Көне Шығыс мәдениеті

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 11 Марта 2012 в 17:06, лекция

Описание

Мәдениеттің тууы бір уақытта пайда болған зат емес. Ол пайда болу мен қалыптасудың ұзақ процесінен өтті және сондықтан дәл мерзімі жоқ. Алайда осы процестің хронологиялық шеңберлерін анықтауға болады. Егер қазіргі түрдегі адам – homo sapiens шамамен 40 мың жыл бұрын пайда болса, онда мәдениеттің бірінші элементтері одан ерте 150 мың жыл бұрын пайда болды. Бұл жағынан мәдениет адамнан үлкен. Бұл мерзімді одан әрі 400 мың жылға жылжытуға болады.

Работа состоит из  1 файл

Көне Шығыс мәдениеті.doc

— 198.50 Кб (Скачать документ)

Басқару жүйесі мен қоғамдық салттық нормаларда іске асырылған рухани мәдениет типі дүниеге көзқарас жиынтығының жалпы ұтымды бөлігі болды, әлеуметтік және табиғи тәртіп бірлігі, тұрмыс толықтығы мен жеткіліктілігі, табиғи өзі жетілетін тәртіп ретінде табиғи тәртіпті мойындау негіз болды. Ақыл-парасат міндеті оны өзгерту және бұзу емес, жалпы Жолмен (Дао) жүру болып табылады. Бұл идея ұлы қытай данасы, мыңдаған жылдар өтсе де құнын жоймаған діни-мифологиялық жүйені жасаушы Конфуций еңбегінде көрсетілген (Кун-Фу-Цзы, б.з. дейінгі 551-479 ж.ж.). «Билеуші билеуші болады, бодан бодан болып қалады, әке - әке, ұл – ұл болады». Конфуций негізгі рақымшылдар адалдық, тыңдау, ата-ана мен үлкенді құрметтеу деп санады. Ата бабаға табыну, ежелгі дәстүрлерді, жораларды сақтау (қытай рәсімі) Конфуций бойынша – идеал қоғамды қалыптастыру негізі. Осы қоғамды құру үшін әрбір адам өзіне талап қойып, барлық ережелер мен канондарды сақтау керек. Сонымен конфуцийлік дін емес, моральдық-саяси доктрина болып табылады. Ол қытай мәдениетін бейнелеп, қытай тұрмыс салтының негізі бола отырып, әкімшілік жүйе мен әлеуметтік және экономикалық процестерді реттеу функциясын атқарады.

Даосизмді жасаушы Лао-Цзы – «Қарт дана» (аңыз бойынша ол 200 жыл өмір сүрген) болып саналады. Оның пікірінше барлығы әбігершілік. Даоның ізімен жүру керек (сөзбе-сөз аударғанда жол), адам Жердің ізімен жүреді, Жер Аспанның, Аспан Даоның, ал Дао табиғидың ізімен жүреді. Философиялық даосизм адам заттардың табиғи тәртібін өзгерте алмайды деп санайды, сондықтан адамның еншісі - оқиғалардың табиғи барысын сырттан бақылап, Даоға қол жеткізу. Даосизмді жақтаушылар белсенді әрекеттен бас тартуды насихаттап, «әрекетсіздік» теориясын ұсынады. Олар әлем адам сияқты тоқтаусыз өзгерістер процесі деп санады, сондықтан тану мүмкін емес. Басты шарты – жолды бұзбау, әлемдік ырғақпен қарама-қайшылыққа келмеу, дүниеге қосылу, оны тыңдай білу.

Қытайдың барлық діни жүйелерінің ортақтығы бар: барлығына үлкендер мен ата бабаларды құрметтеу, отбасыны тыңдау, «әрекетсіздік» идеясы, шындыққа сырттан қарау қатынасы тән болды. Адамның тұлға ретінде өзіндік құндылығы болған жоқ, қоғам «тұлға – мемлекеттік пен ұжымдық алдында ештеңе емес» деген принцип бойынша өмір сүрді.

Ежелгі Қытайдың рухани өмірі туралы қазіргі түсініктер жазба көздерге негізделген. Б.з. дейінгі XV ғасырда Қытайда 2000 аса иероглифтен тұратын иероглифтік жазудың дамыған жүйесі болды, б.з. ІІІ ғасырында олар 18 мыңға жетті. Б.з. дейінгі І мыңжылдықтың басына жататын «Әндер кітабы» мен «Өзгерістер кітабы» әдебиеттің ежелгі ескерткіші болып саналады.

Қытайлар ұзақ уақыт жібекке табиғи бояулармен жазды, біздің заманымызда тушь пен қағазды ойлап тапты. Қолданбалы өнер де дамыды: қола айналарды жасау, нефрит пен сүйекке ою жасау, керамика, б.з. IV ғ. Қытайдан шет жерлерге де белгілі болған фарфор ойлап шығарылды, алуан лакты бұйымдар пайда болды.

Қытай сәулеті қызықты да ерекше. Ел біртұтас орталықтандырылған мемлекетке біріккен уақыт (б.з. дейінгі 221-207 ж.ж.) Ұлы қытай қабырғасының негізгі бөлігін салумен есте қалды, ол біздің заманымызға дейін жартылай сақталып қалды.

Сәулеттегі табыстарға математиканың дамуы себепкер болды. Б.з. дейінгі V ғасырда қытайлықтар тікбұрышты үшбұрыштың қасиеттерін білді. Олар тарихта бірінші рет теріс сандар ұғымын енгізді, б.з. дейінгі ІІІ ғасырда магнитті аспап, компостың алғашқы түрін, су диірменін ойлап тапты, астрономия дамыды. Олар жылды 12 айға, айды 4 аптаға бөлді. Б.з. дейінгі V ғ. 800 шыраққа жұлдыздар гороскопы жасалды, олар аспан күмбезін 28 шоқжұлдызға бөлді. Б.з. дейінгі 28 жылы қытайлықтар адамзат тарихында бірінші рет күндегі дақтарды суреттеп берді, астроном Чжан Хэн әлемдегі алғашқы айналатын жұлдыз глобусын жасады.

Медицина едәуір табысқа жетті. Б.з. дейінгі ІІ мыңжылдықта қытайлықтарға екі ондық музыкалық аспаптар белгілі болды: барабан, дабыл, сыбызғы, металл қоңыраулар, ішекті шертпелі аспаптар, үрмелі – бамбуктен, балшықтан жасалған және басқалар. Б.з. дейінгі бірінші мыңжылдықта арнайы сарай маңындағы музыкалық қызмет құрылады, сонымен мәдениеттің барлық сфералары реттеуге бағынып, мемлекеттің билігінде болды.

Ежелгі Үндістан – адамзат өркениетінің жоғары деңгейдегі мәдениетінің ежелгі ошақтарының бірі.

Үнді мәдениеті мен ғылымы б.з. дейінгі IV –IIғ.ғ. – б.з. VІІІ ғ. өркендеді. Осы кезеңде есептеудің ондық жүйесі, цифрлерді жазу түрі (кейінірек өзгертілген түрде араб цифрі деп аталған) жасалды. Квадрат және куб түбірлерді шығару, “р” санын есептеу (3.1416…), арифметикалық және геометриялық прогрессиялар, тригонометрия мен алгебра негіздері белгілі болған. Астрономдар жылды 12 айға бөлген, әр айда 30 күннен болған, жылдар 6 маусымға бөлінді. Әр бес жыл сайын 13-інші ай қосылып отырды. Жер шарының әр алуан ендіктерінде күн мен түн ұзақтығының айырмашылығы белгілі болды. Ежелгі үнді астрономдары Жердің шар тәрізді екендігін білді, оның өз осінің бойымен айналатындығын болжады. Химияны білу қышқылдар, бояулар, дәрілер, иіс су, цемент, тұздар жасауға, металдарды білу сынаптан күрделі аппараттар дайындауға мүмкіндік берді.

Б.з. дейінгі ІІ мыңжылдықтың аяғы - І мыңжылдықтың басынан бізге ежелгі үнді діни әдебиеті –Веда ескерткіштері жеткен. Шамамен б.з. дейінгі 800 жылы пайда болған упанишадтар индоарийцтердің діни түсініктерінің дамуында келесі қадам болып табылады. Эпикалық әдебиеттің негізгі ескерткіштері “Махабхарата” мен “Рамаяна” болды, олар б.з. бірінші ғасырларында санскритте жазылған, бірақ олар б.з. дейінгі IV ғасырда пайда болған.

Үндістанның ежелгі тарихының көптеген құпиясы ашылмаған. Алайда б.з. дейінгі ІІ мыңжылдықта шыққан ескі әдебиет көздерінде құл иелену қатынастарының дамуы туралы айтылады. Үндістанның б.з. дейінгі VI ғасырдағы қоғамдық-мемлекеттік құрылысын бейнелейтін «Ману заңдарында» қоғамдық еңбек бөлінісі, билеу мен бағынышты болу қатынастары жазылған.

Әлеуметтік шығу тегімен және сипатымен ескерілген ежелгі үнді қоғамын қатты дифференциация тұйық қоғамдық топтарды қалыптастырумен аяқталды: сословиелер бойынша – варналар (брахмандар, кшатрийлер, вайшьилер, шудралар), кәсіптік қызметі бойынша – касталар (олар 3,5 мың). Брахмандар атақты абыздар руының өкілдері болды, олар құдайлармен байланыс жасап, мемлекетті басқарды. Кшатрийлер деп әскери ақсүйектердің өкілдерін атаған. Қос варна қоғамның пұрсатты тобын құрады. Еңбекші халық вайшьилер мен шудралар варнасына кірді. Вайшьилер шаруашылық қызметпен шұғылданды: егіншілікпен, қолөнермен, саудамен. Шудралардың үлесі – басқа касталардың мүшелеріне қалтықсыз қызмет ету. Олар құқықсыз болды және жеке меншігі болған жоқ.

Дін қоғамдық теңсіздікті ақтау үшін пайдаланылды. Құдайлар иерархиясы қаланды. Олардың ішінде жоғарғылары – Брахма (Ғаламды жасаушы), Вишну (оны сақтаушы), Шива (оны бұзушы).

Б.з. дейінгі VI ғ. дамыған құл иеленуші қоғамның идеологиясы буддизм болады. Оның негізін қалаушы – Будда б.з. дейінгі 563 ж. туды. Ол Шакья-Муни патша руынан шыққан ханзада болды, оның шын аты – Сиддхартха Гаутама. Гаутама өз ілімінің мәнін төрт игілікті шындықта айтқан. 1. Өмір мәні қайғы-қасірет көру. 2. Қайғы-қасірет көру себебі, көзі - өмір сүруді көксеу: ләззат алуды, билік жүргізуді көксеу, тілек тілеу, құштарлық. 3. Қайғы-қасіреттен құтылу үшін тілек пен құштарлықты түп тамырымен жұлып алып, одан құтылу керек. 4. Ол үшін алдымен көзін ашатын, одан соң нирванаға әкелетін сегіз сатыдан тұратын өзін-өзі қайта құру жолы бар. Нирвана – бұл ішкі күй, онда барлық сезім мен құштарлық жоғалып, онымен бірге адамға ашылатын әлем есігі де жабылады. «Нирвана» сөзі «сөну», «өшу» деген мағынаны береді. Іштен сөну адамды қайғы-қасірет шегуші «меннен» және барлық тірі жандарды жаңа өзгерістерге тартатын өмірге құштарлықтан босатады. Сонымен карма билігі үзіліп, данышпан абсолютті тыныштықтың шат-шадыман бос кеңістігінде соңына дейін жоғалып кетеді. Көзін ашу - өмірмен кез-келген байланысты толық үзетін соңғы нирвананың бастауы. Түсінбеген бақылаушы үшін нирванаға жету болмыстың жоқтығы, өлім ретінде (шат-шадыман өлім болса да) қабылданады. Алайда нирванаға кірушінің көзқарасы жағынан – бұл күйде өмір мен өлім, «мен» және «мен еместің», жақсылық пен зұлымдықтың арасында айырмашылық жоқ, тек осындай ішкі көзқарас қана буддист үшін мәні бар.

Буддизмнің универсальдығы мен иілімділігі оның әлемге алуан бағыттарда тарауына мүмкіндік берді (ламаизм, дзен-буддизм, тантризм және т.б.). Буддизмнің Батыста ізбасарлары аз емес: кейде адамдар бөтен мәдениет жолдарында өзінің рухани проблемаларын жеңіл шешуге болады деген үмітте болады.

Дерекөзі: Аманжолова М.К., Беркінбекова А.М., Әбілқасов Ғ.М. Мәдениеттану

Ежелгі Мысыр – Африканың солтүстік-шығысында Ніл өзені бойында құрылған ертедегі мемлекет. Мысыр жерін адам баласы палеолит дәуірінен мекендей бастаған. Неолит кезеңінен климат өзгеріп, бұрынғы саванналарды құм басып, адамдар Ніл өз. бойына жинала бастады. Б.з.б. 4-мыңжылдық шамасында Ніл өз. бойына жиналған тайпалар (протосемит, бербер, кушит, т.б.) өзара араласып, Мысыр халқы қалыптасты. Халық санының күрт өсуіне, аңшылық пен балық аулау кәсіптері арқылы тамақ табудың қиындауына байланысты мал шаруашылығы мен егіншілік дами бастады. Қоғамның әрі қарай дамуы нәтижесінде алғашқы мемл. бірлестіктер пайда болды. Олардың арасынан екі мемлекет іріктеліп шығып, елдің оңтүстігінде жоғарғы Мысыр, ал солтүстігінде төменгі Мысыр патшалықтары құрылды. Б.з.б. 3-мыңжылдық шамасында жоғ. Мысыр билеушісі Менес (Мена) төменгі Мысырды басып алып, елді біріктірді. 1. Ең ежелгі патшалық (б.з.б. 3000 – 2800) кезеңінде елді екі билеуші әулет кезек-кезек басқарды. Жерді суғару қолға алынып, мыстан қару-жарақтар, құрал-саймандар соғылды, айырбас сауда дүниеге келді. Нубияға, Ливияға, Синай түбегіне жорықтар жасалды. 2. Ежелгі патшалық (б.з.б. 2800 – 2250) үшінші әулеттің билікке келуімен басталды. Ауыл шаруашылығы, қолөнер, айырбас сауда мен құрылыс жұмыстары жетілдіріліп, жерге жеке меншік пайда болды. Перғауын мен мемлекеттік аппараттың билігі күшейтілді, тұрақты әскер құрылды. Құл еңбегін кеңінен қолдана отырып, перғауындарға арналған пирамидалар салынды. Мысырдың бірінші бөлінуі б.з.б. 2250 – 2050 ж. болды. Жер көлемінің тым ұлғайуына байланысты жергілікті тайпа көсемдерінің билігі күшейіп, нәтижесінде б.з.б. 23 – 22 ғасырларда Мысыр бірнеше ұсақ иеліктерге бөлініп кетті. өсақ мемлекеттер өзара қырқыса бастады. Дегенмен сауда мен қолөнердің дамуы елдің бір орталыққа бағынуын қажетсінді. Сөйтіп, б.з.б. 21 ғ-дың ортасына таман ел қайтадан бірікті. 3. Орта патшалық (б.з.б. 2050 – 1700) 12-ші әулеттің билік басына келуімен тікелей байланысты. Өсақ иеліктер қайтадан бір орт-қа біріктірілді. Суландыру жұмыстары, қолөнер, сауда бұрынғысынан да өркендеді. Сириямен, Крит аралдарымен сауда байланыстары жақсарды. Бұл кезеңнің соңына таман орт-тың билігі әлсіреп, перғауындар арасында билік үшін күрес басталды. Мысырдың екінші рет бөлінуі кезінде (б.з.б. 1700 – 1580) елге солт.-шығыстан гиксос тайпалары шабуыл жасап, мемлекеттің көпшілік бөлігін басып алды да 110 жылдай билік құрды. Мысыр перғауындары тек елдің оңт. жағында үстемдік етті. 15 – 17-әулеттен шыққан перғауындар елден басқыншыларды қуып шығу үшін үздіксіз соғыс жүргізгенімен, тек 18-әулеттің тұсында ғана Мысыр толық азат етілді. 4. Жаңа патшалық (б.з.б. 1580 – 1070) кезеңінде қола мен темірден әр түрлі бұйымдар (соқа, жіп иіретін құралдар, дөңгелек, шыны-пиала, т.б.) шығарылды. Сирияға, Палестинаға жасалған жорықтар нәтижесінде он мыңдаған тұтқындар құлға айналды. Арбакештер әскері пайда болды. Перғауындар – Тутмос І, Тутмос ІІІ, Аменхотеп ІІ заманында Мысырға Сирия, Палестина, оңт-те Ніл өз-нің бастауына дейінгі жерлер қосылды. Вавилон, Хетт патшалықтарымен дипломат. қарым-қатынас орнады. Елдің күшейген тұсы Аменхотеп ІІІ (б.з.б. 15 ғ-дың 1-жартысы) заманы. Б.з.б. 15 ғ-дың 2-жартысынан бастап Сирия үшін хеттермен, кейін “теңіз халықтарымен” және ливиялықтармен үздіксіз соғыс жүргізілді. Нәтижесінде б.з.б. 11 ғ-да елдің саяси-экон. жағдайы қатты нашарлап кетті. 5. Кейінгі патшалық (ливия-парсы) кезеңінде (б.з.б. 1070 – 332) ел қайтадан бір орт-қа біріктіріліп, экономика әрі қарай дамыды, металл ақшалар пайда болды. Бірақ кейін Мысыр. қайтадан ыдырай бастап, б.з.б. 671 ж. Ассирияның қол астына қарады. Дегенмен Сайс Псамметих І (б.з.б. 663 – 610) тұсында ел азат етілді. Оның мұрагері Нехо ІІ Грекиямен және Жерорта т-нің шығыс жағалауын мекендеген мемлекеттермен тығыз сауда байланысын орнатты. Бірақ б.з.б. 525 ж. елді парсы патшасы Камбис жаулап алды. Парсы билеушілері елдегі биліктерін сақтап қалу үшін Мысыр. абыздарына көп жеңілдіктер жасады. 6. Грек-рим кезеңі (б.з.б. 332 – б.з. 395) Мысырды А.Македонскийдің жаулап алуымен басталды. Аса ірі сауда және мәдени орталық – Александрия қаласының негізі қаланып, бұдан басқа да көптеген сауда және қолөнер орталықтары құрылды. Орт. Азия, Үндістанға дейінгі елдермен байланыс орнатылып, Мысыр жерінде Батыс және Шығыс мәдениеттері біріктірілді. Алғашқы патшалықтар тұсында перғауын сарайларында арнайы мектептер ашылып, болашақ шенеуніктер даярланды. Мектептерде 5 – 16 жас аралығындағы ер балалар оқып, 12 жастан бастап әр түрлі мекемелерде көшірмеші, хатшылық жұмыстарды атқарды. Мектептерде сауатты жазу мен есепке баса назар аударылып, қосымша гимнастик. жаттығулар, суда жүзу, өзін-өзі дұрыс ұстау үйретілді. Діни мектептерде астрономия мен медицина оқытылды. Ақсүйектердің балаларына әскери білім берілді. Математика ғылымы алгебра мен геометрияға бөлінді. Қарапайым алгебра есептері шешіліп, пирамидалар геометр. жолмен салынды. Мысыр абыздары жұлдыздарды зерттеу арқылы жылды 3 маусымға (сулы-жаңбырлы, егінді, құрғақ) 12 айға бөлді. Әр айда 30 күннен болды. Ал қалған 5 күнді жылға қосты. Уақытты есептеу үшін құм және су сағаттары қолданылды. Елді мекендердің алғашқы карталары мен қалалардың жоспары жасалынды. Анатомия мен хирургия да жақсы дамып, өлген адамдардың денесі бальзамдалды, хирург. аспаптар пайда болды. Бұған қоса адам емдеуде магия, сиқыршылық, кері дуалап оқу әдістері кеңінен қолданылды. Денені мумиялау, дәрі-дәрмек, түрлі-түсті бояулар жасау арқылы химия ғылымы да дами бастады. Мысыр теңізшілері перғауындардың бұйрығы бойынша алыс елдерге саяхат жасады. Грек-рим мәдениеті келгенге дейін Мысырда нақты тарихи оқиғалар тек жартастағы жазулар мен аңыз-әңгімелер арқылы ғана сақталып отырған. Мысыр мәдениеті ежелгі дәуірде антик. мәдениеттің, кейіннен Еуропа және мұсылман мәдениеттерінің бастауы болды. Гректер Мысырды ежелгі данышпандар елі деп атап, оларды өздерінің ұстаздары санады.[2]

7 ғасырда Мысырды арабтар жаулап алды. Мұнда араб тілімен бірге өз діндерін – исламды таратты. Мысыр 1952 жылғы революциядан кейін ғана шын мәніндегі ерікті мемлекетке айналды. Оған дейін көп жыл бойы Ұлыбритания үкіметі қол астында еді. Республикада 1952 жылғы революциядан соң көптеген зауод, фабрикалар салынды.

Мысыр Израильмен тарпынан талай шабуылға ұшырады. 1967 ж. Израиль Мысырдың Синай түбегін басып алды. Мысырдың халқы Израиль тартып алған Синай түбегін, басқа да араб жерлерін азат ету үшін қүресуде.

1974 ж. Мысыр халқы Суэц каналының шығыс жағасындағы Израиль әскерлерін кетуге мәжбүр етті. Канал бойымен Еуропа мен Америкадан Азия және Шығыс Африкаға кеме жолы ашылады.

 

Ежелгі Қосөзен мәдениеті

            Ұзындығы 18 метрге созылған хабарлама үш тілде – ескі парсы, бабыл және жаңа элам тілінде жазылған болып шығады. Мұндай үш балама мәтіннің қатар жүруі оны оқып шығуды оңайлатады. Бехистун жазуы ежелгі Персия тарихын зерттеуде оған дейінгі барлық археологиялық зерттеулер мен антикалық заман авторларының еңбектерінің бәрін қосқандағыдан артық пайда түсірді. Бір кездегі ассирия-бабыл жазуларын жетілдіруден туған бұл ескі  парсы жазуы ассирия-бабыл тарихы жайында солардың шет-шебірін көріп қалған  гректерден гөрі де көбірек мәлімет берді. Ең бастысы, бұл Алдыңғы  Азия халықтарының  бірінен біріне көшіп мұра болып келе жатқан ортақ жазудың түп бастауы жайында батыл ойларға бастады. Ассирия-бабылдан бұрын да сына жазуы болған деген тұспал туады. Ол халықты 1869 жылы 17 қаңтарда француз ғалымдары отырысында Жюль Опперт шумер деп атайды. Чех ғалымы, Бедржих Грозныйдың айтуынша, “ең ежелгі жазу – бабыл жазуы. Ғайса тумастан 300 жыл бұрын ойлап табылған.  Мысыр жазуының пайда болуына әсер еткен. Онымен ассириялықтар, хуриттер,  хеттер және ханаан тұрғындары пайдаланған. Оның өзгерген түрін Урарту мен Элам қолданған. Ол кезде аморитяндар (франкиялықтар) мен парсылар өз жазуларын шығарған. Бабыл жазуын әуелде  шумерлер ойлап тапса керек.  Оларды бабыл семиттері мен акадтар үйренген”.

Шумер елі біздің жыл санауымызға дейінгі 3000  жылдықта Ефрат өзенінің қойнауына орналасқан. Шумер халқының тегі әлі жұмбақ. Анық-танық қайдан келгені де белгісіз. Тілі өз төңірегіндегі ежелгі халықтардың ешқайсысына ұқсамайды. Олардың көпшілігі  көп буынды сөздерден тұратын болса, шумер сөздері көбінесе  бір буынды сөздерден тұрады. Кейбір ғалымдар шумерлер бұл жазуды бұрынғы көшіп келген жағынан бірге алып келген деп те санайды. Ендеше, оның жазуы Алдыңғы Азияның халықтарына қалайша кеңінен тарап жүр? Біздіңше, тілдік-этностық туыстықтан болмаса керек. Шумер жазуының соншама мәшһүр болуы, сол кездегі шумер мәдениетінің жетекші орын иеленуіне байланысты болса керек. Олар иленген саз балшықты әрқилы қалыпқа түсіретін  аяқпен теппе зырылдауықты, диірменді, соқаны, доңғалақты, желкенді қайықты, мыс, қола құймаларын,  күн тізбесін алғаш ойлап тапқан жұрт. Шетінен математик, астроном, жер өлшеуші. Заңды, аспан денелерінің адам организміне әсерін жүйелеген. Гемопатиялық медицина қалыптастырған. Олардан қалған қыш  тақтайшаларының талайы ежелгі рецептер мен ібіліс сиқырынан аман сақтайтын магиялық формулалар болып шықты. Құрылыста арка, күмбез, нақыш, фриз, шыны шытыра, тас қашау, металл безендіруді бірінші боп пайдаланыпты.  Арасына сабан, қамыс салып, қам балшықтан кіріш басу, қыш кіріш, ағаш бөлшектерден үй салуды кең өрістеткен.  Тұрған үйлері төрт бұрышты, қосқабатты, ішкі аулалы, аспалы бақты болған. Су құбырларын тартқан.  Қалаларының қақ ортасында жебеуші тәңірінің  құрметіне арналған алып ғимарат орнатқан. Сәулет өнерімен бірге мүсін өнерін де өрістеткен. Музыка аспаптары мен музыка теориясын да бірінші боп ыждаһаттаған шумерлер. Аспан-Жер-Жерасты бір-бірімен бағыныштылық жолымен байланысып тұрған кешенді құбылыс деп түсінген. Сол нанымға негізделген заң жүйелері бар. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы ХІХ ғасырда диірмен тасқа (базальт) Бабылдың ұлы падишасы Хаммуранидың 282 баптан тұратын сот тәртібі қашалып жазылған. Заңды патшалар емес, құдайлар ойлап табады деген ұғым олардың қатал орындалуын қамтамасыз еткен. Құдай бақилық. Оған ешкімнің күші жетпейді. Ал адам пәнилік. Оның құдаймен, табиғатпен, басқалармен қарым-қатынасы осыған негізделген. Атақты Гильгамоштен бастап, шумер мифтері осылай үйретеді. Шумерлердің өздерін де, жазуларын да өміршең етіп жүрген осы іргелі мәдениеті. Әйтпесе, олардың патшалығы осыдан бес мың жыл бұрын көршілес Акад мемлекетіне тізе бүккен. Содан қайтып бас көтермеген. Акадтарды жеңген бабылдар да шумер мәдениетінің мұртын шақпастан, одан әрі дамыта түскен. Бабылдардың тез көтерілуіне оң ықпал еткен факторлардың бірі – осы шумер жазуына үйрену арқылы қалыптасқан жоғары сауаттылық еді. Бабылдар тек шумер жазуын ғана емес, сол арқылы келген өнер-білімді де дамытты. Олардың орнына келген ассириялықтар да солай етті. Оған 1849 жылы ағылшын оқымыстылары А.Г.Лэйрд пен О.Рассамның “Нимрод” төбесінен  (ежелгі Ниневия) тапқан ассириялық патша Аптшурбанипалдың (б.д.ж.д. 668-631 ж.ж) 30 мың қыш қалақшалардан тұратын аса бай кітапханасы айғақ бола алады. Олардың арасынан дәрігерлік, балгерлік, математика, дін, тарих тақырыбындағы еңбектер, ассирия-бабыл-шумер сөздіктері, грамматика оқулықтары шықты. Сөйтіп, шумер жазуын  көпке таратып жүрген шумерлер емес, ол жайлаған кеңістік пен олар ойлап тапқан мәдениетті иемденген, оларға қырық  қайнаса, сорпасы қосылмайтын Қос Өзен мен Жерорта теңізі жағалауын мекендеген  семит халықтары еді. Олардың әліпбиін Кіші Азия мен Африкадағы семит емес халықтар да үйренді. Ақыр аяғында олар ойлап тапқан жазу жүйесі жетіле-жетіле келіп,  бастапқы пиктограммалардан басталған суреттіліктен түгел арылып, таза әуезделген (вокалданған) фонетикалық (дыбыстық) жазуға айналды.

Информация о работе Көне Шығыс мәдениеті