Елбасы және ел білімі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Февраля 2012 в 19:22, доклад

Описание

Ата тарихтың тарланбоз шабысында “Кеше”, “Бүгін” және “Ертең” деп аталатын үш ұлы бөлік болады. Олар бір-бірінен ажырағысыз, бір мезгілде бөлек-бөлек, тағы бір мезетте біртұтас ғұмыр кешіп, тағылым мен танымның, парасат пен пайымның тұнығынан адамзат бала¬сының шөлін қандырып отырады. Еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдарына бүгінгі күннің биігінен көз салғанда, осы ұлы қағидат бірден көзге шалынады.

Работа состоит из  1 файл

Документ Microsoft Office Word (5).docx

— 35.28 Кб (Скачать документ)

Елбасы және ел білімі

Ата тарихтың тарланбоз  шабысында “Кеше”, “Бүгін” және “Ертең” деп аталатын үш ұлы  бөлік болады. Олар бір-бірінен ажырағысыз, бір мезгілде бөлек-бөлек, тағы бір  мезетте біртұтас ғұмыр кешіп, тағылым  мен танымның, парасат пен пайымның тұнығынан адамзат баласының шөлін қандырып отырады. Еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдарына бүгінгі күннің биігінен көз салғанда, осы ұлы қағидат бірден көзге шалынады. 

 

Өткенге ой жүгіртіп, осыдан жиырма жыл  бұрынғы Қазақстанды көз алдымызға  елестетсек, ең алдымен аумалы-төкпелі  экономика, саяси белгісіздік, сансыратқан  тапшылық, жұмыссыздық, бағаның құнсыздануы, күйреген шаруашылық т.т. есімізге түседі. Бұрынғы Кеңестер Одағының темір құрсауынан босанып, тәуелсіздіктің ақ таңы атқан елімізде дамудың жаңа жолын таңдау қажеттігі тұрды. Осы бір жүгі мен жауапкершілігі зіл батпандай ауыр міндет елдің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мойнына жүктелді.  

 

Алдымен елдегі жағдайды тұрақтандырып, тез арада нарықтық қатынасқа көшу кезек күттірмес шаруа болатын. “Саяси белгісіздік пен экономикалық құлдыраудың, қаржылық былықтың аса ауыр жылдарында барлығын жаңадан бастау керек болды, – деп жазады Н.Назарбаев “Ғасырға тұрарлық он жыл” атты кітабында, – Біздің стратегия экономикалық қалыптасуды тиімді жүзеге асырған елдердің классикалық тәжірибесіне негізделген. Бірақ бұл аздық етті, себебі еліміздің өзіндік ерекшелігін ескеру қажет еді. Қазақстанға өзіндік жол іздеу керек болды. Қазақстандық жол”. 

 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылы Қазақстанның жаңа тарихындағы аса ауыр кезең еді. Өндіріс өнімін шығару жартылай қысқарды. Экономикадағы төлемдік қарыз республиканың ішкі жалпы өнімінің көлеміне теңелді. Несиелік мөлшерлеме 400, жылдық инфляция 2500 пайызға жетті. Елдегі кәсіпорындардың жартысынан астамы өз шығынын өтей алмай банкротқа ұшырады, орташа жалақы екі есеге, ал ең төменгі жалақы мөлшері тіптен 90 пайызға түсті. Ауыл шаруашылығындағы өндіріс отыз пайызға құлдыраса, көлік тасымалдау екі есеге азайды. 

 

Өндірістің құлдырауы, әлеуметтік қажеттілікке бөлінетін қаржының тапшылығы халықтың тұрмысының төмендеуіне әкеп соқтырды. Зейнетақы мен өтемақы төлеуге қаржы жетпеді, елдің жалақысы айлап кешіктірілді. Осындай экономикалық қиыншылықтар демографиялық жағдайға да әсер етті. Миграциялық үрдістер күшейді, Қазақстаннан қоныс аударушылар саны еселеп өсті. Сол жылдарды: “Қазақстан арты қайда апарып соғары белгісіз экономикалық қысым (коллапс) жағдайында тұрған еді”, – деп сипаттайды Елбасы. Қазір біз сол кездегі жас мемлекеттің үлкен қауіптің алдында тұрғандығын бар болмысымызбен тұтас сезініп, ашық түрде айта аламыз.  

 

Сол қысылтаяң шаққа қарамастан ұлт көсемі Н.Ә.Назарбаев азат елдің  Тұңғыш Президенті болған алғашқы күннен-ақ Қазақстанда білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесіне баса назар аударды. Тәуелсіздікті баянды етуде білімнің маңыздылығын жете түсінген Елбасы экономикалық және қаржылық қиындықтарға қарамастан осы салаға барынша қолдау көрсетті. 

 

Халқымыздың “Білекті – бірді, білімді  – мыңды жығады” деген ұлағатты сөзін, білімнің шындығында да баға жетпес үлкен рухани қару екендігін, тек  рухани қару ғана емес, сонымен қатар  аса зор өндіргіш күш екенін ол терең түсінді. Расында да, білімнің қуатына тең келетін басқа идеялық-рухани күш, қуат көзі жоқ екені баяғыдан белгілі. Сондықтан да, күллі әлемдік жаңа идеология ең алдымен білім күшіне арқа сүйейді. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның білімге негізгі басымдық беріп отырғандағы басты себебі содан. Өйткені, білім – тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге тасы өрге домалаған еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, ел дамуының алтын арқауы. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамайды. Табыстың көзі, жақсы өмір сүрудің түп қазығы білімде жатқанын ұлы Абай да жақсы айтқан: “Балаң білімді, парасатты болсын десең, малыңды аяма”, – дейді ол. Өз ұлтының бақытты болашағын, кемел келешегін ойлаған, төрт құбыласы түгел, қуатты мемлекет құруды мақсат еткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ең алдымен елге терең білім керек екенін жұрттан бұрын аңғарып, ерте түсінген тұғырлы тұлға болды. 

 

Қай жерде де, қашан да тұңғыш болудың  жүгі мен жауапкершілігі ауыр екені  белгілі. Өйткені, бірінші болып  жол салу, бірінші болып жеңіске  жету, бірінші болып бәйгеден келу, бірінші болып шаршы алаңға шығу, бірінші болып тереңге үңілу, бірінші болып биікке көтерілу т.т. секілді бірінші болулардың қай-қайсысы да үлкен тәуекелді қажет ететін ерліктің нышаны іспетті. Басқасын айтпағанда, бірінші болып тепкісі тастай қатты, тегеуріні сом темірдей мықты империялық құрылым билігіне дер кезінде ерекше мінез таныту, қыр көрсету, олармен тең дәрежеде сөйлесу, сөйтіп бодандықтың сор батпағында батып жатқан туған еліңді бірінші болып азаттықтың ақ жолына бастау, алаңы көп аласапыран заманда айбынды да айбарлы әрекеттерге бару – ерен ерлік дерлік. Оған қоса Қазақстан секілді көпэтносты, көпмінезді, көппиғылды кеңестік “қызыл идеологияның” қасіретін молынан көрген, оның азабын мейлінше көп тартқан елде мұндай тарихи маңызды тәуекелге, саяси батылдыққа барудың жауапкершілігі де, жүгі де айрықша салмақты. Осы айтқанымызды жаңарған Қазақстандағы бүкіл елдік деңгейдегі білім саясаты мәселесіне байланысты зерделесек, Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгерлігі қайраткерлігімен үндескендігін, көрегендігі даналығымен тұтасқандығын бүгінде әр тарап та, шартарап та толық сезінген. 

 

Елбасының президенттік қызметінің алғашқы  күнінен-ақ елдің назарын аударып, қолдауына ие болған маңызды мәселенің бірі – Қазақстандағы білімді білікті ету саясаты. Біле-білгенге бұл асқан болжампаздықтың көрінісі. Ел егемендігін баянды етуде оқу-білімнің маңыздылығын жете түсінген Елбасы экономикалық және қаржылық қиындықтарға қарамастан, осы салаға тиянақты түрде қолдау көрсетіп келеді. 

 

Ол бүгінгі таңдағы дүние  жүзінің барлық елдерінде белең алған экономикалық дағдарыс әсер етіп отырған жағдайдың өзінде білім саласына берілген қаржыны азайтпау жөнінде Үкіметке тікелей тапсырма берді. Неге? Себебі, кең байтақ елімізді өркениет дамуына ілестіру үшін, қойнауында жатқан ен байлықты тиімді игеру үшін қазақ жұрты жаңа заман технологияларын меңгеруі қажет. Ал, жаңа заман технологияларын меңгеру үшін білімді, білікті мамандарды молынан әзірлеу еш уақытта көптік етпейтіні сөзсіз. Бүгінгі жас өскін – елімізде қабылданған стратегиялық маңызы бар бағдарламаларды жүзеге асыратын болашақ маман. Ол – еліміздің кемел келешегі. Сондықтан, бүгінгі жаһандану үрдісіне үн қосып, кезеңдік шектеулікке бармай, томаға-тұйықталмай, икемділікпен, ұтқырлықпен алға жылжып келе жатқан дүние жүзі мемлекеттерінің білім жүйелерін үлгі етіп, керек болса өзіміздің ұлттық мектебіміздің ұлы мұратына сай бұдан әрі дамудың жаңа стратегиялары мен бағдарламаларын ұсыну кезек күттірмейтін маңызды мәселенің бірі еді. Елбасы осы маңызды мәселені дер кезінде аңғара білді. Міне, орта білімді ақпараттандыру, дарынды балаларды табу, оқыту мен оны дамыту, соның алғашқы бастамасы – Президенттік “Дарын” бағдарламасы, одан кейінгі тәуелсіз еліміздің жаңа мамандарын даярлауға арналған 1993 жылғы “Болашақ” халықаралық бағдарламасы секілді мемлекеттік маңызы зор жобалар дүниеге келді. Бұл бағдарламаның әлі күнге жемісті түрде жүзеге асып келе жатқандығы көңілге ерекше қуаныш ұялатады.  

 

Бүгінде еліміз “Болашақ” бағдарламасы бойынша жылына 3000-нан астам жас жеткіншекке әлемнің ең беделді оқу орындарында білім алуға мүмкіндік жасап отыр. Бұл – еліміз жастарының ертеңіне сенімін арттырады. Расында, білімнің негізінде болашаққа деген шынайы сенім мен үкілі үміт, өз халқына деген ізет-құрмет пен қадір-қасиет жатқанын Елбасы жақсы түсінді. Ол тәрбие мен оқу-білімді егіз дүние ретінде қарастырып, тәрбие арқылы берілетін білімнің болашағы әрқашан баянды болатынын назарынан ешқашан тыс қалдырмады. Бұл ретте “Қазақстан – 2030” Стратегиясында Елбасы: “Ел келешегі жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты”, – деп айрықша атап айтса, биылғы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: “Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы, көңіл-күйлеріне байланысты” – деп білім беру саласын дамытудың қаншалықты маңызды екендігіне жұртшылықтың назарын аударды.  

 

Бұл орайда Н.Ә.Назарбаев мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеу, “Балапан” арнайы бағдарламасы, 12 жылдық оқыту моделі, кәсіптік және техникалық білім беру, жоғары білім берудің сапасы, интеллектуалды мектептер, жаңа халықаралық университет сынды бірқатар соны іс-шараларды саралап алға қойды. 

 

Бүгінгі таңда ХХІ ғасырдың білім  беру саласы негізгі үш ерекшеліктен тұратынын байқауға болады. Олар: біріншіден, адамдар өмір бойы алған білімдерін жаңғыртып, дамытып отырады; екіншіден, оқушының жас, ой, мүмкіндік ерекшеліктеріне қарай білім беріледі; үшіншіден, бүкіл білім беру жұмысы халықаралық деңгейде басқалармен қатар, қат-қабат іске асырылады. Былайша айтқанда, білім бәсекеге сәйкес, қазіргі кезеңнің талабына сай жұмыс істеуге бағытталады. Бұл ерекшеліктер қазірдің өзінде бізге байқалып келеді. 

 

Мысалы, ақпараттық технология саласындағы жаңалық күн сайын емес, сағат сайын жаңару үстінде. Бұл салада бір сәт кеш қалу дегеніңіз ізбе-із өкшелеп келе жатқан бәсекелесіңе орын беріп, жолдан ығысып, шығып қалу деген сөз. Ал, сол жаңарған технологияны өз уақытында тілін тауып, жұмыстың мүддесінен шығудың өзі тыным таппай ізденуді, білмегеніңді күні-түні үйренуді талап етеді. Жоғарғы технология саласын айтпағанның өзінде, қарапайым өмірде осыдан оншақты жыл бұрын компьютерді игеру дәл бүгінгідей жалпыхалықтық сипатқа ие болуы мүмкін еместей көрінуші еді. Өзіміз куә болып отырғандай, жағдай жылдам өзгерді. Бүгін кез келген жұмысты компьютерсіз елестете алмайсыз. Бұған итермелеп отырған да заман талабы. Бұл нені білдіреді? Бұл – бұдан былай білім берудің өзінің жаңа технологиясын игеру керектігін аңғартады. Яғни, білім беруді де жаңа әлемдік стандарттар мен жаңа нормаларға, тың қалыпқа негіздеу керек. Бүгінгі дүниежүзілік білім бәсекесі бізден осыны талап етіп отыр. Білім бәсекесі демекші, алған білімің басқалардың білімімен бәсекеге түсе алмаса, онда уақыттың босқа шығын болғаны. Сондықтан алған білімнің бәсекелестікке қабілетті болуы білім алушының бейіміне тікелей байланысты. Оның маңыздылығы да осында жатыр. Өйткені, білімді игеру – айтуға оңай болғанмен, жай шаруа емес, аса күрделі құбылыс. Білімді игеру үшін тынбай іздену, үйрену жеткіліксіз, сонымен бірге білім алушының бейім-қабілетін білу керек, сонда ғана белгілі бір нәтиже шығатынына сенуге болады. Әйтпесе, төгілген тер де, кеткен шығын да, бәрі бекер. Бейім демекші, оның тасасында табандылық пен құштарлық, батылдық пен өз құнын білетін алғырлықтың жасырынып тұратыны белгілі. Ойымыз жұртшылыққа түсінікті болу үшін, оны үлкен кеңістікке алып шығып дамытуымыз қажет. 

 

Халықаралық деңгейдегі білімнің басты  бір ерекшелігі – күшті нарықтық бәсекеге қажет кадр даярлау ісі  болса керек. Ал, бәсекеге қабілетті  болудың алғышарты оның ішкі механизмін қалыптастыратын жүйе құру деген  сөз. Бұл тақырыптағы мәселенің  мән-жайы осыған байланысты күрделене  түседі. 

 

Бүгінгі кезеңде отандық білім  берудің ұлттық моделін құруға байланысты қыруар шаруалар атқарылу үстінде. Ал, бұл мәселе төңірегінде іргелі ғылыми-зерттеу  жұмыстарының жүргізіліп жатқанына оншақты жыл болды. Қазір осыған орай республикамызда заңнамалық және нормативтік-құқықтық база қайтадан құрылу жолында. Нақтылай түссек, Елбасының тапсырмасына орай халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген қазақстандық білім беру жүйесіндегі реформалар жүзеге аса бастады. 

 

Айталық, білім беру мазмұны мен  құрылымын жаңартудан басқа, жоғары білімді мамандарды дайындаудың үш сатылы моделін – бакалавриат – магистратура – докторантура PhD – қабылдау мен білім беру жүйесін жаңаша басқару үрдісі қалыптасты. Алайда, бұл жерде айта кететін бір мәселе, білім берудің ұлттық моделі мен ұлттық жүйесі ұғымдарының ара салмағы мен айырмашылығын, ұқсастығын салыстыра зерттеген ғалымдар “ұлттық жүйе” ұғымының аясы “ұлттық модель” ұғымына қарағанда әлдеқайда кең әрі күрделі екендігін айтады. Әдетте, ұлттық модель ұғымында негізінен білім берудің формасы мен құрылымы, сондай-ақ оның мазмұнының бірлігі төңірегінде әңгіме қозғалады. Ал, білім берудің ұлттық жүйесі дегенде, жоғарыда сөз болған ұғымдармен шектеліп қалмай, оларға қоса білім саласының барлық деңгейдегі буындарының инфрақұрылымдары, атап айтқанда, құқықтық-нормативтік және материалдық базалары, оқу-жаттығу алаңдары, кадр мәселесі, оқу-әдістемелік құралдары, тағы басқа толып жатқан проблемалары кеңінен қамтылады. Міне, осыдан-ақ білім берудің ұлттық жүйесінің инфрақұрылымдарын тез арада шешу туралы Елбасының берген тапсырмаларының қаншалықты зор ауқымы мен қатаң жауапкершілігін сезінуге болады деп ойлаймын. 

 

Осы тұста “12 жылдық мектеп” моделін енгізу мәселесіне байланысты бірер сөз айтқан жөн секілді. Өкінішке орай, біз осы кезге дейін 12 жылдық білім беруге өтудің түпкілікті мәнін, әлеуметтік мағынасын, Қазақстан қоғамы үшін тарихи тағдырлық сипатын жалпыұлттық деңгейде түсініп біткен жоқпыз. Сол себептен бұл орайдағы қоғамдық санада оған деген көзқарастың екі жарылғандығын былай қойғанда, салғырттықтың, жайбарақаттылықтың орын алғанын да ашық мойындауымыз қажет. Ең алдымен, бұл жұмыстың толыққанды атқарылуы үшін оның заңнамалық-нормативтік негізін жаңарту, оны жеткілікті түрде қаржыландыру, бұл мектептің жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін материалдық-техникалық база қалыптастыру, 12 жылдық мектептің сұранысына сай келетін қажетті оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер жазып дайындау жайы алға жылжымай тұрғаны анық. Осы жәйт Елбасының биылғы жылдағы халыққа Жолдауында тағы да сөз етілді. Жолдауға сәйкес 12 жылдық мектеп 2020 жылы толыққанды жұмыс істей бастауға тиіс. Ал, Қазақстан Республикасы дамуының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарында нақты көрсетілгендей, 12 жылдық білім беруге көшудің мерзімі 2015 жылдан басталуы белгіленіп отыр. Осы мерзім ішінде отандық білім берудің жаңа жүйесіне көшуге байланысты барлық әзірлік жұмыстары өз мәресіне жетуі тиіс. Басқаны қайдам, өз басым Президенттің “12 жылдық мектеп” моделін енгізуге байланысты бастамасы жұртшылық тарапынан қолдау тауып, межеленген уақытында іске асырылатынына сенімдімін.  

Информация о работе Елбасы және ел білімі