараларына кең түрде тоқталып өту және зерттеу болып табылады.

Работа состоит из  1 файл

Қылмыстың түсінігі, белгілері.doc

— 233.00 Кб (Скачать документ)

1960 жылға дейін қолданылған Қылмыстық кодекстерде ұқсастығы бойынша яғни, қылмыстық заң нормасында әдейі көрсетілмеген іс–әрекеттерге де сонда көрсетілген соған ұқсас, жақын нормаларды қолдануға құқық берілген еді. Мұның өзі заңды бұзуға және осы мәселеде бейберекетсіздікке кетушілікке әкеліп соқтырды. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы жаңа конституциясында, осыған орай жаңа Қылмыстық кодексте қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берілмейді делінген.

Адамның қылмыстық құқылық норма тиым салған іс–әрекеттерді істеуін қылмыстық құқыққа қайшылық деп атайды. Адамның қылмыстық заң тиым салмаған,осы заңда көрсетілмеген іс–әрекеттерді істеуін қылмыс қатарына жатқызуға болмайды. Тек заң шығарушы ғана белгілі  іс–әрекетті қылмыс қатарына жатқызуға мүмкіндік беретін оның мәнді белгілерін анықтайды. Қылмыстық құқыққа қайшылықтың міндетті белгісі болып осы заңда көрсетілген іс–әрекетті жасаған жағдайда нақты нормада көрсетілген қылмыстық құқылық санкция белгілеген жазаның белгілі бір түрінің тағайындалуы болып табылады. Іс –әрекеттің қылмыстық құқыққа қайшылығын белгілеген тиісті заңның жарияланған уақытынан бастап ондай іс–әрекеттер қылмыс қатарына жатады. Мұндай ретте мемлекет осындай іс–әрекеттермен қылмыстық құқылық норма арқылы күрес жүргізуге мүмкіндік алады. Керісінше, белгіленген тәртіппен күші жойылған қылмыстық – құқылық норма қылмыс қатарынан шығарылады. Ондай іс–әрекеттер қылмыс деп саналмайды. Мысалы: елімізде нарықтық қатынастардың дамуына байланысты Қылмыстық кодекстен алыпсатарлық деген қылмыс құрамы қатарынан алынып тасталды. Бұрын қылмыс қатарында жоқ жалған банкроттық, табысты жасыру, салық төлемегені үшін қылмыстық жауаптылықты белгілейтін көптеген жаңа нормалар пайда болды. [2,35 б]

Қылмыстың формальды және материалдық белгілері бір-бірімен тығыз байланыста. Адамның қылмыстық құқықтық норма тыйым салған іс-әрекеттерді істеуі құқыққа қайшылық деп танылады. Құқыққа қайшылық — қылмыстың формальды белгісі. Қылмыстық құкыққа кайшылықтын міндетті белгісі қылмыстық заңда көрсетілген іс-әрекетті істеген жағдайда нақты нормада көрсетілген қылмыстық-құықтық санкция белгілейтін белгілі бір жаза түрінің тағайындалуы болып табылады. Тыйым, тек қылмыстық заңмен салынғанда ғана кылмыс жөнінде сөз болуы мүмкін. Мысалы, Қазакстан Республикасы аумағында шет ел валютасымен мәміле жасауға валюталық реттеу заңымен тыйым салынса да бірақ мұндай әрекеттер Қылмыстық кодексте қарастырылмаған. Сондықтан, олар қылмыс болып табылмайды. Заң шығарушы қазіргі кезеңде қылмыстың формальды белгісінің артуына байланысты болса керек, Қылмыстық Кодекстің 9-бабының бірінші бөлігіне қылмыстык заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берілмейтіндігі туралы конституция нормасын енгізген (Конституцияның 77-бабының, 3-тармағының 10 тармақшасы). Басқаша айтқанда заңда белгіленіп көрсетілмесе қылмыс емес қағидасы конституциялық деңгейде белгіленген. [3,28 б]

 

 

2.2 Қоғамға қауіптілік

 

 

Қоғамға қауіптілік — қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастарға нақты қауіп төндіретін немесе зиян келтіретін кылмыстың объективті белгісі (әрекет немесе әрекетсіздік).

Қоғамға қауіптілік қылмыстың нақты түрдегі сапалық белгісі болып табылады, яғни заң шығарушы қылмыстың тек осы — қоғамға кауіптілік белгісін ғана анықтаумен әрекеттің немесе әрекетсіздіктің қылмыс қатарына жататын,- жатпайтындығын дәлелдеп көрсетеді. Қоғамға қауіптілік әрекеттің коғамдық қатынастарға зиян келтіруі немесе зиян келтіру қаупін туғызуы белгілерімен сипатталады. [3,27-28 б]

     Қылмыстың негізгі сапалық белгісі оның қоғамға қауіптілігі болып табылады. Бұл белгі қылмыстың материалдық мәнін білдірумен бірге не себепті осы немесе басқадай іс – әрекет қылмыс болып табылатынын түсіндіреді. Қоғамға қауіптілік белгісінің болуының өзі іс –әрекеттің қоғамдық қатынастарға зиян келтіруін немесе зиян келтіру қаупін туғызатынын білдіреді. Қоғамға қауіптілік – қылмыстың объективті белгісі. Ол заң шығарушының санасына және еркіне байланыссыз қоғамдық қатынастарға зиян және өзінің ішкі мәні жөнінен қоғамның бір қалыпты өмір сүру шарттарына қайшы болады. Заң шығарушының міндеті сол кезеңде, дәуірде, қоғамның өмір сүру жағдайларын дұрыс бағалап, осыған байланысты іс – әрекеттің қайсысының қылмыс қатарына жататыны туралы шешім қабылдау болып табылады.

Қылмыстық кодекстің 2 – бабында қоғамға қауіптіліктің сипаттамасы қылмыстық заңда көзделген адам мен азаматтың құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке, табиғи ортаға т.б. қиянат жасап қол сұғатын қылмыс объектілерін тізбектеп көрсету арқылы берілген. Бірақ та қоғамға қауіптілік қылмыс қол сұғатын объектілерді көрсету арқылы ғана тұжырымдалмайды. Бұл қылмыстың қауіптілігін сипаттайтын мәнді жақтарының бірі ғана.

Қоғамға қауіптілік қоғамға зиянды іс – әрекеттің өзінің тікелей ерекшелігіне, оны істеу уақыты, орны, тәсілі, жағдайына байланысты болуы мүмкін. Мысалы: тиісті рұқсат етілмеген немесе тиым салынған жерлерде (ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, төтенше экологиялық аймақтар) не тиым салынған құстар мен аңдарға қатысты аң ауланса, ол заңсыз болып табылады (288-бап, 1-бөлім). Төтенше жағдайлар кезінде тиым салынған ереуілге басшылық жасау, кәсіпорынның, ұйымның жұмысына кедергі келтіру қылмыс болып табылады (335-бап). Іс – әрекет арқылы келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиян қоғамға қауіптіліктің көлемін айқындайтын негізгі бір белгі болып табылады. Кейбір іс – әрекеттер әрекет немесе әрекетсіздіктің істелген уақыттан бастап, өзінің қандай зиян келтіргеніне қарамастан, қоғамға қауіпті болады. Басқалары қылмыстық заңда көрсетілген зардаптар болған жағдайда ғана қоғадық қауіптілік сипатына ие болады. Іс – әрекеттің қоғамға қауіпті және қылмыс қатарына жатқызуға мүмкіндік беретін зардаптың сипаттамасын заң шығарушы әртүрлі етіп бейнелеуі мүмкін. Кейбір реттерде қылмыстың зардабы қылмыстық заңның өзінде дәлме – дәл көрсетіледі. Мысалы, денеге жарақат салу, материалдық залал келтіру, ауыр зардаптың болуы т.б.

Келтірілген дене жарақатының ауырлығына орай денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (103-бап), денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру (104-бап), денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (105-бап) болып бөлінеді. Басқа жағдайларда, зардаптың әртүрлі болып келетіндігін ескеріп, заң шығарушы оның бәрін нақтылап жатпайды, оларды зиян келтіру (142-бап), ірі мөлшер (175-бап), ауыр зардап келтіру (181-бап , 3-бөлім,б-тармағы), т.б. деп жалпылама береді. Мұндай жағдайларда зардаптың осы көрсетілген мөлшерін анықтау нақты жағдайларда орындалған фактілерге байланысты шешіледі. Қылмыстық қоғамға қауіптілігі қылмыстық ниет және мақсат сияқты оның белгілеріне де байланысты. Мысалы, қылмыстық іс қозғау мақсатымен қылмыс істелді деп өтірік хабарлау. Егер мұндай іс – әрекетті пайдақорлық мақсатпен істесе хабарлау әрекеті күшейтілген қылмыс түрі болып табылады. Кейбір реттерде қоғамға қауіптілік іс –әрекетті істеген адамның ерекшелігіне де байланысты анықталады. Қайсібір іс –әрекеттер оны істеген адамның жәбірленушімен ерекше қатынаста болуына байланысты қылмыс деп танылады. Мысалы, айыптының материалдық жөнінен немесе басқа реттен тәуелді адамға қатал қарауы, қудалауы немесе қорлауы салдарынан жәбірленушінің өзін – өзі өлтіру халіне жеткізілуі (102-бап). Кейде субъектінің ерекше жағдайы қылмыстың қоғамға зияндылығын үдетеді. Мысалы: жауапты мемлекетік қызметтегі лауазымды адамның пара алуы (311-бап, 3-бөлігі).

Қылмыстық құқық ғылымы қоғамға қауіптіліктің сапалық және сандық жақтарын бөліп қарайды. Қылмыстық кодекстің 52-бабында жаза тағайындаудың жалпы негіздерін анықтай отырып, сот жазаны тағайындауда істелген қылмыстың сипатын және қоғамға қауіптілік дәрежесін есепке алу қажеттігін көрсетеді. Мұның өзі қылмыстың сипатын қылмыстық сапалық, ал дәрежесін – сандық сипаттамасы деп түсінуді білдіреді. Сипатына қарай қоғамға қауіптілік экономикалық және зорлық қылмыстары, қасақана және абайсыздық, жеке адамға, меншікке қарсы қылмыстар болып бөлінеді. Қоғамға қауіптілік сипаты қылмыстың объектісі бойынша анықталады. Объектілердің тізбегі Қылмыстық кодекстің 2-бабында көрсетілген, Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімі топтық объектілері белгілері бойынша тарауларға бөлінеді. Яғни, Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің жүйелері топтық объектілерінің маңыздылығына қарай рет – ретімен орналасқан. Қоғамға қауіптіліктің сипатының тағы бір көрсеткіші келтірілген зиян болып табылады. Материалдық, моральдық зиян, күш қолдану, қорқыту арқылы келтіріледі. Келтірілген залалға байланысты қылмыс қоғамға қауіптілік сипатына қарай мүліктік, ұйымдастырушылық, жалпыға қауіпті және зорлықпен жасалатын қылмыс деп бөлінеді. Қоғамға қауіптілік сипаты одан әрі кінәнің нысандары арқылы анықталады. Қасақаналықпен жасалатын қылмыстардың абайсыздықпен жасалатын қылмыстарға қарағанда қоғамға қауіптілік сипаты едәуір ауыр. Мысалы, кісіні ауырлатын жағдайда қасақана өлтіргені үшін 10 жылдан 20 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға не мүлкін тәркілеу арқылы немесе онсыз өлім жазасына, не мүлкін тәркілеу арқылы немесе онсыз  өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады (96-бап, 2-бөлігі), ал абайсызда кісі өлтіру (101-бап, 1-бөлігі), үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Кінәнің нысандарын анықтау қылмыстың қоғамға қауіптілігінің сипатын осылай белгілеуде маңызды рөл атқарады. Қылмыстың қоғамға қауіптілігін сандық жағын анықтағанда көптеген факторларды еске алу қажет. Мұндай ретте келтірілген зардаптың ауырлығын қылмыстық істің ерекшеліктеріне, қылмысты жеке немесе бірлесіп қатысу арқылы істеу, қылмыс істегенде қандай тәсіл қолданылды, кінәнің сипатын қылмыстың субъектісінің ерекшелігіне, іс – әрекеттің істелу уақытына, жағдайына баса назар аудару қажет. Мысалы, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің (103-бап), денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы (104-бап) немесе жеңіл (105-бап) дәрежеде қасақана зиян келтіруден қоғамға қауіптілік дәрежесі едәір жоғары. Қарақшылықтың (179-бап) ұрлықтан (175-бап) дәрежесі жағынан қоғамға қауіптілігі жоғары. Өйткені шабуыл жасап, қарақшылық жасап тонағанда бөтеннің мүлкін иемдену мақсатымен қауіпті тәсіл шабуылға ұшыраған адамның өміріне немесе денсаулығына күш жұмсаумен ұштастырылады.

Қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі қылмыстық заңда көрсетілген санкция бойынша да анықталады. Мәні жөнінен екі қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесін анықтау, сол қылмыста берілген белгіленген санкцияларды салыстыру қажет. Ауырырақ жаза белгіленген қылмыс түрінің қоғамға қауіптілігі дәрежесі де жоғары болып табылады. Қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі бойынша қоғамға қауіптілік сипаты бірдей қылмыстарды бір –бірінен ажыратуға болады. [1,36 б]

2.3 Кінәлілік

 

 

Қылмыстың тағы бір белгісі кінә болып табылады. Яғни, бұл жерде заң қорғайтын объектілерге әрекет немесе әрекетсіздік арқылы кінәлі түрде қасақаналық немесе абайсыздықпен қол сұғушылық туралы әңгіме болып тұр.

Қылмыстық жауапқа не жазаға тек қана қылмыс істегені үшін, яғни қылмыстық заңда көрсетілген, қоғамға қауіпті іс – әрекетті қасақаналық пен немесе абайсыздықпен істеген адам ғана тартылады. Кінәсіз қылмыстық жауаптылық туралы сөз болуы мүмкін емес. Кінәнің нысандары қылмыстық заңда қасақаналық (тікелей немесе жанама), абайсыздық (менмендік немесе немқұрайлық) болып түрлерге бөлінеді. Тікелей немесе жанама ниетпен жасалған әрекет қасақана жасалған қылмыс деп танылады.

Қылмыстық Кодекстің 19-бабының екінші бөлігіне сәйкес, объективті айыптауға, яғни кінәсіз зиян келтіргені үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуға жол берілмейді. Осы баптың үшінші бөлігіне сәйкес, қасақана немесе абайсызда әрекет жасаған адам ғана қылмысқа кінәлі деп танылады. Кінәлілік кұқыққа қайшылыктын міндетті шарттарының бірі. Қылмыстың, зардабы қаншалыкты ауыр болғанына қарамастан, егер оны істеген адамның әрекетінде кінәнің белгілі бір түрі болмаса, ол кылмыстық жауаптылыкқа да, сәйкесінше жазаға да тартылмайды. [3, 28-29 б]

      Кінә - бұл тұлғаның өзі жасаған қоғамдық қауіпті іс-әрекеті мен оның қасақаналық және абайсыздық түріндегі салдарына психикалық қатынасы. Қылмыстық заңға сәйкес, кінә - бұл әрқашан не қасақаналық, не абайсыздық. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 19-бабының 3-бөлігі бойынша қасақана немесе абайсызда іс-әрекет жасаған адам ғана қылмысқа кінәлі деп танылады. Қасақаналық та, абайсыздық та жасалған іс-әрекет пен оның салдарына кінәлі психикалық қатынастың нысандары болып табылады. Бұл - олардың ұқсастығы. Ал, айырмашылығы -  қасақана және абайсыз кінәні құрайтын интеллектуалдық және еркіне қарай сәттердің ерекше, өзіне ғана тән мазмұны мен ара қатынасында.

Қылмыстың жасалуына байланысты кінә (қасақаналық та, абайсыздық та) заң қолданушының (сот, тергеуші) санасынан тыс орын алады. Ол - алдын ала тергеу жұмысын жүргізу мен сотта істі қарау кезінде дәлелденетін затқа жатады. Ол - іс бойынша анықталған дәлелдерді саралау кезінде жүзеге асады. Осыған орай, кінә тек заңдық-психологиялық қана емес, саралаушы да категория екендігін мойындау керек. 40-жылдары кеңестік заң әдебиетінде кінәлінің өзі жасаған қоғамдық қауіпті іс-әрекеті мен оның қасақаналық және абайсыздық түріндегі салдарына, соттың санасынан тыс орын алатын психикалық қатынасы ретіндегі кінә түсінігін, оның саралаушы деген түсінігімен теңестіруге әрекет жасалды. Б. С. Утевский «кінәні қылмыс құрамының элементі ретінде, қасақаналық пен абайсыздық, яғни қылмыс құрамының субъективті жағы ретінде бір жақты тайыз түсінумен қатар, қылмыстық құқықта кінәнің қылмыстық жауаптылықтың негізі ретіндегі ауқымдырақ түсінігі де бар» деп санаған. Б. С. Утевский кінәні қылмыстық жауаптылықтың негізі ретінде былайша түсіндіреді, яғни ол «соттың көзқарасы бойынша мемлекет атынан теріс қоғамдық (моральдық-саяси) бағаға лайық және сотталушының қылмыстық жауаптылығын талап етуші жағдайлар жиынтығы».

Оның кінәні түсіну туралы мұндай көзқарасы кеңестік заң басылымдарында өткір, тіпті күйретуші сынға ұшырады. Оның себептері негізінен идеологиялық сипатта болды. Авторды кінәні саралау туралы буржуазиялық ғалым-заңгерлердің ұсынған теорияларын пайдаланғаны үшін айыптады. Алайда, соңғы кездері кеңестік қылмыстық құқықта кінәні - саралаушы ретінде түсінуді қатаң шетке шығару басылып, кінәлі жауаптылық қағидасы (яғни, кінәні қылмыстық жауаптылықтың негізі ретінде мойындау) Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде заңды тұжырымын тапты. Мұны дұрыс деп мойындауға тиіспіз, себебі, қылмыстық заң, қылмыстық жауаптылықты тұлғаның өзі жасаған іс-әрекеті мен оның салдарына психикалық қатынасының кез-келген түрімен емес тек қана қасақаналық пен абайсыздық сияқты белгілі түрімен ғана байланыстыруы бекер емес. Психикалық қатынастың дәл осы түрдегі, кінәлінің қылмыстық заңмен қорғалатын мүдделерге, яғни жеке бастың, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне деген қоғамға қарсы (қасақана жасалған қылмыстарда) немесе немқұрайлы (абайсыздан жасалған қылмыстарда) қатынасын білдіреді. Сондықтан, кінә - тұлғаның қылмыстық қастандылықтан заңмен қорғалатын мүдделерге теріс қатынасын көрсететін өзінің жасаған қылмысты әрекеті немесе әрекетсіздігінен туындаған зиянды салдарға психикалық қатынасы.

Жоғарыда айтылғандай қылмыстық заң, іс-әрекетпен оның салдарына кінәлі психикалық қатынасқа еркіне қарай және интеллектуалдық сәттерді қосады. Дәл осы сәттердің жиынтығы кінәның мазмұнын құрайды. Аталған сәттердің нақты мазмұны мен ара қатысы бойынша қасқана және абайсызда жасалған қылмыстардың бір-бірінен айырмашылығы қандай болса, олардың қылмыстық заңда анықталатын түрлері де тап солай ажыратылады. Интеллектуалдық және еркіне қарай сәттердің мазмұны мен арақатынасының бұл ерекшеліктері кінәнің түрлерін құрайды. Қылмыстық кодекс кінәнің қасақаналық және абайсыздық сияқты екі нысандарын қарастырады (Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі 19-бап, 3-бөлім). Қасақаналық, өз кезегінде, тікелей және жанама, ал абайсыздық - меңмендік және немқұрайлылық болып бөлінеді.

Кейбір қылмыстарға байланысты, заң шығарушы оларды тек қасақана жасалады деп анық атап көрсетеді. Мысалы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 104-бабы - денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін жауаптылық қарастырылады. Қасақана жасалатын қылмыстардың басқа құрамдарын жасағанда, заң шығарушы оларға қасақана деген анықтама бермейді. Мысалы, Қылмыстық Кодекстің 106, 107-баптарында ұрып-соғу, азаптау кездерінде кінәнің түрін атап көрсетпейді. Мұндай жағдайларда кінәнің түрін анықтау үшін Қылмыстық Кодекстің 19-бабының 3-бөлігін басшылыққа алу керек. Абайсызда жасалған іс-әрекет Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің Ерекше бөлімінің тиісті бабы арқылы арнайы қарастырылған жағдайда ғана қылмыс деп саналады. Сонымен, Ерекше бөлім бабының диспозициясы кінәнің түрін нақты көрсетпесе, осы бапта қарастырылған қылмыс тек қасақана болады.

Информация о работе Қылмыскерлікпен күрес ұғымы және оның мазмұны