Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Февраля 2013 в 09:42, автореферат
Ғылыми ақпарат көлемін қысқа мерзім ішінде қарқынды меңгеруді қамтамасыз ететін ұтымды оқыту әдісін қолданудың жолдарын әдістемелік тұрғыда негіздеп, практикада пайдалану – бүгінгі уақыт сұранысынан туып отырған мәселе. Орыс аудиториясында мамандыққа бағыттап оқытудың дидактикалық және әдістемелік негіздерін басшылыққа алу қазақша сөйлеу білуге қажет керекті лексиканы талапқа сай дұрыс таңдап алуды қажет етеді. ЖОО студенттерін мамандыққа бағыттап оқыту ауызекі тілді меңгертумен қатар кәсіби тілдесімді еркін жүзеге асырады.
Зерттеу базасы негізінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің химия факультеті алынды. Сондай-ақ, Біліктілікті арттыру институтында мемлекеттік қызметшілерге және Өскемен Титан-магний комбинаты, Үлбі металлургия зауыты кәсіпорындарының қызметкерлеріне қазақ тілін оқыту курстарында ДБІ технологиясы қолданылып, тәжірибе нәтижесі тиімді деп танылып, өндіріске енгізуге ұсыныс жасалды.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- қазақ тілін химия факультетінде ДБІ технологиясы арқылы оқытудың өзіндік жүйесі бар;
- мамандыққа қатысты лексиканы ДБІ технологиясы бойынша оқытуда жүйелілік, сабақтастық, шоғырлылық, бірізділік, тұтастық ұстанымдары басшылыққа алынады;
- ДБІ технологиясы арқылы оқытуда тапсырмаларды блокқа топтастыру тиімді;
- қазақ тілін мамандыққа бағыттап оқытуда лексика-грамматикалық единицаларды ДБІ технологиясы арқылы топтастырып үйрету ұтымды болмақ.
Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы.
Зерттеу жұмысы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының мәжілісінде, әдістемелік семинарларда талқыланды. Ғылыми жұмыстың нәтижелері бойынша халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарында 6 мақала, республикалық әдістемелік журналдарда 4 мақала; оқу бағдарламасы, химиялық атаулардың түсіндірме сөздігі жарық көрді.
Еңбектің құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, әдебиет тізімінен және қосымшадан тұрады.
Негізгі бөлім
Зерттеу жұмысының «ЖОО химия факультетінің студенттеріне мамандыққа сәйкес лексиканы дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы арқылы оқытудың теориялық негізі» деп аталатын бірінші бөлімнің алғашқы тармағында орыс бөлімдері студенттеріне қазақ тілін мамандыққа сәйкес оқытуға арналған еңбектерге шолу жасалды және ізденіс жасау барысында ғалымдардың құнды пікірлері назарға алынды.
Қазіргі таңда қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне оқытуда студенттерді болашақ мамандықтарына бағыттап оқыту жан-жақты іске асырыла бастады. Осыған байланысты З.Күзекова, Г.Қарақұсова, К.Сариева, Ф.Оразбаева, Г.Алдамбергенова, Ш.Құрманбайұлы, М.Мамаева, А.Сыбанбаева, А.Жұмағұлова, К.Аухадиева, Ә.Уәбиева, М.Жорақбаева, А.Мұратбекованың еңбектері жарық көрді.
Аталған ғылыми жұмыстарда қарастырылған мәселе – оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым, тілдесім әрекеттері арқылы тіл үйренушілерге қазақ тілін коммуникативтік тұрғыдан меңгерту; сауатты жаза білу; кәсіби тілдесімді еркін түрде жүзеге асыру. Мұндағы ғылыми жұмыстардың негізіне белгілі тілші ғалым Ф.Оразбаеваның «Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі» атты еңбегіндегі теориялық тұжырымдар мен басты қағидалар арқау етіп алынған. Ғалымның кәсіби тілдесім жөнінде мынадай пікірін келтіру орынды: «Кәсіби тілдесім – тіл үйренушілерге белгілі бір мамандықтың саласына байланысты сөйлесудің үлгілерін, мамандыққа қатысты сөздерді, тілдік қолданыстарды, терминдерді үйрету. Адамдардың бір-бірімен қандай мақсатпен, қалай сөйлесуіне байланысты тілдесім түрліше болады: ресми, бейресми, қалыптасқан тілдесім және т.б.» [1, 121 б.].
Бірінші бөлімнің екінші тармағы жоғары оқу орындарында қазақ тілін мамандыққа сәйкес және жаңа технология арқылы үйрету мәселесінің зерттелуіне арналған.
Педагогикалық технологиялардың тиімділігі төмендегідей авторлардың еңбектерінде көрсетілген: «Дамыта оқыту» (Л.С.Выготский, Л.В.Занков, Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов); Ынтымақтастық технологиясы (Ш.Амонашвили) «Ойын арқылы оқыту» технологиясы (В.Селевко); Проблемалап оқыту (И.Махмудов); коммуникативтік технология жүйесі (В.Ф.Шаталов, Е.Н.Ильина, Н.А.Зайцев, А.А.Окунев); Оздыра оқыту технологиясы (С.Н.Лысенкова).
Дамыта оқыту технологиясы оқушыларды белсендіре отырып, оларды өз бетімен ізденуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге баулиды. Ынтымақтастық технологиясы мұғалім мен оқушының бірігіп қызмет істей отырып, бір-бірімен тең дәрежеде болуын көздейді. Ойын арқылы оқыту технологиясы ойын элементтерін қолдану арқылы оқушыларды белсендіре отырып, тиімді нәтижеге жетуге көмектеседі. Оздыра оқыту технологиясының негізгі ерекшелігі – сабақ барысындағы басты құндылық – уақыт ұтымдылығы болып саналады. Проблемалап оқытудың басты ерекшелігі – оқушыға проблемалық жағдай туғызып, соған қатысты оңтайлы шешім қабылдауға үйретеді. Педагогикалық технологиялардың түрлері оқушыларды белсендіру мен интенсивтендіруге ықпал жасай алады.
Оқытудың әдістемелік жүйесін жаңартуда негізге алынған ғылыми –теориялық алғышарттар отандық және шетелдік өркениетті елдердің озық тәжірибелері мен педагогика, оның ішіндегі әдістеме саласындағы қол жеткен табыстардың үздік нәтижелері сараланып, білім беру жүйесіне енгізілді. Біздің елімізде педагогикалық технологияның басты мәселелері Т.Галиев, Г.Нұрғалиева, М.Жанпейісова, Ж.Кобдикова, М.Мукамбаева, Г.Жақыпбекова, К.К.Қабдықараев, И.В.Логинов, Л.Н.Оразбекованың еңбектерінде көрініс тапқан. Олар В.Монаховтың педагогикалық технологиясын оқу үрдісіне енгізу барысындағы оңды нәтижелер туралы айтқан. Мұнда авторлар жаңа технологияның әмбебаптылығымен қатар, оның барлық пәнге қатысты қолдануға болатындығын және мемлекеттік стандарт талабына сай келетіндігін, деңгейлік оқытуға игі ықпал ететіндігін баяндайды.
Қазақ тілін жаңа технология арқылы оқыту тілші-әдіскерлер К.Жақсылықова, Қ.Қадашева, Р.Шаханова, Т.Әбдікәрім, Н.Құрманова, З.Бейсенбаева, Г.Үрістембекова, Л.Ермағамбетованың зерттеулерінде жан-жақты сөз етілген.
Диссертациядағы келесі тармақ «Қазақ тілін химия факультетінің студенттеріне дидактикалық бірліктерді ірілендіру (ДБІ) технологиясы арқылы оқытудың ерекшелігі мен ұстанымдары» деп аталады.
ДБІ идеясы – ғасыр идеясы ретінде оқытудың тұтастығын қамтамасыз ететін, яғни жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, әсіресе, интеллектуалды болып жетілуіне мүмкіндік туғызатын оқыту технологиясы негізінде танылған. Дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясын математика пәніне қатысты ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалым – П.М.Эрдниев. Ол: Ірілендірілген дидактикалық бірліктер – логикалық жағынан әр түрлі элементтерден құралған, ортақ ақпаратқа ие бола алатын оқу процесінің «клеткасы»,- деп топшылайды. Ол оқу процесінің клеткасы ретінде «математикалық жаттығуларды» қарастырады және «оқу мен оқытуды» біртұтас бүтінге біріктіретін оқытушы мен оқушы әрекеттерін атайды.
Ғалымның айтуынша, ДБІ-ге негізделген оқыту технологиясы әр оқушының бас сүйегіндегі орасан зор психо-физиологиялық (қорларын) резервтерді оятып, іске жұмылдырады. Іріленген тақырыптарға көшу барысында өзара байланысты біртектес ұғымдарды бірге топтастыра қарастырғанда, оқушылардың санасында олар туралы мүлде «жаңа» білім пайда болады. Бұл «жаңа білімге» ДБІ-дің нәтижесінде ғана қол жеткізуге болады. Атап айтқанда, бір элементтен екінші элементке көшу барысында студенттер олардың арасындағы өзара байланыс ақпаратына көз жеткізеді. Тек бір-бірімен байланысты бірліктерді ірілендіру көлемінде топтастырып қолданғанда ғана берілген ақпарат нәтижелі болады, тез қабылданады.
ДБІ технологиясының негізгі ерекшелігі – мұнда оқушылар оқу ақпаратын іріленген мазмұнда жинақы қабылдайды және есте берік сақтайды.
ДБІ теориясымен мына мәселелер тығыз байланысты: оқу материалдарын тірек схемалар мен сигналдар арқылы қабылдау және жазу идеясы (В.Ф.Шаталов); ғылыми теорияларды және олардың құрылымдық элементтерін бөліп қарастыру (Б.С.Гершунский); сабақ құрылымының тұтастығы мен дамуына қатысты оқыту мен оқудың актілері (Г.Д.Кириллова). Ғалымдардың пікірінше, «құрылымдандыру» ұғымы – оқу материалдарының құрамдас элементтерін біріктіреді (ұғымдар, заңдар, идеялар, ұстанымдар). Оларды оқушыларға жеткізу және меңгерту белгілі бір байланыстар мен қатынастар арқылы тізбек түрінде болады.
Қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне мамандыққа баулып оқытуда дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясын қолдану өзара бір-бірімен байланысты, ұқсас лексика-грамматикалық единицаларды бір мезгілде жүйемен оқытып үйретуге мүмкіндік береді.
Мәселен, «Менделеев кестесі» атты лексикалық тақырып төңірегінде мынадай грамматикалық материалдарды ірілендіріп, бір-бірімен байланыстырып өткенде, бірнеше сабаққа арналған тілдік материалды студенттер бір сабақта меңгеріп, шығармашылықпен сабақтастырды: Ілік септік; Тәуелдік жалғау; Иелік форма.
Өзара байланысты грамматикалық формалар жөнінде профессор С.М.Исаевтың еңбегінде былай делінген: «Послелоги дейін, шейін в казахском литературном языке иногда управляют причастной формой на –ған-ген, -қан-кен в дательно-направительном падеже и употребляются, в основном, в роли сложного сказуемоге придаточного предложения времени. И в этом случае они (послелоги) тождественны. ...даже иногда причастие с аффиксами -ша, -ше употребляется в ином усилительно-временном значении, но это по-видимому семантическое развитие данной формы. Однако факт синонимичности этих конструкций говорит о родстве этих форм и единиц» [2, 88-89 б.].
ДБІ технологиясы арқылы қазақ тілін оқытудың ұтымдылығы – алдын-ала қарастырылған ішкі байланыстары бар тапсырмалар жүйесі. Ірілендіру ұстанымына негізделген белгілі бір жаттығулар жиынтығы, олардың қатаң түрдегі бірізділігі студенттердің қазақша сөйлеуге үйрену барысында тілдік құралдарды саналы түрде және берік меңгеруге жетелейді.
ДБІ технологиясы арқылы химия мамандығына қатысты лексиканы игерту кезінде бірліктерді ірілендіру мазмұны төмендегідей ұстанымдарға негізделді:
1. Бірізділік
2. Жүйелілік
3. Сабақтастық
4. Тұтастық
5. Шоғырлылық
Бірізділік ұстанымы меңгертілетін материалдарды бірінен соң бірін үйлестіріп, бір ізге түсіріп ұсынуды көздейді: бірінші тапсырмада іріленген грамматикалық бірліктердің түсініктері; екіншісінде мысалдары; үшіншіде іріленген бірліктерді ажырату тапсырмасы ұсынылады.
Сабақтастық ұстанымы орындалатын тапсырмалардың арасындағы үндестікті, байланыстылықты қамтамасыз етеді. Сабақтастырыла оқытылған материалдар студент санасында берік орнығып, керек кезінде еске емін-еркін түсіруіне жағдай жасайды.
Жүйелілік – дидактика ұстанымдарының маңыздысы. Кез келген материал лексика болсын, грамматика болсын белгілі бір жүйеде берілуі қажет. «Жүйесіз нәрсені жадыңда сақтау қиын. Егер тілде жүйе болмаса, егер ол бір-бірімен байланыссыз, ретке (тәртіпке) келтірілмеген, ұйымдаспаған, бөлшектері бүтінге бірікпеген, бытыраңқы элементтер күйінде болса, онда тіл адамның жадында да (санасында) сақталмаған болар еді, қатынас құралы болып қызмет етуге жарамас еді»,- дейді ғалым К.Аханов [3, 5 б.] .
Шоғырлылық ұстанымы білімді бөлшектеп емес, топтастырып қабылдауға мүмкіндік береді. Біртектес, ұқсас ұғымдарды топтастырып, бір мезгілде оқыту сапалы білім беруге негіз болады.
Тұтастық ұстанымы игертілетін тілдік бірліктердің жеке-жеке бөлінбей, бүтіндей ұсынылуын қамтамасыз етіп, ақпараттың жинақы қабылдауына пайдасын тигізеді. Тұтастай алынған білім студенттердің жадында ұзақ және берік сақталуына ықпал жасайды.
Аталған ұстанымдар тиімді жүзеге асырылуы үшін сабақта мынадай талаптарды орындаған дұрыс:
1. Іріленген тапсырмаларды орындау барысында олардың барлық құрама бөліктері бірізділік негізінде жүзеге асырылуы шарт (бір сабақтың шеңберінде).
2. «Бір мезгілде» оқытуда өзара байланысты мысалдар мен тапсырмаларды орындау кезінде аз уақыт арасында аяқтау қажет. Уақыт мөлшері (санаулы) бірнеше минут болуы шарт.
3. Берілген тапсырманы орындау барысында студенттің ойы басқа нәрсеге бөлінбегені дұрыс.
4. Бір мезгілде орындалатын тапсырма үйге немесе ұзақ уақытқа созылмауға тиіс. Тек осындай жағдайда ғана 15-20 минут аралығында операциялар белсенді фазада жүзеге асырылып, жұмыстың табысты болуына себін тигізеді.
Өзара бір-бірімен байланысты біртектес білімдерді бір мезгілде қарастыру: біріншіден, білімді бөлшектеп емес, тұтас қабылдауға мүмкіндік береді; екіншіден, терең және сапалы білім меңгеруге жол ашады.
Бірінші бөлімнің үшінші тармағы кәсіби лексиканы ДБІ технологиясы арқылы оқытудың лингвистикалық негізіне арналған.
Дидактикалық бірліктерді ірілендіру арқылы химия мамандығына қатысты лексиканы игертудің лингвистикалық негізі – сөйлесім әрекетін жүзеге асыратын оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым, тілдесім әрекеттеріне негізделген тілдік бірліктер мен қатысымдық тұлғаларды біріктіріп оқытудың ерекшеліктерін қамтиды.
Сөйлеу үрдісіндегі сөз бен сөздің байланысы, грамматикалық формалар мен мағыналар, сөз тіркестері, сөзжасам қосымшалары тілдік қарым-қатынасқа ерекше ықпал ететін құралдар болып табылады.
Лексиканы оқытуға арналған И.Рахманов, Е.Пассов, Я.М.Колкер, Е.С.Устинова, Т.М.Еналиева, Г.А.Китайгородская, С.Әбдіғалиев, Н.Оралбаева, Ф.Оразбаева, Ш.Бәйнеш, Б.Құлмағамбетованың еңбектері тілдік қатынасты дамытуға бағытталған ой-пікірлерімен құнды.
Қазақ тілінде дұрыс сөйлеп, жаза білу фонетика, лексика, орфография, орфоэпия, грамматиканы оқытумен тығыз байланысты. Басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытуда тіл үйренушілердің тілдік қарым-қатынас біліктілігіне басымдылық беріледі де, теориялық материал лексикалық тақырыптар төңірегінде түсіндіріледі. Қазақ тілін үйрету алғашқы кезеңде сөйлем мен сөз үйретуден басталады. Сөз құрамындағы қазақ тілінің ерекше дыбыстарына назар аударылып, олардың бір-бірімен тіркесуі, дұрыс айтылуы мен жазылуы үйретіледі. Қазақ тілінің дыбыстық құрамын үйрету фонетика, орфография, орфоэпия салаларын жүйелі түрде ұсынуға негізделеді. Тіл үйретуде сөздердің айтылуы мен жазылуын қатесіз меңгерту мақсатында тірек сөздер мен салыстырмалы кестелер кеңінен пайдаланылады. Тілдік және қатысымдық тұлғаларды игерту үшін жаттығу жұмыстары жүйелі түрде орындалады, сөздің орфографиялық нормасына айрықша көңіл бөлінеді. Сөздің дұрыс жазылуы мен айтылуына қатысты фонетикалық жаттығулар, мәтіндерді оқу, ауызша және жазбаша мазмұндау сияқты тіл дамыту жұмыстарының үнемі, жүйелі түрде жүргізілуі ойды дұрыс, түсінікті жеткізуге мүмкіндік береді.