Абайдың аудармашылық алыптығы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 16 Февраля 2012 в 15:42, реферат

Описание

Әуелде бұл мақаланы 10 тамызда, ұлы Абайдың туған күніне орайластырыла жариялау ойластырылған еді. Сол тұста қызып жатқан сайлау сайысы кезінде заңды құрмет тұтатын, салиқалы басылым ретінде біз үміткерлер туралы мақалаларды былай қойғанда, үміткерлердің өздерінің мақалаларынан да тартына тұрған жөн деп шештік. Жақында ол мәселенің басы ашылды. “Нұр Отанның” жарқын жеңісінен кейін депутаттар тізімін түзетін тұста Елбасымыз қазіргі қызметін жалғастырғаны керегірек деп тапқан азаматтардың арасында болғанымызға разылығымызды білдіреміз.

Работа состоит из  1 файл

Абайдың аудармашылық алыптығы.docx

— 32.99 Кб (Скачать документ)

Абайдың аудармашылық алыптығы  

Әуелде бұл мақаланы 10 тамызда, ұлы Абайдың туған күніне орайластырыла жариялау ойластырылған  еді. Сол тұста қызып жатқан  сайлау сайысы кезінде заңды құрмет тұтатын, салиқалы басылым ретінде біз үміткерлер туралы мақалаларды былай қойғанда, үміткерлердің өздерінің мақалаларынан да тартына тұрған жөн деп шештік.  Жақында ол мәселенің басы ашылды. “Нұр Отанның” жарқын жеңісінен кейін депутаттар тізімін түзетін тұста  Елбасымыз қазіргі қызметін жалғастырғаны керегірек деп тапқан азаматтардың арасында болғанымызға разылығымызды білдіреміз.  

Сонымен, Абайдың аудармашылық алыптығы, атап айтқанда, М.Ю.Лермонтов  туындыларын тәржімелеу тағылымы туралы жазылған мақаланы оқырман назарына енді  ұсынып отырмыз. Негізінде, қазақ баласы Абай атамыз жайында қай күні, қанша айтып жатса да артықтығы жоқ деп білеміз.     

Лермонтов “Из Гете”  деп атаған әйгілі өлеңнің табиғаты туралы талас көп. Герольд Бельгер  мен Медеубай Құрманов өздерінің  кітап, мақала, эсселерінде өлеңнің  үш нұсқасын (Гете – Лермонтов –  Абай) қатар келтіріп, Лермонтовтың да, Абайдың да сұңғыла суреткерлігін  жеріне жеткізе дәлелдейді.

Гетеден жолма-жол  аударма жасағанда өлең былай болып шығады екен:

Шыңдар басында  тыныштық орнаған,

Ағаштардың басында

Болар болмас

Леп байқалады;

Ормандағы құстардың үні өшкен,

Тек сабыр ет, сәлден кейін

Сен де тыныш табарсың.

“Талантты ақын өлі  табиғаттың шың (Гипфел), өсімдіктер дүниесінен ағаш бастарын (Випфел) және жануарлар  дүниесінен құстар (Бөгелаин) сияқты қарапайым ғана сөздер мен түн құшағына еніп, балбырап ұйқыға кеткен бүкіл табиғат суретін көз алдыңызға әкеледі. Ең соңында барып осындай түн тыныштығын бұзып, жолаушылап келе жатқан адамды көреміз. Күндізгі аптап ыстықтан шаршаған, енді салқындап, дем алған табиғат тыныштығы бойын билеген ол (жолаушы) кенеттен өзінің де күндізгі ұзақ жүрістен қалжырағанын сезеді. Оның да дем алып тыншыққысы келеді. Өлеңнің құрылысы, әуезі де осы сезімге бағындырылған: буын саны (5, 2 ,5, 3, 4, 9, 5, 4) да, ұйқасуы (абабсддс) да, ырғағы да еркін, әр алуан. Басында ырғақ бір қалыпты болып келеді де, сонан соң аздап баяулайды. Ал құстар туралы сөз болғанда өршіп барып, тыныштыққа келгенде қайта бәсеңдейді”, деп жазған еді Медеубай Құрманов.

Енді М.Ю.Лермонтов  нұсқасын еске түсірелік:

Горные вершины

Спят во тьме ночной,

Тихие долины

Полны свежей мглой.  

Не пылит дорога,

Не дрожат листы,

Подожди немного,

Отдохнешь и ты.

Лермонтов аудармасы  туралы аз айтылмаған. Бұл өлең жазылғалы  бері-ақ орыс әдебиетінің ұлы шығармасы. Абай жыры да сондай.

Қараңғы түнде тау  қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт дел-сал  ғып

Түн басады салбырап.   

Шаң шығармас жол-дағы,

Сілкіне алмас жапырақ.

Тыншығарсың сен-дағы

Сабыр қылсаң азырақ.

“Қараңғы түнде  тау қалғып” – аудармадағы көркемдіктің, бейнеліліктің, әуезділіктің, дәлдіктің эталоны. Лермонтовтағы “тау шыңдарын” “тауға” түсіріп, асқақтаған шыңы жоқ Шыңғыс тауына келтіріп, “аңғарды” жазық “далаға” түсіріп, Қарауылдың айналасына айналдырып жіберген данышпандығының арқасында Гете картинасы қазақ жеріне көшкен де қойған. Абай нұсқасын Лермонтов туындатқан жырға жолма-жол қойып көрсеңіз де сурет тұрмақ, сөз сәйкестігіне қайран қаласыз. Сол мүлгіп тұрған тыныштықтың өзінде Абайда қимыл көбірек. Гетеде етістік үшеу екен, Лермонтовта да солай. Абайдағы етістік, толымдысы бар, толымсызы бар – сегіз: қалғып, балбырап, ұйқыға кетер, дел-сал ғып, түн басады, салбырап, шаң шығармас, сыбдырламас. Бар сөздің саны 25 болғанда, оның 8-і етістік болғанда бұл өлең бастан-аяқ қимыл-қозғалысқа толып кетпей ме? Кетпейді. Абайдың құдіретті қаламымен қаланған бұл етістіктер қайта табиғатты мүлгітіп, маужыратып, оның құшағындағы адамды балбыратып, албыратып барады. Ал Абайдың соңғы екі жолындағы “тыншығарсың”, “сабыр қылсаң” деген екі сөзге таң-тамаша болмау мүмкін емес. Гетеде де, Лермонтовта да сөз түйіні демалуда, тынығуда, дамылдауда. Абай Гетеде де, Лермонтовта да жоқ “тыншығуды” шығарғанда, демалудың, тынығудың, дамылдаудың, тыныштық табудың орнын осы сөзбен алмастырғанда табиғат тылсымы адамды нирвана күйіне келтіретіндей құдіретке ие екендігін, ол үшін “азырақ сабыр қылу” керектігін айтатындай. Бауыржан Момышұлының былай дегені бар: “Тіл білу, оған түсіне білу деген нәрсе оңай емес. Мен орыс тілін жақсы білемін дедім ғой. Оным рас. Академияларда орыс тілінде лекция оқыған кісімін. Бірақ та ойлап қарасам, рас, Абай орыс тілін менен жақсы біледі екен. Жақсы білгені былай тұрсын, орыстардың ғалымдарына, ардагер адамдарына ұстаз да бола алған екен. Оған дәлелдер көп. Мысалы, Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты аударғанда Абай олардың ойына ой қосқан. Бұл ұстаздық емей немене?” (“Түркістан”, 2004, 12 тамыз). Соның бір дәлелі осы “тыншығу”. Орысшаға қайта қайырса “находить покой (успокоение)” ұғымына жақындайтын бұл сөздің мағынасы кеңірек, тереңірек. Ойына ой қосқан деген сол болады.

Абайдың аудармашылығы  туралы орыс тілінде жазылып жүрген мақалаларда қазақша нұсқаның жолма-жол аудармасы беріледі де, соңғы екі жол: “Возможно, отдохнешь и ты, Если немного потерпишь” деп келтіріледі. Мұндай жолмен біз Абай ұлылығын дәлелдей алмаймыз. “Тыншығудың” “отдых” еместігін, “сабыр қылуды” “потерпишь” дей салуға болмайтынын жоғарыда аңғартқандаймыз.

Қағидаға қатып қалған қатал редактордың қолына түссе Лермонтовтың Гетеден жасаған атақты аудармасы баспа бетін көрмес пе еді, кім біледі. Қалай көреді, Гетенің уәзіні де, ырғағы да сақталмаса, түпнұсқадағы бейнелердің тең жарымы түсіп қалса, қалған бейненің бәрін аудармашы ойдан шығарса… “Лермонтов, түпнұсқадан “шыңдар” және “сен де демаларсың” деген екі тұсты ғана алып, Гетенің сезімін ғана жеткізді. Бірақ сезімнің адалдығы, шынайылығы сондай, орыс өлеңінің неміс өлеңіне қаны да, жаны да бір туыс болып шығуы үшін осының өзі де жетіп жатты”, дейді атақты аудармашы В.Левик.

Негізінде, аудармашы  өзіне жақын, рухтас, сарындас қаламгерлердің туындыларына қол артады деген сөз  қазіргі кәсіби әдебиетшіліктен  гөрі өткен ғасырларға, соның ішінде Абай заманына көбірек келеді. Абай Лермонтов шығармаларын өзінің көкірегін кернеген күрсіннің күңіренісіндей көрген болса керек. “Лермонтовтай ақындардың өлеңдерін қазақшаға аударса, сол сөздерді құр ғана сыртқы келісімін сүйгендіктен аудармайды. Барлығында өз жүрегіне түсінікті, өз халқына жанасатын, өзінің әлеуметтік мұң-арманына тап келетін және қиялына үйлесетін, ерекше бір жақындығы болғандықтан аударады. Аудармалар ақынның өз жүрегінен толқып шыққан қайғылы шердің айнасы, толас-тынысы сияқты болады” (М.Әуезов).  

“Абай поэзиясындағы  тебіренісі басым әуендер – өз ортасынан, топас қауымнан түңілу, замандастарының, әсіресе, тұсындағы жас толқынның  надандығын, білімсіздігін көріп  торығу, жалғыздық жапа шегу әуендері еді. Абай жырларындағы бұл наразылық  сарындардың Лермонтов әуендеріне үндес келіп тұрғандығы шексіз”, деп Қалижан Бекхожин дөп айтқан.  

Қол жазуды ермек ет, жатпа бекер,

Бұл көңілсіз дүниеден көп жыл өтер.

Өзі қысқа, өзі асау тентек өмір,

Арттағыға бір белгі  қойса нетер?  

Кім біледі, кез болса, арттағылар,

Ойға салып оқыр да, сөзін сынар.

Көзін салып, ойланып  кейбір сөзін,

“Рас-ау”, – деп, мағынасын ол-дағы ұғар.  

Кім білер, жабырқаңқы жазған сөзім,

Жібермей кеп, тоқтатар оның көзін,

Жолаушы жол үстінде  тамаша еткен

Сықылды өлген жанның бір күмбезін.

Әрине, бұл – Абайдың  өз сөзі. Мейлі, мәтін Лермонтовтан болса да Абай өлеңі. Өйткені, Лермонтов  онда Абайша сөйлеп тұр. Сонымен бірге, “Жолға шықтым бір жым-жырт түнде  жалғыз, / Тасты жол жарқырайды буға амалсыз. Елсіз жер тұрғандай  боп хаққа мүлгіп, / Сөйлесіп, ымдасқандай  көкте жұлдыз” немесе “Асау той, тентек жиын, опыр-топыр, / Ішінде түсі суық бір жан отыр. Алысты тұманданған  ол ойлайды, / Өзге жұрт ойды нетсін, өңкей  соқыр” деген сияқты тұстарда Абай таза аудармашы.

Нет! – я не требую вниманья

На грустный бред души моей,

Не открывать свои желанья

Привыкнул я с давнишних  дней.  

Сал демеймін сөзіме ықласыңды,

Қайғылы өлең еттім  өз басымды.

Көкірегім, бар сырым  өз әлінше,

Көрінгенге көрсетпей, көп жасырды.

Ақынның Лермонтовтан аударма деп табылып жүрген өлеңдері де, өз туындылары деп табылып жүрген өлеңдері де әлі көп зерттеуді қажет етеді. Әсіресе, бізде еліктеу мәселесінің басы ашыла қойған жоқ. Еліктеу – тәржіме мен төл шығармашылықтың бел ортасындағы қызғылықты құбылыс.

И скучно и грустно! – и некому руку подать

В минуту душевной невзгоды...

Желанья!.. что пользы напрасно и вечно желать?

А годы проходят – все лучшие годы!

Любить – но кого же?.. – на время не стоит труда,

А вечно любить невозможно.

В себя ли заглянешь? – там прошлого нет и следа:

И радость, и муки, и все так ничтожно...

Что страсти? – ведь рано иль поздно их сладкий недуг

Исчезнет при слове  рассудка,

И жизнь, как посмотришь с холодным вниманьем вокруг, –

Такая пустая и глупая шутка...

Ал енді Абайдың  мына өлеңдерін оқиық.

Әм жабықтым, әм жалықтым,

Сүйеу болар қай  жігіт

Көңілден кеткен соң  тыным!

Әм сүйіндім, әм түңілдім,

Үнемі не еткен үміт?

Өткен соң бар жақсы  жылым!  

Ғашықтық іздеп  тантыма,

Аз күн әуре несі іс.

Өзіңнің қара артыңа,

Өткен өмір бейне түс.

Өлгенше болар бар  ма дос

Қуаныш, қайғы –  бәрі бос.

Бір қарағанда еркін  аудармаға келетін сияқты. “И скучно и грустно! – и некому руку подать”  – “Әм жабықтым, әм жалықтым, /Сүйеу болар қай жігіт”, “Желанья!.. что пользы напрасно и вечно желать? /А годы проходят – все лучшие годы!” – “Үнемі не еткен үміт? /Өткен соң бар жақсы жылым!” – бұл тұстары кәдімгі тәржімеге де тартып тұрғандай. Әйтсе де, бұл өлеңдер Абай кітаптарында аудармаға жатқызылмайды, Лермонтов жинақтарының “Абай аудармалары” бөлімінен де таппайсыз. Себебі, бұл өлеңдер шынында да Абайдың өз өлеңдері. Олардың жазылуына Лермонтов жыры қозғау салған. Абай сол сарынды іліп алып кетіп, өзінше толғаған, өзінің күйінішін айтқан. Сонымен бірге ұлы ақын шығармашылығындағы мұндай қатпар-қабаттарды аударманың әсер-ықпалымен атымен байланыстырмау да жөн болмайды.

Абай тәржімелерінде ақынның түпнұсқа мәтінін соншама терең түсінуі тәнті етеді.

Печально я гляжу  на наше поколенье!

Его грядущее – иль  пусто, иль темно,

Меж тем, под бременем познания и сомнения,

В бездействии состарится оно.  

Бұл – Лермонтов  “Ойы”. Абай былай алған:  

Қарасам қайғыртар  жұрт бұл заманғы,

Салқын, қуыс өмірі  я қараңғы,

Білім де жоқ, білімге  сенім де жоқ,

Өнерсіз қартаяр деп  біл балаңды.

Лермонтов “под бременем познания и сомнения” деп айтса, сол кездегі орыс қоғамындағы  кімге, неге, не үшін қызмет етерін білмей жүрген “басы артық адамдар” буынын айтып отыр. Абай тұсындағы қазақ  қауымында ондай мәселе жоқ. Негізгі  мәселе – білімсіздік, білмекке ұмтылыстың жоқтығы. Сонан да Абай “Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ” деп осы сарынды алға шығарады. Өлеңнің аяғында ашынған Абай өз жанынан да бір шумақ қосып қойған, онысы өз оқырманына айтар ойын жеткізуге көмектесіп-ақ тұр. Алайда, “Лермонтовтан аударған өлеңдерінде де Абай авторының ұғымында жоқ ерсі қазақы жәйттерді қыстырып жібереді. Мысалы, “Ой” деген өлеңнің рухын мазмұны жағынан ұзын-ырғасын, дұрыс беріп келеді де, ақырғы шумағын Абай:

Досың жоқ, дұшпаның жоқ тыныш жатасың,

Мал үшін аш қатасың, жан сатасың

Әкесі аштан өлген  кісідей-ақ,

Неткен жұрт мал  өлтірген жеті атасын

– деп өзінше қазақшалап кетеді. Лермонтов бұл жолдарда әкелерінің әуре-сарсаң істеріне алданып, мазақ болған әумесер ұлдарды мінеп отырса, жарықтық Абайдың көзіне тап осы тұста “мал үшін аштан қататын, сараң Оразбайлар” елестеп кеткен болу керек, әйтпесе, сыңар ешкісі де жоқ Лермонтов “мал шаруашылығымен” соншама шұғылданбаса керек”, деп мін тағады Қалижан Бекхожин. “Өзінше қазақшалап кетеді” дегеннің жаны бар, бірақ Лермонтовты Абай “мал шаруашылығымен” соншама шұғылдантып қояды деу артықтау. Академик Ғарифолла Есім ақынның: “Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, / Малың болса, сыйламай тұра алмас ел”, деген жолдарына қатыстырып мынаны айтады: “Байқап отырсыз, Абай “мал тап” дегенде нақпа-нақ жылқы, сиыр, т.б. айтып отырған жоқ, жалпылама байлықты, меншікті айтып отыр… Әрине, Абайға дейін мал бұл мәнде қолданылмаған десек, қате айтқан болар едік. Қазақтар бір-бірімен есен-саулық сұрасып, қауышқанда да “мал-жаныңыз аман ба?” десетін. Бұл жерде де қазақ малды адамның қазына-байлығы, иелігі ретінде қолданып отыр. Қорадағы түйе, сиыр, жылқының амандығын сұрау тым жабайы, қарапайым түсінік. Малыңыз аман ба деген әлдеқайда философиялық мәселе, айта қаларлықтай мәдениеттің үлгісі”.

Информация о работе Абайдың аудармашылық алыптығы