Автор работы: Пользователь скрыл имя, 17 Марта 2012 в 18:59, автореферат
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Ағылшын және қазақ тіл білімдерінің сан-салалы теориялық ұстанымдары бүгінгі күнде аудармаға қатысты зерттеулердің негізгі бағыт-бағдарын анықтауға, маңызды қорытындылар шығаруға мүмкіндік беретіндіктен, бұл тілдердегі материалдарды бір-біріне шебер аударудың жалпы және жеке лингвистика шеңберіндегі өзіндік заңдылықтарын сұрыптау және осы тұрғыдағы жұмыстардың өзге ізденістер қатарында алар орнын нақтылау қажеттігі ғалымдардың алдына тың мәселелер қойып отырғаны даусыз.
Диссертациялық жұмыс Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Жалпы тіл білімі кафедрасының мәжілісінде талқыланды.
Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Зерттеу жұмысының бірінші тарауында ағылшын және қазақ тілдеріндегі біріккен сөздердің теориялық бағыттары сөз болғандықтан сипаттау, салыстырмалы-салғастырмалы талдау, талдау әдістері қолданылды. Диссертацияның екінші тарауы жалпы аударма теориясы мен ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің қазақ тіліндегі трансформациялық модельдеріне арналғандықтан онда жүйелеу, сыни тұрғыдан баяндау, жинақтау, текстологиялық, түсіндірмелі, жүйелі-кешенді талдау әдістері қолданылды.
Жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспе мен екі тараудан, қорытынды, қосымша және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Диссертацияның кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, зерттелу деңгейі, зерттеу жұмысының нысаны мен пәні, мақсаты мен міндеттері, деректік және теориялық-методологиялық негіздері, ғылыми жаңалықтары мен қорғауға ұсынылатын тұжырымдары баяндалып, зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы, сыннан өтуі мен құрылымы көрсетілген.
Жұмыстың «Ағылшын тіліндегі біріккен сөздерді қазақ тіліне берілу процесіндегі аударма теориясының негіздері» атты бірінші тарауы үш тараушадан тұрады. Оның «Аударма мәселелерінің теориялық негіздерінің бағыттары» деген бірінші тараушасында аударматанудың қалыптасу тарихына шолу жасалып, Кеңестік дәуірдегі ғалымдар мен Отандық ғұламалардың зерттеу еңбектері тақырып айналасында сарапталады. ХХ ғасырдың отызыншы жылдарының өзінде М.М.Морозов, Я.И.Рецкер, А.В.Федоров сынды осы саланың білгір мамандары аударма бойынша маңызды жұмыстар атқарып, олардың ізімен Н.Б.Аристов, И.М.Берман, Л.С.Бархударов, С.И.Кауфман, Т.Н.Михельсон, Э.Ф.Скороходько т.б. ғалымдар 50-60 жылдарда аударматанудың іргесін бекіте түскені нақты деректермен дәйектеле түсіндірілген. Ал кейінгі жылдарда орыс және қазақ тілдерінің аударма мәселесі жөнінде отандық ғалымдардан Ө.Айтбаев, А.М.Алдашева қалам тартса, герман тілдері мен қазақ тілі аудармасының кейбір мәселелері М.Ш.Құрманов, Р.Нұрғалиев еңбектерінде сарапталды. Ағылшын, қазақ аударма теориясы бойынша ұлттық-мәдени реңдегі сөздерді беру мәселелері А.С.Ермағамбетованың, А.Исламның еңбектерінде қарастырылады.
Аударма саласында еңбек еткен ғалымдардың әрқайсысы оны әр қырынан қарастырған. Мәселен, А.М.Алдашева аударматану ғылымының негізгі міндеттері мен “аударма”, “баламалылық” ұғымдарының мәнін ашып, аударма мәтінге қойылатын талаптарды анықтап, аударма сапасының көрсеткіштерін белгілеп берді [1, 74 б.].
Аударма әдеби шығарма арқылы бір халықтың өмірін келесі бір халыққа таныстыру арқылы екі ел арасында рухани көпір орнатуға ат салысады. Демек аударманың мақсаты-түпнұсқа тілді білмейтін оқырманды аударма арқылы өзге елдің әдет-ғұрпымен, мәдениетімен етене таныстыру. Л.С.Бархударов аударма ұғымына “белгілі бір мәтіннің мағынасын сақтай отырып қайта құрылуы” [2, 3 б.] деп, А.В.Федоров: “аударма дегеніміз-өзге тілдің құралдарымен баяндалған тексті екінші тілдің құралдарымен барынша толық, әрі дәл жеткізу” [3, 15 б.] деп анықтама берген. Олай болса, аударма – түпнұсқаның басқа тілде қайта өңделіп жасалуы, тіларалық және мәдениетаралық қарым-қатынас процесі, тіларалық трансформация, сөз жасау өнері.
Ғалымдар аудармаға өзіне тән ерекше талаптар қойып, оның қыры мен сырын аша түсу бағытында еңбек еткен. Мәселен, көркем аударманың өз мәтініне сөз қосып, негізгі ойдан ауытқып кетуге, ал түпнұсқаны сөзбе-сөз келтіремін деп ұғымсыз сірестіріп қоюға болмайтындығына ғалымдар бірауыздан келіседі. Бастапқы шығармадағы тілдік, стильдік ерекшеліктерді ескере отырып, оның көркемдік, идеялық қасиеттерін толық жеткізу аудармаға қойылар талаптардың бірі. Осыдан келіп, аудармашыға қойылатын түпнұсқаның мағынасы мен көркемдігін қатар беру талабы туындайды.
Е.В.Бреус аударманы тек екі тілдің байланысы ғана емес, сонымен бірге екі мәдениеттің арасындағы байланыс та көрініс табатын тіларалық қатынас әрекеті деп санайды [4, 19 б.].
Аударма туралы толығырақ және нақты теорияны В.Н.Комиссаров ұсынды. Ғалымның пікірінше, төрт лингвистикалық теория бар, соған сәйкесінше, ол аудармаға төрт анықтама береді: денотативті теория бойынша, “перевод есть процесс описания при помощи языка перевода денотатов, описанных на языке оригинала” деген анықтама берген [5, 32 б.]. Трансформациялық теория бойынша, “перевод есть нечто иное, как преобразование единиц и структур языка оригинала в единицы и структуры языка перевода” деген анықтама берген [5, 38 б.]. Семантикалық теория бойынша, “перевод “заключается в раскрытий сущности эквивалентных отношений между содержанием оригинала и перевода” деген анықтама берген. Баламалық деңгейлері теориясы тұрғысынан: “модель переводческой деятельности, основанную на предположений, что отношения эквивалентности устанавливаются между анологичными уровнями содержания текстов оригинала и перевода” деген анықтама ұсынған болатын [5, 62 б.].
И.Н.Гарбовский былай деп анықтама береді: “Аударма дегеніміз- түпнұсқаның басқа тілде қайта өңдеп жасалуы; тіларалық және мәдениетаралық коммуникация процесі; тіларалық трансформация; сөз жасау өнері” [6, 9 б.].
А.И.Федоров аударма барысында мынадай жағдайларға баса көңіл бөлу керек деп есептейді:
1 Түпнұсқа тілде кездесетін сөздердің барлығы дерлік аударма тілдің сөздік қорында кездесе бермейді;
2 Түпнұсқа тіл мен аударма тілдегі сөздердің мағынасы тек жартылай ғана сәйкес келуі мүмкін;
3 Түпнұсқа тілдегі көп мағыналы сөздің берер мағынасы аударма тілде әр түрлі сөздер арқылы берілуі мүмкін [7, 133 б.].
А.Поповичтің анықтамасына сүйенсек: “В переводе существует “мера”, которую нельзя нарушать. Нарушение этой “меры” ведет к тому, что перевод становится адаптацией” [8, 143 б.].
Қазіргі уақытта аударма теориясында бірнеше үлгі (модель) жасалған. Олардың негізгілеріне денотаттық, семантикалық және трансформациялық үлгілер жатады. Денотаттық үлгіде аударма тіл мен өмір шындығының байланысы басты назарға алынады. Кейде аударманың жағдаяттық үлгісі деп те аталатын бұл модель өмір шындығының әлдеқандай құбылыстарының атаулары аударма тілде жоқ болса да, тілдік заңдылықтардың көмегімен салыстырудың мүмкіндігі әрқашан болады деген заңдылыққа саяды. Семантикалық үлгі аударма үдерісінде сөздің ең кіші мағыналық бөлшегі саналатын семаларға мән берумен байланысып жатады. Ал трансформациялық модельді сөздердің орындарын ауыстыру, сөйлемнің құрылымын өзгерту, сөз таптары мен сөйлем мүшелерін өзгерту, сөз қосу, сөздерді түсіру сынды әдістердің негізіндегі аударма деп түсінуге болады. Аударма теориясының зерттеу нысанының бірі болып табылатын грамматикалық трансформация жан-жақты қарастыруды қажет етеді. Аударма процесі осы трансформация кезіндегі орын алар өзгерістер негізінде қаралады.
«Ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің зерттелу бағыттары» атты екінші тараушада қазіргі ағылшын тілінде жаңа сөз жасаудың негізгі жолдары мен олар жайлы ғылыми пікірлер сараптала келіп, біріккен сөздердің зерттелу деңгейі сөз болады. Ағылшын тілінде жаңа сөз жасау конверсия, сөздерді біріктіру, префикстік және суффикстік әдістері арқылы жүргізіледі. Ағылшын тілінде біріккен сөздер сөзқосым үрдісінің нәтижесінде қалыптасады. Ал екі немесе одан көп түбірлерді қосу арқылы бір сөз жасайтын сөзжасамның бір жолы – біріктіру (сomposition). Біріккен сөздердің ағылшын тіл білімінің лексикология саласында да қарастырылуы, ең алдымен олардың сөздік құрамды байытатын ең негізгі бөлік екендігімен астарласып жатыр. Мұнда лексикологияның нысандық ерекшелігі де рөл ойнайды. Лексикологияны сөз туралы ғылым екендігін ғалымдар толық тән алады. Сондықтан ағылшын тілінде біріккен сөздердің лексикологиядан орын алуы олардың жеке сөзге жақын сипаттарының басымдығында. Ағылшын тіліндегі біріккен сөздер сөйлеу кезінде қаншалықты кең қолданылса да, теориялық жағынан олар туралы әлі де өз шешімін таппаған сұрақтар көп кездеседі. Сондықтан О.Д.Мешков [9]. Ағылшын тіліндегі күрделі сөздерге қатысты еңбегінде ағылшын сөзжасамының қыр-сырын жан-жақты айқындауда көптеген проблемаларға кезігетінін айта келіп, оларды төмендегідей санамалап шығады:
1. Күрделі сөздердің өзіндік ерекшеліктерін айқындау.
2. Күрделі сөздердің шығу төркіні проблемасы.
3. Күрделі сөздер мен сөз тіркестерінің арақатысы проблемасы.
4. Күрделі сөздердің компоненттерінің арақатысы проблемасы.
5. Күрделі сөздердің мағыналары проблемасы.
6. Сөзжасамның тілдің морфологиялық және синтаксистік құрылымымен байланысы проблемасы.
7. Күрделі сөздердегі ұлттық ерекшеліктер проблемасы.
8. Күрделі сөздерді жіктеу проблемасы.
9. Күрделі сөздің модельдерін сипаттау проблемасы.
Ағылшын тіліндегі күрделі сөздер төмендегідей топтарға бөлінеді:
І. Сөз таптарына қарай:
1. Зат есімдер, мысалы: baby-moon, address book, letter-box, match-box;
2. Сын есімдер, мысалы: power-happy, old-hand, new-born, light-headed;
3. Етістіктер, мысалы: to honey-moon, to baby-sit, to henpeck, to blackmail;
4. Үстеулер, мысалы: down deep, headfirst, splash down;
5. Шылаулар, мысалы: into, within, onto, without;
6. Сан есімдер, мысалы : fifty-five, seventy-eight, thirty-eight, ninety-one.
ІІ. Құрамындағы компоненттерінің қатысына қарай:
1. Аралық (neutral), олар екі түбірден ешқандай морфемаларсыз бірігуінен жасалады, мысалы, outrageous, she-goat, general public, space age, iron-clad;
2. Морфологиялық (morphological), мұнда компоненттер «o» немесе «i» дауысты яки «s» дауыссыз дәнекер дыбыстары арқылы байланысады: astrospace, handicraft, sportsman, craftsman, tradesfolk, Anglo-Saxon;
3. Синтактикалық (syntactical) немесе лексикаланған фразалар мұнда компоненттер көмекші формалар арқылы байланысады, мысалы, hold-a-lot-of-beer, sick-in-the-mud, breakfast-in-the-bedder, free-for-all, do-or-die, lily-of-the-valley, bring-and-buy sale, washing-up-liquid, Jack-of-all-trades, good-for-nothing.
ІІІ. Құрылымына қарай:
1. Екі түбірден тұратын негізгі күрделі сөздер, мысалы, job-hunt, hidebound, go-go, tip-top, heartache, speak-easy, double-cross, chatter-box, whitewash;
2. Түбірлерінде аффикстері болатын туынды (derivational) күрделі сөздер, мысалы, ear-minded, hydro-skimmer, guided missile, baked beans, runner-up, horn-rimmed, factory-packed, science-based, chain-smoker;
3. Үш немесе одан да көп түбірлерден тұратын күрделі сөздер, мысалы, cornflower-blue, eggshell-thin, singer-songwriter, greenhouse effect, one-parent family;
4. Қысқарған күрделі сөздер, мысалы. VJ-day, motocross, intervision, Eurodollar, T-shirt, math-mistress, H-bag, X-mas, G-man.
ІV. Компоненттерінің арасындағы қатынасқа қарай:
1. Бағыныңқы күрделі сөздер. Мұнда компоненттердің бірі семантикалық жағынан негізгі және басыңқы болады да, екіншісі бағыныңқы болады, бұл бағыныңқылық қатынас түрліше болуы мүмкін: салыстырмалы қатынаста, мысалы, honey-sweet, eggshell-thin, шектеу қатынасында, мысалы, breast-high, knee-deep, екпіндік қатынаста, мысалы, dog-cheap, обьектілік қатынаста, мысалы, gold-rich, себептік қатынаста, мысалы, love-sick, кеңістік қатынаста, мысалы, top-heavy, мезгілдік қатынаста, мысалы, spring-fresh, субьектілік қатынаста, мысалы, foot-sore т.б.
2. Екі компоненті де семантикалық жағынан тең дәрежедегі салаласқан күрделі сөздер. Бұл топқа бір кісі атқаратын екі қызметті білдіретін secretary-stenographer, woman-doctor т.б. күрделі сөздер жатады. Аталған топқа редупликация арқылы жасалған күрделі сөздер де жатады: fifty-fifty, no-no, pooh-pooh, pretty-pretty, blah-blah және өзара дыбыстық алмасуға ұшыраған редупликация арқылы жасалған күрделі сөздерді де жатқызуға болады: criss-cross, walkie-talkie, razzle-dazzle, bibble-babble, chit-chat.
V. Күрделі сөздер компоненттерінің орналасу тәртібіне қарай тура тәртіпті күрделі сөздер, мысалы, kill-joy және жанама тәртіпті күрделі сөздер болып бөлінеді, мысалы, nuclear-free, rope-ripe т.б.
Күрделі сөздің құрылымдық бірігуі мына мәселелерге байланысты болады: екпіннің бір болуы, бірге немесе дефис арқылы жазылуы, семантикалық тұтастығы, морфологиялық және синтаксистік функцияларының бір болуы.
Ағылшын тіліндегі жеке сөзге тән белгілер мен күрделі сөздерге тән белгілерді салыстырғанда біріккен сөздер сөз тіркестеріне қарағанда, жеке сөздерге әлдеқайда жақын деген қорытынды шықты.
Күрделі сөздер ағылшын тіліндегі әр алуан ұғымдардың атауы ретінде қызмет етеді. Олардың әркелкілігі жасалу жолдарына, мағыналық сипатына, формалық ерекшеліктеріне қарай сипатталады. Мысалы, ағылшын тілінде foot сөзінің қатысы арқылы foot way (жүргінші жолы, бір аяқ жол) foot wear (аяқ киім) foot ball (футбол добы), football (футбол), footballer (футболшы), footmark (із), footpad (жүргінші жолы, бір аяқ жол), footstool (аяққа арналған шағын орындық), foot-warmer (аяқ жылытқыш), footnote (сілтеме), footstep (із), footprint (аяқ алынған таңба (із)), foot-race (жүгіруден жарыс), footpath (бір аяқ жол), footmark (із), footfall (басылған аяқ дыбысы), т.б. күрделі зат есімдер жасалынған. Мұнда күрделі зат есімдердің компоненттерінің бірігуі, қосарлануы немесе тіркесуінің өзі мағына өзгертетіні көңіл аудартады. Бұл мысалдарда foot және ball сөздерінің тіркесе байланысуы, басқаша айтқанда бөлек жазылуы аяқпен ойнауға арналған ойын құралы деген мағынаны білдірсе, олардың бірігіп келуі, яғни бірге жазылуы доппен ойналатын ойын деген мағынаны беріп тұр. Олай болса, ағылшын тіліндегі күрделі сөздердің компоненттерінің бірігуі мен тіркесуі мағына ажыратушылық қызмет атқарады.
Қолымыздағы материалдар негізінде ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің төмендегі модельдер бойынша жасалған мысалдарын қарастырып көрейік:
- N+N моделі-екі зат есім түбірлерінің бірігуі арқылы: hand paper, tear gas, piano keys, painter-lover, workforce, bird-dog, boat-ride, sunbather, oak tree, coffee time, cough drops, air-rifle, motorcycle, killer shark, cane sugar;
- A+N+Suf-ed моделі-сын есім түбірі+зат есім түбірі+-ed сын есім суффиксі: long-legged, grey-haired, black-eyed, lean-faced;
- Num.car+N моделі-есептік сан есім түбірі+зат есім түбірі: ten-year, two-room (екінші компонентіне еркін тіркестердегідей –s қосымшасы жалғанбайды), three-star, one-step, five-year, two-foot, three-hand, three-corner, four-square;