Электрлік торап

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Ноября 2011 в 15:19, курсовая работа

Описание

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Ұлттық мәдениет – халықтың ежелден жалғасып келе жатқан өзіне тән өнері, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, дүниетанымы есебінде қалыптасып, жетіліп отырады. Рухани-мәдени мұраларымызды танып-білуде дәрменсіздік көрсету – қоғамымызда мәдени сабақтастық пен тұтастықтың әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Сол себепті, жастардың бойына ата-бабаларымыздан жеткен тарихи-мәдени мұраларға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу қажет.

Работа состоит из  1 файл

hamitova.doc

— 364.50 Кб (Скачать документ)

   Музей ісіне қатысты тұлғалар мәселесіне келсек, Б.Қ. Санақұлова өзінің «Қазақстан Республикасындағы музей құрылысы мен қызметі (1991–2004 жж.)» атты зерттеу еңбегінде бүгінгі таңдағы музейлердің қызметін сипаттап, Ұ. Ибрагимовтың музейлердің қалыптасуына сіңірген еңбегі, өнегесі мен ұйымдастырушылық қабілеттері туралы атап өткен.

   Қазақстан музейі ісіне қатысты тұлғалар мәселесін көтерген үлкен шаралардың бірі – 2009 ж. қарашада ҚР Орталық Мемлекеттік музейі және ҚР БжҒМ Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлесе өткізген қазақтың көрнекті этнограф ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х. Арғынбаевты еске алуға арналған I - ші Арғынбаев оқулары болды. Негізгі екі бағыттан тұрған конференцияның бірінші бағыты – «Музей – ғылыми зерттеу институты» – деп аталған. Осы бағыт бойынша, музейлерде ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастырудың қазіргі формалары; ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі түрлері; музей және тарих ғылымы; музейлік археология; музейлік этнография және т.б. мәселер қарастырылған. Сонымен қатар, профессор Х. Арғынбаевтың ғалымдығы мен адами қасиеттері; отандық этнология ғылымының қазіргі күйі; қазіргі этнологиялық дискурстегі «этнос», «ұлт», «этникалық қатынастар», «мәдениет», «мәдени дәстүр», т.б. парадигмалар зерделеніп, талқыланған. Мұндай шаралардың, әрине, отандық этнология ғылымының және музей ісінің  дамуына қосар үлесі зор.

   Дегенмен, халқымыздың рухани және заттық мәдениетіне байланысты Ә.Х. Марғұлан мұрасы, оның музей ісіндегі көрінісі әлі толық мүмкіндігінде музей деректерін шендестіру арқылы зерттелмеді. Осы тұрғыда, академик Ә. Х. Марғұланның ғылыми еңбектерінің ұлттық мәдени мұраны танып білудегі және сол мұраның республика музейлері ісінде көрініс табуы, дереккөздік, материалдық және рухани мұраны бір тұтастықта қарастыру арқылы музейлік зерттеулерге бағыт берудегі маңызы тың тақырып деп есептеуге болады.

   Зерттеудің нысаны. Республика музейлерінен көрініс тауып, отандық музей ісінің дамуына айрықша үлес қосқан академик Ә.Х Марғұланның көп қырлы ғылыми мұрасы.

   Зерттеудің  пәні. Ғалымның ғылыми, қоғамдық қызметі, Республика көлемінде түрлі музейлер қорында сақтаулы немесе музей ісінде қолданыста жүрген табылған олжалар, түрлі археологиялық, этноархеологиялық, этнографиялық, фольклорлық материалдар, нақты зерттеу еңбектері мен ашқан жаңалықтары.

   Зерттеу жұмысының деректік негізі. Диссертацияны жазу барысында басты пайдаланылған ҚР БҒМ Біріккен ведомстволық мұрағаты, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мұрағаты, ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағаты қорлары материалдары болды. Сонымен қатар, диссертацияда Павлодар облыстық мұрағатынан алынған, ҚР Ұлттық кітапханасы қорларындағы құнды тарихи-этнографиялық басылымдар, ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасы сирек кітаптар қорынан кітаптар пайдаланылды.

  ҚР  Мемлекеттік Орталық музейі, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты музейі, ҚР Ә. Қастеев атындағы Өнер музейі; Қарағанды, Павлодар облыстық; Семей қаласы облыстық тарихи-өлкетану, Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейлері; Қарағанды облысы, Ақтоғай аудандық музейі, Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейлерінде іздену-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, аталған музейлер қорларынан материалдар зерделенді.

  Ә.Х. Марғұланның жеке мұрағатында жұмыс жасалып, ғалымның қолжазба еңбектері, фотоматериалдар сарапталды. Жеке мұрағаттан алынған қазақтың сал-серілеріне арналған, Шоқан Уәлиханов туралы зерттеу материалдары, «Кеңестік кезеңнің 50 жылы ішіндегі Қазақстандағы этнографиялық зерттеулер» [14] атты мақаласы, «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» жырына байланысты зерттеулері, «Еңбекпен өткен өмір» атты өмірбаяндық қолжазба [15], «Қазақ халқының эпикалық әңгімелері (миф, легенда, ертегі-жыр, аңызды әңгімелер) туралы тарихи-әдебиеттік зерттеулер» атты докторлық диссертациясының микрофильмі [16] т.б материалдар, музейлер  қорынан және экспедициялар кезінде түсірілген кейбір фотосуреттер пайдаланылды. Сонымен бірге, академик Ә.Х. Марғұлан монографиялары, соңғы жылдары шыққан Шығармалар жинағының I–IV томдары, және басқа да ғалымдармен бірлесе жазылған ірі ғылыми еңбектері пайдаланылды [17–21].

  Қазақстандағы этнография, этномәдениет мәселелеріне арналған отандық зерттеушілер Х.А. Арғынбаев, Е.А. Масанов,  М.С. Мұқанов, Р.Д. Ходжаева, В.В. Востров, И.В. Захарова, Т.Қ. Бәсенов, Ө. Жәнібеков, С.Е. Әжіғали, Ш.Ж. Тоқтабаева, А.С. Сейдімбеков, А.У. Тоқтабай, С. Қасиманов еңбектеріндегі көтеріліп отырған тақырыпқа байланысты пікірлері басшылыққа алынды.

  Сонымен қатар ғалымның қызы Д.Ә. Марғұлан дайындаған «Ә. Марғұлан туралы естеліктер», «Ғұлама» атты  Марғұлан туралы естеліктер, мақалалар мен очерктер жинағы,  «Тағылым: Археолог Ә. Марғұланмен кездесу» атты А. Мұсатайұлының естеліктер кітабы т.б. еңбектер пайдаланылды. Сол сияқты халықаралық, республикалық, облыс көлемінде өткізілген ғылыми-практикалық конференциялар, «Марғұлан оқулары» материалдары қолданылды. Еңбекті жазу барысында мерзімді баспасөз беттерінен және республикадағы мәдениет құрылысы тарихы жайындағы құжаттық жинақтардан, Қазақстандағы мәдени құрылыс мәселелерін зерттеуші жекелеген ғалымдардың  зерттеулерінен тиісті материалдар алынды.

  Тақырыпты зерттеудің мақсаты  мен міндеттері.

  Мақсаты: Академик Ә. Х. Марғұланның өмірі және ғылыми еңбектерінің музей экспозицияларындағы алатын орнын және бабаларымыздан мұра болып жеткен тарихи-мәдени заттық және рухани құндылықтарымызды жинап, зерттеп, сақтауда, Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруда  көрсетіп отырған қомақты үлесін ашып көрсету. Осы мақсатқа жетуде мынадай міндеттер алға қойылды:

   - Ә.Х. Марғұланның өмір жолы және ғалымның қазақ халқының әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, ауыз әдебиеті, қолданбалы өнері, олардың тарихы туралы, өнер тарихы, археология, сәулет өнері туралы жазылған құнды да мол этнографиялық, этноархеологиялық мұрасының – жас ұрпақты ұлттық рухта, отаншылдық сезімде тәрбиелеудің басты құралы екендігін атап көрсету;

   - Ә.Х. Марғұланның ғылыми-зерттеу еңбектерінің Қазақстан музей ісіндегі маңызын айқындау;

   - Ә.Х. Марғұланның ғылыми мұрасының музейдің жаңа тұжырымдамалық үлгісін қалыптастыруы және дамуына әсерін ашып көрсету;

   - музейлерде сақтаулы қазақ халқының тарихи-мәдени байлықтарын оң бағалап, оларды халық игілігіне жарату, халқымыздың ұлттық мәдениетін жаһанға танытудағы тарихи-мәдени мұраны зерттеудің ролі және этнографиялық музейтану ісінде Ә. Марғұланның  ғылыми мұрасын зерделеу қажеттігінің маңызын түсіндіру;

   - Отандық музей ісіне еңбек сіңірген тұлғалар мәселесін көтеру;

   Зерттеудің жаңалығы.

    - Қазақстан музейі ісіне қатысты ірі тұлғалар мәселесі алғаш рет зерттеу нысанына алынды;

    - академик Ә.Х. Марғұланның ғылыми мұрасының музей ісіндегі алатын орнын сипаттауға  арналған алғашқы зерттеу еңбек болуы; 

   - Ә.Х. Марғұлан еңбектерінің республика музейлері экспозицияларынан көрініс табуы алғаш рет ғылыми-практикалық жағынан көрсетілді;

   - Музей ісінде негізгі зерттеу объектісі болып қаралатын материалдық құндылықтарды ғана емес, бүгінде музейдің жаңа тұжырымдамалық үлгісінің қалыптасуы деп қаралып отырған музей ісінде материалды емес рухани-мәдени мұраларды жинап, зерттеп, сақтауда  Ә.Х. Марғұланның ғылыми еңбектерінің маңызы алғаш рет зерттелді;

   - Музейлік затты зерттеу барысында Ә.Х. Марғұлан қолданған салыстырмалы-кешенді түрдегі зерттеу тәсілінің алғаш рет отандық музей ісінде маңыздылығы және құндылығы сипатталды;

   - Ә.Х. Марғұлан еңбектерін зерттеу негізінде алғаш рет қазақ этнографиясына байланысты мәлімет (мысалы, ер-тұрман); Қазан төңкерісіне дейінгі Ресей суретшілерінің қазақтардың дәстүрлі мәдениетіне арналған шашыраңқы материалдары (суреттер, картиналар); сонымен бірге,  XIX ғ. 2-ші жартысында Москва, Санкт-Петербург, Омбы қалаларында қазақ шеберлерінің қатысуымен өткізілген этнографиялық көрмелер туралы бұрын-соңды беймәлім болған мәліметтер жүйеленіп, жинақы кестелер түрінде көрсетілді.

   - ҚР Мемлекеттік орталық музейінің археология және этнография залдары, ҚР Ә. Қастеев атындағы  Өнер музейі, Ә Марғұлан атындағы Археология институты музейі экспозициялары және қорларындағы ғалымның шығармашылығына байланысты экспонаттар алғаш рет жүйеленді  (жалпы тізім, тіркелу нөмірлері, т.б.).

   Зерттеудің  әдістері. Зерттеу жұмысында сипаттау, тарихи-салыстырмалы талдау жасау, деректанулық талдау, жинақтау, жүйелеу, т.б.ғылыми-практикалық әдістер қолданылды.

   Зерттеу жұмысының ғылыми-теориялық, әдістемелік негіздері. Ғалымның ғылыми зерттеулерінің құндылығын ашып көрсетуде, көтерілген басқа да мәселелердің сәтті шешімін табуында қазақ тарихы мен этнографиясының көрнекті өкілдерінің ғылыми еңбектері басшылыққа алынды. Басқа да алыс-жақын шетел ғалымдардың ой тұжырымдамалары мен пікірлері бағыт-бағдарлық, теориялық және методологиялық негіз ретінде қолданылып, қажетті тұстарда кеңінен пайдаланылды. Сонымен бірге диссертацияны жазу барысында, музей қорларына байланысты жаңа ұстанымдар және жеке мұрағат деректерін пайдалану ескерілген.

   Зерттеудің  практикалық мәні. Зерттеу жұмысы нәтижелері Қазақстан тарихындағы қазақ этнография ғылымының даму кезеңдерін талдауда, оқулықтар жазғанда, республика жоғары оқу орындарының қазақ бөлімі оқытушылары мен студенттеріне «Жалпы музейтану», «Этнографиялық музейтану», «Мәдениеттану» курстары бойынша мемлекеттік тілде жүргізілетін дәрістік және практикалық сабақтарда қосымша оқу құрал ретінде пайдалануға болады. Зерттеу жұмысындағы айналымға түсіп отырған тың деректерді халқымыздың мәдени даму тарихын, мәдениетін зерттеушілер пайдалана алады. Зерттеуде дәйектелген байламдар бүгінгі музей жұмыстарын уақыт үрдісіне сай ұйымдастыруда ескерілуі мүмкін.

   Қорғауға  ұсынылатын қағидалар.

   - Академик Ә.Х. Марғұланның өмір жолы және ғылыми еңбектері- ұлтымыздың болашағы, қазақтың жас ұрпағын ұлттық рухта, отаншылдық сезімде  тәрбиелеудің басты құралы;

   - ғалымның ғылыми мұрасының еліміздің  музейлері экспозицияларындағы алатын орны, халқымыздың ұлттық мәдениетін жаһанға танытудағы тарихи-мәдени мұраны зерттеудің рөлі мен маңыздылығы;

   - музейдің жаңа тұжырымдамалық үлгісінің қалыптасуы деп қаралып отырған ғасырлар бойы бабаларымыздан мұра болып жеткен тарихи-мәдени мұраларды жинап, зерттеуде Ә.Х. Марғұлан еңбектерінің Қазақстан музей ісінің дамуындағы өзіндік үлесі;

   - Ә.Х. Марғұланның ғылыми мұрасының бүгінгі таңда музейлердің жастарды өткен замандар мен қазіргі кезеңнің мәдени құндылықтарына назар аударуға, солардың рухани әлемін зерттеп, түсіндірудегі ықпалы;

   - академик Ә.Х. Марғұланның археологиялық, жазба, тарихи-этнография-лық, мұрағаттық, музей қорларынан жинаған деректерін шендестіре отырып жазылған құнды еңбектерінің – бүгінгі тарихи-мәдени мұра мәселелерін толық зерттеп, зерделеуге қосқан үлесі.

   Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Диссертацияда академик Ә.Х. Марғұланның өмір сүрген, ғылыми қызмет атқарған (1904–1985) жылдар, сонымен бірге, көптеген еңбектері жарық көріп, ғылыми-практикалық қызметі өз бағасын алып, ғылыми мұрасы көптеген отандық музейлерден көрініс тапқан соңғы 20-25 жылды қоса көрсеткен кең хронологиялық шеңбер қамтылған.

   Зерттеу жұмысының жариялануы мен талқылануы. Жұмыстың негізгі мазмұны мен тұжырымдары негізінен 12 ғылыми мақалада, оның ішінде ҚР БҒМ ҒК бекіткен тізімдегі басылымдарда 7 мақала жарияланып, 5 мақала халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларда баяндалған.

   Диссертация Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Этнология және антропология бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып қорғауға ұсынылды.

   Жұмыстың  құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және көрнекі қосымшадан тұрады.

   НЕГІЗГІ БӨЛІМ

   Диссертацияның  1-ші бөлімі «Ә.Х. Марғұланның өмірі және қазақ халқының тарихын, мәдениетін зерттеудегі ғылыми еңбектері» деп аталады. Бөлімнің 1-ші бөлімшесі ғалымның «Өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері» тақырыбына арналған. Академик Ә.Х. Марғұлан қазақ халқының этникалық тарихын, материалдық және рухани мәдениетін ғылыми тұрғыда өте терең және ауқымды зерттеген, көптеген ортағасырлық көшпенділер ескерткішін бірінші болып ғылыми айналымға енгізген  ғалым. Туған елін өркениет биіктеріне жетелеген ұлт зиялыларының аса көрнекті өкілі. 1925–1929 жж. Шығыстану институтымен, Ленинград университетінің тарих-филология факультетінде қатар оқыған болашақ ғалым осы жылдары қазақ халқының  тарихы мен мәдениетін жан-жақты зерттеп, мұрағат деректерін жинады. Ә.Х. Марғұлан Ленинградтағы Мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының  аспирантурасында оқи жүріп академик С.Ф. Ольденбургтің және А.Ю. Якубовскийдің басшылығымен шығыс елдеріне байланысты деректерді зерттейді. Көрнекті ғалымдар С.И. Руденко, М.П. Грязнов, А.А. Миллер, Н.И. Репниковтер басқарған бірнеше археологиялық, этнографиялық зерттеу экспедицияларына 1926–30 жж. аралығында үзбей қатысқан Ә. Марғұлан ұшан-теңіз білім жинайды [қара: 6].

Информация о работе Электрлік торап