Автор работы: Пользователь скрыл имя, 17 Мая 2012 в 22:03, курсовая работа
Мұғалім мен оқушы арасындағы бірлескен қарым – қатынастың маңызы ерекше. Оқушының ой – пікірі мен бастамасы, ұсынысы мен тапсырманы орындау шеберлігі, сөйлеу мәдениеті мен ой тұжырымы, пайымдаулары, талпыныстары мен ізденістері, қызығушылығы мен байқампаздығы, іскерлігі мен дағдысы, іске батыл, сеніммен кірісуі жүзеге асады, мұнда бағыт – бағдар беру, істің дұрыс – бұрыстығын анықтау педагог тарапынан болуы шарт.
5. Ойын - әңгімелер
Ол мұғалімнің балалармен, балалардың мұғаліммен және балалардың балалармен қарым – қатынасына негізделеді. Бұл қарым – қатынас ойын мазмұнында ерекше сипатқа ие болады. Ойынның құндылығы – олар эмоциональдық түрде белсендіруге, бір сөздікке, өзара әрекет жасауға, бірлесіп ойлануға мүмкіндік туғызады.
Танымдық іс - әрекет сипатына сәйкес ойын түрлері:
1. Балалардың орындаушылық әрекетін талап ететін ойындар
2. Қайта жаңғырту іс - әрекетін жүзеге асыруға бағытталған ойындар
3. Қайта жасау іс - әрекетін жүзеге асыруға бағытталған ойындар
4. Оқушылардың іс - әрекетін бақылауға бағытталған ойындар
5. Ізденіс іс - әрекетіне бағытталған ойындар
Құрылымы бойынша дидактикалық ойындарды мынадай түрлерге жіктейді:
1. Сюжеттік – рөлдік ойындар
2. Жаттығу ойындар
3. Драмалық ойындар
4. Шығармашылық ойындар
5. Әдеби – музыкалық ойындар
Халық ойындарының педагогикалық мүмкіндіктеріне сәйкес мынадай жіктемесі бар:
1. Білім беретін ойындар
2. Тәрбиелейтін ойындар
3. Дамытатын ойындар
4. Жеке тұлғаны әлеуметтендіретін ойындар
5. Диагностикалық ойындар
Жоғарыда көрсетілген жіктемелердің барлығының мазмұны өте қызық және өзіндік ерекшеліктеріне толы. Олар дидактикалық ойындардың жалпы мақсаты мен мазмұнына сәйкестендірілген. Бұл ойынның түрлерін бастауыш сыныптың оқыту үрдісінде кеңінен пайдалануға болады.
Дидактикалық ойынның міндеті балалармен жүргізілетін ойындар алдына белгілі бір мақсат қойып ол біртіндеп күрделендіріп отырады.
Дидактикалық ойындарға қойылатын талаптар:
1. Әрбір дидактикалық ойындар баланың ақыл – ойын дамытуға пайдалы моральдық қасиетті бекітерлік жаттығулар болуға тиіс;
2. дидактикалық ойын тиісті міндетті орындау барысында түрлі қиындықты жеңе отырып, ақыл – ой жұмсауды керек ететін қызғылықты да тартымды болуы тиіс;
3. Дидактикалық ойын шешуін іздеп табарлықтай қызғылықты жайлармен ұштасып жатқаны жөн. Қызыға ойнаған ойын баланың ақылын өсіреді, құмарлығын арттырып – қойылған міндетті жөндеп орындауға ұмтылдырады.
Ал дидактикалық ойын дегеніміз белгілі бір мақсатқа негізделген арнайы жоспары бар баланың оқу әрекетін жетілдіруге арналған іс - әрекет. Ойын – бала әрекетінің негізгі бір түрі. Ойын арқылы адам баласының белгілі бір буыны қоғамдық тәжірибені меңгереді. Бала ойынында қоғамдық, ұжымдық сипат болады. Мәселен, кез келген бала жалғыз ойнамайды, қатар – құрбыларымен бірлесіп ойнайды, ойын арқылы бір – бірімен өзара қарым – қатынас жасайды. Ойын баланың түрлі қасиеттерін дамытатынын, мұнда да баланың қабілеті, белсенділігі бір сыдырғы байқалатынын А. С. Макаренко өте жақсы көрсетті. “Үлкендер өмірі үшін жұмыс, қызмет істеу, әрекет ету қандай орын алатын болса, - деп жазды ол, - балалар өмірінде ойын да сондай үлкен маңызды. Ойында бала қандай болса, өскеннен кейін жұмыста көбінесе сондай болады. Сондықтан келешекке адамды тәрбиелеу бәрінен бұрын ойын арқылы болады”¹.
Ойын адам әрекетінің бір түрі болғандықтан, оның өзіне тән
мотивтері болады. Ойынның қозғаушы күші – баланың нақты
тілегі мен қызығуы. Ойын арқылы бала өз қажетін қалай қанағаттандыра алатынын, қандай қабілеті бар екенін байқап көреді. Кейбір шетел психологтары ойынды көбінесе санасыз инстинктерге балайды. Мәселен, олардың бірі жануар төлі мен ______________________________
1. А. С. Макаренко Балалардағы тәрбиелеу туралы лекциялары Алматы, 1952 ж
адам баласының ойынының арасындағы айырмашылықты жоққа шығарса (К. Гросс), екіншілері – ойын баланың артық энергиясын сыртқа шығаратын тәсіл дейді (Г. Спенсер), ал
үшінші біреулері – ойынды жай рақат табудың бір көзі (К. Бюлер) деп қарайды. Оқушы ойын үстінде дүниетанудағы өз мүмкіншілігін сезінумен қатар, айналасындағы адамдар мен олардың әрекетіне көңіл аударады, заттың ішкі мазмұнын білгісі келеді. Оқушылардың қиялын, ойлауын, сөйлеуін дамыту үшін түрлі ережелермен ойнайтын ойындардың үлкен дидактикалық мәні бар. Педагогикалық энциклопедияда: ойын әрекеті – баланың барлық нышандарының дамуына мүмкіндік тудыратын өзіндік ерекшелігі бар интелектуалдық мектеп деген.¹
Бастауыш сыныпта ойынның маңызы ерекше. Оның себебі, мектепке дейінгі кезеңде баланың негізгі іс - әрекеті ойын, мектепке келгеннен кейін балаға бірден оқу әрекетіне көшу қиын болғандықтан ойын арқылы біртіндеп оқу әрекетіне төселдіреміз. Ойын сабақтың кез – келген кезеңінде тақырыпқа сай қолданылады. Көркем шығарманы пайдалануға байланысты ойынға түрлі санамақтарды, сұрамақтарды, қаламақтарды, айтыс ойындарды жатқызуға болады. Олар балалардың сөйлеу тілін жаттықтырып дамытумен қатар тәрбие мақсаттарының орындалуына да әсер етеді.
______________________________
Дидактикалық ойынның өз мақсаты, жоспары, тәрбиелік мәні, қажетті заттары, ерекшеліктері болады. Баланың жас ерекшелігіне, зейініне сай ұйымдастырылған ойындар баланың
ақылын, дүниетанымын кеңейтеді, мінез – құлқын, ерік – жігерін қалыптастырады және де сабаққа деген қызығушылығын арттырады.
ІІ. Дидактикалық ойындар – қазақ тілі сабағында
2.1. Бастауыш сыныпта дидактикалық ойындарды қолдану ерекшеліктері
Қазіргі мұғалімдердің алдында тұрған үлкен міндет – оқушыларды сабаққа ынталандыру. Мұның бір ғана жолы бар: сабақ қызық өткенде ғана. Айтқанға оңай, іс жүзінде сабақты тартымды өткізу мұғалімнен білімділікті, қабілеттілікті, тапқырлықты, дарындылықты қажет етеді. Сондықтан, мұғалімге қойылар талап – тілек барған сайын күрделеніп келеді.
Күнделікті сабақта ұстаздар арасында кеңінен тараған бір әдіс – ойын элементтерін қолдану. Бала белсенділігі ойын үстінде танылады. Жақсы ойынға бала бар ынтасымен беріліп, алуан мәлімет, дағды мен шеберлікті меңгереді. Алға мақсат қоя білуге төселеді, білгенін соған жұмсайды. Алайда, бұл ойындарды үнемі пайдалана бермейміз. Ойынның белгілі бір уақыттарда жүзеге асырылып, сабақ кезеңдеріне нұқсан келтірмейтіндей жымдасып жатуын көздеуіміз керек. Ойынды, көбінесе, қайталау сабақтарында немесе бекіту кезеңінде қолдануға болады.
Бастауыш сыныпта қолданылатын дидактикалық ойын түрлері оқушылардың танымдық ұғымдарын кеңейтіп, ойлау қабілеттерін арттырып, іскерлік, дағдыларын шыңдай түседі. Әр баланың тапқырлығын арттырып, қызығушылығын туғызады, теориялық материалдарды меңгеруге және оны практикада қолдануға машықтандыруға себебін тигізеді, әрі оларды сергітеді, оқуға ынтасын, белсенділігін арттырады. Бұлай деудің негізгі себебі – бұл жастағы балалар әлі де болса “ойын баласы”. Ойынды педагогикалық үрдіске енгізе отырып, мұғалім балаларды ойнауға, Л. С. Макаренконың сөзімен айтқанда, “жақсы ойнауға” үйретеді. Мұндай ойынға қойылатын талаптар мынадай: сапа, пән мазмұнының тәрбиелік – танымдық құндылығы, бейнеленетін түсініктердің толықтығы мен дұрыстығы, ойы, іс - әрекетінің орындылығы, белсенділігі, ұйымшылдығы және шығармашылық сипаты, жеке балалардың, барлық ойнаушылардың мүдделерін ескере отырып, ойында ережелерге бағыну және соларды басшылыққа ала білуі, ойыншықтар мен ойын материалдарын мақсаткершілікпен пайдалану, балалардың қарым – қатынастарының игі тілектестігі және көңіл – күйлерінің шаттығы. Осыларды ескере отырып ұйымдастырылған дидактикалық ойында оқушылар ойын ережесіне бағынады, әйтпесе жеңілетіндіктерін біледі, осы арқылы тәртіпті болуға үйренеді. Ал, ұжымда жұмыс істеу арқылы сыныптағы балалардың қарым – қатынастары артып, ойын барысында көңіл – күйлері көтеріңкі болады. Сондықтан, мұғалім ойын тапсырмалары мен мақсатын ойластыра отырып, қызықты да түсінікті болуын қадағалауы тиіс. Ойынды басқара жүріп, мұғалім баланың жеке басының ерекшелігіне, оның санасына, сезіміне, ерік – жігеріне, мінез – құлқына ықпал жасайды.
Дидактикалық ойында балалар әр нәрсеге жақсы зейін қояды және көбірек есіне сақтайды. Ойын үстінде алға қойған мақсатты шұғыл және оңай жүзеге асырады. Ойын шарттарының өзі баладан заттарға, айналатын көріністер мен сюжетке зейін тоқтатуды талап етеді. Егер бала ойын талабына зейін қойғысы келмесе, ойын шарттарын есте ұстамаса, онда оны құрдастары ойыннан шеттетуі ықтимал. Құрбыларымен қарым – қатысанс жасау қажеттігі баланы мақсатты түрде зейін қойып, есте сақтауға түрткі болады. Мақсаткерлік, ерік – күшін бағындыра білу – жеке басты дамытуға қажетті қасиет. Ойын мақсатсыз, бос ермек емес. Көп уақытқа созылатын жаттығулар баланы қалжыратады. Ал, егер ол жаттығулар мен тапсырмаларға жіптен секіру, доппен ойын сияқты ойын элементтерімен араластырылып отырса, онда ол өзінің оң нәтижесін береді. Ойнай жүріп бала көп күш – жігер жұмсайды. Алайда, ойын арқылы тапсырмаларды орындау ақыл – ой, адамгершілік, эстетикалық және дене тәрбиесінің мақсаттарына жету үшін пайдалану орынды. Ойын үрдісінде балалардың білімі тереңдей түседі, осыған дейінгі білімдері мен түсініктері баянды болып жаңа білім меңгеріледі. Сонымен қатар, ойындағы ереже ойынға ұйымшылдық, тұрақтылық сипат береді, оның мазмұнын баянды етеді және өзара қарым – қатынастарының одан әрі дамуына септігін тигізеді. Жасқаншақ балалардың ойынға белсенді қатысуына көмектеседі.
С.Рахметова қазақ тілі сабақтарындағы көркем шығармалардың оқушыларды тәрбиелеудегі маңызын жан – жақты талдап көрсетеді және сол мақсатқа сай дидактикалық ойындарды іріктеуді талап етеді:
1. Идеялық – саяси, адамгершілік және эстетикалық тәрбие беру;
2. Дүниеге дұрыс көзқарас қалыптастыру;
3. Балаларды үлкендердің үлгілі, ерлік істерімен, еңбектерімен таныстыру арқылы қоғам игілігіне адал ниетпен еңбек етуге, адамгершілікке, бір – бірін сыйлаушылыққа, адалдық пен шыншылдыққа, кішіпейіл болуға тәрбиелеу;
4. Отанымыздың мейлінше бай, көркем де сұлу табиғаты жайлы материалдармен танысу арқылы табиғатта кездесетін өзгерістер мен құбылыстарды байқай біліп, теңдесі жоқ сұлулық пен көркемдікті бағалай білуге, елін, жерін қадір тұтып, сүюге тәрбиелеу;
5. Балалардың алған білімдері мен оқу дағдыларын, шеберліктерін жетілдіру, тілін онан әрі дамыта түсу;
6. Халықтардың бостандық, бейбітшілік үшін жүргізген қаһармандық күрестерімен таныстыра отырып, Отанды сүю, бейбітшілік пен халықтар достығы рухында қалыптастыру;
7. Саналы тәртіпке, дұрыс мінез – құлық нормаларына үйрету;
8. Еңбекке қызығу, еңбекқорлыққа тәрбиелеу.
Демек, қазақ тілі сабақтарында дидактикалық ойындарды оқушыларды жан – жақты тәрбиелеуге негіздеу қажет. Осыған орай қазақ тілін дидактикалық ойындар арқылы меңгерту жұмыстарының мынадай мақсаттары болуы керек:
1. Оқушыларды ұлттық болмысқа тәрбиелеу. Бұл төмендегі жұмыстар бойынша жүргізіледі:
а) дидактикалық ойындарды ұлттық тәлім – тәрбие көздерімен ұштастыруда жұмбақтарды, мақал – мәтелдерді, халықтың даналық, өсиет сөздерін оқыту барысында ойындар арқылы кеңінен қолдану;
ә) көркем шығармаларды дидактикалық ойын түрінде беру арқылы оқушылардың ұлттық мәдениет пен әдебиетке дұрыс көзқарасын қалыптастыру;
б) дидактикалық ойындар арқылы оқушыларға шешендік сөздерді үйретіп, олардың тіл мәдениетін жетілдіру керек.
2. Оқушыларды дидактикалық ойындар арқылы әлемдік ізгілік пен әдептілік негіздерімен тәрбиелеу. Бұл үшін әлемдік тәрбиенің озық үлгілерін, сыннан өткен тәрбие көздерін қазақ тілін оқыту барысында тиімді қолдану қажет. Қазақ тілі сабақтарында діни нақылдар мен өнегелік өсиеттерді үйрету арқылы оқушыларды адамгершілік құндылықтарды түсініп, оны келешек өмірінде дұрыс қолдана білуге дағдыландырылады.
3. Қазақ тілі сабағында дидактикалық ойындарды қолдану арқылы оқушылардың ойлау қабілеті, есте сақтау қабілеті, сөйлеу қабілеті және қабылдауы, яғни таным процестері дамиды, жетіле түседі.
Жоғарыда аталған мақсаттарды орындау үшін ана тілі сабағында дидактикалық ойындар арқылы оқушыларды тәрбиелеу жұмыстарын төрт жақты жүргізген дұрыс:
Бірінші бағыт – дидактикалық ойындар арқылы оқушылардың интеллектуалдық қабілеттерін, логикалық ойлауын тәрбиелеу;
Екінші бағыт – оқушыларға ізгілікті тәрбие беру – оқыту үрдісінде халық педагогикасының мол мұрағаттарын пайдалана отырып, оқушыларға ізгілік, адамгершілік қасиеттерін бйына сіңіру;
Үшінші бағыт – түрлі көркем шығармаларды пайдалана отырып, оқушыларға эстетикалық тәрбие беру арқылы олардың жеке тұлғалық қабілеттерін, жат нәрседен бойын аулақ салуға тәрбиелеу;
Төртінші бағыт – оқушылардың сөздерді орынды қолдану дағдыларын жетілдіре отырып, сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеу.
Жоғарыда аталған төрт бағыт өзара бірлікте жұмсалып, тұтас күйінде дидактикалық ойындар арқылы оқушыларды тәрбиелеу негіздерін құрайды.
Бастауыш сынып оқушылары еліктегіш, жаңаны жаны сүйгіш келеді. Сондықтан мұғалім сабақ барысында ойын түрлерін пайдаланып отырса, оқушылардың сабаққа деген ынтасы артып, алған білімдерін өмірде қолдана білу мен ізденімпаздық дағдылары жетіле түседі.
Ойын түрлерін сабақта тиімді пайдалана білу мұғалімнің меңгертіп отырған білімін аса зор ықыласпен тыңдап, білімді берік меңгеруіне көмектеседі. Өйткені бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне байланысты олар ойынға өте ынталы келеді. Ойын барысында балалар тез сергіп, тапсырманы жылдам, дәл орындауға тырысады.
Төменгі сынып оқушыларына ойын түрлерін қолдану, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, сабаққа белсенді түрде қатысып, түсінбегенін түсінуге мүмкіндік туғызады.
Ойын түрлерін мұғалім сыныптан сыныпқа өткен сайын дидактикалық “деректіден дерексізге, жеңілден ауырға, жақыннан алысқа” деген принципті негізге ала отырып, бірте – бірте күрделендіре жүргізуіне болады. Мүмкіншілігіне қарай, әр тақырып бойынша ойын түрлерін қолданып сабақ жүргізу, мұғалімнің шеберлігін шыңдап, сабақтың сапасын арттырары сөзсіз.
2.2. Қазақ тілі сабағында қолданылатын дидактикалық ойындардың үлгілері
Қазақ тілі сабағында қолдануға болатын дидактикалық ойындар мен оларды жүргізу тәртібіне тоқталып өтсем:
Ойынның аты: “Ұшты – ұшты ...”
Ойынның мақсаты: Оқушыларды байқағыштыққа баулу.
Ойынның шарты: Бастаушы ойынды былай жүргізеді:
- Ұшты, ұшты, сұңқар ұшты! (Қол көтеріледі)