Автор работы: Пользователь скрыл имя, 13 Марта 2012 в 12:36, научная работа
Жұмыстың мақсатына жету үшін алға қойылған міндеттер:
- Арал теңізінің Қазақстандық бөлігіндегі құрғаған орнында пайда болған жаңа құрлықты кешенді зерттеп, табиғи қорларының шаруашылық потенциалын анықтау;
- Жаңа құрлықта егіншілікке жарайтын жер көлемін анықтап, теңіз жағалауында суармалы егіншілікті дамытудың ғылыми негізін жасау;
- Арал өңірінде экологиялық жобалар жүзеге асырылуына байланысты Сырдарияның төменгі ағысында дәстүрлі шаруашылық салаларын жаңа экологиялық жағдайға бейімдеп дамытуды ғылыми негіздеу;
- Өңірде табиғи-шаруашылық нысандарды ластайтын заттардың жиналуы мен таралуын зерттеп, зиянды зардаптарын азайтудың жолдарын реттеу.
Қолжазба құқығында
ӘОЖ 631.95:631.459:631.61:631.151.
Нұрғызарынов Айжігіт
АРАЛ ӨҢІРІНДЕ ТАБИҒИ-ШАРУАШЫЛЫҚ КЕШЕНДІ
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ОРНЫҚТЫ ДАМЫТУДЫҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗІ
03.00.16 – экология
Ауылшаруашылық ғылымдарының докторы
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты
Алматы, 2008 ж.
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде орындалған
Ғылыми кеңесші: | биология ғылымдарының докторы, профессор А.Қ.Саданов |
|
|
Ресми оппоненттер: | ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, академик С.Ә.Әбдраимов |
|
|
| ауылшаруашылығы ғылымарының докторы, профессор Е.Ж.Жамалбеков |
|
ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Е.Ж.Кентбаев |
|
|
Жетекші ұйым: | Егін және өсімдік шаруашылығы ғылыми - ондірістік орталығы |
Қорғау 16 мамыр 2008 жылы сағат 1400-те ОД 53.24.01 – биологиялық зерттеулер орталығы және микробиология, вирусология институты жанынан құрылған біріккен диссертациялық кеңестің мәжілісінде болады. Мекен жайы: 050100, Алматы қаласы, Бөгенбай батыр көшесі, 103.
Автореферат «_16_» сәур 2008 ж. таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғылыми хатшысы, биология
ғылымдарының докторы Бекмаханова Н.Е.
Кіріспе
Арал өңірінде табиғи процестер мен шаруашылық салаларының көне дәуірден бері келе жатқан үйлесімді даму ырғағын осы өлкеде орын алған экологиялық тоқырау бұзып жіберді. Соның салдарынан табиғат азғындап, шаруашылық кешеннің өнімділігі кеміді, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмендеді. Әйтсе де Арал өңірінде қауырт өршіген экологиялық тоқыраудың пәті өткен ғасырдың соңғы он жылдығында бәсеңсіген соң ахуал біршама тұрақтанды. Осы жағымды процесті баянды ету мақсатында өңірде экологиялық жобалар жүзеге асырыла бастады. Солардың бірегейі Солтүстік Арал теңізін (САТ) Көкарал бөгеті арқылы бөлектеу мен Сырдария өзенінде оның құрамдық бөлігі болып табылатын «Ақлақ» су электрстансасын салу және Сырдарияның төменгі ағысында ирригация жүйесінің ірі тармақтарын жаңарту шаралары қолға алынды. Ендігі мәселе Арал өңірінде экологиялық ахуалдың бағытын бақылаудан шығармай басқару арқылы өлкенің табиғи қорларын тиімді пайдаланумен бірге оның потенциалын молайтуға қол жеткізу болмақ. Мәселені түбегейлі шешу үшін өңірде бұрыннан қалыптасқан табиғи процестер мен шаруашылық салаларының даму жолын және қазіргі күйін жан-жақты зерттеп, жаңа экологиялық жағдайға орай өрбіту бағытын айқындау мен басқарудың негізінде табиғи қорларды тиімді пайдаланудың негізін жасау қажет болып отыр. Біздің жүргізген ғылыми зерттеулеріміз осы мәселеге арналған.
Жұмыстың мақсаты. Арал өңірінде табиғат қорғау жобаларын жүзеге асыруға байланысты табиғи процестерді антропогендік басқару арқылы шаруашылық кешенді орнықты дамытудың ғылыми негізін жасау.
Жұмыстың мақсатына жету үшін алға қойылған міндеттер:
- Арал теңізінің Қазақстандық бөлігіндегі құрғаған орнында пайда болған жаңа құрлықты кешенді зерттеп, табиғи қорларының шаруашылық потенциалын анықтау;
- Жаңа құрлықта егіншілікке жарайтын жер көлемін анықтап, теңіз жағалауында суармалы егіншілікті дамытудың ғылыми негізін жасау;
- Арал өңірінде экологиялық жобалар жүзеге асырылуына байланысты Сырдарияның төменгі ағысында дәстүрлі шаруашылық салаларын жаңа экологиялық жағдайға бейімдеп дамытуды ғылыми негіздеу;
- Өңірде табиғи-шаруашылық нысандарды ластайтын заттардың жиналуы мен таралуын зерттеп, зиянды зардаптарын азайтудың жолдарын реттеу.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы.
- Арал теңізінің құрғаған орнындағы жаңа құрлық алғашқы рет кешенді зерттеліп, суармалы егіншілікке бірінші кезекте пайдаланатын жердің көлемі анықталды, құрлықтың геоморфологиясына байланысты бұрын ғылымға белгісіз тың мәліметтер алынды, көне дәуірден қалған ел мекендерінің орны мен ирригация жүйелерінің элементтері табылды;
жаңа құрлықта алғашқы рет мелиоративтік күйі тәуір жерлердің көлемі (10-12 мың гектар) анықталып, ол жерлерде ауыл шаруашылық дақылдармен тәжірибелер жүргізу арқылы суармалы егіншілікке жарамдылығы ғылыми негізделді;
теңіз жағалауында алғашқы рет суармалы егіншілікті дамыту және байырғы тұрғындарды (6323 тұрғыны бар 11 елді мекен) көпсалалы шаруа қожалықтарын жүргізуге жұмылдырудың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі ғылыми негізделді және оларды қолдау орталығын ұйымдастыру туралы жоба жасалып, қолданысқа берілді.
өңірде табиғат қорғау жобалары жүзеге асқан соң жағымды экологиялық жағдай қалыптасуына байланысты дәстүрлі шаруашылық (егіншілік, мал шаруашылығы, балық өндірісі) салаларын жаңа жағдайға бейімдеп жоспарлау және суармалы егістің құрылымына өзгеріс енгізу негізінде өрбітудің тиімділігі ғылыми негізделді, нақты ұсыныстар берілді.
Зерттеу нәтижесінің теориялық құндылығы және практикалық мәні. Арал өңірінде жүргізілген зерттеулердің мәліметтері табиғат қорғау мен табиғи қорларды тиімді пайдалану, аймақтың экологиялық тұрақтылығын сақтау, потенциалдық қорларын молайту, табиғи шаруашылық кешенді орнықты дамыту бағдарламаларын жасауға негіз болады. Алынған нәтижелер Арал теңізінің құрғаған орнында пайда болған жаңа құрлықтың геоморфологиялық келбетін, табиғи қорларының потенциалдық деңгейін бағалай отырып, ауыл шаруашылығы өндірісінде пайдалануға көмектеседі. Сонымен бірге теңіз жағалауында суармалы егіншілікті практикаға енгізу арқылы көпсалалы шаруа қожалықтарын ұйымдастыруға негіз бола алады. Табиғи-шаруашылық нысандардың ластануын зерттеудің қорытындысы бойынша әртүрлі химиялық заттардың нысандарда жиналуын, трофиктік, тізбекпен таралуын, экологиялық қауіпті деңгейін бағалауға және зиянды зардабын азайтуды реттеуге мүмкіндік береді.
Ғылыми жұмыстың практикалық мәні. Арал өңірінде ірі экологиялық жобалар жүзеге асырылуына байланысты табиғи кешендердің даму бағытын антропогендік реттеу негізінде қорларды тиімді пайдаланып, шаруашылық салаларын экологиялық орнықты дамытуды ұсынады. Арал теңізінің орнындағы құрлықта бірінші кезекте 10-12 мың гектар жерді әртүрлі дақылдар (күріштен басқа) егуге пайдалануды, жергілікті тұрғындарды көпсалалы шаруа қожалықтарына жұмылдыруды, егіншілік пен өлкені көгалдандыруды қолдау орталығын ұйымдастыруды ұсынады. Сонымен бірге Сырдарияның төменгі ағысында суармалы жердің экология-мелиоративтік күйін сауықтыру мен топырақтың биологиялық құнарын жасай отырып, өңірде егіншіліктің құрылымын жаңа экологиялық жағдайға орай өзгерту қажеттігін дәлелдейді. Зерттеуден алынған нәтижелер мен тұжырымдарды ауыл шаруашылығы өндірісінде, экологиялық жобалар жасағанда, экологиялық және мелиоративтік зерттеулер жүргізгенде бағдармалар дайындауға пайдаланады. Жоғарғы оқу орындарында экология мамандығы бойынша магистранттар, аспиранттар, ғылыми ізденушілер, студенттер пайдалануына болады.
Қорғауға ұсынылған негізгі мәселелер:
- Арал теңізінің қазақстандық бөлігіндегі орнында пайда болған ауқымды жаңа құрлықтың табиғи қорлары (топырақ, өсімдік) мол, сондықтан оларды алғашқы рет шаруашылық айналымға қосу экологиялық-экономикалық жағынан пайдалы;
- теңіз жағалауындағы елді мекендер мен су көзіне жақын орналасқан мелиоративтік күйі тәуір 10-12 мың гектар жерді бірінші кезекте суармалы егіншілікке пайдаланып, алғашқы рет теңіз жағалауындағы байырғы тұрғындары көпсалалы (егіншілік мал шаруашылығы, балық өндірісі) шаруа қожалықтарын жүргізуге жұмылдыру әлеуметтік жағынан тиімді болады;
- теңіз жағалауының байырғы тұрғындары (6323 адам) үшін суармалы егіншілік жаңа кәсіп болған соң оларды қолдау мақсатында арнайы «тәжірибе-эксперименттік орталық» ұйымдастырып, көпсалалы шаруашылық жүргізудің технологиясын көрсету қажет;
- өңірде табиғат қорғау жобалары жүзеге асқан соң дәстүрлі шаруашылық салаларын қалыптаса бастаған жаңа экологиялық жағдай мен табиғи қорлардың деңгейіне ыңғайлап жоспарлау және егіншіліктің құрылымына өзгеріс енгізу арқылы дамыту тиімді болады.
Жұмыстың сыннан өтуі және жарық көруі. Жұмыстың негізгі мазмұны мен қортындылары республикалық ғылыми басылым беттерінде жарық көріп, конференцияларда баяндалды. Олар: Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетінде өткен «Жоғарғы оқу орнында оқытудың теориясы мен әдістемесінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция (Қызылорда, 1997, мамыр); Научно-техническая конференция «Актуальные проблемы развития науки и образования». Кызылординский государственный университет им.Коркыт Ата (Кызылорда, 1999, апрель); Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция «Ауыл шаруашылық өндірісінің жаңа технологиялары: проблемалары, міндеттері, шешу жолдары»; Қызылорда облыстық әкімдігі; Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университеті; Арал өңірі агроэкология және ауылшаруашылығы ғылыми-зерттеу институты (Қызылорда, 2000, желтоқсан); «Арал өңірінің бүгіні мен болашағы» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция (Арал, 2003 ж. қазан); Ғылыми-тәжірибелік конференция: «Арал өңірінің тарихи, әлеуметтік-экологиялық дамуының өзекті мәселелері». Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университет. 2006 ж. 10 қараша. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция «Арал өңірін Археологиялық зерттеулердегі оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент қаласының алар орны». Ә.Марғұлан атындағы Археология институты; Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті; Н.Н.Миклуко-Маклай атындағы этнология және антропология институты (2007, қыркүйек 26).
Жұмыстың нәтижелері Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Биология, география, экология кафедрасының (Қызылорда, 2007) және Қазақ ұлттық аграрлық университетінде экология кафедрасының кеңейтілген мәжілістерінде талқыланды (Алматы, 2007).
Жұмыстың көлемі мен құрылымы: Диссертация материалдары 275 бет көлемінде ұсынылды. Диссертациялық жұмыс: белгілер мен қысқарпталардан, кіріспеден, 8 тараудан, алынған нәтижелерді талқылаудан, ғылыми-тәжірибелік ұсыныстар мен тұжырымдардан, 94 кестеден, 2 суреттен, 1 географиялық картадан, 31 фотосуреттен және 2 схемадан тұрады. Пайдаланылған әдебиеттердің жалпы саны 298.
Диссертация тақырыбы бойынша 4 монография, 1 оқулық, 7 ұсыныс және 41 мақала жарияланды.
1 әдебиетке шолу
Сырдарияның төменгі ағысындағы өңірдің геологиясын, геоморфологиясы мен бедерін, климатын, өсімдігін, топырағын, жер бетіндегі және жерасты су қорларын, Арал теңізінің экология-географиялық жағдайын, теңіздің тартылу себептерін, шаруашылық салаларының (егіншілік, мал өсіру, балық өндірісі) дамуын, суармалы жердің мелиоративтік күйін, қоршаған орта нысандарының химиялық заттармен ластануын талдаған әдебиеттерге шолу жасалды.
2 Зерттеу жүргізілген өңірдің сипаттамасы
2.1 Сырдария өзені төменгі ағысының географиялық орны
Сырдария өзенінің Арал теңізіне дейін төменгі ағысында орналасқан Қызылорда облысының әкімшілік аумағы Тұран ойпатының ауқымды құмды-саздақ жазығында жатыр. Облыс жерінің оңтүстігінде Қызылқұм шөлінің солтүстік бөлігі, солтүстігінде – орталық Қазақстанның оңтүстік шетіндегі үштік-бор қыраты мен Қара-Құм құмдары. Аймақтың ауқымды бөлігі Сырдария өзенінің ескі атырауы. Батысында Арал теңізі.
2.2 Арал өңірінде климаттың өзгеруі
Өңірдің климаты континенттік – жазы ыстық, әрі құрғақ, қысы қарсыз суық, жылдық жалпы орта температура 8,4-8,90С. 1958-1998 жылдардың аралығында жылдық орта температурада өзгеріс болған жоқ. Тек кей жылдары жауын көбірек жауады, бірақ өңірдің табиғатын жасаңсытуға жетімсіз, өйткені, ауаның құрғақтығы жоғары. Климат жалпы континенттік болғанымен көктем-жаз айларындағы ұзақ жылы кезең әртүрлі (күріш, жүгері, көкөніс-бақша тағы басқа) суармалы дақылдар егуге өте қолайлы жағдай қалыптастырады. Соңғы жылдары ауаның құрғақтығы күшеюі, табиғи өсімдіктердің азғындауы тұзды шаң суыратын желдің жиілеуі климат режимінің өзгере бастағанын көрсетеді. Бұл жағдай егіннің өнімі мен оның сапасына, табиғи мал азықтық шөптердің өніміне, жалпы тірі табиғатқа зиянды әсерін тигізіп тұр.
2.3 Өсімдік жабынының сипаттамасы.