Қазақстанда социологиялық көзқарастардың
қалыптасу негіздері
Социологияның ғылым ретінде
пайда болуына алдымен әлеуметтік-саяси
және социологиялық идеяларды қалыптастыратын
әлеуметтік ойдың даму кезеңі негіз
болған. Социологиялық ой қоғам, оның
өзара байланыстары, әлеуметтік қатынастар,
әлеуметтік шынайылықтың теориялық
конструкциясының құрылымы туралы көзқарастардың,
ұғымдардың жиынтығын білдіреді, ол
белгілі бір тарихи уақыт ішінде
белгілі бір әлеуметтік-саяси
және экономикалық жағдайларда қалыптасады.
Ол заңдардың, механизмдердің, зерттеу
амалдарының айқын ресмиленген
және қатаң жүйесін қалыптастырудың
негізі болып табылады.
Батыстың социологиялық тұжырымдамаларының
қалыптасуы мен дамуы ерекшелігі
бірқатар теорияларда көрініс табатын
өнеркәсіптік капиталистік қоғам дамуының
тарихи кезеңдерімен байланысты. Ресейде
социология “ұлттық өзіндік сана
нысанына”, “ресейтануға” айналды.
Социологиялық ойды зерттеушілер жазғанындай,
орыс социологы (әлеуметтік философы)
“жалпы қоғамды”, “жалпы әлеуметті”
және т.б. сирек зерттеген, ол Ресейді
зерттеген, тіпті абстрактілі ұғымдарды
қолданған кезде де бұл оның тарапынан
“таза ғылымға” жасалған саналы немесе
еріксіз құрмет болатын, ал іс жүзінде
ол не Ресейді, не жалпы әлемді тұтасымен
қарастырған болатын [1, 255-б.]. Орыстың
социологиялық ойы “өзіндік зерттеумен”,
“өзіндік рефлексиямен” сипатталады
- бұл оны идеялық және рухани
жағынан қазақ ағартушылығымен
және қазақстандық ойшылдардың әлеуметтік-саяси
ілімдерімен жақындастыра түседі.
Қазақстанда әлеуметтік ойдың қалыптасуы
қазақ халқының қоғамдық және әлеуметтік
болмысының, дүниетанымының, әлеуметтік
құндылықтар жүйелерінің айрықша
нысандарына байланысты өзіндік
ерекшеліктері бар. ХІХ ғасырдағы
- ХХ ғасырдың басындағы әлеуметтік
және әлеуметтік-саяси ілімдер қалыптасуының
объективті шарттары мынадай факторлар
болды: 1. рухани көтерілу - мәдениет, тарих,
жаратылыстану, әдебиет өркендеді,
сондай-ақ халықтың саяси және әлеуметтік
санасы сапалық жаңа деңгейге көтерілгені
атап өтілді; 2. әлеуметтік-саяси даму
- Қазақстандағы патшалық отаршылдық саясат
әкімшілік, сот нормалары арқылы қоғамдық
құрылымның дәстүрлік нысанының өзгеруіне
әкеп соқты.
ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстанның
қоғамдық ойында қазақ ағартушылығы
қалыптасты, оның жарқын өкілдері Шоқан
Уәлиханов (1835 - 65), Абай Құнанбаев (1845 -
1904), Ыбырай Алтынсарин (1841 - 89) болды. Қазақ
ағартушылығының философиялық мұрасы
Қазақстан ғылымында кеңінен
зерттелген, онда қазақ ағарту ісінің
екі кезеңі қарастырылады:
- Классикалық кезең - Ш.Уәлихановтан, А.Құнанбаевтан және Ы.Алтынсариннен бастау алады;
- Дамыған ағарту ісі кезеңі. Оның өкілдері М.Сералин, С.Торайғыров (1893 - 1920), С.Дөнентаев [2].
Белгілі ғалым С.Зиманов ағарту
ісінің даму процесі кезең-кезеңімен
өтеді: білім беруді насихаттаудан
бастап саяси бостандықты талап
етуге және оған қол жеткізу үшін
күресуді талап етуге дейін деп
жазады. Сонымен қатар, ағарту ісіне
баға бере отырып, зерттеушілер қандай
да бір ұлттық “негізде” пайда
болған кез келген ағарту идеологиясы
өзінің мәні бойынша интернационалдық
болып табылады, себебі ең алдымен
ұлттық емес, әлеуметтік және ұлттықтан
жоғары проблемаларды, яғни буржуазиялық
қоғамдық қатынастардың қалыптасу
дәуіріндегі түбегейлі әлеуметтік
проблемаларды күн тәртібіне
қояды деп жазады. ХІХ ғасырдағы
қазақ ойшылдарының қызметі жалпы
ағартушылық, әлеуметтік проблемаларды
өз елінің экономикалық, әлеуметтік-саяси
және рухани жағдайлары арқылы шешуге
бағытталды [2, 10-б.].
Ағарту философиясына тән белгі
бұқара халықты білімге, білім беруге,
мәдениетке, озат идеяларды қабылдауға
және т.б. жұмылдыру болып табылады.
Сол кездегі қоғамдық ой алдында
тұрған басты мәселе қоғамның әлеуметтік
прогресі және оны дамыту проблемалары
болды. Ағартудың әлеуметтік философиясында
қоғамдық қатынастардың даму деңгейі,
меншік нысандары, қоғамның әлеуметтік
құрылымы, таптар және қоғамның таптық
жіктелуі, әлеуметтік теңсіздіктер және
оны жоюдың жолдары, мемлекет және мемлекеттік
басқару нысандары, отбасы және қоғам,
қоғам және жеке тұлға туралы мәселелер,
сондай-ақ оқыту, тәрбие және педагогика
мәселелері қамтылған [3, 75-б.]. Сонымен
қатар, билік пен басқарудың айрықша
құзырлығын, қоғамның саяси ұйымын
және ондағы режимді талқылай отырып,
ағарту ісі қоғамның сезімтал тұстарын
қозғамай тұра алмайды және мемлекеттік
билікке сөзсіз қарсы келеді. Егер
де ол мемлекеттік биліктің қызметіне
ықпал етуге ұмтылса, онда ол оған
оппозицияда болады [4, 8-б.].
Қазақстандағы социологиялық көзқарастардың
қалыптасу процесі Батыс Еуропада
социологияның ғылым ретінде
қалыптасуымен қатар жүрді. Қазақ
ойшылдарының теориялық мұраларын
шартты түрде үш бағытқа бөлуге болады.
Бірінші бағыт Ыбырай Алтынсариннің,
Шәкерім Құдайбердиевтің, Ахмет
Байтұрсыновтың (1873 - 1938) білім (білім
беру) социологиясы саласындағы еңбектерімен
және қызметімен байланысты. Олар білімді,
оның әлеуметтік маңыздылығы мен
құндылығын насихаттауды мақсат етті.
Ыбырай Алтынсарин бұл проблемаға адам
жасының психологиясы мен әлеуметтік
педагогика тұрғысынан қарады.
Шәкерімнің философиялық,
социологиялық, психологиялық көзқарастары
оның “Үш анық” атты еңбегінде
көрсетілген, онда үш сәтті бөліп
қарауға болады: 1. Шәкерім Батыс
Еуропа ойшылдарының еңбектерін сын
көзбен зерделеп, Спенсердің, Конттің
еңбектерін талдайды, олардың көзқарастарына
қатысты позициясын білдіреді; 2. Дамыған
халықтардың білімдерін өз халқына
жеткізуге әрекеттенеді; 3. Ақиқат ғылымды
іздеу - басқа жат проблемалардан
бас тарту деп есептейді. ғылыммен
еркін, жалтақтамай шұғылдану қажеттігін
айтады [5].
Екінші бағыт - таныммен, танымдық
қызметпен, танымдық белсенділікпен және
олардың дамуының белгілі бір
әлеуметтік институттардың нақты қызметімен
ұштасуына байланысты. Бұл кезеңде қазақ
даласында мектептер ашыла бастады, қоғамда
Ыбырай Алтинсариннің есімімен тікелей
байланысты білім беру жүйесінің институттану
процесі басталды. Оның ағартушылық қызметінің
ерекшелігі мектеп ашумен шектеліп қоймай,
оқытудың дидактикалық принциптерін жасағанында,
инспекторлық бақылаудың негізін қалап,
мұғалімдер даярлау жүйесін енгізуінде.
Үшінші бағыт - “Адам дүниені
қалай танып біледі” атты сауалға
жауап іздеумен шұғылданды. Білім
беру социологиясы бұл проблеманың
кейбір қырларын өз зерттеулерінің пәні
ретінде қарастырады. Осы тұрғыдан
алғанда Шәкерімнің “Үш анық”
атты еңбегі аталмыш проблеманы зерттеу
құралы болып табылады.
Қазақ ойшылдарының әлемдік қоғамдық
ойға қосылғандығы және қоғам мен
прогресс идеяларын қазақ ойшылдарының
айрықша қабылдауы Қазақстанда
социологиялық көзқарастар қалыптастырудың
негізі болды. Бұл қағидалар социологияның
пайда болуының қажетті шарттары
болды. Теориялық социология Спенсердің
және Конттің ұғымдарындағы прогрестен
бастау алады. Прогрестің өзін О.Конт адам
ақылының имманенттік ұмтылысы, өзіндік
қозғаушы күші ретінде түсіндіреді.
Конттің әлеуметтік динамикасы қоғамның
күйреуін, жойылуын емес, керісінше
оның жалпы ілгерілеу қозғалысын
қамтамасыз ететін өзгеріске негізделеді,
адам қоғамын жануарлардан, биологиялық
бірліктен ажырататын да осы өзгеріс.
Прогресс дегеніміз - жоғары бағыттағы
ілгерілеу қозғалысы - эволюция.
Спенсер “үлкен эволюцияны” үш сатыға
бөледі: бейорганикалық, органикалық
және органикаүстілік. Әлеуметтік эволюция
- көптеген тіршілік иесінің өзара
іс-әрекетін, салдары жағынан кез
келген жеке әрекеттердің мүмкіндіктерінен
асып түсетін үйлестірілген ұжымдық
қызметті білдіретін органикаүстілік
эволюцияның бір бөлігі [6, с.65].
Орыс ғалымы М.М. Ковалевский “прогресс”
ұғымын үдемелі қозғалыс және оның
барысында адам баласы сан ғасырлардан
бері жасап келе жатқан құндылықтардың
дамуы деп түсінді және бұл
қозғалыс сырттан болатын күрт секірулер
мен дүмпулерге жол бермейді: ол
қоғамның өз игілігі үшін экономикалық
өмірдің шарттары мен саяси санасын
басшылыққа ала отырып әлеуметтік үдеткіштерсіз
(төңкерістер, революциялар) жүзеге асуға
тиіс. Үдемелі, прогрессивті қозғалысқа
әлемнің барлық халықтары атсалысады,
тарихи даму барысында олар барлық
өркениеттің игілігі және прогрессивтік
дамудың көрінісі болып табылатын
құндылықтарды жасайды. Прогрестің
алдыңғы шебіндегі халықтар - өздерінің
құндылықтарын да, басқа халықтар
мен ұлттардың жасаған құндылықтарын
да игеріп, олардың өздеріне пайдалы
екендігін көре біліп және бұл
әлеуетті пайданы экономикалық, мәдени
және саяси өмірдің нақты көрінісіне
айналдыра білгендер [7, 65-б.].
Абай ілімінде қоғам мен адамның
даму процесі үш сатыға бөлінеді. Біріншісі
- төменгі саты, онда белгілі бір
әлеуметтік тәртіп, өмірлік бағдарлар
жоқ. Бұл “жарым адамның” ауыр, ұзақ,
бақытсыз өмірі, ол адамды Абай жануарға
теңейді. Екінші кезеңде қоғам белгілі
бір тәртіпке ие болады, оны нығайтады,
материалдық молшылыққа қол жетеді, ақыл-ой
арқылы рухани болмыс ретінде жалпы адамзаттың
негізі танылады. Бұл деңгейде Абай индивидті
“адам” деп атайды. Үшінші деңгейде адам
таза рухани жолмен кемелдікке жетуге
тиіс. Бұл шынайы ілімге және мәңгілік
қанағаттандыруға апарар жол, оған “толық
адам” жетеді. Алайда бұл деңгейге жалпы
қоғам түгел қол жеткізе бермейді, оған
тек жекелеген адамдар қол жеткізе алады,
сондықтан да ол алдағы мақсат болып қала
береді. Қоғамдық прогрестің қозғаушы
күші тұлға болып табылады. Қазақ ойшылы
үшін прогресс - қоғамның алға жылжуы,
оның жоғары сатысы әлеуметтік тәртіп
пен жоғары парасатты тұлғаны қоса қамтиды.
Төменгі саты - бей-берекеттік және жарым
адам. Ортаңғы сатысы - тұлғаның материалдық
молшылығы мен рухани тепе-теңдігінің
үйлесуі.
Қазақтың классикалық ағарту [8]
ісінде проблемалар мынадай бөліктерге
бөлінеді:
- адам, оның әлеуметтік мәні;
- білім, білім беру, ғылым;
- әлеуметтік мәдени құндылықтар жүйесі;
- қоғамның әлеуеттік мүмкіндіктерінің көрінісі ретіндегі индивидтің әлеуметтік-экономикалық және саяси қызметі, адам тыныс-тіршілігінің механизмдері, тәсілдері мен әдістері.
Зерттеулердің орталық фигурасы адам,
оның табиғаты болып келген, солай
бола береді де. Қазақ ағартушылары
жеке адамды ғана емес, қоғамды, әлеуметтік
шынайылықты да адам табиғатын басшылыққа
ала отырып бағалаған. Қоғамдық құрылыстың
артықшылықтары мен кемшіліктері осынау
әлеуметтік организмнің адамның
негізгі қасиеттеріне, оның табиғатына
сәйкес келуімен немесе сәйкес келмеуімен
анықталған. Мәні адамның мәніне қарама-қайшы
келетін қоғам ақыл-оймен жаңаруға
тиіс [2, 58-б.]. Қоғамдық прогрестің басым
идеясы әлеуметтік тіршілік иесі және
рухани бастау ретіндегі адам болып
табылады.
Іс жүзінде Абайдың барлық шығармашылығы
адамның табиғатын, оның әлеуметтік
мәнін түсінуге арналған. Ол былай
дейді: “Дүниеде жалғыз қалған адам - адамның
өлгені” [9, 78-б.]. Жалғыз қалуды тұлғаның
өліміне теңей отырып адам мәнінің әлеуметтілігін
көрсетеді.
“Адам баласына адам баласының бәрі
- дос, адам баласы адам баласынан әділ,
ғылым, ар, мінез, деген нәрселерден
озады” [9, 78-б.]. Бұл жерде Абай ойлары
А.Тойнбидің пікірімен үндеседі,
ол таза жеке бастық “менді”, немесе жеке
адамды жалаң абстракция деп есептейді.
Өйткені “мен” жалғыздықта, жеке
оқшау қалғанда және тұйықтықта емес,
қоғамда, өзінің араласып, қарым-қатынас
жасайтын басқа адамдарының ортасында
жүзеге асады [10, 251-б.]. Абай бойынша
жеке тұлға - қоғамның және қоғамдық қатынастардың
айнасы. Ол былай дейді: “Адам баласын
замана өсіреді, кімде-кім жаман
болса, замандасының бәрі виноват” [9,
78-б.].
Абай афоризмдерінде тұлғаның,
оның құрылымының және маңыздылығының
әлеуметтену процесі көрсетіледі
және сипатталады. “Нәресте дүниеге
келгеннен кейін оның келешек
жетілу дәрежесі үш себепке байланысты
екенін білдірген. Олар баланың ата тегі,
дүниеге келу ортасы және келешек тәрбиесі”.
Әлеуметтену процесінің оңдылығын ол
жақсы ортада деп білді: “Адамның адамшылығы
- ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы
құрбы, жақсы ұстаздан болады”. Жетінші
сөзінде былай дейді: “Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен
туады. Біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам
деп тұрады. Бұлар - тәннің құмары, бұлар
болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды,
һәм өзі өспейді; қуат таппайды. Біреуі
білсем екен демек. Не көрсе соған талпынып,
жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып,
аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына,
бетіне басып қарап, сырнай-керней болса,
дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде
ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе
де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, “ол
немене?”, “бұл немене?” деп, “ол неге
үйтеді?” деп, “бұл неге бүйтеді?” деп,
көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін
сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі -
жан құмары, білсем екен, көрсем екен; үйренсем
екен деген” [9, 21-б.]. Абай адамдағы биологиялық
пен әлеуметтікті айқын бөліп қарайды,
олардың табиғи бастауы мен әлеуметтік
дамуын талдайды: “Адам ата-анадан туғанда
есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып
ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы,
сондайдан білгені, көргені көп болған
адам білімді болады” [9, 42-б].
Әлеуметтік құндылықтардағы басты
орынға білім мен еңбекті қоя
отырып, Абай олардың әлеуметтік бағыттылығын
атап өтеді. Мысалы, өзінің игілігі
үшін еткен еңбекті ол әлеуметтік
мағынасы жоқ еңбек деп қарастырады.
Басқаның игілігі үшін еңбек ету
- бұл адамдық борыш: “Өзің үшін
еңбек қылсаң өзі үшін оттаған
хайуанның бірі боласың; адамшылықтың
қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың
сүйген құлының бірі боласың” [9, 78-б].
Еңбек - қоғамдық, жалпы адамзаттық
құндылық. Адал еңбек құндылықтар
өлшемінде қарияның сақалынан жоғары
тұрады: “Алдау қоспай, адал еңбегін
сатқан өнерші - қазақтың әулиесі”, “Сақалын
сатқан кәріден еңбегін сатқан бала
артық” [11, 9-б.].
Өз халқының әлеуметтік сорының
түбірін Абай қазақтардың өздерінен
көрді, оларды надан, менмен, ақымақ және
еріншек деп айыптады. “...Надан
ел қуанбасқа қуанады. һәм қуанғанда
не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі
білмейді, есі шығып, бір түрлі
мастыққа кез болып кетеді. һәм
ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық
нәрседен ұялмайды” [9, 55-б.].
Абай қалыптастырған жалпы адамзаттық
құндылықтардың маңыздылығы, бірыңғай
қазақ қоғамының тұтастығы туралы
қағидасы негіз қалаушы сәт болып
табылады... Өзінің философиясын Батыс
пен Шығыстың дүниетанымы негізінде
құрған Абай Қазақстанның қоғамдық ой-пікірінде
тұңғыш рет әлеуметтік өзгерістердің
даму идеяларының, қозғалысының және тұжырымдамасының
маңыздылығын таныған. Осы көзқарас
тұрғысынан ол өз халқының тағдыры
мен болашағын, қазақтардың шаруашылық-мәдени
тұрпатын өзгерту мүмкіндіктерін, ондағы
көшпенділік, отырықшылық және жартылай
көшпенділік шаруашылық тәсілдерін
оймен таныды, қоғамдағы экономикалық
және рухани өмірдегі бар істің жай-күйін
сынға алды [12, 6-б.]. Абай кең байтақ
ұлы далада әрқашан әлеуметтік өмірді
ұйымдастырудың уақыт пен кеңістікте
үлкен тұрақты мәні бар екенін және жеке
адамдардың материалдық және рухани қырларындағы
жалпыға ортақ байланыстарына негізделген
ірі ауқымды нысаны болғанын көрсете білді.
Бұл ретте қоғамдық өзара байланыстардың
жалпыға бірдей маңызды рухани нысандары
ерекше мәнге ие болады және қажетті құрылымдық
құрамдас бөліктерде жүзеге асады. Өркениеттің
осынау әлеуметтік таратушылары оның
рухани құндылықтардың, идеялардың, бағдарлардың,
нормалар мен символдардың бірлігі түріндегі
толықтығын қамтамасыз етеді. Бұл жалпы
өтімді қауымдастық қоғам дамуындағы
сабақтастықты, оның болашақпен байланысын
қамтамасыз етеді, қоғамды өзінің динамикасына
бағындырады, бұл әр түрлі қалыптасу, гүлдену,
тоқырау және т.с.с. кезеңдерінде көрінеді
[12, 29-б.].