Аристотель философия

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 26 Февраля 2013 в 12:25, доклад

Описание

Аристотельдің (б.з.б. 384—322 жылдары) философиясы, бір жағынан, барлық көне грек философиясының қорытындысы іспетті. Ал, екінші жағынан, Аристотель көзқарасы орта ғасыр мен жаңа дәуірдің ғылыми ілімдерінің қайнар бастауы болды. Яғни бұл ұлы ойшыл көне грек данышпандары көтерген мәселелерге жан-жақты талдау жасап, өз заманындағы көкейкесті мәселелерді шешіп беруге ұмтылды. Ол, сондай-ақ, өзінің өмір сүріп отырған заманы әлі де күн тәртібіне қоймаған мәселелерді шешемін деп болашаққа ой жүгіртті.

Работа состоит из  1 файл

Асиртотель философ.docx

— 64.58 Кб (Скачать документ)

Аристотельдің (б.з.б. 384—322 жылдары) философиясы, бір жағынан, барлық көне грек философиясының қорытындысы іспетті. Ал, екінші жағынан, Аристотель көзқарасы орта ғасыр мен жаңа дәуірдің ғылыми ілімдерінің қайнар бастауы болды. Яғни бұл ұлы ойшыл көне грек данышпандары көтерген мәселелерге жан-жақты талдау жасап, өз заманындағы көкейкесті мәселелерді шешіп беруге ұмтылды. Ол, сондай-ақ, өзінің өмір сүріп отырған заманы әлі де күн тәртібіне қоймаған мәселелерді шешемін деп болашаққа ой жүгіртті.

Аристотель философиясында алғаш рет өткен дәуір көзқарасына  терең талдау жасалды. Ол “Метафизика” деп аталатын кітабында философияның негізгі мәселелерінің бірі — болмысты жан-жақты анықтай отырып, өзіне дейінгі ойшылдарға, әсіресе, Платонның философиясына сын ескертпелер айтты.

Бұл жерде біз Аристотель мен Платонның арасындағы сабақтастық  байланысқа тоқталып өткеніміз жөн. Ия, Аристотель — Платонның шәкірті. Ұстазының көзі тірісінде шәкірті, оның шығармаларына сын көзбен қарап, пікірлерін ашық айтпағаны рас. Бірақ кейін келе, өзінің философия жүйесін жасау барысында ол Платонның көзқарасына қарама-қарсы шықты. Аристотельге: “Сен неге көзінің тірісінде ұстазыңа қарсы шықпадың?”- деп айып таққанда, ол: “Платон маған дос, бірақ ақиқат одан да гөрі қымбатырақ”,— деп жауап беріпті деген аңыз бар.

Әрине, аңыз аңыз болып қала береді. Дегенмен, мәселе басқада. Ол Платонды, біздің тілімізбен айтқанда, “өлтіре сынап” отырған жоқ. Керісінше, ол өзінің ұстазымен көзінің тірісіндегідей айтысып, қарсы пікірлерін алдына жайып салып, онымен ой таластырып отыр.

Енді біз Аристотельдің  “Метафизика” деген кітабындағы  Платонға қарсы айтқан біраз пікірлеріне қысқаша тоқталайық. Өйткені, бұл пікірлердің ішінде Платонды сынау ғана негізгі мәселе болып отырған жоқ, сонымен бірге осы ойлар жаңа философияның іргетасын қалайтын келелі мәселелерді қозғады.

Айталық, Аристотель өзіне  дейінгі философтар сияқты, болмыс мәселесіне айрықша көңіл бөле келіп, оны адамның білімімен біте қайнастыра қарастырады. Міне, осы болмыс пен білім негізін ашудағы ұғымдардың қандай рөл атқаратыны жөніндегі мәселе де Аристотельді қатты толғандырады. Бұл мәселе, сонау Сократтан бастап, философияның негізгі көкейтесті мәселесіне айналған болатын. Платон сияқты Аристотель де ұғымдардың өзіне тән ерекшеліктерін көрсетіп, олардың болмысты, табиғатты, ғарышты, тағы басқаларының қасиеттері мен негізгі мәнін түсінуде айрықша құрал екендігін атап көрсетті. Бірақ Аристотель, Платон сияқты, ұғымдар мен идеялар өз алдына дербес өмір сүреді деген ойдан аулақ. Аристотельдің ойынша, осы ұғымдар болмыссыз, табиғатсыз, бізді айнала қоршаған дүниесіз өз дербестігін жоғалтады. Платон ұғымдарды, түрлерді, идеяларды сезімдік заттар дүниесінің мәні деп қарап, оларды бір-біріне қарама-қарсы қойса, Аристотель бұған ашықтан ашық қарсы шықты. Оның айтуынша, мұндай жалған ойдың негізі тарихи жағынан алғанда өзінің бастауын сонау Гераклиттің диалектикалық көзқарасынан алады. Өйткені Гераклит сезімдік заттар дүниесі үнемі өзгеріп, қозғалып отырады деген қағиданы негізге алды. Платон да өзінің философиялық жүйесінде осы Гераклиттің пікіріне сүйене отырып, үнемі өзгеріп, козғалып отыратын сезімдік заттар дүниесіне қатысты ешбір ақиқат жоқ деп есептеді.

Аристотельдің ойынша, Платон сияқты “идеяларды” өз алдына бөлек  болмыс деп, оларды сезімдік заттар дүниесінен бөліп алудың таным теориясына ешқандай пайдасы жоқ. Негізінде, сезімдік заттар мен идеялардың болмыс табиғаты бір ғой.

Ендеше, Платонның бұларды  екіге бөліп, сезімдік заттар дүниесі мен идеялар дүниесі деп атауы ешбір қисынға келмейді. Өйткені, сайып келгенде, Платонның ойынша, қарама-қарсы идеялардың өзі сезімдік заттар дүниесінің көшірмесі, егіздің сыңары сияқты емес пе? Олай болса, Платон екіге бөліп отырған заттардың өзі бір-бірімен бірігудің орнына алшақ кетіп, бізге ешқандай білімнің негізін бермейді.

Сондай-ақ, олар білімнің негізі емес. Платонның айтуынша, “идеяларда” жалпылық бар. Мұндай жалпылық жекелеген сезімдік заттарға да тән. Ендеше, осылай бөліне беретін идеяларда мазмұнның болуы неғайбыл. Өйткені сайып келгенде, жекелеген сезімдік заттарда мазмұн болмай шығады ғой. Айталық, адам “идеясының” әрбір жеке сезімдік адамның ортақ белгілерінің жиынтығынан ешбір айырмашылығы жоқ. Бұл жерде Аристотель өзінің болашақ философиялық жүйесінің негізгі теориясын айқындап беріп отыр. Өйткені Платон өзінің философиясында мазмұн (сезімдік заттар дүниесі) және форманы (сезімнен тыс идеялар дүниесі) бір-бірінен бөліп алып, оларды алшақтатып жіберді. Ендеше, мұндай бір процестің екі жағын бір-біріне қарама-қарсы қою болмыстың мәнін аша алмайды.

Аристотельдің өзінің ұстазына бағыттаған екінші қарсылығында, “Платон  идеялар дүниесін жеке бөліп алып, оның сезімдік заттар дүниесі мен арасындағы байланысты үзіп жіберді” деп көрсетеді. Әрине, Платон олардың арасын қосуға да әрекеттенді. Сондықтан ол сезімдік заттар дүниесі идеяларға біршама “қатысы” бар деп есептейді. Оның бұл түсіндірмесі баяғы замандағы пифагоршPылардың әдісін қайталағаны. Олар заттардың сандарға қатысы бар, яғни соларға еліктейді деген болатын. Мұндай ой желісі мәселені толық шешіп бере алмайды, қайта бұл екі дүниенің арасындағы алшақтықты қайшылыққа әкеліп ұрындырды. Аристотель Платонның идеяларын талдай келе, оның логикалық ілімінің қайшылығын да ашты.

Платон идеяларының логикалық  арақатынасы жөніндегі пікірі, тіпті, қисынға келмейді. Біріншіден, “идеялардың” арасындағы логикалық байланыс, екіншіден, “идеялар” мен сезімдік заттар арасындағы қатынастар қайшылыққа толы. Идеялар арасындағы байланыс жеке идея мен жалпы идеялардың арасындағы қатынас арқылы көрініп, жалпы — жекенің мәні деген қорытындыға тіреледі. Ал идеялар мен сезімдік заттар арасындағы қатынаста зат пен оның идеясы бір-бірінен бөлек тұратын көрінеді. Бірақ заттар дүниесі, Платонның ойынша, “идеялар” дүниесінің бейнелеуі ғана ғой. Ендеше, әрбір заттың және оның идеясының екеуіне де ортақ және жалпы бірдеңе болуы керек. Егер сезімдік заттарға қатысты “идеялар” дүниесі бар десек, онда осыларға қатысы бар “идеялардың” жаңа дүниесі де болуы қажет.

Ендеше, бұл — “идеялардың” өзіне тән екінші дүние. Сөйтіп, Платонның идеялар дүниесін амалсыздан сансыз көбейте беруге болады. Яғни, Аристотель көрсеткендей, идеялар дүниесінен келіп, “үшінші адам” шықты деуге мәжбүр етеді. Ол калай дейсіз ғой? Ол мынандай жағдайға байланысты: “Әуелі жеке сезімдік адам және оның идеясы бар”. Одан соң, осылар бағынатын тағы да бір “идея” бар. Ендеше, бұл идея бірінші идея мен сезімдік адамның арасындағы ортақ жалпылықты қамтиды. Олай болса, ол — “үшінші адам”.

Сайып келгенде, Платонның  идеялар туралы теориясы сезімдік заттар дүниесін түсіндіре алмайды, оның қасиеттерін  ашуға да дәрменсіз. Бұл идеялар заттардың шығу тегін, қозғалуы мен қалыптасуын, пайда болуы мен жойылуын түсіндіріп, оның мәнін аша алмайды. Өз алдына бөлек тұрған идея заттардың қайдан пайда болып, не себептен қозғалып дамитынына жауап беруге дәрменсіз келеді.

Платон идеялар дүниесі  арқылы жаратылыстану саласындағы  себеп-салдарлы байланысты аша алмады. Сондықтан Аристотельдің ғылыми ілімдерге жете көңіл бөліп, жаратылыстану саласымен кеңінен айналысуы Платон философиясындағы қайшылықтардан шығудың жолын іздегендігі деуге әбден негіз бар.

Осы жерде бұл екі ойшылдың көзқарасын бір-біріне тым қарсы қойып, бірін — материалист, екіншісін — идеалист деуден аулақ болған дұрыс.

Мұндай қағиданы тым асыра  дәріптеп жіберуге болмайды. Өйткені Аристотель Платонды сынап, шын мәніндегі басқа бағытқа карай өтейін деп отырған жоқ. Керісінше, Аристотель белгілі бір философиялық мәселені шешу барысында ұстазының қайшылыққа белшесінен батып, одан шыға алмағанын ғана көре білді. Енді өзі белгілі бір жүйе жасау үшін, осы қайшылықтарды қалайда шешуге ұмтылды.

Біз Аристотельдің сынын  ақтайын деп отырғанымыз жоқ. Бірақ дәл осы логикалық-диалектикалық, танымдық-теориялық мәселелерді шешуде, көне грек философиясының алыбы — Аристотель үшін басқадай жол қалмаған еді.

Дегенмен, Платонды сынау  арқылы Аристотель көптеген меселелердің бетін ашып тастады емес пе?

Меселенің өзі осы болып  тұр. Біреуді “мынаны істемеді, мына меселені шешпеді” деп сынау, тағы басқа да себептерді айтып, айыптау оңайырақ. Ал енді сол мәселелерді шешуге бет алған сыншының өзі қайшылықтарға белшесінен батып, тұншығып, шыға алмай қалуы мүмкін.

Сөзіміз жалпылама, абстрактылы  болмас үшін, мынандай мәселенің қойылуы  және шешілуін алайық. Жоғарыда біз  Аристотель Платонға қарсы шыға отырып, мазмұн мен форма, яғни материя мен форма мәселесін көтерді, олардың өзара байланысын ашпақшы болды дедік қой. Ал енді осы екі категорияның (“материя” мен “форманың”) диалектикалық қатынасын талдай отырып, Аристотельдің философиялық жүйесіне көз жүгіртелік.

Аристотельдің анықтамасындағы  “материя” Платонның ұғымындағыдан  әлдеқайда өзгеше. “Материя”, Аристотельдің ойынша, “субстрат” (латын тілінде “негіз”, “астар” деген мағына береді). Ол өзінің анықтаушысынан, формасынан айырылған процесс. Сайып келгенде, бұл материя, субстрат тек қана мүмкіндік күйінде қалады. Бірақ ол мүмкіндіктен шындыққа айналуға тиіс. Сонда бұл процесс қалайша бір-біріне өтеді?

Ең алдымен материя  белгілі бір формаға ие болады. Бұл процесс мүмкіндіктің жүзеге асуы, оның шындыққа айналуы. Ендеше, форма жоқтан бар болмайды, болмыс еместен тумайды. Өйткені болмыс еместен ештеңе де шықпайды ғой. Ал, екіншіден, форма болмыстан да тумайды екен. Егер ол болмыстан пайда болса, онда жаңадан болған нәрсенің бұрыннан да бар екендігі даусыз болар еді.

Сонда Аристотельдің формаға берген анықтамасы, жалпы Платонның идеясын, яғни идеалдықты елестететін болды ғой. Бәрін былай қойғанда, жаңа замандағы К.Маркстің тауарды, құнды, қосымша құнды, тағы басқаларын әрі реалды, әрі идеалды деп анықтағанына ұқсас болып шықты ғой деген ойға келуіміз де мүмкін.

Ол да рас. Шынында да, болмыстың болмауы және шын мәніндегі  болмыс осы Аристотель айтып отырған  форманы көз алдымызға елестетеді. Яғни Аристотельдің тілімен айтқанда, форма әуелгі кезде болмыс “мүмкіндігі”. Ал оның мүмкіндіктен шындыққа айналуы форма болып шығады. Бірақ мәселе мынада. Қалайша болмыс болмыс емеске, одан керісінше айналады, ол ненің әсерінен болады? Оның қайнар көзі қайда жатыр? Аристотельдің айтуынша, шындық болатын болмыс формасы әуел басында өзінің бойына мүмкіндікті сақтайды екен. Өзінің ойын Аристотель былай деп түсіндіреді. Адам әуелгі кезде сауатсыз еді, енді сауатты болды. Оның сауатты болғаны, бұрынғы сауатсыздығынан емес, керісінше, адамның сауатты болғаны, оның бойында сауаттылыққа деген мүмкіндіктің (қабілеттің) бар болғандығынан.

Ендеше материяның, субстраттың  бойында екі жағдай бар. Бірі — онда әлі “форма жоқ”, ол кейін пайда болады, екіншіден, онда болашақта “формаға” айналатын мүмкіндік бар. Бұл бір процестің екі жағы. Бірі — теріс анықтама, ал екіншісі — оң анықтама.

Материя деген ұғым, Аристотельдің  түсінігі бойынша, бір жағынан субстрат, яғни негіз, бірдеңенің ішкі астары. Бұл шын мәніндегі таза мүмкіндік қана деуге болады. Екінші жағынан материя мүмкіндік қана емес, ол іске асқан шындық.

Айталық, егер біз “мраморды” алсақ, ол оз алдына жатқан “материя”, яғни сезімдік зат. Оның осы күйінде химиялық, физикалық, биологиялық ерекшеліктері, қасиеттері бар. Оларды ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл, Аристотельдің тілімен айтқанда, “соңғы материя” болады.

Ал енді оның осы табиғи қасиеттерінен басқа жағына, оның іске асатын мүмкіндігіне көңіл бөлсек, оның шындық жағдайы туады. Бұл мүмкіндікті (ешқандай физикалық, химиялық, биологиялық қасиеттерімен ғана шектелмейтін) ешуақытта да, еш жерде де сезім арқылы қабылдауға болмайды. Ол тек оймен ғана айқындалады. Осындай жағдайға байланысты, оны “белгісіз субстрат” деп атайды. Ал Аристотель өзінің философиясында бұған “бірінші материя” деп ат берді.

Бұл жерде үлкен бір философиялық мән жатыр. Тегі осы “соңғы материя” мен “бірінші материяның” байланысы диалектикалық болуға тиіс. Бірі сезімнің химиялық, физикалық, биологиялық ерекшелігімен дараланса, екіншісі басқа да қасиеттерімен, басқа да сапалық ерекшеліктерімен анықталуға тиіс. Міне, осы ерекшеліктер мүмкіндіктің шындыққа, материяның формаға айналуын белгілеп беретін болғаны.

Аристотельдің бұл пікірі бірін-бірі диалектикалық байланыста ұстап отырған “материя” мен “форма”, яғни мүмкіндік пен шындықтың бір-біріне өтуі, олардың өзара тығыз байланыстылығы басқа бір процестен келіп шығады ма деген ойға әкеп тірейді.

Сонда ол не болды екен? Мүмкін осының бәрі адамдардың іс-әрекетіне байланысты шығар? Аристотель өзінің шығармасында мұндай өзара байланысты, өзара сабақтас ұғымдар тізбегін: мрамор — мүсін — мүсіншіні көрсетіп берді емес пе? Сонда адам ғой негізгі, оның іс-әрекеті де маңызды рөл атқарады екен ғой.

Біз осы ойды терең талдай отырып, мына пікірге ойысамыз. Айталық, мрамор — субстрат материалды зат болса, оның бойында табиғи ерекшеліктерінің бәрі бар. Ал енді осы мрамор мүсіншінің қолына түсті делік. Одан шебердің қолы арқылы тамаша мүсін пайда болады. Сонда бұл ненің нәтижесі? Бұған жауап бере келіп, әрине, Платон мен Аристотель мұны күні бұрын адамның басына ұялаған идеяға байланысты дер еді. Өйткені осы идеяның негізінде ғана мрамордан салтанатты сарайдың, адамның, жан-жануардың мүсіндері, әдемі ыдыстардың, тағы басқа да әсем заттардың өзі пайда болады ғой.

Иә, ол да дұрыс жауап. Дегенмен, Аристотель өз ұстазы Платонның абсолюттік идеясынан гөрі басқаша пікір айтып отыр емес пе? Сондықтан ол осы заттарды, әсем мүсіндер мен салтанатты сарайларды тудыратын адамдардың идеялары ғана емес, олардың қызметі деп есептейді.

Жаңа заманда, капитализм дәуірінде ғана дүниеге, ойлау процесіне енген адамдардың қызметі туралы идея сонау көне грек дәуіріндегі Аристотельдің басына ұялағанына таң қаламыз.

Амал нешік, жағдай солай  болған соң?! Көне грек философиясының жоғары шыңы болған Аристотель өз заманындағы саяси-әлеуметтік, экономикалық қатынастарға терең талдау жасай отырып, ол тіпті құн формасын зерттеуге дейін барды ғой. К. Маркс өзінің “Капиталының” I томында бұл жөнінде: “Ең алдымен Аристотель тауардың ақшалай формасы — құнның жай формасының тек келешектегі дамуы ғана, яғни бір тауар құнының әйтеуір басқа бір тауардан көрінуі ғана деп мүлдем айқын көрсетеді”,— демей ме?!

Информация о работе Аристотель философия