Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Февраля 2012 в 14:17, курсовая работа
Майлин Бейімбет (Бимағамбет, 1894-1938) - қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып-өскен жері – Қостанай облысының Таран ауданы.Саяси репрессияның құрбаны болды.
Бейімбет поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Бейімбет қазақ поэзиясында поэма жанрының өрісін ұзартып, өресін биіктетуге қомақты үлес қосқан. Бейімбет Майлин дарыны оның прозалық шығармаларында айрықша жарқырап көрінген.
Кіріспе..................................................................................................................3
І. Бейімбет Майлин - сатирик жазушы
1.1 Б. Майлин өмірі мен шығармашылығына қысқаша сипаттама...................4
1.2 Б. Майлиннің әңгімелеріндегі сатира мен юмор...........................................8
1.3 Бейімбет Майлиннің сатиралық драмалары.................................................16
1.4 Бейімбет Майлин поэзиясының стиль ерекшелігі.......................................21
Қорытынды..........................................................................................................26
Пайдаланылған әдебиеттер...............................................................................28
Академик 3. Қабдолов Талтаңбай образына талдау жасай келіп: "Жоқ, Талтаңбаев — жай ғана "шолақ белсенді немесе "зиянсыз мылжың" емес, әлеуметтік жағынан қауіпті, жауапсыздығы жауыздыққа ұласқан зиянкес. Оның "шаш ал десе, бас алатын" әпербақандығының арғы жағында саяси бұзақылық жатыр. Қай кезде де түсін өзгертіп, тонын айналдырып шыға беретін бюрократизм, валюнтаризм, тағы басқа кертартпа "измдер" осылардан өрбиді... " — дейді. Шынында да, Кеңес заманының түрлі кезеңдерінде халқымыз бастан кешкен зұлматтар коммунистік, таптық саясат тайраңдатып қойған көрсана Талтаңбаевтардың "күш-жігерінің" арқасында өте ауқымды, өте қасіретті болғаны белгілі.
Екі перделі "Неке қияр" пьесасы драматургтің бұл жанр ерекшелігін игеру жолындағы елеулі табысы деуге болады. Пьесада әр кейіпкер өзінің дара-дара мінезімен көрінеді. Әрқайсысының іс-әрекеті де, сөзі де өз бойына қонымды.
Әсіресе мінезді саралап, образ сомдауда үлкен шеберлік танытады, кейіпкерлер даралана, ірілене түседі. Пьесаның мазмұны қыз айттырудан неке қию төңірегіндегі ырым-жырымдарымен қоса алынған көне салттың көлеңкелі жақтары десек, соның бәрін, атынан да көрініп тұрғандай, Ылаңбайдың (бас кейіпкер) іс-әрекеті, сойқанды қылықтары арқылы көрсетеді.
"Драмалық ірі серпін". "Майдан" — тек Майлиннің ғана емес, бүкіл қазақ драматургиясының ірі табысы саналатын драма. Таланттың қадір-қасиетін тануда алдына жан салмайтын көреген М.Әуезов бұл пьесаны кезінде "драмалық ірі серпіннің басы" деп бағалаған.
Драманың мазмұнына аты шулы ұжымдастыру кезеңінің оқиғалары алынған. Ұжымдастыру әсіресе қазақ елінің тарихындағы зардабы осы күнге дейін жойылып бітпеген, жұрт дұрыс айтьш жүргендей, аса қасіретті нәубет болатын. Өкіметтің кедейлерді байларға (іс жүзінде күн көрістігі бар орташа ауқаттыларға) жауықтыра айдап салуы, науқанды зымиян саясат қолтығына су бүріккен көрсана, ұрда-жық белсенділердің құтырына қоздыруы қас қағымда елдің ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық жүйесі мен өмір салтының астан-кестеңін шығарды. Ел тозды, қара жұрт қаңырап қалды. Бай дегеннің мал-мүлкі түгел тәркіленіп, өздері абақтыға қамалды немесе байланып-маталып ит жеккенге айдалды. Жалған жала жабылып, атыльш-асылды. Бұл нәубеттің ақыры бұрын-соңды болмаған жаппай ашаршылыққа ұласьш, халықтың жартысынан көбі қара шыбындай қырылды. Нәубеттен үріккен халықтың бір бөлігі жаяу-жалпылы шекара асып, жат жұртка кіріптар болды.
Ал кеңес өкіметі беті бүлк етпестен өзінің бұл сойқанды ісін кеңес халқының жеңісі деп бағалап, жазушылардан солай етіп көрсетуді талап етті. Бірақ Бейімбет сияқты талантты реалист суреткерлердің туындысы, объективті түрде, сол кезең өмір шындығының көркем бейнесі, әдеби ескерткіші болып қалды.
Пьесаның басты кейіпкері — кешегі жалшы, колхоз басқармасының төрағасы, коммунист Досанның іштегі өзімен-өзі сөйлесіп, ой өрбіткен жерін оқып көрелікші: "Досан (кереуетке отырып, үңіліп оқиды): "Атам, атан, алды!.." (Күлімсіреп). Бір ай оқығанда кәдімгідей танып қалғанымды қарашы... (Тағы оқиды). "Асан қалқозға жазылды" (Басын көтеріп). Мен сияқты біреу-ау, ә? Қатынымен ризаласып жазылды. ма екен, әлде, мен сияқты жасырынып жүріп жазылды ма екен?.. (Ойланып). Жасырынды демекші: мен қашанғы жасырынбақшымын осы? Қалқозға кірген соң малды бірлестіру керек. Іспектің басына: "Досан Қалабаев, бір ат, бір сиыры бар" деп жаздырып та қойдым. Ерегіске кеткенде, ала атқа билігім келер, қара сиырды қатын бермей жүрсе, қайтем? Жұрттың қатынындай қай бір сөзге көне қоятын адам ол. Мен бірдеме айтсам, арс етіп беттен ала түседі.., Оңбағыр, кім көрінгеннің тіліне еріп... Әй, үйі күйгір Мамық-ай, біздің қатынды бүлдіріп жүрген, дәу де болса, сен- ау..,"
Осы үзіндінің өзінен-ақ қолдан өршітілген тап тартысы, ұжымдық шаруашылық жайындағы бұлдыр түсінік, бір-бірімен аңдысып-арпалысқандардың амал-айласы, ниет-пиғылы, т.б. анық аңғарылады.
Досанның әйелі Пүлішті азғыратын Мамық кемпірдің (байдың бәйбішесі) сөзі мен ісі де колхозға шошына қарағандардың бәріне тән шындық. "Мамық (қолын сілкіп): Сұрама, келін, бойыңнан түңілесің. Құдай басқа бермесін де! Салқоз болғандарды көретіндері сол ғой... (Тыржия түседі)."
Пүліш (ынтығып, Мамықтың жанына жетіп келеді): Айтшы, шешейеке, о не?
Мамық (төне түсіп): Мынадай масқарасы бар, келін-ау: Салқоз болғандарды нөмірлейді дейді; сауырларына таңба басады дейді; нөмірі тура келген еркек пен әйел жүре береді, — дейді...
Пүліш (бетін шымшып): Бетім-ау!.. (Аңырайып көпке қарайды).
Мамық (тағы төне түсіп); Одан да масқарасы бар: салқоз болғандардың бәрін бір көрпенің астына жатқызады,—дейді.
Бұл колхоз туралы қарабайыр түсініктен гөрі, оған деген өшпенділіктің белгісі.
Пьесада колхозды жақтаушылар мен жазғырушылардың ғана емес, екі ұдай түсінікте, екі ортада әрі-сәрі күйде болғандардың да шынайы бейнелері бар.
Әрине, сол кездегі кеңес адамдарының басым көпшілігі сияқты, Б. Майлин де колхозды кедейлер жағында, коммунистік көзқарас тұрғысындағы түсінікпен суреттеді. Бірақ жасанды өмірді емес, шын өмірді көрсетті.
Колхоз бастығы Досан, ауыл кеңесінің төрағасы Зәуре, партия ұясының хатшысы Орынбай, орнатылып жатқан жаңа тұрмысқа тіс-тырнағымен қарсы Бекболат бай, оның айлалы әйелі Мамық, осылар жағындағы алаяқ Көдебай, екі арада теңселген кедей Әліш, "кедейдің кербезі" Пүліштердің өзара тартысы, өзіндік тағдыры арқылы колхоздастыру дәуірінің күрделі өмірі елес береді.
1.4 Бейімбет Майлин поэзиясының стиль ерекшелігі
Майлин поэзиялық туындыларын жалпы алғанда, үздік образ, шешендік сөздер, не жаңаша құрылған сөз тіркестері сирек кездеседі. Ол қандай өмір құбылысын көрсетпек болса да, қарапайым тілмен мейлінше қысқа, тұжырымды етіп беруге тырысады. «Аз сөзге көп мағына сыйғызу» - оның негізгі әдісі.
Монолог, диалог, не жай суреттеу, барлығы да әрі қысқа, әрі күлдіргі, бәрін жинақтай келгенде шығарма юморлық, кейде сатиралық шығарма болып шығуы керек. Нәзік юмор - Б.Майлиннің негізгі стиль ерекшелігі. Мұны біз оның барлық жанр түрлерінен де кездестіреміз.
Б.Майлин - өз беті, өз ерекшелігі, әдебиетімізде өз үлгісі бар ақын.
Майлин - ең алдымен юморист. Әдебиетті өмірдің сәулесі десек, өмірдің өзінде күлдіргі жағдайлар аз емес. Өмір шындығын бұлжытпай, дәл беремін деген жазушы ол жайттарды аттап өте алмайды. Драмаларда күлдіргі-юморлық әдіс дайым кездесетіні былай тұрсын, күлдіргі тіпті, адамдар басындағы ауыр, қайғылы халдарды суреттейтін трагедияларда да кездесе береді...
Күлкісіз өмір жоқ. Өмірдің кемшілік жағын көрсету үшін оқығанда күлкі шақырарлық сөз, сөйлем, сөз тіркестерін шебер қолдануды кейбір жазушылар негізгі әдістерінің бірі етеді. Осы топқа жататын жазушының бірі - Б.Майлин. Оның көптеген әңгіме, фельетон, өлеңдері юморлық әдіспен жазылған. Б.Майлин юморы - орыс, не Европа классиктерінен үйрену нәтижесінде туған, оны қазақ топырағына егіп өсіруден пайда болған юмор емес, қазақ халқының өз топырағында өскен, өз өмірінің, өз әдебиетінің, өз тілінің негізінде қалыптасқан юмор.
Шернияздың Баймағамбет сұлтанға, Сүйінбайдың Тезекке айтқан сөздері - бұған дәлел. Кейде әлеуметтік мәселелерді қозғай отырып, керек болған жерде, юморлық, сатиралық әдістерді шебер қолдану арқылы өзіне қарсы айтушы ақындарын сүрінтушілік айтыстарда да жиі ұшырайды. Мұрат Жантолымен айтысында оның тиген күйеуінің басындағы төбелін сөз етіп, соның айналасында тыңдаушыларын күлдіріп, Жантолының дәкпірін шығарады. Мұндайда екінші адам қанша айтқыш болса да, айналасындағылар күліп жатқанда не жасамақ, ақыры жеңіледі.
Сара ақын шешендігі жағынан өзінің осал еместігін сал Біржанға, өр Біржанға мойындатады. Бірақ «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» деп Сараның өзі айтқандай, Жиенқұлдың кескінін юморлық әдіспен сүмірейте суреттегенде, Сараның оны ақтап шығуға лажы болмайды. Бір жағынан Біржанның айтқандары шындыққа дәл. Екінші жағынан, объектісін әжуаға айналдыру арқылы Біржан тыңдаушыларын түгел билеп, Жиенқұлды күлкіге айналдырып, бұра тартуға пұрсат бермейді.
Қазақ халқының табиғатына тән әдеби нұсқаларында ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан әзіл, әжуа, күлдіргі әдіс Майлин туындыларынан өзінің өрісін тауып, өрлеген биігіне жетті. Бейімбет шығармаларында, әсіресе өлеңдерінде күлкі шақырмайтын өлеңдер аз кездеседі. Ал оқырмандарын күлдіретін әдістері де басқалардан бөлек. Зәрсіз, жұмсақ күлкі. Белгілі бір өмір құбылысын сықақ ету үшін әдейі жазылған шығармаларында да бірінші орында нәзік юмор тұрады. Тілдерінде кезенсе шаншып, төнсе түйреп тастайтын сарказмнан гөрі, ирония денірек.
Мысалы, «Құдық басында» атты өлеңін алсақ, қалада бір-екі жыл оқып, еліне оралған Дәмештің киім киісі, жүріс-тұрысы - өмірге ескілік көзқарас тұрғысынан қарайтын ауыл әйелдеріне ерсі. Дәмешке «азған», ата-анасына күйікке біткен бала деп қарайды.
Келіп пе, Дәмеш?
Келіпті Дәмеш.
Жаулықтарын итере салып,
Ауыздары сылп ете қалып.
Бірінен бірі пысықтап жатыр:
Анық па?
Анық.
Анық па?
Анық.
Әй, Толқын келін, киімі қандай?
Жинаған жиһаз-бұйымы қандай?
Көйлегі киген қос етек пе екен,
Кестесі бар ма, оюы қандай?..
Дәмеш - кәдімгі бұрынғы Дәмеш!
Бұрынғы деуге сияр да емес:
Біз өкшелі бірдеме киген,
Сыртында жылтыр әміркен галош...
Қасын қырқыпты байталдай күзеп,
Ой алдай, десейші, тәп-тәуір қыз ед.
Қауғадай бірдеме «шлап» дей ме,
Киеді өңдеп, өзінше түзеп.
Ұн жаққан бетке, ерінде бояу
Азған адамға амал да жоқ-ау...
Жай ғана диалогке құрылған осы үзіндінің өзінен-ақ оқырман ауыл әйелдеріне, дұрысырағын айтсақ, әйелге тән мінез-құлықтарды өте шебер түрде күлкі етеді. Ондай кісі күлерлік мінезден Дәмештің өзі де құр емес. Ақынның қырағы көзінен ол да қаға берісте қалып қоймайды.
Дәмеш:
«Уа, дариға, қашан теңелер!
Мәдениет орнап, қашан кенелер?»
«Бетіне ұнын бір жағып алып.
«Бір болар» деді, көне бер!»
Бұл төрт жолда өте үлкен поэтикалық контраст. Алдыңғы екі жолдағы үлкен мақсат, аңсаған арман, жақсы ниеттерді соңғы екі жолдағы мещандық әрекет пен «жаны ашымастың қасында басың ауырмас» салқын төзімділік оның алғашқы сөздерін жоққа шығарады. Бұл эпизодтардың екеуіне де күлмей қала алмайсың.
«Өнеге» атты өлеңін алсақ, еңбек сүймейтін, жұмыс жасауға кежегесі кейін тартып, моды қуалауды ғана білетіндерді шенейді.
«...Кәлепкеңнің қоржыны
Сүйем болсын, аршында.
Үсте ақ көйлек, жоқ міні,
Тұрсын айнаң қасыңда.
Дөңгелектеп мұртты сал,
Английский фасонға.
Көк тұқыл қылып сақалды ал,
Қарамай кәрі-жасыңа...»
Жай қарағанда, оқырманына солай істе деп отырған тәрізді. Ал шындығында, лирикалық қаһарманын мінеп, шенеп, күлкіге айналдырып отыр. Әр сөзінің астарлы, ирониялық мәні бар.
Майлиннің «Желдібай Жындыбаев» деген фельетонын оқыған адам лажсыз күледі. Саяси сауатсыз, өркеуде, мақтаншақ, шолақ белсенді қаладан елге өкіл болып шығады. Ол баяндамасын «Мен Желдібай Жындыбаев» деп бастайды. Көп сөйлейді. Бірақ не айтқанын өзі де түсінбейді. Ақыры көпшілік «Өзі де Жындыбаев десе, Жындыбаев екен» деп тарасады.
Адамды мінездеуде көп суреттеп жатпай-ақ, осындай дәл тауып айтылған реплика, бірер сөзбен де кім екенін көрсетуге шеберлік - тек Бейімбет қаламына ғана тән қасиет. «Жындыбаев десе, Жындыбаев екен» деген реплика өкіл Желдібайды оқырмандарына айқын танытады.
Қорытынды
Осы курстық жұмысты қорытындылай келгенде, мен Бейімбет Майлиннің сатиралық шығармалары туралы мәлімет бердім және де ақынның поэзиялық ерекшеліктеріне тоқталдым. Майлиннің ағартушылық, адамгершілік сарыны, туған халқын, Отанын сүйгіш сезімі, қорлыққа, әділетсіздікке төзбеуі, жаман мінез, қылықтар мен әлеуметтік міндерді сынап, сықақ ету дәстүріне, шығармаларына талдау жасалды.
Майлиннің прозасы негізінен ауыл өміріне, оны түбірімен өзгертіп, қайта жасамақ болып өңін айналдырып бара жатқан беймаза мезгіл мінезін бейнелеуге арналған. Мұнда да бас кейіпкер кедей, басым тақырып — кедей тағдыры. Жазушы өзі таныған адам кескінін де, заман келбетін де өзгелерге тек осылар арқылы көркем жинақтап танытты. Сайып келгенде «Бейімбет шығармашылығы дәуіріміздің күнделік жазбалары секілді.»(М.Әуезов) көрінетіні де «Бейімбеттің бір жылғы әңгімелерінің басын қосып жинақ жасаса, олар үлкен кезеңнің сырын да, сынын да сипаттайтын роман тәріздес» (С.Мұқанов) болатын себебі де сондықтан. Осы тұжырымдардың дәлдігін, яғни Майлин мұрасы дұрысында да өз дәуіріндегі өзекті шындықтың көркем шежіресі екенін оның поэзиялық шығармаларын талдап дәлелдедім.