Автор работы: Пользователь скрыл имя, 05 Марта 2013 в 16:54, автореферат
Зерттеудің көкейкестілігі. Мемлекетіміз бүгінгі таңда әлемдік кеңістікте өзінің лайықты орын алуын мақсат етіп отыр. Осы биік мақсатқа жету жолында, егемендікке қол жеткізген тәуелсіз мемлекеттің дамуындағы экономикалық өзгерістер барысында қоғамдық, саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты басқарудың тиімділігін арттыру, өзге дамушы елдерге үлгі боларлықтай дәрежедегі еліміз үшін тарихымыздың пайдалы дүниелерін жаңғырту қажеттігі туып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Ұлттық идеяларды іздестіру барған сайын көкейкесті сипатқа ие болып отыр»,− деген сөзі халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қазынасын, тарихи тұлғалардың, ғұлама ойшылдардың қайталанбас мұраларын қайта жаңғырту мен жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруге бағыттайды.
Зерттеу әдістері: зерттеу мәселесі бойынша философиялық, тарихи-педагогикалық, тарихи-салыстырмалы, ретроспективтік, этнопсихологиялық, жүйелі-құрылымдық, логикалық талдау, зерттеу мәселесіне байланысты қолжазба қорларымен жұмыс, ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді зерделеу, жүйелеу.
Зерттеудің негізгі кезеңдері. Зерттеу жұмысы (2003-2009ж.ж.) аумағында жүргізіліп, үш кезеңді қамтыды.
Бірінші кезеңде (2003-2004ж.ж.) белгіленген тақырып аясында ғылыми-педагогикалық әдебиеттермен танысып, жүйелеп, зерттеудің әдіснамалық негіздері анықталды, философиялық, психологиялық, ғылыми-педагогикалық және арнаулы тарихи әдебиеттерге талдау жасалды, қарастырылып отырған мәселеле бойынша зерттеуші ғалымдардың еңбектеріндегі көзқарастары айқындалды. Мұрағат материалдары жинақталды. Зерттеу жұмысының нысаны, пәні, мақсаты мен міндеттері, әдіснамалық негіздері және әдістері нақтыланды.
Екінші кезеңде (2005-2006 жж.) философиялық, тарихи, филологиялық, педагогикалық әдебиеттерге жүйелі талдауды жалғастырып, жинақталған мұрағат материалдары сұрыпталды. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанындағы ізгілікті басқарудың негіздерін айқындауда тәлім-тәрбиелік идеялары мен қағидаларының мәні мен мазмұны ашылып, логикалық-құрылымдық жүйесі жасалды, ғылыми тұрғыда негізделді.
Үшінші кезеңде (2007-2008 жж.) жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижелері жүйеленіп, ұсыныстар, тұжырымдар әзірленді, қорытындыланды. Зерттеу барысында пайдаланылған әдебиеттер жүйеге келтіріліп, диссертация талап бойынша рәсімделді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәні:
1. Ретроспективті және тарихи-генетикалық талдау негізінде ежелгі әлем өркениеттеріндегі ізгілікті басқару идеяларының даму генезисі айқындалды.
2. Орта Азиялық Ренессанс дәүрінің тарихи мәні ашылып, негізгі ұстанымдары айқындалып және бұл мәдени құбылыстың ізгілікті басқарудағы түркі ғұламалары ой-пікірлерінің дамуына ықпалы көрсетілді.
3. Түркі ғұламасы Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасындағы ізгілікті басқару идеялары сипатталып, ойшыл көздеген өркениетті қоғам орнату мақсатына жетудегі басқарудың ұстанымдары, бағыттары, қызметі мен әдіс-тәсілдері жүйеленді, ғылыми тұрғыда негізделді.
4. Тарихи-салыстырмалы талдау негізінде Жүсіп Баласағұнның тұжырымдамалы көзқкарасындағы ізгілікті басқару негіздері мен қазақ халқының тарихында орныққан Билер институтының байланысы ашылды, ғұлама идеяларының бүгінгі таңдағы өміршеңдігі мен ұлттық тәрбиедегі құндылығы айқындалды.
Зерттеудің практикалық мәні. Зерттеу материалдары арнайы жалпы білім беретін мектептерге және жоғары оқу орындарына автор құрастырған:
- «Жүсіп Баласағұнның мұрасындағы ізгілікті басқару негіздері» атты арнайы курс;
- «Мен − елімнің ертеңімін» атты жалпы білім беретін шығармашылық клуб бағдарламаларының негізін құрады.
Зерттеу нәтижелерін педагогикалық білім беру мамандықтары бойынша «Әлем халықтарының салыстырмалы педагогика», «Педагогика тарихы», «Этнопедагогика» және «Этнопсихология», «Педагогикалық менеджмент» курстарын жүргізу барысында және басқару мәселесін тереңдетіп оқыту барысында пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын қағидалар:
- ежелгі Шығыс мемлекеттері − ізгілікті басқару идеясының негіздерін салған әлем өркениеттері;
- Орта Азиядағы Қайта өрлеу дәуірі − ізгілікті басқару идеясын қарқынды дамытған тарихи құбылыс және тәлім-тәрбиенің жаңа сапада дамыған кезеңі;
- түркі ғұламасы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны – ізгілікті басқару идеясының негіздерін түркі тілінде алғаш баяндаған тәлім-тәрбиелік еңбек; дастандағы ізгілікті басқарудың жүйесі.
- Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасындағы басқарудың мақсаты- ізгілікті қоғам орнату. Ғұлама мұрасының қазіргі заманға байланысты өміршеңдігі және ұлттық тәрбиедегі құндылығы.
Зерттеудің ғылыми нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі ізденушінің кең көлемде жасалған тарихи-педагогикалық, салыстырмалы-тарихи зерттеулерімен, әдіснамалық ұстанымдармен, зерттеу мазмұнының ғылыми аппаратқа сәйкестілігімен, кешенді әдістерді пайдалануымен, мұрағат материалдарын зерделеуімен, зерттеу нәтижелері мен тұжырымдардың оқу-тәрбие үрдісінде қолданылуымен қамтамасыз етіледі.
Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және практикаға ендіру.
Зерттеу жұмысының нәтижелері: Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жаңа ақпараттық технологиялар орталығы «Қазақстанда жоғарғы педагогикалық білім беруді реформалау: тарихы, тәжірибесі және болашағы» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Атырау, 2007ж.); Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, академик Т.Т.Тәжібаев атындағы этнопсихология және этнопедагогика орталығы «Жаңа Қазақстандағы этнопсихология мен этнопедагогиканың өзекті мәселелері ХІІІ Республикалық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2008ж.); Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Профессор Н.Оралбай және тіл білімі мен әдістеме ілімі» атты Халықаралық конференцияда (Алматы, 2008ж.) , Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы «Мәдениет пен өнер дәстүрінің әлем кеңістігіндегі сабақтастығы» Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2008ж.); Тараз мемлекеттік педагогикалық институты «Білім беруді реформалау: ұлттық басымдылықтар және олардың шешімін табу жолдары. «Баласағұн оқулары» атты II Республикалық ғылыми-практикалық конференцида»(Тараз, 2008); «Рухани-ғылыми мұра» тақырыбындағы республикалық ғылыми- теориялық конференцияда (Алматы, 2008ж.); Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Білім беру жүйесін модернизациялаудың қазіргі әдістері» атты Ш.Ш.Шаяхметовтің 70 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2008ж.); Антверпен университеті Европа түрік конгресінде (Бельгия, 2009 ж.) баяндалды. ҚР Білім және ғылым министрлігі, Білім және ғылым саласындағы Бақылау комитеті ұсынған: Абай атындағы ҚазҰПУ «Хабаршы» (Алматы,2007ж.); «Қазақ тілі мен әдебиеті» (Алматы, 2008 ж.); «Білім-Образование» (Алматы, 2008ж.); «Ізденіс» (Алматы, 2009ж.); «Ұлт тағлымы» (Алматы, 2009ж.). Абай атындағы ҚазҰПУ «Хабаршы» (Алматы, 2009ж.) журналдарда жарияланды.
Диссертация құрылымы: Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады.
Кіріспе бөлімінде зерттеу тақырыбының көкейкестілігі, ғылыми аппараты: нысаны мен пәні анықталады, зерттеудің мақсаты, міндеттері, жетекші идеясы, әдіснамалық негіздері, зерттеу көздері, әдістері, негізгі кезеңдері, ғылыми жаңалығы ашылып, қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалары көрсетіледі.
«Адамзат дамуындағы ізгілікті басқару идеясының тарихи- философиялық, әлеуметтік алғышарттары » атты бірінші тарауда ізгілікті басқару идеясының пайда болуының тарихи-философиялық, әлеуметтік, мәдени алғышарттары қарастырылады. Ерте кезеңде қарқынды дамыған Шығыс өркениеттеріндегі ізгілікті басқару мәселелері сиппаталып, Дала ойшылдарының ой-пікірлері талданып, әлемдік педагогика тарихындағы бұл идеялардың генезисі зерделенеді. Орта Азиялық Ренессансы дәүірінің ерекшеліктері мен олардың түркі ғұламаларының басқарудағы ой-тұжырымдары мазмұндалады. Түркі ғұламасы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны ізгілікті басқару мәселесін баяндаған тұнғыш шығарма ретінде көрсетіледі.
«Ғұлама -ойшыл Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасындағы ел басқару идеясының негізі - ізгілікті қоғам орнату» атты екінші тарауда ізгілікті басқарудың негіздері ашылып, логикалық-құрылымдық жүйесін құрайтын бағыттары, ұстанымдары, қызметтері, әдіс-тәсілдері көрсетіліп, олардың тәрбиелік мәні анықталады. Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасындағы ізгілікті басқарудың негіздері мен қазақ тарихындағы Билер институтының байланысы көрсетіліп, ғұлама идеяларының бүгінгі таңдағы өміршеңдігі мен ұлттық тәрбиедегі құндылығы айқындалады.
Қорытындыда зерттеу жұмысының нәтижесіне негізделген тұжырымдар мен Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасындағы ізгілікті басқару идеяларын пайдалануға байланысты ұсыныстар беріледі.
Қосымшаларда зерттеу жұмысы бойынша ізгілікті басқару туралы арнайы курстың бағдарламасы мен мектеп оқушыларына арналған шығармашылық клубының күнтізбелік-тақырыптық жоспары берілді.
Негізгі бөлім
Адамзат қоғамы үнемі адамдардың бірге тіршілік етуімен, өзара қарым-қатынас әрекетімен, бір-біріне ықпал етуімен, пікір-таласымен өсіп, өркендеп келеді. Мұндай аса қажетті және заңды үрдісте басқарудың рөлі зор болмақ. Ғылыми тұрғыда: «Басқару - әр алуан ортаның (әлеуметтік, биологиялық, техникалық) белгілі бір құрылымын сақтап, әрекет ету режимін қолдау, олардың мақсат-мұраттарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылған жүйенің қызметі. Дегенмен, басқару – сан алуан ғасырларды басынан өткізген күрделі үрдіс. Сондықтан тарихқа бет бұрғанымыз жөн.
Ғасырлар бойы қоғамның даму барысында адамзат бірнеше тарихи-әлеуметтік кезеңді өткізді. Сол сияқты басқару үрдісі эволюциясының да тамыры тереңде жатыр. Қоғамдық дамудың алғашқы кезеңінде әлемді түсінудің тәсілі аңыз түрінде пайда болды. Аңыздың көмегімен қоғамның өткені, болашағы туралы адамдардың ой-қиялы және олардың рухани өзара байланысы көрініс береді. Рухани құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырады. Сол сияқты ізгілік ілімінің бастамасы да, діни сенім, саяси көзқарас, қоғамды басқару, т.б.туралы ой негізінде қалыптасты. Сол сияқты, ізгілікті басқару идеясы да қазақ елінің ерте замандағы ой-пікірлерінде, мифтік аңыз, қиял-ғажайып ертегілерінде көрініс тапқан. Бұлардан халқымыздың даму тарихында жазу-сызудың жаңадан дамыған кезінде ру көсемдерінің ізгілікті басқару туралы атадан балаға ұласқан тәлімінің мәні зор екендігін көреміз. Өмірден көргендерін көкейлеріне түйген әрі жеке адамның мінез-құлқының қалыптасуына және қауым мүшелерінің дамуына ықпал еткен, олардың іс- әрекетіне жол көрсетіп басқару ақсақалдарының құзырында болды. Олардың шешімінің орындалуы барлық қауымдастық үшін заңдылық еді. Бұл қоғамдағы ізгілікті басқарудың алғышарттарының бірі десек болады. Ендеше, адамзат үшін ең басты құндылық – ізгілікті қоғамда өмір сүру екендігі айқындала түскендей.
Басқару идеясының генезисін зерделеуде адамзат тарихында қайталанбас ізін қалдырған, қоғамның қарқынды дамуына зор үлесін қосқан ертеде пайда болған әлем өркениеттерін ескерген жөн. Олар былайша топтасады:
1. Ежелгі Таяу Шығыс
2. Ежелгі Қиыр Шығыс
3. Ежелгі Азия
4. Батыс өркениеті
Бұл өркениеттер өзіндік ерекшелігімен сипатталады, әрқайсысы ізгілікті басқару идеясының дамуына өз ықпалын тигізді. Осы тақырыптағы мәліметтерді ежелгі әдеби шығармалардан кеңінен табуға болады. Солардың ішінде назар аударатынымыз − ежелгі Таяу Шығыстағы басқаруға байланысты философиялық ойлардың озық үлгілерін баяндайтын, ежелгі Шығыс әдебиетінің ғажайып туындысы «Гильгамеш туралы дастаны. Б.з.д. ІІІ мыңжылдықтың басында Шумерде оңтүстікте − Урук және солтүтістікте Киш қала мемлекеттерінің маңызы үлкен еді. Екеуі де әскери одақтардың орталықтарына айналып, Уруктың патша көсемі Гильгамеш болады (б.з.д.2800-2700 жж. өмір сүрген).
Әлемдік педагогикада Хаммурапи заңы туралы көптеген мәліметтер кездеседі. Хаммурапи жыл санауға дейiнгi 1792 жылы Бабыл мемлекетiне басшы болады. Заңның беташарында Хаммурапидың Күн құдайы Шамаштың алдына тiзе бүгiп, оның қолынан заң орамасын алып тұрған сәтi бейнеленген. Бұл көрiнiс заңның құдай тарапынан ұсынылғандығын бiлдiрiп, оның қасиеттi саналатындығын айғақтайды. Хаммурапи Бабыл халқы алдында ақылды да парасатты, қасиеттi де қайырымды және ықпалды басқарушы болуды көздейді. Хаммурапи заңының ел басқарудағы құндылығы- қоғамда құқықтық әділеттілікті орнату.
Ізгілікті басқару идеясының өзегі байырғы өркениеттің, философия мен мәдениеттің қарқанды дамыған жері Ежелгі Қиыр Шығыс, әрі Қытай елінде жатыр. Гуманистік ойдың дамуында да Лао-Цзы (б.з.дVІ-Vғғ.) мен Конфуций (б.з.д 551- 479 жж.) және оның ізбасарларының құнды ойларының орны зор. Еуропалықтар Конфуций деп атап кеткен ұлы Кун-фу-цзи бүгінгі күні ержүректігімен, адалдығымен, мемлекет ісіне берілгендігімен ерекшеленеді. Ізгілікті басқарудағы Кун-фу-цзи тұжырымының негізі: адамшылық, гумандық, сүйіспеншілік болып табылады. Ұлы көсем қоғамдық өмір және ізгілікті басқару жайында былайша ой толғайды: Кісілікті тұтқан әмірші Темірқазық жұлдыз сияқты - табаны таймайды, ал қалған жұлдыздар байланады да , айналады да жүреді немесе: Кісілік жөнімен басқарсаң, Рәсім орайымен жасқасаң, халық елбіреп тұрады, һәм арын сақтайды, құлдық ұрады. Ұлы ұстаз өсиеттерінің негізгі ұстанымдары мынадай: мейірімділік, жомарттық, сабырлық, кісілік, заңмен басқару, әділ болу
Ізгілікті басқару туралы бұл ойлардың жалғасын көне Үнді халқы мұраларының бірі, буддизм философиясының негізгі каноны болып саналатын «Дхамападада», дүние жүзіндегі ең көлемді дастанның бірі болып саналатын «Махабхаратада» көрініс табады» (б.з.д.VІ –ІІ ғ.б.з.). Дастанда патшалардың ізгі іс-әрекеттері әділ, жомарттық, шындық, жақсылық ұғымдар арқылы сүреттеледі. «Басқарады әділ халықты, болды елдің қорған. Адамдардың арманын, тілектерін қолдады. Жомарттықты өмірдің шын негізі деп ұқты. Әділдікті ту етіп, жақсылыққа молықты»-деп, ежелгі адамзат басшы туралы ойын түйіндейді.
Жоғарыда қарастырған әлем өркениеттері ізгілікті басқару идеясының тереңде жатқанын айқындайды. Әрине, сол кезде өмір сүрген басшылардың, тарихи тұлғалардың ой-пікірлері кейінгі ұрпаққа арқа сүйеу болғаны мәлім. Сондықтан, арнайы ғылыми айналымға еңгізілген түркі ғұламасы Жүсіп Баласағұнның ізгілікті басқарудағы ой-пікірлерін зерттеуді көне заманда дамыған өркениеттерден бастауымыздың да себебі осында. Тәлім-тәрбиелік сипатымен, терең мағынасымен бағаланатын бұл тарихи деректерді ойшылдың педагогикалық көзқарасының алғышарттары ретінде қарастыруымыз зерттеу аясының кең көлемін, оның әдіснамалық құндылығын көрсетеді. Өйткені ізгілікті басқару идеялар жалпыадамзаттық құндылық болып, жер бетіндегі тіршілік жанның жақсылыққа деген талпынысын көздейді.
Зерттеу барысында жасаған тарихи-
1-сүрет –Жүсіп Баласағұнның ізігілкті басқару идеясының
көздері
Сүретте аталған компоненттер көздер ғұлама-ойшылдың философиялық және педагогикалық шығармашылығын жан-жақты зерттеу арқылы сараланды. Біздің ойымызша, ғұлама идеялары ең алдымен көне дәуірде пайда болған миф және аңыз-әңгімелерде көрініс табатын халықтың наным-сенімдеріне негізделеді. Бұған дәлел түркі тілінде ең алғаш жарық көрген «Құтты білік» дастанының ерекше құрылымы. Дастанында төрт кейіпкер төрт қасиетті ұғымның - Әділет, Дәулет, Ақыл, Қанағат - иесі болып табылады. Идеяның авторы Әділді –Кунтуды Елік деп, оны хан сыйлайды. Дәулетті – Айтолды деп, оны уәзір етеді. Ақылға -Өгдүлміш атын беріп, уәзірдің баласы болса, Қанағатқа –Одғұрмыш деп ат қойып, оны уәзірдің ағасы санайды. Дастандағы атау ретіндегі балама бейнелердің өзіндік мәні бар. Бұл төртеуі – құттың төрт діңгегі. Төртеуі бірлікте болған кезде ғана ел бақытқа кенеледі. Тұлға бойына осы асыл қасиеттер дарыса, ел бақытты өмір сүретіндігі дастанда ерекше көрініс тапқан.
Баласағұнның көздеген мақсаты – ізгілікті басқару идеясын негізге ала отырып, ізгілікті қоғам орнату. Құтты білік» дастанында халық қамын ойлау, халыққа қамқорлық жасау билік иелерінің басты міндеті болып келеді. Ізгілікті басқару идеясы әлем кеңістігінің заңдылығы тәріздес. Жер бетіндегі тіршілік аспандағы күннен басталады: Дүниенің нұрлы жомарт алыбы. Күнді қара, сөнбейтұғын жарығы. Жарқыраған күнді көр де, көр мені, -деп Елік өзін сипаттайды. Бұл космостық құбылыс жер әлеміндегі барлық тірі жанға бірдей болып, өзінің сәулесін бәріне бірдей шашады. Күн нұрына бүкіл адамзаттың бірдей тамсануға мүмкідіктері бар: нұрын шашып елге тең, күн туады жарқыратып жер бетін- деген бәйітпен Баласғұн аспандағы күнді адамның бойындағы ізгі қасиетпен байланыстыра білген. Табиғаттың ізгі заңдылығын басшылыққа алған ғұлама дастандағы бас кейіпкер Елікті Күнтуды, адамға тән дәулетті сипаттайтын оның уәзірін, аспандағы ай сияқты Айтолды- деп ат қояды. Осыдан Баласағұнның терең философиялық ой-өрісін байқауға болады.