Үндістанда алғашқы фильм 1913 жылы түсірілді (“Раджа Харишчандра”, реж. Д.Г. Пхалке). 1931 жылы бірінші дыбысты
кино “Алам Ара” (реж. А.Ирани) қойылды. 20 ғасырдың
40-жылдарының 2-жартысында, әсіресе, тәуелсіздікті
жеңіп алғаннан кейін (1947) ұлттық кинематография құру мүмкіндігі пайда
болды. 1947 ж. ақпарат пен радио хабарын тарату министрлігі
жанынан кинематография бөлімі ұйымдастырылды.
Халық өмірін шынайы бейнелеген алғашқы
фильмдер пайда болды — “Жер балалары” (1946, реж. Х.А. Аббас), “Құр қалғандар” (1949, реж. Н.Гхож). 50-жылдары шығарылған
бірқатар фильмдер де маңызды әлеум. мәселелерге
арналды. Олардың ішінде “Серік” (1953, реж. Аббас), жерге деген өз құқықтары
үшін күрескен шаруалар жөніндегі “Екі бигха жер” (1953, реж. Б.Рой), белгілі бір мөлшерде
“Қаңғыбас” (1951, реж. Р.Капур), т.б. фильмдері бар.
Реж. С.Рейдің кинотрилогиясы (“Жол жыры” — 1955, “Жеңілмегендер” — 1957, “Апу дүниесі” — 1959) тек қана үнділік емес,
дүниежүзінде кино өнеріндегі елеулі
құбылыс болды. Үнді фильмдеріне тұрмыс
көріністері мен әдет-ғұрыптарды жан-жақты
бейнелеу, оқиғалардың баяу дамуы тән.
Үндістан кино өнімдерінде көбінесе тарихи
сюжеттерге арналған музыкалық фильмдер
елеулі орын алады. Олардың көпшілігінде
фильм мазмұнына қатысы жоқ әндер мен
билерге шамадан тыс көңіл бөлінеді. Ел
өмірін жан-жақты суреттейтін деректі
фильмдер шығару жолға қойылған. 1960 жылы Пунада кинематография
институты ашылды. 1954 жылдан Бомбей қаласында
бүкілүнділік кинофестиваль өткізіліп
тұрады. Кино өнері жөнінде бірнеше журнал
шығарылады. Үндістан — дүние жүзінде
жылына ең көп көркем фильмдер шығаратын
мемлекет. Үнділік кино фабрикасы — Болливуд деген атқа ие болған,
ол Бомбей қаласының түбінде орналасқан.
Бұл қаланың түсіру павильондарынан күн
сайын екі жаңа фильм шығарылады. Фильмдер хинди, бенгал, маратхи, т.б. халықтардың тілдерінде
түсіріледі. Дүние жүзіне есімі танымал
үнділік кино актерлерінің қатарына, Б.Сахни, Д.Ананд, Д.Кумар, Радж Капур, Шиши Капур, Наргис, С.Сен, М.Кумари, Б.Ран, В.Рахман, Ш.Тагор, Зинат Аман, Амитабх Баччан, Амриш Пури, Митхун Чакраборти, Шри Деви, т.б. жатады.
Қолданылған
әдебиет :
- Мәдениеттану:
жоғарғы оқу орнындары мен колледж студенттеріне
арнлған оқулық. Алматы: Раритет, 2005
- Қазіргі дүние
географиясы: Хрестоматия. / Қ. Ахметов,
Т. Увалиев, Г. Түсіпбекова. —Алматы: "Мектеп"
баспасы, 2007
- Мәдениеттану негіздері:
Оқулық. - Алматы: Дәнекер, 2000.
- Ивашенцов
Г. А. Индия — М.: Мысль, 1989. — 160 с.
- Антонова
К. А., Бонгард-Левин Г. М., Котовский Г. Г. —
История Индии -М.: Изд.центр А3,МСК, 1999