Абайдың аудармашылық алыптығы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 16 Февраля 2012 в 15:42, реферат

Описание

Әуелде бұл мақаланы 10 тамызда, ұлы Абайдың туған күніне орайластырыла жариялау ойластырылған еді. Сол тұста қызып жатқан сайлау сайысы кезінде заңды құрмет тұтатын, салиқалы басылым ретінде біз үміткерлер туралы мақалаларды былай қойғанда, үміткерлердің өздерінің мақалаларынан да тартына тұрған жөн деп шештік. Жақында ол мәселенің басы ашылды. “Нұр Отанның” жарқын жеңісінен кейін депутаттар тізімін түзетін тұста Елбасымыз қазіргі қызметін жалғастырғаны керегірек деп тапқан азаматтардың арасында болғанымызға разылығымызды білдіреміз.

Работа состоит из  1 файл

Абайдың аудармашылық алыптығы.docx

— 32.99 Кб (Скачать документ)

Ақынның ғажап дарыны Лермонтов шығармаларындағы сан  түрлі сарындарды сапырылыстырғандай етіп, өзіне керекті көркем бейнелерді інжудей іліп алатын қасиетінен де көрінеді. “Теректің сыйындағы” “Асау Терек долданып, буырқанып, / Тауды бұзып, жол салған, тасты жарып. / Арыстанның жалындай бұйра толқын, / Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып” деп келетін алғашқы шумаққа кезінде талай әдебиетші тамсанып, “Терек воет, дик и злобен, / Меж утесистых громад. / Буре плач его подобен, / Слезы брызгами летят” деген шумақтан осындай сурет шығарады Абай деп жазатын. Зәки Ахметов ол теңеудің де Лермонтовтың өзінен алынғанын, “Демон” поэмасындағы “И Терек, прыгая, как львица, / С косматой гривой на хребте, / Ревель – и зверь степной, и птица, / Кружась в лазурной высоте, / Глаголу вод его внимали” деген шумақтан өлеңге сіңірілген сурет екенін дәлелдеп берді, әрі Лермонтовтың жаңылыс басқан жеріне (арыстанның ұрғашысында жал болмайды) назар аудартты.

Тәкен Әлімқұлов Абай аудармашылығына байланысты мынандай “таңсық та күлкілі бір мысал” келтіреді: “Абай Лермонтовтың “Измаил-Бей” поэмасының кіріспесін жатық та дәл аударғаны ілгерірек айтылды. Сол аударма төл туындыға баланып, грузин тіліне көшіріледі, одан орыс тіліне ауысады. Сонымен, сайып келгенде, Лермонтовтың шумақтары орыс тілінде егіз-ұдай көрініс береді”. Бұл мысал да Абай қолына тигенде кез келген өлең-жырдың жігі білінбей, жаңа тілге жарасып, жымдасып жүре беретінінің бір дәлелі. Расында да, Мүрсейіт қолжазбасында “Лермонтовтан” деп жазылып берілмеген соң “Көңілдің күйі тағы да / Өмірсіз жанның алды ішін. / Аударды өлең жағына / Нәпсінің сынған қайғысын” деген сөзді орыс ақыны айтты деп кім ойлайды?.. Әйтпесе, бұл Лермонтов поэмасының кіріспесіндегі: “Опять явилось вдохновение / Душе безжизненной моей: / И превращает в песнопенье / Тоску, развалину страстей” деген жолдардың дәлме-дәл аудармасы.

Абай аударманы  Лермонтовтан бастаған, Лермонтовпен аяқтаған. Ақын шығармашылығындағы жаңа белестің сол сексенінші жылдарда (Лермонтовтан алғашқы аударманы 1882 жылы жасаған) бастау алатыны тіпті де тегін емес. “Абай мен Лермонтов арасындағы шығармашылық үндестік ақынның аударма мұрасынан ғана көрінбейді. Бұл табиғи туыстықтың тамыры тереңде жатыр. Тегінде, өзінің шығармашылық өнері шарықтап, әбден кемеліне келіп тұрған шағында Абай орыстың, Батыс пен Шығыстың әр замандағы белгілі ақындарына көп үңілген, олардан өз ойларына, өзінің жалпы дүниетанымына, белгілі бір сәттегі көңіл-күйіне көп-көп үндестік тапқан және, ең мәндісі, сол үндестік оның өз шығармашылығынан белгілі бір дәрежеде орын алған”, деп көрсеткен Жұмағали Ысмағұлов Абай өлеңдеріндегі Лермонтовтан ауысқан көркемдік кестелерді әдемі келтіреді. Абай өлеңдеріндегі: “Дүние ойдан шығады, / Өзімді өзім ұмытып” (“Забываю вечность, небо, землю, / Самого себя”), “Аңсаған шөлде су тапса, / Бас қоймай ма бастауға?” (“Как в пустыне путник безотрадный / Каплю вод живых!”), “Өмір тонын кигізіп, / Жоқты бар ғып жүргізер” (“И в одежду жизни одевают / Все, чего уж нет”) деген сияқты жолдардың ақындық өнеріне нұқсан келтіретін немесе атына мін болып тағылатын нәрсе еместігін мұндай ауыс-түйіс мысалдар мен мазмұн, түр ұқсастықтары дүниежүзілік әдебиет тарихында, оның ұлы өкілдерінің мәңгі өлмес мұраларында көп кездесетіндігімен, одан олардың ешқайсысы төмендеп қалып жатпағандығымен түсіндіреді.

Абайдың аудармашылығы  оған дейін қазақ әдебиетінде  қолданылмаған он беске таяу өлең өлшемін енгізгенінің өзі көп  жайды аңғарта алады. Ақын аудармаларының айшығы қазақ тілінде бұрын болмаған тіркестерді алып келіп, орнықтыруынан  да көрінеді. Ал фразеологизм орнықтыру  дегеніміз қиынның қиыны. Біз әдетте орыс тілінен аударма әсерін Абай тәржімелерінен ғана іздеп жатамыз. Рабиға Сыздық: “Абай өлеңдерінде кездесетін кептерше сүйінісу (“ворковать как голубки”), салқын тарту (“постывать”), тактісіне билеу (“отбивать такт”), бір сағаттан бір сағат (“от часу на час”) деген тіркестер де қазақ тілі үшін жаңа: олар орыс тілінен калькалау (сөзбе-сөз аудару) жолымен жасалғандар. Бір ғажабы – бұлардың бәрі тек аударма үстінде емес (олар да бар), Абайдың төл өлеңдерінде де қолданылған! Айталық, салқын тарту деген тіркес Абайда: Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі Саған салқын тартқандай, сен бір кәрі – деген өлең жолдарында кездессе, бұл жолдар Лермонтовтың: Пускай теперь прекрасный свет Тебе постыл – ты слеп, ты сед – деген жолдарының аудармасы. Кептерше сүйінісу (Абай жинақтарының барлық басылымдарында сүйеніскен деп жазылып жүр, біздіңше, сүйініскен болуы керек, оны Абай орысша ворковать дегеннің аудармасы етіп алған) деген тіркес те аударма өлеңінде кездеседі, ал қалғандары (мүйіз шығу, тактісіне билеу, бір сағаттан бір сағат) Абайдың төл өлеңдерінде. Бұл – Абайдың орыс тілінің көркемдік дүниесін творчестволықпен игергендігінің белгісі”, деп жазған. Ақынның аударма өлеңдеріндегі жас бұлт, кәрі жартас, тентек өмір, салқын өмір, қараңғы өмір, өткен күннің улары, көңілдің ауыр жүгі деген тіркестердің жаңа фразалар екендігі мәлім.

Абай – перифраздың да шебері. Оған да әсер еткен – аударма. Әсіресе, Лермонтовтан аударылған өлеңдерде ақын перифраздың неше түрін көрсетеді. Қараңғы көңіл, көңілдің жүгі, улы сусын, жанға түскен жара, жалтаңдаған жас жүрек, жүйрік уақыт, үміттің нұры, еркелі қол, асау өмір, тентек өмір, жабырқаңқы сөз, тәтті үн, нәпсінің сынған қайғысы, асау той, тентек жиын... осылай кете береді. Осы орайда мынандай ой келеді. Аудармада өзімізде жоқ тосын тіркес кездесе қалса, “қазақ бұлай айтпайды” деген тұрғыда қамшының астына алатынымыз бар. Абай тұсында бізде әдеби сын болса, бәлкім, жоғарыдағы жаңа фразеологизмдер, перифраздар үшін атамыз да мінеліп жатар ма еді, кім білсін. Негізінде, аударма өнерінің бір уәзипасы тілді өзге тілдің бояуларымен байыту болса керек. Бұл үшін аудармашы-ақындардың сәтті ізденістерін көтермелеп, сәтсіз шыққан соны сөз тіркестеріне кеңшілікпен қараған жөн.

Абайда аударма  арқылы енген символ-сөздер де бар. Мысалы, желкен сөзін алайық. Абай барып  жүрген Семейдің Ертісінде желкенді қайықтар болған да шығар. Бірақ, арманға  құлаш жайғандықтың символы ретінде  ол сөздің Лермонтовтан аударылған өлең арқылы ұғымға айналғаны талассыз.

Абайдың Лермонтовтан жасаған аудармаларындағы кейбір мәселелер  қазақ тілінде род жоқ екендігіне байланысты туындайды.

Қонады бір күн  жас бұлт,

Жартастың төсін құшақтап.

Жөнелді ертең, қалды  ұмыт,

Көк жүзіне ойнақтап.   

Әжімді жүзі тершіген,

Кәрі жартас таң  қапты:

– Бәрі осы-ау, – деп, – құз деген

Томсарып тұрып  жылапты.

Текстологиялық тұрғыдан талай дауға арқау болған “құз”  сөзінің басы, біздіңше, ашық. Мұның  дұрысы, әрине, “қыз” (Айтқандай, 2004 жылы “Әлем әдебиеті” сериясымен шыққан Лермонтов томында “қыз” деп берілген). Жас бұлт (“тучка золотая”) жартастың (“утес-великан”) төсін құшақтай қонып, түнеп шықты. Ертеңінде басқа бір жел айдап, көк жүзінде ойнақтап кете барды. Енді басқа жартастың, бәлкім, жас жартастың төсіне қонақтар. Кәрі жартас соны ойлап қамығады, әжімді жүзі тершіп, томсарып тұрып жылайды, қыз біткеннің бәрі осы ғой деп көзінің жасын бұлайды... Сөз жоқ, Абай аудармасы мінсіз. Соның өзінде де осы өлең бізді дәл орыс оқырманындай толқыта-тебіренте қоймайды. Неге? Негесі сол, біз жартасты, яғни мужской родтағы “утес-ті” ер кісінің метафорасы, ал женский родтағы “тучка-ны” жас қыздың метафорасы ретінде соншалықты табиғи қабыл алмаймыз. Мұндай ойлау жүйесі бізге тән емес. Тегінде, ұлттық ойлау жүйесінен шалғай тұрған мұндай шығармалар аудармаға көнбейтін болуы да мүмкін. Бәрін аудару шарт та емес қой.

Прозаны өлеңмен аударуда Шәкәрім жасаған нұсқалар жиі ауызға алынады. Ол дұрыс. Бірақ, сол нұсқалардың бастау-бұлағы қайда дегенді алдымен қарастыруымыз керек. Бұл істе де үйренерлік үздік үлгіні бар жаңаның басы – Абай атамыз көрсеткен. Орыс классикалық поэзиясынан дәл де көркем, барабар аударманың тамаша өнегесін танытқан Абайдың прозадан өлең түрінде тәржімелеуде де осы әдіске қол артуында не сыр бар? Біздіңше, мәселе сол тұста қазақ прозасының қалыптаса қоймағанында, дала жұртшылығы әлі де оқырманнан гөрі тыңдаушы күйіне жақын тұрғанында ғана болмаса керек еді. Сондықтан проза үрдісіне сай негізгі назар сюжетке, кейіптеуге, көріктеуге аударылатын Лермонтовтың “Вадим” романына келгенде де Абай қайтадан поэзияны қол көреді.

Романның бірнеше  тарауларын өлеңмен аударған ақынның  суреткерлік шалымдылығы, қаламгерлік  қуаты қайран қалдырарлық. Өкінішке орай, аударма бізге толық жетпеген, бәлкім, аяқталмаған да болуы мүмкін. Еркін тәржімеге жататын өлең аудармасы тұстарында Абай бойына біткен данышпандығының арқасында талай тұсты интуициямен де қағып түсетін шығар деп шамалаған адам “Вадимнің” қазақшасын түпнұсқамен салыстырып оқығанда ақынның мәтінді соншалықты терең түсінгеніне тәнті болады.

Бірер мысал келтірейік. Роман былай басталады ғой: “День угасал; лиловые облака, протягиваясь по западу, едва пропускали красные лучи, которые отражались на черепицах башен”. Ал енді осы суреттің қазақшасына қараңыз:

Батар күнге шымылдық – көк бұлт кең,

Толқынды қызыл  торғын өртпенен тең.

Өткен дәурен секілді  нұры жайнап,

Арттағы мұнараға береді рең.

Мұндағы басы артық  тұрған дейтіндей үшінші жолдың өзі Лермонтов қаламы салған поэтикалық суреттің ішкі қалпын әдемі ашады емес пе? Ал нақпа-нақ дәлдікті іздесеңіз оны да табасыз Абайдан. “Приставьте себе мужчину лет 50, высокого, еще здорового, но с седыми волосами” – осы сөйлем өлеңмен былай өріледі:

Елуге келген, шашы бурыл тартқан,

Көзінің түсі оңып, нұры қайтқан.

Ал “одетого в синее  полукафтанье с анненским крестом в петлице” деген сипаттаманың қазақша жыр нұсқасы мынандай:

Үлкен етік аяқта, көк пешпентті,

Таққан кірес төсінде жарқ-жұрқ етті…

Алғашқы жолдарда “высокого, еще здорового” деген сипаттама дәл берілмеді ғой десеңіз, оның орны келесі шумақтағы “үлкен етік аяқта” деген сөздермен толығып тұр, жалғыз ғана қалып кеткен айқындама – кейіпкердің кіресі Анна кіресі екендігі ғана, бірақ дәл сол тұстағы қазақ оқырманына мұның ойды шатастырғаннан басқа берері жоқ еді, оның үстіне Лермонтовта да бұл деталь (мысалы, мойнындағысының Григорий кіресі еместігі) ешқандай рөл атқармайды.

Мүсілім Базарбаев  Абайдың қазақ поэзиясын мүмкін-қадарынша  тілмарлықтан, орынсыз шешендіктен, әсіре бояудан құтқаруы жайында айтқанда ұлы ақынның аударма арқылы көрсеткен өнегесін алдымен ескерген. Қазақ поэзиясы көркемдік нақтылық, бейне дәлдігі сипаттарына ие болғаны үшін Абай аудармаларына да қарыздар.

Абайдың аудармашылық алыптығы Лермонтовтың тәржімелерінен бөлекше көрінеді. Ақын қазақ поэзия тәржімесінің шыңға шыққан шедеврлерін тап осы Лермонтовтың өлеңдерін аудару арқылы жасаған. Тегінде, Абайға Пушкиннен гөрі Лермонтов жақынырақ болған деп айтудың реті бар. Абай өз жанының қажетін Лермонтовтан көбірек тапқандай. Мұның өзі оның Лермонтов өлеңдерінің денін таза аударма күйінде шығаруынан, ал Пушкинге келгенде еркіндікке дес беріп, өз бетінше пайымдама жасауға, кейіпкерлердің мінез бітімін, кісілік болмысын өз қалауынша өзгертуге бейімдігінен де көрінеді.

Абай Пушкинмен  жарыса сөйлесе, Лермонтовқа қосыла сөйлейді.

Құдайберген Жұбановтың сонау 1942 жылдың өзінде: “Абай –  ояну дәуірінің толқынынан пайда  болған неміс Лютері, француз Мольері  емес... Бұл өз ортасының Дантесі  сияқты.... Абай соны дәуірдің басы, жаңалық  желісінің жетім бұршағы. Оның төңірегі Эгей теңізі емес, Сарыарқаның шөлі де, өткені классикалық Рим емес, үдере көшкен қайшылық өмір ғой” дегені – ерен талғамның көрінісі. Сол  “үдере көшкен қайшылық өмір” қалың  елі, қазағының ортасында отырып бақсының моласындай күй кешкен Абайға әлем әдебиетіндегі “ғаламдық қайғы-шер теориясын” туындатқан тұлғалардың бірі, рухани жалғыздықтың ұлы жыршысы Лермонтовты жолықтырған тұста қазақ ақыны “жаңалық желісінің жетім бұршағына” айналғанын көреміз.

Мақала соңында  жоғарыдағы Абай аудармасына (“Қараңғы түнде тау қалғып”) тағы бір көз  салайық. Көз салайық та, үш тілде  де оқитын, үш тілде де жазатын Герольд  Бельгерді тыңдап байқайық: “Біз Гете мен Лермонтовтағыдай түн суретін көріп қана қоймаймыз, біз сол түн қараңғылығының қалай түсетінін көреміз де, сезінеміз де. Гете өлеңіндегі түннің қатып-семген суреті Лермонтов баянында едәуір кеңейген, жандандырылған, нақтыланған болса, Абай аудармасында кәдімгідей қимыл-қозғалысқа келтірілген”.

Осылай. Поэзия аударыла ма, аударылмай ма деген ежелгі сауалға жауап осы. Өлең өмірді өзіндей етіп өрнектей ала ма деген сауалға жауап та осы. Қазақтың тілі қандай тіл деген сауалға жауап та осы. Тіпті, қазақ қандай халық, қолынан не келеді деген сауалға жауап та осы.

Абай алдағы ғасырларда да халыққа қойылар сауалдарға жауап  таба беретін болады.

Информация о работе Абайдың аудармашылық алыптығы