Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Ноября 2011 в 15:54, доклад
Дәрілік өсімдіктер (лат. Plantae medicinalis) , шипалы өсімдіктер – медицинада және мал дәрігерлігінде емдеу және аурудың алдын алу мақсатында қолданылатын өсімдіктер. Дәрілік өсімдіктердің емдік қасиеті олардың құрамында стероид, тритерпен, алкалоид пен гликозидтердің, витаминдердің, эфир майлары мен тұтқыр заттар сияқты түрлі химиялық қосылыстардың болуына байланысты.
Дәрмене (Artemisia cina) – күрделі гүлділер тұқымдасының жусан туысына жататын көп жылдық шала бұта. Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданының Дәрмене кеңшарында қолдан өсіріледі. Биіктігі 18 – 30 см. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Дәрмене (Artemisia cina) – Арыс қалалық әкімдігіне қарасты ауыл, ауылдық округ орталығы. Арыс қаласынан солтүстікке қарай 12 км жерде, Арыс өзенінің оң жайылмасында. Тұрғыны 2,3 мың адам (2003). Іргесі осы маңдағы өзен-көл аңғарларында шоғырланып өсетін дәрілік өсімдік – дәрменені игеруге байланысты 1928 ж. қаланған. Ауылда арнайы мамандандырылған «Дәрмене» шаруа қожалығы мен өндірістік кооперативі жұмыс істейді. Дәрмене аумағынан жиналатын дәрілік өсімдік Шымкент қаласындағы химия-фармацевтика зауытында өңделеді. Дәрменеде орта мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт, т.б. мекемелер бар.
Долана (Crataegus) – раушангүлділер тұқымдасына жататын бұта не ағаш. Долананың Америка мен Еуразияның қоңыржай белдеулерінде кездесетін 200 (кей деректерде 1000-нан астам) түрі бар. Қазақстанда 7 түрі Алтай, Тарбағатай, Іле және Жетісу (Жоңғар) Алатауында кездеседі. Көбірек тарағаны – алқызыл долана (C. sangvіnea). Жарық сүйгіш, аяз бен құрғақшылыққа төзімді, топырақ талғамайды. Бұтақтары тікенді, кейбір түрлері тікенсіз болады, биіктігі 1 – 4 м. Жапырақтарының жиегі тілімденген. Мамыр – шілдеде гүлдеп, жемісі тамыз – қыркүйекте піседі, жемісі қыста ағаш басында тұра береді. Гүлі ақ немесе қызғылт, қызыл, жартылай шатырша не қылқан тәрізді гүлшоғырын түзеді, қос жынысты. Жемісі – жидек, ұсақ, алқызыл, сары не қара түсті, 1 – 5 сүйекті, кейбір түрі жеуге жарамды, витаминге бай. Тұқымынан көбейеді. Аралар арқылы тозаңданып, жануарлар арқылы таралады. Долананың 50-ге жуық түрлері қолдан өсіріледі. Долана медицинада дәрі-дәрмек жасауда пайдаланылады.