Автор работы: Пользователь скрыл имя, 10 Февраля 2013 в 13:03, реферат
Әдебиеттану ғылымының даму жолына көз салсақ, ХІХ ғасырда бұл ғылымның барлық саласын бірдей қамтып, олардың қайсысы туралы болсын кең шолып, терең толғап, ұрпақ үшін өлмес мұра, өшпес өнеге, «ұшқыннан өрт» тудырарлық ой қалдырған - ұлы сыншы Белинский.
Ұмытпасаңыз, Гогольдің “Өлі жандары” жазушының екі орыс мұжығының бейнесін суреттеуінен басталады. Чичиковтың күймесінің доңғалағына көзі түскен мұжықтардың біреуі:
– Қарашы, қандай доңғалақ ойлап тапқан. Қалай ойлайсың, бұл доңғалақ Мәскеуге шейін жете ала ма? – дейді.
– Жетеді, —дейді, екіншісі.
– Ал, Қазанға шейін ше?
– Жоқ, Қазанға шейін жете алмайды.
“Өлі жандардың” басында келтірілген осы эпизодты оқығанда екі орыс мұжығының қылығына еріксіз күлесіз. Шығарманы соңына шейін оқып шыққанда осы кішкентай эпизод сізге басқаша ой салады. Сіз сайтанның алдындағы әлсіз сәтіңізде осы екі орыс мұжығының ойлау қабілетінен де мың есе төмендеп кететін өзіңіздің надан бейнеңізді айнымай танисыз. Сайтан салтанат құрған қоғамда саналы ойдың өмір сүруінің мүмкін еместігін түсінесіз. Кішкентай пендешілігіміздің алдында әлсіздік танытқан сәттерімізде бәріміз де, Чичиков, Собакевич, Манилов, Плюшкин секілді адамның сайтанына айналады екенбіз.
Біздің пікірімізбен келісу немесе келіспеу өз еркіңізде. Алайда, жазушының осы бір тұста Ресейде өмір сүріп жатқан орыстардың православие мен ислам дінінің арасына салғастыру жүргізіп кеткенін аңғару қиын емес.
Көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Күйменің үстінде отырған Чичиков — символдық тұрғыдан алғанда сайтанның жинақталған бейнесі. Оның қай жерге шейін бара алатындығын талқылап отырған екі орыс мұжығы – шынайы тазалық үшін дауласып жатқан – христиан және мұсылман дінінің көрінісі. Күйменің үстіндегі сайтан орыстардың астанасы Мәскеуде емін-еркін сайран сала береді. Себебі, христиан әлемінің адамды тәрбиелеудегі діңгегі босап, ол дүниеде сайтан ойына келгенін істеп, емін-еркін өмір сүріп жүр. Бірақ осы сайтан сол Ресейдегі татардың жері Қазанға бара алмайды. Өйткені мұсылман әлеміндегі ислам дінінің діңгегі темірдей берік болғандықтан, сайтан ол дүниенің маңайына да жолай алмайды. Исламда сайтанның жолына түскен адам кешірілмейді. Жазаға тартылады.
Сайтан тақырыбы Гогольге шейін
де әлем әдебиетінде талай
Сайтанның қайда жүретіндігін іздеген жазушылардың бәрі үлкен тақырыптарға көз тіксе, Гоголь микроскопты алып, адамның кішірейіп кеткен жан әлеміне үңілді. Және құбыжықтың мәңгі мекенін сол кішкентай әлемнің төрінде сайрандап жүрген жерінен тапты. Сайтанның табиғатына үңілген сайын жазушы оның неше түрлі сұмдық қылмыстарын ашты. Шынына баққанда бұл көзсіз ерлік еді. Шындықты бұлай айту өзіңді тірідей тозақтың отына салумен пара пар болатын. Бірақ оны айтпай, үндемей қалса Гоголь Гоголь бола ма. Осылайша жазушының сайтанның ең қауіпті шындығын әшкерелеген “Достармен сырласу” (“Переписка с друзьями”) атты еңбегі дүниеге келді.
Бұл жолы Гоголь сайтанның ең қасиетті дүниесінің ойран-ботқасын шығарды. Енді ол христиан діні туралы орыс қоғамының түсінігінің қате екендігін ашына жазды. Құдайым-ай, тіпті айтуға аузың бармайды. Осы уақытқа шейін орыс қоғамының Құдай деп танып жүргені сайтанның сандырағы екен. Бейнелеп айтсақ, Гоголь сайтанның ең қасиетті ордасына шабуыл жасады. Жұрттың бәрі дүниенің имансызданып бара жатқаны үшін патша мен орыс шіркеуін жабылып айыптаса, Гоголь барлық кінәраттың тірі өлікке айналған халықтың өзінде екендігін көрді. Батысшылдардың бәрі де орыс шіркеуін жамандап, “зеңбіректен” атқылағанда, Гоголь ғана сол оққа қарсы өзінің үлкен жүрегін тосты.
– Шіркеу біздің сөзімізде емес, өзіміздің ішімізде жану керек. Олар біздің шіркеудің өміршең емес екендігін айтады. – Олардыкі өтірік, өйткені шіркеу біздің өміріміз: бірақ олар бұл өтірікті логикалық жағынан дұрыс жасады: біздің шіркеуіміз емес, біз өлікпіз: біздің түрімізге қарап олар осындай қорытындыға келді, — деп, күйзелді Гоголь.
Адам құдайды шын жүрегімен сүймейінше зұлымдықтың мәңгі жалғаса беретіндігінің сырына Гоголь осы кітабындағы “Қасиетті мереке” (“Светлое Воскресенье”) атты шығармасында терең бойлады. Орыс қоғамының өз құдайын танудағы қателігін алғаш көрген жазушы ол шындықтан аттап кете алмады. Шығарманың желісін тарқатып айтатын болсақ, орыстардың жылына бір рет тойланатын қасиетті діни мерекесі бар. Қаламгер осы мерекенің барлық қасиетінен айырылған, әйтеуір бір тойлау үшін аталып өтетін мейрамға айналып бара жатқандығына күйінді. Құдайға құр босқа өтірік табынғаннан гөрі, оны шын жүрекпен сүюдің мың есе маңыздырақ екендігін өз заманында Гоголь ғана түсінді. Құдайтануда атақты дейтін Достоевский мен Толстой да қателесті. Гоголь ғана қателескен жоқ. Әр адамның жүрегінде ұялаған кішкентай Құдайы өліп қалған заманда ұлы Жаратушының өзі де бақытсыздыққа душар болады. Біз Құдайды шын сүйгендіктен емес, сайтан сықылды одан қорыққандықтан ғана өтірік табынады екенбіз деді жазушы.
– Ғайса пайғамбарымызды үйімізге кіргізіп алудың орнына, біз оны далаға.., ауруханаларға қуып жібердік, — деп, қапаланды Гоголь.
Тәні емес, жаны есікке қысылған сайтан енді ышқына шыңғырды. Жо, жо, жоқ. Гогольді бұлай тайраңдатып қоюға болмайды. Қашанғы басымызға шығара береміз. Оны өлтіру керек! Өлтіру! Гогольді өлтіру үшін орыс қоғамының “ауыр артиллериясы” бас-көзсіз іске қосылды.
Бір жарым ғасырдан аса уақыт өтсе де “кейде ит болып үріп, кейде түлкіше құйрығын бұлғаңдататын” (сыншының өз сөзі) Белинский жарықтықтың “Гогольге хатын” қайта-қайта оқыған сайын, жазушыны емес, сыншыны аяймын. Гоголь өмірінің соңына дейін Құдай белгілеп берген ізгілікті сара жолдан тайған жоқ, ал Белинский өмір бойы адасып өтті. Және өзі жалғыз адасқан жоқ, сөзіне сеніп, соңынан ергендердің бәрін адастырды. Қара түнек заманда Гоголь ғана Құдайға апаратын ізгілікті таза жолды таңдай білді.
Оның ізбасарлары Достоевский, Тургенев, Толстой, Булгаковтар адамзат баласының санасын әлі талай мыңдаған жылдар бойы суаратын мәңгілік дүниелер қалдырды. Белинскийдің соңынан ергендердің құмға сіңген судай іздері де қалған жоқ. Егер мықты болса орыс әдебиетінің көтерілген биік шыңына Белинскийдің ізбасарларының қалдырып кеткен сын мұрасы неге жете алмады? Өйткені, орыс әдебиетінің сыны Белинскийден емес, Гогольдің “Достармен сырласу” атты еңбегінен басталуы тиіс еді. Неге деп айыптай көрмеңіз. Кешіріңіз, бұл менің сөзім емес. Ең бірінші рет осы сөз, орыс әдебиетінің қарапайым ғана жанашырларының бірі Пушкиннің досы Плетнев ақсақалдың аузынан абайсызда шығып кетіпті. Бұл сөзді айтқаны үшін ол мазаққа ұшырады. Жұрттың бәрі оны “ескі телпек” деп келемеж қылып, артын ашып күлді. Кейде жаны жәнатта болғыр Плетнев марқұмның аузына осы сөзді Құдай салды ма деп ойлайсың.
Белинский бастаған, Добролюбов қостаған орыстың ғұлама сыншылары әдебиетте әлеуметтік ой, биік мораль жатуы керек деп оңбай қателесті. Гоголь олай ойлаған жоқ. Әдебиет дегеніміз адам жанының қасиетті шіркеуі, оған кім көрінгенді кіргізе берсе, атқораға айналады. Сіңірген еңбегі мен көрген қорлығына бола, оның төріне есекті апарып қоюға болмайды. Жұрттың көбісі іштерінен булығып айта алмай жүрген шындық Гогольдің кіршіксіз таза жүрегінен осылай ақтарыла салды. Мәссаған! Енді Гоголь анау-мынау емес, сол уақыттары поэзияның пайғамбары саналып жүрген Ломоносовты сынап салды.
– Қаталырақ қарасақ, Ломоносов деген кім соншама. Өнер мен білім қуып келгендердің бірі ғана. Ақындардың қатарына ол байқаусызда қосылып кетті, – дегенді сенімді түрде батыл айтты.
Бір жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де жазушының “Орыс поэзиясының табиғаты мен ерекшелігі неде?” атты сын мақаласындағы мәңгі ескірмейтін шындықтардың, қалайша математикалық дәлдікпен айтылғандығына қайран қаламын. Ал, ол уақытта мұны айту аузынан жалын шашып тұрған айдаһарға қарсы шығумен пара пар көзсіз батырлық-тұғын. Қате болса да қасиетті санап жүрген өзінің танымына шабуыл жасаған Гогольді орыс қоғамы қалай кешірсін. Кешірмеді де.
– Мүмкін сіз ауру шығарсыз, сондықтан сізге емделу керек. Қамшының насихатшысы, көргенсіздіктің уағызшысы, білімсіздік пен қараңғылықтың жақтаушысы, татар әдет-ғұрпының мадақтаушысы сіз не істеп отырсыз? Аяғыңыздың астына қараңызшы; сіз жар жағасында тұрсыз ғой, — деді, Белинский Гогольге жазған хатында.
Ойпырмай, бұл өзін мәдениетті санайтын Белинскийден шығуға тиіс сөз бе еді?! Осының алдында ғана сыншының аузын ашып, көзін жұмып “Өлі жандарды” жер-көкке сыйғызбай мақтағаны қайда? Сыншының аяқ астынан қапелімде өзгеріп шыға келгеніне қайран қаласың. Енді Гоголь шынымен жалғыз қалды.
Гогольдің шаужайына жармасқан жалғыз ғана Белинский ме? Егер батысшыл ол жазушының христиан дінінің тазалығы туралы жазғандарын “сайтанның ілімі” деп айыптаса, славянофиль Аксаков та одан алыс кетпеді. Гогольдің “Достармен сырласу” атты кітабы шықпай жатып: “Сіз өте аянышты және дөрекі қателестіңіз. Сіз мүлде адастыңыз, өз-өзіңізге қайшы келіп, аспан мен адамға қызмет етуді ойлай жүріп, Құдай мен адамды қорлап жатырсыз” – деп ақыл үйретіп хат жазды. Әшейінде бастары қосылмайтын батысшылдар мен славянофильдер бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай Гогольге қарсы ызғарлы айыптауларды қарша боратты. Мұндай шабуыл жанына қатты батқан, қара тобырдан арашалауды сұраған жазушының дауысы енді аянышты, әрі жалынышты шықты.
– Кітабымның төңірегінде пайда болған дау-дамайлар мен түсінбестіктер маған өте ауыр тиді, өйткені, мен өзімнің еңбегім адамдардың арасына жік салады деп емес, керісінше оларды татуластырады деп ойладым. Менің жаным маған таққан жалған айыптаулардың бәрінен де қатты шаршады” – деп зар қақты ол.
* * *
Кейде ойлаймын.. Жаратушыны бар ынтасымен шынайы сүйген Гоголь неге осындай аянышты тағдырды басынан кешті. Жазушының бақытты өмір сүруге толық хақысы бар еді ғой. Жаны әбден күйзелген ол өмірінің соңында мынандай мағынадағы хат жазуға мәжбүр болды:
“Ештеңе жайлы айтқым келмейді. Әлемдегі бүкіл қызықтың жалғызсыраған суретшінің бөлмесіндегі жасалып жатқан дүниелердей бәрінен де төмен екендігі соншама, ештеңеге де қарағым келмейді. Бұл әлем мен үшін жаратылмаған секілді”.
Бұл жазушының суретші Александр Ивановқа жазған соңғы хаты. Оны оқыған сайын, біреу үстіме мұздай су құйып жібергендей тұла-бойым түршігеді. Тәңірім-ай, деймін сол кезде, бұл – Жаратушыны жан-тәнімен сүйген құлы Гогольдің аузынан шығуға тиіс сөз бе еді! Халқына қалдырған соңғы өсиетінде: “Өлі емес, тірі жан болыңдар. Мына әлемде Ғайса Пайғамбар көрсеткен есіктен басқа есік жоқ”, – дегенді айтқан Гоголь емес пе?
Шын мәнісінде Гоголь қаны бұзылып кеткен өз заманының бір түйір таза тамшысы болатын. Өз Отанын да дәл ол сияқты ешкім сүйе алған жоқ. Менің ойымша өз халқының келешегі үшін шынымен жаны ашитын жазушы оны өтірік мақтап емес, Гоголь сияқты ашына сүю керек. Халықтың жақсы жағын айту ешқайда қашпайды, қайта керісінше ел бойындағы келеңсіздіктерді күйіне, ызалана жазу керек. Халықты ынты-шынтымен сүю дегеніміз – оның құлы болу емес, қайта сол құлдықтан құтқаруға талпыну.
Бәріміз де мектепте оқыған Гогольдің “Тарас Бульбасы” есіңізде шығар. Егер есіңізде болса, шығарманың соңында жау қоршауынан сытылып шыққан Тарас өзінің темекі шегетін трубкасын түсіріп алады ғой, бірақ оны дұшпанның жерінде қалдырмаймын деп жүріп, ақыр аяғында жау қолына түседі. Моральдық тұрғыдан қарасақ осындай ауыр жағдайда Тарас Бульбаның бір кішкентай трубкаға бола қайтып барып, жаудың қолына түсуі – қылмыс. Құдайлық тұрғыдан қарасақ бұл қылығының арғы жағында – мінез, ер-жігіттің бойына Құдай дарытқан қас батырлық жатыр.
Шығарманың соңында жаулар Тарас Бульбаны ұстап алып, ағашқа байлап, тірідей отқа өртегенде, жаны алқымының ұшына келген ол: “Не сайтандар, алдыңдар ма… Уақыты келгенде сендер шын мәнісіндегі орыстың православиелік дінінің не екендігін танитын боласыңдар”, – деп дұшпандарына сес көрсете айғайлайды.
Тарас Бульбаның бұл сөздері шындығына келгенде жазушының өмірлік ұстанымы болатын. Адамды мына дүниеге байлап тұрған бір-ақ нәрсе бар. Ол – Құдайға деген сенім. Сол сенім жоғалған күні адам адамшылығынан айырылады.
Дегенмен, сол өзінің сеніміне өмір-бойы берік болған Гогольдің жаны неге, неліктен тым құрыса аз да болса байыз таппады? Оның себебі – сол кездегі дүниенің санасын сайтан билеп алған еді. Гоголь адам санасындағы әлі бұзылмаған жалғыз таза талшық болатын. Сол себептен де лас, нас қоғамда Гогольдің жаны тірідей тозаққа түсіп, санада қалған бір таза талшықты былғау үшін, сайтан тірліктің неше түрлі айла-амалдары іске қосылды. Солардың ең сорақысы және үрейлісі — жазушының ақыл-есі ауысқан деген қаңқу сөздердің таратылуы болатын. Қоғамның жазушыға қойған осы өтірік диагнозы оған ауыр соққы болып тиіп, оның жан-дүниесін желқайықтай шайқап жіберді.
– Бәрі де, көзімше маған жынды деп айтып, ақыл-есі ауысқан адамдардың түрлі дәрі-дәрмектерін ұсына бастады. Ал, осы кеңесті беріп жүрген ақылды адамдардың бәрінің де бір ауыздан кітабымда ешқандай жаңалық жоқ, бәрі жалған деуі мені онан сайын қайғының теңізіне батырды. Бұл адамдардың маған жасаған ең ауыр қатігездігі.… Мен қателесуім мүмкін, бәлкім адасқан да шығармын, адамның бәрі жалған болғандықтан олардың түсінігіне сәйкес өтірік айтқан шығармын: менің жүрегім мен жанымнан ақтарылып түскен дүниелердің бәрін де жалған деу – қатігездік, – деп жазды ол, өмірінің соңында.
Тәні емес, жаны ыстық табада шыжғырылған, мына жалған тіршіліктен түңілген Гоголь енді өлуге бел буды. Бұл оның өміріндегі ең үлкен қателігі болатын. Қара тобырдың айтқанына өкпелеп, өлгісі келген Гоголь осылайша сайтанның тұзағына ілінді. Өмірінің соңында жазушы шын Құдайды сүйген азаттығынан айырылып, Матвей әкейдің айтқанынан шыға алмай қалды. Сайтан осылайша жазушының азаттықты сүйетін жанына ноқтасын салды. Рухсыз жандарды еркіндікте ұстайтын сайтан елесі мықтыларды, қанша ышқынса да рақым ойлап жібермейді. Рухсыздар қайырған малдай сайтанға өздері қайтып оралады. Өз замандастарының ішінде Құдайға ең алғаш адамның көзімен қараған Гоголь мұны қалай түсінбеді екен. Өз дегеніне жеткен сайтан, сәбидің кіршіксіз жүрегіндей Гогольдің таза жанын қылқындыруға кірісті. Осылайша не істерін білмей жаны қысылған Гоголь ауыр қылмысқа барып, 1852 жылы граф А. П. Толстойдың үйінде Матвей әкейдің азғыруымен өзінің “Өлі жандар” поэмасының екінші кітабын отқа жағып жіберді…