Автор работы: Пользователь скрыл имя, 17 Марта 2012 в 18:59, автореферат
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Ағылшын және қазақ тіл білімдерінің сан-салалы теориялық ұстанымдары бүгінгі күнде аудармаға қатысты зерттеулердің негізгі бағыт-бағдарын анықтауға, маңызды қорытындылар шығаруға мүмкіндік беретіндіктен, бұл тілдердегі материалдарды бір-біріне шебер аударудың жалпы және жеке лингвистика шеңберіндегі өзіндік заңдылықтарын сұрыптау және осы тұрғыдағы жұмыстардың өзге ізденістер қатарында алар орнын нақтылау қажеттігі ғалымдардың алдына тың мәселелер қойып отырғаны даусыз.
Ауыстыру тәсіліне аударма барысында сөз таптарын, сөйлем мүшелерін, синтаксистік байланыс түрлерін, сондай-ақ лексикалық ауыстыруларды (нақтылау, жалпылау, антонимдік аударма, компенсация) жатқызуға болады. А.М.Алдашева бұл ретте сөздіктегі сәйкестіктер көркем аудармада ұғымдық-мазмұндық, стильдік және экспрессиялық қызметінде елеулі айырмашылықтар жоқ тілдік құралдардың орны ауыстырылатындығын, ал енді кейбір жағдайларда екі мәтіннің коммуникативті-функционалдық теңбе-тендігіне қол жеткізу үшін мәтіндегі сөздің дәлме-дәл баламасы емес, мағынасы жуық, сөздің стильдік қызметін нақтылайтын, экспрессивті бояуын бере алатын басқа сөзбен (тіркеспен, фразамен) ауыстырылатындығын айтады [1, 173-175 бб.]. Кейде түпнұсқа сөйлеміндегі нақты атаулар аудармада есімдік арқылы беріледі, кейде керісінше де болуы мүмкін. Бұл бір сөзді қайталай бермеу мақсатынан туған әрекет болып саналады. Бір сөзбен айтқанда, түпнұсқадағы тілдік бірліктер аударма тіліне сол қалпында берілуі шарт емес. Тек мазмұн кемшіліксіз сақталуы қажет. Мына мысалдарды талдап көрейік: “Now then, school marm, she said” [11, 205 б.], сөйлемін Ә.Ахметов қазақ тіліне “Ал, мұғалім мадам, сіз не дейсіз?-деді ол” [12, 113 б.] деп берген.
Бұл сөйлемде school marm біріккен зат есімі мұғалім мадам болып аударылған. Бұл аударманы сөз ауыстыру моделіне жатқызамыз. Өйткені, мұнда school мектеп сөзінің орнына мұғалім сөзі берілген. Яғни, мектеп мадамы дегеннің орнына мұғалім мадам сөзі қолданылған.
“…and raising the revolver he fired point-blank at the woman’s retreating figure just as I flung myself upon him” [11, 36 б.], “...ол қаруын көтере беріп, сытылып бара жатқан әйелді көздеді. Дәл осы кезде мен оны бас салдым” [12, 28 б.]. Аталған сөйлемде point-blank біріккен сөзі қазақ тіліне көздеді болып аударылған. Негізінде, point-blank біріккен сөзі зат есім қызметінде тұр. Ал аудармашы оны fire етістігінің көмегімен етістікке айналдырып аударған. Осы тұрғыдан алып, мұны сөз ауыстыру моделіне жатқызамыз. Ғалымдардың сөз ауыстыру моделі көп жағдайда сөз таптарын ауыстырумен байланысты болады деген пікірін осы мысал қуаттайды.
“A returning wayfarer, slightly drunk, was lurching along the pavement and almost collided with Poirot, who said something sharply to him which I did not catch” [11, 33 б.], “Қарсы жақтан теңселе басып келе жатқан масаңдау біреу Пуароны қағып кете жаздады. Пуаро ашуланып, әлгіге бірдеме деді, бірақ оның не дегенін ұқпай қалдым” [12, 27 б.], сөйлемдегі wayfarer біріккен сөзі біреу болып аударылған. Бұл аударма сөз ауыстыру әдісі бойынша жасалған. Негізінде, wayfarer біріккен зат есімі жолда жүруші деген мағынаны білдіреді. Ал қолымыздағы аудармада ол біреу деп берілген.
“A horrid thing to do, of course, and I feel quite ashamed of telling you, but you know what flat-hunting is” [11, 23 б.], ““Жиренішті зат қой, әрине тіпті мұны сіздерге айтуға да ұят. Бірақ түсінесіздер ғой, “басқа түссе баспақшыл” дегендей, баспана іздеп қиналғанда адам не істемейді?”-деп бөгеліп қалды” [12, 20 б.]. Мұнда flat-hunting біріккен сөзі баспана іздеп болып аударылған. Мұнда flat пәтер сөзінің орнына баспана, ал hunting аулау, аңшылық сөздерінің орнына іздеу деген сөз қолданылған. Сондықтан бұл сөйлем сөз ауыстыру әдісі бойынша аударылған.
Кейде түпнұсқа сөйлеміндегі нақты атаулар аудармада әр түрлі сөз таптары арқылы берілсе, енді бірде түпнұсқадағы негізгі етістік аударма тілде бірнеше сөзден тұратын аналитикалық формалар арқылы берілуі де мүмкін. Түпнұсқадағы зат есім аудармада етістік түрінде немесе керісінше де беріле алады.
Сөз қосу (добавления) дегенді түпнұсқада жоқ, бірақ аударма барысында қажет болған қосымша сөздерді қолдану дегенді білдіреді. Мысалы, ағылшын тіліндегі “Some of them must be perfect palaces; the swimming-baths, the lounges, the restaurants the palm courts- really, it must be hard to believe thаt one is on the sea” [11, 41 б.] сөйлемі қазақ тіліне ““Ия, тамаша болар еді”, - деп құптай кеттіп мен оны. “Ол кемелердің кейбіреуін сәулетті сарай десең де артық болмайды, шомылатын бассейндер, демалыс бөлмелері, мейрамханалары, пальма ағашы өсірілген саяжайлары – жан рахатының бәрі бар. Тіпті теңізде келе жатқаның да мүлдем есіңнен шығып кетеді” [12, 31 б.] деп аударылған. Cөйлемдегі the palm courts біріккен зат есімі қазақ тіліне пальма ағашы өсірілген саяжайлары еркін тіркесі арқылы берілген. Palm пальма, court аула болып аударылатынын ескерсек, автор аударма мәтініне пальма ауласы деп беруді місе тұтпай, қазақ тілді оқырмандарға the palm courts біріккен зат есімін түпнұсқа мәтінінен аударма мәтініне сөз қосу арқылы пальма ағашы өсірілген саяжайлары деп жеткізуді жөн көрген.
Келесі мысалдарды талдап көрелік: “He only actually lived in it a fortnight – then he advertised it to be let furnished” [11, 279 б.], “Ол да екі-ақ апта тұрып, сосын үйді жалға беретіні жөнінде хабарландыру жасайды” [12, 125 б.]. Ағылшын тіліндегі a fortnight біріккен үстеуі қазақ тілінде екі апта мағынасын береді. Алайда мұнда бұл екі сөздің арасында -ақ демеулігі қолданылған. Сол арқылы сөйлемге шектеу, тежеу мәні қосыла берілген. Демек, бұл аудармада сөз қосу тәсілі қолданылған.
“It represented a tall, fair woman, with something subtly un-English in her face” [11, 283 б.], “Бұл бойшаң, аққұбаша келген әйелдің суреті болатын. Бірақ бет-әлпетінен оның ағылшын әйелі емес екені байқалады” [12, 127 б.]. Түпнұсқа мәтініндегі fair woman біріккен зат есімі орыс тіліне блондинка, ал қазақ тіліне аққұба болып аударылады. Ә.Ахметовтың келтірілген аудармасында бұл біріккен зат есім аққұбаша келген әйел деп аударылған. Бұл аудармада сөз қосу тәсілі қолданылған. Өйткені мұнда «келген» сөзі қосылып отыр.
Сөз түсіру (опущения), яғни бір компонентін түсіру деп аударма барысында мазмұнға нұқсан келтірмеу шартымен белігілі бір сөздерді түсіруді айтамыз. Мысалы, “Why did you, a young man of thirty-three, good -looking, fond of sport, popular with your friends, devote so much of your time to an elderly woman with whom you could hardly have anything in common?” [11, 213 б.], “Сіз отыз үш жастағы жас, әдемі, спортпен шұғылданып жүрген, достарыңыздың арасында беделіңіз бар, сегіз қырлы, бір сырлы жігітсіз, ал соншама уақытыңызды жасы жетіп тұрған кәрі кемпірге арнауыңыздың себебі не?” [12, 113 б.]. Бұл сөз түсіру моделіне жатады. Мұнда «көрінетін» мағынасын беретін looking сөзі берілмеген. Аудармашы тек good сөзін аударумен шектелген.
“They say, “I never eat flesh”, in a way that puts you right off your nice little beefsteak” [11, 198 б.], “Олар еш уақытта да ет жемейміз дегенді айтқан кезде, жегелі отырған бір үзім етті де тастап кетесің” [12, 109 б.]. Бұл аудармада beefsteak біріккен зат есімі қазақ тіліне ет болып аударылуына қарағанда, мұнда да сөз түсіру әдісі орын алған. Ағылшын тіліндегі beef қазақ тіліне сиыр, сиыр еті болып аударылады.
Белгілі бір тілдегі мәтінді екінші бір тілге аударудың өнімді тәсілдерінің біріне сөзбе-сөз аудару тәсілі жататындықтан, диссертацияға «Сөзбе-сөз аудару тәсілінің қолданылуы» атты арнайы тарауша қосылған. Сөзбе-сөз аудару тәсілі түпнұсқа тіліндегі мәтінді аударылатын тілдегі мәтінге семантикалық-құрылымдық жағынан алғандағы қарапайым және ең жақын нұсқасымен алмастыру деп қаралады. Мысалы, “And the palm-trees I like them not” [11, 63 б.], “Пальма ағаштары да ұнамайды” [12, 44 б.]. “A sunburnt man with a grey beard, in white clothes and wearing a helmet, came to meet us” [11, 63 б.], “Бізді күнге күйген, бурыл сақалды, ақ киім киген, басында телпегі бар бір адам қарсы алды” [12, 45 б.]. “ The face? Oh! That was easy enough, and the light of that gas jet was too bad for you to see the make up” [11, 71 б.], “Бетімде ме? Ойбай ол оп-оңай ғой. Сосын анау сығырайған газшамның жарығымен сіз менің бетімдегі гримді де жөнді байқай алмадыңыз” [12, 49 б.]. Бұл сөйлемдердегі the palm-trees, gas jet біріккен зат есімдері қазақ тіліне пальма ағаштары, газшам болып, sunburnt біріккен сын есімі күнге күйген болып аударылған. Бұл аудармалардағы біріккен сөздерді тек лексикалық жағынан және біріккен сөздер тұрғысынан ғана шартты түрде сөзбе-сөз аудармаға жатқызып отырмыз. Мысалы, sunburnt біріккен сын есімі sun - күн және burn - жағу, күйдіру мағыналарын беретін сөздерден біріккен. Қазақ тіліне аударылғанда осы екі сөз (күнге күйген) қолданылып тұрғандықтан, бұл аударманы сөзбе-сөз аударма тәсіліне жатқызамыз.
Сөз түрлендіру тәсілі де ағылшын тіліндегі біріккен сөздерді қазақ тіліне аударғанда ең көп қолданылатын тәсіл. Өйткені, ағылшын тілі мен қазақ тілі сияқты екі түрлі топқа жататын тілдердің материалдарын аудару барысында мәтінге көптеп түрлендіру жасауға тура келеді. Ол түрлендірулер кейде семантикалық деңгейде, кейде морфологиялық, кейде синтаксистік деңгейде болуы мүмкін. Яғни, ағылшын тіліндегі біріккен сөздер қазақ тіліне үнемі біріккен сөз болып аударылмағанымен, ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің құрылымы жағынан қазақ тіліндегі біріккен сөздермен сәйкестенуі келесі мысалдармен негізделеді. “If Sir Ambrose was intended victim, he might possibly have purloined a rare manuscript or two that no one else would miss” [11] сөйлемі қазақ тіліне “Ал егер оның ойы сэр Эмброузды құрту болса, ол жан адам жоқтай қоймайтын сирек қолжазбаның бір-екеуін қымқырып кетер еді” [12] болып, “Mr.Mayherne was practical, not emotional. He coughed again, took off his pince-nez, polished them carefully, and replaced them on his nose” [11] сөйлемі “Жөтеліп қойып, адвокат көзәйнегін алып асықпай сүртіп, қайта киді” [12] болып аударылса, “I want you to ascertain for me exactly how much is newspaper chatter, and how much may be said to be founded on fact” [11] сөйлемі “Сізден үнқағаздардың шулатып жатқаны мен әлі де алда айтылатын әңгімелердің қаншалықты дәлелді деректерге негізделгенін анық біліп беруіңізді өтінемін” [12] деп беріледі.
Сөзбе-сөз аудармада ғана біріккен сөз сақталып қалуы мүмкін, өзге жағдайларда мәтін құрамында қандай да бір сөз түрделендіру процесі жүзеге асары сөзсіз. Ғалымдардың сөз түрлендіру жөніндегі пікірлерін негізге ала отырып, сөз түрлендіруді басқа да аудару тәсілдерінен ажырататын көрсеткіш ретінде оның мынадай негізгі белгілерін санаймыз: аударма мәтіндегі балманың түпнұсқа мәтіндегі бірліктен лексикалық және грамматикалық тұрғыдан алғанда ауытқуы; балама құрамының 3 сыңардан аспауы; сөз түрлендіру әрекетін автоматты түрде жүзеге асыру мүмкін еместігі. Мысалы, “They lived very quietly, seeing no one, and hardly ever going outside the cottage garden” [11, 278 б.] деген сөйлем қазақ тіліне “Ешкіммен араласпай, тіпті бағының сыртына да шықпай, өздерімен өздері ғана тұрып жатыпты” [12, 125 б.] деп аударылған. Ағылшын тілінде the cottage garden үйдің бағы деген мағынаны білдіреді. Аудармада «үйдің» сөзі түсіріліп қолдануының өзі түрлендіруге жатады. Сонымен қатар, “Come in here, said Jack promptly, leading the way into the deserted ladies’ drawing-room of the hotel, a dreary apartment, with a good deal of red plush about it” [11, 281 б.] сөйлемі қазақ тіліне “Мұнда кіріңіз – деді Джек қонақ үйдің сол кезде бос тұрған, әйелдерге арналған бөлмесіне қарай жол бастап. Қызыл мақпалмен қапталған қапастау бөлме болатын” [12, 126 б.] болып аударылған. Бұл сөйлемде ladies’ drawing-room біріккен зат есімі әйелдерге арналған бөлме болып берілген. Мұнда «арналған» сөзі түрлендіру мақсатында қолданылып тұр.
Түсіндірме түріндегі аударма да аударма үдерісінде жиі қолданылады. Аударма барысында кейде түпнұсқа тілдегі белгілі бір тілдік бірліктің баламасы бір немесе бірнеше сөзбен беріле алмауы мүмкін. Бұл жағдайда аудармашы түсіндірме тәсілін қолданады.
Түсіндірме түріндегі аударма аударматанудың теориялық және практикалық мәселелері талданатын әдебиеттердің барлығында да екінші тілде мағыналық-ұғымдық көлемі жағынан сәйкес келмейтін сөздер тобын, яғни баламасыз лексиканы аудару тәсілі ретінде сипатталады және бұл аудару тәсілінің ерекшелігі - түпнұсқа тіліндегі бірліктің мағынасының аударма тіліне жайылмалы синтаксистік құрылымдар арқылы берілуінде. Түпнұсқа бірлігі мен оның аударма тіліндегі баламасының арасында лексикалық сәйкестік болмайды немесе бұл сәйкестік едәуір төмен болып келеді, аударма тіліндегі баламаның ішіндегі синтаксистік байланыс әртүрлі болады, түсіндірме түрінде аударма жасау іс-әрекетінің автоматтылығы сөзбе-сөз аударуға қарағанда әлдеқайда төмен, дегенмен түпнұсқа мәтіндегі бірлікті аудару процесі автоматты түрде жүзеге асырылмайды деп қорытындылауға да болмайды және синтаксистік-кұрылымдық үлгі тұрақты болып келмейді. Мысалы: “The trouble with you young fellows is that you are so cocksure nothing can exist outside your own philosophy that you get the wind up when something occurs to jolt you out of that opinion” [11, 275 б.], “Жастардың бір жаман жері сол, сендер өздеріңнің философияңнан басқаға сенбейтін сыңаржақсыңдар. Ал енді әлгі сенімдеріңді басқа біреулер жоққа шығара қалса, зәрелерің кете бастайды” [12, 123 б.]. Бұл сөйлемде қолданылған біріккен зат есім әтеш және сенімді деген мағыналарын білдіретін cock және sure сөздерінен құралған. Бұл күрделі сөзге аударма сөздікте өзіне сенімді деген мағына көрсетілген. Алайда аудармада ол сыңаржақ деп берілген, яғни оған өздеріңнің философияңнан басқаға сенбейтін деген түсіндірме беріліп отыр. Осы түсіндірме арқылы өзіне ғана сену мәні қосыла беріліп отыр. Олай болмаған жағдайда тек сыңаржақ сөзінің өзі cocksure біріккен зат есімінің мағынасын толық аша алмас еді деп ойлаймыз. Сол себепті мұнда түсіндірме тәсілі қолданылған деп санаймыз.
Келесі “Emily French had been a strong-willed old woman, willing to pay her price for what she wanted” [11, 215 б.] сөйлемін Ә.Ахметов қазақ тіліне “Эмили Фрэнч өз есебіне шегедей, көңіліне ұнаған нәрсенің құнын жақсы білетін кемпір болатын” [12, 144 б.] деп аударған. Негізінде, ағылшын тілінде strong-willed біріккен сын есімі қазақ тіліне тікелей аударғанда өз тілектеріне, қалауларына мықты немесе берік деген мағынада жұмсалады, бірақ аудармашы оны қазақ оқырмандарының түсінігіне сәйкестендіріп өз есебіне шегедей деген тұрақты тіркес арқылы түсіндіре беріп отыр. Алайда өз қалауларына, өз тілектеріне мықты немесе берік деп берсе де автор қателеспеген болар еді, өйткені ол қолданыс та қазақ ұғымына жат емес. Аудармашының мақсаты біздіңше мықтылық, берік деген мағыналарды шегедей сөзін қолдану арқылы беруді жөн санаған. Шеге-мықтау, бекіту, қатайту мәндерін де өз семантикасында қамтитыны белгілі.
Сонымен, аударма – адамзаттың ой әрекетінің ежелгі түрлерінің бірі. Қоғамдық тарихта түрлі тілде сөйлейтін топтар пайда болысымен, аудармаға қажеттілік пайда болған. Екі немесе бірнеше тілді немесе диалектіні меңгерген алғашқы ауызша аудармашылар әр түрлі тілдерде сөйлейтін адамдар мен тайпалар арасындағы бірін-бірі түсіне алмау шектеуін шешуге ықпал еткен.
Ағылшын тіліндегі сөйлемнің құрамындағы біріккен сөздің мағынасы аудармадағы сәйкес сөйлемнің ауқымында толық ашылмай қалған жағдайда, баламалылық жоғарғы күрделі синтаксистік тұтастықтың аумағында ашылады. Демек, ағылшын тіліндегі біріккен сөздің қазақ тіліндегі мағынасын және оның қазақ тіліне берілу жолдарын айқындауда түпнұсқа мәтініндегі сөйлем мен аударма тіл мәтініндегі оған сәйкес сөйлемді ғана емес, сонымен қатар сөйлем мен оған сәйкес күрделі синтаксистік тұтастықты қоса салғастыру керек. Әр түрлі жүйеге жататын тілдердің материалдарын осылайша салғастыру осы тілдердің ортақ қасиеттерімен қатар, олардың ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді.
Қорытынды
Ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің қазақ тіліне берілуінің трансформациялық модельдерінің ғылыми негізде дәйектелуі төмендегідей түйіндер жасауға мүмкіндік береді:
1. Аударма бір халықты басқа елдердің мәдениетімен, әдебиетімен, өнерімен таныстыру үшін қызмет етеді. Аударма барысында аудармашының мәдениетаралық байланыстың, этномәдени қарым-қатынастың ортасында әділ дәнекер бола білуі оның ең басты міндеттерінен саналады.
2. Аудармашының мақсаты көркемдік, дәлдік, түсініктілік сынды талаптармен байланысып жатады. Сондай-ақ, аудармашы екі тілді жете меңгеруі тиіс.
3. Аударманың теориялық мәселелері екі бағытта: аударманың көркемдік-эстетикалық жақтарына, бейнеліліктің, айқындықтың бір тілден екінші тілге берілу тәсілдеріне баса көңіл бөлетін бағытта және аударма мәселелерін лингвистикалық тұрғыдан қарастыратын бағытта зерттеледі.