Автор работы: Пользователь скрыл имя, 05 Марта 2013 в 16:54, автореферат
Зерттеудің көкейкестілігі. Мемлекетіміз бүгінгі таңда әлемдік кеңістікте өзінің лайықты орын алуын мақсат етіп отыр. Осы биік мақсатқа жету жолында, егемендікке қол жеткізген тәуелсіз мемлекеттің дамуындағы экономикалық өзгерістер барысында қоғамдық, саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты басқарудың тиімділігін арттыру, өзге дамушы елдерге үлгі боларлықтай дәрежедегі еліміз үшін тарихымыздың пайдалы дүниелерін жаңғырту қажеттігі туып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Ұлттық идеяларды іздестіру барған сайын көкейкесті сипатқа ие болып отыр»,− деген сөзі халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қазынасын, тарихи тұлғалардың, ғұлама ойшылдардың қайталанбас мұраларын қайта жаңғырту мен жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруге бағыттайды.
ӘОЖ 37.017. 924 (092) Қолжазба құқығында
МОЛДАСАН ҚУАНЫШ ШОРМАНҚЫЗЫ
Жүсіп Баласағұнның
педагогикалық мұрасындағы
13.00.01- Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика
Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2009
Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде педагогика кафедрасында орындалды
Ғылыми жетекшісі: педагогика ғылымдарының докторы
Ә.Н. Көшербаева
Ресми оппоненттері: ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы
К.Қ.Қунантаева
педагогика ғылымдарының кандидаты
Т.Ә. Ахметов
Жетекші ұйым: М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті
Қорғау 2009 ж. «6» шілде күні сағат 14-00 Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.05.01 диссертациялық кеңесінде өтеді. Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13, 2- қабат, мәжіліс залы.
Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады. Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Қазыбек би,30, 3-қабат.
Автореферат 2009 жылы «6»маусым таратылды
Диссертациялық кеңестің
Ғалым хатшысы: Ә.Ә. Саипов
Кіріспе
Зерттеудің көкейкестілігі. Мемлекетіміз бүгінгі таңда әлемдік кеңістікте өзінің лайықты орын алуын мақсат етіп отыр. Осы биік мақсатқа жету жолында, егемендікке қол жеткізген тәуелсіз мемлекеттің дамуындағы экономикалық өзгерістер барысында қоғамдық, саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты басқарудың тиімділігін арттыру, өзге дамушы елдерге үлгі боларлықтай дәрежедегі еліміз үшін тарихымыздың пайдалы дүниелерін жаңғырту қажеттігі туып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Ұлттық идеяларды іздестіру барған сайын көкейкесті сипатқа ие болып отыр»,− деген сөзі халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қазынасын, тарихи тұлғалардың, ғұлама ойшылдардың қайталанбас мұраларын қайта жаңғырту мен жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруге бағыттайды. Сондықтан, құнды еңбектерді зерттеп, жастарға жеткізу, олардың бойына ата-бабамыздың өсиет етіп қалдырған асыл мұраларын сіңіру, жалпыадамзаттық құндылыққа, әсіресе, ғылыми дүниетанымға жаңаша көзқараспен қарау қазіргі педагогика ғылымының назар аударып отырған мәселелерінің бірі болып отыр. Мұның тиімді шешімі мемлекеттік деңгейдегі ресми құжаттарында қарастырылады: Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы (2007 ж.), Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы, т.б.
Қазақ халқының мәдениетін,
әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін меңгерту «Білім
туралы» Заңының негізгі міндет
Сонымен, Орталық Азия барысына айналуды мақсат еткен Қазақстан үшін мемлекеттің іргесін бекітетін, жастарға нағыз ұлттық тәрбие беретін құнды дүниелерді жаңғырту – бүгінгі таңда басты мақсат-мүдде.
Тарихи деректерге, атақты ойшылдардың еңбектеріне сүйенсек, ерте заманда қалыптасқан құндылықтардың бірі - тәлім-тәрбие үрдісінің ізгілікті басқаруға негізделгені. Кез келген іс-әрекеттің нәтижесі басқаруға байланысты болып келеді. Ал мұнда ізгіліктің мәні зор. Сондықтан, заманынан озып туған кемеңгер ғұламалардың ұлағатты сөздерiнде, басқа ұғымдардан айрықша, iзгiлiк идеясы әрдайым көрінiс тауып отырған. Бұдан мемлекеттен саясат алыстай алмайтыны сияқты, iзгiлiк идеясы мемлекетің дамымайтынын басқарудың дамуы негізінде жатқанын байқауға болады. Тіпті осы бағытта жүргізілген зерттеу көрсеткендей, қоғамды ізгілікті басқару идеясы ойшылдардың еңбектерінде арнайы ілім ретінде зерделеніп, осы арқылы ежелгі кезеңнің өзінде-ақ тәрбие мәселелері шешімін тауып отырған. Бұған дәлел болатын қазақ тарихының топырағы бір бастау арнасы – ежелгі түрік дәуіріндегі өркениет мұралары. Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген, табиғат, қоғам, адам дамуының заңдылығын өздерінің дүниетанымына арқау еткен Күлтегін мен Білге-Қаған, Қорқыт, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмуд Кашгари ізгілік адамның жүрегінде орнығатын қасиет - деген тұжырымдамалы ойды басшылыққа алса, Абай ізгілікті адам тағдырымен бірге жаралған, оны адам ойлап тапқан емес –деп жалғастырады. Түркі ғұламаларының көзқарасында: мемлекет – адамға қамқоршы, ол адамды панасына алып отыр, өмір сүруiне мүмкiндiгiнше жағдай жасайды. Әрбiр мемлекет, өзінің дамуына сай, экономикалық әлеуетiне сай, өз азаматтарын қамқорлығына алады. Мiне, iзгiлiктi басқару идеясы осындай құнды көзқарастармен негізделеді.
Ізгiлiк ұғымының тамыры тереңде жатыр. Ол өркениеттік құбылыстардың барлық кезеңдерiнде орын алған. Ізгiлiк - ғайыптан келетiн, бiз бiлмейтiн жерден келетiн ұғым емес, ол әрбiреуiмiздiң жүрегiмiзде, жан-дүниемiзде ту тiккен қасиет. Ендi, мемлекет басқару жолындағы адамның осы тұлғалық ерекшелігінің аса қажеттілігі түркі әлемінің ұлы ғұлама-ойшылы Жүсiп Баласағұн бабамыздың еңбегінде толық ашылған. Түркі тілінде ел басқару мәселесі туралы жазылған тұңғыш кітап та Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны болды. Тәуелсіз еліміздің әлеуметтік саяси жағдайларына байланысты қоғамымыздағы әртүрлі өзгерістерді шешу, ұлттық санамыздың өсуі кезеңінде ғұламаның энциклопедиялық мұрасында ізгілікті басқару туралы озық педагогикалық ойларының құндылығы арта түседі. Ұлтымыздың қоғамдық-философиялық ойының даму тарихына ерекше ықпал еткен қазақ даласынан шыққан ойшылдардың көрнекті өкілі Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасы қазақтың тарихымен, мәдениетімен сабақтастығымен, өмір шындығын баяндауымен дараланады.
Әрбір адам өз ұлтының мөлдір бұлағынан сусындамай тұрып, өзін толыққанды ұлт ретінде сезіне алмайды. Нарықтық экономикаға сүйенген, ғылыми-техникалық жаңалықтарға еркін аяқ басқан бүгінгі қоғам алдында тұрған өзекті мәселе – білім беру ісі мен қоғамды ізгілендіру, жан-жақты дамыған, шығармашыл тұлға қалыптастыру. Осы орайда, Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасындағы ізгілікті басқарудың негіздеріне қайырымды басшы басқарған, дамыған қоғамның негізін әділ заң, әділ елбасы, әділетті өмір қағидасы қамтиды. Дастанның негізгі идеясы – ел басқару ісінің қыр-сырын білу, ел басқарудағы әділеттіліктің болуы және ел мүддесін ойлайтын адал басшының бейнесін көрсету арқылы құт дарыған, ізгілікті қоғам орнату. Жүсіп Баласағұн пікірінше, мемлекеттің дамуы жеке тұлғадан бастап, ел басшысына дейін олардың ақыл-парасаты мен біліміне, мінез-құлқына тікелей байланысты. Сондықтан, бүгінгі таңдағы басқару тиімділігін арттыру мәселесінде басқару мәдениетінің рөлі зор екендігін айта кеткеніміз жөн. Басқару мәдениеті басқару процесінде кез келген құрылым мен ұйымның еңбекті ұтымды ұйымдастыруының нәтижесі болып табылады. Дана ойшылдың: «Жақсы мінез-құлық пен ізгілік, адамға құрметпен қарау, басқарушының халқымен жақсы қарым-қатынасы қоғамды тек ізгілікке, жақсылыққа бастайды. Мұндай ізгі бекті елі еш уақытта ұмытпайды,−деуі, «Құтты біліктегі» мінсіз қоғам идеясы, қоғамды ізгі басқару мәселесінде адам мінезін, болмысын терең сезіне толғануы Жүсіп Баласағұн мұрасының қазіргі таңдағы ізгілікті басқарудағы ғылыми танымымызды кеңейтіп, рухани бастау болмақ. Мемлекетті, халықтың тұрмысын жақсартудағы әлеуметтік-эстетикалық көзқарасының бүгінгі өркениетті қоғаммен үндестігі − «Құтты білік» дастанының халықтық тәлім- тәрбиедегі тағлымды шығарма екендігіне дәлел. Қандай басшы болса да басқару ісінде ақылмен іс қылуды, ең алдымен, адамдық ізгі қасиетті ұстануы керек. Ғұлама: «Өз мүддесінен қара халықтың мұң-мұқтажын жоғары қойып, халқына ізгі іс жасаған басшының ғана халқына беделі арта түседі»,− дейді. Басқару мәселесінде ғұлама ұстанған рухани құндылықтар: қайырымдылық, парасаттылық, ізгілік, тәрбиелі адамға тән іс-әрекет. Қайшылықты өмірде кездесетін әртүрлі әлеуметтік мәселелерді шешу мен жүзеге асыруда жаны таза басқарушы ғана кез келген мәселені әділеттілікпен шешеді, яғни «Құтты білік» дастанының әр шумағы − басшысының бойындағы ел басқаруға лайық мінез-құлықтың қоғамда алатын орны туралы ой-толғамдарға толы дидактикалық шығарма. Сондықтан ғұламаның ұлы мұрасы ертеден-ақ көптеген ақындардың, ғалымдардың, зерттеушілердің назарын аударды. Ең алдымен Қазыбек би Тауасарұлы мен Абай Құнанбаевті атаған жөн. Ғылыми тұрғыда зерттегендер: В.В. Бартольд, С.Е. Малов, В.В. Радлов, А.Н. Кононов, А.А. Валитова, М.С. Фомкин, В.И. Асланов, А. Бомбачи, Х. Көроглы т.б.
Түркі дүниесінің мақтанышы «Құтты білік» атты ұлы жазбаның толық мәтінін 1986 жылы зерттеуші ғалым Асқар Құрмашұлы Егеубай көне түркі тілінен қазіргі қазақ тіліне тұңғыш рет аударып, зерделеп, ғылыми айналымға енгізді. Сонымен қатар, 2004 жылы белгілі ғалым Әбжан Құрышжанұлы дайындаған «Құтты біліктің» ғылыми-поэтикалық аудармасы жарық көрді.
Түркі халықтарына ортақ Жүсіп Баласағұнның мұрасы ежелгі әдебиетіміздегі көркем шығарма ретінде біршама зерттелді. Әдебиет тұрғысынан: Н. Келімбетовтың, М. Мырзахметовтың, Ә. Қоңыратбаевтың, Р. Бердібаевтың, Х.Ж.Сүйіншәлиевтің, Қ.Ө.Өмірәлиевтің, Ә.Б.Дербісалиевтың, М. Әліпханның т.б. еңбектері белгілі.
Бүгінгі күні түркі-ғұлама ой-пікірлерінің ғылыми құндылығын кеңінен ашатын көптеген философиялық, мәдениеттану, әлеуметтік-этикалық зерттеулер де назар аударады: А.Қасымжанов, М.С.Орынбековтың, М. Хайруллаев, Ж. Алтаев, Ғ. Есім, М. Масон, А. Қодаров, Д.М. Мәжиденова, С. Мукасов, Ж.Т. Әміребаева, В. Горячева, Л. Витченко т.б.
Жүсіп Баласағұн шығармашылығының тәлім-тәрбиелік мәні Ә.Табылдиев, Қ. Жарықбаев, С. Қалиев, Т. Әлсатов, Қ. Бөлеевтердің еңбектерінде қарастырылған, ал педагогика тарихынан бірінші докторлық диссертацияны Ә.Н. Көшербаева, кандидаттық диссертацияны Т.Ахметов жазғанын ерекше атап айтуға болады. Ғұламаның педагогикалық мұрасындағы халықтық педагогика негіздері Ұ. Жамированың жұмысында зерттелді.
Ғылыми жұмыстың негізгі мәселесін шешуде педагогика тарихының дамуында, жеке тұлға туралы ой-пікірлерін зерттеген ғалымдардың еңбектері де аса маңызды болып келеді: Т.Т. Тәжібаев, А.И. Cембаев, Г.М. Храпченков, А.К. Көбесов, Ж. Әбиев, Қ.Б. Сейталиев, К.К. Құнантаева, А.Н. Ильясова, Б. Ы. Мұқанова, И.Р. Халитова, К.М. Қалиева, Э.А. Урунбасарова, Ғ.Ұ. Қабикенов, Э.Т. Құрманалиева, А.М. Құдиярова, Е.С. Аяған, А.К. Иманов т.б.
Зерттеу барысында тәрбиенің әртүрлі бағыттарын, солардың қатарында ізгілік мәселесін қарастырған ғалымдардың да зерттеулері қызығушылық тудырды: А.П. Сейтешев, Г.Т. Хайруллин, А.А. Бейсенбаева, К.К. Шалғымбаева, Б.К. Абдугулова, Р.К. Төлеубекова, Г.Ж. Меңлібекова, Р.А. Джанабаева, Н.Әлқожаева, К.Ә. Әбдреймова т.б.
Ғылыми ізденіс нәтижесінде жоғарыда аталған еңбектерді ескере отырып, Жүсіп Баласағұнның мұрасындағы ізгілікті басқарудың негіздері арнайы тақырып ретінде зерттелмегенін айтуымыз қажет. Тарихи деректерге сүйенсек, орта ғасырдың іргелі еңбегі «Құтты білік» жарыққа шыққан кезінен бастап-ақ, өз заманында ізгілікті басқаруға үйрететін кітап болып бағаланды. Дастанның сол кезде күллі елге мәлім болғанын кітаптың кіріспесін-ақ білуге болады. Машын, Шын, Шығыс елдерінде «Шахтардың әдеп-қағидалары», «Мемлекеттің дәстүрі», «Өмір зейнеті» десе, ирандықтар «Шахнама түркі», енді біреулері «Падишаларға насихат», тұрандықтар «Құтадғу білік» деп атаған. Осыдан «Құтты білікті» жазылған күннен бастап халықтың ақиқаттық-этикалық жаратылысын, салт-дәстүрі мен жан-дүние құнарын айқындаған, тәлімдік қасиеті аса жоғары тиімді басқару арқылы ізгілікті қоғам орнатуды мақсат тұтқан туынды деп бағалауға болады. Ғалым-педагог Ж.Әбиев: «Түрік және парсы мәдениетінің нәрлі ұйтқысында туындап, араб дүниетанымының қуатты ықпалымен толысқан ойшыл өз шығармашылығында адамның қоғамдағы орны мен қызметін түсінуге ұмтылып, мінсіз қоғам жайындағы өзінің биік тарихи, ағартушылық-педагогикалық, философиялық мұраттарын дүниеге келтірді»,–деп, «Құтты біліктің» қоғамдағы ізгілікті басқаруды жырлаған ескерткіш екендігін айтып кетеді. Қанша уақыт өтсе де дастан өзінің осы құндылығын жоймаған, ұлттық тәрбиеге берері мол мәңгілік мұра. Дегенмен, түркі халықтарының рухани асыл қазынасы болып отырған «Құтты біліктің» осы жағы педагогика тұрғысынан зерттеу айналымында арнайы болған емес. Сондықтан, дастандағы ізгілікті басқару мәселесіне ерекше назар аудару қажеттілігі туындап отыр. Демек, бүгінгі ұлттық идеология іздестіру, жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие беру кезеңінде Жүсіп Баласағұнның ізгілікті басқару туралы идеяларының қажеттілігімен олардың жүйелі бағытта зерттелмегендігі арасында қарама-қайшылық бар екендігі анық байқалады. Осындай қарама-қайшылықтың шешімін ғылыми тұрғыда іздестіру бізге зерттеу проблемасын анықтауға және жұмысымыздың тақырыбын: «Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасындағы ізгілікті басқарудың негіздері» деп таңдауымызға негіз болды.
Зерттеудің нысаны: Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасы.
Зерттеудің пәні: Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасындағы ізгілікті басқару идеяларының негіздері.
Зерттеудің мақсаты: Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасындағы ізгілікті басқару идеяларын ғылыми тұрғыда негіздеу, жүйелеу, тарихи және аксиологиялық ұстанымдар арқылы олардың негізін ашып, жеке тұлға тәрбиелеудегі мәнін айқындау.
Зерттеудің міндеттері:
1. Ретроспективті және тарихи-генетикалық талдау негізінде ежелгі әлем өркениеттеріндегі ізгілікті басқару идеяларының даму генезисі.
2. Орта Азиялық Ренессанс дәүрінің тарихи мәнін ашып, негізгі ұстанымдарын айқындап және бұл мәдени құбылыстың ізгілікті басқарудағы түркі ғұламалары ой-пікірлерінің дамуына ықпалын көрсету.
3. Түркі ғұламасы Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасындағы ізгілікті басқару идеяларын сипаттау, ойшылдың көздеген өркениетті қоғам орнату мақсатына жетудегі басқарудың ұстанымдарын, бағыттарын, қызметі мен әдіс-тәсілдерін жүйелеп, ғылыми тұрғыда негіздеу.
4. Тарихи-салыстырмалы талдау негізінде Жүсіп Баласағұнның тұжырымдамасындағы ізгілікті басқару негіздері мен қазақ халқының тарихында орныққан Билер институтының байланысын ашып, ғұлама идеяларының бүгінгі таңдағы өміршеңдігі мен ұлттық тәрбиедегі құндылығын айқындау.
Жетекші идея: Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасындағы ізгілікті басқарудың негіздерін айқындау – жас ұрпаққа ұлттық тәрбие мен білім беруде, Қазақстан халқының бүгінгі таңдағы дамушы елдердің қатарынан көрінуінің және құқықтық мемлекет қалыптастырудың басты шарты болып табылады.
Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздерін тарихи-қоғамдық заңдылықтар дамуын ашатын философиялық қағидалар, материалистік философия құбылыстарының жалпы және өзара байланысы, тарихилық, шынайылық, тұтастық, аксиологиялық ұстанымдар, тәрбиеге тұлғалық, іс-әрекеттік көзқарас, қоғамдағы жеке тұлға іс-әрекеті, қабілеті, жеке тұлғаның қалыптасуы туралы қағидалар, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың өзара бірлігі туралы тұжырымдамалар, әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық көзқарас тұрғысында ізгілікті басқару идеясының негіздері, мәдени мұраларды зерттеудегі жүйелілік құрайды.
Зерттеу көздері: «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы, «Мәдени мұра» бағдарламасы, Қазақстан Республикасының Ата Заңы, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, Қазақстан Республикасының білімді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасының білім беруді дамыту тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасында қабылданған ресми құжаттар, зерттеу мәселесі бойынша отандық және шетел ғалымдарының зерттеу еңбектері, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастан қолжазбаларының факсимилесі, дастанның көне түркі тілінен ғалымдар А. Егеубаев, Ә. Құрысжановтың қазақ тіліне аудармалары, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан кітапханаларының сирек қорындағы тарихи мұралар мен мұрағат материалдары.