Қорқыт ата

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 11 Февраля 2013 в 13:56, реферат

Описание

Түрік дәстүрін,салтын,әдетін,сенімдерін,басқа халықтардан айырмашылығын, қысқасы, қоғамдық мінездемесін ертегілерінде айтқан,оны бүгінге дейін әдемілеп жеткізген ұлы өнерпаз.Туған, қайтыс болған жылдары белгісіз. Өмір сүрген ғасыры да даулы. Кейбір зерттеушілер оның Әзірет Пайғамбар заманында жасағанын айтады және ғылыми еңбектерінде бұл пікірді дәлелдейтін дастан бөлімдерін келтіреді.

Работа состоит из  1 файл

Қорқыт ата.docx

— 32.19 Кб (Скачать документ)

 

Дүниетанымдық, тәлім-тәрбиелік  мәні зор ұлттық педагогикамыздың бастауы  болып табылатын Қорқыт атаның жырлары  мен өсиет сөздері, күйлері мен  аңыз әңгімелері жалпы адамзаттық тәрбие ұлағаттарына үлкен үлес болып қосылады. Қорқыт ата- халық ұстазы болды. Әулие  атамыздың асыл мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, қасиетті еңбегінің  қадірін арттырып, қастерлей береміз. Өйткені, ол- этностық тәлім-тәрбиенің алатын бастауы деп білеміз.   

 

"Қорқыт ата кітабында”  және "Қорқыт жырларында” Қорқыт  айтқан афористік қорытындылар  да бар. Мысалы: "Атасыз ұл  ақылға жарымас, анасыз қыз  жасауға жарымас”,  "Ақын тілді,  ат тұяқты келеді”, "Ескі темір  біз болмас, ескі мақта бөз  болмас, ежелгі жау ел болмас, өткен өмір оралмас, өлген кісі  тірілмес”, "есекті жүгендегенімен  жылқы болмас,”, "қорқаққа қылыш  жұмсаудың қажеті жоқ” т.б.

 

Қорқыт ата- дана, ақылгөй  ата болуымен бірге дарынды жырау, майталман күйші, қазақтың музыка аспаптары  қобыз мен домбыраны алғаш  жасаушысы, өз заманының кемеңгер ойшылы. Қорқыт ата өз ел-жұртының аянышты  ауыр халін көріп, одан елді құтқаруды, мәңгі бақи өлмейтін бақытты өмірді аңсайды, төңіректің төрт бұрышын кезеді. Бірақ көктемде жапырағы жайқалып шешек  атқан шөптердің қүз келісімен  сарғайып солғанын, бір заманда аспанмен тілдескен асқар таулармен мыжырайып  шөгіп бара жатқанын, мәуелі ормандардың  жапырағы төгіліп, қайғымен қамығып  бас шайқағанын көреді; адамзат, жан-жануардың  мұң-зарын естиді. Ол қайда барса  да көр қазып  жатқандарға жолығады, ол ең ақырында: дүниеде өзгермейтін  еш нәрсе жоқ, "сынбас темір жоқ, өлмес өмір жоқ” деген қорытындыға  келеді де, өлмейтін өмірді халықтан іздейді. Өмірінің соңғы кезін домбыра-қобыз  тартып, күй шығарумен өткізеді. Ең ақырында қобыз күймен көз жұмып, артындағы ұрпаққа өлмес күйлерін қалдырады”.("Қорқыт жыры”, "Мұра журналы, 1982ж.і-саны). "Қорқыт күйлері” дейтін күйлер қазақ халқы арасында күні бүгінге дейін ардақталып, ойналып  келеді. Қорқыт жырының қорытындысы: "өмір барда өлім бар, өзгеру бар, өлмес өмір жоқ,  сынбас темір  жоқ, бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады, тек мәңгі-бақи өлмейтін, ұмтылмайтын  нәрсе адамның өмірінде істеген  игілікті ісінің нәтижесі” дегенді  аңғартады.

 

Қорқыттың музыкалық-этнографиялық  мұрасы-достық елдерді мекендейтін  түркі тілдес халықтардың барлығының ортақ игілі болып табылады. Аталған  шығармада тәлімдік мәні күшті афоризмдер, қанатты сөздер мен ұстаздық ұлағаттар  көптеп кездеседі. Бұлар тарихи-этнографиялық  тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге  осы аймақтағы халықтардың ілкі ортағасырлардағы тәлім-тәрбиелік  ой-пікірлерінің өзіндік ерекшеліктерін бейнелейді. Қорқыттың есімі  көшпелі  қазақ жұртының арасында ерте заманнан-ақ ерекше қастерленген. Сондықтан да халық:

 

"Жыраудың үлкен пірі - Қорқыт ата,

 

Бата алған барлық ақын асқан ата.

 

Таңдалып жұрттың бәрі тұрады екен,

 

Қобызбен Қорқыт ата күй  тартқанда,” – деп  тегін  жырламаған.

 

Қорқыт атадан қалған бір  сөз мынандай: ”Тәңірге  сиынбаған  адамның тілегі қабыл болмайды. Тәңірісі құрамаса, ешкімнің бәрі екеу болмайды. Тәңірі пендесінің маңдайына не жазса, сол болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейді, ажал келіп, өлмейді. Өлген тірілмейді, кеудеңнен жаның  кетсе, ол қайтып келмейді. Жігіт тірісінде  қаратаудай қылып, бір күн тыным  көрмей дүние жияды, байды. Бірақ  соның ішінен ол өзіне тиісті үлесін ғана жейді. Су тарам-тарам болып  қаншама тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды. Менмен, тәкаппар адамды тәңірі сүймейді. Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға тәңірі бақ  бермейді. Өзіңнен тумаса ұл өгей: қаншама  бағып, қаққанмен ол саған ұл болмайды. Ер жетіп, ат жалын тартып мінген соң  өз жөніне кетеді, бәлки ол тәрбиеленген адамға көрдім-білдім деген сөзді  де айтпас. Баланы балғын шағынан бастап оқытып, жақсылап тәрбиелеу, яғни кішкентайынан  тіл алғызу, үлкендерді сыйлауға, ата-ананы  қастерлеуге үйрету. Қорқыт атаның асыл сөздерінің көбінде тәлімдік идеялар  ұшырасады. Өскелең ұрпаққа ақыл-ой, адамгершілік тәрбиесін беруге ерекше көңіл бөледі.

 

 

 

Қорқыт атаның нақыл сөздері

 

 

 

Ажал уақыты жетпейінше, ешкім  де өлмес. Өлген адам тірілмес. Ер жігітке  қара таудай мал бітсе, жияр, көбейтер, талап етер, бірақ несібесінен  артығын жемес. Көңілі пасық ерде дәулет болмас. Жат баланы қанша  сақтасаң да ұл болмас. Ол  ішіп-жер, киер де кетер, бірақ көрдім демес. Мыңғырған  мал жиғанмен адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай  бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге де жарамайды.

 

Жол қиындығын көрмеген, жабы мінген жігітке Қап тауының арғымағын  мінгізуден пайда жоқ. Адам ішпес  ащы судың жылға қуып ақпағаны жақсы. Атаның атын былғаған ақылсыз  баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып, тумағаны жақсы. Ата даңқын шығарып, өзінің тегін  қуған балаға ешкім жетпейді. Өтірік сөз өрге баспайды.

 

Қорқыт тұлғасы халқымыздың  мәдениетінің дамуындағы көп ғасырлық желісі жалғастырып, оның мұрасы арқылы өткен ұрпақпен рухани байланысқа түсе аламыз. Әсіресе , тарихи дамудың бабамыз  өмір сүрген дәуіріндегі салт-дәстүр, құндылықтар мен мінез-құлық қалыптарының өзіндік ерекшеліктерін түсіндіру тұрғысынан алып қарағанда "Қорқыт ата кітабының” халқымыздың тәлім- тәрбиесі тарихындағы алатын орны айтарлықтай екендігі даусыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорқыт, Қорқыт ата – (8 ғ., т. ө. ж. белгісіз, қазіргі Қызылорда  обл., Қармақшы ауд.) – ақын, асқан  күйші, аңыз кейіпкері. Тарихи деректер мен халық шежіресі бойынша, Қ  – тың анасы қыпшақ тайпасынан, ал әкесі Қарақожа оғыздардың Қамы (Қайыспас) деген атасынан шыққан. Сондықтан  Қ. оғыз бен қыпшақтар арасында бірдей кемеңгер ел ағасы болып өткен. Ватикан  архивінде Қ. туралы «Расул пайғамбар  заманына жақын кезде (7 – 8 ғ.) Баят (Сырдария) бойында Қорқыт ата атты бір ер болыпты. Оғыз ішінде барлық уәлаятты ол өзіне қаратып, неше түрлі ғажайып  сөздер сөйлеуші еді. Қорқыт ата оғыз қауымының мүшкіл халін сөйлер еді. Әрине ісі болса, бәрі оның алдына келіп кеңес сұрап, ол не бұйырса  соны қабыл етер еді» деген дерек  бар. Жазба ескерткіштердегі деректер бойынша Қ. 95 (кей деректер 195) жыл  жасаған қарт данышпан. Қ. өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарған. Тарихта Қ. ықпалында болған Инал, Көл – Еркен, Қаңылқожа деген  хан аттары аталады. Ал бұл хандардың  Жетісу (Алмалық, Ыстықкөл), Талас, Сайрам, Қазығұрт, Қаратау, Сыр бойы, Орт. Қазақстан (Ұлытау, Кішітау, Есіл, Нұра, Сарысу), Торғай өлкесі, Ертіс бойы мен Алтайда  әкімш. құрғандығы тарихтан белгілі. Қ. осы тұста әлеуметтік жора (заң) негізін  жасап, оны: ата–баба жасаған мекенді  ұйық деп білу, оны сыртқы жау  шабуылынан қорғау, жер–суды белгілі  тәртіппенен пайдалану, дау–жанжалды ақылмен шешу, кіналы болған адамды жазалау сияқты салаларға бөледі. Сондай–ақ халық әскерді сапқа  тұрғызғанда ортасына алқа– қотан  етіп, екі қанатын оң қол, сол қолға  бөлу, халық жиналыстарында тәртіппен  отыру, ас–той үстінде мүше беріп, шүлен  таратқандағы тәртіптердің бәрі де Қ. жасаған аталық заңға (жораларға) жатқызады. Ел аузында «Қ. айтты» деген мәтелдер жиі кездеседі. Мыс., «Ескі мамық  бөз болмас, Кәрі дұшпан дос болмас. Өлген кісі тірілмес, Өткен қайтып келмес», «Шөлді жердің отын киік білер, Сулы жердің қадірін құлан білер, Ұзақ жолдың сырын түйе білер, Шытырманды тау қойнауын түркі білер» т. б. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, Қ. асқан күйші ғана емес, қазақ  музыкасының, ән – күй өнерінің атасы. Оның шын мәніндегі күйші –  композитор болғандығын ел ішінде сақталған  «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны»  атты муз. шығармалары дәлелдейді. Қойлыбай бақсы, Нысан абыз, Мекеш бақсы, Найман бала жырларында Қ. аты олардың ұстаз-пірі ретінде жиі аталады. Мыс., «Жыраудың  үлкен пірі Қорқыт ата, Бата алған  барлық бақсы ата. Таң қалып жұрттың  бәрі тұрады екен, Қобызбен Қорқыт ата  күй тартқанда»,-деген жыр тармақтары мұра қалдырған Қ-тың әдеби–муз. мұрасы тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі тектес халықтарға ортақ асыл қазына (Қ. «Китаби дәдәм Қорқыт»). Оның мазары соңғы кезге дейін Сырдария өзенінің жағасында сақталып келеді (қ. Қорқыт мазары). Қ. ел аузында таралған аңыздарда білмейтін, мәңгі жасайтын өмір іздеуші ретінде суреттеледі. Аңызда Қ. желмаяға мініп алып, өлмейтін жер іздеу үшін дүниенің төрт бұрышын түгел аралайды. Бірақ оның алдынан шыққан көк майса «қуарып солдым» деп, аспанмен тілдескен асқар тау «Бұрын сәулетті едік, мыжырайып біттік» деп мұңаяды. Жапырағы сарғайған қара орман қайғымен басын шайқайды. Ол қайда барса да, көр қазып жатқандарға кездеседі. Қ. өлімге қарсы ем іздеуге әрекеттенеді, бірақ ол еңбегінен де ештеме шықпайды. Соңында «Өлмейтін нәрсе жоқ екен» деген қорытынды жасап, өмірінің кейінгі кезін қобыз тартумен өткізеді. Өлмеуді, мәңгі өмірді қобыз үнін іздейді. Негізінде, өлімге қарсы күрес ислам дінінің жораларымен сыйыспайды. Сондықтан аңыз Қ. атына байланысты айтылғанымен оның шығу, таралу тарихы түркі халықтарына ислам діні тарамай тұрған кезге саяды. Сол сияқты шумер халқының атақты дастаны «Ғылғамыш» («Гильгамеш») пен Сібір түркі халықтары арасында кең тараған «Ерлікхан» әңгімесінде де Қ. туралы аңыздағыдай өлімге қарсы күрес суреттеледі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 Қорқыт  ата  (VІІІ-ІХ)

 

 

Қорқыт ата — халық  қамқоршысы, ақын, күйші, дарынды данышпан. Ол қазақ жерінде (Қызылорда облысында) ҮІІІ-ІХ ғасырда өмір сүріп,  көптеген жырлар мен күйлер шығарып, тәлім-тәрбиелік  мәні зор өсиет қалдырған. Ал, Қорқыт ата  туралы ұзақ жылдар бойы зерттеген  ғалым Ә.Марғұлан төмендегідей пікір  айтады: "Қорқыт тарихи дәуірлерде Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан данышпан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын (ұзан), болашақты болжап сөйлеген сәуегей  кісі болған. Ол кісі туралы айтылатын  қария сөз Азиядағы түрік тілдес елдердің көбінде бар. Бірақ қазақ  халқы ескі оғыз-қыпшақ тайпаларының тарихи қонысына мирас болған, олардың  түбегейлі ұрпағы болғандықтан, Қорқыт туралы айтылатын тарихи жырлар, аңыз-легендалар, ән-күйлер қазақ пен түркімендерде  көбірек жолығады".

 

Тарихи деректер мен халық  шежіресі бойынша, Қорқыт — сегізінші  ғасырда Сыр бойында өмір сүрген батыр, атақты ақын, асқан күйші, аңыз кейіпкері. Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасынан, әкесі Қарақожа оғыздарынан  екені мәлім. Міне, сондық-тан да Қорқыт қыпшақтар мен сол кезде  Сырдария бойын жайлаған оғыздар  арасында екі жаққа бірдей ел ағасы  атанған. Данышпан қарттың үзақ жылдар бойы ел басқарған көсем болғанын, өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарғанын дәлелдейтін тарихи деректер бар. Ал, оның теңдесі жоқ  күйші-композитор болғандығын халық  жадында сақталған "Қорқыт ата  күйі", "Қорқыт сарыны", т.б. музыкалық  шығармалары дәлелдейді. Қазақ арасынан шыққан атақты күйші-бақсылар, ақын-жыраулар өздеріне Қорқыт атаны пір-ұстаз  тұтқан. Олар өздерінің өлең жырларын бастар алдында, алдымен Қорқыт атаның есімін ауызға алуды шарт деп білген:

 

Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата,

 

Бата алған барлық бақсы  асқан ата.

 

Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен,

 

Қобызбен Қорқыт ата күй  тартқанда.

 

Ел аузындағы аңыздардан Қорқыт ата өзінің жүйрік желмаясына мініп алып, халқына мәңгі жасайтын жерұйық іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші, өлім дегенді білмейтін  ғажайып қайсар жан ретінде суреттеледі. Әйтсе де ол өмірінің соңында "өлмейтін нәрсе жоқ екен" деген пікірге  келеді. Енді Қорқыт ата мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді. Ұлы  күйші, кемеңгер жырау өзі іздеген  мәңгілік өмірді шынында да тапқан секілді. Қорқыт атаның жан тебірентерлік  сиқырлы күйлері, ұлағатты ғибрат сөздері, әрбір жолы мақал-мәтелге айналып  кеткен өлең-жырлары ұрпақтан-ұрпаққа  асыл мүра, мәңгілік қазына ретінде  ауысып, мың жылдан астам уақыттан бері өмір сүріп келе жатыр.

 

Қорқытты асқан күйші, ақылгөй, данышпан, атақты жырау деп, мазар-күмбезіне (қорым, пантеон) бас  ию сонау оғыз-қыпшақ заманынан басталады. Қорқыттың мазарын (қазіргі Қызылорда  облысы, Қармақшы ауданында) халық сан  ғасырлар бойы қадірлеп, оны Қорқыт атаның күй тартатын жері деп басына күзетші, шырақ жағушы адам қойып  жүрді. Қоркыт ата күмбезі шамамен  ІХ-ХІ ғасырларда салынған.

 

Қорқыт  - жыр мен күйдің атасы, ерте кезде оғыз, қыпшақ және қаңлы тайпаларын басқарған данышпан кісі бейнесінде VIII-IX ғасырларда-ақ аңыз кейіпкері болған жан. Қорқыт ата  жөніндегі жыр-дастан алғашта қыпшақ даласы мен Сыр бойында туып, халық  эпосының дәстүрі бойынша сан  ғасырлар бойы ауызша айтылып келген. Тек XVI ғасырда ғана Қорқыт есімімен байланысты бұл дастан қағазға түсірілген.

 

"Қорқыт ата кітабы" - түркі тектес халықтардың ежелгі  тарихын, байырғы тұрмысын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ақындық дәстүрін  танытатын эпикалық, әрі тарихи  мұра.  «Қорқыт ата кітабының»  бір қолжазбасы Германиядағы  Дрезден қаласында, екінші қолжазбасы  Ватикандағы (Италия) Аростолика  кітапханасында сақталып келеді. Бұл қолжазба 6 жырдан құралган (жалпы  толық қолжазба 12 жырдан түрады).

 

Қорқыт ата хикаясы - \/ІІ-\/ІІІ  ғасырларда Сырдария бойын мекен  еткен оғыз-қыпшақ тайпалары арасында туып, сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа  тараған, рухани қазына ретінде бүгінгі  күнге дейін өзінің әдеби, тарихи, этнографиялық, т.б. мәнін жоймаған, аса құнды көркем туынды.

 

            "Қорқыт ата кітабындағы"  батырлық жырлар арқылы  ақын  жастарды ерлікке тәрбиелейді,  елін қорғауға, әділетті адал, мейірман  азамат болуға  баулиды ("Бәмсі-Байрақ" жыры,т.б.).

 

         Кітаптағы  "Ат түяқты келеді, ақын тілді  келеді", "Есекке қанша жүген  салғанмен ат болмас", Анасыз  қыз ақылға жарымас, әкесіз  ұл сыйға жарымас".

"Тәкаппарды тәңір сүймес", "Өтірік сөз өрге баспайды", т.б. мақалдары

арқылы оқушыны адамгершілікке, әдептілікке, имандылыққа тәрбиелейді.

 

            Қорқыт ата: "ниеті құрыған  әйел, нысапсыз әйел, кесір әйел" сияқты әйелдің түрлерін салыстыра  сипаттап, әйел-ананың қоғам дамуына  негіз болатындай ұлағатты болуын  уағыздайды.

 

         "Үйсін  - Қожаұлы Секрек туралы жыр"  деген шығармасында әдептілік  пен ерлік әрбір жігіттің қасиеті  болу керек деп уағыздайды.

 

      "Қорқыт  ата" кітабындағы жырлар (аудармада  тек мазмұндары берілген) құрылымы  жағынан қазақ эпостарының тектес  сюжеттерімен ұқсас: әсіресе перзентке  зар болған қарт ата-ананың  қасіретті өмірі жиі кайталанады  ("Дерсеханүлы Бұқаш туралы  жыр", т.б.). Қорқыт жырларында әйел-ананың  ақыл-ойы, ерге беріліп, ел үшін  ерлік жасауы, ана абыройы қастерлене  баяндалады. "Салар Қазанның үйін  жау шапқаны жайындағы жыр"  оқиғасындағы Қазанбектің әйелі  — Бөрте қатынның  жауға шабуылы,  т.б.

Информация о работе Қорқыт ата