Психология пәні, оның міндеттері мен әдістері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 16 Января 2013 в 13:56, курс лекций

Описание

Басқа адамның мінез-құлқын қалай түсінуге болады? Адамдардың әр түрлі қабілетке ие болуының себебі неде? Жан дегеніміз не және оның табиғаты қалай? Осындай және басқа да сұрақтар адамдардың ойында болған, сонымен бірге уақыт озған сайын адам және оның мінез-құлқына деген қызығушылық артып отырған.

Работа состоит из  1 файл

Алия Жалпы психология.doc

— 1.22 Мб (Скачать документ)

Түйсiну мен қабылдау процестерi болмайынша, дүниедегi заттарды бiлу мүмкiн емес. Адам дүниедегi заттарды қабылдай отырып, оларды сипаттайды, бiрiмен-бiрiн салыстырады, олардың арасындағы ұқсастығын, айырмашылығын, олардың жалпы қасиеттерiн ажыратып отырады. Осының нәтижесiнде ғана, адам қабылдау процесiнен жоғары сатыда тұрған ойлау сияқты күрделi психикалық процестерге көшiп отырады. Қабылдау басқа психикалық функциялар сияқты, дүниедегi объективтiк заттардың адамның санасында субъективтiк бейнеленуi болып табылады. Әр адам айналасындағы заттарды өзiнше қабылдайды. Адам қабылдауының мазмұны түгелiмен сыртқы дүниедегi заттардың және құбылыстардың мазмұнымен байланысты. Бiрақ сонымен қатар қабылдау тек сыртқы дүниедегi заттардан тәуелдi болып қоймай, адамның физиологиялық әрекеттерiмен де байланысты.

Қабылдау процесiнде адамның өткендегi тәжiрибесi ерекше маңыз алады. Бұл ерекшелiктi апперцепция деп атайды.

Сыртқы ортадан  адамға дамылсыз ақпарат келiп отырады. Жалпы, адамның қабылдауы эволюциялық жолмен дамып, қоғамдық тәжiрибе әсерiнен жетiлiп, күрделенiп, кеңейiп, мазмұны жағынан байып отырды.

 

§ 2.  Қабылдаудың физиологиялық негiздерi

  Қабылдаудың (бейне қалыптастырудың) физиологиялық негiзi болып, П.К. Анохин бойынша, функционалдық жүйе жұмысына бiрiгетiн көптеген психофизиологиялық жүйелердiң үйлесiмдi жұмысы. Оған шартты рефлекторлық байланыстарды қалыптастыру схемасы да кiредi.

Қабылдау да, түйсiк  тәрiздi – рефлекторлық физиологиялық  процесс. И.П. Павловтың көрсетуi бойынша, қабылдаудың  негiзiнде рецепторларға қоршаған дүние заттары мен құбылыстарының әсер етуi нәтижесiнде үлкен ми сыңарларының қабығында пайда болатын уақытша жүйке байланыстары, яғни шартты рефлекстер жатады. Заттар мен құбылыстар комплекстiк тiтiркендiргiштер ретiнде сипатталады. Анализаторлардың қабықты бөлiмдерiнiң ядроларында осы комплекстiк тiтiркендiргiштердiң күрделi анализi мен синтезi жүредi. Анализ қабылдау объектiсiн фоннан бөлiп алуды қамтамаыз етедi. Анализдiң (немесе талдаудың) негiзiнде қабылдау объектiсiнiң барлық қасиеттерiн тұтас бейнеге келтiру жүзеге асады. Түйсiктермен салыстырғанда, қабылдау - ми қабығының күрделi аналитико-синтетикалық iс-әрекетiнiң ең жоғарғы формасы.

Қабылдаудың негiзiнде  екi түрлi жүйкелiк байланыстар жатады: бiр анализатордың шегiнде қалыптасатын байланыстар және анализатораралық байланыстар. Бiрiншiсi организмге бiр модалдықтағы комплекстiк тiтiркендiргiштiң әсер етуi нәтижесiнде пайда болады. Мұндай тiтiркендiргiш ретiнде белгiлi-бiр әуендi алып қарастыруға болады. Оның өзi есту анализаторына әртүрлi жеке дыбыстардың ерекше үйлесiмi ретiнде әсер етедi. Осының нәтижесiнде үлкен ми сыңарлары қабығында интеграция мен күрделi синтез процесi жүредi.

Байланыстың екiншi түрi әртүрлi анализаторлардың шегiнде пайда  болатын байланыстар. Осы ретте, И.М. Сеченов зат пен кеңiстiктi қабылдауды көру, кинестезиялық, сипап сезу және т.б. түйсiктердiң ассоциациясымен түсiндiрдi. Бұл ассоциацияларға, сонымен қатар, берiлген зат немесе кеңiстiктiк қатынас белгiленетiн сөздiң есту бейнесi де қосылады.

Қабылдаудың негiзiнде  жататын уақытша жүйкелiк байланыстар  сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының қасиеттерiнiң объективтiк байланыстары негiзiнде қалыптасады.

 

§ 3.  Қабылдаудың негiзгi ерекшелiктерi

Қабылдаудың тұтастылығы деп объектiнiң кейбiр қабылданатын элементтерiнiң жиынтығын сенсорлық түрде және ойша тұтас бейне күйiне толықтыруды айтады.

Қабылдаудың объектiсi кейбiр  жеке қасиеттерден, жеке бөлiктерден  тұрғанымен, бiз оларды бүтiндей, тұтастай қабылдаймыз. Қабылдаудың нәтижесiнде  қалыптасатын тұтас бейне түйсiну түрiнде алынатын заттың жеке қасиеттерi мен сапалары жөнiндегi бiлiмдердi жалпылау негiзiнде құрылады.

Қабылдаудың құрылымдылығы қабылдаудың тұтастылығымен тығыз байланысты. Бiз белгiлi бiр объектiнi жеке элементтермен емес, ал тұтас құрылым ретiнде қабылдаймыз. Мысалы, музыканы қабылдағанда, бiз оны жеке ноталар бойынша емес, ал тұтас әуен ретiнде қабылдап, қайта жаңғырта аламыз.

Қабылдаудың заттылығы  – қабылдаудың көрнекi бейнесiн сыртқы дүниенiң белгiлi бiр заттарына жатқызу. Бұл объективация актiнде жақсы көрiнiс табады. Осындай объективациялық қасиетiнсiз қабылдау өзiнiң бағдарлаушы және реттеушi қызметiн атқара алмайды. Қабылдаудың заттылығының дамуында адамның практикалық iс-әрекетi маңызды рөл атқарады. Бiз заттарды олардың тәжiрибеде қолданылу қызметi негiзiнде ажыратамыз. Мысалы: ересек адам кiрпiштi жарғыштан оңай ажырата алады. Бұлардың сыртқы пiшiнi бiрдей көрiнгенiмен, олардың кейбiр айрықша қасиеттерiнiң болатынын бiз өткен тәжiрибемiзден бiлуiмiздiң арқасында оларды әр түрлi екi зат ретiнде қабылдаймыз.

Қабылдаудың мағыналылығы. Бұл ерекшелiкте қабылдаудың түйсiктерден негiзгi айырмашылығы жақсы көрiнедi. Объектiлердiң мазмұнын жақсылап түсiнбейiнше, оларды белгiлi тұжырымдар мен сөз арқылы атамайынша, олар толық қабылданбайды. Егер объектiнiң аты сөзбен берiлсе, ол қандай нәрсе болса да, оңай және тез қабылданады.

Қабылдаудың тұрақтылығы  немесе константтылығы деп сыртқы жағдайдың өзгеруiне қарамастан, заттардың мөлшерi, формасы, түсi және т.б. қасиеттерiнiң салыстырмалы бiр қалыпты болып қабылдануын айтады. Мысалы, ақ қағаз қараңғы бөлмеде қара болып көрiнсе де, бiз оны ақ түстi ретiнде қабылдаймыз. Сондай-ақ мысалы, құрылысшылар биiк объектiнiң үстiне шығып тұрғанда, адамдардың құмырсқадай кiшкентай болып көрiнгенiмен, олардың мөлшерiн тұрақты қабылдай алады.

Қабылдаудағы  иллюзия. Түрлi себептерге байланысты шындықтағы объектiлердi қате қабылдауды иллюзия деп атайды. Иллюзиялар сан-алуан себептерге байланысты пайда болады. Мысалы, шай құйылған стақанға салынған қасықтың сынған сияқты көрiнуi физикалық қасиеттермен түсiндiрiлсе, кейбiр нәрсе жөнiндегi жаңсақ пiкiрлер әр түрлi ерекшелiктерiне байланысты. 

Иллюзияларды адамның жүйке  жүйесiнiң ауруға шалдығуына байланысты туатын заттардың жалған, терiс бейнелерi -  галлюцинациялардан ажырату қажет.

Апперцепция. Қабылдаудың адамның жалпы психикалық тұрмысы мен өткен тәжiрибесiнiң мазмұнына байланыстылығын апперцепция дейдi. Бұл адамға қабылданатын заттар немесе құбылыстар таныс болып, оның бұрыңғы тәжiрибесiнде кездескен болса, онда адам оларды дұрысырақ, тереңiрек қабылдайды.

Апперцепция тұрақты және уақытша болып екi түрге бөлiнедi. Тұрақты апперцепция адамның қызығуы мен мамандығы, бiлiмi мен дүниетанымына байланысты болып отырады. Апперцепция затты түрлi жағынан бағалай алу, адамның оны өзiнше талқылап, өзiнше өз көзқарасын бiлдiре алуы. Әртүрлi иллюзиялардың негiзiнде адам жаңсақ пiкiрде болады. Оны уақытша апперцепция дейдi.

§ 4.  Қабылдаудың түрлерi: кеңiстiктi, уақытты және  қозғалысты қабылдау.

Қабылдау түйсiктер сияқты негiзгi анализаторларға байланысты классификациясы бар. Қабылдауда жетекшi рөлдi қандай анализатордың түрi басым болуына байланысты көру, есту, сипап сезу, кинестетикалық, иiс сезу және дәм сезу қабылдауларын бөлiп көрсетедi.

Әдетте қабылдау процесi өзара әрекеттесетiн анализаторлар негiзiнде жүзеге асады. Қозғалыстық қабылдаулар белгiлi-бiр дәрежеде қабылдаулардың барлық түрлерiнде қатысады. Мысалы, сипап сезу қабылдауында тактилдiк және кинестезиялық  анализаторлар қатысады.

Қабылдаудың әр түрлерi таза күйде сирек кездеседi. Олар көбiнесе комбинацияланып, қабылдаудың күрделi түрлерiн құрайды. Мысалы, оқушының мәтiндi қабылдау әрекетiнде көру, есту және кинестезиялық қабылдаулар қатысады.

Қабылдаудың келесi классификациясында материяның тiршiлiк етуiнiң белгiлi бiр формалары – кеңiстiк, уақыт, қозғалыс негiзге алынады.

Қабылданатын объектiнiң ерекшелiктерiне байланысты қабылдаудың келесi түрлерiн бөлiп көрсетедi: заттарды қабылдау, сөйлеудi немесе музыканы қабылдау, адамның адамды қабылдауы. Соңғысы әлеуметтiк перцепция деп аталады. Бұл процесс әлеуметтiк кәсiптерде маңызды қасиет болып табылады.

Кеңiстiктi қабылдау: заттардың формасын, көлемiн, тереңдiгiн және алыстығын, бағытын қабылдау.

Кеңiстiктi қабылдау адамның ортамен өзара әрекеттесуiнде үлкен рөл атқарады және адамның онда бағдарлауының қажеттi шарты болып табылады. Кеңiстiктi қабылдау кеңiстiктiң объективтi көрiнiсiнiң бейнеленуi болып табылады және объекттердiң формасын, көлемiн және өзара орналасуын, олардың рельефiн, қашықтығын және олардың бағытын қабылдаудан тұрады.

Адамның ортамен өзараәрекеттесуi адамның денесiн және оған тән координаттар жүйесiн де қамтиды. Адам затттарды қабылдауы, өзiнiң және олардың кеңiстiктегi орналасу ерекшелiгiн талдау негiзiнде жүзеге асады. Бұл - адамның кеңiстiктiк анализ деп аталатын күрделi аналитикалық-синтездiк iс-әрекетiнiң жемiсi. Кеңiстiктiк бағдарлауда қозғалыстық анализатор ерекше рөл атқарады. Кеңiстiктiк бағдарлаудың арнайы механизмдерiне анализаторлардың iс-әрекетiндегi ми сыңарлары арасындағы жүйкелiк байланыстарды жатқызуға болады. Олар: бинокулярлық көру, бинауралдық есту, бимануалдық сипап сезу, дириникалық иiс сезу және т.б. Заттардың кеңiстiктiк қасиеттерiн бейнелеуде барлық жұп анализаторларға тән болатын функционалдық асимметрия маңызды рөл атқарады. Функциялық ассиметрия анализатордың бiр жағының жетекшi, доминантты болып табылатынын бiлдiредi.

Заттардың көлемi мен түрiн қабылдау. Заттардың көлемi мен түрiн қабылдауда олардың көздiң тор қабығында бейнеленуiнiң үлкен маңызы бар. Үлкен заттарға үлкен кескiн, кiшi заттарға кiшi кескiн сәйкес келедi. Адамның көз құрылысының ерекшелiгiне байланысты алыста орналасқан зат, көлемi жағынан бiрдей болғанымен, жақын қашықтықтағы затқа қарағанда, кiшi болып бейнеленедi. Заттардың көлемi мен түрiн қабылдау көру, сипап сезу және бұлшықеттiк-қимылдық түйсiктердiң күрделi үйлесiмi негiзiнде жүзеге асады.

Заттардың аумақтылығы  мен қашықтығын қабылдау. Заттардың аумақтылығын немесе тереңдiгiн қабылдауда бинокулярлық көру (немесе екi көзбен көре қабылдау) негiзгi рөл атқарады.

Монокулярлық көру (бiр көзбен қарау) қашықтықты белгiлi-бiр шек маңында ғана дұрыс анықтай алады. Егер шамалы қашықтықта керулi тұрған жiңiшке жiпке бiр көзбен қарасақ, жоғарыдан тасталған кiшкентай шардың оның алдынан немесе артынан өткенiн айыру қиын. Ал егер екi көзбен қарайтын болсақ, дәл осы құбылысты дұрыс қабылдау бiзге қиын соқпайды.

Бинокулярлық көруде заттың кескiнi диспаранттық нүктелерге, яғни оң және сол көздiң тор қабықтарының толық сәйкес емес нүктелерге келiп түседi. Кескiн сәулесi бiртектес нүктелерге, яғни тор қабықтың  бiр-бiрiне толық дәл келетiн нүктелерiне келiп түссе, онда кескiн жалпақ болып қабылданады. Егер зат бейнесiнiң диспаранттылығы тым үлкен болса, онда бейне қосарлана бастайды. Диспаранттылық белгiлi мөлшерден аспаған жағдайда тереңдiктi қабылдау пайда болады.

Тереңдiктi қабылдауда  көз бұлшықеттерiнiң жиырылуы мен жазылуынан пайда болатын бұлшықеттiк-қозғалыстық түйсiктердiң маңызы аз емес. Саусақты ақырындап мұрынға жақындату, көз бұлшықеттерiнiң тартылуының нәтижесi болатын проприоцептивтiк түйсiктер туғызады. Бұл түйсiктер көз остерiн жақындататын (конвергенция құбылысы), ажырататын (дивергенция құбылысы) бұлшықеттерден және көз бұршағының шапыраштануын өзгертетiн бұлшықеттен шығады.

Заттар қашықтаған сайын  кеңiстiктi қабылдауда заттардың орналасуына қарай туатын жарық пен көлеңкенiң өзара орналасуының маңызы үлкен болады. Адам мұндай ерекшелiктердi байқайды да заттың кеңiстiктегi орнын жарық пен көлеңкеге сүйенiп-ақ, дұрыс анықтап берудi үйренедi.

Уақытты қабылдау. Уақытты қабылдау – бұл құбылыстар мен оқиғалардың ұзақтығы мен тiзбегiн бейнелендiру.

И.П. Павлов пен оның iзбасарлары тәжiрибе жүзiнде дәлелдеген адамдарда үнемi жасалынып отыратын уақытқа деген шартты рефлекстер уақытты қабылдау процесiнiң физиологиялық негiзi болып табылады. Уақыттық аралықтар адам организмiнде болатын ырғақты процестермен анықталады. Уақытты дәл, тiкелей қабылдауға көнетiн тек қысқа мерзiмдi интервалдар ғана. Уақыттық аралықтарды дәл бағалауға есту және қимылдық түйсiктер себепшi болатындығы анықталған.

Уақыттың қабылдану  ұзақтығы адам iс-әрекетiнiң мазмұнына тәуелдi. Қызықты, маңызды iстерге толы уақыт зымырап тез өтедi. Егер оқиға қызықсыз, елеусiз болса, уақыт мүлдем өтпей қояды.

Уақытты бейнелеудегi кейбiр субъективтiлiк адамның жасына да байланысты болады. Мысалы, балалар үшiн уақыт өтпейтiндей көрiнсе, ересектер оның тез өткендей қабылдайды.

Адам уақытты қабылдаудағы субъективтiлiктен практикалық iс-әрекет пен тәжiрибесi негiзiнде арыла алады.

Қозғалысты қабылдау – бұл объектiлердiң кеңiстiктегi орны мен қалпының өзгерiсiн бейнелеу. Қозғалысты қабылдау өмiрлiк маңызға ие. Қоғалысқа көру жүйесiнiң перифериялық бөлiмi сезiмтал келедi. Объект табылғанда, көру аумағының шет жағында оның түскен бейнесi  көздiң рефлекторлық  бұрылысын тудырады, нәтижесiнде объект бейнесi көру аумағының орталығына ауысады, осы жерде бұл обектiнi ажырату мен тану жүзеге асады. Заттың қозғалысын қабылдау, негiзiнен, оның қандай да бiр фонда орын ауыстыру немесе жылжи отырып, көз торының түрлi клеткаларының кезектi қозуын тудырады.

Қозғалысты  қабылдауда көру және кинестезиялық  анализаторлары негiзгi рөл атқарады. Объект қозғалысының параметрлерi болып табылатындар: жылдамдық, үдеу және бағыт. Адам объекттердiң кеңiстiктегi орын ауыстыруы жөнiндегi мағлұматты екi жолмен алады: орын ауыстыру немесе қозғалысты тiкелей көру, қабылдау арқылы және белгiлi бiр уақытта басқа орында болған объектiнiң қозғалысы жөнiнде ой қорытындысы негiзiнде.

 

Семинар сұрақтары:

  1. Қабылдаудың басқа психикалық процестермен өзара байланысы мен танымдағы орны.
  2. Қабылдаудың негiзгi түрлерi және заңдылықтары.
  3. Қабылдау процесiн зерттеу әдiстерi.

 

 

Студенттердiң  өзiндiк жұмысына арналған тапсырмалар:

Информация о работе Психология пәні, оның міндеттері мен әдістері