Сан есім

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Февраля 2012 в 17:20, курсовая работа

Описание

Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы. Осыған орай мұның өзіне ғана тән дербес объектісінің болуы заңды да. Тіл біліміндегі сөзжасамның негізгі объектісіне ең күрделі деген мәселелер жатады. Олар: сөз жасаушы тәсілдер, туынды сөздер, сөздердің жасалу үлгілері, туынды сөздер, олардың түрлері, сөзжасамдық заңдылықтар мен мағына мен жалпы сөзжасам мәселесінің сөз таптарына қатысы. Сонымен, сөзжасам тіл біліміндегі сөз жасау процесіне қатысты заңдылықтар мен құбылыстарды түгелдей дерлік қамтиды.

Содержание

І КІРІСПЕ.................................................................................................. 4-10
ІІ НЕГІЗГІ БӨЛІМ....................................................................................11-46
1. Сан есімнің сөзжасам тәсілдері...........................................................11-14
2. Есептік сандардың сөзжасамы............................................................15-16
2.1. Күрделі сан есімдер...........................................................................17-23
2.2. Күрделі сандардың тірек компоненті..............................................24-27
3. Реттік сан есімнің сөзжасамы..............................................................28-30
4. Жинақтық сан есімнің сөзжасамы......................................................31-32
5. Топтық сан есімнің сөзжасамы...........................................................33-35
6. Болжалдық сан есімдердің сөзжасамы...............................................36-37
6.1. Болжалдық сан есімнің синтетикалық тәсіл арқылы жасалуы.....38-43
6.2. Болжалдық сан есімнің аналитикалық тәсіл арқылы жасалуы.....44-45
7. Бөлшектік сан есімдердің сөзжасамы..................................................46
ІІІ Қорытынды..........................................................................................47-50
ІҮ Пайдаланылған әдебиеттер тізімі......................................................51

Работа состоит из  1 файл

Сан есим.doc

— 221.50 Кб (Скачать документ)

Бұл қосымша сан есімнің жұрнағы ретінде көне замандардан бері белгілі. Көне түркі жазба ескерткіштер тілінде реттік сан есімнің үш түрлі қосымшамен жасалғандығын академик А.Н.Кононовтың еңбегінен кездестіруге болады: 1. –нч (токузунч); 2. –нті (екінті – екінші деген мағынада); 3. –кі (ілкі – бірінші деген мағынада). Осы секілді –нті, -нч, -ынч, -інч жұрнақтарының қатысымен реттік сан есімдердің жасалғандығы туралы пікір ғалым Ғ.Айдаровта да кездеседі [10,13]. Бүгінгі кездегі нормаланған қазақ тілінде бұл жұрнақтар –ыншы, -інші, -ншы, -нші түрінде ғана белгілі. Реттік сан есімге тән осындай жұрнақ өзге де түркі тілдерінде өнімді, актив қосымша ретінде сақталған. Ал біздің қазіргі тілімізде А.Н.Кононовтың көрсетуіндегі соңғы екі жұрнақ реттік сан есім ретінде қызмет атқармайды, қолданыстан шыққан. Алайда ілкі сөзі қазіргі тілімізде алғашқы, бастапқы деген мағыналарды білдіруде әлі де қолданылады. Бұған керісінше алғашқы, әдепкі, бастапқы деген сөздердің бірінші деген мағынада жұмсалуы да жоқ емес. Мұнан осы сөздердегі (ілкі және бастапқы т.б.) –қы, -кі қосымшаларының қандай да бір байланысы байқалатындай.

Сонымен, реттік сан есімдер заттың белгілі бір нақтылы сан-мөлшерін білдіру үшін емес, сандық ретін, тәртібін білдіру үшін жұмсалады: Екінші, үшінші этаждарда тағы да сондай өзгеше әсем ойылған тесіктер бар (М.Әуезов). Төртінші рет бала мүлдем жақын келді (Х.Есенжанов). Кешікпей-ақ жүз жиырмасыншы шахтаға барып кірдік (С.Ерубаев). Өнеркәсіптің жалпы өнімі 1913 жылмен салыстырғанда отыз алтиы есе өсті, соның ішінде өндіріс құрал-жабдықтарын шығару сексен үш есе, ал машина жасау мен металл өңдеу өнеркәсібінің өнімі екі жүз қырық есе өсті (С.Ерубаев).

Осының алғашқы сөйлеміндегі екінші, үшінші деген реттік сандар, байқағанымыздай, этаждың ұзын санын емес, қатары мен ретін білдіру қызметінде. Сол сияқты жүз жиырмсыншы деген реттік сан да шахтаның рет санын, ал 1913 жыл дегендегі реттік сан жылдың жылжу ретін білдіріп тұр.

Заттың рет саны мен қатар санын білдіруі жағынан реттік сан есімдер зат есімдермен тіркескенде, үнемі тіркестің бірінші сыңары ретінде тұрады. Осы жағынан реттік сан есімдер аздап сын есімге ұқсас, өйткені мұнда тіркесуінен өзге ол заттың белгісін де білдіреді. Мысалы, реттік сан есім деген сан есімнің арнайы семантикалық тобы көршілес орыс тілінде мүлдем жоқ. Себебі олардағы реттік сан есім қатарынан танылады, алайда қазіргі уақытта мұндайларды сан есім есебінде қарау керек деген пікірлер де пайда болуда [11,39].

Тілімізде реттік сандардың контексте жұмсалуына қарай сындық мәнде кездесетін тұстары да жоқ емес: Райхан – институттағы бірінші студент. Мұндағы бірінші реттік сан есімнің жақсы студент, алдыңғы студент, үздік студент, үлгілі студент деген тәрізді мәнде тұрғандығы еш күмән туғызбаса керек. Алайда реттік сан есімнің осындай мағынада жұмсалуы – оның негізгі мағынасы емес, контекстік мағынасы ғана.

Негізінен, реттік сан есімдердің негізгі мағынасы қандай да бір заттың нақтылы реті мен қатары санымен ұштасып жатады. Десек те реттік сан есімнің өзіне ғана тән мағыналық ерекшелігінің де бар екендігін айта кету керек. Оның сөзжасам жүйесінде қаралуына себеп – ондағы қосылатын үстеме мағынаның бір ерекшелігі.  Мәселен, жеті қарындаш дегенде объективті өмірде белгілі бір кезең мен кеңістіктегі қарындаштың нақтылы саны белгілі болады, ал жетінші кабинетте отыр дегенде кабинеттердің ұзын саны жайлы емес, тек бір ғана (жетінші) кабинет жайлы мәлімет алуға болады. Осыдан реттік сандардағы арнайы қосымша арқылы сандық ұғымда да белгілі бір мағыналық өзгеріс байқалатыны көрінеді.

Бұл – реттік сандардың қолданылуындағы бір ғана ерекшелік болса, екінші ерекшелігі – олардың субстантивтенуі (заттануы). Сонымен, реттік сан есімдер субстантивтену арқылы өзіне заттық мағына да жамайды екен және сонысына қарай зат есімдерше түрленіп, сөйлемде солар атқаратын синтаксистік қызметті иеленеді: Бірің тапсырғанда, екіншің терезе алдында тұрыңдар (С.Мұқанов). Екіншісіне кімді ұсынасыз? (М.И.). Бұл – он бесінші (С.Мұқанов). Мен соны байқап, біріншіде бес-алты құлақ шыққан кезде, екіншісінде тары бас жара бастағанда, үшіншісінде сүттене бастағанда, төртіншісінде пісіп келе жатқанда суардым (Ғ.Мұстафин).

Жоғарыдағы мысалдардан біз реттік сан есімдердің тек заттың ғана емес, сонымен бірге жыл, ай, күн тәрізді мезгілдің де реті мен қатарын білдіретіндігін байқадық. Тағы да мысал келтіріп көрелік: Өнеркәсіптің жалпы өнімін 1965 жылы 1958 жылғыдан шамамен 80 процент, оның ішінде «А» тобы бойынша 85-88 процент, «Б» тобы бойынша 62-65 процент арттыру белгіленді (С.Мұқанов) [12,46].

 

 

 

 

 

 

 

4. Жинақтық сан есімнің сөзжасамы

Сан есімнің есептік деген мағыналық түрінен басқа топтарының жасалуына негіз болатын арнайы қосымшалары болатыны белгілі. Сондай-ақ сан есімде сөзжасамында жинақтық сан есімдерді де жасаушы жұрнақтар бар. Олар – (-ау, -еу) жұрнақтары. Алайда бұл қосымша бірден жетіге дейінгі сандарға ғана қосылып, солардың жиынтық санын көрсету мәніне ие. Осыдан байқалғандай жинақтық сан есімнің ұзын саны – жетеу. Бұл жұрнақ жалғанғанда, сандық ұғым сол қалпынша қалады да, оның мәні абстракцияланады, сондай-ақ заттық ұғым жамайды: Біреу де болса жетеді. Бес жыл өткен сол тойға енді өкініп жатыр екеуі. Үшеуі оңаша отыр. Ішінен мықты үшеуін таңдап алып, шұңқырға сал. Әлсіздеу біреуін үш көлікпен ауылға қайтар. Екеуі тракторға қалсын. Олар төртеу-ақ. Жетеудің кемтігін жаба ала ма? (Ғ.Мұстафин).

Осы күнгі түркі тілдерінің көбінде (татар, башқұрт, қарақалпақ т.б.) жинақтық сан есімнің жұрнақтары ретінде -ау, -еу, -у түрліше дыбыстық вариантта қолданылады. Өзге түркі тілдерінде бұл қосымшаның мынадай да дбыстық варианттары бар: -ав, -ов, -ев, -гу, -игу, -оо, -өө т.б. Алайда бұлардың түп негізі сол жинақтау мәнінде жатыр, одан еш уақытта да ауытқып кетпейді.

Сонымен, түркі тілінен бері келе жатқан сан есімнің семантикалық тобына жинақтық сан есім де жатады. Бұл туралы академик А.Н.Кононов былай деген: «Жинақтық сан есім – заттанған сан есімдер, есептік сандардан жинақтық – көптік көрсеткіштер арқылы жасалады: 1) –гун, -ғун/-г/-ғ қосымшасы ескерткіште бір мысалда ғана кездеседі: учагун/үшеуі/. «Құдатқу білікте» (ХІ ғ.) бұл форма анықтаушылық қызметте қолданылады. Әрі қарай бұл қосымшаның фонетикалық дамуы мына жолмен өткен: -ғун, -гу, -ві, -в, -у, -ү.

2. –н қосымшасы –ғун қосымшасының құрамындағы жинақтық, көптік мағыналы көрсеткіш, ескерткіште жалғыз екін ара (екеуінің арасында) деген мысалда ғана кездеседі» [13,19].

Орхон жазба ескерткіштері тілінде жинақтық сан есімнің бар екенін және оның жасалу жолын көрсеткен қазақ зерттеушісі Ғ.Айдаров мынадай пікір айтады: «Жинақтық сан есім заттардың жиынтығын білдіріп, -агу, -егу: үчегу жұрнағы арқылы жасалады» [8,64].

Жинақтық сан есімдердің қанша санға тарауына байланысты оның түркі тілдеріндегі және бір ерекшелігі келіп шығады. Түркі тілдес халықтар тілінің көпшілігінде жинақтық сандардың ұзын саны жетіге дейін жетсе, ал енді кейбірінде (татар, башқұрт, құмық) олардың саны онға дейін барады. Мұнан жинақтық сандардың түркі тілдеріндегі саны онға дейін жетеді деген тоқтамға келуге болады, яғни олардағы жинақтық сандардың жасалуына бірден онға дейінгі сандар негіз болады екен. Бұл тілдік құбылыс көне замандардан басталып, күні бүгінге дейін қолданылып келе жатыр.

Өзі жасалған есептік саннан жинақтық санның айырмасы – сол: олар зат есімнен бұрын тұрып, олармен анықтаушы сөз ретінде тіркеспейді. Мұндай ортақ қасиет басқа да түркі тілдеріне қатысты. Жинақтық сан есімдер заттық ұғымды білдірмейді, олар тек оның мағынасымен ғана байланысады, сондықтан бұл топтағы сан есімдер зат есімдермен тіркеспейді. Бұл – жинақтық сан есімнің зат есімдерше (тәуелдік, септік тұлғаларында) түрленуінен де байқалады. Сонысына қарай олар сөйлем бойында түрліше грамматикалық мүше қызметінде де көріне береді: - Мектебінде ме? Парткомда ма? – Екеуінде де (Ғ.Мұстафин). Екеуі – айыпкер, біреуі тергеуші тәрізді, мерейі үстем отыр (Ғ.Мұстафин). Үшеуін бірдей жүргізіп, керегінде күшті бірінен-біріне ауыстырып отырмақ. – Мінгіз атқа екеуін де! – деп қастарындағы жігіттерге бұйрық етті (М.Әуезов). Екеуін қалпақтай түсірді де, менің дәуімді бас салып, аузын буып ала жөнелді. Жамал екеуін де түсіне қойған жоқ (Ғ.Мұстафин). Екеуімміз бірден тотиғамыз жоқ па? (Ғ.Мұстафин). Маңыздана басып үшеуі де үйге қарай беттеді (Қ.Қайсенов).

 

 

5. Топтық сан есімнің сөзжасамы

Сан есімнің бұл семантикалық тобының да өзіне тән қосымшасы бар. Алайда көне замандардан бері келе жатқан –ер жұрнағы ның қатысуымен қазақ тілінде бірер деген жалғыз-ақ сөз жасалады. Бұл жұрнақтың қызметі қазақ тілімен салыстырғанда өзге түркі тілдерінде анағұрлым өнімдірек. Мұның бір қатар түркі тілдерінде (татар, башқұрт, түрік, қарақалпақ т.б.) –ар, -әр дыбыстық варианттарымен бірге -сар, -сер, -шар, -шәр деген варианттары және бар. Қазақ тілінде топтық сан есімнің –ер қосымшасы негізінде бір ғана сан есім жасалатын болса, өзге түркі тілдерінде бұл семантикалық топ біздікіне қарағанда өнімдірек. Мұнан жоғарыдағы қосымшалардың аталған тілдердегі қолданылуы жайы байқалады, яғни оларда топтық санға негіз болатын есептік сандар қазақ тілімен салыстырғанда баршылық екен. Мәселен, кей түркі тілдерінде осы жұрнақтар негізінде онға дейінгі есептік саннан топтық сан есім жасалса, тіпті кейбірінде олар оннан әрі қарайғы күрделі сандарға да қосылады. Сонымен, көптеген түркі тектес халықтар тілінде өнімді жұмсалатын бұл жұрнақтың қазақ тілінде бір ғана дыбыстық варианты сақталып, оның өзінде жалғыз-ақ сөз құрамындағы өнімсіз жұрнаққа айналған түрінде айта қоярлықтай топтау мағына да қалмаған.

Сондықтан қазіргі қазақ тілінде топтық сан есім жасауға қатысатын ең өнімді жұрнақ ретінде шығыс септіктік қосымшасы аталып жүр. Алайда шығыс септіктің бұл қосымшасы сөз тудырушы сипатқа ие емес,  оның грамматикалық сипаты байланыстырушылық қызметінен ғана көрінеді [14,79]. Десек те шығыс септіктің бұл қосымшасы есептік санға жалғанғанда, өзінің синтаксистік қызметінен ауытқиды. Яғни әдепкі есептік санды сөйлемде келесі бір сөзбен байланыстырмай, оған топтау мәнін үстейді: Күніне үштен, төрттен бордақы семіз қойларды сойғызып, үйткізеді (М.Әуезов). Неге екені белгісіз, Сикорский келген жігіттерді жиырмадан топтап бөле бастады (Ғ.Мүсірепов). Абай бұл үйге кіргенде, әр үстелдің айналасында екіден, үштен отырып, кітапқа үңілген жандарды байқады (М.Әуезов). Бір күн отырып, төрттен, бестен жиып алып, барлығына бір түрлі іс тапсырды (М.Әуезов). Сол күні екі жақтан үшеуден алты кісі шақыртып алды (М.Әуезов).

Осылар сияқты, топтық сан есімдер шығыс септік жалғауы арқылы қайталама қос сөзден тұратын болжалдық сан есімдерден де жасала береді: Дәулетінің молдығы Нұртазаны жүз орап алатын Әлти жалшыны екіден-үштен емес, елуден-алпыстан жалдайды (С.Мұқанов). Жүз-жүзден шоғырланып аттанған жігіттер Амантай қосын айнала қоршаған кезде, туды Темірбекке ұстатып, Амантай да атқа мінді (С.Мұқанов). Жиренше мен Оразбай қастарына бес-бестен кісі алып, жақын отырған Керец мен Сыбанды екеуі екі жақтан аралап шықты (М.Әуезов).

Сан есімнен кейін тіркескен өлшем мағынасындағы га, кг; метр, пұт, литр, центнер т.б. сөздерге шығыс септіктің жалғауы қосылу арқылы да топтау саны, топтау ұғымы жасала береді: Алдағы жылда гектарына екі жүз центнерден астық аламын (Ғ.Мұстафин). Гектарынан жүз жиырма бес центнерден алғанда, тары басын көтере алмай құлап қалған (Ғ.Мұстафин).

Өзінің жасалуына негіз болған есептік сандардың дара не күрделі болуына қарай топтық сан есімдер де морфологиялық құрамы жағынан дара және күрделі сандар болып екіге бөлінеді. Мәселен, он+нан, жүз+ден, алты+дан, төрт+тен, бес+тен, жеті+ден, тоғыз+дан, жиырма+дан, отыз+дан, қырық+тан, алпыс+тан, сексен+нен, жиырма тоғыз+дан, отыз үш+тен, алпыс сегіз+ден, тоқсан алты+дан, жүз отыз сегіз+ден, екі жүз қырық үш+тен, екі+екі+ден, төрт+төрт+тен, он+он+нан, жиырма+жиырма+дан, елу+елу+ден, жүз+жүз+ден [12,57] т.б.

Жоғарыда айтылғандарды қорыта келгенде, топтық сан есімдер шығыс септік жалғауы арқылы кез келген есептік сандардан жасала береді, яғни оны жасайтын есептік сандардың шегі мен құрамына, егер –ер жұрнағының қатысымен жасалғандай жағдай болмаса, ешқашан шектеу қойылмайды. Топтық сан есім құрамындағы шығыс септік жалғауы ең өнімді тәсіл болуымен қтар, өзінің бастапқы грамматикалық мағынасы бұл тұста ешқандай да маңызға ие емес, бір сөзбен айтқанда, ол қосымша негізгі грамматикалық мағынасынан біржола айырылған, яғни онда қимыл-әрекеттің басталар нүктесін білдіру мағынасынан жұрнақ та қалмайды. Сонымен, топтық сан есімінің құрамындағы шығыс септіктің қосымшасы өз мағынасынан ажырап, қандай да бір заттардың сан-мөлшерін топтап көрсететін жаңаша сипатқа ие болған және осы қосымша тұлғалы сөз сөйлемде, негізінен, мекен пысықтауыш немесе толықтауыш қызметін атқарса, топтық сан есім құрамында келу арқылы синтаксистік қызметі қимыл пысықтауышына ауысқан. Мына сөйлемдердегі шығыс септік тұлғалы сөздерді салыстырып көрейік: Қаладан келді, жақсыдан – шарапат. Олар он бес-жиырмадан келеді. Осындағы шығыс септік тұлғалы қаладан сөзі сөйлемде мекен пысықтауышы болса, жақсыдан сөзі толықтауыш қызметінде, ал он бес-жиырмадан сөзі сын-қимыл пысықтауыш қызметінде тұр.

Сондай-ақ топтық сан есімдер ешқашан да сөз түрлендіруші қосымшалармен түрлене алмайды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

6. Болжалдық сан есімдердің сөзжасамы

Зат пен құбылыс атаулының объективті өмірде барлық жағдайда бірдей саны мен мөлшері айқын бола алмайды, сондықтан сөйлеушіге заттардың санын дәл атап беру мүмкін болмағанда, сол заттың шамасы мен мөлшерін тұспалдап, болжалдай айтуға тура келеді. Нәтижесінде осылай болжалдап айтушылық қалыптасады да, тілде болжалдық сан есімдер қатары қалыптасады. Мұндай болжалдық сан заттың, нәрсенің санын еш уақытта да дәл, нақты көрсете алмайды, сондықтан оларға заттың сан-мөлшерін тек шамамен, болжалдап қана атаушылық тән. Болжалдық санның жасалуына негіз болатын сандық ұғымда да әдепкі нақты өз мағынасы сақталмайды, себебі мұндағы заттың саны болжалдық санға негіз болып тұрған есептік саннан артық болуы да, кем болуы да ықтимал. Мысал келтірейік: Құдасының ауылына Ұлжан отыз шақты кісімен келген (М.Әуезов). Бұл екеуінің елі жақын, отыз-қырық шақырымдай ғана жерде (С.Мұқанов). – Әрине, – деді Мәлік, - сол кезде ол үйде мың жарымдай жылқы, екі-үш мыңдай қойы бар екен (С.Мұқанов). Бір сиырдан бес-он литр сүт алғанша, жиырма-жиырма бес литр сүт алса, бір гектардан бес-он центнерден астық алғанша, жиырма-жиырма бес центнерден астық алса, ішті жара ма? (Ғ.Мұстафин).

Информация о работе Сан есім