Ахмет Жұбанов

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 07 Апреля 2013 в 22:29, реферат

Описание

Aлпысыншы жылдарғы Алматы. Жасыл мәуеге малынған маужыр қала. Соғыс кезінде азды кем тұрып, дәмін татып, көзі жұмылғанша тамсана мадақтап өткен ақын Владимир Луговской тауып айтқандай – “Город вещих снов”. Жайраңдаған жайдарман ортадағы жадыра думаннан соң жайлы төсекте жатып, таң алдында тамсана көрген тамаша түстей жайсаң шаһар. Күн сайын түс ауа ағыл-тегіл құйып өтетін ақ нөсерден кейін күміс бауыр жапырақтарын жарқ-жұрқ жалтылдатып, жамыраса сыбдырласқан ақ балтыр қайыңдар арасында мың сан періште бір-бірімен үздіге сыбырласып тұрғандай.

Работа состоит из  1 файл

Ахмет Жұбанов реферат.doc

— 149.50 Кб (Скачать документ)

 

1933 жылдың ақпан айында  Қазақ үкіметі алғашқы музыка  техникумын ашып, оның жұмысын  жолға қоюға Ленинградта оқып  жүрген Ахметті шақыртады. Бір  жылға демалыс алып келген  аспирант біржолата Алматыда  қалып қояды. Техникум жаны­нан халық музыкасын зерттейтін кабинет ашылды. Кабинеттің жанынан халықтың музыка аспаптарын қайта жасау, жаңарту, жетілдіру жөніндегі шеберхана ұйымдас­тырылды. Онда бұрын да домбыра жасап жүрген Қамар Қасымұлы мен скрипка жасап жүрген шеберлер Борис және Маниул Романенколар іске кірісті. Алғашқы жасағандары Арқаның қысқа мойын қалақ бас, батыстың ұзын сапты қозы құйрық альт домбыралары болды. Оларға қолдан иірілген қой ішегі емес, дәрігерлер пайдаланатын иірген тарамыс тағылды. Ол қатты бұрауға, дыбыстың күшті шығуына қолайлы еді. Қосарлап сым ішек таққан прима домбыралар да жасалды.Техникум оқушылары мен Оралдан шақыртылған әйгілі күйші Лұқпан Мұхитов бастаған он бір кісіден ансамбль құрылды. Ол кейін он жеті кісіге жетті. Бірігіп ойнауға айлап машықтанып жүргенімен, көпшілік алдына шығуға асыға қоймады. Сөйтіп, 1934 жылғы маусым айы да жетті. Алматының Дзержинский көшесіндегі Қазақ драма театрының іші-сыртына құжынаған халық қаптап кетті. Дәл бірінші маусым күні кешкі сағат сегізде Бірінші Бүкілқазақстандық халық өнері қайраткерлерінің слеті ашылды. Қазылар алқасында Мәскеуден жеті тәулік жол жүріп, пойыздан ауырып түскен А.В.Затаевич те отырды. Ол бұрынғы Гоголь мен Ленин көшелерінің қиылысындағы, бір кезде Троцкий тұрған, “Жетісу” мейманханасынан әзірленген бөлмесіне тек тұмсығын сұғып, дереу абыр-сабыр болып жатқан театрға тартты. Шартараптан келген сан алуан өнерпаздарды көз айырмай қадағалап бақты. Нота дәптерін тізесінің үстіне қойып, бұрын естімеген шығармаларын жан ұшыра жазып алып жатты. Үзілісте өнерпаздарға барып жолық­ты. Естіп-көргендеріне таңдайын қағып, үсті-үстіне қайран қалумен болды. Жұрттың бәріне ұзақ қол соғып, ауызы жалпылдап сөйлеп, оң-солына тістерін ақсита күліп, масаттанып қояды. Слеттің ақырғы күні тіптен есі шығып кете жаздады. Сахнаға ойда жоқ жерден домбырашылар ансамблі шықты. “Айжан қыз” бен “Кеңес” күйін, “Дударай” әні мен “Келіншек” биін құйқылжыта орындады. Затаевич жанарына лық ете қалған ыстық жасты жасыра алмай, иықтасып қатар отырған Ахмет Жұбановты айқара құшақтап, ернінен қадала ұзақ сүйді. Өзінің көптен күткен арманына жақсы көретін шәкірті жеткеніне төбесі көкке тигендей қуанып, Қазнаркомпросқа “халық музыкасын насихаттау үшін әлгі ансамбльді негізге ала отырып, қазақ музыканттар тобының турнесін құруды” ұсынды. Сол күнгі кешкі жиын әйгілі ғалымды ұлықтаған мүшелтойға ұласты. Ол өз ғұмырын арнаған қазақ өнеріне деген ыстық сүйіс­пеншілігі мен еңбегін бағалаған ақпейіл халыққа деген шексіз ризашылығын ағыл-тегіл ақтарып бақты.

 

Аталмыш байқау қазақ музыкасындағы жаңа кезеңді бастап берді. Бұрын әлемет әншілігімен аты шыққан далалықтар енді жұртты ерен күйшілігімен таңғалдырды. Мұны теория жүзінде алғаш дәлелдеген Құдайберген Жұбанов еді. “Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы” деген еңбегінде ол: “Қазақта ән мен күйдің екі басқа болушылығының өзі халық музыкасының жетіскен сатыда тұратындығын көрсетеді. Өйткені, бұлар әуелден айырылып туған емес, ән мен күй әуелде бір болып, бара-бара бірінен бірі айырылып, вокал музыка, инструментал музыка болып, егізделіп шыққан. Халық музыкасының көпшілігі мұндай екі айры­луды әлі күнге дейін білмейді. Музыкалық шығармаларының барлығы да тек әндер ғана болып, күй сияқты жанрды атымен білмейтін елдер де бар; немесе ән мен музыка аспаптарын қоса отырып, бір жағынан биді де араластыратын, музыкасы синкретизм деңгейінен асып болмаған бірқатар елдер және бар”,—дей келе, татар тілінде әнді де, сазды да “күй” дейтінін, онда ән салмай, тек аспапта ойнайтын саз тіптен болмайтынын, ал өзбек музыкасында ән, күй, би үшеуі бір-бірімен қой қосақ араласып жүретінін айтады. Олай болуының себебін әуелде ән, өлең, би адамдар­дың жаратылыспен әлі ірге ажыраспаған балаң шағында сырына қанығып болмаған табиғатты өз дегендеріне ылықтырып алудың магиялық тәсілі — айла-амалы ретінде қалыптасуымен түсіндіреді. Келе-келе мұндай еліктірме өнердің өзі де жіктеледі. Әр саласымен әр қилы кісілер шұғылданатын болып, әр тарап сала­ларға сараланады. Бұрын бәрімен шұғылданатын абыздар енді есепшілерге, жұлдызшыларға, бақсыларға, тамыршыларға бөлініп, әрқайсысы әр кәсіпке машық­танатын болады. Соған орай, олардың өз кәсібін сүйемелдейтін магиялық тәсілдері де әралуанданады. Ол әкеден бала үйреніп, тұқым қуалап, кәсібилене түсті. Бұл үдеріс әр халықта әр қилы өрбіді. Қазақта бақсы “ауруды бағатын” емшілікті ғана білдірсе, көптеген жұрттарда ол науқас адамның көңілін аулап, көзін арбауды көздейтін әншілікті де, ақындықты да, күйшілікті де білдіреді. Музыка терминдерінің семантикасы да соған айғақ болғандай. “Қобыз” сөзі ежелгі “абыз” деген, “сыбызғы” “сыбыс”, қазақтың “домбыра”, арабтың “тамбур”, бенгалдың “тапыр”, гректің “тамир” сөздері әуелде үн шығаратын белгілі бір нәрсені білдіретін ең бір түпкі ұғымнан тараса керек-ті. “Күй” сөзін әуелгі “көк” дейтін ұғымнан шығарып, Қ.Жұбанов музыкалық терминдер әралуандығын адамзат қоғамының айналадағы дүниені тануы барысында қалыптасқан кәсіби жіктелу эволюциясымен түсіндіреді. Қазақ күйлерін халық музыкасы тәжірибесінде атымен сирек кездесетін айрықша тосын құбылыс ретінде қарастырады. “Бұл — осы күнгі Еуропаның симфониясы тәрізді. Мұндай дәрежеге жетісу үшін халық музыкасы жақсы дамыған болуы керек. Сондықтан күйлерді қазақ музыкасының ең жоғарғы түрінің үлгілері деп білуіміз керек”,— деп түйіндейді.

 

Солай бола тұра аталмыш кезеңге  дейін Құрманғазының генерал  В.Перовскийді, жорналшы Н.Савичевті, Дәулеткерейдің жат жерлік мәртебелі меймандарды, Тәт­тімбеттің де көлденең көк етікті қонақтарды оңаша тамсандырғандары болмаса, халық күйлері бейтаныс аудиторияларда, көп халық бас қосқан үлкен жиындарда орындала бермейтін-ді. Тек әйгілі сазгер Сейтек Оразалиев 1923 жылғы тамызда бүкілресейлік ауылшаруашылық көрмесінде әлденеше күй орындап, мәскеуліктерді әбден тәнті еткен-ді. Алайда, қазақ астанасындағы “өз білгіштеріміз” 1936 жылы тұңғыш рет драма театрының сахнасында Құрманғазының не бір саңлақ шығармаларын орындаған Уақап Қабиғожинді іш пыстыратын “мәнсіз ұзақ тартыс” деп қызметтен қуып жібереді. Сөйтіп, күй 1934 жылдың маусымына дейін сүтке тиген күшіктің халін кешіп, сахнадан өгейлік көріп, көрепара қақпайланып келді. Ленинград аспиранты Ахмет Жұбанов бұл өкінішті түсінікті түзетуге күш салады. Ол да ағасы Құдайберген Жұбановтың “Бұрыннан бар музыка мұраларын жетілдіріп, толықтырып, көркейтіп, көркемдік жағын күшейтіп, примитив түрлерін гармониялап, халық музыкасындағы өмірге, тіршілікке шақыратын ерлік, талап, жігер тудыратын элементтерін саралап алып, кертартпа, сары уайым, жасықтық туғызатын жағын жойып, — осы ретпен ғана қазақ ұлтының қазіргі музыкасын дамытуға болады. Халық музыкасы мұраларын зерттеудің маңызы зор болатыны осы жағынан” дейтін қағидасын ұстанды. Ұстазы А.В.Затаевичпен тізе қосысып, жоғарыда айтылған жаңаша өнер көрсеткен шағын ансамбльді байқауға жер-жерден келген дәулескер домбырашылар, қобызшылар, сыбызғышы-сырнайшы­лармен толықтырып, ұлт аспаптары оркестрін құруға күш салады. Ол талпыныстары үкімет тарапынан қолдау табады. Оның көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып Ахмет Жұбанов тағайындалады.

 

1935 жылғы қаңтардың екісі күні. Кешкі сағат 8. Дзержинский атындағы  клубтың шымылдығы сырғып ашылды. Жиналған жұрт әуелі сахнаны лық толтыра жайғасқан өзбектің ала жолақ биқасап матасынан тігілген сырма шапан киген бей­таныс адамдарды көріп, қапелімде, аңтарылып қалды. Сосын олардың қолда­рындағы қазақы домбыраларын танып, дуылдата қол соқты. Алдыңғы жақтағы аузы-басы сүйреңдеген бір жеңгей: “Мына неменің қақ алдымызға келіп, қаздиып тұрып алғаны несі!?”— деп, дирижерге тиісті. Алты ай бойы дайындалған оркестр Қали Жантілеуов алып келіп үйреткен “Адайды” бәйге төбеге жетіп қалған желаяқ­тардай желпініп, аласұра арындатты. Зал дуылдата жаңғырықты. Шарт-шұрт шапалақ басылмай тұрып алды. “Бис,бис” деудің орнына, “бас,бас” деп кеңірдек жыртқан көпшіліктің сұрауымен күй қайта-қайта орындалды. Залдағылар да, сахнадағылар да жаппай көздеріне жас алып, мәре-сәре боп жатты. “Құрманғазы тіріліп келсе, қандай қуанған болар еді?!”,— деп қиялдады жас дирижер.

 

Сол жылғы жазда оркестр облыстарды аралады. Қай тарапқа барса да, халықтың қуанышында шек жоқ. Оркестрдің қатары көбейді. Бұрынғы альт домбыраларының үстіне шанағы үлкен, дыбысы қоңыр тенор домбыралар қосылды. Қақ төрге ата қаздай алшайып, бас домбыра жайғасты. Созақтан келген жалғыз қобызшы Жаппас Қаламбаевқа Қараталдан келген Жұмағали Қасымов қосылды. Ұжымның көлемі кеңіп, дыбысы байыды. Орындалатын күй саны да өсті. Күздігүні Алматыға күйтабақ жазатын бригада келіп, оркестрдің орындауында он бес күй жазып алды. Оны естіген жер-жердегі жастар шағын оркестрлер ұйымдастырды. Қыс бойы қазақ өнерінің Мәскеуде болатын он күндігіне дайындық басталды. Ұлт оркестрі үлкен концерттің шымылдығын ашатын болды. Алматы оқу орындарындарында домбыра үйірмелері құрылып, талантты-талантты дегендері таңдап алынып, бұрынғы отыз кісіге тағы да отыз кісі қосылды. Мамырдың басында Мәскеуге аттанған екі жүз елу адамның алпысы оркестрде ойнады. Олар Үлкен театрда қойылған қорытынды концерттің шымылдығын ашты. Мәскеуліктердің аузынан “Жамбыл”, ”Күләш”, “Қазақ оркестрі” деген сөздер түспей қойды. Сол жалғыз оркестрдің кезінде Жамбыл атындағы ұлттық филармония құрылып, оған да Ахмет Жұбанов жетекшілік етті. “Домбыра, қобыздан ештеңе шықпайды, оларды жиып қойып, балалайка, мандолинаға көшу керек” дейтіндердің ауыздарына құм құйылды.1935 жылдан бастап, оркестрге нота сабағы жүргізілді. Нотамен ойнау үшін оркестр құрамы, аспаптардың бұрауы, пернесі өзгертілді. 1937 жылы музыка аспаптары әуездеріне қарап, дауысқа жіктеле бастады. Қобыздар бірінші, екінші, альт, бас, контрабас қобыз болып, домбыралар бірінші, екінші прима, альт, бірінші, екінші тенор, бас, контрабас домбыралар болып бөлек-бөлек сұрыпталды.

 

1937 жылдың 7 қарашасындағы дәстүрлі мерекелік концертте оркестр Ф.Шуберттің “Музыкалық мезеті” мен М.Глинканың “Руслан мен Людмиласындағы” “Черногор маршын” бастан-аяқ нотамен ойнап шықты. 1938 жылы оның құрамына флейта, гобой, кларнет енгізілді. 1938 жылы оркестр “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” спектаклін, “Амангелді”, “Райхан” фильмдерін әуездеді. 1941 жылы Моцарттың “Түрік маршы”, З.Компанеецтің “Қазақ рапсодиясы” сияқты кең қарымды орындаушылық құлашты, шеберлікті талап ететін симфониялық кейіптегі кесек шығармаларды орындай бастады. 1944 жылы Ташкенттегі он күндікте “Қазақтың ұлттық оркестрі басқа Орта Азия елдеріне үлгі боларлық дәрежеде” деген жоғары баға алды. Сол жылғы тамыз айында құрылғанына он жыл толып, осыған орай оған ұлы Құрманғазының аты берілді. 1949 жылы Мәскеудегі қазақ әдебиеті күндеріне қатысты.

 

Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлт  аспаптар оркестрінің мұншалық биік самғауы Ахмет Жұбановтың саналы ғұмырының ең басты мазмұны болды. Ағайынды Романенколарды ертіп жүріп, ескі Верныйдың құлағалы тұрған қарағай үйлерінің бөренелерінен домбыра жасауға қолайлы ағаштар сұрыптады. Тек оқу орындарына ғана емес, салынып жатқан құрылыстарға барып, ел арасынан келген жұмысшы қазақтарға домбыра тартқызып көріп, күйшілер іздеді. Ақтық демі тау­сылғанша атақты оркестрдің қақ төрінде контрабаста ойнап өткен марқұм Сами­ғолла Андарбаев 1938 жылы Фурманов, Киров көшелерінің бұрышындағы төрт қабатты тұрғын үйді салып жатқан бригаданы басқарып жүрген кезінде Ахметтің қалай іздеп тауып, үгіттеп, оркестрге алып кеткенін майын тамыза әңгімелеп отырушы еді. Базардан базар қоймай аралап, шартараптан ағылып келіп жатқан ауыл адамдарының үсті-бастарына қарап, оркестрді қалай киіндіруді ақылдасатын. Өңшең екі иығына екі адам мінгендей ат басты, атан жілікті атпал азаматтардан құралса, оркестрдің барымтаға бара жатқан нояндардың тобына ұқсаңқырап кететінін ойлап, өңі әдемі қыз-келіншек көрсе, бүр жарып тұрған бұтақты айналсоқтаған бал арадай шыр айналып шықпайды екен.

 

Ол ұжымның аспаптық құрамында  да, орындаушылардың жасы мен жынысында, түр-сипатында да, ойналатын шығармалар ауқымында да біркелкіліктен қашып, әралуандылыққа ұмтылды. Сондай әралуандылықты қолдан жасауға емес, қазақ саздарының өз бойынан табуға тырысты. Қазіргі еуропалық музыканы адам таңғаларлықтай құлпыртып тұрған симфонизм мен полифонизмді қалыптастырып жүрген дыбыс байлығын ең алдымен аспаптардан қарастырды. Ондай дыбыс гаммаларын бере алатын төл аспаптарды іздестірді. Олардың ұмыт болғандарын қайтадан қолданысқа кіргізіп, қолданыстағыларын әуез жағынан жетілдірді. Әрқилы дауылпаздар, шақша-мүйіз, тас сырнай, шаң қобыз сынды сирек аспаптар солай табылып, үнді молайтатын және әралуандандыратын сым ішекті пиккола домбыра, альт домбыраның жаңа түрі, көптен қазақыланып кеткен тиекті сырнай (гармонь) оркестр құрамына солай енді.

 

Ахмет халық музыкасын кәсібилендіруді  оның етене сипаттарын өз болмысында жетілдіріп, байыту арқылы жүзеге асыруға  күш салды. Сонда ғана ұлттық өнер өзіндік даму арқылы өсе алады. Әйтпесе, біреудікін тарпа бас салып малданғаннан төл өнер өрбімейді, қайта көшірме өнерге айналып, өз ғұмырын өзі қысқартады деп санады.Ағасы Құдайберген айтқандай, бір кездегі синкретті өнер тарамданып жіктелу арқылы кәсібиленсе, Ахмет ондай кәсібиленген саз өнерінің әуен алуандығы мен әуез байлығына – симфонизм мен полифонизмге ұмтылмай тұра алмайтындығын жақсы түсінді. Содан туындаған жаңартуларды жатсынғандар мен оларды жәй әшейін бос ермек санап менсінбегендер де табылды. Кәрі буын күйшілер, мәселен, Дина Нұрпейісова, ішекті жаңартуға қарсы шықты. Өле-өлгенше өз домбырасына қой ішегін тағып өтті. Бірақ, бір аспаппен шектелмей, көп аспаптан тұратын оркестрді ешқашан жатсынған емес. Өйткені, бір кезде А.В.Затаевич: “Домбыраны тыңдағанда, оның үнін жақыннан естіліп отырған әлсіз дыбыс деп емес, оны алыстан шығып жатқан ұлы дүрсілдің талықсып жетіп отырған тамаша әуені деп түсіну керек”,—деп еді. Ахмет Жұбанов оны ойдағыдай жүзеге асырудың бірден бір жолы қазақ күйлерін оркестрге түсіру деп есептеді. Оның пайымдауынша, “оркестр әлгіндей замана арманын шындыққа ай­налдырады. Қазақтың күйлерін семіртіп, кеңейтіп, өрістетіп, шалқытып жібереді”. Бұл ақиқатты өз айтқанынан басқаға көп көне бермейтін қиқар Дина да мойын­дады.

 

Ол турасында А.Жұбанов: “Оркестрге “Әсем қоңырды” түсіріп, ұлы ананы  шақырып алып келіп тыңдатқанда, ол алабұртып отыра алмады. Күй аяқталған кезде тек маған қарап: “Ой, шайтан бала-ай!”— деп, бетімнен сүйді. Жеке орындағанда “Әсем қоңырды” ешкім де Динаның өз орындауындағыдай шығара алмайды. Ол мұны біледі. Бірақ, мына оркестрдің орындауында күйдің шоқтығы өсіп, үлкейтілген фотодай, бұрын елене бермейтін “бұдырларының” бәрі айқындалғанын қарт суреткер сезе қойды”,— деп жазады. Бұрын ішекті, пернені, бұрауды өзгертуге, жаңа аспаптар қосуға сескене қараған төл музыканттар ол райларынан тез қайтты.

Информация о работе Ахмет Жұбанов