Автор работы: Пользователь скрыл имя, 13 Марта 2012 в 12:36, научная работа
Жұмыстың мақсатына жету үшін алға қойылған міндеттер:
- Арал теңізінің Қазақстандық бөлігіндегі құрғаған орнында пайда болған жаңа құрлықты кешенді зерттеп, табиғи қорларының шаруашылық потенциалын анықтау;
- Жаңа құрлықта егіншілікке жарайтын жер көлемін анықтап, теңіз жағалауында суармалы егіншілікті дамытудың ғылыми негізін жасау;
- Арал өңірінде экологиялық жобалар жүзеге асырылуына байланысты Сырдарияның төменгі ағысында дәстүрлі шаруашылық салаларын жаңа экологиялық жағдайға бейімдеп дамытуды ғылыми негіздеу;
- Өңірде табиғи-шаруашылық нысандарды ластайтын заттардың жиналуы мен таралуын зерттеп, зиянды зардаптарын азайтудың жолдарын реттеу.
2-кесте – 2005 жылғы далалық тәжрибенің нәтижесі
Тәжіри-белік дақыл-дар | Егістің көлемі, м | Сорт | Егілген күні | Алғашқы көгінің шыққан күні | Пісу мер-зімінің ұзақтығы (күн саны) | Өнім, кг/м2 | Тәжіри-беден жиналған жалпы өнім, кг | Гектар-лық өнім, ц/га |
Сәбіз | 68,0 | шантана | 8.04. | 20.04. | 120 | 1,5 | 102,0 | 150,0 |
Жуа | 76,0 | қаратал | 9.04. | 19.04. | 100-120 | 1,2 | 91,2 | 120,0 |
Қияр | 28,0 | Нежинский | 26.04. | 30.04. | 57-62 | 1,9 | 53,2 | 190,0 |
Помидор | 90,0 | ТМК | 22.04. | 18.05. | - | 2,8 | 252,0 | 280,0 |
Капуста | 18,0 | Грибовская 47 | 26.04. | 2.05. | 80-88 | 1,2 | 21,6 | 120,0 |
Қызылша | 18,0 | Бордо | 26.04. | 4.05. | - | 2,0 | 36,0 | 260,0 |
Қауын | 100,0 | Сары кулябі | 5.05. | 10.05. | 87,0 | 2,5 | 250,0 | 250,0 |
3-кесте – 2006 жылғы далалық тәжірибенің нәтижесі.
Тәжіри-белік дақыл | Егіс-тің көле-мі, м2 | Сорт | Егіл-ген күні | Алғашқы көгінің шыққан күні | Пісу мерзімі-нің ұзақ-тығы (күн саны) | 1 м2 алаңнаң алынған өнім, кг/м2 | Тәжірибе алаңынан жиналған жалпы өнім, кг | Гек-тар-лық өнім, ц/га |
Сәбіз | 70,0 | шантане | 28,05 | 1,06 | 120 | 1,5 | 104,0 | 152 |
Жуа | 62,0 | қаратал | 28,05 | 5,06 | 115 | 1,3 | 95,3 | 122 |
Қияр | 30,0 | нежинский | 28,05 | 1,06 | 57-60 | 1,9 | 53,3 | 190 |
Помидор | 100,0 | ТМК | 28,05 көшет | - | 115 | 2,7 | 252,0 | 283 |
Капуста | 26,0 | грибовская 47 | 28,05 | - | 86 | - | 22,3 | 124 |
Қызылша | 20,0 | бордо | 28,05 | 2,06 | - | - | 38,0 | 272 |
Болгар бұрышы | 24,0 | - | 28,05 | 4,06 | 120 | 0,8 | 22,0 | 55 |
Қауын | 120,0 | сары кулябі | 28,05 | 1,06 | 90 | - | 265,0 | 262 |
Асқабақ | 180,0 | - | 28,05 | 1,06 | 95 | - | - | 284 |
2005-2006 жылдар бойынша алынған өнім нәтижелеріне ЕТЕА (НСР05)=36,4.
Мұнда бұрын қалың өскен өсімдік қалдықтарының шіруінен гумус жиналған сыңайлы. Жалпы азоттың қоры да аз емес, ал фосфордың қоры орта деңгейде (1-кесте). Су сығындысында тұз (құрғақ қалдықпен) көп емес, тұздың құрамында күкіртқышқыл натрийдың (Na2SO4) концентрациясы жоғары. Теңіз суында ол болмайды. Соған қарағанда, біз тәжрибе салған топырақта күкіртқышқыл натрийдың көбірек болуын коллоидтық алмасу реакциясының нәтижесінде жаңадан түзілген туынды зат ретінде қарау керек. Теңіздің құрғаған қолтықтарында теңіз суының булануынан қалған тұздың құрамы бірыңғай хлорлы натрий (NaCl) емес, аралас болады.
Тәжірибелік дақылдардың қай қайсы да орта дәрежеде өнім берді (2-3- кестелер). Соған қарағанда, теңіз астынан ертерек шыққан жерлерді таңдап егін ексе (күріштен басқа) тым-тәуір өнім алуға болады. «Массагет» даласынан және Аралдарияның ескі арнасында аванатыраудан топырақ үлгілерін алып, вегетациялық тәжрибе жүргізілді. Тәжрибелік дақыл бидай (сорты Саратов 29) тым-тәуір өсіп-жетілді, дән берді.
4.7 Өңірде экологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты көпсалалы шаруа қожалықтарын дамыту. Арал теңізінің Қазақстандық аумағында ауқымы үлкен сусыз шөл даланың пайда болуына байланысты өңірде табиғаттың дамуы жаңа сипатта табиғи жолмен және табиғи процестерді антропогендік реттеу арқылы жүруде. Соңғысының үлес салмағы басымдау. Өйткені, экологиялық жобаларды жүзеге асыру табиғаттың онан ары бұзылуын тоқтатып қана қоймай, оның дамуына оңтайлы бағыт беріп, табиғи қорларын пайдалану тәжрибелері жинақталып келеді. Арал өңірінде табиғи қорлардың потенциалдық деңгейі жоғары. Оларды шаруашылық айналымға қосу арқылы экономиканың өрбуіне жаңа серпін беретін қолайлы жағдай қалыптасып отыр. Соның айғағы ретінде Солтүстік Арал теңізін (САТ) «Көкарал» бөгетімен бөлектеп сақтау мен Сырдария өзеніне «Ақлақ» су электростансасын салуды айтуға болады. Бұл жоба бүкіл ТМД жерінде алғашқы болып орындалды. Президент Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдауымен құны 85,79 млн. АҚШ доллары тұратын САРАТС (Сырдарияның арнасын реттеу және Арал теңізін сақтау) жобасы жасалып, оның бірінші кезектегі «Көкарал» бөгетінің құрылысы 2005 жылы (тамыз) аяқталды. Жобаның құрамдық бөлігі болып табылатын «Ақлақ» су электрстансасының құрылысы 2007 жылы аяқталады деп күтілуде. Бұл екі құрылыстың түпкі мақсаты Арал өңірінің табиғатын онан ары бұзылудан сақтау және табиғи қорларының потенциалдық мүмкіндіктерін молайта отырып, экономикаға қызмет еткізу. «Көкарал» бөгетінің құрылысы аяқталған соң қысқа мерзімде Солтүстік кіші теңіздің айдыны 87,0 мың гектарға жетіп, бұрын Арал қаласынан 80 км-ге қашықтап кеткен теңіз қазір қалаға 20,0 км-дей жерде тұр. Бөгеттің қазіргі биіктігі Балтық жүйесі бойынша 42,0 метр. Егер бөгет осы деңгейде қалатын болса, онда кіші теңіздің аумағын су толық жаба алмайды. 1994 жылы солтүстік кіші Аралдың деңгейі БЖ (Балтық жүйесі) бойынша 36,88 метрде тұрған болатын. Сонда солтүстік кіші Арал теңізі кеуіп қалды. Қазіргі кезде су солтүстік теңіздің ең терең Орталық пен Шевченко бөліктерін ғана жауып тұр, ал Сарышығанақ пен Бутаков қолтықтарында су аз. Яғни, халық көп шоғырланған Арал қаласы мен ел мекендеген теңіз жағалауына су бармайды. Бұл жағдайда қыруар қаржы жұмсап, салынған солтүстік кіші Арал өзінің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық функциясын толық атқара алмайды. Сондықтан «Көкарал» бөгетінің екінші кезегін жалғастырып, оның биіктігін 44,0 метрге жеткізсе ғана барлық мәселе шешіледі. 2007 жылы бөгеттің екінші кезегіне 120,0 млн. АҚШ доллары бөлініп, оның жобалау және дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бөгеттің екінші кезегі біткенде Сарышығанақ қолтығы суға толады. Бұл жағдайда теңіз жағасындағы ел шоғырланған Қаратерең, Қарашалаң, Бөген, Қаратүп, Жамбыл, Тастүбек, Ақеспе, Ақбасты учаскелеріне теңіз жақындайды, балықшылық кәсібі қалпына келеді, малға жайылым мен шабындық молаяды, жайлы микроклимат қалыптасады.
«Ақлақтың» құрылысы аяқталғанда Сырдария өзені суының бір бөлігі кіші теңізге, енді бір бөлігі теңіз жағалауындағы көлдерді толтырады. Олар қазір құрғақ жатқан Қарашалаң, Баян, Сағымбай, Домалақ, Қызылжарма, Жыланды, Бекентай көлдері мен Ақкөл және Кәртіма теңіз қолтықтары. Сонда қазір балық ауланып жүрген көл жүйелеріне айдыны 60,0 мың гектардай балық беретін көл жүйелері қосылады. Бұл жағдайда дәстүрлі балық өндірісі мен мал шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытумен бірге шаруашылық саласының жаңа түрі – суармалы егіншілікті практикаға енгізуге мүмкіндік туады, яғни, көпсалалы шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Тек балық аулау мен мал өсіру елдің материалдық тұрмысын талапқа сай деңгейге көтере алмайды. Өйткені, балықты жергілікті тұрғындардың бәрі ауламайды. Рас, малды бәрі өсіреді, бірақ оның басы мен өнімі табиғи шөп қорына байланысты өзгеріп тұрады. Біздің пікірімізше, мұнан былай бұл өңірдің тұрғындарына ең тиімдісі егіншілік болмақ. Қазіргі кезде теңіз жағалауындағы байырғы 11 елді мекендерде 6323 адам тұрады. Олар егіншілікпен айналысуға дайын. Біздің зерттеулеріміз көрсеткендей, осы елді мекендер мен су көзіне жақын орналасқан егін егуге жарайтын, жерлерді егіншілікке игеру қажет. Жергілікті тұрғындар көкөніс, бақша, картоп, жеміс-жидек, мал азықтық шөптер егеді, ағаш-бұталар отырғызады. Сөйтіп, олар көпсалалы шаруа қожалықтарын жүргізетін болады (егіншілік, балық аулау, мал өсіру). Оның негізгісі егіншілік саласы. Сонымен бірге теңіз жағасындағы құрғақ көлтабандарда мелиоративтік күйі онша күрделі емес 25-30 мың гектардай жер бар. Ол жерлерде дәнді дақылдар (бидай, арпа) және жоңышқа егуге, жасанды шабындық жасауға болады, мысалы, Ақкөлдің табанында 20,0 мың гектардай жер жатыр. «Ақлақ» құрылысы біткен соң теңіз жағасындағы жерлерде 20-25 мың гектар суармалы дәнді дақылдар егіп, Қызылорда облысы егіс көлемін ұлғайтатын болады. Теңіз жағалауындағы байырғы елді мекендердің тұрғындарын егіншілікке жұмылдыру үшін оларды қолдау қажет. Ол үшін «Арал өңірінде егіншілікті және өлкені көгалдандыруды қолдау тәжрибе-эксперименттік орталық» ұйымдастыруды ұсынамыз. Орталықта әртүрлі дақылдар (көкөніс, бақша, картоп, жеміс-жидек) егіледі, ағаш-бұталар отырғызылады. Ол дақылдардың жергілікті жерге бейім агротехникасы, көпжылдық шөптердің (жоңышқа, донник) және ағаш-бұталардың фитомелиоративтік рөлі, жоғары өнімді мал азықтық ауыспалы егіс енгізу, жасанды шабындық пен жайылым жасау, елді мекендерді көгалдандыру мәселелері зерттеледі, ұсыныстар беріледі, жаңа дихандармен семинарлар өткізілетін болады. «Арал өңірінде суармалы егіншілікті дамыту және өлкені көгалдандыру бағдарламасын қолдау мақсатында тәжрибе-экспериенттік орталық» ұйымдастыру туралы біздің ұсынысымыз Қызылорда облысының әкімдігі мен «Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу» департаменті тараптарынан қолдау тауып отыр. Оның жобасы жасалып, қолданысқа берілді. Орындау мерзімі 2007-2009 ж.ж. Қаржыландырудың жалпы көлемі 22,2 млн.теңге. Арал теңізінде экологиялық жобаның бірінші бөлігі орындалып, Солтүстік Арал Теңізін (САТ) бөліп тұрған Көкарал бөгеті іске қосылған соң экологиялық ахуал тұрақтануына байланысты өңірдің табиғи қорларын тиімді пайдалану арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге бағытталған шараларды жүзеге асыру қажет.
4.8 Арал өңірін көгалдандыру. Қазақстанның аумағында орманы аз өлкенің бірі Арал өңірі. 60-шы жылдарда бұл өңірдегі орманның көлемі
2,9 млн. га, оның ішінде 2,5 млн.га сексеуіл болатын. Сонан қазір қалып тұрғаны 2,0 млн. гектардан сәл артық. Республика қабылдаған «Қазақстан ормандары» бағдарламасына сәйкес 1994-2010 жылдарда Арал өңірінде экологиялық жағдайды тұрақтандыру, тұзды шаңның таралуын тоқтату және Сырдарияның атыраулық аймағы шөлге айналып кетпес үшін алдын алу мақсатында күрделі жұмыстарды орындау межеленіп, ол жұмыстар орындала бастады. Әсіресе Арал теңізінің құрғаған орнында сексеуіл егу қарқынды жүруде. 90-шы жылдардан бері теңіз табанының «Қасқақұлан», «Қаукей» және «Көзжетпес» учаскелерінде 54 мың гектар жерге сексеуіл тұқымы себілді. «Қасқақұлан» учаскесінде сексеуіл, жыңғыл, сарсазан бұталарының табиғи көбеюімен қоса есептегенде 100 мыңдай гектар аумақты алып жатыр. Жаңадан өскен орман алқабы құлан, жабайы құстар мен қоян, қарсақ, түлкі, қасқыр, киік секілді аңдар мекеніне айналып үлгірді (Фотосуреттер 2-жылдық сексеуіл, құландар). «Республика аумағындағы ормандарды сақтау және орманды жерлерді ұлғайту» жобасының аясында Қызылорда облысына бөлінетін қаржы 10,7 млн. долларды құрайды. Осы қаржының есебінен 2008 жылы Арал теңізінің табанына 500 гектар, ал 2009 жылы 10500 гектар жерге сексеуіл отырғызылатын болады. Онан кейінгі 2010-2012 жылдары жыл сайын 11 мың гектарды игеру межеленіп отыр. Арал теңізінің табанына сексеуіл егуге Германияның техникалық қоғамы белсенді қатысуда.
5 Сырдария өзенінің ағысын реттеуге байланысты күрделі экологиялық жағдайдың қалыптасуы
5.1 Сырдарияның атыраулық аймағында табиғи кешеннің өзгеруі. 70-шы жылдары Сырдария өзенінің жоғарғы және орта тұсында суармалы егістің (мақта) көлемі көбеюіне байланысты өзеннің жылдық ағысынан 87 пайызын алып, Қызылорда жеріне жіберіліп тұрғаны – 13 пайыз болды. 1950-1960 жылдары Сыр атырауының басы саналатын Төменарық стансасының тұсына келетін Сырдарияның жылдық ағысы 25,1 км3, ал Қазалы тұсында – 17,2 км3 болатын. Сол көлемді су тиісінше бірінші жағдайда – 3,8-ге, екіншіде – 0,6 км3-ге дейін, яғни, тиісінше 6 және 30 есе азайды.
Өзен ағысының азаюы Сырдың атыраулық аймағында табиғи кешендерді түбегейлі өзгертіп жіберді. Өзен суымен келетін құнарлы лай мен биогендік заттар азайды, бірақ өзен суында хлордың концентрациясы көтерілді. Өзен ағысының азаюы атыраулық табиғаттың дамуына жаңа сипат берді. Қабаттағы су тереңдеп, топырақтың жоғарғы қабаты құрғады; ығал топырақтар (гидроморф) кеуіп, қуаңдану қатарымен дамыды. Көлдер мен көлшіктер құрғап, олардың төңірегіндегі бұрын су шайып тұратын учаскелер қабыршақты және борпылдық сорларға айналды. Топырақ профилінде тұздың жылжуы төменнен жоғары қарай бір бағытта ғана жылжитын болды. Бұрынғы гидрологиялық режимге байланысты жоғары-төмен жылжып тұратын маусымдық қайтымды тұз режимі енді маусымдық қайтымсыз тұз режиміне айналды, яғни қабаттағы тұз топырақтың бетіне шоғырланды. Оған өзен суының минералдығы көтерілуі, ауаның құрғақтығынан қабаттағы ащы судың күшті булануы және Арал теңізінің құрғаған орнынан желмен тарайтын тұзды шаң қосылып, өңірде топырақтың қайта сорлануын күшейтіп отыр. Бұрын сор жерлер бедердің ойлау учаскелерінде ғана тараған болса, қазір бедердің барлық элементінде кездесетін болды. Өңірде орын алған қуаңшылықтың әсері Сырдың атыраулық ландшафтарында өсетін плаккаттық топқа жататын өсімдік қауымдастығына жайлы болмады. Бұрынғы ауқымы үлкен ығалды ойпаттарда гектарлық өнімі 25-тен 50 центнерге дейін өсетін қамыс моноценозы азып-тозып, оның орнына гектарлық фитомассасы 2-5 цен-ден аспайтын арам шөптер өсетін болды. Өсімдік қауымдастығының түрлік құрамы күшті өзгеріске түсіп, ығал сүйгіш өсімдік қауымдастығын ксеро-галофилдік және гало-ксерофилдік топтары ауыстырды. Бұл соңғылары топырақтың сорлануын күшейте түсуде. Осы жағдайлар өңірде литоморфопедогенез процестерінің бірлігі бұзылғанын көрсетеді. 1990 жылдан бері Сырдарияның төменгі ағысына келіп тұрған судың көлемі алдыңғы онжылдық кезеңмен салыстырғанда едәуір көбейіп, 12,8 ден 21,0 км3-ге дейін, оның ішінде вегетация кезінде 2,3-тен 13,7 км3-ге дейін болды. Сонан Арал теңізіне түскені 4,6-дан 7,8-ге дейін км3. Бұл көлемді су егін суаруға, көлдерге құюға жетіп тұрды, бірақ табиғи кешендердің арасындағы тепе-теңдікті қалпына келтіре алмай отыр.