Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Ноября 2011 в 10:00, курсовая работа
Зерттеудің өзектілігі. Қоғамдағы жаңарулар, ел дамуындағы тың стратегиялық бағдарлар мен қағидаттар, қоғамның ақпараттануы және ғылым мен техниканың қарыштай дамуы білім беру жүйесінде де түбегейлі өзгерістер жасауға себеп болды. Өйткені жаңа уақыт талабы рухы биік, болашаққа зор сеніммен қарайтын, оның дамуына өзіндік үлес қосатын, халықаралық стандартқа сай, бәсекеге қабілетті, танымдық деңгейі жоғары, білімді де білікті маманды қажет етеді.
Педагогикалық қауымдастық пен педагогика ғылымының алдына білім беруді жаңаша құру міндеті қойылды. Қоғамдық мүдде мен жеке бас мүддесін ұштастыра алатын, әлеуметтік сұранысқа жауап беретін маман дайындауға басымдылық беріле бастады. Бұл орайда педагогикамен өзектес басқа да ғылым салаларындағы іргелі жетістіктер мен нәтижелер негізінде білім беру үрдісін жаңа қырынан қарастырудың өзектілігі арта түсті. Әлемнің өркениетті елдерінің білім беру жүйесіндегі жетекші қағидаттар негізінде отандық білім беру саласын дамытудың жаңа бағыттары айқындалды. Бұл білім беруді болашақ маманның өмірлік дағдыларымен өзара бірлікте қарастыруды қажет етті. Сондықтан соңғы жылдары жоғары мектептердегі оқу үдерісі кредиттік оқыту жүйесі негізінде ұйымдастырыла бастады. Бұл жүйе бойынша студент білімді өздігінен меңгеруге, өз әрекетінің субъектісі ретінде дамуға мүмкіндік алады. Кредиттік оқу жүйесі дәстүрлі білім берудің мақсат-міндеттерін өзгертуді, оның мазмұндық-құрылымдық және ұйымдастырылу сипатын жаңартуды талап етті. Бұл жоғары мектепте қазақ тілі салаларын оқыту ісіндегі тың ізденістерге жол ашты.
2.2 «ЖОО-да синтаксисті тіл білімі салаларымен тоғыстыра оқытудың қатысымдық-танымдық негізі» атты тарамақта синтаксисті оқытудың лингвистиканың жаңа бағыттарымен сабақтастығы қарастырылады.
Жаһандану үдерісі ғылым салаларының тоғысуы мен бірігуіне ғана ықпал етпей, сонымен қатар тың ғылыми салалардың қалыптасуы мен дамуына әкелді. Бүгінгі күн талабы антропоцентристік парадигманың нәтижесінде туындаған қағидаттарды бір арнаға тоғыстыруды және оны тілді оқытуда қолдануды қажет етіп отыр. Сол себепті синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытуды тіл біліміндегі жаңа бағыттармен байланыста ұйымдастыру көзделді.
Синтаксисті коммуникативтік лингвистикамен байланыста оқытудың рөлі ерекше. Өйткені тілдік қатынас синтаксистік бірлік арқылы жүзеге асады. Студент сөйлесім әрекетін тілдік жағдаятта қолданады. Нәтижесінде қарым-қатынастың түрлерін игеру арқылы оны кез келген жағдаятта орынды қолдануға дағдыланады.
Білім мазмұнын танымдық әрекеттер (қабылдау, ойлау, пайымдау, түсіну, зейін қою) арқылы меңгерту синтаксисті оқытудың когнитивтік лингвистикамен байланысын көрсетеді. Когнитивтік лингвистика синтаксистік бірліктердің танымдық аспектілерін әр қырынан айқындап, студенттің таным үрдісіне қатысты білімін тереңдетіп, тәжірибесін молайтады. Мысалы, студент сөз тіркесінің танымдық табиғатын түсінумен қатар, оны қалай, қандай жағдайда қолдана білу керектігіне мән береді. Студент білімін тілдік бірліктерді пайымдау арқылы қолдануға жаттығады. Ол тілдік бірліктердің мағыналық реңкін әр түрлі жағдаятқа сәйкес бейнелі жеткізуге дағдыланады. Сөз тіркесі мен сөйлемді және мәтінді меңгертуде ой салатын, өз пайымын дәл, нақты жеткізуді талап ететін тапсырмалар студенттердің танымдық іскерліктерін дамытады.
Функционалды грамматика тілдік бірліктердің қолданылуының мағыналық, мазмұндық жағын, тіл деңгейіндегі қарым-қатынастық қызметін сөйлеу жағдаятымен сабақтастықта қарастырады. Студент синтаксистік бірліктердің қарым-қатынас бірлігі ретіндегі жұмсалымдық қызметі мен өзіне тән белгілерін игереді.
Синтаксистік бірліктердің прагматикалық тұрғыдан зерделенуі студенттің тіл арқылы қарым-қатынас жасау жолдарын меңгеруіне көмектеседі. Синтаксис тілдік бірліктердің бір-бірімен өзара қатынасын қарастырса, прагмалингвистика сөйлеу материалын баяншы мен қабылдаушының қалай қолданғанын айқындайды. Студент тілдік әрекеттердің субъектісі ретінде танылады. Прагмалингвистика баяншының белгілі бір міндетті шешу үшін тілдік бірліктерді қалай таңдайтынын қарастырады. Ол үшін сөйлемдегі тема мен реманы, синтагманы, автордың тілдік қолданысын айқындауды қажет ететін тапсырмалар беріледі. Студенттер баяншы мен қабылдаушының назарын аударуға тірек болатын сөз тіркесі, сөйлем, мәтін және тыныс белгілердің прагматикалық мақсатта қолдануын біледі.
Қазіргі таңда студенттің тұлғасын жан-жақты дамыту, ұлттық тәлім-тәрбиені сіңіру, рухани жан-дүниесін байыту мәселесіне басымдылық берілді. Ж.Манкеева «халқымыздың материалдық, өндірістік деңгейі мен рухани өрісін бейнелейтін ана тіліміздің ұшан-теңіз байлығын, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан асыл қазынасын барынша толық жиып көрсетіп, қыр-сырын анықтау – этнолингвистиканың міндеті» екенін айтады [14, 18].
Синтаксисті оқытуда ұлттың дiни-наным сенiмi, әдет-ғұрпы, салт-санасы мен дәстүрiн тілдік бірліктерге назар аудара отырып меңгертуге мән берілді.
Паралингвистикалық амалдар баяншының әлеуметтік жағдайы, жас мөлшері, мінез-құлқы туралы қосымша мәліметтер береді. Студент синтаксистегі үнемдеу құбылысы т.б. арқылы мимика, ым, ишара кинемасының тілдік қолданыстағы рөлін таниды. Кинемалық амалдарды игереді.
Сонымен синтаксисті салааралық байланысты негізге ала отырып оқыту синтаксистік бірліктердің танымдық, прагматикалық, паралингвистикалық т.б. қызметімен студентті таныстыруға мүмкіндік береді. Олардың этнолингвистикалық білімін тереңдетуге көмектеседі.
2.2.1 Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың лингвомәдениеттанымдық негізі. Мәдениет – адамзат баласы қызметінің жемісі. Қарым-қатынас құралдарының адам санасына, іс-әрекетіне әсер етуі, адам болмысын, оның мәдениетінің көрінісін айшықтайды. Қазiргi таңда «тiл мен мәдениет, этнос» мәселесiне қатысты түрлі ғылым саласындағы зерттеу жұмыстары тiлдің ұлттық сипатын, ұлттық танымын, ұлттық рухын танытуға бағытталды. Антропоцентристік бағыт аясындағы зерттеулер «Тіл-Адам-Қоғам-Табиғат» байланысы тұрғысынан қарастырылады. Осыған қатысты келелі тұжырымдар А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Қ.Кемеңгерұлы, С.Аманжолов, т.б. ғалымдардың еңбектерінен бастау алады.
Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне енуі болашақ маманның лингвомәденитанымдық білімінің болуын талап етеді. Бұл студенттердің тарихын, өз елінің мәдениетін жете біліп, ұлттық құндылықтарды игеруімен байланысты. Студенттің мәдени біліктілігінің болуы олардың мәдениетаралық коммуникацияға түсуіне ықпал етеді. Нәтижесінде студент дара тұлға ретінде қалыптасады. Тілдің халықтық дүниетанымды, салт-дәстүрді, ұлттық болмысты және т.б. танытатын этномәдени ақпарат құралы ретінде жұмсалуынан мәдени-тарихи және ұлттық болмыс туралы ақпараттарды мәдениетаралық қарым-қатынас тұрғысында игереді. Студент саналы, адамгершілік, қоғамдық қарым-қатынастардың мәдени коммуникация арқылы орындалатынын біледі.
Ә.Әлметова «адамның сөйлеу тілі арқылы көрінетін ұлттық мәдениет қана лингвомәдениеттанудың нысаны» бола алатынын, «тіл ұлттың негізгі белгілерінің бірі болғандықтан, сол халықтың мәдениетін» көрсететінін нақты фактілер арқылы дәлелдеді. «Шынайы тілдесу тілдік құзыреттілікпен» шектелмейтінін, «ол лингвоелтанушылық білімді қажет» ететінін дәйектеп, тілді үйретудегі лингвомәдениеттанудың рөлін айқындады. Ғалымның тұжырымы бойынша, «қазақ халқы туралы мәдениеттану мәліметтері сөйлеу әрекетінің кез келген түріне оқытуда, өнімді түрі болсын, баяндау түріне оқыту болсын, маңызды рөл атқарады» [15, 131, 178, 191] .
Синтаксисті меңгертуде дәріс, практикалық, СӨЖ, СОӨЖ сабақтарында халық өмірінің даналығы, мәдениеті және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің тілдегі көрінісінен студент тіл құдыретін сезініп, тарих, мәдениет, әдебиеттің қат-қабат қойнауында сақталған ұлттық құндылықтарды меңгереді.
2.3 ЖОО-да синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың психологиялық негізі. Тілдік ұғымдарды психология ғылымы тұрғысынан зерделеу М.Мұқанов, Ә.Алдамұратов, Т.Тәжібаев, Қ.Жарықбаев т.б. ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапқан.
Б.Г. Ананьевтің зерттеуі бойынша, студенттік шақта адамның негізгі функциялары (сенсорлық-перцептивтік), мнимикалық (есте қалдыру), психомоторлық (қимыл-әрекеттері), әсіресе, сөйлеу-ойлау үдерістері айтарлықтай белсенді түрде дамиды [16]. Студенттердің дамуы олардың темпераментінің қалыптасуына әсер етеді. Студенттің темпераменті оның жеке тұлғалық қасиетін, қабілетін танытады. Студенттің танымдық қабілеті белгілі бір ортадағы қарым-қатынаста ақпаратты ұтымды қолдануынан байқалады.
Қ.Жарықбаев «қабілеттің ойдағыдай дамуы адамда тиісті білім жүйесінің, икемділік пен дағдының болуына байланысты» болатынын, «баланың білімі тереңдеп, икемділігі артып, дағдысы көбейе түссе, оның қабілеті де ойдағыдай дамып» отыратынын айтады [17, 255].
Адамның ойы әр уақытта сөз, сөз тіркесі, сөйлем арқылы берілетіндіктен, ой сыртқы дүниені бейнелеудің формасы, ал сөз ойды жеткізудің құралы болып есептелетіні белгілі. Студенттің ойының дамуы оның атқаратын іс-әрекеттерімен тығыз байланысты болғандықтан, синтаксисті меңгертуде логикалық тапсырмалар көптеп қолданылды. Мәселен, студенттерге ақын-жазушылардың шығармалары беріліп, олардың ішінен кейбір сөздер мен сөз тіркестері алынып тасталып, шығарманы толықтыру тапсырылды:
Жер жүзіне ... жайылған, Жан емеспін, ... , ... тайынған. Қайраты мол қандыбалақ,..., Күн болған жоқ ... жүрек шайылған (М.Жұмабаев). Қажетті сөздер: ер атағым, оттан, судан, қыранмын, жаудан.
Топтық жұмыстар арқылы орындалатын логикалық тапсырмалар студенттерді өзара пікір алмасуға жетелесе, синтаксистік бірліктердің ассоциациясы оларды есте сақтауға көмектесіп, берілген сөздер мен сөз тіркестерінен сөйлем құрау, сөйлемнен мәтін құрау, сөйлемдерді өзара салыстыру, айырмашылықтарын айқындауда студенттің тақырыпты қабылдауын жеңілдетеді.
Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытуда ой формаларының ішінде ең қажеттісі – пікір. Студентті пікір айта білуге үйретуде сөздің дара тұрған қалпында емес, сөйлем ішіндегі, сөз тіркесіндегі, контекстегі қолданысын меңгертуге мән берілді. Нәтижесінде студент тілдік фактілерге сүйене отырып сұрақ қою және жауап беруге, өз пікірін еркін жеткізуге дағдыланды.
Қатысымдық бағытқа сәйкес ұйымдастырылған проблемалық сабақтар (алдын-ала берілген тақырып бойынша студенттің дәріс оқуы, әр түрлі жағдаяттарды ұйымдастырып, практикалық сабақты жүргізуі, СӨЖ, СОӨЖ тапсырмаларының аясындағы ізденіс жұмыстары, т.б.) және дебат сабақтары, т.б. дәстүрден тыс сабақтардың жүйелі қолданылуы студенттердің интеллектуалдық әлеуетін көтеруге, практикалық дағдыларын дамытуға әсер етті.
2.4 Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың педагогикалық негізі. А.Байтұрсынов, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, М.Дулатов, С.Көбеев, Ғ.Қарашев т.б. қазақ ағартушыларының педагогикалық ойлары синтаксисті оқытудың негізін құрайды.
М.Жұмабаевтың «бала тәрбиясы бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбия қылу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек» деген тұжырымы синтаксисті оқытуда басшылыққа алынатын ой-пікірлерді айқындауға тірек болды [18, 7].
Абайдың «ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?» немесе «ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ» деген қағидаттары студентті еңбекті бағалауға, ғылымды игеруге жетелейді [19, 107].
Ы.Алтынсарин материалдарды баланың жас және ұлттық ерекшелігін, ақыл-ойының өрісін және оларды игеру қабілеттерін ескере отырып ұсынды. Ол мұғалімнің оқу құралдарымен жан-жақты танысып, материалды алдын ала жоспарлап алуына мән берді. Оны қандай әдістер арқылы меңгертуге болатынына назар аударды. Ағартушы ғалымның пікірлері синтаксисті оқытуда ғылыми фактілерді, аса маңызды ғылыми қағидаларды сұрыптап, алдын ала екшелеп алуға ықпал етті.
М.Мұқановтың «Сабақта студенттермен байланыс жасаудың негізгі тәсілінің бірі – оқытушының сөзінің нақты және студенттерді сендіретіндей болып келуінде. Мұғалім сөзінің сенімділігі деп, айтылатын сөздердің айқын, бірінен соң бірі жүйемен келуін айтады» деген пікірі педагогикалық үдерістегі оқытушының қатысымдық мәдениетіне байланысты мәселелерді айқындауға ықпал етті [20, 45].
Педагогикалық қызметте педагогтің қатысымдық мәдениеті бірінші орында тұрады. Болашақ маманның қатысымдық мәдениеті адамдармен қарым-қатынас жасай білуінен байқалады. Адамдармен тез арада тіл табыса білуі оның қатысымдық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Студенттің қатысымдық мәдениеті оның өзін өзі тәрбиелеу мен дамытуының дәрежесін, қатысымдық дағдысы мен қатысымдық қабілетін байқатады. Қатысымдық қабілеті коммуникацияның барлық түрін ұтымды қолдана білу, айтатын сөзін дұрыс жоспарлай білу, сөйлеу мәнері мен қажетті сөздерді ұтымды қолдана білуінен көрінеді. Ол студенттен жаңа білім мен дағдыны өңдей алатын қабілеті болуын, алатын білімін дұрыс ұйымдастыра білуді, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды, жұмысын бағалай білуді талап етеді. Білім беру жүйесінде болашақ ұрпаққа білім беру мен оларды дұрыс тәрбиелеу оқытушының қызметі және кәсіби біліктілігімен сабақтастықта қарастырылады. Сапалы білім беру мен студентті дара тұлға ретінде дұрыс тәрбиелеу оны болашақ мұғалімге қажетті кәсіби дағдыны, білімді, мәдениетті, балалармен қарым-қатынас орната білу қабілетін, оқу үрдісін дұрыс та ұтымды ұйымдастыру жолдарын меңгертуді талап етеді. Студенттің бойына осы қасиеттерді сіңіру үшін ғалымдардың педагогикалық тұжырымдары маңызды болып табылады.
«ЖОО-да синтаксисті оқытуда студенттердің кәсіби-педагогикалық біліктілігін қатысымдық-танымдық тұрғыдан қалыптастыру әдістемесі» деп аталатын үшінші тарау бес тармақтан тұрады.
3.1 Қатысымдық-танымдық білім мен білікті қалыптастыру ұстанымдары. Жұмыста дәстүрлі ұстанымдар және синтаксисті қатысымдық танымдық тұрғыдан оқытудың арнайы ұстанымдары басшылыққа алынды. Ғылымилық, жүйелілік, көрнекілік, теорияны практикамен байланыстыру, саналылық пен белсенділік ұстанымдары қазақ тілін оқыту әдістемесінде жылдар бойы қолданылып келе жатқан, тиімділігін практикалық жақтан толық дәлелдеген ұстанымдар. Арнайы ұстанымдар ретінде кәсіби-қатысымдылық, антропоөзектілік, креативтілік және нәтижеге бағдарлай оқыту ұстанымдары ұсынылды.
Кәсіби-қатысымдық ұстаным бойынша студент ауызша және жазбаша тілдік қатынаста тілдік бірліктерді дұрыс қолдана білуге төселдірілді. Онда аталған ұстанымның тілдік қатынас туғызатын жағдайды таңдай білу; теориялық білім мен тіл дамытуды қатар жүргізу; тілдік қатысымға студенттердің белсенді қатысуларын қамтамасыз ету және жаттығу, тапсырмаларды қатысымдық мақсатқа сай дұрыс таңдай білу секілді шарттары сақталды. Кәсіби-қатысымдық ұстаным студенттің кәсіби біліктілігі мен қатысымдағы әрекетін жетілдіруде басшылыққа алынды. ЖОО-да реферат жазу, проблемалық жағдаяттар мен сұрақтар, жоғарыда сөз болған білім беру технологиялары студентті жүйелі сөйлеуге үйрету үшін осы ұстанымға сүйенді.