Ендi, дiн социологиясының
зерттеу әдiстерi туралы айталық.
Эмпирикалық, яғни тәжiрибеге
сүйенген iлiм ретiнде дiн социологиясы
нақтылы зерттеулер мен тәжiрибелердi
жүзеге асырады. Жоғарыда аталған
ғылым салалары тарапынан дайындалған
ғылыми материалдар негiзiнде
дiннiң әлеуметтiк сыр-сипаттары
жөнiнде тұжырымдар жасалады. Дiннiң
қоғам өмiрiндегi маңызды орны
уә ықпалын анықтаудағы ең
тиiмдi әдiс адамдармен сұхбаттар
жүргiзу (тiкелей кездесу әдiсi) және
дiни топтар мен секталардың,
маргиналды дiни ағымдардың (суфи
тариқаттары сияқты – М.Б.) ритуалдерi
мен жыйналыстарына қатысу және
тәжiрибе жыйнақтау (эмпирикалық
әдiс). Бұған қоса дiни мәтiндер
мен баспасөзде келтiрiлген дiни
ақпараттарды сұрыптау, талдау, герменевтикалық
сараптау пайдалы әдiстерге жатады.
Жыйналған материалдар сапалы
һәм саналы сарапқа салынбайынша
ғылыми нәтижелер шығаруға болмайды
дейдi белгiлi зерттеушiлер Эмиль
Дуркгейм, Макс Вебер және Б.
Малиновски (1884-1924).
Дiн социологиясы жөнiндегi
материалдарды сонау антикалық
дәуiр авторларының еңбектерiнен
ұшырастыруға болғанымен, қазiргi ғалымдар
бұл саланың ХIХ-ғасырдың бас
шенiнде қалыптасқанын атап айтады.
Дiн социологиясының негiзiн салушылар
Клауд Анри де Сен-Симон (Claud
Henri de Saint-Simon, 1760-1825), Август Комте
(Auguste Comte, 1798-1857) және Карл Маркс
(Karl Marx, 1818-1883) саналады.
Дiни iс-әрекеттер екi формада
жүзеге асырылуы мүмкiн: бiрiншiден,
кейбiр адамдардың яки тұтастай
қоғамның белгiлi уақыттарда белгiлi
iс-әрекеттердi жүзеге асыруы. Мұндай
жағдайда дiни өмiрдi ұйымдастырушы
дiни ұйымның болуы шарт емес.
Екiншiден, дiни iс-әрекеттердi белгiлi
ұйымдардың ұйымдастыруы (діни институт
– М.Б.) және олардың мән-мағынасын
белгiлеуi. Осы тұрғыдан алғанда
дiн социологиясы дiни ұйымдар
мен қоғамның әлеуметтiк тұрғыдан
талдауын мына мәселелер бойынша
жүзеге асырады:
1-дiни ұйымды сипаттау
2-дiни ұйымдардың тармақталуы
3-дiни ұйымдардың типологиясы
4-дiни ұйымдардың дамуы
5-дiни жамағатты сипаттау
6-дiни жамағаттың құрылымдық
жүйесi
7-дiни жамағат мүшелерiнiң
дiни ұстанымдары мен әрекеттерi
8-дiни жамағат пен қоғамның
ара қатынасы
9-дiни сипаттары бойынша
қоғамның әлеуметтiк таптарға
жiктелуi
10-әлеуметтiк жiктер жүйесінiң
дiнмен ара қатынасы
11-әлеуметтiк таптардың
спецификалық дiндарлығы
12-дiни көпшiлдiк және
әлеуметтiк таптарға жiктелу
13-дiн және әлеуметтiк
динамикалардың ара қатынасы.
Бұларға қоса, әсiресе
Макс Вебер «Протестант этикасы
және капитализмнiң рухы» атты
еңбегiнде дiннiң экономикалық
өмiрдегi рөлiн – экономикалық iс-әрекеттердегi
дiннiң рөлi, дiн және экономикалық
әдiс тақырыптары бойынша зерттеп,
Қытай, Жапон, Үндi және Еуропа
экономикаларындағы бұл елдердiң
дiни нанымдарының әсерiн талдаған
(Вебер М. Избранное образ общества.
– Москва: Юрист, 1994. 600-623 бб.).
Адамдардың саяси өмiрiндегi
дiни әрекеттер мен ұстанымдарды
зерттеу дiн социологиясының мiндеттерiне
жатады. Зерттеулер азаматтардың
дауыс беруiнде дiни факторлардың
айтарлықтай рөл атқарғандығын
дәлелдеген. АҚШ президентiнiң Библияға
қолын қойып ант беруi, АҚШ,
Австралия және Жаңа Зеландиядағы
орташа һәм төменгi ауқаттағы
католиктердiң көбiнесе солшыл
партияларға, ал жоғары ауқатты
буржувазияны құрайтын протестанттардың
көбiнесе оңшыл партияларға дауыс
беретiнi дiн мен саясаттың әлеуметтiк
қатынастарына мысал. Германиядағы
католиктердiң басым көпшiлiгi CDU (Christlische
Demokratische Union – Христиан демократиялық
одақ) партиясына, ал протестанттардың
басым көпшiлiгi солшыл бағыттағы
SPD (Германия социал-демократиялық
партиясы) партиясына дауыс беретiнi
анықталған. Түркиядағы жағдайға
келер болсақ, ұлттық-дiни ұстанымдарды
күштi сақтаған кедейлер мен төменгi
тұрмыстағы азаматтар дiни және
ұлттық бағыттағы партияларға,
ал әл-ауқаты жоғары және орташа
ауқаттағы азаматтар болса оңшыл
яки солшыл партияларға дауыс
беруде. Түркияда солшыл партияларға
дауыс беретiндер көбiнесе зайырлы
қоғамды жақтаушылар мен сүнни
топқа жатпайтын азаматтар һәм
кірмелер.
Дiн социологиясының
ендiгi зерттеу саласы – жанұя
қатынастарындағы дiннiң рөлi. Бұл
сала жанұяның дiни-әлеуметтiк
тұтастығын, жанұя өмiріндегi дiн факторының
рөлi мен дiни ритуалдердi (үйлену, ажырасу,
жанұя құрылымы, өлiм, балалардың жыныстарына
қарай тәрбиелену ерекшелiктерi, жанұядағы
қарт мүшелердiң орны, экзогамия-эндогамия,
полигамия-моногамия, туыстық қатынастардағы
дiннiң әсерi т.т.) жан-жақты зерттейдi. Дiн
социологиясы, сонымен қатар, дiн және
әлеуметтiк қақтығыстардың ара қатынасын
анықтаумен де шұғылданады. Алуан этникалық
топтар мен діндерден құралған Қазақстандық
зерттеушiлер үшiн бұл сала тың һәм маңызды...
Бiзде дiн социологиясы,
оның iшiнде ислам социологиясы
саласындағы зерттеулер ендi-ендi
бастап келе жатқанын айта
кеткен жөн. Мұның себебi ретiнде
дінге қарсы негізделген бұрынғы
томаға-тұйық қоғамның әсiре позитивист
һәм «профан» ұстанымдары мен
Батыстың отарлау жүйесінiң осы
саладағы өзiнiң үстемдiгiн дәлелдеуге
бейiмделген бiржақты шолақ харекетiнiң
салқын ызғарын айтуға болады.
Бiзде жалпы дiн мәселесi көп
жылдар бойы еленбей келе жатқан
күрделi де маңызды ғылым саласы.
Дiн дегенде тек дiннiң ғибадат
жағын яки естен танып зікір
салуды ғана ойлайтындар бар.
Ал, жоғарыда есiмдерi аталған Батыс
зерттеушiлерiнiң еңбектерiнде ислам
дiнi туралы материалдар тым
аз һәм көбiнесе бұрмаланған
түрде келтiрiлген. Батыс зерттеушiлерi
көбiнесе Үндiстан, Қытай, Африка,
Солтүстiк уә Оңтүстiк Америка
мен Тынық Мұхит аралдарындағы
отарланған тайпаларды зерттеумен
һәм олардың қаншалықты «тұрпайы»
екендiктерiн анықтаумен келген.
Ең мәшһүр ғалымдардың өзiнiң
еуропа-центризмге яки этноцентризмге
негiзделген бақылаулардан аса
алмағанын көресiң...
Батыс елдерiнде дiн
социологиясы туралы туындылардың
ХIХ-ғасырдан бастап жазылғанын
жоғарыда айтқанбыз. Алайда, мұсылман
елдерiнде бұл сала бойынша
алғашқы материалдардың пайғамбарымыз
Әз Мұхаммедтен (с.а.у.) кейiнгi ғасырларда-ақ,
пайда болғанын айтуға болады.
Құран Кәрімдегi исламға дейiнгi қауымдар
мен Пайғамбарымыздың кезiндегi араб,
йаһұди (еврей) және христиан қоғамдарының
дiни-әлеуметтiк өмiрiн суреттейтiн
аяттарды айтпағанның өзiнде,
хадис және тарих кiтаптарында
арабтардың мұсылмандықтан бұрынғы
наным-сенiмдерi, әлеуметтiк құрылымдары,
дiни ритуалдерi және исламмен
пайда болған өзгерiстер туралы
аса құнды материалдар кезiгедi.
Еуропа халықтары қараңғылықты
бастан кешкен VII-XII ғасырлар аралығында
мұсылман авторлар жазған мыңдаған
кiтаптардан дiн социологиясына
негiз боларлық мәлiметтер уә
ғылыми тұжырымдарды табуға болады.
Дегенмен, мұсылман ғалымдардың
пiкiрiнше ислам елдерiндегi дiн
социологиясы туралы арнайы ғылыми
зерттеулер Мұхаммед Әбу Райхан әл-Бирұни
(973-1048) еңбектерiмен басталған. Араб, парсы,
түркi, үндi, санскрит, грек, ибрани (иврит),
арами, сұрия тiлдерiн әбден меңгерген
әл-Бирұни көптеген жылдар бойы Үндiстан
жерiн аралап, ондағы халықтардың дiни
нанымдарын зерттеген. Әл-Бирұни «Китаб-ұт
тахқиқ мә ли-л-Һинд» (Үндiстандағы зерттеулер
туралы кiтап) және «Китабұ Батенжел әл-Һинди»
(Үндiстанның Патанжали кiтабы) атты еңбектерiнде
үндi халықтарының дiни ұстанымдары мен
қоғамдық өмiрi туралы құнды мәлiметтердi
оларды кемсiтпей, төмендетпей келтiредi
(G. Tümer, Biruni’ye Göre Dinler ve İslam Dini. – Ankara: D.İ.B.
Yayınları, 1991. 173-184 беттер). Белгiлi ғалым, Әндүлүс
мұсылмандарының iрi жұлдызының бiрi Әбу
Мұхаммед Әли Хазмұлы (Ибн Хазм, 994-1064) «әл-Миләл
уә-н Ниһәл» атты еңбегiнде көптәңірлі
(политеистiк) және біртәңірлі (монотеистiк)
дiндердi жан-жақты зерттеп, дiн социологиясы
тұрғысынан аса құнды мәлiметтердi сыныптайды.
Тарихшы, әлеуметтанушы һәм философ Ибн
Халдұн (1332-1406) барлық дүние жүзiнде алғашқы
әлеуметтанушылардың бiрi ретiнде қабылданған.
Соңғы ғасырда дiн
социологиясы саласында қомақты
еңбектер жазған ғалым ретiнде
философия ғылымдарының докторы,
профессор Хилми Зия Үлкендi (Hilmi
Ziya Ülken, 1901-1974) айтуға болады. Ол Түркиядағы
дiн социологиясының негiзiн қалаушылардың
бiрi. Оның ондаған рет басылған
және сала мамандарының басты
құралына айналған еңбектерiнен
социологияға қатыстылары мыналар:
«İctimai Doktrinler Tarihi» (Әлеуметтiк доктриналар
тарихы), «Sosyoloji» (Әлеуметтану), «Sosyolojiye
Giriş» (Әлеуметтануға кiрiспе), «Dini Ictimayat»
(Дiн социологиясы). Түркияда дiн
социологиясы саласында келелi
еңбектер жазған ғалымдар Сабри
Үлгенер (Sabri Ülgener, 1911-1983), Ерол Гүнгөр
(Erol Güngör, 1938-1983), Амиран Билгисевен (Amiran
Bilgiseven, ислам социологиясы туралы
құнды еңбектер жазған) және Шериф
Мардин (Şerif Mardin, 1927- ). Ислами әлеуметтiк
антропология саласында Кэмбридж
университетiнде iстейтiн пәкiстандық
ғалым, профессор Әкбар Ахмед
(Akbar S. Ahmed, 1947- ) ағылшын тiлiнде маңызды
еңбектер жазған зерделi зерттеушi.
Елiмiздегi дiн социологиясы
саласындағы зерттеулерде батыстағы
ғылыми ағымдардың шылауына түспей,
мәселеге шынайы ғылыми тұрғыдан
қарағанымыз абзал. Батыс ғалымдарындағы
басым пiкірият материалистiк-позитивизм
уә ұлттық-нәсілдік және діни
үстемдікке негізделген алғыойлылық
(предубеждение – М.Б.) дiн социологиясына
да салқынын тигiзуде. Ұзақ ғасырлар
бойы дiн мен ғылымның арасындағы
қақтығыстарға сахна болған Еуропада
дiн көп жағдайларда ескiшiлдiктiң,
артта қалушылықтың белгiсi ретiнде
қабылданады. Марксизм сияқты әсіре реалист-материалист
жүйелер дiнге өндiрiстiк барыстың вертикалды
нәтижесi һәм таптық қоғамға тән мәселе
деп қарайды. Шынтуайттап айтқанда, материалист
Батыс ғалымдарының пiкiрiнше дiн материалдық
өмiр мен қоғамдағы құбылыстардың бiрi.
Сондықтан, дiн тек онтологиялық ақиқат
ретiнде қарастырылады да онтикалық (жеке
және ақырғы шындық болмыс – М.Б.) ақиқат
ретiнде қарастырылмайды. Осындай ұстанымдарды
Дуркгейм мен Вебердiң еңбектерiнен кездестiру
бiздi таңырқатпауы керек. Мәселен, Дуркгеймнiң
эволюционист үрдiсi бойынша барлық дiндер
әлеуметтiк құрылымдардан туындаған функциялар
болып табылады да тотемизмнен (пұтқақұлдық)
бастап, монотеизмге (біртәңірлілік) қарай
дамиды. Ал, Вебердiң еңбектерi протестант
сенiмі маңайында өрбiгендiктен, оның материалдарын
басқа дiндерге пайдалануға болмайды.
Дiн социологиясын
зерттеуде Батыс елдерiнде қолданылып
келе жатқан әдiстердiң бiрi
– «социография» әдiсi. Бұл әлеуметтiк
қарым-қатынас феномендерiн сипаттауға
бағытталған әдiс. Осы әдiс бойынша
әлеуметтiк өмiрдiң белгiлi бiр
мәселесi хақында деректер жыйналады,
тәжiрибелер жасалады, санақтар жүргiзiледi
және жыйналған мәлiметтер салыстырмалы
түрде талданады. Социографиялық
талдаулар практикалық тұрғыдан
пайдалы болғанымен, терең ғылыми
нәтижелерге апармауы мүмкiн.
Сонсоң, мұндай қолдан жасалған
материалдарды Батыстың тек өз
мүддесі үшін пайдаланатынын
ұмытпаңыз.
Ислам дiнi өзге дiндермен
көптеген ұқсас жақтары болғанымен
нақтылы монотеизм, яғни «тәухид»
қағидасына негiзделген, көптәңірлі
(политеистiк) қоғамда пайда болғанына
қарамастан, Мекке қоғамының мәдени
үрдiстерiне қарсы бағытта қалыптасқан
дiн. Ислам дiнi Меккедегi тәңiрлер
(пұттар) пантеонын жойып, оның
орнына бас тәңiр емес, бiрегей
және бiрлiк ұғымды бiлдiретiн
Аллаһ Тағалаға иман етудi, Одан
басқа ешкімге, ешнәрсеге құл
болмауды, табынбауды бұйырады. Сондықтан,
ислам нанымы адамдарға толықтай
материалдық һәм рухани азаттық
бередi. Бұның әлеуметтiк өмiрдегi
көрiнiстерi пұттарға табынатын яки
белгiлi бiр дiни тапқа құлшылық
жасататын басқа дiни-әлеуметтiк
жүйелерден (христиандық, суфизм
т.т.) айырмашылықтары орасан зор.
Демек, ислам социологиясы мен
мұсылман қоғамдарды зерттеген
кезде Батыстың ұстанымдары мен
әдiстерінен гөрi зерттеу субъектiсiне
тән әдiстердi қолдану тиiмдi болады.
Ислам социологиясы туралы зерттеулерде
осы дiннiң универсалдылық, күллі
ғаламдық сипатын ескерген жөн...
Қазақстан Республикасы
жас мемлекет. Тәуелсiздiгiмiздiң 10
жылдығын тойлап, төбемiз көкке
жеткендей болдық. Алайда, елiмiздегi
экономикалық-құқықтық реформалармен
барабар күрделi әлеуметтiк өзгерiстер
де жүзеге асуда. Заманауи мәдени
ықпалдастық, жиһандастыру (глобализация)
және ұлттық идентификация, дәстүрлi
құндылықтардың өзгеруi, гео-саяси
және гео-экономикалық проблемалар...
Мiне, осы мәселелердiң бүгiнгi және
ертеңгi нәтижелерiн анықтауда дiн
социологиясының, оның iшiнде елiмiз
халқының басым көпшiлiгiн құрайтын
мұсылмандардың дiни социологиясын
зерттеудiң маңыздылығы айқын.
Бiрақ, аталмыш iлiм саласының
бүгiнгi жағдайы көңiл көншiтерлiк
деңгейден тым алыста. Жалпылап
алғанда дiн социологиясын, жалқы
ислам социологиясын зерттеуде
жоғарыда аталған проблемаларға
қоса мынандай қыйыншылықтарды
айтуға болады:
1-Дiн социологиясы саласында
жазылған әдебиеттер я тым
аз, я тiптен жоқ. Батыс авторлары
мен мұсылман зерттеушiлердiң
маңызды еңбектерiнiң бiрде бiрi
қазақшаға аударылмаған. Бұл проблема
тәуелсiз ел ретiнде бiздiң ғылыми
дамуымызға аса жойқын соққы
беруде.
2-Жалпы дiн саласындағы
зерттеулерге, оның iшiнде, әсiресе
ислами зерттеулерге зайырлылық
қағидасы алға тартылып, мән берiлмеуде.
Христиан мемлекетi болғанына қарамастан,
Германиядағы жыйырма шақты «Islamwissenschaften»,
яғни «ислам ғылымдары» бөлiмдерiнде
мыңдаған студенттердiң бiлiм алып
жатқанын айтсақ жеткiлiктi. Батыс
елдерi және Америкада көптеген
институттар уә арнайы зерттеу
орындары йаһұдилiк, христиандық,
ислам және өзге де дiндердi
әлеуметтану, мәдениеттану, саясаттану,
экономика, құқық, философия т.т.
тұрғысынан зерттеуде. Жаппай
жұмыс iстеп жатқан бұл ұйымдар
аталмыш елдердiң әлеуметтiк, саяси
және экономикалық өмiрiне айтарлықтай
маңызды үлес қосуда. Олардың
бізде жүрген зерттеуші барлаушылары
да арнайы материалдар жіберіп,
өз миссияларын орындауда.
3-Дiн социологиясын тiкелей
теологияның жұмысы деп бағалаушылық.
Бұл да терiс пiкiр. Жоғарыда
айтқанымыздай, дiн социологиясы
мен теологияның ортақ мәселелерi
бек көп. Бiрақ, христиан теологиясының
қағидаларын басқа дiндерге, мәселен
исламға телуге болмайтынын ескерген
жөн. Батыс ғалымдарының өздерi
өскен христиан ортаның әсерiмен
дайындаған қалыптарын басқа
дiндерге қолдануға болмайды. Мәселен,
Америкадағы протестант тариқаттары
бастаған фундаментализмдi мұсылмандарға
тән феномен етiп көрсетуге
тырысушылық бар.