Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Ноября 2011 в 15:19, курсовая работа
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Ұлттық мәдениет – халықтың ежелден жалғасып келе жатқан өзіне тән өнері, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, дүниетанымы есебінде қалыптасып, жетіліп отырады. Рухани-мәдени мұраларымызды танып-білуде дәрменсіздік көрсету – қоғамымызда мәдени сабақтастық пен тұтастықтың әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Сол себепті, жастардың бойына ата-бабаларымыздан жеткен тарихи-мәдени мұраларға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу қажет.
Адамдарды ешкім де музейлік зат беретін ақпаратты қалай оқу керектігіне үйретпейді. Бұл процесс өздігінен түйсік арқылы іске асады. Себебі, «оқып үйрену, зерделеу» қабылдау және музейлік тексті оқу арқылы бір мезетте іске асады. Музей тілінің ерекшелігі – оның сол мәтінді құраушы заттарды қайталауға келмейтіндігінде. «Музейлік затты» қайталаудың мүмкін еместігі – біз сол заманға, сол музейлік зат жасалған уақытқа қайтып бара алмаймыз, уақытты қайтару мүмкін емес. Қазіргі шеберлер қандай да болсын музейлік заттың дәл сондай етіп екінші бір көшірмесін жасайды. Бірақ, бұл көшірмеге қарап біз негізгі түпнұсқаны жасаған шебердің көңіл-күйін, кімге арнағанын, алғашқы қажет еткен ағаш, тері, немесе металл бөлшектері секілді материалдарын қандай жағдайда, қалай даярлағанын, жұмысты жасау барысындағы шебердің қол қимылдарын, оны жасаған құрал-саймандарын бәрін көз алдымызға келтіре алмаймыз. Біз көшірмені қабылдағанымызбен түпнұсқаның құндылығын мойындаймыз. Себебі, әрбір музейлік ескерткіш затта сол заманның, сол дәуірдің, затты жасаған шебердің, оның иесінің өмір тарихы, тағдыры, наным-сенімі, рухы берілген.
Ә.Х. Марғұлан халықтың қолөнеріне арналған үштомдық «Казахское народное прикладное искусство» еңбегін жазу барысында республика көлемінде көптеген музейлер қорында жұмыс жасап, этнографиялық ерекше құнды экспонаттарды суретке түсірді. Бүгінде ҚР Мемлекеттік орталық музейі қорында сақталған, музей экспозициясында көрсетілген әйел адамның сәнге тігілген етегі алтын жіппен кестеленген сәнді көйлегі, алтын жіппен кестеленген бешпент, сырты жібек матамен қапталған, қымбат аңның терісінен жасалған ішікті, жиегі құндыз терісімен көмкерілген, күміс әшекейлермен, коралл тастармен әшекейленген сәукелені, алтын жіппен кестеленген айыр қалпақтарды, Омбы қаласының тарихи өлкетану музейінде сақтаулы қара жібек матаға алтын жіппен сирек кездесетін бөріқұлақ өрнегі кестеленген шапанды Ә. Марғұланның еңбегінен көреміз. Аталған музейлерде сақтаулы әйел адамдардың сансыз әшекей бұйымдары: құстұмсық жүзік, отау жүзіктер, т.б. жүзіктің түрлері, білезіктер, түрлі түймелер мен шолпылар, әшекей белбеулер, қапсырмалар секілді альбом беттерінен орын тепкен әшекей заттары ҚР Мемлекеттік орталық музейі және Ә. Қастеев атындағы Өнер музейі залдары экспозицияларында кеңінен көрсетілген. Ә. Қастеев атындағы Өнер музейінің экспозицияларынан орын алған небір тамаша текемет түрлерін, сырмақтарды, неше алуан басқұрлардың түрлерін көріп қайран қаламыз.
ҚР МОМ-нің этнография залында көрсетілген алтын жіппен кестеленіп, қымбат аң терісімен жиектелген түскиіз, теріден жасалған кілем, түскиіздер, сырмақтар, түкті және тақыр кілемдердің түрлерін, Орталық мемлекеттік музей, Ә. Қастеев атындағы Өнер музейі қорында сақтаулы небір шеберлердің жасаған ер-тұрман түрлерін де Ә. Марғұлан өз еңбегінде көрсеткен және олардың ерекшеліктерін сипаттаған. Ә. Марғұлан еңбегінде көрсетілген өте жақсы сақталған сеңсең тон мен қаптал шапанды ҚР МОМ-нің этнография залынан көруге болады.
Біріншіден, музейлер қорында сақтаулы қолөнер туындылары–талай түпнұсқа заттың құндылығына зерттеушілердің назарын аударды. Екіншіден, зерттеу нәтижесінде заттық деректі тереңірек тану және осы зат арқылы рухани мәдениеттің көптеген қатпарларымен кездесу, табысу мүмкіндігін түсіндіргенін атап айтуға болады. Сонымен қатар, ғалымның этнографиялық зерттеулері экспонаттың мазмұнын ашуда әдістемелік, бағыттағыш негізде көрініс тапқан. Үшіншіден, Ә. Марғұлан отандық музейлер қорында сақталған зор байлықты – жазба деректер мен материалдық ескерткіштерді тарихшылар, жыршылар, әдебиетшілер, этнографтар біріге отырып, салыстыра отырып зерттеудің қажеттігін түсіндірді.
Осы бөлімнің 3-ші бөлімшесі «Ә.Х. Марғұлан еңбектерінің қолөнер шеберлерін анықтаудағы орнын» көрсетуге арналған. Ә.Х. Марғұланның еңбектерінде Қазақстанның барлық аймақтарынан аты шыққан шеберлер туралы тамаша деректер берілген. ХVІІІ ғ. өмір сүрген атақты Бұлан шебердің ХІХ ғ. дәстүрін жалғастырушы, зергер Құлмағамбет Байбақұлының 1868 ж. Буланже түсірген суреті ғалымның еңбегінде көрсетілген [18, 218-б.]. Шебер 1868 ж. Омбы қаласында, 1876 ж. Петерборда өткен этнографиялық көрмелерге қатысқан. Баянауыл, Қарқаралы, Ертіс өңірлерінде талантты шеберлер ұрпағын тәрбиелеген. Қ. Байбақұлының шәкірттерінің есімі ел аузында аңыз, қолөнер туындылары ұрпақтарына мұра.
Ә.Х. Марғұлан зерттеулерінде Қарқаралы өңірінен шыққан зергер Құлыбек Қаржасбаевтың оқушылары Захария Қарынбаев, Қали Қожағұловтар. Шебердің барлық қолданған құрал-жабдықтары інісі, әрі оқушысы Тойғанбай Битібаевта сақталған. Ақмола өңірлерінде Қ. Қаржасбаевтың замандастары – талантты шеберлер Асқар Хақасов, Құйқалақ Құлмұқанов, Апи Құйқалақовтар олардың балалары шеберлер Жұман, Тілепалды, Ойранбай, Омарқазылар темірді өздері өндіріп, өздері іске асырған. Арал теңізі, Сырдария өзені бойы шеберлері – зергер Қарамырза, Алданазар, Жолтай, Ысқақ шеберлер, Қызылорда маңында зергер, ұста Қобын Аманжоловтар өздеріне лайықты шәкірт даярлап қалдырды. Қобын ұста Қарамырзаның тәлімгері, Ысқақ шебер Жүсіп ұста Танабаевты тәрбиеледі, Жолтайдың шеберханасына ұлы Палжігіт иелік етсе, Алданазар шебер де ұлы Әлімбетті шеберлікке баулыды. Торғай өңірінен шебер Б. Түнетов, ұста Ғ. Аманов, әулетімен зергер Жармақ Жұмабаев, зергерлер Қожахмет, Мырзахмет Елікбаевтар, ағаш шеберлері, үйшілер Болат Досжанов, Әбділдә Досмаилов, Естай Тіленов, К. Құқашевтар туралы да жазды. Бір таңқаларлық жай, осы шеберлердің қайсысы болсын жеті аталарынан шеберлікті мирас еткен әрі бесаспап шебер, әрі зергерлік, ұсталық мектебін жалғастырушы, ата жолын қуған, мұрагерлер. Олардың жасаған қолөнер туындыларын түрлі деңгейдегі музейлер экспозицияларынан көруге болады. Мысалы, Ә.Х. Марғұлан еңбегінен аты танымал Н. Кәрібаев жасаған алтын жалатылған ер-тұрман, төсайыл, тоқым, жүген, құйысқан ҚР Мемлекеттік орталық музейінде, Ә. Есалин жасаған күбінің піспегі Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде, ал, шебердің ер-тұрмандары ҚР Мемлекеттік орталық музейінде, Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған. Ә.Х. Марғұланның зерттеу еңбектерінің музей экспонаттарын зерттеу барысында оларды жасаушы шеберлерді анықтаудағы орны ерекше екенін атап көрсетеміз.
2-ші бөлімнің 4-бөлімшесінде «Ә. Марғұланның этномәдени зерттеулерінің дереккөздік маңызы» мәселесі қарастырылған. Музейлерлер қорында жинақталған тарихи-мәдени құндылықтарымызды зерделеуде, бір жәдігерді талдап, түсіну, оның тарихи-мәдени, көркемдік құндылығын ашу үшін, музейде ғылыми-зерттеу жұмыстарын қалыптастыруда ғылыми, тарихи-дерекнамалық, арнайы әдістемелік әдебиеттің рөлі зор. Мысалы, дерек көздерінсіз музейлердегі бай этнографиялық коллекциялар «өлі капитал» күйінде қалатыны даусыз. Ал, Ә.Х. Марғұлан еңбектерінде музей ісін дамытуда қолдануға болатын қазақ халқының өмірін, қолөнерін, өнер мен өмірдегі ұлттық ерекшеліктерін сипаттайтын көптеген әдеби және ғылыми құжат көздері көрсетілген. Олар: а) революцияға дейінгі басылымдарда жарық көрген шетел жиһанкездерінің материалдары; ә) Қазақстан қолөнері туралы революцияға дейін шығып тұрған Ресей журналдарында жарияланған мақалалар; б) Ақмола, Семей және Торғай облыстық ведомостарында, «Дала уалаяты газетінде», «Оренбургский листок» тағы басқа жергілікті басылымдарда қазақ халқының этнографиясына, көркем өнеріне арналған материалдар; в) Кеңес одағы кезінде жарық көрген одақтық басылымдардағы қазақ халқына байланысты үнемі жарияланып тұрған этнографиялық материалдарды көрсетуі.
Ә. Марғұланның «Казахское народное прикладное искусство» атты еңбегінің 1-томының дереккөздік маңызы ерекше. Біріншіден, қазақ халқының қолөнері туралы ертеректе басылған көптеген деректер, құжаттар іріктеліп, реттілікпен баяндалған. Қазақ даласына арнайы ұйымдастырылған жабдықталған академиялық экспедициялар құрамында болған танымал суретшілердің суреттерін, кітапханалар мен музейлер қорында сақталған сурет альбомдары мен фотосуреттерін анықтап, көпшілікке ұсынуы арқасында – кезінде жоғалтып алған асылдарымызды қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Екіншіден, Ә.Х. Марғұлан «Қазақ халқының қолөнерін зерттеп, насихаттау және құнды музей коллекцияларының жинақталуына себін тигізген – үлкен көрмелердің ұйымдастырылуы еді», – деп жазады [18, 17-б.]. Үлкен көрмелердің қай жылдары ұйымдастырылғаны, ұйымдастырылу себептері, өткізілген орны туралы және осы көрмелерде жұмыстары көрсетілген шеберлер мен ұйымдастыруға өз үлестерін қосқан зиялы азаматтардың есімдері туралы деректер жазып қалдырды. Көрмелерде көрсетілген өнер туындыларының қазіргі уақытта қандай музей қорларында сақталғаны туралы деректер келтіреді. Үшіншіден, қазақ халқының өзіндік бітім-болмысын сөз еткенде ұлт мәдениеті мәселелерімен бірге оның тілін де назардан тыс қалдыра алмаймыз. Этнографияда тілтану, лингвистика нәтижелері де кеңінен ескеріледі. Осы орайда Ә.Х. Марғұлан еңбегімен зерттеулері күнделікті тұрмыстағы қолданыстан шығып, жоғалып бара жатқан көптеген зергерлік өнер туындылары мен ою-өрнек атауларының да халқымызға қайта оралуына үлкен ықпал еткенін атап өту керек. Академик Ә.Х. Марғұланның «Қазақ Совет Энциклопедиясына» дайындаған материалдары мен түсініктеме-мақалалары да біздің тақырыпқа аса маңызды.
Ә. Марғұлан еңбектерінің музей ісіндегі аса қажеттігі – бабаларымыздан мұра болып жеткен қолөнер туындыларының қай ғасырда және қай өңірде дайындалғаны, оны жасаған әрбір аймақ шеберлерінің өздеріне ғана тән ерекшеліктері туралы да дереккөздік мағлұмат алу мүмкіндігі. Мысалы, ғалым Эрмитажда сақталған кебенені сипаттау арқылы биліктің символы – қалықтап ұшып бара жатқан қыран құс бейнесіне көңіл аудартты [18, 112-113, 125-бб.]. Осы өрнек түрлерінен бабаларымыз қашанда өз ұрпағының жұлдыздай жарқырап жоғары тұруын, қыран құстай биіктерге самғауын армандағанын көруге болады. Демек, экспонаттың мазмұнын ашу барысындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін және музейлік заттың жеке құжатын толтыруда біріншіден, Ә.Х. Марғұланның этнографиялық зерттеу еңбектерінің маңызын, екіншіден Ә. Марғұлан еңбектерінде көрсетілген музей ісін дамытуда қолдануға болатын қазақ халқының өмірін, қолөнерін, өнер мен өмірдегі ұлттық ерекшеліктерін сипаттайтын отандық және ресейлік әдеби және ғылыми құжат көздері көрсетілуі секілді екі жақты дереккөздік маңызы бар.
«Ә.Х. Марғұланның ғылыми зерттеулерінің «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асырудағы қосатын үлесі» – деп аталатын диссертацияның 3-ші бөлімінің 1-ші бөлімшесінде Ә.Х. Марғұлан еңбектерінің музейдің жаңа тұжырымдамалық үлгісінің қалыптасуына және дамуына келтірген әсері туралы баяндалады. XX ғ. соңы мен XXI ғ. басы қоғамда да, жеке адамдар өмірінде де мәдениетке деген, оның ішінде ұлттық рухани мұраға деген көзқарас қалыптаса бастады. Бұл құбылыс халықаралық құжаттарда, сондай-ақ, халықтардың мәдени құндылықтарын сақтаушы музейлерде да көрініс табуда. Мәдениеттің барлық түрлеріне оның ішінде мәдени мұра мәселесіне ерекше көңіл бөліне бастады. Себеп – дүниежүзілік өркениеттің негізін құрайтын ұлттық мәдениет, қолөнер және олармен тығыз байланысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің азайып, «технизация», «урбанизация» деп аталатын процесстердің көлеңкесінде қалуы. Бүгінгі күні осы рухани-мәдени мұраларға көңіл бөлу музейдің жаңа тұжырымдамалық үлгісінің қалыптасуы ретінде қарастырылады.
Дүниежүзі музейтанушылары рухани, заттық емес мәдени мұраларды үш топта: 1-ші – ата кәсіп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, халықтың би өнері, тұрмыс ерекшеліктері т.б.; 2-ші топ – тіл, әндері, халық ауыз әдебиеті; 3-ші топ – халықтық тәрбие, ағартушылық, тәлімгерлік деп жіктейді [27, 15-б.]. Ал, Ә.Х. Марғұлан қазақ фольклорын, оның ішінде, қазақтың тарихи жыр-аңыздарына сүйене отырып, тарих пен этнографияны байланыстырып, Қазақстанда тарихи фольклорды алғаш рет кешенді түрде зерттеген. Фольклордың этнографиямен тығыз байланысты екенін, олардың өзара этностың тарихын зерттеуде бірін-бірі толықтырып отыратындығын академик Марғұлан өз зерттеулерінде дәлелдеді [7, 144-б.]. Тарихи жыр-аңыздарында қазақ халқының этногенезін және өсіп өрбу жолдарын ашатын кеңес дәуірінде алғаш айтқан ғалымдар қатарына жатады. Бұған ғалымның «Қазақ халқының эпикалық әңгімелері (миф, легенда, ертегі-жыр, аңызды әңгімелер) туралы тарихи-әдебиеттік зерттеулер» атты докторлық диссертациясы, «Ежелгі жыр-аңыздар» атты ірі монографиялық еңбегі дәлел.
Рухани құндылық болып табылатын ауыз әдебиеті туындыларында материалды құндылықтар көркем суреттеліп, екінші жағынан, материалды емес мәдени мұраның тағы бір тобы – ата кәсіп, әдет-ғұрып, халықтың тұрмыс ерекшеліктері көрініс беріп отырғанын айту керек. Ал, Ә. Марғұлан бұл мәселелерді әрқашан кешенді түрде қарастырған.
Екінші топқа жататын рухани мұра саналатын ауыз әдебиеті, халықтың ән-күйлері, тіл өнерін тудыратын ақын-жыраудың, сал-серілер шығармашылығы. Ауыз әдебиеті үлгілерін, әндерді еш өзгеріссіз дәл сол қалпында қайталау мүмкін емес. Осыған дәлел, Ә. Марғұлан зерттеген «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» жырының екі ғасыр бойы жиналып келген отыз шақты вариантының болуы. Бірақ жырдың негізі сақталған. Жырдың қай нұсқасы болсын ұрпақтан-ұрпаққа жеткен өшпес мәдениеттің ұлы мұрасы. Бұл жыр-аңызда негізінен халықтың көне замандағы әдет-ғұрып салты айтылған. Ә.Х. Марғұлан тарихи жыр-аңыздарға, хикаяларға, шежірелерге жаңа ғылыми тұрғыдан алғаш рет терең қарастыруға жол ашып берді, қазақ халқының тарихын тарихи жыр-аңыздар арқылы көрсете білді және жинап, талдап олардың алғашқы хронологиясын жасады. «Рухани мұраны сақтаудың бірден-бір жолы: тәлімгерлік, әке жыршыдан – бала жыршыға мирас етіп қалдыру» – деген пікірді Ә. Марғұлан жазды [7, 150-б.].
Қорқыттың толғау айту дәстүрін, оның эпикалық жырын, күйін, сарынын, нақыл сөздерін мұра етіп, оны біздің заманымызға жеткізген жырауларды Марғұлан төрт топқа бөліп көрсетті. Қорыта келсек, бүгінгі жаһандану кезеңінде жеке тұлғаны тәрбиелеуде адамгершілік қасиеттерінің негізін қалайтын ұлттық рухани мұраға деген музейге келуші жастардың көзқарасын қалыптастыруда және музейдің жаңа тұжырымдамалық үлгісінің қалыптасуы мен дамуына жоғарыда келтірілген Ә. Марғұлан зерттеулерінің әсері зор. Мұны мәдени мұраның музейдегі заттық құндылықтарды жандандыру, көрермен мен белсенді байланыс орнату мәселесін шешудегі рөлінен көруге болады. Сонымен бірге, музейге келуші жастарға экспозициядан көрген материалдық құндылықты дұрыс қабылдап, мән-мағынасын түсінуге талаптандырып, мәдени танымдық дәрежесін көтеру, өзіндік пікір қалыптастыруға көмегін тигізеді.
Диссертацияның 3-ші бөлімінің 2-бөлімшесі «Ә.Х. Марғұланның қазақ фольклорын зерттеулері және олардың музейлерде насихатталуы» мәселесіне арналған. Ә. Марғұлан қазақ фольклорын, әдебиет түрлерін зерттеуге көп көңіл бөліп, жүзге тарта мақалалар жазды. «Қазақтың ерлік жырларындағы тарихи қоғамдық сарындар», «Қазақ эпосының өзіндік характері мен оның тарихқа қатынасы» еңбектері қазақ әдебиеті, оның ішінде ауыз әдебиеті саласында теңдесі жоқ тұңғыш зерттеулер. «Қазақ халқының эпикалық шығармалары» зерттеу еңбегі – қазақ фольклористикасына қосылған зор үлес, бұрын-соңды белгісіз болып келген көптеген мәселелерді ашқан ғылыми жаңалық болды. [4, 85-б.].