Мәтел – желегі, мақал – жидегі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 13 Декабря 2012 в 22:50, курсовая работа

Описание

Көркем сөз өнерінің тілдік және әдеби бұлақтары санатына жататын мақал – мәтелдер (ММ) мән-мазмұнының дәйектілігімен, тереңдігімен, өткірлігімен, өміршеңдігімен айырықша ерекшеленеді. Көлем-құрылымының ықшамдығына қарамастан, бейнелі тілдік бірліктер нақты да күрделі ойдың себеп-салдарын, халықтың өмір тәжірибесінің қорытындысы мен дәлелін қатар білдіреді. Онда халықтың тарихы, саяси өмірі, салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, рухани және материалдық қазынасы, сан саладағы мәдениеті жан-жақты көрініс тапқан.

Работа состоит из  1 файл

курсовая.doc

— 292.50 Кб (Скачать документ)

ММ арқылы тіл  тарихының тұңғиығына ғана емес, сонымен  бірге сол тілде сөйлеуші халықтың мәдени тарихына да шолу жасауға болады. Мысалы,

As well be hung for a sheep as for a lamb.

Бұл мәтелдің пайда болуы көне ағылшын қоғамында қой ұрлығы үшін дарға асу сияқты заңмен байланысты.

Ұлттық мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде тілдің өз алдына бөлек қоғамдық құбылыс екені белгілі. Тілде мәдениеттің жалпы адамзатқа да ортақ, жеке ұлтқа да тән белгілері көрініс табады. Мұндай белгілерді қамтитын аялық білімнің ішіне жалпыға ортақ білім, аймақ туралы ақпарат және қандай да бір этникалық-тілдік қауымға танылған белгілі мәліметтер кіреді. Бұл туралы Е. М. Верещагин мен В. Г. Костомаров елтану бойынша еңбектерінде айтып кетеді.

Е. М. Верещагин  мен В. Г. Костомаровтың пайымына сүйенсек, сөз семантикасы лексикалық ұғым (затты танып білу үшін қажет  белгілер) мен лексикалық аядан (қосымша  ұғымдық емес) тұрады. Мұндағы лексикалық аяның семантикалық үлестері, бір жағынан ұлттық-мәдени сипатқа ие болып, белгілі бір этномәдени қауым мүшелерінің басынан өткен қайталанбас тәжірибенің ерекшелігін көрсетсе, екінші жағынан көпмәдениетті сипат алып, кемінде екі ұлттың түсінігінен хабар бере алады [3].

С. К. Сәтенованың  айтуынша, белгілі ғалым Н. Уәлиев «аялық білім» деп атаған, тілдің кумулятивтік қызметінің айқын көрсеткіші болып табылатын тұрақты тілдік орамдардың бейнелік, фондық негізі де танымдық ақпарат көзі санатына жатады. Ол архетиптік мағына мен фразеологиялық мағынаның қалыптасу процесін, астарластығын және жалғаса туатын мағынаның имплицитті себеп-салдарының айқындалуына септігін тигізеді [1; 28].

Зерттеуші Г. И. Исинаның айтуынша, тіл білімінде фразеология  ұлттық мәдени элементтің кең көлемде, ашық және өзіндік формада көрініс беретін ең бай сала болып табылады. Г. И. Исина фразеология аясында қарастырылатын тілдік бірліктерді «қандай да бір ұлттың тіліне тән тілдік образдар, яғни өзіндік ұлттық образдар» деп атайды [5;126]. Зерттеушінің бұл ойы толығымен құптауға тұрарлық. Шын мәнісінде фразеологиялық бірліктер тілдік табиғатымен ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Соны байқаған ғалым І. Кеңесбаев фразеологиялық бірліктерді зерттейтін жеке саланың қажеттігін ескеріп, оның фразеология болатынын атап өткен [6].

Г. И. Исина ағылшын тіліндегі фразеологиялық теңеулерді терең зерттеп, экстралингвистикалық құбылыстардың аймақтық таралуының дәрежесіне қарай фразеологизмдерді 3-ке топтайды [5;27]:

  1. Жалпы адамзат мәдениетін бейнелейтін фразеологизмдер; Бұл топқа салыстыру қасиеті бар мақалдар да кіреді. Мысалы:

Two heads are the better than one

  1. Аймақ мәдениетін бейнелейтін фразеологизмдер; Бұл топтың құрамында мәтелдер жиі кездеседі. Мысалы:

Like priest, like people

  1. Жеке ел, бір ғана мемлекет мәдениетін бейнелейтін фразеологизмдер. Бұл топқа Г. И. Исина абсолютті ерекше ұлттық-мәдени компоненті бар фразеологизмдерді жатқызады. Олардың құрамында белгілі бір елді айшықтайтын компонент – жалқы есім, жер-су атауы немесе ақша атауының болуы шарт. Мысалы:

Take care of pence and the pounds will take care of themselves.

Қорыта  айтқанда, ғасырлар бойы жинақталып, атадан балаға мұра ретінде қалдырылған ММ сынды тұрақты орамдар тілдік және тілден тыс шындықты бейнелеуге ат салысады. Ұлт тарихы мен мәдениеті, менталитеті, бітім-болмысы, күллі философиясы жөнінде жан-жақты ақпарат беретін лингвокультуремалардың санатындағы ММ ұлт тілі мен мәдениетінің өзара байланыстылығын, тұтастығын айқындайтын ерекше қабат болып табылады. Әрбір ММ ұрпақтан-ұрпаққа жалғасу кезінде халықтың сан ғасырлық тәжірибесін жинақтап, сол халықтың тілінде сөйлеуші адам, қоғам мүшесіне белгілі алуан түрлі образдардың қорын өз бойына сіңіреді. Ұлттық мәдениеттен хабаршы ақпарат көзі ретінде ММ лингвомәдени бірліктер болып табылады да, ұлттық-мәдени нышан олардың басым көпшілігінде имплицитті түрде көрінетіндігі байқалады. Тілдік бірліктегі тасаланған мәдени түпдеректер ішкі форма, аялық білім, эталон, стереотиптер арқылы айқындалады.

 

 

 

1.2 Ағылшын және қазақ мақал-мәтелдерінің этимологиясы.

 Ағылшын ММ-нің зерттелінуіне тоқталсақ, ағылшын тіліндегі жалпыхалықтық мұраны жинақтап, жариялау жұмыстары, сонау көне ғасырда қалыптасып, күні бүгінге дейін дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, өте көне ММ тізбегін қамтитын алғашқы «Book of Proverbs in the Old Testament» атты топтама осы іске етене араласып, зор еңбек сіңірген оқымысты ғалым Дезидериус Эрасмус есімімен тығыз байланысты. Оның 1500 жылы «Collectanea» (818 ММ), 1508 жылы Венецияда «Chiliades» (3260 ММ) деген атпен жарияланған жинақтары 1515-1536 жылдары аралығында толықтырылып қайта басылып шықты.

Артына өшпес тарихи із қалдырған ғалымдардың бірі Джон Хеуд (John Heywood) өзінің алғашқы «A Dialogue Containing the Number in Effect of All the English Tongue» атты еңбегін 1546 жылы, кейінгілерін 1550, 1555, 1560 жылдары жарыққа шығарды. Сондай-ақ 1610-1680 жылдары аралығында бірқатар ММ жинақтары, атап айтқанда, 1612 жылы ағылшын шіркеу қызметшісі Thomas Draxe «Bibliotheca Scholastica Instructissima or, a Treasurie of Ancient Adagies, and Sententious Proverbes», 1639 жылы пастор Дж. Кларктың (John Clarke) «Paroemiologia Anglo-Latina», 1640 жылы Дж. Херберттің «Outlandish Proverbs», 1659 жылы Дж. Хауэльдің «Proverbs», 1670, 1678 жылдары Дж. Рэйдің «English Proverbs» атты еңбектері жарық көрді. Келесі ғасырларда бұрынғы ескі жинақтар толықтырылып, қайта батырылып отырды. Зерттеу барысында мамандардың көбінесе ағылшын тілі ММ-ін жинаққа енгізу үрдсімен шектелгенін көреміз.

Ағылшын тілі ММ-ін ғылыми тұрғыдан арнайы, жан-жақты қарастырған зерттеу  жұмыстарының бар екендігі мәлім. Мысалы, Л. И. Селянинаның диссертациялық жұмысында ағылшын мақалдарының варианттылығы, варианттардың өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтары және сөйлеу тіліндегі окказионалді өзгерістер сипатталады. Д. В. Швыдкоянның ғылыми зертеуінде мақалдар мен афоризмдер «клише» деген атаумен бір топқа біріктіріліп, олардың синонимдік қатары берілген. С. И. Вяльцеваның кандидаттық жұмысы ағылшын ММ-ін стильдік, ал Э. Ахундованың зерттеуі синтаксистік ерекшеліктері тұрғысынан талдауға арналған. Ағылшын тілінің тұрақты тіркестерін зерттеу жұмыстары ғалым А. В. Кунин есімімен тығыз байланысты. Ол өзінің «Курс английского языка», «Курс фразеологии современного английского языка» тәрізді көлемді ғылыми еңбектері мен «Англо-русский фразеологический словарь» сөздігі, т.б. арқылы ағылшын тілі табиғатының кейбір өзгеге беймәлім тұстарын айқындап, жалпы тіл біліміне елеулі үлес қосты және салғастырмалы негіздегі ізденістерге бағыт-бағдар береді.

ММ-дің басқа тілдік бірліктермен салыстыра алғанда өзіндік ерекшеліктерін, күрделілігін, мән-мазмұны тереңдігін айқын көрсететін тұстардың бірі – аударма ісі. Кейбір жалпыхалықтық универсалдық сипатқа ие түрлерін есепке алмағанда, әдетте ММ бір тілден басқа тілге тікелей аударылмайды. Бір тілден екінші тілге тәржімелеу барысында мағынасы мен тіркес құрамындағы сыңарлары дәлме-дәл келетін теңбе-тең баламасы (абсолюттік балама) немесе контекстуалдық мағынасы сәйкес эквиваленті қолданылуы мүмкін. Әсіресе, ілеспе аудармада шапшандық, жинақылық, дәлдік қажет. Осы мақсатқа негізделген практикалық мәні бар жұмыстардың бірі – Т. Баймаханова, Н. Өтешева, Н. Байтөлеевалардың құрастыруымен жарық көрген «Английские пословицы и поговорки и их эквиваленты в русском и казахском языках» атты еңбек. Жұмыста ММ он мағыналық топқа бөлініп, олардың орыс және қазақ тілдеріндегі баламалары берілген. Алайда ағылшын ММ-нің қазақ тілінде баламалары бола тұра, тікелей аударылған тұстары да баршылық. Сондай- ақ Ү. Кеңесбаеваның «Ағылшын халқының мақал-мәтелдерін» атап өтуге тұрарлық еңбек. Зерттеу барысында ағылшын тіліндегі ММ-ді топтастырып, жүйеге келтіріп, баспадан шығару ісіне ғалымдардың баса назар аударғаны және ағылшын ММ-ін тек өз аясында ғана зерттеудің, жан-жақты емес, бір қырынан ғана қарастырудың орын алғандығы байқалды. Біздің пайымдауымызша, екі немесе бірнеше тілді салыстыра-салғастыра зерттеу жұмыстарының нәтижелерінің тіл білімін теориялық тұрғыдан толықтыра, жетілдіре түсері даусыз.

Ағылшын  тіліндегі ММ-дің  ауқымды бір тобы қасиетті кітап  Інжілге байланысты  қалыптасқан. Халық арасына кеңінен таралып, көп оқылғандықтан, інжілдік тізбектердің ауқымды тобы тұлға тұрақтылығы, тіркес тиянақтылығы, мағына тұтастығы тәрізді белгілердің негізінде қолдануға даяр тілдік бірлікке айналған. Зерттеу барысында олардың ауқымды бір бөлігінің тұпнұсқадағы қалпын берік сақтағандығы, еш өзгеріссіз қолданылатындығы айқындалды. Мысалы:

You cannot serve God and mammon (сөзбе-сөз аудармасы: Сен құдай мен мамонға бірдей қызмет ете алмайсың);

A soft answer turneth away wrath (Жұмсақ (жылы) жауап ашуды қайтарады); т.б.

Түп-төркіні  Інжілге барып саятын ММ-дің сәл  өзгеріске ұшыраған түрлері де кездеседі. Мысалы:

Saw the wind and reap the whirlwind;

Spare the red and spoil the child;

You cannot make bricks without straw.

Ағылшын паремиологиялық жүйесінің Шекспир шығармаларындағы цитаталар арқылы едәуір байығандығы жөнінде мағлұматтар бар, алайда олардың Шекспир дәуіріне дейін де қолданыста болуы мүмкін екендігін де естен шығармаған абзал. Десек те, бұл ММ Шекспир туындыларына дейін ауызша таралып, кейінгі ұрпаққа Шекспир шығармалары арқылы жеткен. Әлі күнге дейін ғалымдар қай мақалдың Шекспир дәуіріне дейін қолданыста болғаны, қайсысы оның өз туындысы, жазушының данышпандығы мен тапқырлығының жемісі деген сұраққа жауап іздеуде.

Дүние жүзі тілдерінің сөздік қоры тәрізді ағылшын паремиологиялық жүйесі де басқа тілдерден, мысалы, латын, француз, испан тілдерінен енген ММ-мен толығып отырғаны мәлім. Олардың бір бөлігі ағылшын тіліне кірігіп кетсе, келесі бөлігі басқа тілге енген бастапқы қалпын сақтап қалған.

Зерттеу барысында  басқа тілдерден енген, ішкі формасы көмескіленген қолдану жиілігі өте жоғары тілдік орамдардың ауқымды тобы бар екендігі анықталды.

Ақын-жазушы, саясаткерлердің  ұтымды, үйлесімді айтылған қысқа  әрі нұсқа, айшықты сөздерінің де ағылшын тілінің сөздік қорын  байытуға едәуір үлес қосқаны нақтыланды. Мысалы:

The customer is always right (Әрқашан тұтынушынікі дұрыс); Бұл сөздердің Еуропадағы ең үлкен сауда орталықтарының бірі – «Сэлфриджезді» (Selfridges’s) ашқан Г. Селфриджге тиесілі екені жөнінде деректер бар. Себебі оның барлық дүкендерінде «The customer is always right», яғни «Әрқашан тұтынушынікі дұрыс» деген қатаң қағида қалыптасқан. Көпшілік көңілінен шыққан осы сөз кейіннен халық арасында жиі айтылып, дәстүрлі қолданысқа енген. Ағылшын тілінде бұл тәрізді қолдануға даяр, астарлы «авторлы» тіркестердің мол қоры бар.

Сонымен, ағылшын  тіліндегі ММ-дің ауқымды бөлігі қасиетті кітап Інжілден, ал, келесі бір бөлігі дарынды Шекспир сынды көркемсөз шеберлерінің, халыққа танымал ақын-жазушылардың туындыларынан, сондай-ақ көрнекті саясаткерлер сөздерінен бастау алғандықтары байқалады.

 

1.3Ағылшын және қазақ мақал-мәтелдерінің этнолингвистикалық сипаты.

Адамға қатысты  ММ-дің этнолингвистиқалық уәжі. Зерттеу барысында екі тілде де осы тақырып аясына жататын тіркестердің саны жағынан әлдеқайда көптігі байқалады. Мұның сыры адамның қоғамдағы шешуші күш екендігінде жатса керек.

Ағылшын тілінде  халық арасында жиі қолданылатын «Manners makes a man», «Manners make the man» (с.с.а.: Адамды адам ететін оның әдептілігі) тұлғасы ықшам, алайда мәні зор тілдік орам, орта ғасырда орын алған қағида тұр дәстүрлерге, заман талабына байланысты қалыптасқан. Әсіресе, ХІV ғасырда Англияда мәдениеттіліктің негізгі шарттарына өзін-өзі ұстау ережелеріне баса назар аударып мүлтіксіз орындалуы талап етілді. Әдептілік, ізеттілік ережелерін қамтитын арнайы жинақтар шығарыла бастады. Уақыт өте келе осы ұстанымдардың бірқатары жалпыхалықтық ММ-ге айналып кеңінен қолданыс тапты. Мысалы,

«Good manners makes a man» (с.с.а.: Адамды адам ететін оның әдептілігі);

If thou sit by a worthier man than thyselfs art one, Suffer him first to touch the meat (с.с.а.: Егер өзіңнен салауаттырақ адаммен дастархандас болсаң, одан үлгі  ал, яғни соған қарап ас іш), т.б.

«Жалғыз қаздың үні шықпас, жалғыз қыздың мұңы шықпас» деген мақал қазақтың әдет-ғұрпына, өмір салтына байланысты тілде қалыптасқан деп ойлаймыз. Өзара қарым-қатынасын жекжат болып нығайтқысы келген адамдардың балаларын атастырып, күйеу жігіт қайтыс болса, әмеңгерлікпен  туған бауырының, болмаса жас ерекшелігіне қарамай туыстарының біріне қосуы тәрізді мәселелер ата дәстүрі бойынша шешімін табатын. Балғын жас қыздардың, тіпті, әкесінен де үлкен қарт кісілерге тұрмысқа шығуға мәжбүр болуының негізгі себептері қыз әкесінің сіңірі шыққан кедейлігі, өгейлігі не жетім қыздың жалғыздығы екендігін көптеген мұражай деректері дәлелдейді. Жоғарыда келтірілген мақалдың шығуына мұның шаға алмай, тағдырдың дегеніне көнген арулардың қайғы-қасіреті себеп болған тәрізді.

Діни мифологиялық наным-сенімге байланысты ММ-дің этнолингвистикалық уәжі. Ағылшын және қазақ тілдерінде наным-сенімге байланысты ММ де кездеседі. Мысалы, ағылшын тіліндегі «God helps those who help themselves» (өзіне өзі көмектескендерге құдай да жәрдемдеседі) тіркесінің шығу төркінін біздің жыл санауымызға дейін 570 жылы жазылған «Геракл және күймеші» атты Эзоптың (Aesop) аңыз әңгімесімен байланыстырамыз. Мифтік әңгіменің жалпы мазмұнына келер болсақ, күймесі батпаққа батып тұрып қалған күймеші оны шығаруға талпыныс жасамастан, көмекке құдыретті де күшті Гераклды шақырады. Адамның бұл қылығына қатты ашуланған Геракл: «күйменің доңғалағының артына иығыңды тіреп итер де, өгізіңді алға айда», – дейді және алдағы уақытта еш әрекет қылмастан өзін шақыруға қатаң тыйым салады. Осы ой түйіні XVII ғасырға дейінгі әдебиеттерде әр түрлі жолдармен берілген. Мысалы, Дж. Барэт «An Alvearie» (1580 жыл) атты еңбегінде: «God doth helps those in their affairs, which are industrious» (с.с.а.: Құдай еңбек сүйгіштерге көмектеседі) десе, Дж. Херберт «Jacula Ptudentum» деген шығармасында «Help  thyself, and God will help thee» (с.с.а.: Өзіңе өзің көмектес, сонда құдай да жәрдем береді) деп, сәл түрлендіре қолданған. Қазіргі уақытта тұрақты қолданысқа ие «God helps those, who help themselves» мақалы алғаш рет 1736 жылы Б. Франклиннің «Poor Richard’s Almanack» атты еңбегінде қолданылды.

Қазақ және ағылшын тілдеріндегі наным-сенімге, оның ішінде, жаратқан  ие, алла-тағалаға қатысты ММ-ді салғастыра зерттей отырып, олардың семантикалық жағынан өзара сәйкес келетіндігі анықталады. ММ арқылы берілетін ойдың өзара өзектесіп, астасып келу себебін әртектес тілдер өкілдерінің өмір сабағының ғасырлар бойғы тіршілікте көзі жетіп, көкейіне түйген тәжірибе жиынтығының ұқсастығымен ұштастырамыз.

Информация о работе Мәтел – желегі, мақал – жидегі